Ехоба ғұмырымызды қалай есептеуді үйретеді
“Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, даналық содан ұяласын жүрекке” (ЗАБУР 89:12).
1. ‘Ғұмырымызды қалай есептеуді’ үйретуін Құдайдан өтінгеніміз неліктен орынды?
ЕХОБА ҚҰДАЙ Жаратушымыз және өмір Беруші (Забур 35:10; Аян 4:11). Өзге ешкім күндерімізді қалай даналықпен өткізуге болатынын Одан жақсы үйрете алмайды. Сол себепті Забур жыршысы Құдайға былай деп өтініш еткен: “Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, даналық содан ұяласын жүрекке” (Забур 89:12). Бұл өтініш жазылған Забурдың 89-жыры біздің мұқият қарастыруымызға лайық. Алдымен осы Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған жырға қысқаша шолу жасап өтелік.
2. а) 89-забур жырын жазған кім және оның қай уақытта жазылған болуы мүмкін? ә) 89-забур жыры біздің өмірге деген көзқарасымызға қалай әсер етуі керек?
2 Забурдың 89-жырының алғы сөзінде “Құдайдың адамы Мұсаның айтқан мінажаты” деп жазылған. Бұл жырда адам өмірінің қысқалығына аса мән берілгендіктен, исраилдіктер Мысыр құлдығынан босатылғаннан кейінгі, бүлікшіл ұрпақтың мыңдаған өкілдері қайтыс болғанға дейін шөл далада 40 жыл бойы жиһан кезіп жүрген жылдары жазылған болса керек (Руларды санау 32:9—13). Қандай болған күнде де, Забурдың 89-жыры кемелсіз адам өмірінің қысқалығын көрсетеді. Сол себепті қымбат ғұмырымызды даналықпен өткізуіміз керек екені анық.
3. Забурдің 89-жырының негізгі ойлары не?
3 Забурдың 89-жырының 1 — 6 дейінгі тармақтарында Ехоба біздің мәңгілік баспанамыз екендігі айтылған. 7 — 12 дейінгі тармақтарда зымырап өтіп жатқан өміріміз Құдайға ұнамды болуы үшін не істеуіміз керек екені жазылған және 13 — 17 дейінгі тармақтарда айтылатындай біз Ехобаның мол шапағаты мен батасына ие болуды жан-тәнімізбен қалаймыз. Әрине бұл забур жырында Ехобаның қызметшілері ретінде әрқайсымызды не күтіп тұрғаны айтылмаған. Сөйткенмен де, біз бұл забур жыршысының дұға түрінде жазылған сезімдерін жүрегімізбен қабыл алуымыз керек. Сол себепті Забурдың 89-жырын Құдайға өзін арнаған адамдардың көзқарасымен жақын қарастырып көрелік.
Ехоба — біздің “баспанамыз”
4—6. Ехоба қалайша біз үшін ‘баспана’ болып табылады?
4 Забур жыршысы мынадай сөздермен бастайды: “Қожайыным, ұрпақтан ұрпаққа Өзің баспанамыз біздің болып келесің. Жаратылмай-ақ [“толғақ азабымен жаратылмай-ақ”, ЖД] жер мен бүкіл әлем, таулар жаралмас [“туылмас”, ЖД] бұрын бар боп келген, мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!” (Забур 89:2, 3, сілтемені қара).
5 “Мәңгілік Құдай” — Ехоба, біз үшін ‘баспана’, яғни рухани пана болып табылады (Римдіктерге 16:26). Біз өзімізді қауіпсіз сезінеміз, өйткені ‘дұғаларды тыңдайтын’ Ехоба әрқашан да қорғауға дайын (Забур 64:3). Барлық уайым-қайғымызды сүйікті Ұлы арқылы көктегі Әкемізге артатын болғандықтан, “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы жүректеріміз бен ой-саналарымызды... сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7; Матай 6:9; Жохан 14:6, 14).
6 Біз рухани жағынан қауіпсіз өмір сүрудеміз, өйткені бейнелеп айтқанда Ехоба біз үшін ‘баспана’. Сондай-ақ ол рухани баспана ретінде “ішкі бөлмелермен” қамтамасыз етуде. Бұл жерде Құдай халқының қауымдары жөнінде айтылған болса керек. Ондағы сүйіспеншілігі мол бақташылар біздің қауіпсіздікте болуымыз үшін орасан зор еңбек атқаруда (Ишая 26:20, ЖД; 32:1, 2; Елшілердің істері 20:28, 29). Сонымен қатар кейбір мәсіхшілер отбасы бірнеше ұрпақ бойы Құдайға қызмет етіп келеді және бұндай отбасы үшін Ехоба шын мәнінде де ‘ұрпақтан ұрпаққа баспана’ болып келеді.
