Жохан
11 Сол кезде Бетанияда Елазар есімді бір кісі ауырып жатты. Бұл ауылда оның әпкелері Мәриям мен Марта+ да тұратын. 2 Иеміздің аяғына иісмай жағып, оны шашымен сүрткен осы Мәриям болатын+. Науқастанып жатқан Елазар оның інісі еді. 3 Сонда апалы-сіңлілі екеуі Исаға “Ием, жақсы көретін досыңыз ауырып жатыр” деген хабар жібертті. 4 Иса мұны естігенде: “Бұл аурудың соңы өлімге апармайды, қайта, Құдайға даңқ әкеледі+, әрі сол арқылы Құдай Ұлы даңқталады”,— деді.
5 Иса Мартаны, оның сіңлісі мен Елазарды жақсы көретін. 6 Алайда Елазардың науқастанып жатқанын естігеннен кейін де, болған жерінде тағы екі күн аялдады. 7 Содан кейін шәкірттеріне: “Яһудеяға қайта барайық”,— деді. 8 Олар: “Ұстаз+, яһудилер сізді жақында ғана таспен ұрып өлтірмек болды+ емес пе, сол жаққа тағы барасыз ба?”— деді. 9 Иса былай деп жауап қайырды: “Күндізгі уақыт 12 сағатқа созылмай ма+? Күндіз жүрген адам ештеңеге сүрінбейді, өйткені осы дүниенің жарығын көреді. 10 Ал түнде жүрген адам сүрінеді, себебі оның бағыт берер жарығы жоқ”.
11 Осыны айтты да, артынан: “Досымыз Елазар ұйықтап жатыр+, ал мен оны оятуға барамын”,— деп қосты. 12 Сонда шәкірттері: “Ием, ұйықтап жатса, онда жазылады”,— деді. 13 Иса Елазардың өлгенін айтып тұрған еді, ал олар кәдімгі ұйқыны айтып тұр деп ойлап қалды. 14 Сонда Иса: “Елазар қайтыс болды+”,— деп ашық айтты. 15 Сосын: “Сол жерде болмағаныма қуанамын, өйткені менің не істейтінімді көріп, сенімдерің нығаяды. Ал енді Елазарға барайық”,— деді. 16 Сол кезде Тома (ол Егіз деп те аталатын) басқа шәкірттерге: “Біз де Иемізбен барып, онымен бірге өлейік”+,— деді.
17 Иса келгенде, Елазардың қабірге қойылғанына төрт күн болған еді. 18 Бетания Иерусалимнен үш шақырымдай* жерде болатын. 19 Көптеген яһудилер Мәриям мен Мартаға көңіл айтуға келген еді. 20 Марта Исаның келе жатқанын естіп, алдынан шықты. Мәриям+ болса үйде отыра берді. 21 Марта Исаға былай деді: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді. 22 Бірақ Құдайдан не сұрасаңыз да, беретініне әлі де сенемін”. 23 Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді. 24 Марта: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу+ кезінде тірілетінін білемін”,— деді. 25 Ал Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін+. Маған сенген адам өлсе де, қайта өмір сүреді. 26 Ал тірі жүрген әрі маған сенетін адам ешқашан өлмейді+. Бұған сенесің бе?”— дегенде, 27 Марта: “Иә, Ием. Сіздің дүниеге келуі керек Мәсіх, Құдай Ұлы, екеніңізге сенемін”,— деп жауап қайырды. 28 Осыны айтқан соң, Мәриямға барып, басқаларға білдірмей: “Ұстаз+ осында, сені шақырып жатыр”,— деді. 29 Мәриям мұны ести сала, асығыс тұрып, Исаға кетті.
