‘Ол сендерге жақындайды’
“[Құдай] әрқайсымыздан алыс емес” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 17:27).
1, 2. а) Жұлдызды аспанға қарағанда, Жаратушыға қатысты бізде қандай сұрақ тууы мүмкін? ә) Құдайдың көз алдында адамдардың елеусіз емес екендігіне Киелі кітап қалай нандырады?
АШЫҚ түнде жұлдызды аспанға қарап, қатты таңданған кезің болды ма? Сансыз жұлдыздар мен шексіз ғалам кеңістігі ерекше бір қастерлі сезім тудырады. Жер — осы орасан үлкен Әлемнің бір түйіршігі ғана. Бұл ‘бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғарғы’ Жаратушының дәрежесінің биіктігі соншалық, Ол адамдардан тым алыста және оларға тым түсініксіз дегенді білдіре ме? (Забур 82:19).
2 Киелі кітап адамдар Ехобаның көз алдында елеусіз емес екендігіне нандырады. Оның үстіне, Киелі кітапта Құдайдың “әрқайсымыздан алыс емес” екендігі айтылып, оны іздеуге шақырады (Елшілердің істері 17:27; 1 Шежірелер 28:9). Егер шынында да, Құдайға жақындау үшін қадамдар жасайтын болсақ, ол да алдымыздан шығады. Қалай? Тебірентерлік жауапты 2003 жылдың жылдық мәтінінен табамыз: “Ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8). Ехобаның өзіне жақын адамдарға төгіп жатқан ғажайып баталарының кейбіреулерін қарастырып көрейікші.
Ехобаның ерекше сыйы
3. Ехоба өзіне жақын адамдарға қандай сый береді?
3 Біріншіден, Ехобаның қызметшілері оның өз халқына арнаған ерекше сыйына ие. Мұндай сыйды осы заманның ешбір үкіметі, байлығы мен ешқандай да білімі бере алмайды. Бұл — Ехоба өзіне жақын адамдарға ғана беретін ерекше сый. Бұл қандай сый? Құдай Сөзі былай деп жауап береді: “Егер... даналыққа үн қатсаң; егер оны күміс іздегендей іздейтін болсаң және қазынаны [“жасырып қойған қазынаны”, ЖД] іздегендей ізденетін болсаң, Тәңірдің алдындағы қорқынышты жете түсініп, Құдай туралы білімді табасың. Өйткені даналықты Тәңір береді” (Нақыл сөздер 2:3—6). Ойлап көрші: кемелсіз адамдар “Құдай туралы білімді” таба алады! Бұл сый — Құдай Сөзіндегі білім — “жасырып қойған қазынамен” тең. Неге?
4, 5. Неліктен “Құдай туралы білім” “жасырып қойған қазынаға” тең? Мысалмен түсіндіріңдер.
4 Ең алдымен, Құдай туралы білім өте құнды. Оның әкелетін ең үлкен баталарының бірі — болашақта мәңгілік өмір сүру үміті (Жохан 17:3). Бұл білім қазірдің өзінде өмірімізді байытады. Мысалы, Құдай Сөзін мұқият зерттеудің арқасында келесі маңызды сұрақтардың жауабын таптық: Құдайдың есімі кім? (Забур 82:19, ЖД). Шын мәнінде өлген адамдар қандай күйде? (Екклесиаст 9:5, 10). Құдайдың жерге және адамзатқа қатысты ниеті қандай? (Ишая 45:18). Оның үстіне, өмір сүрудің керемет жолын таптық. Бұл — Киелі кітаптың дана кеңестеріне құлақ асу (Ишая 30:20, 21; 48:17, 18). Осылайша біздің қолымызда күнделікті күйбең тіршілігімізде ақыл беретін, сонымен қатар өміріміздің бақытты әрі қанағаттанарлықтай болуына көмектесетін сенімді басшылық бар. Ең бастысы, Киелі кітапты зерттеу Ехобаның керемет қасиеттерімен танысып, оған жақындауымызға мүмкіндік берді. “Құдай туралы білімге” негізделген, Ехобамен тығыз қарым-қатынастан артық құнды нәрсе бар ма?
