Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
“Ехобаның есімі мадақтала берсін” (ӘЙҮП 1:21 ЖД).
1. Әйүп кітабын кім және қашан жазған?
МҰСА перғауынның қаһарына ілікпеу үшін Мысырдан қашып шығып, Мадиян еліне қоныстанғанда шамамен қырық жаста болатын (Ел. іс. 7:23). Сол кезде ол жақын маңдағы Уз деген жерде тұратын Әйүптің қандай сынақтарға ұшырағанын естіген болса керек. Жылдар өте шөлдаланы кезген уақыттың соңына таман Исраил халқы Уз қаласына жақын маңда болған кезде, Мұса Әйүптің өмірінің соңғы жылдары туралы естіген болуы мүмкін. Яһудилердің ел аузында қалған әңгімесі бойынша, Мұса Әйүп кітабын ол өлгеннен кейін жазған.
2. Әйүп кітабы Ехобаның бүгінгі қызметшілерінің сенімін қалай нығайтады?
2 Әйүп кітабы Құдайдың бүгінгі қызметшілерінің сенімін нығайтады. Қалайша? Ол көкте болған аса маңызды оқиғаларды жете түсінуге көмектеседі және Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қатысты даулы мәселеге баса назар аударады. Сондай-ақ Әйүп кітабы мінсіздікті сақтауға не жататыны туралы түсінігімізді тереңдете түседі және Ехобаның не себепті кейде өз қызметшілерінің қасірет шегуіне жол беретінін түсінуге көмектеседі. Әйүп кітабы Шайтан Ібілісті Ехобаның басты қарсыласы және адамзаттың қас жауы ретінде бейнелейді. Сонымен қатар Әйүп сияқты кемелсіз адамдардың ауыр сынақтарға қарамастан, Ехобаға деген адалдықтарын сақтай алатынын көрсетеді. Қазір осы кітаптағы кейбір оқиғаларды қарастырайық.
Шайтанның Әйүпті сынауы
3. Әйүп жайлы біз не білеміз және Шайтан оған неліктен шүйлікті?
3 Әйүп бақуатты, беделді және жоғары өнегелік нормаларды ұстанатын адам болған. Ол мұқтаждарға көмектесуден тартынбайтын, әрі оның кеңестерін өзгелер құрметпен тыңдайтын. Ең маңыздысы — Әйүп Құдайдан қорқатын адам болатын. Ол ‘бұзылмаған, әділ, Құдайдан қорқатын және зұлымдықтан алыстап жүретін’ адам ретінде суреттелген. Шайтан оған бақуатты да беделді болғандықтан емес, Құдайға шын берілгендіктен шүйліккен еді (Әйүп 1:1; 29:7—16; 31:1).
4. Мінсіздік деген не?
4 Кітаптың басында періштелердің көкте Ехобаның алдына жиналғаны баяндалады. Олардың арасында Шайтан да бар болатын және ол Әйүпті қаралап сөйлейді (Әйүп 1:9, 10 оқыa). Ол Әйүптің байлығын сөз еткенмен, көздегені оның мінсіздігіне күмән келтіру еді. “Мінсіздік” деген сөз турашыл, жазықсыз, әділ және мүлтіксіз дегенді білдіреді. Киелі кітапта бұл сөз адамның Ехобаға шексіз берілгеніне нұсқайды.
5. Шайтан Әйүпке қандай жала жапты?
5 Шайтан Әйүпке мынадай жала жапты: ол Құдайға шексіз берілгендіктен емес, өз пайдасы үшін ғибадат етеді және батасын төгіп, қамқорлық көрсетіп отырған кезде ғана Құдайға адал болады. Шайтанға жауап беру үшін Ехоба осы әділ адамның сыналуына жол берді. Нәтижесінде бір күннің ішінде Әйүптің біраз малы қырылып, қалғаны ұрланды, қызметшілері өлтіріліп, он баласы бірдей қаза болды (Әйүп 1:13—19). Шайтан Әйүпті мінсіздігінен айыра алды ма? Басына түскен қасіретке Әйүптің қалай қарағаны Киелі кітапта былай суреттеледі: “Ехоба өзі беріп, өзі алды. Ехобаның есімі мадақтала берсін” (Әйүп 1:21 ЖД).
6. а) Періштелер көкте тағы бір жиналғанда не болды? ә) Әйүптің мінсіздігіне шек келтіргенде, Шайтан тағы кімге меңзеген еді?