7. Қай мағынада таулар ‘жаралып’, жер “толғақ азабымен” жаратылды?
7 Ехоба таулар “туылмас” бұрын немесе “толғақ азабымен” жерді жаратпас бұрын бар болған. Адамның көзқарасы бойынша барлық ерекшеліктерімен, химиялық құрамымен және күрделі құрылымдарымен жерді жарату үшін көп күш жұмсалуы керек. Сондай-ақ таулар ‘жаралды’, жер “толғақ азабымен” жаратылды деп айтуымен забур жыршысы осылардың бәрін жаратудағы атқарған көптеген істері үшін Ехобаға үлкен құрмет көрсетіп отыр. Біз де Жаратушының істері үшін сондай құрмет пен ризашылық білдіруіміз керек емес пе?
Ехоба әрқашан да бізге көмектесуге дайын
8. Ехоба “мәңгі” Құдай деген нені білдіреді?
8 “Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!” — деп шырқады Забур жыршысы. “Мәңгі” деп аударылған көне еврей сөзі соңы бар, бірақ оның қанша уақытқа созылатыны анықталмаған нәрселерге қатысты айтылуы да мүмкін (Мысырдан шығу 31:16, 17; Еврейлерге 9:15). Алайда мәтінінен көріп отырғанымыздай, Забур 89:3 те және Еврей Жазбаларының өзге де бірнеше жерлерінде бұл сөз шексіздікті білдіреді (Екклесиаст 1:4). Құдайдың қалай әрқашан бар болуы мүмкін екені біздің ақылымызға сыймайды. Дегенмен де, Ехоба басталмаған, аяқталмайды да (Аббақұқ 1:12). Ол әрқашан бар болады және әрқашан бізге көмектесуге дайын.
9. Адамзат өмірінің мың жылын Забур жыршысы неге теңеген?
9 Киелі рухтың жетелеуімен Забур жыршысы адамзат өмірінің мың жылын Жаратушымыздың мәңгілігімен салыстырып, қысқа ғана уақытқа теңеген. Құдайға бағыштап, ол былай деді: “Қайт, адам баласы!” деп қана айтасың, пендені топыраққа айналдырасың. Ал бір мың жылдық Сенің көз алдыңда өте шыққан күн тәрізді қып-қысқа, я түнгі күзеттей шектеулі ғана” (Забур 89:4, 5).
10. Құдай адамды қалай ‘топыраққа айналдырады’?
10 Адам өледі де, Құдай оны ‘топыраққа айналдырады’. Яғни адамның денесі ыдырап қайтадан жерге айналады. Былайша айтқанда Ехоба: ‘Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айнал’,— деді (Жаратылыс 2:7; 3:19). Бұл күштілер мен әлсіздерге де, дәулеттілер мен кедейлерге де, барлығына қатысты, өйткені ешқандай кемелсіз адам ‘өз бауырын еш құтқара алмайды және әлдекімнің мәңгі өмір сүруі үшін Құдайға азаттық төлемін бере алмайды’ (Забур 48:7—10, СА). Алайда ‘Өзінің жалғыз Ұлын құрбандыққа беріп, енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болатыны’ үшін Құдайға қаншалықты ризамыз десеңші! (Жохан 3:16; Римдіктерге 6:23).
11. Неліктен біз үшін ұзақ уақыт Құдайдың көз алдында өте қысқа мерзім деп айта аламыз?
11 Ехобаның көз алдында 969 жыл жасаған Мәтусала да бір күннен де аз өмір сүрді (Жаратылыс 5:27). Құдай үшін мың жыл — өте шыққан кешегі күн, яғни 24 сағаттық мерзім, сияқты. Сондай-ақ, Забур жыршысы Құдай үшін мың жылдың қостағы күзетшінің түндегі төрт сағаттық күзет мерзіміндей екенін атап өтеді (Билер 7:19). Олай болса, біз үшін ұзақ уақыт, мәңгі Құдай Ехобаның көз алдында өте қысқа мерзім.
12. Құдай адамзатты қалай ‘лезде-ақ алып кетеді’?
