Біз ‘тамаша жаралғанбыз’
“Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын” (ЗАБУР 138:14).
1. Неге көптеген ойланатын адамдар жердегі жаратылыстарды Құдай жаратты деп ойлайды?
ТАБИҒАТ әлемі керемет жаратылыстарға толы. Олар қалай пайда болды? Кейбіреулер бұл сұрақтың жауабын саналы Жаратушының бар екеніне сенбей-ақ табуға болады деп ойлайды. Басқа біреулер болса Жаратушының көмегінсіз табиғатты толық түсіне алмаймыз деп есептейді. Бұндай адамдар жаратылыстардың күрделі, алуан түрлі және ғажап болғаны сонша, олардың кездейсоқ пайда болуы мүмкін емес деген ойда. Көп адам, оның ішінде кейбір ғалымдар да, дәлелдерге қарап әлемнің дана, құдіретті және мейірімді Жаратушысы бар деген тұжырымға келгенa.
2. Ехобаны мадақтауға Дәуітті не талпындырды?
2 Ежелгі Исраил патшасы Дәуіт Жаратушы керемет нәрселер жаратқаны үшін мадақтауға лайық деп ойлаған. Ол қазіргі ғылым дамыған дәуірден қаншама ғасыр бұрын өмір сүрсе де, айналадағының бәрі Жаратушының жасампаз еңбегінің жемісі екенін түсінген. Оған өз ағзасы жайлы ой жүгірткеннің өзі Құдайдың жарату қабілетіне бас ию үшін жеткілікті болды. Ол: “Тамаша жаралдым, Сені мақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын”,— деп жазған (Забур 138:14).
3, 4. Неге Ехобаның істері жайлы терең ой жүгірткеніміз әрқайсымыз үшін маңызды?
3 Дәуітте мұндай берік сенімділік терең ой жүгіртудің арқасында пайда болды. Бүгінде сенімге нұқсан келтіретін теориялар мектептерде оқытылады, сондай-ақ ақпарат құралдары арқылы да жиі беріледі. Егер Дәуіттікіндей сенімге ие болғымыз келсе, бізге де терең ой жүгірту керек. Біз сенімімізге, әсіресе Жаратушының бар екені мен оның рөліне қатысты түсінігімізге, басқалардың ойының әсер етуіне жол бере алмаймыз.
4 Сондай-ақ істері жайлы ой жүгірткеніміздің арқасында Ехобаға деген ризашылығымыз артып, болашаққа қатысты уәдесін орындайтынына сенімді боламыз. Ал бұл, өз кезегінде, оны жақынырақ тануға және оған қызмет етуге талпындырады. Ендеше, қазіргі ғылым Дәуіттің “тамаша жаралдым” деген сөздерін қалай растайтынын қарастырайық.
Тәніміздің керемет түрде дамып-жетілуі
5, 6. а) Бәріміздің өміріміз неден басталды? ә) Бүйректің қызметі қандай?
5 “Сен іш құрылысымды [“бүйректерімді”, ЖД] қалыптастырдың, Ана құрсағында мені жараттың” (Забур 138:13). Барлығымыздың да өміріміз анамыздың құрсағында көлемі осы сөйлемнің соңындағы нүктеден де кішкентай бір жасушадан басталды. Көзге көрінбейтін бұл жасушаның құрылысы өте күрделі, оны тіпті құртақандай фабрика деуге болады! Ол жылдам өсіп-жетіліп отырды. Анаңның құрсағында пайда болғаныңа екі ай болғанда, ағзаңның негізгі мүшелері, мысалы бүйректерің, қалыптасып қойды. Туылған кезіңде бүйректерің қанды сүзіп, ондағы улы заттар мен судың артық мөлшерін шығарып тастап, пайдалы заттарды алып қалуға дайын еді. Екі бүйрек сау болса, ересек адамдағы 5 литрге жуық қанды әр 45 минут сайын сүзіп отырады. Қандай ғажап!
6 Сондай-ақ екі бүйрек қан қысымын және оның құрамындағы минералды заттар мен қышқылдықтың қалыпты деңгейде болуын қадағалауға көмектеседі. Олардың басқа да көптеген маңызды қызметтері бар. Мысалы, Д дәруменін оның белсенді түріне айналдырады, ал ол сүйектің дұрыс дамуына, сондай-ақ сүйекте қанның қызыл жасушаларын түзуге ықпал ететін эритропоэтин гармонын жасауға қажет. Сондықтан бүйректің “ағзадағы басты фармацевт” деп аталғаны таңғалдырмайдыb.
7, 8. а) Құрсақтағы нәрестенің алғашқы даму кезеңін сипаттап беріңдер. ә) Неге дамып келе жатқан нәресте “құпия жерде” деуге болады?
