16-Тарау
Құдайға қалай жақындауға болады?
1. Көптеген діндер арасында қандай ұқсастық бар?
БІР ӘЙЕЛ Шығыс еліне сапар шеккен кезінде, Будда ғибадатханасында көрген жоралары оны таңғалдырды. Ол жерде Мәриям мен Мәсіхтің бейнелері болмағанмен, ондағы көп жоралар бұл әйелдің өз шіркеуін есіне салды. Мысалы, ол ғибадат етушілердің тәспі санап, дұғаларын әндетіп айтатындарын байқады. Басқалар да осындай ұқсастықтарды көрді. Шығыста не Батыста болсын, діндар адамдардың Құдайға немесе табынатын заттарына жақындағысы келетіндіктерінде таңғажайып ұқсастық бар.
2. Дұға деген не және адамдардың көбісі неліктен дұға етеді?
2 Көп адамдар әсіресе дұға арқылы Құдайға жақын болуға тырысады. Әдетте, түсіндірме сөздіктерде дұға деген сөз ‘[Құдайға, аруақтарға] жалбарыну, тілек тілеуді’ білдіреді (“Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі”). Дегенмен кейбіреулер Құдайға жалбарынғанда, ең алдымен, одан қандай да бір көмек алуды көздейді. Мысалы, бір кісі Ехоба Куәгерінен былай деп сұрайды: “Егер сіз мен үшін дұға етсеңіз, жұмыс орнымдағы, отбасымдағы, денсаулығыма байланысты мәселелерімнің барлығы шешіле ме?” Бұл кісі осыған үміттенген болса керек, алайда адамдардың көпшілігі дұға еткенімен, қиыншылықтары шешілмейді. Сондықтан бізде Құдайға жақындаудың не қажеті бар деген сұрақ тууы мүмкін.
НЕЛІКТЕН ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАУ ҚАЖЕТ?
3. Дұғаларымызды кімге бағыштауымыз керек және неліктен?
3 Дұға — мағынасыз салт-жора немесе Құдайдан қандай да бір пайда көру әдісі емес. Құдайға жақындау қажеттілігінің басты бір себебі — онымен тығыз қарым-қатынаста болу. Сондықтан дұғаларымызды Ехоба Құдайға бағыштауымыз керек. Забур жыршысы Дәуіт: ‘Тәңір өзін шақырғандардың... барлығына жақын’,— деп жазды (Забур 144:18). Ехоба өзімен тату болуға шақырады (Ишая 1:18). Бұл ұсынысқа құлақ салғандар забур жыршысының: “Құдайға жақын болғаным қандай игі!”— деп жазған сөздерімен келіседі. Неге? Өйткені Құдайға жақындағандар нағыз бақыт пен жан тыныштығын табады (Забур 72:28).
4, 5. а) Құдайға дұға ету неге маңызды? ә) Дұғаның арқасында Құдаймен қарым-қатынасымыз қандай болады?
4 Егер Құдай ‘сұрамай тұрып-ақ, бізге не керек екенін білетін’ болса, онда дұға етудің қажеті не? (Матай 6:8; Забур 138:4). Дұға Құдайға сенетіндігімізге әрі оны игі нәрсенің және мүлтіксіз жарылқаудың Бастауы деп есептейтіндігімізге куәлік етеді (Жақып 1:17; Еврейлерге 11:6). Ехоба біздің дұғаларымызды ризашылықпен қабыл алады (Нақыл сөздер 15:8). Әрбір әкеге баласының айтқан алғысы жағымды болғандай, Ехоба да өз атына айтылған шынайы ризашылық пен мадақтауға қуанады (Забур 118:108). Егер әке мен баланың арасындағы қарым-қатынас жақсы болса, олардың әңгімелері шын жүректен болады. Әкесінің жақсы көретінін сезетін бала әрқашан онымен пікір алмасуға мүмкіндік іздейді. Біздің Құдаймен қарым-қатынасымыз жөнінде де осыны айтуға болады. Егер Ехоба туралы алған білімімізді және оның бізге деген сүйіспеншілігін шын мәнінде бағалайтын болсақ, дұғамызда сезімдерімізді барынша ашып айтуға ықыласымыз болады (Жоханның 1-хаты 4:16—18).
