Ехоба біздің Бағушымыз
“Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын” (ЗАБУР 22:1).
1—3. Дәуіттің Ехобаны қойшыға теңегені неге таңғалдырмайды?
ЕХОБА өз халқының қамын қалай ойлайтынын сипатташы десе, не дер едің? Өзінің адал қызметшілеріне деген аяулы қамқорлығын айтып жеткізу үшін қандай теңеу қолданар едің? Осыдан 3 000 жылдан астам уақыт бұрын, Дәуіт патша Забур жырында жастық шағында айналысқан кәсібімен байланысы бар теңеуді қолданып, Ехобаны өте тамаша суреттеген.
2 Дәуіт жас кезінде қойшы болған, сондықтан қой бағудың не екенін жақсы білген. Ол сондай-ақ қойды қараусыз қалдырса, тез жоғалып кететінінен, қарақшылардың немесе жабайы аңдардың жемтігі болатынынан да жақсы хабардар болған (Патшалықтар 1-жазба 17:34—36). Қамқоршы бағушысыз олар жайылым мен азығын таба алмауы мүмкін. Қартайған шағында Дәуіт қойларды соңынан ертіп, қорғап, оларды жайған кезі жайлы ой жүгіртуді ұнатқандығы шүбәсіз.
3 Сондықтан да Ехобаның өз халқына жасап жатқан қамқорлығын киелі рухтың жетелеуімен сипаттап жазарда, Дәуіттің ойына өзінің айналысқан кәсібі түскені таңғалдырмайды. Дәуіт жазған 22-ші Забур жыры мынадай сөздермен басталады: “Жаратқан Ием — менің Бағушым, Мен еш нәрседен де тарықпаймын”. Қазір бұлардың неге орынды айтылған сөздер екенін қарастырып көрейік. Сосын 22-ші Забур жырының көмегімен, қойшыға ұқсап, Ехоба да қалай қызметшілерінің қамын ойлайтынын көреміз (Петірдің 1-хаты 2:25).
Орынды теңеу
4, 5. Киелі кітап қойлардың ерекшелігін қалай сипаттайды?
4 Жазбаларда Ехобаның лауазымдары көп, бірақ солардың ішіндегі мейірімділігін көрсететін ең күштісі — “Бағушы” дегені (Забур 79:2). Ехобаның неге орынды түрде Бағушы деп аталғанын жақсырақ түсіну үшін екі нәрсені: біріншіден, қойдың ерекшелігін, екіншіден, жақсы шопанның міндеттері мен қасиеттерін білгеніміз жөн.
5 Киелі кітапта қойлардың ерекшелігі жиі айтылады, мысалы, олардың бағушысының аялап-мәпелегеніне тез иігетініне (Патшалықтар 2-жазба 12:3), жуастығына (Ишая 53:7) әрі қорғансыз екеніне (Миха 5:8) көңіл бөлінеді. Көп жылдар бойы қой баққан бір жазушы былай дейді: “Кейбіреулер ойлағандай емес, қойлар ‘өз беттерінше жайылып жүре алмайды’. Үй жануарларының ішінде әсіресе қойлар көбірек көңіл бөлгенді, жақсылап баптап-күткенді қажет етеді”. Мұндай дәрменсіз жануарға міндетті түрде қамқор бағушы керек (Езекиел 34:5).
6. Бір Киелі кітап сөздігінде ертедегі қойшының күні әдетте қалай өтетіні жайлы не делінген?
6 Ертеде қойшының күні қалай өтетін? Бір Киелі кітап сөздігінде былай деп түсіндіріледі: “Ол таңертең ерте отарын қорадан шығаратын да, алдына түсіп алып, жайлауға ертіп апаратын. Сөйтіп, бет-бетімен кетіп қалмау үшін оларды сол жерде күні бойы күзетіп отыратын болған. Ал егер біреуі біраз уақыт көзден таса болып, отардан бөлініп кетсе, оны тапқанша тынбай іздеп, кейін отарға әкеп қосқан... Күн батқанда, отарды қораға әкеліп, олардың түгел екеніне көзін жеткізу үшін қораның есігінің алдында тұрып, таяғының астынан өткізіп санап шығатын... Жабайы аңдардан немесе ұрыдан қорғау үшін оған көбінесе отарды түнімен күзетіп шығуға тура келген”a.
7. Неге қойшыға кейде өте шыдамды және мейірімді болу қажет болған?
