Забур жырларының үшінші және төртінші жазбасындағы көңіл бұрарлық ойлар
ҚҰДАЙҒА дұға еткенде, забур жыршысы: “Табытта Сенің рақымың дәріптеле ме, Сенің ақиқатың — опат болудың орны ма?”— деп сұраған (Забур 87:12). Бұған, әрине, “жоқ” деп жауап беріледі. Өмір болмаса, біз Құдайды дәріптей алмаймыз. Демек, Ехобаны дәріптеу өмір сүруіміздің, ал өмір сүруіміз Құдайды дәріптеуіміздің келелі себебі болып табылады.
Забур жыры кітабының үшінші және төртінші жазбалары 72—105 дейінгі жырлардан тұрады, әрі Жаратушымызды мадақтау мен оның атын дәріптеуге бізде себеп көп екенін көрсетеді. Осы Забур жырларының үстінен ой жүгірткеніміз ‘Құдай сөзіне’ деген ризашылығымызды арттыруы, сондай-ақ оны мадақтау сөзімізді көбейтіп, әрі жақсартуға талпындыру керек (Еврейлерге 4:12). Сондықтан қазір Забур жырының үшінші жазбасына мұқият көңіл қоялық.
“ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫН БОЛҒАНЫМ ҚАНДАЙ ИГІ!”
Үшінші жазбадағы алғашқы 11 Забур жырын Асаф немесе оның үй ішіндегілері шығарған. Алғашқы жырда Асафты жаңсақ ойға беріліп қалудан не нәрсе сақтағаны түсіндіріледі. Ол дұрыс тұжырымға келген еді. “Менің Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— деп жырлады ол (Забур 72:28). 73-ші Забур жырында Иерусалимнің ойрандалуына қайғырған сөздер айтылған. 74, 75 және 76-шы жырларда Ехоба әділ Төреші, момындарды Құтқарушы және дұғаларды Тыңдаушы ретінде бейнеленеді. 77-ші жырда Мұсаның күндерінен Дәуіттің күндеріне дейінгі Исраилдің өткен өміріне шолу жасалады. 78-ші Забур жырында ғибадатхананың қирағанына қайғырған сөздер жазылса, келесісінде Құдай халқын қайта қалпына келтіру жайлы дұға жазылған. 80-ші жыр Ехобаға мойынсұнуға шақырады. Ал 81, 82-ші Забур жырлары Құдайдан зұлым билер мен Оның жауларына лайықты жазасын беруді сұраған дұғалар болып табылады.
“Менің жаным Жаратушының үйін аңсаумен-ақ шаршады”,— деп жырлайды Қорах ұлдары (Забур 83:3). Ал 84-ші Забур жырында тұтқыннан оралған халыққа Құдайдың батасын беру жайлы өтініш жазылған. Бұл жыр тәндік баталарға қарағанда рухани баталардың әлдеқайда артық екеніне баса назар аударады. 85-жырда Дәуіт Құдайдан өзін сақтауды және басшылық беруді сұрайды. 86-шы Забур жыры Сион мен сонда туылғандар жайлы жыр болса, 87-ші жырда Ехобаға айтылған дұға жазылған. 88-ші Забур жырында Дәуітпен жасасқан келісімінен көруге болатын Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігіне назар аударылады. Бұл жырды Ефам жазған. Ол Сүлейменнің күндеріндегі төрт дана адамның біреуі болған болса керек (Патшалықтар 3-жазба 4:31).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
72:9. Қалайша зұлымдар “ауызбен көкті иеленгенсиді, тілмен жерге де билік еткенсиді”? Зұлымдар көктегі не жердегі ешкімді де құрметтемейтіндіктен, ауыздарымен Құдайды сөгуден еш тартынбайды. Олар сондай-ақ тілдерімен адамдарға жала жабады.
73:13, 14. Қашан Ехоба ‘судағы айдаһардың [“құбыжықтың”, ЖД]’ және ‘левиафанның’ басын жұлды? “Мысырдың патшасы, перғауын” ‘өзендерінің ортасында жатып алған зор қолдырауын [“құбыжық, ЖД]’ деп аталады (Езекиел 29:3). Ал левиафан “перғауынның мықтыларын” білдіруі мүмкін (Забур 74:14, ЖД; сілтемені қараңдар [73:14]). Оның басын жұлу Ехобаның исраилдіктерді Мысырдың құлдығынан босатқанда, перғауын мен оның әскерін ойрандағанына нұсқаса керек.
