15-Тарау
Құдайды құрметтейтін отбасын құру
1—3. Неліктен кейбіреулер некеге және бала тәрбиесіне қатысты проблемаларды шеше алмайды, бірақ Киелі кітап қалай көмектеседі?
СЕН үй тұрғызуды жоспарладың делік. Алдымен жер сатып аласың. Жаңа үйіңнің бейнесін ойыңмен елестетіп көресің. Ал, бірақ, керекті аспаптарың мен құрылыс тәжірибең болмаса ше? Онда бұл әрекетіңнің бәрі бекер болатындығын айтсаңшы!
2 Бақытты отбасын құру үмітімен некеге тұрғандардың көпшілігі керекті “аспаптар” мен тәжірибеге иеленбеген. Той өтісімен-ақ жағымсыз мінездер белгілі бола бастайды. Күнделікті ұрыс-керіс әдетке айналады. Ал балалы болған кезде, жас ата-аналар бала тәрбиелеу туралы некеге тұрудан да аз білетіндіктерін түсінеді.
3 Бақытымызға орай, Киелі кітап көмек бере алады. Оның принциптері бақытты отбасын құруға көмек болатын аспаптарға ұқсайды (Нақыл сөздер 24:3). Кел, соны қарастырып көрейік.
БАҚЫТТЫ ОТБАСЫН ҚҰРУҒА АРНАЛҒАН “АСПАПТАР”
4. Неге некеде қиындықтар туындайды және Киелі кітапта қандай кеңестер беріледі?
4 Некеге тұрған жұп бір-біріне қаншалықты жарасып тұрғанымен өмірге деген көзқарастары әр түрлі, әрқайсысының өз балалық шағы мен өз отбасы болғаны сөзсіз. Сондықтан тойдан кейін кейбір қиыншылықтар туындайды. Бұл қиыншылықтарды қалай шешуге болады? Құрылысшылар үй соққан кезде сәулетшінің жоспарына жүгінеді. Олар міндетті түрде бұл жоспардың жетекшілігін қабылдаулары керек. Киелі кітапта бақытты отбасы тұрмысын құру үшін ережелер беріледі. Осы ережелердің кейбіреуін қарастырып көрейік.
5. Некедегі адалдықтың маңыздылығы Киелі кітапта қалай аталып өтіледі?
5 Адалдық. Иса былай деді: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!”a (Матай 19:6). Елші Пауыл: “Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек”,— деп жазды (Еврейлерге 13:4). Демек, некеге тұрған адам Ехобаның алдындағы жауапкершілігін сезініп, жұбайына деген адалдығын сақтау керек (Жаратылыс 39:7—9).
6. Адалдық некені сақтап қалуға қалай көмектеседі?
6 Адалдық отбасын қадірлі етеді, әрі оны қорғайды. Адал ерлі-зайыптылар бірі сүрінсе, екіншісінің оны демейтінін біледі (Екклесиаст 4:9—12). Мұның алғаш сәтсіздікпен кездесе салысымен-ақ некелерін бұзуға асығатындардан айырмашылығы қаншалықты десеңші! Мұндай адамдар бірден өмірлік серік таңдауда адастым, бір-бірімізді енді сүймейміз, жалғыз амалым басқа серік іздеу деген шешімге келеді. Бірақ мұндай көзқарас сезімдерін жетілдіруге кедергі болады. Керісінше, мұндай адамдар өзінің сол кемшілігін жаңадан таңдаған серігімен өмір сүргенде де қайталайды. Егер бір кісінің тамаша үйі болып, кенет үйінің төбесінен су кеткенін байқаса, шатырын жөндеуге тырысатыны сөзсіз. Ол бірден басқа үйге көшпейді ғой. Сол сияқты өмірлік серігін ауыстыру — отбасы мәселелерін шешудің оңай тәсілі емес. Егер қиыншылықтар туатын болса, некені бұзуға асықпа, қайта, оны сақтап қалуға бар күшіңді сал. Мұндай адалдық некені қадірлейді, қорғайды, әрі сақтайды.