7 Кейде қойлар, әсіресе буаз қойлар мен қозылар, шыдамдылық пен мейірімді көбірек қажет еткен (Жаратылыс 33:13). Бір Киелі кітап анықтамалығында былай делінген: “Әдетте қой алысырақ жерде, тау етегінде, қозылайды. Саулықты осындай әлсіз сәтінде қойшы көз жазбай күзетеді де, кейін туылған қозыны көтеріп қораға әкеледі. Ол қозыны аяққа тұрғанша, бірнеше күн бойы көтеріп немесе сырт киіміне орап алып жүруі мүмкін” (Ишая 40:10, 11). Демек, жақсы қойшыға күш пен мейірімділік қажет болған.
8. Дәуіт Ехобаға сенімді болуының қандай себептерін келтіреді?
8 “Жаратқан Ием — менің Бағушым”. Бұл сөздер көктегі Әкемізді өте орынды суреттейді емес пе?! 22-ші Забур жырын қарастырғанда, күшті әрі мейірімді шопан сияқты Құдай қалай біздің қамымызды ойлайтынын көреміз. Дәуіт 1-ші тармақта қойлары ‘еш нәрседен де тарықпау’ үшін Құдайдың барлық жағдайды жасайтынына сенімділігін білдіреді. Одан кейінгі тармақтарда ол бұған сенімді болуының үш себебін келтіреді: Ехоба өз қойларын жетелейді, қорғайды және ас-су береді. Қазір осыларды бір-бірлеп қарастырып көрейік.
‘Ол мені жетелейді’
9. Дәуіт қандай көріністі суреттеді және қойлар ондай жерді қалай таба алады?
9 Біріншіден, Ехоба өз халқын жетелейді. Дәуіт: “Ол мені жасыл жайлауға жаяды [“тынықтырады”, ЖД], тұнық суға жетелеп апарады. Тәңірім жаныма күш дарытады. Есімі “Қасиетті” болғандықтан, мен сенімімді артамын да Оған: Ол мені тура жолмен жетелейді”,— деп жазды (Забур 22:2, 3). Шүйгін шөбі мол жайылымда тынығып жатқан отар. Бұл сөздермен Дәуіт қанағаттануды, тынығу мен қауіпсіздікті суреттеген. “Жайлау” деп отырған еврей сөзі “жайлы жер” дегенді білдіруі мүмкін. Қойлар өз беттерінше осындай тынығып жататын жерді таба алады деу қиын. Осындай “жанға жайлы жерге” оларды бағушылары жетелеп апару керек.
10. Ехоба бізге сенімді екенін қалай көрсетеді?
10 Бүгінде Ехоба бізді қалай жетелейді? Мұның бір жолы өзі үлгі көрсетеді. Киелі кітап ‘Құдайдан үлгі алуға’ шақырады (Ефестіктерге 5:1). Осы сөздердің мәнмәтінінде жанашыр, кешірімді болу мен сүйіспеншілік жайлы айтылған (Ефестіктерге 4:32; 5:2). Сөз жоқ, Ехоба осындай тамаша қасиеттерді танытуда ең керемет үлгі көрсетеді. Бірақ Құдайдың бізден өзіне еліктеуді күткені орынды ма? Әрине, орынды. Рухтың жетелеуімен жазылған бұл кеңес, шын мәнінде, Құдайдың бізге сенім білдіретінін көрсетеді. Неге? Біз рухани жағынан Құдайға ұқсас етіп, яғни адамгершілік қасиеттер мен рухани қабілетпен жаратылғанбыз (Жаратылыс 1:26). Сондықтан Ехоба кемелсіз болғанымызға қарамастан, өз үлгісімен көрсетіп отырған қасиеттерді дамытуға қабілетті екенімізді біледі. Өзің ойлап көрші: сүйікті Құдайымыз біздің өзіне ұқсай алатынымызға сенімді! Егер оның үлгісіне еліктесек, ол бізді, бейнелеп айтқанда, “жайлы жерге” жетелейді. Осы зұлымдыққа толы дүниеде “еш қауіп-қатерсіз” тыныш өмір сүретін боламыз, ал мұндай тыныштық Құдайдың ықыласына ие екенімізді білгеннен туындайды (Забур 4:9; 28:11).
11. Қойларын жетелеуде Ехоба нені ескереді және бұл оның бізге қойған талабынан қалай көрінеді?