74:5, 11. ‘Мүйіз’ сөзі нені білдіреді? Жануардың мүйізі күшті қару болып табылады. Сондықтан ‘мүйіз’ сөзі, бейнелеп айтқанда, күшті білдіреді. Ехоба өз халқын асқақтатуымен олардың мүйіздерін көтеріп, ал ‘ұждансыздардың барлық мүйіздерін сындырады’. Бізге де ‘мүйізімізді көтермеу’, яғни өр көкірек немесе менмен болып кетуден сақ болу ескертіледі. Адамды асқақтататын Ехоба болғандықтан, қауымдағы жауапкершіліктерді Құдайдан деп қарастыру керек (Забур 74:6, 8).
75:11. Қалайша “адамдардың ашу-ызасы” Ехобаның даңқына айналады? Қызметшілері болғанымыз үшін Құдай адамдардың бізге ашу-ызасын көрсетуіне жол береді, бірақ бұл жақсы нәтиже беруі мүмкін. Басымызға түскен кез келген қиындық бізді бір нәрсеге үйретеді. Ехоба бірдеңеге үйрене алатындай дәрежеде ғана қиындық көруімізге жол береді (Петірдің 1-хаты 5:10). ‘Қалған ашуды Құдай жуасытады’. Ал егер көрген азаптан тіпті өліп кетсек ше? Бұл да Ехобаны даңқтай алады, өйткені өміріміздің соңына дейін адал болып қалғанымызды көргендер Ехобаны дәріптей бастауы мүмкін.
77:24, 25. Неге ұнтақ, немесе манна, ‘көктің наны’ және ‘періштелердің наны’ деп аталады? Бұл екі тіркес те маннаның періштелердің тағамы болғанын білдірмейді. ‘Көктің наны’ болу себебі ол көктен келген (Забур 104:40). Ал періштелер көкте өмір сүретіндіктен, ‘періштелердің наны’ деген тіркес жай ғана оны көкте өмір сүретін Құдайдың бергенін білдіруі мүмкін (Забур 10:4). Сондай-ақ Ехоба исраилдіктерге манна беру үшін періштелерді де қолданған болса керек.
81:1, 6. ‘Құдайлар’ мен ‘Құдайдың ұлдары’ деген кімдер? Бұл екі сөз де Исраилдегі билерге нұсқайды. Бұл орынды да, өйткені олар Құдайдың атынан сөйлеп, оның өкілдері болулары керек еді (Жохан 10:33—36).
82:3. ‘Бас көтеру’ деген нені көрсетеді? Бұл қимыл күш көрсетуге не әрекет етуге — әдетте қарсыласу, ұрыс, жәбірлеу сияқты әрекеттерді істеуге — дайын болуды білдіреді.
Біз үшін сабақ:
72:2—5, 18—20, 25, 28. Біз зұлымдардың өркендегеніне қызғана қарап, олардың құдайсыз жолына түсіп кетпеуіміз керек. Зұлымдар тайғақ жолда тұр. Олар міндетті түрде ‘биіктен құлайды’. Оның үстіне, кемелсіз адамзат билігінің тұсында зұлымдықтың жойылуы мүмкін емес болғандықтан, оны жоюға әрекеттенгеніміз бос әурешілік болмақ. Асаф сияқты зұлымдықты ‘Құдайға жақындау’ және онымен тығыз қарым-қатынаста болу арқылы жеңсек, дана әрекет етеміз.
72:3, 6, 8, 27. Біз мақтаншақтықтан, менмендіктен, кекетіп-мұқату мен алдап соғудан, осылай істеген пайдалы болып көрінсе де, сақ болуымыз қажет.
72:15—17. Егер ойымыз бізді тығырыққа тіресе, сол ойды жұртқа жаймауымыз керек. ‘Солай сөйлегеніміз’ олардың тек ұнжырғасын түсірер. Мазалаған нәрселер жайлы аспай-саспай ой жүгіртіп, бір сенімдегілермен араласа жүріп шешуіміз керек (Нақыл сөздер 18:1).
72:21—24. Зұлымдардың өркендегендей болғанын көріп, ‘жүрегіміз күйетін’ болса, мұны ақылсыз хайуанның әрекетіне теңеуге болады. Бұған сезімге беріліп, қызбалықпен әрекет ету жатады. Ал біз Ехобаның ақыл-кеңесімен жүруіміз керек. Сонда ол ‘оң қолымыздан ұстап қолдайтынына’ кәміл сенеміз. Сонымен қатар ол бізді ‘ұлылықпен қабылдайды’, яғни өзімен тығыз қарым-қатынаста болғызады.
