Ехобаның сөзі тірі
Шежірелер туралы 2-жазба кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ШЕЖІРЕЛЕР туралы 2-жазба кітабы Сүлейменнің Исраилге билік етіп жатқан кезінен басталып, Парсы патшасы Кирдің Бабыл тұтқындығындағы яһудилерге айтқан мына сөздерімен аяқталады: “Жаратқан Ие маған жер бетіндегі барлық патшалықтарды тапсырды. Ол мені Яһуда еліндегі Иерусалим қаласында Өзіне арнап киелі үй салуға тағайындады. Араларыңдағы кім Оның халқына жатса, сол еліне [Иерусалимге] қайтып барсын! Құдай Иесі оған жар болсын!” (Шежірелер 2-жазба 36:23) Діни қызметкер Езра б. з. б. 460 жылы жазып бітірген бұл кітапта б. з. б. 1037 жыл мен б. з. б. 537 жыл аралығындағы 500 жылдық оқиғалар қамтылған.
Кирдің жарлығы яһудилерге Иерусалимге қайта оралуға және Ехобаға қайта ғибадат етуді бастауға мүмкіндік береді. Алайда көп жыл бойы Бабыл тұтқындығында болу өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Тұтқыннан қайта оралғандар халқының тарихы жайлы көп біле бермейтін. Шежірелер туралы 2-жазба оларға Дәуіттің әулетінен шыққан патшалардың тұсында болған оқиғаларды қысқаша және әсерлі етіп баяндап береді. Бұл жазба бізді де қызықтырады, өйткені онда шынайы Құдайға мойынсұну қандай баталар әкелетіні мен оған бағынбаудың салдары қандай болатыны мәлімденеді.
ПАТШАНЫҢ ЕХОБАҒА АРНАП ҮЙ САЛУЫ
Ехоба Сүлейменнің даналық пен білік сұраған жүрек қалауын орындап, оған байлық пен атақ-даңқты қоса сыйлайды. Патша Иерусалимде Ехобаға арнап ғажап үй салады да, бұған жұрттың бәрі ‘қуанғаннан жүректері лүпілдеп қатты риза болады’ (Шежірелер 2-жазба 7:10). Сүлеймен ‘жер бетіндегі күллі патшалардан байлығымен де, даналығымен де асып түседі’ (Шежірелер 2-жазба 9:22).
Исраилге 40 жыл билік еткен соң, Сүлеймен ‘дүниеден қайтып... ұлы Рохабоғам орнын басып, патша болады’ (Шежірелер 2-жазба 9:31). Езра Сүлейменнің таза ғибадаттан тайып кеткені жайлы сөз қозғамайды. Ол тек патшаның Мысырдан көп жылқы алдыртып дұрыс істемегені мен перғауынның қызына үйленген қателігі жайлы айтып кетеді. Шежіреші осылай оқиғалардың жағымды жағын жазған.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
2:14. Неге бұл тармақтағы қолөнерші жігіттің ата тегі Патшалықтар 3-жазба 7:14-те айтылғаннан басқаша? Патшалықтар 3-жазбада қолөнершінің шешесі ‘Нафталим руынан шыққан жесір әйел’ деп айтылады, өйткені ол сол рудың адамына тұрмысқа шыққан болатын. Алайда өзі Дан руынан еді. Күйеуі дүние салған соң, ол тирлікке тұрмысқа шығады да, қолөнерші жігіт сол отбасында туылады.
2:18; 8:10. Осы тармақтарда жұмысшылардың үстінен қараушылар мен халықты басқарушылар саны 3 600 және 250 делінген, ал Патшалықтар 3-жазба 5:16; 9:23-те болса 3 300 және 550 делінген. Неге бұл жердегі сандар әр түрлі? Бұндай өзгешелік қараушыларды қандай топқа жатқызып айтқанына байланысты болуы мүмкін. Шежірелер туралы 2-жазбада оларды 3 600 исраилдік емес, 250 исраилдік деп екі топқа бөліп, ал Патшалықтар туралы 3-жазбада 3 300 басқарушы және 550 бас басқарушы деп бөліп айтып отыруы мүмкін. Қалай болған күнде де, қараушылардың толық саны 3 850 болған.
