Жастар, Жаратушыларыңды есте ұстаңдар
“Жаратушыңды жасөспірім кезеңіңнен есіңде ұста” (ЕКК. 12:1).
1. Ехобаның жас мәсіхшілерге сенім артатынын қайдан білеміз?
ЕХОБА үшін мәсіхші жастар өте бағалы, әрі жан сергітетін шық іспетті. Ол Мәсіх “патшалық құрған күні” жас қыз-жігіттердің оған ‘еруге дайын тұратынын’ алдын ала айтқан (Заб. 109:3, сілт.). Бұл пайғамбарлық адамдардың басым көпшілігі құдайдан безген, тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, тілазар болатын кезде орындалу керек еді. Алайда Ехоба өзіне ғибадат ететін жастардың олардан өзгеше болатынын білген. Жастар, Ехоба сендерге зор сенім артады!
2. Ехобаны есте ұстау деген нені білдіреді?
2 Жаратушы өзін ұмытпай жүрген жастарды көріп, қатты қуанатын болу керек (Екк. 12:1). Ехобаны есте ұстау деген оны ойда тұтуды ғана білдірмейді. Бұл іс-әрекетті, яғни өмірімізде оның заңдары мен принциптерін басшылыққа алып, оған ұнайтынды істеуді білдіреді. Сондай-ақ бұл қамымызды ойлайтынын біле отырып, Ехобаға сенім артуды білдіреді (Заб. 36:3; Ишая 48:17, 18). Сен Жаратушыңды осылай есте ұстайсың ба?
“Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе”
3, 4. Иса Ехобаға сенім артатынын қалай көрсеткен және неге бүгінде Ехобаға сенім артудың маңызы зор?
3 Құдайға сенім артуда ең керемет үлгі қалдырған, әрине, Иса Мәсіх. Ол Нақыл сөздер 3:5, 6-дағы мына сөздерге сай өмір сүрген: “Өз ақыл-санаңа сүйеніп жүрме, Сенім арт шын жүректен Жаратқан Иеңе. Бар жағдайда да мойында Тәңір Иеңді, Сонда Ол тура жолмен жетелер сені”. Иса шомылдыру рәсімінен өткен соң көп ұзамай Шайтан оны азғырып, осы дүниенің бар билігі мен сән-салтанатын ұсынған (Лұқа 4:3—13). Ол бұған алданған жоқ. Иса “Тәңірді терең қастерлейтін кішіпейілдер” ғана нағыз байлыққа, абырой мен өмірге ие болатынын білген (Нақ. с. 22:4).
4 Біз ашкөздік пен өзімшілдік жайлаған дүниеде өмір сүрудеміз. Сондықтан Исаға еліктегеніміз маңызды. Ехобаның қызметшілерін өмірге апаратын тар жолдан тайдыру үшін Шайтан қолынан келгеннің бәрін істейтінін де ұмытпайық. Ол барлық адамның өлімге апаратын даңғыл жолмен жүргенін қалайды. Жастар, Шайтанға алданып қалмаңдар! Қайта, Жаратушыларыңды есте ұстауға белдеріңді бекем буыңдар. Оған толықтай сенім артып, өзіміз табалдырығында тұрған “шынайы өмірді” берік ұстаныңдар (Тім. 1-х. 6:19).
Жастар, дана болыңдар!
5. Сеніңше, осы дүниенің болашағы қандай?
5 Жаратушысын есте ұстайтын жастар қатарларына қарағанда анағұрлым ақылды (Забур 118:99, 100 оқы). Көзқарастары Құдайдікіндей болғандықтан, олар осы дүниенің болашағы жоқ екенін жақсы біледі. Сендер өмірге енді ғана қадам жасағандарыңа қарамастан, болашаққа қатысты адамдардың уайымы мен қорқынышы үдеп бара жатқанын көріп жүргендерің сөзсіз. Мектепте қоршаған ортаның ластануы, ғаламдық жылу, ағаштардың жаппай кесілуі, тағы сол сияқты проблемалар жайлы естіп жүрген шығарсыңдар. Адамдар осы жайттарды ойлап, қатты уайымдайды. Алайда олардың шынайы мағынасын Ехоба куәгерлері ғана толық түсінеді: бұл — Шайтан билеп отырған дүниенің соңы жақын екендігін көрсететін белгінің бір бөлігі (Аян 11:18).
6. Жастардың кейбірі қалай алданып қалған?