5 Құдай туралы білімді “жасырып қойған қазынамен” теңестірудің тағы бір себебі бар. Кез келген қазына сияқты, бұл білім де осы дүниеде сирек кездеседі. Жер бетінің алты миллиард тұрғындарының шамамен алты миллионы Ехобаға ғибадат етеді, яғни “Құдай туралы білімді” мыңның біреуі ғана тапқан. Осы қазынаның — Құдай Сөзіндегі шындық туралы білімнің — қаншалықты сирек кездесетінін көрсету үшін, Киелі кітапқа негізделген бір ғана сұрақты қарастырып көрейік: өлгеннен кейін адаммен не болады? Жазбалардан жанның өлетінін, өлгендердің ештеңені білмейтіндігін білеміз (Езекиел 18:4). Ал осы дүниенің көптеген діндері өлгеннен соң адамның ішіндегі бір нәрсе өмір сүруін жалғастырады деген жалған көзқараста. Бұл — христиан әлемінің негізгі ілімдерінің бірі. Мұндай ілім буддизмде, даосизм, джайнизм, ислам, иудаизм және сикхизмде де орын алған. Ойлап көріңдерші: миллиардтаған адамдар жалған ілімге алданып қалған.
6, 7. а) “Құдай туралы білімді” тек кімдер таба алады? ә) Көптеген “данышпандар мен білгіштер” елемейтін рухани шындықтарға қол жеткізуімізге бізге Ехоба мүмкіндік беріп отырғанын қандай мысалдың көмегімен көрсетуге болады?
6 Неге “Құдай туралы білімді” тапқандардың саны сонша аз? Себебі Құдай Сөзінің мәнісін Ехобаның өзінің көмегінсіз түсіну мүмкін емес. Бұл білімнің сый екенін есімізге түсірейікші. Ехоба оны өз Сөзін адал әрі кішіпейілділікпен зерттеуге дайын адамдарға ғана береді. Мұндай адамдар “табиғи тұрғыдан қарағанда... даналар” болмауы да мүмкін (1 Қорынттықтарға 1:26). Олардың көпшілігі, осы дүниенің көзқарасы бойынша, “арнайы... даярлықтан өтпеген қарапайым” адамдар (Елшілердің істері 4:13). Бірақ бұл маңызды емес. Ехоба өзі туралы білімді жүрегімізден тапқан қасиеттеріміз үшін тарту етеді.
7 Мынадай мысал: Христиан әлемінің көптеген діндарлары Киелі кітапқа қатысты кең ауқымды түсіндірмелер құрастырған. Олардың анықтамалықтарында Киелі кітаптағы оқиғалардың тарихи көрінісі айтылып, көне еврей және грек сөздерінің мағынасы және де басқа нәрселер түсіндіріледі. Осы мәліметтерді жинағандарымен, олар “Құдай туралы білімді” тапты ма? Олар Киелі кітаптың негізгі тақырыбы — Ехобаның көктегі Патшалық арқылы өзінің бүкіләлемдік билігін ақтауы екенін түсіне ме? Сондай-ақ Ехоба Құдай Үшбірліктің бір бөлігі емес екенін біле ме? Ал біз болсақ, бұл сұрақтарды нақты түсінеміз. Неге? Ехоба бізге көптеген “данышпандар мен білгіштер” елемейтін рухани шындықтарға қол жеткізуімізге мүмкіндік беріп отыр (Матай 11:25). Өзіне жақын адамдарға Ехоба батасын беретіні қандай қуанышты!
“Тәңір өзін сүйетіндердің бәрін де қорғайды”
8, 9. а) Ехобаға жақын адамдар ие болатын баталардың бірін Дәуіт қалай сипаттады? ә) Неліктен шынайы мәсіхшілер Құдайдың қорғанышына мұқтаж?
8 Ехобаға жақын адамдар өзге де батаға — Құдайдың қорғанышына ие. Басынан көптеген қиыншылықтарды өткізген Забур жыршысы Дәуіт былай деп жазған: “Тәңір өзін шақырғандардың барлығына жақын. Өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, олардың зарын естіп, оларды құтқарады. Тәңір өзін сүйетіндердің бәрін де қорғайды” (Забур 144:18—20). Иә, Ехоба өзін сүйетіндерге жақын, сондықтан да олардың көмек сұраған зарына кідірместен жауап қата алады.
9 Неліктен Құдайдың қорғанышына мұқтажбыз? Шынайы мәсіхшілер ‘қиын-қыстау күндердің’ әсерін сезініп жатқандарынан бөлек, Ехобаның қас жауы Шайтан Ібілістің басты нысанасы болып табылады (2 Тімотеге 3:1). Бұл сұм жау бізді ‘жалмап’ қоюға бар күшін салуда (1 Петір 5:8). Ол бізді қудалайды, қысымшылық көрсетіп, азғырады. Ол сондай-ақ өз мақсатына пайдалану үшін біздің ойымыз бен жүрегіміздің күйін бақылайды. Оның көздеген мақсаты — сенімімізді әлсіретіп, рухани өлтіру (Аян 12:12, 17). Осындай күшті жаумен шайқасуға тура келетіндіктен, ‘Тәңірдің өзін сүйетіндердің бәрін де қорғайтынын’ білу жанымызға жұбаныш болмай ма?
