9-Тарау
Өмірден өткен сүйіктілермен не болады?
1. Адамдар жақындарынан айырылғанда қандай сезімде болады?
“СҮЙІКТІ адамың өмірден өткенде ауыр қайғыға батасың, өйткені оның болмыста жоқ болуы тіпті ақылға сыймайды”. Бұл сөздерді әкесінен соң анасы мезгілсіз қаза болған жігіт айтты. Ол күйзеліп, терең қайғыға батқаны соншалық, өзін қоярға орын таппады. Мүмкін, сен де осындай сезімдерді басыңнан кешірген боларсың. Сүйікті жақындарым қазір қайда, оларды бір кезде қайта көрем бе деп, өзіңнен сұраған да шығарсың.
2. Өлімге байланысты қандай түсініксіз сұрақтар туады?
2 Балаларын жоқтаған кейбір ата-аналар: “Құдай аспанға ең тамаша гүлдерді өзіне жинайды”,— деген жауап естиді. Расында да, солай ма? Біздің өмірден өткен сүйіктілеріміз рухани дүниеге мәңгіге кете ме? Кейбіреулер рақатқа бөленетін әрі қайғы мен барлық ынтызарлықтан босанатын нирвана деп атайтын орын осы ма? Сүйікті адамдарымыз жұмақтағы мәңгілік өмірдің табалдырығын аттады ма? Болмаса, басқалардың растауынша, Құдайға қарсы күнә жасағандар үшін өлім шексіз азаптың босағасы ма? Өлілер біздің өмірімізге әсер ете ала ма? Бұл сұрақтарға дұрыс жауап алу үшін Құдай Сөзі Киелі кітапқа жүгінуіміз керек.
АДАМНЫҢ “РУХЫ” ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
3. Сократ пен Платон өлілер туралы қандай пікірде болды, бүгінде адамдарға бұл қалай әсер етуде?
3 Ертедегі грек пәлсапашылары Сократ пен Платон адамдарда қандай да бір нәрсе, яғни тән өлген соң да өмір сүре беретін өлмейтін жан бар екендігіне сенген. Бүгінде де дүние жүзіндегі миллиондаған адамдар осыған сенеді. Мұндай көзқарас көбінесе өлілер үшін қам жеу мен өлілер алдында қорқыныш тудырады. Бірақ Киелі кітап бізді өлілер жайында мүлдем басқа нәрсеге үйретеді.
4. а) Жаратылыс кітабында жан туралы не айтылады? ә) Адамды тірілту үшін Құдай оған не берді?
4 Өлілердің қандай күйде екенін түсінгіміз келсе, алғашқы әкеміз Адамның жаны болмағандығын есте сақтауымыз керек. Ол өзі жан болған. Құдай керемет түрде топырақтың негізгі құрамынан адамды — жанды — жаратып, оған “тіршіліктің лебін” үрледі. Жаратылыс 2:7-де былай делінеді: “Сонда Құдай Ие жердегі топырақтан адамды жасап, оның мұрнына тіршіліктің лебін үрледі. Адам осылай тірі жан болып шыға келді”. Адамның өмірі тыныс алумен қуатталып тұрды. Бірақ Құдайдың Адамға берген тіршілік лебі оның өкпесіндегі жай ғана ауа айналымынан анағұрлым күрделірек нәрсені білдіретін. Киелі кітап жер бетіндегі тірі жандардағы “тіршілік күші” туралы айтады (Жаратылыс 7:22, ЖД).
5, 6. а) “Тіршілік күші” деген не? ә) Забур 145:4-ке сәйкес тәннен жан шыққан соң не болады?
5 “Тіршілік күші” дегеніміз не? Бұл — Құдайдың Адамның өлі тәніне салған өмір ұшқыны. Ал тыныс осы күшті қуаттап тұрды. Олай болса, Забур 145:4-гі “рух” деген сөз неге қатысты? Бұл жырда былай делінеді: “Оның рухы шығады, ол өзінің жеріне қайта оралады; сол күні оның барлық ойлары ғайып болады”. Киелі кітап жазушылары “рух” сөзін қолдануларымен, тән өлгеннен кейін өмір сүруін жалғастыра беретін көзге көрінбейтін жан туралы айтпаған.
6 Адам өлгенде шығатын “рух” — Жаратушыдан бастама алатын тіршілік күші (Забур 35:10; Елшілердің істері 17:28). Жабдықтың жұмысын қамтамасыз ететін электр қуаты оның қасиетіне қалай ие бола алмаса, адамның өмірін қуаттап тұрған тіршілік күші де оның ерекшеліктеріне ие бола алмайды. Адам өлгенде, рух (тіршілік күші) оның тәніндегі клеткаларды қуаттауды тоқтатады; бұл электр қуатын үзгендегі жарықтың сөнуіне ұқсайды. Тіршілік күші адам тәнін қуаттауды тоқтатқан кезде, адам, яғни жан, өледі (Забур 103:29; Екклесиаст 12:1, 7).