11 Ехоба бізді мейіріммен әрі шыдамдылықпен жетелейді. Әдетте шопан қойларының шама-шарқын ескереді, сондықтан ‘малдарын ыңғайына қарай ақырындап’ жетелейді (Жаратылыс 33:14). Сол сияқты Ехоба да қойларын ‘ыңғайына қарай’, яғни қарқынына қарай, жетелейді. Біздің қабілетіміз бен жағдайымызды ескереді. Егер қажет болса, ол өзі қарқынын өзгертеді де, бізден ешқашан шамамыз келмейтін нәрсені күтпейді. Оның бізден тек талап ететіні — жан-тәнімізбен қызмет еткеніміз (Қолостықтарға 3:23). Ал егер жасың келіп, бұрын істеп жүргеніңдей істей алмасаң ше? Я болмаса ауыр сырқаттанып, мүмкіндігің шектеулі болса ше? Онда жан-тәніңмен қызмет ет деген талап әсіресе осындай жағдайларда зор жұбаныш береді. Бір-біріне айнымай ұқсайтын екі адам жоқ. Жан-тәніңмен қызмет ету деген бар күш-жігеріңді өз шамаңа қарай барынша қолдануды білдіреді. Әлсіздіктеріміз бен кемшіліктеріміз қарқынымызды бәсеңдетіп жатса да, Ехоба шын жүректен атқарған қызметімізге қуанады (Марқа 12:29, 30).
12. Мұса заңындағы қандай мысал Ехоба қойларын олардың ‘ыңғайына қарай’ жетелейтінін көрсетеді?
12 Ехоба қойларын олардың ‘ыңғайына қарай’ жетелейтінін көрнекі түрде көру үшін, Мұса Заңында кейбір айып құрбандығы жайлы не айтылғанын қарастырайық. Ехоба ризашылыққа толы жүректен шыққан жақсы құрбандықтарды қалады. Сөйткенмен де құрбандық әкелушінің шамасына қарай олар түр-түрге бөлінетін. Заңда былай делінген еді: “Егер оның қой әкелуге шамасы жетпесе, онда... екі орман кептерін не екі жас көгершін әкелсін”. Ал егер екі көгершін әкелуге де шамасы келмесе ше? Онда ол “бидай ұнын” әкеле алатын (Леуіліктер 5:7, 11). Бұл Құдайдың құрбандық ұсынушыдан қолында жоқ нәрсесін талап етпегенін көрсетеді. Құдай өзгермейтіндіктен, бізден шамамыз жетпейтін нәрсені ешқашан сұрамайтынын білгеніміз жұбаныш береді. Ол, қайта, беруге шамамыз келетін нәрсені қабылдағанды ұнатады (Малахи 3:6). Осындай түсінушілікпен қарайтын Бағушының жетегінде жүру қандай бақыт!
“Қорықпаймын ешбір қауіп-қатерден, Себебі Өзің менің қасымдасың”
13. Забур 22:4-те Дәуіт қалай Құдайды әлдеқайда жақын тартып сөйлейді және бұған неге таңғалмаса да болады?
13 Дәуіт Құдайға неліктен сенімді екендігінің екінші себебін айтады: Ехоба қойларын қорғайды. Біз былай деп оқимыз: “Қап-қараңғы шатқалда жүрсем де мен, Қорықпаймын ешбір қауіп-қатерден, Себебі Өзің менің қасымдасың, Жігер беред таяғың мен сойылың” (Забур 22:4). Дәуіт енді Ехобаны өзіне әлдеқайда жақын тартып, “өзің” деп сөйлейді. Бұған таңғалмаса да болады, өйткені Дәуіт қиындықтарға төтеп беруіне Құдайдың қалай көмектескені жайлы айтып тұр. Ол қап-қараңғы шатқалдардан талай өткен, яғни өміріне қауіп-қатер төнген шақтарды бастан өткізген. Бірақ үрейге бой алдырмаған, өйткені, бейнелеп айтқанда, ‘таяғы’ мен ‘сойылын’ ұстап дайын тұрған Құдайдың өзімен бірге екенін сезінген. Осындай қорғаныш бар екенін білгені Дәуітке жұбаныш болды, әрі бұл оны Ехобаға жақындата түстіb.
14. Киелі кітап Ехобаның қорғайтынына қалай сендіреді, бірақ бұл нені білдірмейді?