7 “Мен ана құрсағында қалыптасып, Құпия жерде жатқанда жаралып Таса болмады Сенен сүйектерім” (Забур 138:15). Алғашқы жасуша бөлініп, пайда болған жаңа жасушалар да өз кезегінде бөлініп отырды. Көп ұзамай олар жүйке, бұлшық ет, тері және тағы басқа жасушаларға айнала бастады. Біртектес жасушалар бірігіп тіндер түзді де, кейін мүшелерге айналды. Мысалы, құрсақта пайда болғаннан кейінгі үшінші аптада сүйектік жүйе дамыды. Ал жетінші аптада, бойың небары 2,5 см-дей болғанда, барлық 206 сүйегіңнің әлі қатаймаған бастапқы түрі қалыптасып үлгерді.
8 Бұл керемет даму процесі анаңның құрсағында, адам көзінен таса “құпия жерде”, жүрді. Шынында да, адамның қалай дамып-жетілетіні жайлы әлі көп нәрсе белгісіз. Айталық, жасушаны басқа түрге айналдыру процесін бастауға генге не түрткі болады? Ғалымдар мұның жауабын бір күні табар, алайда Дәуіттің келесі сөздерінен көрінетіндей, Жаратушымыз Ехоба о бастан-ақ бәрін білген.
9, 10. Қалайша ұрықтың дамуы Құдайдың ‘кітабында жазулы’ болған?
9 “Ұрық күйімде маған көз тастадың, Сен маған бұйырған күндердің бірі Әлі де тумас бұрын, олардың бәрі [“ұрықтың бөліктерінің бәрі”, ЖД] Кітабыңда жазулы тұрған еді” (Забур 138:16). Ең алғашқы жасушада сенің бүкіл ағзаңның даму жоспары түгелдей жазулы болған. Сен ана құрсағында тоғыз ай бойы жатқанда да, туылғаннан кейін жиырмадан астам жыл бойы да осы жоспар бойынша өсіп-жетілдің. Сол уақыт аралығында ағзаң көптеген даму кезеңінен өтіп, олардың бәрі алғашқы жасушада жазылып қойған мәлімет бойынша жүзеге асып отырды.
10 Кезінде Дәуіт жасуша мен геннің не екенін білмеген, ол кезде микроскоп та болмаған. Алайда ол өз ағзасының алдын ала жазылған жоспар бойынша дамығанын дұрыс түсінген. Дәуіт құрсақтағы ұрықтың қалай дамитыны жайлы аздап білсе керек, сондықтан ол әр кезең алдын ала жасалған жоба мен уақыт кестесіне сай өту керек деген тұжырым жасай алған. Бұны ол Құдайдың ‘кітабында жазулы тұр’ деп бейнелі тілмен сипаттаған.
11. Бойымыздағы ерекшеліктер қалай пайда болды?
11 Бүгінде белгілі жайт, ата-анаң мен ата-бабаңнан берілген ерекшеліктерің, мысалы бойың, бет әлпетің, көзің мен шашыңның түсі және басқа да ерекшеліктерің, гендеріңде жазылып қойған. Сенің әрбір жасушаңда он мыңдаған ген бар, ал әрбір ген ДНҚ-ның (дезоксирибонуклеин қышқылы) ұзын тізбегінің бір бөлігі болып табылады. Ағзаңның құрылыс жобасы өзіңнің ДНҚ-ның химиялық құрылымында “жазулы”. Жасушалар жаңаларын түзу не ескісінің орнын алмастыру үшін бөлінген кезде, жаңа жасушаға ДНҚ-дағы мәліметтер көшіріліп отырады, осының арқасында өмір сүресің әрі келбетіңнің ерекшеліктері сақталады. Бұл көктегі Жаратушының құдіреті мен даналығын паш ететін зор мысал емес пе?!
Бірегей миымыз
12. Адамды жан-жануарлардан не нәрсе ерекшелендіреді?
12 “Сенің ойларың маған тым жоғары, Уа, Құдай, қанша көп олардың саны! Санап шықсам барлық ойларыңды, Құм қиыршықтарынан көп болады!” (Забур 138:17, 18а) Жан-жануарлар да тамаша жаралған, тіпті кейбірінің белгілі бір сезім мүшелері мен қабілеттері адамдікінен де жақсы дамыған. Алайда Құдай адамға ешбір жануарда жоқ ақыл-ой берген. Бір ғылыми оқулықта былай делінген: “Ұқсас жерлеріміз көп болғанымен, біз сөйлеу және ойлау қабілетіміздің арқасында жер бетіндегі басқа тіршілік атаулының ішінде бірегейіміз. Сондай-ақ өзіміз жайлы білуге әуес болуымызбен де бірегейміз. Мысалы, бізді “Ағзам қалай жұмыс істейді? Қалай жаралдым?” деген сұрақтар қызықтырады”. Дәуітті те осындай сұрақтар ойландырған.