6 Бір өкініштісі, мәсіхші жастардың кейбірі сергек болудан қалып, бұ дүние оларға мәңгі тұра беретіндей көріне бастаған (Пет. 2-х. 3:3, 4). Ал өзге біреулері жаман ортаның немесе порнографияның әсерімен ауыр күнә жасаған (Нақ. с. 13:20). Осы дүниенің соңы келіп қалғанда, Құдайдың ықыласынан айырылып қалсақ, қандай өкінішті болар еді! Бұдан аулақ болу үшін б. з. б. 1473 жылы Моаб жазығына келіп, Уәде етілген жердің табалдырығында тұрған исраилдіктермен болған оқиғадан сабақ алайық. Ол жерде не болған еді?
Олар мәреге жете бере сүрінді
7, 8. а) Шайтан Моаб жазығында қандай тәсіл қолданған? ә) Ал бүгінде ол қандай тәсілді қолдануда?
7 Сол заманда Шайтанның исраилдіктерді Уәде етілген жерге кіргізгісі келмегені анық. Балағам пайғамбарға қарғата алмағаннан кейін, ол анағұрлым зымиян әдіс қолданып, исраилдіктерді Ехобаның батасын алуға лайықсыз етуге тырысты. Ол айла-амалы көп моабтық әйелдер арқылы оларды азғырды, әрі бұнысы біршама оңға басты да. Исраилдіктер моабтық қыздармен азғындық жасап, Пиғор Бағалына құлшылық ете бастады. Зарыға күткен мәреге жетуге, Уәде етілген жерге кіруге, сәл-ақ қалғанда, 24 000 исраилдік жер құшты. Неткен қайғылы жайт! (Ру. сан. 25:1—3, 9).
8 Бүгінде біз одан да керемет уәде етілген жер — жаңа дүниеге тез жақындап келеміз. Құдай халқын жолдан тайдыру үшін Шайтан өз әдетіне басып, тағы да азғындықты қолдануда. Дүниеде құлықтылық нормаларының құлдырағаны сонша — азғындық кәдімгі нәрсеге, ал гомосексуализм жеке бастың мәселесіне айналған. Бір әйел бауырлас: “Менің балаларым гомосексуализм мен некеден тыс жыныстық қатынас Құдайдың көз алдында дұрыс емес екенін тек үйде және Патшалық сарайында ғана естиді”,— деді.
9. Жастар “албырт шақта” қандай күй кешуі мүмкін және ондай кезде не істеуге болады?
9 Жаратушыны есте ұстайтын жастар жыныстық қатынастың өмірге және ұрпақ әкелуге қатысы бар қасиетті сый екенін біледі. Сондықтан олар, Құдайдың нұсқауына сай, мұндай қатынастың тек ерлі-зайыптылар арасында болу керектігін түсінеді (Евр. 13:4). Алайда жыныстық құштарлық артып, адам дұрыс ойлай алмай қалатын “албырт шақта” пәк таза қалу оңай болмауы мүмкін (Қор. 1-х. 7:36, ЖД). Басыңа жаман ойлар келсе, не істеуіңе болады? Ойыңды жақсы нәрселерге бұруға көмектесуін сұрап, Ехобаға жалбарын. Ехоба шын жүректен дұға еткендерді әрқашан тыңдайды (Лұқа 11:9—13 оқы). Таза әрі жігерлендіретін тақырыпқа әңгімелескенің де ойыңа дұрыс бағыт беруге көмектеседі.
Дұрыс мақсаттар қойыңдар
10. Біз қандай ой қалпынан аулақ болғымыз келеді және өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз дұрыс?
10 Осы дүниедегі көп жастардың бетімен кетіп, ләззат-ермек қууының бір себебі — оларда ‘Құдайдың хабары’, яғни Құдайдың басшылығы мен болашаққа деген берік үміт жоқ (Нақ. с. 29:18). Олар ‘ет жеп, шарап ішіп, қуаныш пен шаттық’ үшін өмір сүрген Ишаяның заманындағы құдайдан безген исраилдіктерге ұқсайды (Ишая 22:13). Олардың өміріне қызыққанша, Ехобаның өз адал қызметшілеріне берген керемет үміті жайлы ой жүгірткен артық емес пе!? Құдайға қызмет етіп жүрген жастардың бірі болсаң, жаңа дүниені асыға күтіп жүрсің бе? Ехоба берген ‘керемет үмітіңнің іске асуын күте отырып, байыпты өмір сүруге’ барынша күш салудасың ба? (Тит. 2:12, 13). Сенің жауабың алдыңа қоятын мақсаттарың мен өмірде нені маңызды деп есептейтініңе әсер етеді.
11. Неге мектепте оқитын мәсіхшілер жақсы оқуға тырысу керек?