“ҚАЙТАДАН ТОПЫРАҚҚА АЙНАЛАСЫҢ”
7. Құдайға бойсұнбаған жағдайда Адамды не күтіп тұрды?
7 Ехоба күнә жасаған Адамға өлімнің не екендігін анық түсіндірді. Құдай былай деді: “Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіргенше, жейтін наныңды маңдай теріңді төгіп жүріп табатын боласың. Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың” (Жаратылыс 3:19). Адам қайда қайта оралу керек болды? Өзі жаратылған жерге, яғни топыраққа. Адам өлген кезде, ол жай өзінің тіршілік етуін тоқтатты!
8. Қай жағынан адамдардың жануарлардан айырмашылығы жоқ?
8 Бұл жағынан адам өлімінің жануарлар өлімінен айырмашылығы жоқ. Жануарлардың да жаны бар, олардың өмірі де дәл сол рухпен, яғни тіршілік күшімен қуатталады (Жаратылыс 1:24). Екклесиаст кітабының 3:19, 20-да дана Сүлеймен былай деген: “Олар қалай өлсе, бұларда солай өледі, бәрінде бір тыныс [“рух”, ЖД] адамның малдан [өлгенде] артықшылығы жоқ... Барлығы топырақтан жаратылған және барлығы топыраққа айналады”. Адамның жануарлардан артықшылығы олардың Құдайға ұқсас болып жаратылуында, әрі олар Ехобаның қасиеттерін таныта алады (Жаратылыс 1:26, 27). Бірақ өлгенде адамдар да, жануарлар да топыраққа айналады.
9. Өлілер қандай күйде болады және олар қайда барады?
9 Сүлеймен өлім туралы тағы да түсіндіре келіп: “Тірілер өлетінін біледі, ал өлілер ештеңе білмейді”,— деді. Иә, өлілер ештеңе білмейді. Сондықтан Сүлеймен мынандай кеңес берді: “Істемек болған әр ісіңді қолыңнан келгенше, бар күшіңмен істе, өйткені сен баратын молада [евр. шео́л] іс те, ой шолу да, білім де, даналық та жоқ” (Екклесиаст 9:5, 10). Өлілер қайда барады екен? Адамзаттың моласы шеолға. Біздің өмірден өткен сүйіктілеріміз ештеңе білмейді. Олар азап шегіп жатқан жоқ және бізге ешқандай әсерін тигізе алмайды.
10. Неге өлім біз үшін өмірдің соңы емес деп айта аламыз?
10 Сонда біз де, өмірден өткен сүйіктілеріміз де, аз ғана жыл өмір сүріп, сосын мәңгіге өмірден өтуіміз керек пе? Киелі кітапқа сәйкес олай емес. Адам күнәкар болысымен-ақ, Ехоба Құдай адамзат күнәсінің ауыр зардаптарын жоюға қамданды. Құдай адамзат өлімін мүлдем қалаған емес (Езекиел 33:11; Петірдің 2-хаты 3:9). Демек, өлім біз үшін де, біздің өмірден өткен сүйіктілеріміз үшін де өмірдің соңын білдірмейді.
“ҰЙЫҚТАП ЖАТЫР”
11. Иса қаза болған досы Елазардың күйін қалай суреттеді?
11 Ехобаның бізді де, біздің жақындарымызды да Адамның кесірінен пайда болған өлімнен құтқару ниеті бар. Сондықтан Құдай Сөзі өлілер жайында айтқанда, оларды ұйықтап жатқандарға теңеп айтады. Мысалы, Иса Мәсіх досы Елазардың өлгенін білген соң, өзінің шәкірттеріне: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр. Мен барып, оны оятайын”,— деді. Шәкірттері оның сөздерін бірден түсінбегендіктен, Иса: “Елазар өлді”,— деп турасын айтты (Жохан 11:11, 14). Сосын Иса Елазардың әпкелері Марта мен Мәриямның бауырларын жоқтап отырған Бетания ауылына бет алды. Иса Мартаға: “Бауырың қайта тіріледі”,— дегенде, Марта адамзат отбасына өлім әкелген залалдың орнын Құдайдың қайта толтыратындығына сенімділік білдіріп, былай деді: “Ақырғы күнгі қайта тірілуде, оның да тірілетінін білемін” (Жохан 11:23, 24).
12. Мартаның өлілерге қатысты қандай үміті болды?
12 Марта өлімнен кейін тіршілігін жалғастыра беретін өлмейтін жанның бар екені туралы ештеңе айтқан жоқ. Ол Елазар өмірін рухани дүниеде жалғастырып жатыр дегенге де сенген жоқ. Марта өлімнен қайта тірілу үмітіне сенім артты. Ол Елазардың тәнінен ешқандай өлмейтін жан бөлініп шықпағанын, өлген бауырының жай ғана тіршілік етуін тоқтатқанын білді. Оның бауырына көмек берер жалғыз амал қайта тірілу ғана еді.