7. Неліктен пікірлесу үнемі ерлі-зайыптылардың осал жері болып табылады, бірақ ‘жаңа адам’ болғаны қалай көмектеседі?
7 Пікірлесу. Бір Киелі кітапқа негізделген мысалда: “Кеңессіз құрған іс аяқсыз қалар”,— делінеді (Нақыл сөздер 15:22). Дегенмен пікірлесу — кейбір ерлі-зайыптылардың ең осал жері. Неліктен? Өйткені адамдардың қажеттіліктері әр алуан. Бұл жағдай көбінесе түсініспеушілік пен түңілуге әкеліп соғады. Бұған адамның алған тәрбиесі себеп болуы мүмкін. Мысалы, кейбіреулер ата-аналарының ұрыс-керістерінің арасында өскен болар. Сондықтан өздері де есейіп некеге тұрғаннан кейін, зайыбымен қалай жұмсақ әрі сүйіспеншілікпен сөйлесуді білмейді. Сөйтсе де, үйіңде ‘жанжал’ болмау үшін қандай да бір әрекет жасауға болады (Нақыл сөздер 17:1). Киелі кітап ‘жаңа адам’ болу керек екендігіне ерекше көңіл бөледі, ол кекшілдікке, ашу мен ұрыс-керіске орын қалдырмайды (Ефестіктерге 4:22—24, 31).
8. Келіспеушілік туғанда нені есте сақтаған дұрыс?
8 Келіспеушілік туатын болса, сен не істей аласың? Жағдай ушығып бара жатқанын байқасаң, онда Нақыл сөздер 17:14-те берілген кеңесті қабылдағаның жөн: “Жанжал қызбай тұрып, дауды бас”. Иә, сен әңгімені өзіңнің де, жұбайыңның да қызуы басылған уақытқа дейін қалдыра тұруыңа болады (Екклесиаст 3:1, 7). Қалай болған күнде де, “әркім тыңдауға жүйрік, ал сөйлеуге шабан, әрі ашулануға баяу болсын” (Жақып 1:19). Сен дауда жеңімпаз болып шығуды емес, оны шешу мақсатын көздеуің керек (Жаратылыс 13:8, 9). Өзіңнің де, жұбайыңның да көңілін жұбататын сөздер мен сөйлеу мәнерін қолдануға тырыс (Нақыл сөздер 12:18; 15:1, 4; 29:11). Жоғарыда келтірілгендей, өзің де ашуға берілмей, жұбайыңмен бірге кішіпейілдікпен дұға етіп, Құдайдан көмек ізде (Ефестіктерге 4:26, 27; 6:18).
9. Неге пікірлесу жүректен басталады деуге болады?
9 Киелі жазбадағы Нақыл сөздер кітабында былай делінеді: “Дананың ақылы [“жүрегі”, ЖД] сөзін де дана қылар, Аузынан тәлімді сөз шығарар” (Нақыл сөздер 16:23). Шын мәнінде, жақсы пікірлесудің кілті тілде емес, жүректе. Сен өмірлік серігіңе қалай қарайсың? Киелі кітап мәсіхшілерді “қайғыға ортақтас” болуға шақырады (Петірдің 1-хаты 3:8). Жұбайың қандай да бір себеппен қатты күйзелген шақтарда қайғысына ортақтас болуға дайынсың ба? Егер дайын болсаң, онда керекті сөздер таба аласың (Ишая 50:4).
10, 11. Отағасы Петірдің 1-хаты 3:7-гі кеңесті қалай қолдана алады?
10 Құрмет пен сый. Мәсіхші күйеулерге өз әйелдеріне ‘ілтипат пен қамқорлық көрсетіп... жан-тәндерінің нәзік екенін [“аса нәзік ыдыстай”, ЖД] түсіне отырып, оларды ерекше қастерлей білу’ керектігі айтылған (Петірдің 1-хаты 3:7). Әйелін қастерлеу оны бағалау дегенді білдіреді. Өзінің әйеліне ‘қамқорлық көрсететін’ күйеу оның сезіміне түсінушілікпен қарап, оның күшін ескеріп, парасаттылығы мен адамгершілігімен санасады. Сонымен қатар Ехобаның әйел адамдарға деген көзқарасын және оларға қалай қарауды қалайтындығын білуге тырысу керек.
