Құрметке бөленуіңе еш нәрсе кедергі жасамасын
“Кішіпейілдік [адамды] құрметке жеткізер” (НАҚ. С. 29:23).
1, 2. а) Жазбалардың түпнұсқа тілінде “құрмет” деген сөздің мағынасы қандай? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастырамыз?
“ҚҰРМЕТ” деген сөзді естігенде, ойыңа не келеді? Жазбалардың түпнұсқа тілінде “құрмет” сөзі салмағы ауыр деген ойды береді. Ежелде тиын ақша құнды металдардан жасалатын, әрі ол неғұрлым ауыр болса, соғұрлым қымбат болатын. Сондықтан ауырлықты білдіретін сөздер бағалы, ұлы немесе салтанатты деген мағынада қолданылатын болды.
2 Адамдар жиі өзгелерді билігі не атақ-даңқы үшін құрметтейді. Ал Құдай қандай адамдарға құрмет көрсетеді? Нақыл сөздер 22:4-те: “Жаратқанды терең қастерлейтін кішіпейілдер Байлық, абырой, шынайы өмірге кенелер”,— делінген. Сондай-ақ шәкірт Жақып: “Ехобаның алдында кішірейіңдер, сонда ол сендерді жоғарылатады”,— деп жазған (Жақ. 4:10). Ехоба адамдарды қалай құрметке бөлейді? Құдайдың құрметіне бөленуімізге не кедергі жасауы мүмкін? Сондай-ақ біз басқаларға Құдайдың құрметіне бөленуге қалай көмектесе аламыз?
3—5. Ехоба бізге қалай құрмет көрсетеді?
3 Забур жыршысы Ехобаның оны оң қолынан ұстап қолдайтынына және салтанатқа, яки құрметке жеткізетініне сенімділік білдірген (Забур 72:23, 24 оқы). Ехоба мойынсұнғыш адамдарға қалай құрмет көрсетуде? Ол мұны өзінің ықыласына бөлеу және әртүрлі жолмен батасын беру арқылы істеп жатыр. Мысалы, оларға өз еркін түсінуге көмектесуде және өзімен тығыз қарым-қатынаста болуға мүмкіндік беріп отыр (Қор. 1-х. 2:7; Жақ. 4:8).
4 Ехоба өз қызметшілеріне бағалы “қазынаны”, яғни уағыз ісін де сеніп тапсырды (Қор. 2-х. 4:1, 7). Ізгі хабарды жариялау арқылы біз құрметке ие боламыз. Өйткені Ехобаға мадақ әкелу үшін және өзгелердің игілігі үшін осы мәртебелі қызметке атсалысатындарға ол былай дейді: “Мені сыйлағандарды Мен де сыйлаймын” (Пат. 1-ж. 2:30). Біз Ехобаның алдында жақсатқа әрі өзге бауырластардың мақтауына ие болудамыз (Нақ. с. 11:16; 22:1).
5 Ал “Ехобаға үміт артып, оның жолымен жүретіндердің” болашағы қандай болмақ? Киелі кітапта оларға берілген уәде жазылған: “Ол [Ехоба] мерейіңді өсіріп, жерді мұраға береді. Зұлым құрып жоқ болғанда, бұны көзің көреді” (Заб. 37:34 ЖД). Иә, олар теңдесі жоқ мәртебеге ие болуға, яғни мәңгі өмір сүруге үміттенеді (Заб. 36:29).
“МЕН АДАМДАРДАН ҚҰРМЕТ КҮТПЕЙМІН”
6, 7. Неліктен көбісі Исаға сенгісі келмеді?
6 Ехобадан келетін құрметке бөленуіңе не кедергі жасауы мүмкін? Кедергілердің бірі — Құдаймен қарым-қатынасы жоқ адамдардың пікіріне тым көп мән беру. Осы орайда елші Жоханның Исаның күндеріндегі билік басындағылар жайлы не айтқанын көрейік: “Тіпті көптеген басшылар да Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп, оны ашық мойындамады. Өйткені олар Құдайдың ықыласынан гөрі адамдардың ықыласына ие болуды артық көрді” (Жох. 12:42, 43). Парызшылдардың пікірлеріне аса мән бермегенде, бұл басшылар қандай батаға ие болар еді десеңші!