13. Иса Құдайдан қандай күш алған және ол күшті қалай қолданған?
13 Ехоба Құдай адамзатты құтқару үшін Иса Мәсіхке күш берді (Ошия 13:14). Сондықтан Мартаның сөзіне жауап қатқанда, Иса: “Қайта тірілу мен шынайы өмір — Менмін. Маған сенетін адам өлсе де, шынайы өмір сүретін болады”,— деді (Жохан 11:25). Иса қаза болғанына төрт күн болып қалған Елазардың қабіріне жақындап, оны өмірге қайта тірілтуімен Құдайдың өзіне берген күшін паш етті (Жохан 11:38—44). Иса Мәсіхтің осы және бұдан басқа да адамдарды қайта тірілткендігінің куәсі болғандар қалай қуанды десеңші! (Марқа 5:35—42; Лұқа 7:12—16).
14. Неге қайта тірілу мен өлмейтін жан туралы түсінік бір-біріне қайшы ұғымдар?
14 Ойлап қарашы, егер қандай да бір өлмес жан өлімнен кейін тіршілік ете беретін болса, онда ешкімді де қайта тірілтудің қажеті болмас еді. Егер олар көктегі ғажап сыйды алып қойған болса, Елазар сияқты адамдарды кемелсіз өмірге қайта тірілту тіпті әділетсіздік болады ғой. Негізінде, Киелі кітапта бірде-бір рет “өлмейтін жан” деген сөз қолданылмаған. Керісінше, Жазбаларда күнә жасаушы адамның жаны өледі деп айтылған (Езекиел 18:4, 20). Сондықтан Киелі кітап өлімнен құтылудың жалғыз амалы ретінде қайта тірілуге нұсқап отыр.
“ҚАБІРДЕГІЛЕРДІҢ БӘРІ”
15. а) “Қайта тірілу” деген сөз нені білдіреді? ә) Неліктен Ехоба Құдайға адамдарды қайта тірілту қиын емес?
15 Исаның шәкірттері қолданған “қайта тірілу” деп аударылатын сөздің дәл мағынасы “түрегелу” немесе “көтерілу” дегенді білдіреді. Қайта тірілу өлімнен, яғни жансыз күйінен тұруды немесе адамзаттың моласынан көтерілуді білдіреді. Ехоба Құдай үшін адамды қайта тірілтудің еш қиындығы жоқ. Неге? Өйткені Ехоба — өмірдің Бастауы. Бүгінгі күні адамдар ерлер мен әйелдердің дауыстары және бейнелерін бейнетаспаға жазып алып, олар өмірден өткен соң бұл жазбаларды қайта көре алады. Сол сияқты біздің құдіретті Жаратушымыз да әрбір адамның ерекшеліктерін жадында сақтап, оған жаңа тән бере отырып, бұрын ол қандай болған болса, сондай етіп қайта тірілтеді.
16. а) Иса барлық қабірдегілерге қатысты қандай уәде берді? ә) Адамның не үшін қайта тірілгенін қандай әрекеті шешеді?
16 Иса Мәсіх былай деді: “Бұған таңданбаңдар, өйткені қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады. Сонда өлгендер қабірден шығады: жақсылық жасағандары өмір сүру үшін, ал жамандық жасағандары сотталу үшін тіріледі” (Жохан 5:28, 29). Ехобаның жадындағылардың барлығы қайта тіріліп, оның жолдарына үйренеді. Құдай туралы алған біліміне сай әрекет ететіндер өмір сүру үшін қайта тірілген болады. Ал Құдайдың ілімдері мен билігін қабыл алмағандар сотталу үшін қайта тірілген болады.
17. Кімдер қайта тіріледі?
17 Әлбетте, Ехобаға қызмет етіп, әділ өмір сүруге тырысқандар қайта тіріледі. Қайта тірілу үміті көп адамдарды аса қатты қуғын кезіндегі өлім алдында да нығайтты. Олар Құдай өздерін өмірге қайта әкеле алатынын білді (Матай 10:28). Бірақ миллиондаған адамдар Құдайдың әділетті нормаларына өздерінің ниеттерін білдіре алмай өмірден өтті. Олар да қайта тіріледі. Елші Пауыл бұған толық сенімді болып, Құдайдың ‘сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтетініне’ үміт артатынын айтқан (Елшілердің істері 24:15).
18. а) Елші Жохан қайта тірілу туралы қандай аян көрді? ә) “Тозақ отында” не жойылады және бұл нені бейнелейді?