76:7. Рухани шындыққа шынымен қызығатынымызды көрсетіп, әрі оны мұқият іздеу үшін, зерттеу мен ой жүгіртуге уақыт қажет. Бұл үшін оңаша қалуға арнайы уақыт бөлгеніміз аса маңызды.
78:9. Ехоба дұғаларымызды, әсіресе оның есімінің қастерленуіне қатысты дұғаларымызды, тыңдайды.
80:14, 17. Ехобаның даусына құлақ асу мен оның жолымен жүру мол баталарға кенелтеді (Нақыл сөздер 10:22).
81:2, 5. Әділетсіздіктің кесірінен ‘жер зардап шегеді’, немесе “жердің негізі шайқалады” (ЖД). Әділетсіз әрекет қоғамдағы тұрақтылықты бұзады.
83:1—4, 10—12. Забур жыршыларының Ехобаның ғибадат орнына деген ризашылықтары және сол жердегі ерекше қызметтерінен қанағат табуы біз үшін үлгі болып табылады.
85:5, ЖД. Ехоба ‘кешіруге дайын’ Құдай екеніне қаншалықты риза бола аламыз десеңші! Ол күнәсына өкінген адамның бойынан рақым етуіне негіз беретін кез келген өзгерістің нышанын іздейді.
86:5, 6. Жер бетіндегі жұмақта өмір сүретіндер көктегі өмірге тірілгендердің есімдерін білетін бола ма? Осы тармақтар солай болуы әбден мүмкін екенін көрсетеді.
87:14, 15. Қандай да бір мәселеге қатысты дұғаларымызға жауап ала алмай жатсақ, бұл Ехоба өзіне шын көңілден берілгендікті көрсеткенімізді қалайтынын білдіруі мүмкін.
“Шүкірлік етіңдер, есімін дәріптеп!”
Забур жырының төртінші жазбасында келтірілген Ехобаны мадақтаудың түрлі себептерін қарастырайық. 89-шы Забур жырында Мұса ‘Мәңгілік Патшаның’ ғұмырына қарағанда, адамдардың ғұмыры өте шығатынын айтады (Тімотеге 1-хат 1:17). Забур 90:2-де Мұса Ехобаны ‘құтылатын баспанасы әрі қорғанышы’, яғни қауіпсіздіктің Көзі, ретінде сипаттайды. Одан кейінгі бірнеше жырда Құдайдың керемет қасиеттері, адам ақылынан асқан ойлары мен таңғажайып істері жайлы айтылады. Үш жыр “Жаратқан Ие патшалық құруда” деген сөздермен басталады (Забур 92:1; 96:1; 98:1). Забур жыршысы Ехобаны Жаратушымыз ретінде сипаттай отырып, бізді: “Шүкірлік етіңдер есімін дәріптеп!”— деп шақырады (Забур 99:4).
Ехобадан қорқатын билеуші өз ісін қалай жүргізу керек? Мұның жауабын Дәуіт патша шығарған 100-ші Забур жырынан табуға болады. Келесі жыр Ехобаның ‘шарасыздардың дұғасына көз салып, олардың жалынып-жалбарынуын жек көрмейтінін’ айтады (Забур 101:18). 102-ші Забур жыры назарымызды Ехобаның сүйіспеншілікке толы мейірімділігі мен мейіріміне аударады. Құдайдың жер бетіндегі туындылары жайлы забур жыршысы: “Сенің істерің не деген көп, Жаратқан Ие? Сен бәрін даналықпен жасадың”,— деп жар салады (Забур 103:24). Төртінші жазбаның соңғы екі жырында керемет істері үшін Ехобаға мадақтау айтылады (Забур 104:2, 5; 105:7, 22).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
90:1, 2. ‘Алла Тағаланың панасы [“қасиетті орны”, ЖД]’ деген не және қалай біз ол жерде ‘тұра’ аламыз? Бұл — рухани қауіпсіздікті, яғни рухани жағынан залал келуден қорғанған күйді немесе жағдайды білдіретін бейнелі орын. Оның қасиетті болу себебі — Құдайға сенім артпайтындар үшін ол беймәлім орын. Біз Ехобаға панамыз әрі қамалымыз ретінде қарай отырып, сондай-ақ Әлемнің Әміршісі ретінде мадақтап және Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздай отырып, оны тұрағымыз ете аламыз. Біз өзімізді рухани жағынан қауіпсіз сезінеміз, өйткені Ехоба әрқашан да қол ұшын беруге дайын екенін білеміз (Забур 89:1).