7 Жердегі қызметінің бастапқы кезеңінде Иса көп адамдардың өзін неліктен қабылдамағанын әрі сенім танытпағанын анық түсіндірді (Жохан 5:39—44 оқы). Исраил халқы Мәсіхтің келуін ғасырлар бойы күткен. Иса тәлім бере бастағанда кейбіреулер Даниял пайғамбарлығынан Мәсіхтің келетін уақыты келіп жеткенін түсінсе керек. Ал содан бірнеше ай бұрын шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия туралы көбісі: “Мәсіх осы емес пе екен?”— деп ойлады (Лұқа 3:15). Ал енді көптен күткен Мәсіх араларында тәлім беріп жүрген еді. Алайда Мұса заңын жетік білетіндер оны қабылдаудан бас тартты. Мұның нақты себебіне нұсқап, Иса олардан: “Жалғыз Құдайдан келетін құрметті іздемей, бір-біріңнен құрмет күтсеңдер, қалай маған сенбексіңдер?”— деп сұрады.
8, 9. Жарық туралы мысалды қолданып, адамдардың алдындағы құрметтің Құдайдан келетін құрметке ие болуға қалай кедергі бола алатынын түсіндір.
8 Кейбіреулердің Ехобадан келетін құрметтен гөрі адамдардан келетін құрметті не себепті көбірек іздейтінін түсіну үшін, құрметті кәдімгі жарыққа теңеп көрейік. Біздің ұлан-ғайыр ғаламымыз жарыққа толы. Түнгі аспанға қарап, мыңдаған жұлдыздарға тамсанған кезің есіңде ме? Иә, “жұлдыздардың өзіндік даңқы” жан тебірентеді (Қор. 1-х. 15:40, 41). Алайда түнгі қаланың жап-жарық көшесінен аспанға қарасаң, жұлдыздарды көресің бе? Қаланың жарығынан олар анық көрінбейді. Неге? Көшелердің, стадиондардың және ғимараттардың жарығы жұлдыздардікінен басым не әлдеқайда әсем болғандықтан ба? Әрине, жоқ! Бұл қаланың жарығы бізге жақынырақ тұрғандықтан болады. Ехобаның жаратылысының сұлулығын тамашалау үшін, біз жасанды жарықтан алшақ жерде тұруымыз керек.
9 Сол сияқты адамдардың алдында сыйлы болуды тым көп ойлайтын болсақ, бұл Ехобадан келетін құрметті іздеуге әрі бағалауға кедергі жасайды. Көбісі таныстарының не отбасы мүшелерінің пікірінен қорыққандықтан, Патшалық хабарын қабылдаудан бас тартады. Ал Құдайдың бағышталған қызметшісі “адамдар мен туралы не ойлайды” деп шектен тыс уайымдауы мүмкін бе? Мысалы, жас мәсіхшіге оны Ехоба куәгері ретінде білмейтін таныстары тұратын аумақта уағыздау тапсырылса, ол қорқынышқа бой алдырып, тартыншақтай ма? Немесе теократиялық мақсаттарға ұмтылып жүргені үшін мазаққа қалған бауырлас рухани толыспаған адамдардың ықпалына беріліп қала ма? Болмаса, ауыр күнә жасаған мәсіхші қауымдағы міндеттерімнен айырылып қаламын не жақын адамдарымның көңілін қалдырамын деп қорқып, күнәсін жасыра ма? Егер ол бірінші кезекте Ехобамен қарым-қатынасын қалпына келтіруді ойласа, ол “қауым ақсақалдарын шақырып”, олардың көмегіне жүгінеді (Жақып 5:14—16 оқы).
10. а) Өзгелердің пікіріне тым көп мән бергеніміз бізге қалай әсер етуі мүмкін? ә) Кішіпейілділікпен әрекет етсек, не нәрсеге сенімді бола аламыз?
10 Келесідей жағдайды ойлап көрейік: сен мәсіхші ретінде толысуға барынша тырысып жүрсің, бірақ бір бауырлас саған жиі кеңес береді. Кеуде көтермей, өзің жайлы тым көп ойламай және әрекеттеріңді ақтауға тырыспай, бауырластың шын жүректен берген кеңесін қабылдасаң, мұның пайдасын көресің. Немесе бауырласпен бірге бір істі атқарып жатырсың делік. Жақсы ұсынысың мен ауыр еңбегің көлеңкеде қалады деп шектен тыс уайымдайсың ба? Егер осындай жағдайларға кезіксең, “кішіпейілдік... құрметке жеткізетінін” есте ұста (Нақ. с. 29:23).