5 Құдіретті Құдайға дұға еткенде, айтатын сөздеріміздің дәлдігіне шектен тыс қам жемегенімізбен, құрмет көрсетуіміз керек (Еврейлерге 4:16). Біз Ехобаға әрқашан дұға ете аламыз. Дұға еткенде ‘жүректегіні ашып айту’ қандай үлкен мәртебе! (Забур 61:9). Ехобаға деген ризашылық бізді онымен “Құдайдың досы” аталған сенімді Ыбырайым сияқты тығыз қарым-қатынаста болуға жол ашады (Жақып 2:23). Дегенмен Әлемнің Әміршісіне дұға еткенде, біз белгілі талаптарға сай болуға міндеттіміз.
ҚҰДАЙҒА ЖАҚЫНДАУ ҮШІН ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
6, 7. Құдай дұғаларымыз үшін ақы талап етпегенімен, бізден не күтеді?
6 Құдайға жақындау үшін ақша керек пе? Көп адамдар өздеріне дұға еткізу үшін діни қызметкерлерге ақша төлейді. Кейбіреулер берген садақалары қаншалықты көп болса, дұғалары Құдайға соншалықты тезірек жетеді деп те ойлайды. Бірақ Құдай Сөзі Ехобаға дұға ету үшін садақа беруге міндетті екендігіміз жөнінде еш нәрсе айтпайды. Ол дұғаның арқасында алып отырған рухани көмегіміз бен баталарымыз үшін бізден ештеңе талап етпейді (Ишая 55:1, 2).
7 Онда не істеу керек? Ниетіміздің дұрыс болуы өте маңызды (Шежірелер 2-жазба 6:29, 30; Нақыл сөздер 15:11). Біз Ехоба Құдайдың ‘дұғаларды тыңдайтынына’ және “Өзін іздеп жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына” бар жүрегімізбен сенімді болуымыз қажет (Забур 64:3; Еврейлерге 11:6). Сондай-ақ кішіпейіл болуымыз керек (Патшалықтар 4-жазба 22:19; Забур 50:19). Иса Мәсіх бір мысалында кішіпейілділікпен Құдайға дұға еткен салықшының өр көкірек парызшылға қарағанда әділ болып шыққанын көрсетті (Лұқа 18:10—14). Құдайға дұға ете отырып, Құдайға “жексұрын — жүрегі паңдар” екендігін есте сақтаған дұрыс (Нақыл сөздер 16:5).
8. Егер Құдай дұғаларымызды естісін десек, неден тазаруымыз керек?
8 Егер дұғаларымызды Құдай естісін десек, барлық күнәкар іс-әрекеттерімізден арылуымыз керек. Елші Жақып басқаларды Құдайға жақындауға шақырғанда, мынадай сөздерді қоса айтты: “Күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Екі ойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!” (Жақып 4:8). Тіпті күнәкарлар да тәубаға келіп, байырғы өмір қалыптарынан бас тартатын болса, Ехобамен жақсы қарым-қатынаста бола алады (Нақыл сөздер 28:13). Егер сырт көзге ғана іс-әрекеттерімізді жөнге келтіргендей болып көрсететін болсақ, Ехоба бізді естиді деп үміттене алмаймыз. Құдай Сөзінде: “Жаратқанның назары адалдарда, Ол құлақ салады солар сиынғанда, Ал жамандық жасайтындарға Тәңір әбден теріс қарайды да”,— делінген (Петірдің 1-хаты 3:12).
9. Ехобаға кім арқылы жақындауымыз керек және неге?
9 Киелі кітап былай дейді: “Жер бетінде жақсылық жасап, күнә істемейтін әділ адам жоқ” (Екклесиаст 7:20). Олай болса, сенде қалайша Ехоба Құдайға жақындауға болады деген сұрақ тууы мүмкін. Киелі кітап былай деп жауап береді: “Егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар — Иса Мәсіх” (Жоханның 1-хаты 2:1). Күнәкар болсақ та, біз үшін жанын берген Иса Мәсіх арқылы Құдайға еркін тіл қата аламыз (Матай 20:28). Ехоба Құдайға тек Иса арқылы ғана дұға ете аламыз (Жохан 14:6). Әдейі күнә жасап, Исаның төлем құрбандығына жеңіл қарамауымыз керек (Еврейлерге 10:26). Дегенмен жаман қылықтар істемеуге бар күшімізді салсақ та, қателіктер жіберіп қоямыз, мұндай жағдайларда өкініп, Құдайдан кешірім сұрауымызға болады. Оған кішіпейілділікпен бас иіп үн қататын болсақ, ол бізді естиді (Лұқа 11:4).