12 Мәңгі Құдаймен салыстырғанда қазіргі адамзат өмірі шынында да қысқа. Забур жыршысы былай дейді: “Сен лезде-ақ алып кетесің пендені, ол бір көрініп, жоқ болар түс секілді, яки далада өскен шөп іспетті: Таң ата шықса да көгеріп, кешке қарай қурап қалады семіп” (Забур 89:6). Мұса, Құдай су тасқыны сияқты ‘лезде-ақ алып кеткен’ шөл далада өлген мыңдаған исраилдіктерді көрді. Забурдің бұл бөлігі бір аудармада былай деп аударылған: “Сен адамдарды сыпырып тастағандай өлім ұйқысына жібересің” (New International Version). Екінші жағынан кемелсіз адамзат өмірінің ұзақтығы түндегі көз шырымын алғандағы бір сәттік “түс” сияқты.
13. Біз қай мағынада ‘шөп іспеттіміз’ және бұл біздің ой-санамызға қалай әсер етуі керек?
13 Біз ‘таң ата шығатын’, алайда шаңқиған күннің астында тұрып кешке қарай қурап қалатын ‘шөп іспеттіміз’. Иә, біздің өміріміз бір күннің ішінде қурап қалатын шөп сияқты өткінші. Сол себепті осы құнды қазынаны бекерге шашпайық. Оның орнына осы дүниеде қалған уақытымызды қалай жұмсауымыз керектігіне байланысты Құдайдың басшылығын іздеуіміз керек.
Ехоба ‘ғұмырымызды есептеуге’ көмектесуде
14, 15. Забур 89:7—9 дейінгі тармақтардағы сөздер исраилдіктердің өмірінде қалай орындалды?
14 Құдайға бағыштап әрі қарай Забур жыршысы былай дейді: “Осылай біз жоқ боламыз ашуыңнан, зәреміз ұшады Сенің қаһарыңнан. Сен күнәларымызды қойдың алдыңа, нұрыңда айқын құпияларымыз да. Өмір бойы бізге қаһарың төнеді, жылдарымыз күрсініспен бітеді” (Забур 89:7—9).
15 Сенімін сақтамаған исраилдіктер ‘Құдайдың ашуынан жоқ болды’. ‘Оның қаһарынан зәрелері ұшты’. Құдайдың шығарған үкімінің нәтижесінде олардың біразы “айдалада құрып кетті” (1 Қорынттықтарға 10:5). Ехоба олардың ‘күнәларын [Өзінің] алдына қойды’. Айқын көрініп тұрған күнәлары үшін оларды жауапқа шақырды, тіпті олардың ‘құпиялары’ да, немесе жасырын күнәлары, оның ‘нұрында айқын’ еді (Нақыл сөздер 15:3). Құдай қаһарын төккенде күнәларына өкінбеген исраилдіктердің ‘жылдары сыбыр сияқты бітті’. Осыған байланысты біздің тым қысқа өміріміз де, жай ғана күрсініс сияқты тым қысқа.
16. Егер кімде-кім құпия түрде күнә жасап жүрген болса, олар не істеулері керек?
16 Егер қай-қайсымыз болсақ та, құпия түрде күнә жасап жүрген болсақ, оны адамдардан уақытша ғана жасыра алуымыз мүмкін. Бірақ біздің жасырын күнәларымыз ‘Ехобаның нұрында айқын’ болады және іс-әрекетіміз онымен қарым-қатынасымызға нұқсан келтіреді. Ехобамен достық қарым-қатынасымызды қалпына келтіру үшін Одан кешірім өтініп дұға етіп, заңсыз істерімізді доғарып, ризашылықпен мәсіхші ақсақалдардың көмегін қабыл алуымыз керек болады (Нақыл сөздер 28:13; Жақып 5:14, 15). Бұл мәңгі өмірге деген үмітімізге қауіп төндіріп, ‘жылдарымызды күрсініспен бітіргеннен’ әлдеқайда артық емес пе?!
17. Әдетте адам өмірінің ұзақтығы орта есеппен алғанда қанша уақытқа созылады және біздің өміріміз не нәрсеге толы?