11. Мақтау сөздерді қалай қабылдауымыз керек және неге?
11 Бақылаушылар және осы қызметке “ұмтылып” жүргендер де адамдардан атақ-даңқ іздеуден аулақ болу керек (Тім. 1-х. 3:1; Сал. 1-х. 2:6). Қандай да бір істі жақсы атқарғаны үшін мақтау сөздер естісе, бауырлас мұны қалай қабылдауы керек? Ол Саул патша сияқты өзіне ескерткіш орнатпайтыны анық (Пат. 1-ж. 15:12). Алайда ол жетістікке тек Ехобаның мейірімінің арқасында қол жеткізгенін және болашақта жетістікке жететіні-жетпейтіні Құдайдың батасы мен көмегіне байланысты екенін мойындай ма? (Пет. 1-х. 4:11). Мақтау сөздерді іштей қалай қабылдайтынымыз кімнен құрмет іздейтінімізді көрсетеді (Нақ. с. 27:21).
ОЛАР ӘКЕЛЕРІНІҢ ҚАЛАУЛАРЫН ОРЫНДАҒЫЛАРЫ КЕЛДІ
12. Кейбір яһудилер не себепті Исаны тыңдамады?
12 Құдайдан келетін құрметке бөленуімізге кедергі болатын тағы бір нәрсе — біздің қалауларымыз. Бұрыс қалауларымыздың кесірінен біз шындықты мүлдем естімеуіміз мүмкін (Жохан 8:43—47 оқы). Иса кейбір яһудилердің оның хабарын не себепті тыңдамағандарын түсіндіріп: “Әкелерің — Ібіліс, соның қалауларын орындағыларың келеді”,— деді.
13, 14. а) Ғалымдар адамның миы мен даусы туралы не дейді? ә) Біз кімді тыңдайтынымыз не нәрсеге байланысты?
13 Біздің қалауларымыз нені естігіміз келетініне әсер етеді (Пет. 2-х. 3:5). Ехоба бізге естігіміз келмейтін шуды елемеу қабілетін дарытқан. Қазір бір сәт кідіріп, қанша дыбыс ести алатыныңды анықтап көрші. Осының алдында олардың көбісін тіпті аңғармаған да шығарсың. Миымыздың арқасында біз бір дыбысқа ден қойғанымызбен, көп дыбысты тыңдай аламыз. Бірақ ғалымдардың айтуынша, адамдардың дауыстарына келгенде, бұлай ету қиынға соғады. Демек, егер сен бір уақытта екі адамның даусын естіп тұрсаң, қайсысын тыңдайтыныңды таңдауың керек болады. Сен кімді тыңдауды қаласаң, соны тыңдайсың. Сол сияқты өздерінің әкелері Ібілістің қалауларын орындағысы келген яһудилер Исаға құлақ аспады.
14 Киелі кітапта жазылғандай, “даналық” та, “надандық” та бізді өздерін тыңдауға үнемі шақырады (Нақ. с. 9:1—5, 13—17). Біз осы екеуінің қайсысына құлақ салатынымызды таңдай аламыз. Бұл кімнің ықыласына бөленгіміз келетініне байланысты. Исаның қойлары оның даусына құлақ салып, соңынан ереді (Жох. 10:16, 27). Олар “шындықты жақтайды” (Жох. 18:37). Ал “бөтендердің дауысын танымайды” (Жох. 10:5). Осы кішіпейіл адамдар Құдайдан келетін құрметке ие болады (Нақ. с. 3:13, 16; 8:1, 18).
“БҰЛ СЕНДЕРГЕ МАДАҚ ӘКЕЛЕДІ”
15. Пауылдың азап шеккені өзгелерге қалайша “мадақ әкелді”?