10. а) Ехоба өз халқын қалай қорғайды? ә) Бәрінен де маңыздысы қандай қорғаныш және неліктен?
10 Ехоба өз халқын қалай қорғайды? Оның қорғаймын деген уәдесі осы дүниеде біздің өмірімізді қауіп-қатерсіз етеді дегенді білдірмейді және оның біз үшін кереметтер жасауға міндетті екенін көрсетпейді. Әйтсе де, Ехоба тәндік жағынан өз халқын топ ретінде қорғайды. Қайткен күнде де, Ібілістің Құдайға шынайы ғибадат етушілерді жер бетінен жойып жіберуіне ешқашан жол берілмейді! (2 Петір 2:9). Ең бастысы, Ехоба бізді рухани жағынан қорғайды. Ол қиыншылықтарға төтеп беруімізге және өзімен қарым-қатынасымызды сақтап қалуға керектінің бәрімен қамтамасыз етіп отыр. Сайып келгенде, бәрінен де маңыздысы — рухани қорғаныш. Неліктен? Себебі Ехобамен қарым-қатынасымыз болса, ештеңе де — тіпті өлім де — түзетуге болмайтындай зиян келтірмейді (Матай 10:28).
11. Ехоба халқын рухани қорғау үшін не істеуде?
11 Өзіне жақын адамдарды рухани жағынан қорғау үшін, Ехоба көп нәрсе істеуде. Өзінің Сөзі, Киелі кітап, арқылы әр түрлі сынақтарды жеңіп шығуымызға қажет даналық беруде (Жақып 1:2—5). Жазбалардағы кеңестерді ұстанудың өзі де қорғаныш болып табылады. Оның үстіне, Ехоба “Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын” береді (Лұқа 11:13). Бұл рухтың — Әлемдегі ең қуатты күштің — бізді кез келген сынақтар мен азғыруларды жеңе білуімізге қабілетті ететіндігінде сөз жоқ. Мәсіх арқылы Ехоба “адамдар кейпіндегі тартулар” сыйлады (Ефестіктерге 4:8, ЖД). Бұл рухани жарамды ер кісілер бір сенімдегі бауырластарға көмектесе отырып, Ехобаның терең жанашырлығын танытуға ұмтылады.
12, 13. а) Ехоба уақтылы рухани тамақпен бізді қалай қамтамасыз етеді? ә) Ехобаның рухани игілігіміз үшін беріп отырғандарына қалай қарайсың?
12 Біздерді рухани жағынан қорғау үшін, Ехоба тағы да уақтылы рухани ас-сумен қамтамасыз етіп отыр (Матай 24:45). Басылымдар — соның ішінде “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдары да бар — қауым кездесулері мен конгрестер арқылы Ехоба бізге қажетті нәрсені, сондай-ақ қажет уақытында береді. Мәсіхшілер кездесуінде немесе конгресте естігендерің жүрегіңе қатты әсер етіп, сені жігерлендіріп немесе жұбатқан кездер болды ма? Немесе жоғарыда айтылған журналдардың біреуінен оқыған мақала туралы: мынау дәл маған арнап жазылған екен деген кездерің ше?
13 Шайтанның қолданатын тиімді құралдарының бірі — қамығу, ешбіріміз де бұл бізге әсер етпейді деп айта алмаймыз. Ұзақ уақытқа созылған қамыққан көңілдің бізді әлсіретіп, тіпті осал етуі мүмкін екені Шайтанға жақсы мәлім (Нақыл сөздер 24:10, ЖД). Шайтан біздің теріс ойларымызды пайдалануға тырысатындықтан, біз көмекке мұқтажбыз. “Күзет мұнарасы”, “Ояныңдар!” журналдарында қамығуды жеңуге көмектесетін мақалалар шығып тұрады. Осындай бір мақала жөнінде бір әйел бауырласымыз былай деп жазған: “Мен бұл мақаланы күн сайын қайталап оқимын десем болады және оқыған сайын әлі көзіме жас оралады. Өзімді жаман сезінгенде қарап шығуым үшін, журналды төсегімнің жанына қоямын. Мұндай мақалалар Ехоба мені жұбату үшін құшағына алғандай сезім тудырады”a. Осындай рухани тамақты уақтылы беретіндігі үшін Ехобаға риза емеспіз пе? Есіңде болсын: рухани игілігіміз үшін беріп жатқандарының бәрі де — Ехобаның бізге жақын екендігінің, сондай-ақ бізді аялап, қорғайтындығының дәлелі.