11 Үйіңде өзіңе өте бағалы ыдыс бар делік. Сен оны ерекше сақтықпен күтесің ғой? Сол сияқты Петір “аса нәзік ыдыс” деген тіркесті қолданды. Мұндай салыстыру мәсіхші күйеудің әйеліне қамқорлық пен ілтипаттылық көрсетуге талпындыру керек.
12. Әйел күйеуіне қалай құрмет көрсете алады?
12 Ал әйелдерге Киелі кітап қандай кеңес береді? Пауыл былай деп жазды: “Ал әр әйел күйеуін құрметтеуге міндетті” (Ефестіктерге 5:33). Әйеліне күйеуінің өзін қастерлейтінін әрі жанындай сүйетінін сезіну қалай маңызды болса, күйеуіне де өзін құрметтейтіндігін білу маңызды. Сыйлы әйел күйеуі мәсіхші болсын, я болмасын, оның кемшіліктері туралы сөз таратпайды. Ол күйеуінің сезімдерін жасырын немесе жұрт алдында мінеп, оның беделін түсірмейді (Тімотеге 1-хат 3:11; 5:13).
13. Қалай өз пікірін ізетпен білдіруге болады?
13 Бұл әйелі өз пікірін ашық айта алмайды дегенді білдірмейді. Егер оны бір нәрсе мазаласа, ізетпен өз ойын айта алады (Жаратылыс 21:9—12). Күйеуіне қажетті ойды жеткізу — оған доп лақтырғанмен тең. Ол допты оп-оңай қағып алуға болатындай етіп, ептеп қана лақтыра алады, яки оған қатты тигізу үшін бар күшін салып та лақтыра алады. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін кінәлаудан аулақ болып, сабырлы және ілтипатпен сөйлескендері анағұрлым жақсырақ екендігі анық! (Матай 7:12; Қолостықтарға 4:6; Петірдің 1-хаты 3:3, 4).
14. Егер жұбайың Киелі кітап принциптеріне көңіл қоймаса, не істеуің керек?
14 Көріп отырғандай, Киелі кітап принциптері бақытты отбасын құруға теңдесі жоқ көмек бере алады. Алайда жұбайың Киелі кітап сөздеріне көңіл қоймайтын болса ше? Сонда да Құдай туралы алған біліміңді сен өзің қолданасың ба, соған көп нәрсе байланысты болады. Петір былай деп жазды: “Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдайдың сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарымен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2). Әрине, бұл сөздер әйелдері Киелі кітапқа көңіл қоймайтын күйеулерге де қатысты. Өмірлік серігіңнің қалай әрекет ететіндігіне қарамастан, Киелі кітап принциптерінің саған жақсы жағынан әсер етуіне мүмкіндік бер. Сен әке не ана болсаң да, Құдай туралы білім саған тек жақсы жағынан әсер етеді.
БАЛАЛАРДЫ ҚҰДАЙДЫҢ БІЛІМІНЕ САЙ ТӘРБИЕЛЕУ
15. Қалай бұрыс тәрбие ұрпақтан-ұрпаққа беріледі, бірақ бұл айналымды қалай тоқтатуға болады?
15 Егер бір адамның ара немесе балғасы болса, бұл оның шебер ұста екендігін білдірмейді. Сол сияқты бір кісінің балалары бар болса, бұл оның тәжірибелі әке не ана екендігін білдірмейді. Саналы түрде ме, жоқ па, ата-аналар балаларына жиі өздері қандай тәрбие алған болса, сондай тәрбие береді. Осылайша, бұрыс тәрбие беру ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Ежелгі Исраил мәтелінде былай делінеді: “Әкелері қышқыл жүзім жесе, балаларының тістері қамалады”. Әйткенмен, Киелі жазбалар адам ата-анасының жолымен жүруге міндетті емес екендігін көрсетеді. Ол Ехобаның заңдарына сәйкес басқа жолды таңдай алады (Езекиел 18:2, 14, 17).