14 Бүгінгі күні Ехоба қойларын қалай қорғайды? Киелі кітап ешбір қарсылас, жын-пері не адам болсын, Ехобаның қойларын жер бетінен ешқашан құрта алмайтынына бізді сендіреді. Ол бұған ешқашан жол бермейді (Ишая 54:17; Петірдің 2-хаты 2:9). Бірақ бұл Бағушымыз бізді барлық апаттан қорғайды дегенді білдірмейді. Біздің басымызға барлық адамдардың басына түсіп отырған қиындықтар түседі, сонымен қатар барлық мәсіхшілер сияқты қарсылыққа кезігудеміз (Тімотеге 2-хат 3:12; Жақып 1:2). Кейде, былайша айтқанда, “қап-қараңғы шатқалда жүруімізге” тура келеді. Мысалы, қуғындалудың немесе қандай да бір аурудың кесірінен өлім аузында жатуымыз мүмкін. Я болмаса қымбат адамымыз әл үстінде немесе тіпті көз жұмуы мүмкін. Бірақ тас қараңғы болып көрінетін сәттерде де Бағушымыз бізбен бірге әрі ол бізді қорғайды. Қалайша?
15, 16. а) Кездестіруіміз мүмкін кедергілерді жеңуге Ехоба қалай көмектеседі? ә) Ехоба сынақ кезінде қалай көмектесетінін көрсететін оқиға айтып беріңдер.
15 Ехоба біздің ісімізге керемет түрде араласуды уәде етпейдіc. Бірақ мынаған сенімді бола аламыз: Ехоба кезігуіміз мүмкін кез келген кедергіні жеңуге көмектеседі. Ол ‘алуан түрлі сынақтарға’ төтеп беру үшін даналық береді (Жақып 1:2—5). Шопан таяғын жыртқыштарды қуып жіберу үшін ғана қолданбайды. Онымен қойларды түртіп, бастарын дұрыс жаққа қайырып отырады. Ехоба да бізді, мысалы, бауырластар арқылы Киелі кітапқа негізделген әрі жағдайымызды айтарлықтай өзгертуі мүмкін кеңесті қолдануға “түрте” алады. Сонымен қатар Ехоба төзе алу үшін күш-қуат береді (Філіпіліктерге 4:13). Ал киелі рухы арқылы ‘өз күшімізден артық күш’ береді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7, ЖД). Құдайдың рухының көмегімен Шайтанның кесірінен болатын кез келген сынаққа төзе аламыз (Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Ехобаның бізге әрдайым қол ұшын беруге дайын екенін білу көңілге жұбаныш бермей ме?
16 Қандай қараңғы шатқалға тап болсақ та, ол жермен бізге жалғыз жүрудің қажеті жоқ. Бағушымыз қасымызда болып, бізге көмектеседі, алайда оның қалай көмектесіп жатқанын бірден түсінбеуіміз де мүмкін. Мысалы, мидың қатерлі ісігі деген нақтама қойылған бір мәсіхші ақсақал былай дейді: “Шынымды айтсам, алғашында Ехоба маған ашулы шығар, тіпті ол енді мені сүймейтін де шығар деген ойда болдым. Бірақ қандай болған күнде де Ехобадан бас тартпауға белді бекем буған едім. Мен уайым-қайғымның бәрін оған жайып салдым. Ехоба мені жиі бауырластар арқылы жұбатып, көмектесетін. Олардың көбісі ауыр сырқатпен күрескенде, өздеріне көмектескен құнды ойлармен бөлісті. Олардың байсалдылық танытқан сөздері басыма түскен жайтқа таңғалудың қажеті жоқ екенін есіме салды. Іс жүзінде көрсетілген көмек, соның ішінде мейіріммен жасалған жан тебірентерлік сый-тартулар, Ехобаның маған деген көзқарасы өзгермегеніне қайта көзімді жеткізді. Әрине, ауруыммен әлі де күресуім керек, мұның соңы немен бітетінін білмеймін. Бірақ Ехоба менімен бірге екеніне және осы сынақта әрі қарай да көмектесетініне сенімдімін”.
“Сен маған дастарқан жаясың”
17. Забур 22:5-те Дәуіт Ехобаны қалай суреттейді және неге бұл қойшы туралы мысалға қайшы келмейді?
17 Енді Дәуіт Бағушысына сенімді екендігінің үшінші себебін келтіреді: Ехоба қойларына молынан ас-су береді. Дәуіт: “Сен маған дастарқан жаясың көз алдында дұшпандарымның, мені құрметпен қарсы алып, тостағанды толтыра құясың”,— деп жазды (Забур 22:5). Бұл тармақта Дәуіт Бағушысын тамақ пен сусынды молынан беретін жомарт үй иесі ретінде суреттейді. Қамқоршы шопан мен жомарт үй иесі туралы бұл екі мысал бір-біріне қайшы келмейді. Өйткені жақсы шопан отары ‘еш нәрседен тарықпауы’ үшін шөбі шүйгін жайылым мен суы жеткілікті жерді қайдан табатынын білу керек (Забур 22:1, 2).