17 Кемелсіз адамдардың өмірінің ұзақтығына байланысты Забур жыршысы былай дейді: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, осы аралық шегеміз бейнет-азап, ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап” (Забур 89:10). Әдетте адам өмірі орта есеппен алғанда жетпіс жасқа созылады, ал Халеп болса, сексен бес жасында өзінің әлі де қайратты екенін айтқан болатын. Әрине, әдеттегіден тым ұзақ өмір сүрген адамдар да болған. Мысалы, Һарон 123, Мұса 120 және Ешуа 110 жыл өмір сүрді (Руларды санау 33:39; Заңды қайталау 34:7; Ешуа 14:6, 10, 11; 24:29). Алайда Мысырдан шыққаннан кейін сенімін сақтамаған ұрпақтың жиырма жастан бастап есепке кіргендерінің бәрі қырық жылдың ішінде түгел қайтыс болды (Руларды санау 14:29—34). Бүгінде көптеген елдерде адам өмірінің ұзақтығы орта есеппен алғанда Забур жыршысы айтқан жасқа тең. Біздің ғұмырымыз ‘бейнет-азапқа’ толы. Ол жылдам өтіп, “ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап” (Әйүп 14:1, 2).
18, 19. а) ‘Ғұмырымызды жүрегімізге даналық ұялайтындай етіп есептеу’ деген нені білдіреді? ә) Даналық бізді не істеуге талпындырады?
18 Әрі қарай Забур жыршысы былай деп шырқайды: “Қаһарыңның күшін кім түсінеді? Соған сай қастерлеу қажет Өзіңді. Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, даналық содан ұяласын жүрекке” (Забур 89:11, 12). Ешқайсымыз да Құдайдың қаһарының күші қаншалықты екенін білмейміз және осы жағдай біздің Ехобаны қастерлеуден туған қорқынышымызды күшейтуі тиіс. Сондай-ақ, ол бізді Одан “үйрете гөр ғұмырды есептеуді, даналық содан ұяласын жүрекке” деп өтінуге талпындыруы керек.
19 Забур жыршысының сөздері дұға, яғни өзінің халқын даналық танытып, ғұмырларын бағалай білуге және Құдайға жағымды өткізуге болатынын үйретуін Ехобадан өтіну болып табылады. Жетпіс жылға созылатын ғұмыр шамамен 25 500 күнге тең. Алайда жасымыздың қаншада екеніне қарамастан, ‘біз тіпті күні ертең не болатынын білмейміз! Өміріміз неге ұқсас? Ол әншейін аз уақытқа көрініп, кейін ғайып болатын бу іспетті’ (Жақып 4:13—15). “Әр нәрсенің уақыты мен сәті бар” болғандықтан, қанша уақыт өмір сүретінімізді айта алмаймыз. Сол себепті сынақтарға төзу, өзгелермен дұрыс қарым-қатынаста болу және де Ехобаға қызмет етуде қолымыздан келгеннің бәрін істеу үшін бүгіннен бастап, яғни тап қазір даналық сұрап, дұға еткейміз! (Екклесиаст 9:11; Жақып 1:5—8). Ехоба бізге өзінің Сөзі, рухы және ұйымы арқылы басшылық беруде (Матай 24:45—47; 1 Қорынттықтарға 2:10; 2 Тімотеге 3:16, 17). Даналық бізді ‘ең бастысы, Оның Патшалығының қамын ойлауға’ және ғұмырымызды Ехобаны дәріптеп, Оның жүрегін қуантатындай етіп өткізуге талпындырады (Матай 6:25—33; Нақыл сөздер 27:11). Әрине, оған шын жүректен ғибадат еткенімізбен қиыншылықтарымыздың барлығы бірдей шешілмейді, алайда зор қуанышқа бөленетініміз анық.
Ехобаның баталары бізді қуанышқа бөлейді
20. а) Құдай қалай ‘шапағатын тигізіп, райынан қайтады’? ә) Егер ауыр күнә жасап, бірақ артынан шын жүректен өкінер болсақ, Ехоба қалай әрекет етеді?
20 Қалған ғұмырымызды қуанышты өткізсек, қандай керемет болар еді десеңші! Осыған байланысты Мұса былай деп өтінеді: “Қашан райыңнан қайтасың, уа, Тәңір? Пенделеріңе шапағат тигізе гөр, ертеңгісін рақымыңа кенелте бер, әндетіп шаттанайық күллі күндер” (Забур 89:13, 14). Құдай қателеспейді. Сөйткенмен де, ол ‘шапағатын тигізеді’ және зұлым істеріне өкінген күнәкар адамдар Оның ескертулеріне құлақ асып, өмірлеріне өзгеріс енгізгенде, Ол жазалаймын деген ‘райынан қайтып’, ашуын “басады” (Заңды қайталау 13:17). Сол себепті ауыр күнә жасап қойсақ та, егер шын жүректен өкінер болсақ, Ехобаның ‘рақымына кенеліп’, ‘шаттыққа’ бөлене аламыз (Забур 31:1—5). Сондай-ақ, әділ өмір сүру арқылы Құдайдың бізге деген сарқылмас сүйіспеншілігін сезінеміз және ‘күллі күндер’, яғни қалған ғұмырымыздың бәрінде ‘әндететін’ боламыз.