16. Отбасының қамын ойлау неге маңызды және ол неден тұрады?
16 Ехоба мәсіхші ата-аналардан балаларына дұрыс басшылық беріп, әрі қажетті қамқорлық көрсетулерін күтеді. Пауыл: “Туысқандарының, әсіресе үй ішінің қамын ойламайтын адам сенімінен бас тартқан, ол тіпті Құдайға сенбейтіннен де жаман”,— деп жазды (Тімотеге 1-хат 5:8). Неткен өткір сөздер! Құдайдан қорқатын адам үшін асыраушы болу, яғни балаларының тәндік, рухани әрі көңіл-күйлеріне қажетті нәрселермен қамтамасыз ету — үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Киелі кітапта балаларының өсіп жетілулері үшін ата-аналарға тамаша орта құруға көмектесетін принциптер бар. Олардың кейбіреулерін қарастырып көрелік.
17. Құдай заңын балалардың жүрегіне салу үшін не қажет?
17 Жақсы үлгі болыңдар. Исраилдік ата-аналарға мынандай өсиет берілген еді: “Оларды [Құдай сөздерін] балаларыңның құлағына құй, үйіңде отырып та, жол жүргенде де, жатсаң да, тұрсаң да”. Ата-аналар Ехобаның заңдарын балаларына үйретуге тиіс еді. Бірақ бұл сөздердің алдында мынадай нұсқау бар болатын: “Бүгін Мен саған өсиет етіп отырған осы сөздер сенің жүрегіңде болсын” (Заңды қайталау 6:6, 7). Иә, ата-аналар өздерінде жоқ нәрсені балаларына бере алмайды. Егер Құдайдың заңдары балаларыңның жүректерінде болғанын қаласаңдар, ең алдымен, бұл заңдардың өз жүректеріңде болуына қам жасауларың қажет (Нақыл сөздер 20:7; Лұқа 6:40 салыстыр).
18. Қалай Ехоба ата-аналар үшін сүйіспеншілік білдірудің тамаша үлгісін көрсетті?
18 Сүйетіндіктеріңе нандырыңдар. Иса шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін, Ехоба: “Сен Менің сүйікті Ұлымсың, Саған толықтай ризамын!”— деп жариялады (Лұқа 3:22, сілтемені қара). Осылайша Ехоба Ұлына ашық ризашылығын білдіріп, оған деген сүйіспеншілігіне нандырды. Кейінірек Иса Әкесіне былай деді: ‘Сен әлем жаратылмастан бұрын Мені сүйгенсің’ (Жохан 17:24, ЖД). Сондықтан Құдайдан қорқатын ата-аналар ретінде балаларыңа сүйіспеншілік көрсетіп, әрі еркелетуге қысылмаңдар, мүмкіндігінше мұны жиірек істеңдер. Әрдайым естеріңде болсын: “Сүйіспеншілік” сенімді жетілдіреді” (Қорынттықтарға 1-хат 8:1).
19, 20. Балаларды дұрыс тәрбиелеу неден тұрады және ата-аналар Ехобадан қалай үлгі ала алады?
19 Тәрбиелеу. Киелі кітап сүйіспеншілікпен тәрбиелеудің маңыздылығына ерекше көңіл бөледі (Нақыл сөздер 1:8). Балаларына тәрбие беру міндеттеріне немқұрайды қарайтын ата-аналар нәтижесінде болашақта опық жейді. Дегенмен тәрбиелегенде ата-аналардың шектен шықпауын ескерту керек. Пауыл: “Ата-аналар, балаларыңның ынжық болмауы үшін оларға шектен тыс ұрыспаңдар!”— деп жазды (Қолостықтарға 3:21). Ата-аналар балаларын үнемі түрткілей беруден, олардың осал жерлерін қайта-қайта еске салып және талпынысына немқұрайды қараудан аулақ болулары керек.