30 Иса әлі ауылға кірмей, Мартаға кездескен жерде тұрған еді. 31 Мәриямның қасында көңіл айтып отырған яһудилер оның асығыс тұрып, сыртқа шығып кеткенін көргенде, қабірдің+ басына жылағалы кетті деп ойлап, соңынан ере шықты. 32 Мәриям Иса тұрған жерге келді де, оны көре сала, аяғына жығылып: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— деді. 33 Мәриям мен оған ерген яһудилердің жылап жатқанын көргенде, Иса іштей күңіреніп, толқып кетті де: 34 “Оны қайда қойдыңдар?”— деп сұрады. Олар: “Ием, жүріңіз, өзіңіз көріңіз”,— деді. 35 Иса көзіне жас алды+. 36 Сонда яһудилер: “Оны қалай жақсы көргенін қараңдаршы!”— десті. 37 Ал кейбіреулері: “Соқырдың көзін ашқан+ ол оны өлімнен арашалап қала алмағаны ма?”— деді.
38 Иса тағы да іштей күңіреніп, қабірдің басына келді. Ал қабір аузы таспен жабылған үңгір еді. 39 Ол: “Тасты алып тастаңдар”,— дегенде, марқұмның әпкесі Марта: “Ием, иістеніп кеткен шығар, жатқанына төрт күн болды ғой”,— деді. 40 Иса оған: “Егер сенсең, Құдайдың ұлылығын көресің демеп пе едім+?”— деді. 41 Сонда олар тасты алып тастады. Ал Иса көкке қарап+: “Әке, дұғама құлақ салғаныңа рақмет. 42 Дұғамды ылғи еститініңді білемін. Әйтсе де мұны айнала қаумалаған жұрт мені жіберген өзің екеніңе сенсін деп+ айтып тұрмын”,— деді. 43 Осылай деген соң, қатты дауыстап: “Елазар, шық!”— деді+. 44 Сол кезде аяқ-қолы кебінге оралған, ал бет-аузы орамалмен байланған марқұм қабірден шықты! Иса қасындағыларға: “Кебінін шешіңдер, жүре берсін!”— деп тапсырды.
45 Мәриямға келген көп яһуди Исаның жасаған ісін көріп, оған сенді+. 46 Бірақ кейбіреулері парызшылдарға барып, оның не істегенін айтып берді. 47 Сонда жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар Жоғарғы кеңесті* шақыртып: “Не істейміз? Бұл адам көптеген кереметтер жасауда+. 48 Оны осылай қалдырсақ, бәрі оған сенетін болады. Сонда римдіктер келіп, ғибадатханамыз бен халқымызға иелік етіп жүрер”,— деді. 49 Араларындағы біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяпа+, мынаны айтты: “Сендер түк білмейсіңдер ме? 50 Бүкіл халқымыздың құрып кеткенінен гөрі, халық үшін бір кісінің өлгені өздеріңе жақсы екенін түсінбейсіңдер ме?” 51 Ол мұны өз ойынан айтқан жоқ, қайта, сол жылы бас діни қызметкер болғандықтан, Исаның яһудилер үшін өлуі керектігі жөнінде пайғамбарлық еткен еді. 52 Иса яһудилер үшін ғана емес, жан-жаққа тарап кеткен Құдайдың балаларының басын біріктіру үшін де өлу керек болды. 53 Сол күннен бастап олар Исаны өлтіруді ойластырды.
54 Сондықтан Иса бұдан былай яһудилер алдында ашық жүрмей, шөл далаға жақын орналасқан Ефрем+ деген қалаға барып, шәкірттерімен сонда болды. 55 Яһудилердің Құтқарылу мейрамы+ жақындап қалған еді. Мейрам алдында діни тазару рәсімін орындау үшін әртүрлі жерлерден Иерусалимге көп адам келді. 56 Олар Исаны іздеп, ғибадатханада бір-біріне: “Қалай ойлайсыңдар, ол мейрамға келе ме?”— деп жатты. 57 Ал жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар болса кімде-кім Исаның қайда жүргенін білсе, хабар берсін деп бұйырған еді. Осылай оны ұстап алмақ болды.