21. Забур 89:15, 16-дағы сөздері арқылы Мұса нені өтінген болуы мүмкін?
21 Забур жыршысы былай деп өтініп дұға етеді: “Өткерген ауыр күндерімізге сай Тәңір бізді шаттыққа кенелте гөр, азап шеккен көп жылдарымызға сай, бұдан былай қуанышқа бөлей гөр. Лайым пенделеріңе, уа, Иеміз, керемет істеріңді көрсете гөр, біздің ұрпақтарымызға да әр кез шексіз ұлылығыңды паш ете гөр!” (Забур 89:15, 16). Мұса, Құдайдың Исраилді азап шеккен күндерінің орнына соншама мерзімге созылатындай шаттыққа кенелтуін сұраған болуы мүмкін. Ол Құдайдың исраилдіктерге батасын төгіп істеген ‘істерін’ қызметшілерінің көруін және ұрпақтарының Оның ұлылығын көретін күнге жетуін өтінді. Сол сияқты біз де уәде еткен жаңа дүниеде Құдайдың тілалғыш адамзатқа баталарын жаудыруын дұғада өтінуімізге болады (2 Петір 3:13).
22. Забур 89:17-ге сәйкес не нәрсені өтініп дұға еткеніміз орынды?
22 Забурдың 89-жыры мынандай өтінішпен аяқталады: “Құдай Иеміз, бізге риза бола көрсін, қолға алған ісімізді оңғара көрсін, я, Құдай, ісімізді жарылқай гөр!” (Забур 89:17). Бұл сөздер Оған қызмет етудегі талпынысымызға батасын беруін өтінгеніміздің орынды екендігін көрсетеді. Майланған мәсіхшілер немесе олардың серіктестері “басқа қойлар” ретінде, ‘Құдай Иеміздің бізге риза’ екендігіне қуаныштымыз (Жохан 10:16). Патшалықты жариялау ісімізді және өзге де істерімізді Құдайдың ‘жарылқап жатқандығына’ қаншалықты шаттанамыз десеңші!
Ғұмырымызды есептей бергейміз
23, 24. 89-забур жырының үстінен ой жүгірткеніміздің біз үшін қандай пайдасы бар?
23 Забурдың 89-жырының үстінен ой жүгірте отырып, “баспанамыз” болып табылатын Ехобаға тәуелді екендігімізді, ал ондағы өмірдің қысқалығы жөніндегі жазылған сөздер туралы ойлана отырып, ғұмырымызды есептеуде Құдайдың басшылығына мұқтаж екендігімізді әлдеқайда терең сезінуіміз керек. Сондай-ақ, егер біз қажымастан Құдайдың даналығын іздеп, оны өмірімізде қолданып жүрген болсақ, Ехобаның қайырымдылықпен берген баталарына ие болатынымызға сенімдіміз.
24 Ехоба әрі қарай да ғұмырымызды қалай есептеуді үйрете бермек. Ал егер Оның басшылығына мойынсұнар болсақ, ғұмырымызды мәңгі есептей алатын боламыз (Жохан 17:3). Егер шын мәнінде мәңгі өмір сүргіміз келсе, Ехобаны пана етуіміз керек (Яһуда 20, 21). Келесі мақаладан көретініміздей, Забурдің 90-жырында жазылған жігерлендіретін сөздер бұл ойдың дұрыстығының мүлтіксіз дәлелі болып табылады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ехоба қалай біз үшін “баспана” болып табылады?
• Неліктен Ехоба әрқашан бізге көмектесуге дайын деп айта аламыз?
• “Ғұмырымызды есептеуге” Ехоба бізге қалай көмектесуде?
• Ненің арқасында ‘күллі күндер шаттана’ аламыз?
[20-беттегі сурет]
Ехобаның көз алдында 969 жастағы Мәтусала бір күннен де аз өмір сүрді
[22-беттегі суреттер]
Ехоба біздің ‘ісімізді жарылқайды’