4:2—4. Неге балқытып құйылған “теңіздің” тұғырына өгіздің мүсіндері қолданылған? Жазбаларда өгіз әдетте күшті бейнелейді (Езекиел 1:10; Аян 4:6, 7). Өгіздің мүсінін таңдағаны орынды болған, өйткені мыстан жасалған 12 өгіз ішіне 66 000 литрдей су кететін, салмағы шамамен 30 тонна болатын орасан үлкен “теңізді” ұстап тұрған. Өгіздің мүсіндері осындай мақсатпен жасалуы қандай да бір бейнені табыну үшін жасауға тыйым салатын екінші өсиетті бұзбаған (Мысырдан шығу 20:4, 5).
4:5. Балқытып құйылған теңіздің жалпы көлемі қандай болған? Толтырған кезде теңізге үш жүз күбі, немесе 66 000 литрдей, су сыятын. Алайда оған әдетте құйылатын су мөлшері шамамен теңіз көлемінің үштен екі бөлігін алып тұрған болу керек. Патшалықтар 3-жазба 7:26-да былай делінген: “Оған [теңізге] екі жүз күбі [44 000 литр] сыятын”.
5:4, 5, 10. Сүлеймен тұрғызған ғибадатханаға алғашқы киелі шатырдың қандай жиһазы кіргізілді? Сүлеймен тұрғызған ғибадатханаға алғашқы кездесу шатырының ішіндегі келісім сандығы ғана әкелінген. Ғибадатхана салынған соң, киелі шатырдың өзі Гибеоннан Иерусалимге әкелініп, сол жерде қала бергенге ұқсайды (Шежірелер 2-жазба 1:3, 4).
Біз үшін сабақ:
1:11, 12. Ехобаға Сүлейменнің өтініші даналық пен білімге ие болуды қалайтынын көрсетті. Біздің дұғаларымыз да Құдайға жүрегімізге не жақын екенін көрсетеді. Сондықтан дұғаларымыздың мазмұнына мән беріп отырғанымыз жөн.
6:4. Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мен ізгілігіне деген шын жүректен шыққан ризашылығымыз Оны сезіммен және ризашылықпен мадақтауға талпындыру керек.
6:18—21. Ехоба ешбір ғимаратта тұрмағанымен, ғибадатхана Ехобаға деген ғибадаттың орталығы ретінде қызмет еткен. Бүгінде Ехоба Куәгерлерінің Патшалық Сарайлары жергілікті жердегі шынайы ғибадаттың орталықтары болып табылады.
6:19, 22, 32. Ехоба барлық адамның — патшадан бастап, халықтың ішіндегі ең кіші адамның да, тіпті жат жерліктің де шын жүректен айтқан — дұғаларын қабыл алар едіa (Забур 64:3).
ДӘУІТТІҢ ҰРПАҒЫНАН ШЫҚҚАН ПАТШАЛАР
(Шежірелер 2-жазба 10:1–36:23)
Исраил патшалығы екіге бөлінеді: он рулы солтүстік патшалық пен Яһуда мен Буниямин руларынан тұратын оңтүстік патшалық. Исраилдің күллі аймақтарындағы діни қызметкерлер мен леуіліктер ұлттық мәселелерге бой алдырмай, Патшалық келісіміне адал болып, Сүлейменнің ұлы Рохабоғамның жағында қалады. Ғибадатхана біткеннен соң, 30 жылдан сәл-ақ өте, ондағы қазына тоналады.
Рохабоғамнан кейін болған 19 патшаның бесеуі адал болады, ал үшеуі бастапқыда жақсы болып, соңынан адалдықтарынан тайып кетеді, біреуі өзінің теріс жолынан қайтады. Ал қалған патшалардың бәрі де Ехобаға ұнамайтын істер жасайдыb. Ехобаға сенім артқан бес патшаның іс-әрекеттері көңіл қоюға тұрарлық. Езекияның ғибадатханадағы қызметті қайта жандандыруы мен Жосияның Құтқарылу мейрамын атап өткені жайлы оқиғалар Иерусалимде Ехобаға деген ғибадатты қалпына келтіруді ойлап жүрген яһудилер үшін зор жігер болған болса керек.