‘Дұғаларды Тыңдаушыға’ жүгінудің мүмкіндігі
14, 15. а) Ехоба өзіне жақын адамдарға қандай сыйды тарту етті? ә) Ехобаға кез келген уақытта дұға айту мүмкіндігі неліктен аса құнды?
14 Адам жоғары дәрежеге ие болғанда, қолына билік тигенде, жиі қарамағындағылар үшін қол жеткізбей кететіндігін байқадың ба? Ал Ехоба туралы не деуге болады? Адамдар бірдеңе сұрап жүгіне алмайтындай Құдай бізден соншалықты қашық па? Жоқ! Керісінше, дұға айту сыйы — өзіне жақын адамдарына тарту еткен Ехобаның баталарының тағы біреуі. “Дұғаны Тыңдаушыға” кез келген уақытта жүгіну мүмкіндігі — аса құнды сый (Забур 64:3). Неліктен?
15 Мысал ретінде: ірі бір бірлестік басшысының өте көп міндеттері болсын. Қандай істермен өзі айналысатынын, ал қайсысын өзгелерге тапсыратынын ол өзі шешеді. Осы сияқты, Әлемнің Жоғарғы Әміршісі де қандай істерді өзіне қалдырып, ал қайсысын өзгелерге тапсыратынын өзінің қалауы бойынша шешеді. Ехоба сүйікті Ұлы Исаға қаншама көп жұмыс тапсырды! Ұлына ‘сот жүргізу билігі’ берілген (Жохан 5:27). Оған ‘періштелер... бағынған’ (1 Петір 3:22). Исаның иелігінде қуатты киелі рух бар. Оның көмегімен ол жердегі шәкірттеріне басшылық етеді (Жохан 15:26; 16:7). Сондықтан да Иса: “Маған көк пен жердің барлық билігі берілген!” — деп айта алды (Матай 28:18). Ал біздің дұғаларымызға қатысты айтар болсақ, Ехоба оларды жеке өзі тыңдауды ұйғарды. Міне, сондықтан да Киелі кітап дұғамызды Иса арқылы тек Ехобаға бағыштауды бұйырады (Забур 69:13; Жохан 14:6, 13).
16. Ехобаның шын мәнінде дұғаларымызды еститіндігіне неліктен сенімді бола аламыз?
16 Ехоба дұғаларымызды шынында да тыңдай ма? Егер оларға немқұрайды қарайтын болса, ол ешқашан бізді ‘ұдайы сиынуға’ немесе ауыртпалықтарымыз бен уайымдарымызды өзіне тапсыруға шақырмас еді (Римдіктерге 12:12; Забур 54:23; 1 Петір 5:7). Киелі кітап жазылған уақыттағы Ехобаның адал қызметшілері оның дұғаларды тыңдайтындығына ешқандай да күмәнданбаған (1 Жохан 5:14). Забур жыршысы Дәуіт: “[Ехоба] менің даусымды естиді”,— деген болатын (Забур 54:18). Ехобаның бізге жақын екендігіне, сондай-ақ оның әрбір ойымыз бен уайымымызға ден қоюға дайын екендігіне сенімді болуға бізде барлық негіз бар.
Ехоба өз қызметшілерін жарылқайды
17, 18. а) Саналы жаратылыстарының адал қызметтеріне Ехоба қалай қарайды? ә) Нақыл сөздер 19:17-ден көрінетіндей, біздің мейірімді істерімізді Ехоба елеусіз қалдырмайтынын түсіндіріңдер.
17 Әлемнің Әміршісі ретінде Ехобаның дәрежесі адамдардың нені істеуге келісіп-келіспейтіндігіне ешқандай да тәуелді емес. Дегенмен Ехоба — ризалық білдіруші Құдай. Ол өзінің саналы жаратылыстарының адал қызметтерін бағалап, оларды өте қымбат тұтады (Забур 146:11). Иә, Ехобаға жақын адамдар тағы да бір батаға ие болады: Ехоба өз қызметшілерін жарылқайды (Еврейлерге 11:6).