18 Елші Жохан ғажап аянында Құдай тағының алдында қайта тірілген адамдардың тұрғанын көрді. Жохан былай деп жазды: “Теңізде қаза тапқандар да, жалпы ажалға ұшырап, о дүниеге [грек. гадес] аттанғандардың бәрі де қайта тіріліп, іс-әрекеттері бойынша сотталды. Бұдан кейін ажал мен о дүние тозақ отына лақтырылды. Тозақ оты “екінші өлім” деп те аталады” (Аян 20:12—14). Ойлап қарашы! Құдайдың жадындағы барлық өлілер адамзаттың моласы “гадес” немесе “шеолдан” босатылуға үміттері бар (Забур 15:10; Елшілердің істері 2:31). Олардың Құдайға қызмет етуді қалайтындықтарын паш етуге мүмкіндіктері болады. Содан соң ‘ажал мен о дүние’ “тозақ отына” тасталады, бұл толық жойылуды білдіреді. Қайта тірілу толығымен аяқталғаннан кейін адамзаттың моласы қаңырап бос қалады да, енді қайтып мола атаулы болмайды. Киелі кітаптан Құдайдың ешкімді азаптамайтынын білу қаншалықты жұбанышты десеңші! (Еремия 7:30, 31).
ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДЕР ҚАЙДА ӨМІР СҮРЕДІ?
19. Неге кейбір адамдар көктегі өмірге тіріледі және Құдай оларға қандай дене береді?
19 Саны шектеулі ғана ерлер мен әйелдер аспанда өмір сүру үшін қайта тіріледі. Олар Исамен бірге патшалар мен дін қызметшілері ретінде адамдардың Адам атадан мұра еткен өлімнің зардаптарын жоюға атсалысады (Римдіктерге 5:12; Аян 5:9, 10). Мәсіхпен бірге көкте билік етуге Құдай қанша адам алады? Киелі кітапқа сәйкес тек 144000 ғана (Аян 7:4; 14:1). Аспанда өмір сүре алулары үшін Ехоба олардың әрқайсысына рухани тән береді (Қорынттықтарға 1-хат 15:35, 38, 42—45; Петірдің 1-хаты 3:18).
20. Тіл алғыш адамзатты және қайта тірілетіндерді не күтіп тұр?
20 Өлілердің басым көпшілігі жұмақ орнаған жерге қайта тіріледі (Забур 36:11, 29; Матай 6:10). Ал кейбіреулердің көкте өмір сүру үшін қайта тірілу себептерінің бірі — Құдайдың жерге қатысты ниетін орындау. Иса Мәсіх пен 144000 онымен бірге билік етушілер бірте-бірте тіл алғыш адамзатты түп атамыз бен анамыз жоғалтқан кемелділікке жетелейді. Сонымен қатар бұның қайта тірілгендерге де қатысты екендігі жанындағы шегеленген, өліп бара жатқан адамға Исаның: “Менімен бірге жұмақта боласың”,— деген сөздерінен де көрінеді (Лұқа 23:42, 43).
21. Ишая пайғамбар мен елші Жоханның айтуынша, өліммен не болады?
21 Жұмақ орнаған жерде бүгінде ауыр қайғы әкеліп отырған өлім жойылады (Римдіктерге 8:19—21). Ишая пайғамбар Ехоба Құдай өзінің қамқорлығын көрсететінін әрі “өлім жеңіліп, жоқ болатынын” айтқан (Ишая 25:8). Елші Жохан тіл алғыш адамзаттың ауру мен өлімнен құтылатын уақыты жайында аян алды. Иә, “Құдайдың Өзі олармен бірге мекендеп, олардың Құдайы болады! Ол барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды” (Аян 21:1—4).
22. Қайта тірілу туралы білім саған қалай әсер етеді?
22 Киелі кітаптың айқын ілімдері өлілер туралы шытырман болжамдарды жояды. Киелі жазбалар “жойылатын соңғы жау — өлім” екенін ашық айтады (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Біз қайта тірілу үмітінен қаншалықты күш пен жұбаныш аламыз! Сондай-ақ Құдайдың жадындағы сүйіктілеріміз өлім ұйқысынан оянып, Құдай өзін сүюшілерге даярлаған нәрселермен масаттанатындығы біз үшін қандай бақыт! (Забур 144:16). Бұл баталар Құдай Патшалығының арқасында жүзеге асады. Бірақ бұл Патшалықтың билігі қашан басталу керек? Кел көрелік.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Адамның рухы деген не?
Өлілердің күйін қалай суреттер едің?
Кім қайта тіріледі?
[85-беттегі сурет]
Исаның сөзі бойынша, Елазардың қабірден шыққанындай, миллиондаған адамдар өлімнен қайта тіріледі
[86-беттегі сурет]
“Өлім жеңіліп, жоқ болған” кезде қуаныштың шегі болмайды