20 Көктегі Әкеміз Ехоба Құдай дұрыс тәрбие берудің үлгісін көрсетеді. Ол жазалаған кезде ешқашан шектен шықпайды. Құдай өзінің халқына: “Жөнімен жазалаймын”,— деді (Еремия 46:28). Бұл жағынан ата-аналар Ехобаға еліктегендері дұрыс. Тәртіпке салу шаралары естіліктің шегінен шығып, түзету мен тәрбиелеудің бастапқы мақсатынан ауытқыса, әлбетте, ол балаларды кейітеді.
21. Ата-аналар тәртіпке салу шараларының нәтижелі екендігін қалай анықтай алады?
21 Тәртіпке салу шараларының нәтижелі екендігін ата-аналар қалай анықтай алады? Өздеріне мынадай сұрақ қоюларына болады: менің жазалауым балаға қалай әсер етті? Жаза оған сабақ болу керек. Бала өзінің не үшін жазаланғанын түсінгені дұрыс. Сондай-ақ ата-аналар жазалаудың нәтижесін көре білуге тиіс. Әрине, жазаланған балалардың барлығы бастапқыда қынжылады (Еврейлерге 12:11). Бірақ түзету шаралары ешқашан балада үрей тудырып немесе оны шеттетіп тастағандай, яки жөнге келмейтіндей сезімде қалдырмау керек. Ехоба халқын жазалар алдында былай деді: “Қорықпа... сенімен біргемін” (Еремия 46:28). Иә, балаға түзету шаралары сендердің оны жақсы көретіндіктеріңді әрі оның қамын ойлайтындықтарыңды түсіндіретіндей болғаны дұрыс.
“ДАНА КЕҢЕСТЕР” ТАБУ
22, 23. Бақытты отбасын құру үшін дана кеңестерді қалай таба аласың?
22 Бақытты отбасын құруға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп отырғаны үшін Ехобаға ризашылық білдіре аламыз. Бірақ бұл құрал-жабдықтарды иеленіп қана қою жеткіліксіз. Оларды дұрыс қолдана білуге тиіспіз. Мысалы, құрал-жабдықтарды қолдануды енді ғана үйренген құрылысшыны алайық. Ол мүлдем басқа құралды қолданып жатқан болса ше? Ақыр аяғында бұл істелген жұмыстың сапасына әсер етуі әбден мүмкін. Сол сияқты сен де өз отбасыңның осал жерлерін байқаған боларсың. Олардың кейбірінен арылу оңайға соқпауы мүмкін. Дегенмен Киелі кітап кеңесіне жүгінгенің дұрыс: “Саналы тыңдап, ақыл-кеңес табады, Данышпан біліміне білім қосады” (Нақыл сөздер 1:5).
23 Егер Құдай туралы білім алуды жалғастыра берсең, дана кеңестер алып отырасың. Отбасы тұрмысына қатысты Киелі кітапқа негізделген принциптерге көңіл аудар, ал егер қажет болса өзгерістер ендір. Жетілген және өздерін ғажап жұбай әрі ата-ана ретінде көрсеткен мәсіхшілерден үлгі ал. Олармен әңгімелес. Сонымен қатар дұға еткенде шешілмей жүрген мәселеңді Ехобаға айт (Забур 54:23; Філіпіліктерге 4:6, 7). Ехоба саған өзіне құрмет әкелетін бақытты отбасын құруға көмектеседі.
[Сілтеме]
a Ажырасуға және қайта некеге тұруға болатын Киелі кітапқа негізделген жалғыз себеп — ‘неке адалдығын бұзу’, яғни некеден тыс жыныстық қатынас (Матай 19:9).
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Адалдық, пікірлесу, зайыбына ілтипат пен құрмет көрсету некенің бақытты болуына қалай септігін тигізеді?
Ата-аналар балаларын өз сүйіспеншіліктеріне қалай нандыра алады?
Балаларды дұрыс тәрбиелеу неден тұрады?
[Бүкіл бетке орналасқан 147-беттегі сурет]