ҚҰДАЙҒА ҚАШАН ДҰҒА ЕТКЕН ОРЫНДЫ?
10. Дұға еткенде қалай Исаға еліктей аламыз және қандай жағдайларда Құдайға жеке дұға еткен дұрыс?
10 Иса Мәсіх Ехобамен қарым-қатынасын өте жоғары бағалаған. Ол Құдаймен сөйлесу үшін жеке дұғаға әдейі уақыт бөлетін (Марқа 1:35; Лұқа 22:40—46). Біз де Исаның үлгісіне еліктеп, Құдайға үнемі дұға еткеніміз дұрыс (Римдіктерге 12:12). Күнді дұғамен бастаған орынды, сондай-ақ жатар алдында күніміздің аман-есен өткені үшін де Ехобаға ризашылық білдіргеніміз дұрыс. Күндіз де Құдайға “әрдайым” дұға етуге тырыс (Ефестіктерге 6:18). Ехоба бізді еститінін білгендіктен, үнсіз де дұға ете аламыз. Құдайға жеке дұға ету онымен қарым-қатынасымызды нығайтады, сонымен қатар Ехобаға бағыштаған күнделікті дұғаларымыз оған жақынырақ бола түсуімізге көмек береді.
11. а) Неге отбасымен бірге дұға ету керек? ә) Дұғаның соңындағы “аумин” сөзі нені білдіреді?
11 Сондай-ақ Ехоба бір топ адамның атынан айтылған дұғаларды да естиді (Патшалықтар 3-жазба 8:22—53). Отбасы жиналып дұға етуге болады, мұндай жағдайда дұғаны отағасы айтады. Бұл шаңыраққа бірлік әкеледі, сондай-ақ ата-аналарының Құдайға кішіпейілділікпен дұға еткендерін естігенде, балалары Ехобаны шын мәнінде тіршілік ететін өзіндік қасиеттері бар тұлға ретінде қабылдай бастайды. Ал егер көпшілік атынан бір адам дұға ететін болса ше, мысалы, Ехоба Куәгерлерінің қауым кездесуінде? Онда дұғаны зер салып тыңдайық, ал аяқталған соң “солай болсын” дегенді білдіретін “аумин” деген сөзді шын жүректен айталық (Қорынттықтарға 1-хат 14:16).
ЕХОБА ТЫҢДАЙТЫН ДҰҒАЛАР
12. а) Неге Құдай кейбір дұғаларға жауап бермейді? ә) Дұға еткенде неге тек өзіміз жайлы ойламауға тиіспіз?
12 Кейбіреулерге Мәсіх арқылы дұға етсе де, Ехоба жауап бермейтіндей болып көрінеді. Дегенмен елші Жохан былай деген: “Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады” (Жоханның 1-хаты 5:14). Ендеше, біз Құдайдың еркіне сай нәрсе сұрауымыз керек. Оны біздің рухани күйіміз қызықтыратын болғандықтан, рухани өсуімізге байланысты нәрселерді сұрағанымыз орынды. Біз тәннің қажеттілігін ғана ойлауға бейім болмауға тырысуымыз керек. Мысалы, сырқаттанған кезде ақыл мен төзім сұрап дұға ету дұрыс болғанымен, денсаулық туралы уайым рухани жағымызды көмескілемеуге тиіс (Забур 40:2—4). Бір мәсіхші әйел денсаулығының уайымына беріліп кеткенін сезгенде, сырқатына дұрыс көзқараспен қарауға Ехобадан көмек сұраған. Нәтижесінде денсаулығы онша мазаламайтын болады, әрі ол “өз күшінен артық күш” алғанын сезеді (Қорынттықтарға 2-хат 4:7, ЖД). Бұл әйел басқаларға рухани көмекті бұрынғысынан да көбірек көрсеткісі келгендіктен, толық уақытты Патшалықтың жариялаушысы болады.