13. а) Дәуіт қалай Құдайдың ойлары жайлы толғана алды? ә) Біз Дәуітке қалай еліктей аламыз?
13 Жануарлардан басты ерекшелігіміз — біз Құдайдың ойлары жайлы толғана аламызc. Бұл ерекше дарын — ‘Құдайға рухани жағынан ұқсас’ екеніміздің бір көрінісі (Жаратылыс 1:27). Дәуіт бұл сыйды жақсы қолдана білген. Ол Құдайдың бар екенінің дәлелдері мен оның қоршаған ортадан байқалатын қасиеттері жайлы ойланған. Сондай оның қолында Құдай жайлы және оның істері жайлы жазылған Киелі жазбалардың алғашқы кітаптары болған. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған бұл жазбалар Дәуітке Құдайдың болмысын, ойлары мен ниетін түсінуге көмектесті. Жазбалар, жаратылыс және Құдаймен қарым-қатынасы жайлы ойланғаны Дәуітті Жаратушыны мадақтауға талпындырды.
Сенім деген не?
14. Неге Құдайға сену үшін ол туралы бәрін білу қажет емес?
14 Дәуіт жаратылыстар мен Жазбалар жайлы ойланған сайын, Құдайдың білімі мен қабілетін толық түсіне алмайтынын ұға түскен (Забур 138:6). Біз жайлы да солай деуге болады. Біз ешқашан Құдай жаратылыстарының қыр-сырын аяғына дейін түсінбейміз (Екклесиаст 3:11; 8:17). Алайда Құдай Жазбалар мен табиғат арқылы шындықты іздеген кез-келген дәуірдегі адамдарға дәлелдерге негізделген сенімге ие болу үшін жеткілікті білім берген (Римдіктерге 1:19, 20; Еврейлерге 11:1, 3, сілтеме).
15. Сенім мен Құдаймен қарым-қатынасымыздың арасындағы байланысты мысалмен түсіндіріңдер.
15 Сенімге өмір мен әлемнің саналы Бастауы бар екенін мойындаудан да көп нәрсе кіреді. Оған Ехоба Құдайға тұлға ретінде — өзі туралы білім алып, өзімен жақсы қарым-қатынаста болғанымызды қалайтын тұлға ретінде — сенім арту жатады (Жақып 4:8). Мысалы, өзіңді сүйетін әкеңе сенім арту жайлы ойланып көрейікші. Егер әлдекім қиындыққа кезіккенде әкеңнің саған шынымен де көмектесетініне күмән келтірсе, оның сенім артуға тұратын кісі екенін дәлелдей алмауың мүмкін. Алайда әкеңнің қамқор екеніне талай көзің жеткен болса, оның қол ұшын беруден ешқашан тартынбайтынына сенімді боласың. Сол сияқты Жазбаларды зерттеу, жаратылыстар жайлы ойлану және дұғаларымызға жауап бергенін көру арқылы Ехобаны жақсы танығанымыз оған сенім артуға талпындырады. Сондай-ақ бұл бізді ол туралы көбірек білуге және оны риясыз сүйіп, адал болғандықтан мәңгі-бақи дәріптеуге талпындырады. Бұл — алдымызға қоюға тұрарлық ең зор мақсат (Ефестіктерге 5:1, 2).
Жаратушымыздың басшылығын іздейік!
16. Дәуіттің Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болғанынан не нәрсеге үйрене аламыз?
16 “Уа, Құдай жүрегімді тексере гөр, Мазалаған ойларымды біле гөр, Қауіпті жолдамын ба, сынап шығып, Мәңгі өмірдің жолымен жүргізе гөр!” (Забур 138:23, 24) Дәуіт Ехобаның өзін жақсы білетінін — ойлары, сөздері мен істерінің бәрі Жаратушыға аян екенін — түсінген (Забур 138:1—12; Еврейлерге 4:13). Сондықтан ол өзін сүйікті әке-шешесінің қолындағы жас сәбидей қауіпсіз сезінген. Ол Ехобамен тығыз қарым-қатынасын бағалаған әрі оны Құдайдың істері жайлы терең ой жүгіртіп, дұға ету арқылы сақтап қалуға барынша тырысқан. Дәуіттің жазған жырларының көбісі, соның ішінде 138-жыр, негізінде, әнге салып айтатын дұғалар. Ой жүгірту мен дұға ету бізге де Ехобаға жақындауға көмектеседі.
17. а) Неге Дәуіт Ехобадан жүрегін тексеруді сұраған? ә) Ерік бостандығын дұрыс не бұрыс қолданғанымыз өмірімізге қалай әсер етеді?