15 Ехобаның еркін табандылықпен орындағанымыз басқаларға да Құдайдан келетін құрметке бөленуге көмектеседі. Ефестегі қауымға Пауыл былай деп жазды: “Өздерің үшін көріп жатқан азаптарыма бола жігерлеріңді жасытпауларыңды өтінемін, өйткені бұл сендерге мадақ әкеледі” (Ефес. 3:13). Пауылдың азап шеккені ефестіктерге қалайша “мадақ әкелді”? Оның қиындықтарға қарамастан солар үшін қызмет етуге дайын болғаны ефестіктерге мәсіхшілердің қызметі маңызды әрі өте құнды екенін түсінуге көмектесті. Ал Пауыл сол кезде қиыншылыққа төзе алмағанда, бауырластар Ехобамен қарым-қатынастарының, қызметтерінің және үміттерінің құндылығына күмәнданбас па еді?! Табандылық танытуымен Пауыл Мәсіхтің шәкірті болу кез келген құрбандыққа баруға тұратынын көрсетті.
16. Пауыл Листрада нені бастан кешті?
16 Пауылдың құлшынысы мен табандылығы басқаларға қаншалықты әсер еткенін ойлап көрейік. Елшілердің істері 14:19, 20-тармақтарда былай делінген: “Антиохия мен Иқониядан яһудилер келді де, жұртты үгіттеп, Пауылды таспен ұрғызды. Содан оны өлді екен деп ойлап, қала сыртына сүйреп шығарып тастады. Алайда қасына шәкірттер жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға кірді. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге барды”. Ойлап көрші, Пауыл бір күн бойы өлімші халде жатып, ертесіне 100 шақырым жерге жаяу сапар шекті!
17, 18. а) Тімөте Пауылдың Листрада көрген азабы туралы қайдан білген болуы мүмкін? ә) Пауылдың табандылығы Тімөтеге қалай әсер еткен?
17 Пауылды таспен атқылағанда, Тімөте оның қасында болды ма? Елшілердің істері кітабында бұл туралы нақты айтылмағанымен, ол сол жерде болған болуы мүмкін. Пауыл Тімөтеге жазған екінші хатында не дегеніне назар аударайық: “Сен менің үйреткендеріме ден қойдың, өмір салтымды, мақсатым, сенімім, шыдамдылығым, сүйіспеншілігім мен табандылығымды үлгі тұттың”. Сондай-ақ Тімөте Пауылды Листрада таспен атқылағанын ғана емес, яһудилердің оны Антиохиядан қуып шыққанын және біреулердің оны Иқонияда таспен атып, өлтіргісі келгенін білді (Тім. 2-х. 3:10, 11; Ел. іс. 13:50; 14:5, 19).
18 Тімөте Пауылдың басына түскен барлық қиыншылықтарына төзгені туралы хабардар болды. Бұл Тімөтеге қатты әсер қалдырды. Пауыл Листраға қайтып келгенде, Тімөтенің үлгілі мәсіхші екенін және “бауырластар ол туралы жақсы пікірде” екенін естіді (Ел. іс. 16:1, 2). Біраз уақыттан кейін Тімөте үлкен жауапкершіліктер алуға дайын болды (Філіп. 2:19, 20; Тім. 1-х. 1:3).
19. Біздің табандылық танытқанымыз өзгелерге қалай әсер етеді?
19 Егер біз де Құдай еркін табандылықпен атқаратын болсақ, басқаларға, әсіресе жастарға жақсы әсер етеміз. Сонда олардың көбісі Құдайдың аса бағалы қызметшілері болып өседі. Жас шәкірттер бізді қызметте бақылап, адамдармен қалай сөйлесетінімізді және қолданатын тәсілдерімізді ғана үйренбейді. Олар өмірлік қиыншылықтарды қалай қабылдайтынымыздан да сабақ алады. Пауыл адалдық сақтап жүргендердің барлығы “құтқарылуы және мәңгілік даңққа ие болуы үшін бәріне төзіп жүрген” (Тім. 2-х. 2:10).
20. Неге біз әрі қарай да Құдайдан келетін құрметті іздей беруіміз керек?
20 Олай болса, “жалғыз Құдайдан келетін құрметті іздей” беруіміз керек емес пе?! (Жох. 5:44; 7:18). Иә, біз жан-тәнімізбен осылай етуіміз керек (Римдіктерге 2:6, 7 оқы). Ехоба “құрметке... ие болуға тырысып жүргендерге мәңгілік өмір сыйлайды”. Оның үстіне, “жақсылық жасаудан талмасақ”, өзгелерге де табанды болуға және мәңгі өмірге жетуге көмектесеміз. Ендеше, ешбір нәрсенің Құдайдан келетін құрметке бөленуіңе кедергі жасауына жол берме!