18 Ехоба өз қызметшілерінің істегендерінің бәрін де бағалайтынын Киелі кітап ашық айтады. Мысалы, біз Киелі кітаптан былай деп оқимыз: “Жарлыларға қайырымдылық жасаушылар Тәңірге қарыз бергендей, сол үшін Тәңір оларға есесін қайтарады” (Нақыл сөздер 19:17). Ехобаның жарлыларға көрсеткен мейірімділігі Мұсаның заңында көрініс берген (Леуіліктер 14:21; 19:15). Оған еліктеп, жарлыларға мейірімділік көрсеткеніміз Ехобаға қалай әсер етеді? Біз, орнына ештеңе де күтпей, жарлыларға қайырымдылық жасағанда, Ехоба бізді өзіне қарыз берді деп есептейді. Ол осы қарызды қайтарып беруді уәде етеді, әрі мұны өзінің шапағаты және баталары арқылы қайтарады (Нақыл сөздер 10:22; Матай 6:3, 4; Лұқа 14:12—14). Иә, егерде қиыншылыққа тап болған бауырласымызға жанашырлық танытсақ, бұл Ехобаның жүрегін елжіретеді. Біздің мейірімді істерімізді көктегі Әкеміз елеусіз қалдырмайтынына қандай ризамыз! (Матай 5:7).
19. а) Уағыздау және шәкірттер дайындау ісінде жасағандарымызды Ехоба бағалайды деп неліктен сеніммен айта аламыз? ә) Патшалықтың мүддесі үшін істеген істерімізді Ехоба қалай жарылқайды?
19 Ехоба әсіресе Патшалықтың мүддесі үшін істеп жатқандарымызды қатты бағалайды. Ехобаға жақындағанда, бойымызда Патшалықты жариялау және шәкірттер дайындау ісіне уақытымызды, қаржымыз бен бар күшімізді жұмсауға деген ықылас күшейе түседі (Матай 28:19, 20). Кей кездері біз мұндай істерді өте аз атқарып жүргендей сезінуіміз мүмкін. Кемелсіз жүрегіміз, тіпті Ехоба риза болатындай салып жүрген жоқпыз деген күдік тудыруы мүмкін (1 Жохан 3:19, 20). Алайда Ехоба жүректен шыққан әрі сүйіспеншілікпен сыйлаған әрбір сыйымызды — мейлі ол қаншалықты кішкене болса да — қымбат тұтады (Марқа 12:41—44). Киелі кітап былай дейді: “Құдай әділетсіз емес. Ол жасаған игі істеріңді... Өзіне де көрсеткен сүйіспеншіліктеріңді ешқашан есінен шығармайды” (Еврейлерге 6:10). Шынында да, Ехоба Патшалықтың мүддесі үшін істеген, мейлі болмашы көрінетін болса да, кез келген ісімізді есінен шығармайды. Осы қазір алып жатқан мол рухани баталармен қатар, Ехоба жомарттықпен алақанын ашып, өзіне жақын адамдардың бәрінің қалауларын қанағаттандыратын жаңа өмірдің қызығын көре аламыз (Забур 144:16; 2 Петір 3:13).
20. 2003 жыл бойы жылдық мәтінді есімізге сақтауға не көмектеседі және оның нәтижесі қандай болмақ?
20 2003 жыл бойы өзімізге мына сұрақты қойып жүрейік: көктегі Әкемізге жақындау үшін үнемі күш салып жүрміз бе? Күш салып жүрсек, онда ол міндетті түрде өзі уәде еткендей біздің алдымыздан шығады. Өйткені, ол — “жалған сөйлемейтін Құдай” (Титке 1:2). Егер оған жақындасақ, ол да бізге жақындайды (Жақып 4:8). Нәтижесі қандай болмақ? Қазірдің өзінде көл-көсір төгіліп жатқан баталар мен мәңгілік бойы Құдайға үнемі жақындау мүмкіндігі!
[Сілтеме]
a Бұл — 2000 жылдың 1 мамырындағы “Күзет мұнарасында” (ор.) жарық көрген “Ехоба біздің жүрегімізден де артық” мақаласы туралы айтылған сөздер, 28—31 беттер.
Естеріңе түсіре аласыңдар ма?
• Ехобаға жақындағандар қандай сыйға ие болады?
• Ехоба халқын рухани жағынан қорғау үшін не істеуде?
• Дұғада Ехобаға жақындау мүмкіндігі неліктен аса құнды?
• Ехоба өзінің саналы жаратылыстарының адал қызметтерін бағалайтынын Киелі кітап қалай көрсетеді?
[15-беттегі сурет]
Ехоба рухани шындықтарды түсіну мүмкіндігін берді
[16, 17-беттердегі суреттер]
Ехоба рухани қорғанышпен қамтамасыз етеді