18. Ехобаның жомарт үй иесі екені неден көрінеді?
18 Біздің Бағушымыз да жомарт үй иесі ме? Бұған еш дау жоқ. Алып жатқан рухани ас-суымыздың сапасы, саны және алуан түрлілігі жайлы ойланып көрші. “Адал да ақылды құл” табы арқылы Ехоба бізді пайдалы әдебиеттермен, сондай-ақ қауым кездесулері мен конгрестердегі бай бағдарламамен қамтамасыз етіп отыр. Мұның бәрі де рухани қажеттілігімізді қанағаттандыруға арналған (Матай 24:45—47, ЖД). Шынында да, рухани ас-судан еш тарықпаймыз. “Адал да ақылды құл” миллиондаған Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған құралдарды шығарды. Қазір мұндай әдебиеттер 413 тілде басылып шығады. Сонымен қатар Ехоба рухани ас-судың алуан түрін — ‘сүттен’, яғни Киелі кітаптың негізгі ілімдерінен бастап, ‘қатты тағамға’, немесе рухани терең ойларға, дейін — беріп отыр (Еврейлерге 5:11—14). Осының арқасында қиындықтарға кезіккенде не шешім қабылдау керек болғанда, дәл өзімізге қажет нәрсені таба аламыз. Мұндай рухани ас-сусыз күніміз не болар еді? Біздің Бағушымыз сияқты жомарт асыраушы бар ма?! (Ишая 25:6; 65:13)
“Жаратқан Иенің үйінде мен қала беремін”
19, 20. а) Забур 22:6-да Дәуіт қандай сенімділік білдірген және қалай біз де сондай сенімділікке ие бола аламыз?ә) Келесі мақалада не талқыланады?
19 Бағушысы әрі Асыраушысының жолдары жайлы ой жүгірткен соң, Дәуіт былай деп қорытындылайды: “Жақсылық пен мейірімділік үлесім болады өмірлік, Жаратқан Иенің үйінде мен қала беремін мәңгілік” (Забур 22:6). Дәуіттің көңілі ризашылық пен сенімге толы: ол өткенін ризашылықпен еске түсіріп, болашаққа сеніммен қарайды. Дәуіттің көңілі тыныш. Бұрын қойшы болған ол көктегі Бағушысына жақын болып қала берсе — бейнелеп айтқанда, Оның үйінде қала берсе — Ехоба әрдайым сүйіспеншілікпен қамын ойлайтынын біледі.
20 22-ші Забур жырында жазылған керемет сөздерге қаншалықты ризамыз десеңші! Дәуіт Ехобаның өз қойларын жетелейтінін, қорғап, ас-су беретінін өте тамаша суреттеген. Дәуіттің жылы сөздері Ехобаға Бағушымыз ретінде сеніммен қарау үшін жазып қалдырылған. Иә, егер Ехобаға жақын болып қалсақ, сүюші Бағушымыз ретінде ол ұзақ уақыт бойы, тіпті мәңгілік бойы, қамымызды ойлайтын болады. Біз ұлы Бағушымыз Ехобаның қойларымыз, демек, онымен бірге жүру міндетіміз бар. Бұл нені білдіретінін келесі мақалада талқылаймыз.
[Сілтемелер]
b Дәуіт Ехобаны өзін қауіп-қатерден қорғағаны үшін мадақтап, біраз Забур жырын жазған (Мысалы, 17, 33, 55, 56, 58 және 62-ші Забур жырларының алғы сөздерін қараңдар).
c 2003 жылғы 1 қазандағы “Күзет мұнарасының” (ор.) “Құдай адамзаттың ісіне қалай араласады?” атты мақаласын қараңдар.
Естеріңде ме?
• Дәуіттің Ехобаны шопанға теңегені неге орынды?
• Қалай Ехоба бізді түсінушілікпен жетелейді?
• Ехоба сынақтарға төтеп беруімізге қалайша көмектеседі?
• Ехобаның жомарт үй иесі екені неден көрінеді?
[24-беттегі сурет]
Исраилдегі шопан сияқты Ехоба өз қойларын жетелейді