6 Кейінірек періштелер көкте тағы жиналды. Шайтан бұл жолы да Әйүпке жала жапты: “Адам теріге тері, ал өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді; Бірақ Сен қолыңды соз да, оның сүйегіне, тәніне тигізші, ол Саған батасын бере қояр ма екен?”. Байқасаң, Шайтан бір ғана Әйүпке жала жапқан жоқ. ‘Адам өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді’ деуімен Шайтан Ехобаға ғибадат ететін әрбір ‘адамның’ мінсіздігіне шек келтірді. Сол себепті Құдай Шайтанның Әйүпті ауыр дертке ұшыратуына жол берді (Әйүп 2:1—8). Бірақ Әйүптің қасіреті мұнымен бітпеді.
Әйүптен не нәрсеге үйренуге болады?
7. Әйелі мен доссымақтары Әйүпке қалай қысым жасады?
7 Алғашында Әйүппен бірге әйелі де қасірет шеккен еді. Балаларынан және мал-мүлкінен айырылғаны оған ауыр тиген болу керек. Күйеуінің ауыр науқасқа ұшырағаны да жанына батса керек. Ол Әйүпке дауыс көтеріп: “Сен әлі де өзіңнің бұзылмағандығыңнан [немесе мінсіздігіңнен] таймай тұрмысың! Құдайды ғайбатта да өлсейші”,— деді. Кейіннен Елифаз, Билдад және Зофар келді. Олар Әйүпті жұбатпақ болғанға ұқсайды. Алайда олар жаңсақ пікір айтып, ‘бишара жұбатушылар’ болды. Мысалы, Билдад Әйүптің балалары күнә жасап, лайықты жазасын алды дегенге меңзеді. Ал Елифаздың сөздері Әйүп бұрынғы күнәлары үшін жазалануда дегенге саяды. Ол тіпті адамның мінсіздік сақтағаны Құдай үшін маңызды екендігіне күмән келтірді (Әйүп 2:9, 11; 4:8; 8:4; 16:2; 22:2, 3). Осындай қатты қысымға қарамастан, Әйүп мінсіздігінен таймады. Әрине, оның “Құдайды емес, өзін көбірек ақтағаны” қателік болды (Әйүп 32:2). Сөйтсе де ол ақырына дейін адал болып қалды.
8. Бүгінде кеңес берушілерге Елиуй қандай жақсы үлгі қалдырды?
8 Кейіннен Әйүпке Елиуй келді. Ол алдымен Әйүп пен үш жолдасының сөзін тыңдады. Солардың ішіндегі ең жасы болғанына қарамастан, Елиуй ақылдырақ болып шықты. Ол Әйүпке құрметпен сөйледі. Сондай-ақ мінсіздігі үшін мақтады. Бірақ ол Әйүптің өзінің күнәсіз екенін дәлелдеуге тым қатты тырысып баққанын да айтты. Сосын, Құдайға адалдықпен қызмет еткеннің ешқашан бекер болмайтынына Әйүпті сендірді (Әйүп 36:1, 11 оқыb). Бүгінде өзгелерге кеңес беретіндер үшін қандай керемет үлгі десеңші! Елиуй шыдамдылық танытты, мұқият тыңдады, мүмкін болған жерде мақтады және түзелуіне көмектесетін кеңес айтты (Әйүп 32:6; 33:32).
9. Ехоба Әйүпке қалай көмектесті?
9 Ақырында, Әйүп қорқыныш сезімін оятатын тұлғамен сөйлесті! Киелі кітапта былай делінген: “Жаратқан Ие Иовқа құйын ішінен жауап берді”. Ехоба Әйүпке біраз сұрақ қою арқылы мейіріммен ескерту айтып, көзқарасын өзгертуге көмектесті. Әйүп ой қалпын түзетуге ықыласты екенін көрсетіп: “Міне, мен түкке алғысызбын... топырақ пен күлде өкінемін”,— деді. Әйүпке сөйлеп болғаннан кейін, Ехоба оның үш жолдасына жалған сөйлегендері үшін сөгіс айтты. Әйүп олар үшін дұға етті. Сонда Ехоба Әйүпті Шайтанның құрсауынан босатып, “онда бұрын қанша болса, содан екі есе көп етіп берді” (Әйүп 38:1; 39:34; 42:6—10).
Біз Ехобаны қаншалықты жақсы көреміз?
10. Неге Ехоба Шайтанның жаласын елеусіз қалдырмады не оны жойып жібермеді?
10 Ехоба — бүкіл ғаламның Жаратушысы әрі Әміршісі. Неге ол Ібілістің жаласын елеусіз қалдыра салмады? Ехоба осылай етсе не Шайтанды жойып жіберсе, даулы мәселенің шешілмей қалатынын білген. Шайтан адал кісі Әйүп байлығын жоғалтқан жағдайда, мінсіздігінен айырылатынын айтқан болатын. Алайда Әйүп сынаққа төтеп берді. Содан соң Шайтан тәні ауырып қиналған әрбір адамның Құдайдан безіп кететінін айтты. Әйүп мұны да бастан кешті, бірақ мінсіздігінен еш таймады. Осылайша осы бір кемелсіз, сөйтсе де адал адамның жағдайында Шайтанның өтірікші екені дәлелденді. Құдайдың өзге қызметшілері туралы не деуге болады?