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
13:5 — “Тұз келісімі” деген нені білдіреді? Тұздың бұзылудан сақтау қабілеті болғандықтан, тұрақтылық пен өзгермейтіндіктің белгісі болған. Демек, “тұз келісімі” бұзылмайтын келісімді көрсетеді.
14:2—5; 15:17. Аса патша “биіктеу жерлердегі табыну орындарының” бәрін қиратты ма? Ол бәрін құртпағанға ұқсайды. Аса тек жалған тәңірлерге ғибадат етумен байланысы бар биіктеу жерлердегі табыну орындарын ғана құртқан болуы мүмкін. Сондай-ақ Асаның билігінің соңында биіктеу жерлердегі табыну орындары қайта салынған болуы да мүмкін. Бұларды оның ұлы Жосафат жояды. Қалай болған күнде де, биіктеу жерлердегі табыну орындары тіпті Жосафаттың билігінің тұсында да толық жойылмаған болатын (Шежірелер 2-жазба 17:5, 6; 20:31—33).
15:9; 34:6. Исраил патшалығы екіге бөлінгенде, Шимон руы қай жағында болды? Мұра етіп алған жерлері Яһуда аймағының әр жерінде болғандықтан, Шимон руы географиялық жағынан Яһуда мен Бунямин руларынан тұратын патшалықтың ішінде болатын (Ешуа 19:1). Алайда бұл ру діни және саяси жағынан солтүстік патшалықпен одақтас еді. Шимон руынан шыққандардың кейбірі тіпті солтүстікке барып қоныстанды (Шежірелер 1-жазба 4:42, 43). Сондықтан Шимон руы он рулы патшалықтың қатарында болып саналатын.
35:3. Жосия келісім сандығын ғибадатханаға қай жерден әкелді? Сандықты бұдан ертеректе зұлым патшалардың бірі басқа жаққа әкеткен бе, жоқ әлде Жосия ғибадатханада кең көлемде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, бүлініп қалмауы үшін басқа жерге апарып қоя тұрған ба, бұл жөнінде Киелі кітапта ештеңе айтылмайды. Сүлейменнің күндерінен кейін сандық жайлы Жосия оны ғибадатханаға әкелген кезінде ғана айтылады.
Біз үшін сабақ:
13:13—18; 14:11, 12; 32:9—23. Ехобаға арқа сүйеудің маңызды екендігі жайлы қандай керемет сабақ алуымызға болады десеңші!
16:1—5, 7; 18:1—3, 28—32; 21:4—6; 22:10—12; 28:16—22. Жат жерліктермен немесе Ехобаға сенбейтіндермен одақ құрудың салдары қайғылы болған. Бізге де осы дүниемен жөнсіз араласудан аулақ болған дұрыс (Жохан 17:14, 16; Жақып 4:4).
16:7—12; 26:16—21; 32:25, 26. Тәкаппарлық Аса патшаның өмірінің соңғы жылдарында жаман қылықтар жасауына себеп болды. Тәкаппарлық рухы Ұзияхтың түбіне жетті. Езекия бабылдық елшілерге ғибадатханадағы қазынаны көрсеткенде, ақылсыздық жасап, менменсіп әрекет еткен болса керек (Ишая 39:1—7). “Менмендік — күйреудің басы, Асқақтық — құлаудың алды”,— деп ескертеді Киелі кітап (Нақыл сөздер 16:18).
16:9. Ехоба өзіне жүрегі толық берілгендерге көмектеседі және өз күшін солардың игілігіне жұмсауды қалайды.
18:12, 13, 23, 24, 27. Миха сияқты, біз де адамдарға Ехоба мен оның ниеттері жайлы айтқанда, батыл да өжет болуымыз керек.
19:1—3. Ехобаны ренжітетін істер істесек те, ол бойымыздағы жақсы нәрсені байқайды.
20:1—28. Ехобадан кішіпейілділікпен басшылық іздейтін болсақ, Оның жанымыздан табылатынына сенімді болуымызға болады (Нақыл сөздер 15:29).