91:13. Әділ адам қалай ‘құрмаша гүлдейді’? Құрма ағашы мол өнім беретіндігімен белгілі. Әділ адам Құдайдың көз алдында түзу және ұзақ уақыт “жақсы жеміс” беретіндігімен, соның ішінде игі істері де бар, құрма ағашына ұқсайды (Матай 7:17—20).
Біз үшін сабақ:
89:7, 8, 13, 14. Жасаған күнәларымыз шынайы Құдаймен қарым-қатынасымызды бұзады. Одан күнәларды жасырып қала алмаймыз. Алайда егер шын жүректен өкініп, теріс жолдан қайтсақ, Ехоба қайтадан шапағатын түсіріп, ‘рақымына кенелтеді’.
89:10, 12. Ғұмырымыз қысқа болғандықтан, күндерімізді есептей білуіміз керек. Қалайша? ‘Даналықты жүрекке ұялату’ арқылы, яғни даналықты қалған күндерімізді босқа жоғалтпай, Ехобаға ұнамды болатындай етіп өткізу үшін қолдану арқылы. Бұл үшін рухани нәрселерді басты орынға қойып, уақытымызды даналықпен жұмсауымыз керек (Ефестіктерге 5:15, 16; Філіпіліктерге 1:10).
89:17. Ехобаға “қолға алған ісімізді оңғара көрсін” және қызметтегі талпынысымызға батасын берсін деп дұға еткен дұрыс.
91:14, 15. Құдай Сөзін ынтамен зерттей отырып және үнемі Ехобаның халқымен араласа отырып, қарттар “шырынды және жас”, яғни рухани күшті, болып қалуда. Сондай-ақ олардың қауым үшін де пайдасы зор.
93:19. ‘Жүректе қасіреттердің’, немесе ‘мазасыз ойлардың’ (ЖД), туындауына қандай себеп болса да, Киелі кітаптағы ‘жұбатуларды’ оқып, ой жүгірткеніміз жанымызға жұбаныш береді.
94:7, 9. Жазбалардағы кеңестерге құлақ асып, ден қойғанымыз, сондай-ақ оларға дайындықпен мойынсұнғанымыз жүрегімізді қасарыстырудан сақтайды (Еврейлерге 3:7, 8).
105:36, 37. Бұл тармақтар пұттарға табынуды жын-перілерге құрбандықтар әкелумен байланыстырады. Бұл пұтты қолданатын адам жын-перінің ықпалында болуы мүмкін екенін көрсетеді. Киелі кітап бізді: “Жалған тәңірлерден сақ болыңдар!”— деп шақырады (Жоханның 1-хаты 5:21).
“Жаратқан Иені мадақтаңдар!”
Забур жырының төртінші жазбасындағы соңғы үш жыр: “Жаратқан Иені мадақтаңдар!” деген, яки “Аллилуия!” деген, сөздермен аяқталады. Соңғы жыр да осы сөзбен басталады (Забур 103:35; 104:45; 105:1, 48). Негізінде, “Жаратқан Иені мадақтаңдар”, немесе “Аллилуия”, деген Забур жырларының төртінші жазбасында жиі кездеседі.
Олай болса, Ехобаны мадақтауға бізде, шын мәнінде, себеп көп. Забур жырының 72—105 дейінгі тарауларында байыппен ой жүгіртіп, осылайша жүрегімізді көктегі Әкеге деген ризашылыққа толтыратын көп нәрсе бар. Құдайдың біз үшін не істегені әрі болашақта не істейтіні жайлы ойланғанда, бар күш-қуатымызбен ‘Жаратқан Иені мадақтауға’ талпынамыз, солай емес пе?!
[20-беттегі сурет]
Асаф сияқты біз де зұлымдықты ‘Құдайға жақын болу’ арқылы жеңе аламыз
[21-беттегі сурет]
Перғауын Қызыл теңізде опат болды
[21-беттегі сурет]
Манна неге ‘періштелердің наны’ деп аталатынын білесіңдер ме?
[23-беттегі сурет]
‘Мазасыз ойлардан’ арылуға не көмектеседі?