11 Бұ дүние жастардың қажыр-қайратын дүниелік мақсаттарға сарп еткенін қалайды. Мектепте оқитын жастар, жақсы оқуға тырысыңдар. Бірақ сендердің мақсаттарың — тек оңтайлы жұмыс табу ғана емес, жақсы жариялаушы және қауымға пайда тигізе алатындай болу екенін ұмытпағандарың дұрыс. Ол үшін ойларыңды анық жеткізуді, қисынды ойлауды және өзгелермен сөйлескенде, сабырлы да ізетті болуды үйренулерің керек. Негізі, Киелі кітапты зерттеп, ондағы принциптерді ұстануға тырысатын жастар ең жақсы білім алады және мәңгі өмір сүруге негіз қалап, болашағына сенімді болады (Забур 1:1—3 оқы)a.
12. Мәсіхші отбасылары кімдерден үлгі алу керек?
12 Исраил елінде ата-ананың балаларына білім беруі өте маңызды болған. Олар өмірдің барлық саласына қатысты тәлім берген, әсіресе рухани білімге баса назар аударған (Заң. қ. 6:6, 7). Сондықтан ата-анасына және Құдайды қастерлейтін басқа да ересек адамдарға құлақ асқан жастар біліммен қоса, ақыл-парасат, көрегендік, түсінік және ой жүгірте білу сияқты Құдайдың тәлімі арқылы ғана ие болуға болатын қабілет-қасиеттерге үйренетін (Нақ. с. 1:2—4; 2:1—5, 11—15). Бүгінгі мәсіхші отбасыларының да білімге қатысты көзқарасы осындай болу керек.
Өздеріңді сүйетіндерді тыңдаңдар
13. Жастар қандай кеңестер естиді және неліктен олар абай болулары керек?
13 Жастарға кеңес берушілер көп. Солардың бірі — әдетте олардың осы дүниеде табысты болғандарын ғана ойлайтын мектеп мұғалімдері. Сондай кеңестерді дұға ете отырып, салмақтап-саралағанда, Құдай Сөзі мен адал да ақылды құл беріп отырған әдебиеттерге жүгініңдер. Киелі кітаптан білетіндеріңдей, өмірлік тәжірибесі аз жастар — Шайтанның басты нысанасы. Мысалы, Едем бағында тәжірибесіз Хауа Шайтанды, өзіне деген титімдей де сүйіспеншілігі жоқ бөтен біреуді, тыңдаған. Ол сүйіспеншілігін талай көрсеткен Ехобаны тыңдағанда, бәрі де басқаша болар еді! (Жар. 3:1—6).
14. Неліктен біз Ехобаны және мәсіхші ата-анамызды тыңдауымыз керек?
14 Жаратушы сені де сүйеді әрі оның ниеті кіршіксіз таза. Ол сенің қазір ғана емес, мәңгі-бақи бақытты болғаныңды қалайды! Сондықтан қамқор әке іспетті, ол саған және өзіне ғибадат ететіндердің бәріне: “Жол, міне, мынау, сонымен жүріңдер”,— дейді (Ишая 30:21). Егер Ехобаны шынымен жақсы көретін ата-анаң болса, бұл да — сен үшін зор бата. Өмірлік құндылықтар мен мақсаттарыңа қатысты шешім қабылдағанда, олардың кеңестерін мұқият тыңда (Нақ. с. 1:8, 9). Өйткені олар сенің осы дүниедегі байлық пен атақ-даңқтан әлдеқайда артық нәрсе — өмірге ие болғаныңды қалайды (Мат. 16:26).
15, 16. а) Ехобаға қатысты бізде қандай сенімділік бар? ә) Варухтың мысалынан қандай маңызды сабақ аламыз?
15 Жаратушыларын есте ұстайтындар қарапайым өмір кешеді, өйткені Ехобаның ешқашан өздерінен бас тартпайтынына және ешқашан жалғыз қалдырмайтынына кәміл сенеді (Еврейлерге 13:5 оқы). Осы дүниеге мұндай көзқарас жат, сондықтан оның рухы әсер етіп кетпеу үшін сақ болуымыз керек (Ефес. 2:2). Б. з. б. 607 жылы Иерусалим жойылар алдындағы қиын-қыстау күндерде өмір сүрген Еремияның хатшысы Варухтың мысалын қарастырып көрейік.