11. Қалай Иса Шайтанның жаласын толығымен жоққа шығарды?
11 Шайтанның барлық қастық әрекеттеріне қарамастан, мінсіздігін сақтайтын Құдайдың әрбір қызметшісі өз жағдайында қатыгез қарсыласымыздың жаласы жалған екенін дәлелдейді. Иса жерде болған кезінде Шайтанның өтірікші екенін толық дәлелдеді. Иса түпкі атамыз Адам сияқты кемелді болған. Ол ақырына дейін адал болып қалуымен Шайтанның өтірікші екенін және оның жаласы жалған екенін анық көрсетті (Аян 12:10).
12. Ехобаның әрбір қызметшісінде қандай мүмкіндік және жауапкершілік бар?
12 Шайтан сонда да Ехобаның қызметшілерін сынауын тоқтатпақ емес. Мінсіздігімізді сақтау арқылы әрқайсымыз да Ехобаға өз пайдамыз үшін емес, оны сүйгендіктен қызмет ететінімізді дәлелдей аламыз, әрі бізде солай ету жауапкершілігі бар. Сен осы жауапкершілігіңе қалай қарайсың? Біз Ехобаға адал болуды мәртебе санаймыз. Сондай-ақ Ехобаның сынаққа төтеп беруге күш беретінін және Әйүптің жағдайындағыдай шектен тыс сыналуымызға жол бермейтінін білгеніміз бізге жұбаныш береді (Қор. 1-х. 10:13).
Шайтан — қарсылас және жолдан таюшы
13. Әйүп кітабынан Шайтан туралы не білуге болады?
13 Еврей жазбаларынан Шайтанның Ехобаға күмән келтіргені және адамзатты жолдан тайдырғаны жайлы көп нәрсе білуге болады. Ал Грек жазбаларынан Шайтанның Ехобаға қарсыласуына қатысты тағы біраз жайттарды білеміз. Мысалы, Аян кітабында Ехобаның бүкіләлемдік билігінің ақталуы және Шайтанның біржола жойылуы жөнінде жазылған. Әйүп кітабынан Шайтанның бүлікшіл рух танытуына қатысты бірталай жайт белгілі болды. Шайтан көктегі жиынға Ехобаны мадақтау үшін келген жоқ. Оның ой-ниеті де, мақсаты да зымиян еді. Әйүпті қаралап, оны сынауға мүмкіндік алған соң, “Әзәзіл Жаратқан Иенің көз алдынан шегініп кетті” (Әйүп 1:12; 2:7).
14. Шайтан Әйүпке қалай қарады?
14 Осылайша Әйүп кітабы Шайтанды адамзаттың қатыгез жауы ретінде суреттейді. Әйүп 1:6-да және 2:1-де айтылған көктегі жиындардың аралығында біршама уақыт өтті және осы уақыт ішінде Шайтан Әйүпті аяусыз сынады. Әйүптің адалдығынан таймағанының арқасында Ехоба Шайтанға былай дей алды: “[Әйүп] күні бүгінге дейін тазалығына бекем; ал сен Мені оған қарсы, оны жазықсыз құртуға азғырдың”. Бірақ Шайтан таққан айыбының жалған екенін мойындағысы келмеді. Қайта, Әйүпті одан да қатаң сынаққа ұшыратуды сұрады. Осылайша ол Әйүпті дәулетті шағында да, барынан айырылған кезінде де сынады. Бұдан Шайтанның жоқшылық көргендерге де, қасірет шеккендерге де жаны ашымайтыны анық көрінеді. Ол мінсіздігін сақтаған адамдарды жек көреді (Әйүп 2:3—5). Сөйткенмен де, Әйүп адалдығын сақтау арқылы Шайтанның өтірікші екенін көрсетті.
15. Шайтан мен бүгінгі күнгі жолдан таюшылардың арасында ортақ не бар?
15 Шайтан бірінші болып жолдан тайды. Бүгінгі күнгі жолдан таюшылар да сол сияқты әрекет етеді. Олар қауымдағыларға, ақсақалдарға және Басқарушы кеңеске сын көзбен қарауы мүмкін. Олардың кейбірі Құдайдың есімін қолдануға қарсы. Олар Ехоба туралы білгісі де, оған қызмет еткісі де келмейді. Рухани аталары Шайтан сияқты, олар мінсіздік жолымен жүргендердің сеніміне нұқсан келтіруді көздейді (Жох. 8:44). Сол себепті де Ехоба куәгерлері олармен мүлдем араласпайды (Жох. 2-х. 10, 11).