17 Құдайға ұқсас етіп жаратылғандықтан, бізге ерік бостандығы берілген. Сондықтан жақсылық не жамандық істеуді өзіміз шешеміз. Алайда бұндай еркіндікпен бірге жауапкершілік те жүктеледі. Дәуіт зұлымдардың қатарында болғысы келмеген (Забур 138:19—22). Ол үлкен қателіктер жасап қоюдан аулақ болғысы келген. Сондықтан Ехобаның зор білімі жайлы ой жүгірте отырып, Дәуіт Құдайдан ішкі жан-дүниесін тексеріп, мәңгі өмірге апаратын жолмен жүргізуді кішіпейілділікпен сұраған. Құдайдың әділ құлықтылық нормалары барлық адамға қатысты, сондықтан біз дұрыс шешімдер қабылдауымыз керек. Ехоба бәрімізді өзіне мойынсұнуға шақырады. Осылай етсек, оған ұнамды боламыз әрі бұның көп пайдасын көреміз (Жохан 12:50; Тімотеге 1-хат 4:8). Күн сайын Ехобамен бірге жүргеніміз, тіпті үлкен қиындықтарға кезіксек те, жан тыныштығын сақтауға көмектеседі (Філіпіліктерге 4:6, 7).
Керемет Жаратушымызға құлақ асайық
18. Дәуіт жаратылыс жайлы ой жүгіртіп, қандай тұжырымға келді?
18 Дәуіт жас кезінде көбінесе далада қой бағып жүретін. Жайылып жүрген қойлар төмен қараса, ол аспанға көз тастайтын. Қараңғы түскенде, Дәуіт ғажайып ғалам жайлы және оның мәні жайлы ой жүгіртетін. Ол былай деп жазды: “Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Ауа кеңістігі де көрсетеді. Осыларды күн сайын жариялап, Түнде де бұл білімді мәлімдейді” (Забур 18:2, 3). Дәуіт барлық нәрсені тамаша етіп жаратқан Тұлғаны іздеп, оған құлақ асу керектігін түсінген. Біз де осылай етуіміз керек.
19. ‘Тамаша жаралғанын’ түсінгені жастар мен кәрілерге қандай пайда әкеледі?
19 Дәуіт Сүлейменнің кейінірек жастарға берген мынадай кеңесін өз үлгісімен көрсеткен: “Өз Жаратушыңды жасөспірім кезеңінен есіңде ұста... Құдайдан қорық және Оның шарттарын сақта, өйткені адам баласына қажеттілердің баршасы осының ішінде” (Екклесиаст 12:1, 13). Дәуіт жас кезінде-ақ өзінің ‘тамаша жаралғанын’ түсінген. Осы түсінігіне сай әрекет еткенінің арқасында ол өмір бойы зор баталарға кенелген болатын. Барлығымыз, кәрі-жасымыз да, Ұлы Жаратушымызға қызмет етіп, оны мадақтайтын болсақ, бүгінгі және болашақ өміріміз қуанышқа толы болады. Ехобамен жақын қарым-қатынасы бар және оның әділ жолдарымен жүретін адамдарға Киелі кітапта мынадай уәде берілген: ‘Олар қартайғанында да жемісті, шырынды және жас, Жаратқан Иенің ақ-әділ екендігін айтып жар салады’ (Забур 91:15, 16). Сонымен қатар біз Жаратушымыздың тамаша істерінің рақатын мәңгі-бақи көруге үміттене аламыз.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған 2004 жылдың “Ояныңдар!” журналының 22 маусымдағы (ор.) санын қараңдар.
b 1997 жылдың 8 тамызындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналының “Бүйрек — өмірлік маңызы бар сүзгіш” атты мақаласын да қараңдар.
c Забур 138:18ә-дағы сөздер Дәуіт Ехобаның ойларын күні бойы түнгі ұйқыға кеткенше санағанмен, таңертең оянғанда бәрібір санауға өте көп ой қалады дегенді білдірсе керек.
Қалай түсіндірер едіңдер?
• Ұрықтың дамуы ‘тамаша жаралғанымызды’ қалай көрсетеді?
• Неге Ехобаның ойлары жайлы толғануымыз керек?
• Сенім мен Құдаймен қарым-қатынасымыздың арасында қандай байланыс бар?
[9-беттегі суреттер]
Құрсақтағы нәресте алдын ала белгіленген жоспар бойынша дамып-жетіледі
ДНҚ
[Түпдерек]
Unborn fetus: Lennart Nilsson
[10-беттегі сурет]
Өзін сүйетін әкесіне сенім артатын бала іспетті біз де Ехобаға сенімдіміз
[11-беттегі сурет]
Дәуіттің Ехобаның істері жайлы ой жүгірткені оны мадақтауға талпындырған