16 Варух тұрмысын жақсартып алғысы келгенге ұқсайды. Мұны байқаған Ехоба оның қамын ойлап, “аса ғаламат дүние” жинауға ұмтылмауды ескертеді. Варух кішіпейілділік пен даналық танытып, Ехобаның айтқанын тыңдағанының арқасында Иерусалим жойылғанда, аман қалады (Ерм. 45:2—5). Ал Ехобаны ысырып қойып, “аса ғаламат дүние” жинауға кіріскен замандастарының жиған-тергенінің бәрі көп ұзамай халдейлерге (бабылдықтарға) олжа болды. Олардың көбісі өмірлерінен де айырылды (Шеж. 2-ж. 36:15—18). Варухтың мысалынан Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болудың осы дүниенің байлығы мен атақ-даңқынан әлдеқайда артық екенін көреміз.
Оларды үлгі етіңдер
17. Неге Иса, Пауыл және Тімоте бүгіндегі Ехобаның қызметшілері үшін керемет үлгі болып табылады?
17 Құдай Сөзінде үлгі тұтарлық адамдардың керемет мысалдары жазылған. Олар бізге өмірге апаратын жолдан таймауға көмектеседі. Мысалы, Иса тарихтағы ең дарынды адам болған, соған қарамастан ол бар күш-қуатын адамдарға мәңгілік игілік әкелетін нәрсеге — “Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды” жариялауға жұмсаған (Лұқа 4:43). Ал елші Пауыл Ехобаға бар жақсысын беру үшін, абырой-атақтан бас тартып, уақыты мен күш-қайратын ізгі хабарды уағыздауға арнаған. Пауылдың ‘сенімдегі шынайы ұлы іспетті’ болған Тімоте оның керемет үлгісіне еліктеген (Тім. 1-х. 1:2). Иса, Пауыл және Тімоте осындай өмір жолын таңдағандарына өкінді ме? Титтей де өкінбеген! Пауыл Құдайға қызмет ету мәртебесімен салыстырғанда осы дүниенің ұсынған нәрселерін “түкке тұрғысыз сыпырынды” санайтынын айтты (Філіп. 3:8—11).
18. Бір жас бауырлас не істеген және неге ол мұнысына еш өкінбейді?
18 Бүгінде көптеген мәсіхші жастар Исаның, Пауыл мен Тімотенің сеніміне еліктеп жүр. Мысалы, айлығы жақсы жұмыста істеген бір жас бауырлас былай деп жазды: “Киелі кітап принциптеріне сай өмір сүретіндіктен, жұмыста бірден көтеріле бастадым. Бірақ табысым жақсы болғанына қарамастан, мен жел қуып жүргендей сезімде болдым. Компанияның атқарушы комитетіне Құдайға толық уақытты қызмет еткім келетінін айтқанда, олар мені жұмыста қалады деген үмітпен жалақымды көбейтуге бірден ұсыныс жасады. Бірақ мен өзім үшін шешім қабылдап қойған едім. Толық уақытты қызмет үшін неге осындай табысы мол жұмыстан бас тартқанымды көбісі түсінбеді. Менің берер жауабым мынау: бар қалауым — Құдайға бағышталғаныма сай өмір сүру. Қазір рухани істер өмірімде басты орында тұрғандықтан, менде ақша мен атақ-абырой бере алмайтын бақыт пен қанағат сезімі бар”.
19. Жастар қандай дана шешім қабылдауға шақырылады?
19 Дүниежүзіндегі мыңдаған жастар осындай дана шешім қабылдаған. Жастар, болашақтарыңды жоспарлағанда, Ехобаның күні жақын екенін есте ұстаңдар (Пет. 2-х. 3:11, 12). Дүниені жалпағынан басып жүргендерге қызықпаңдар. Оданда өздеріңді шын сүйетіндерді тыңдаңдар. Ең сенімді салым жасап, “байлықты көкте жинаңдар”, өйткені сол ғана мәңгілік пайда әкеледі (Мат. 6:19, 20; Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы). Иә, Жаратушыларыңды әрқашан есте ұстаңдар. Сонда ол сендерге батасын береді.
Естеріңде ме?
• Құдайға сенім артатынымызды қалай көрсетеміз?
• Ең жақсы білім — қандай білім?
• Варухтың мысалынан қандай сабақ аламыз?
• Кімдерден үлгі алуымызға болады және неліктен?
[Сілтеме]
a Жоғары білім мен жұмыс туралы мәліметті “Күзет мұнарасынан” қараңдар. 1 қазан, 2005 жыл, 27—32 беттер.
[13-беттегі суреттер]
Ехоба беріп отырған білім — ең жақсы білім
[15-беттегі сурет]
Варух Ехобаның айтқанын тыңдап, Иерусалим жойылғанда, аман қалған. Сен бұдан қандай сабақ аласың?