Әйүп Ехобаның есімін қадір тұтқан
16. Әйүп Ехобаға қалай қарады?
16 Әйүп Ехобаның есімін қолданған және оны мадақтаған. Тіпті балаларының өлімі туралы хабар қабырғасын қайыстырған кезде де ол Құдайды еш ғайбаттамады. Басына түскен қасіреттің бәрі Құдайдан деген жаңсақ ойда болғанмен, Ехобаның есімін қадір тұтты. Кейінірек ол былай деді: “Міне, Жаратқан Ие айбыны [немесе қорқынышы] шынайы даналық болып табылады, ал зұлымдықтан қашу — парасат” (Әйүп 28:28).
17. Әйүпке мінсіздігінен таймауға не көмектесті?
17 Әйүпке мінсіздігінен таймауға не көмектесті? Ол қасіретке ұшырағанға дейін Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамытқан. Шайтанның Ехобаға қарсы даулы мәселе көтергенінен Әйүптің хабардар болғаны жайлы Жазбаларда ештеңе айтылмаған, сөйтсе де ол адалдығынан таймауға белін бекем буған. Ол былай деді: “Соңғы демім біткенше, мінсіздігімнен таймаймын!” (Әйүп 27:5 ЖД). Әйүп Ехобамен мұндай тығыз қарым-қатынасты қалай дамытқан? Ол алыс туыстары Ыбырайым, Ысқақ, Жақыппен Құдайдың қалай қарым-қатынас жасағаны туралы естігендерін жадында ұстаған. Сондай-ақ ол Ехобаның жаратылыстарын бақылау арқылы оның көптеген қасиеттерін танып біле алған (Әйүп 12:7, 13 оқыc).
18. а) Әйүп Ехобаға деген адалдығын қалай көрсетті? ә) Біз Әйүптің үлгісіне қалай еліктей аламыз?
18 Үйреніп білгендерінің арқасында Әйүптің бойында Ехобаға ұнамды болуға деген ықылас оянды. Ол: “Отбасы мүшелері Құдайға ұнамсыз бір нәрсе жасап қойды ма, әлде Құдайды жүректерімен іштей ғайбаттап қойды ма?”— деген оймен әрдайым құрбандық шалып отырған (Әйүп 1:5). Тіпті қатты сынаққа ұшыраған кезінде де Әйүп Ехоба туралы жағымды сөздер айтқан (Әйүп 10:12). Қандай керемет үлгі! Біз де Ехоба мен оның ниеті жайлы тура білім алып отыруымыз керек. Жеке зерттеу, қауым кездесулеріне бару, дұға ету және ізгі хабарды уағыздау сияқты рухани істермен үнемі айналысуымыз қажет. Сондай-ақ Ехобаның есімін жариялау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанымыз маңызды. Ехобаға Әйүптің мінсіздігінен таймағаны қалай ұнамды болған болса, бүгінгі күнгі қызметшілерінің де мінсіздігі солай ұнамды. Мұны келесі мақалада қарастырамыз.
[Сілтемелер]
a Әйүп 1:9, 10: “Сонда Әзәзіл Жаратқан Иеге былай деп жауап берді: Иов тегіннен-тегін Құдайдан қорқатын ба еді? Оны және оның үйін, ондағының бәрін айнала қорғап-қоршап қойған Сен емес пе едің? Оның қолымен істелгенге Сен бата бердің, сөйтіп оның отар-табындары жер-жерге тарап барады”.
b Әйүп 36:1, 11: “Сөйтіп Елиуй сөзін сабақтай берді де былай деді: — Егер тыңдап, Оған қызмет ететін болса, онда өз күндерін дәулетке бөлеп, өмірін қуанышта өткізеді”.
c Әйүп 12:7, 13: “Малдан сұрашы, сені үйретіп береді, аспандағы құстан сұра, саған хабар жеткізеді. Онда данышпандық пен күш бар; Оның кеңесі бар және онда парасат бар”.
Естеріңде ме?
• Әйүп несімен Шайтан Ібілістің назарына ілікті?
• Әйүп қандай сынақтарды бастан кешті және оларға қалай қарады?
• Әйүп сияқты мінсіз болып қалуға бізге не көмектеседі?
• Әйүп кітабынан Шайтан жайлы не білеміз?
[4-беттегі сурет]
Әйүптің оқиғасы Құдайдың бүкіләлемдік билігіне қатысты ең маңызды даулы мәселені жете түсінуге көмектеседі
[6-беттегі сурет]
Қандай жағдайларда мінсіздігің сыналуы мүмкін?