20:17. “Құдайдың құтқаруына қарау” үшін Құдай Патшалығын белсенді түрде қолдап, ‘өз орнымызда тұруымыз’ керек. Сондай-ақ істі өз бетімізше әрекет етпей, қолымызға алмай, Ехобаға толық сенім артып, ‘орнымызда қала беру’ керекпіз.
24:17—19; 25:14. Жалған тәңірлерге құлшылық ету Жоғас пен оның ұлы Амазиях үшін тұзақ болды. Бүгінде бізге де ол, әсіресе оның жасырын түрі болып табылатын ашкөздік пен ұлтшылдық, дәл сондай тұзақ бола алады (Қолостықтарға 3:5; Аян 13:4).
32:6, 7. ‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” жабдықталып’, рухани күрес жүргізгенде, біз де батыл әрі мықты болуымыз керек (Ефестіктерге 6:11—18).
33:2—9, 12, 13, 15, 16. Адам өзінің шын өкінетінін теріс жолынан қайтып, жақсы нәрсені істеуге барынша талпынуымен көрсетеді. Манаса патша сияқты зұлымдықпен әрекет еткен адам шын жүректен өкініш білдіргенде ғана, Ехобаның мейірімін көре алады.
34:1—3. Бала кезіміздегі жағымсыз жағдайлар Құдайды білуімізге және оған қызмет етуімізге міндетті түрде кедергі болады дегенді білдірмейді. Жас кезінде Жосияға күнәсына өкініш білдірген атасы Манаса жақсы ықпал еткен болуы мүмкін. Жосияға жақсы ықпал еткен не нәрсе болса да, ақыр соңында жақсы жемісін берді. Бізбен де солай болуы мүмкін.
36:15—17. Ехоба жанашыр әрі шыдамды. Алайда оның жанашырлығы мен шыдамының шегі бар. Адамдар Ехоба осы зұлым дүниені жойғанда аман қалғылары келсе, Патшалық туралы хабарға құлақ асулары керек.
36:17, 22, 23. Ехобаның сөзі барлық уақытта орындалады (Патшалықтар 3-жазба 9:7, 8; Еремия 25:9—11).
Кітап оны іс-әрекетке талпындырды
Шежірелер 2-жазба 34:33-те: “Жосия исраилдіктерге қарасты барлық аймақтардан жалған тәңірлердің жексұрын мүсіндерін алып тастап, Исраилде тұратындардың барлығын Құдай Иеге сиынып қызмет етуге мәжбүр етті”,— делінген. Жосияны бұлай етуге не талпындырды? Хатшы Шафан тауып алған Ехобаның заңы жазылған кітапты Жосия патшаға әкеліп, оны дауыстап оқиды. Жосияға естігендері қатты әсер еткені сонша, ол өмір бойы шынайы ғибадатты белсене қолдап өтеді.
Құдай Сөзін оқып, оның үстінен ой жүгірткеніміз бізге де терең әсер қалдыра алады. Дәуіттің ұрпағынан шыққан патшалардың оқиғасының үстінен ой жүгірткеніміз Ехобаға сенім артқандарының үлгісіне еліктеуге, ал сенім артпағандарының жүріс-тұрысынан аулақ болуға талпындырады емес пе? Шежірелер туралы 2-жазба бізді тек шынайы Құдайға беріліп, оған адал болып қала беруге талпындырады. Ондағы хабар шынымен де тірі, әсері де күшті (Еврейлерге 4:12).
[Сілтемелер]
a Сүлейменнің ғибадатхананы салтанатты түрде ашуына қатысты сұрақтар мен оның сол кезде айтқан дұғасынан алатын сабақтарды 2005 жылғы 1 шілдедегі “Күзет мұнарасын” қараңдар (19—22 беттер).
b Яһуда патшаларының хронологиясын 2005 жылғы 1 тамыздағы “Күзет мұнарасының” 12-бетінен қараңдар.
[8-беттегі сурет]
Балқытып құйылған “теңіздің” тұғыры өгіз мүсіндерінен жасалғаны неліктен орынды болғанын білесіңдер ме?
[11-беттегі суреттер]
Жас кезінде көп көмек көрмесе де, Жосия Ехобаға адал болып өсті