13. Матай 6:9—13 дейінгі тармақтарға сәйкес не туралы дұға еткен дұрыс?
13 Ехобаға ұнамды болу үшін не туралы дұға етуге болады? Иса Мәсіх шәкірттеріне дұға етуді үйреткен. Иса Матай 6:9—13 дейінгі тармақтарда жазылған үлгілі дұғада не жөнінде дұға ету орынды екендігін қорытындылап берді. Дұғаларымызда не нәрсеге ерекше көңіл бөлуіміз керек? Ең алдымен, Ехобаның есімі мен Патшалығына. Сондай-ақ күнделікті мұқтаж нәрселерімізді де сұрағанымыз дұрыс. Сонымен қатар күнәларымыздың кешірілуін, азғырулар мен жамандықтан сақтауды, яки Шайтан Ібілістен қорғауын сұрап дұға еткеніміз де өте маңызды. Иса дұғаны әндетіп айтқанымызды немесе оның мағынасына көңіл бөлмей, қайталай бергенімізді қалаған жоқ (Матай 6:7). Егер бала әкесімен әңгімелескенде, бір сөзді мың-сан рет қайталай берсе, қандай қарым-қатынас болған болар еді?
14. Дұғаларымызға өтініштен басқа не қосуымыз керек?
14 Дұғада тілектеріміз бен шын жүректен шыққан өтініштерімізді ғана айтып қоймай, Құдайды мадақтауға әрі ризашылығымызды білдіруге тиіспіз (Забур 33:2; 91:2; Салониқалықтарға 1-хат 5:18). Басқалар үшін де дұға етуімізге болады. Бақытсыздыққа, я болмаса қуғынға ұшыраған бір сенімдегі бауырластарымыз үшін дұға еткеніміз олардың қамын ойлайтындығымызды көрсететіндіктен, Ехобаға ұнамды (Лұқа 22:32; Жохан 17:20; Салониқалықтарға 1-хат 5:25). Сондықтан елші Пауыл былай деп жазды: “Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып, тілекпен, шүкіршілікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды” (Філіпіліктерге 4:6, 7).
ДҰҒА ЕТКЕНДЕ ТАБАНДЫ БОЛ
15. Егер дұғаларымыз жауапсыз қалғандай болып көрінсе, нені есте сақтағанымыз дұрыс?
15 Құдай туралы білім алып жатқаныңа қарамастан, кейде дұғаларыңның жауапсыз қалғанын сезуің мүмкін. Себебі белгілі дұғаларға Құдайдың жауап беретін уақыты әлі келмеген болуы мүмкін (Екклесиаст 3:1—9). Ехоба біраз уақытқа жағдайды өзгеріссіз қалдыруға жол беруі мүмкін. Бірақ, шын мәнінде, ол біздің дұғаларымызға жауап береді, ал қай уақытта жауап беру керек екенін ол жақсы біледі (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—9).
16. Неге дұғада табанды болуымыз керек және бұл Құдаймен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
16 Дұға етуде табанды болуымызбен, Құдайдан тілеген нәрселеріміздің біз үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеміз (Лұқа 18:1—8). Мысалы, Ехобадан қандай да бір әлсіздігімізді жеңу үшін көмек сұрай аламыз. Дұға етуді үздіксіз жалғастыра отырып, өтінішімізге сәйкес әрекет ететін болсақ, бұл біздің ниетіміздің қаншалықты адал екендігін көрсетеді. Тілегіміз нақты әрі шын жүректен болу керек. Әсіресе күнәға еліктірілген кездерде қайта-қайта дұға ету өте маңызды (Матай 6:13). Дұға етуімізбен қатар күнәкар бейімділігімізді тізгіндей отырып, Ехобаның көмегін көре аламыз. Бұл біздің сенімімізді әрі Құдаймен қарым-қатынасымызды нығайтады (Қорынттықтарға 1-хат 10:13; Філіпіліктерге 4:13).
17. Дұға еткеніміз Құдайға қызмет етуімізге қалай әсер етеді?
17 Ехоба Құдайға киелі қызметі атқара жүріп үнемі дұға етуге әдеттенсек, бұл қызметті өз күшімізбен атқара алмайтынымызды түсінеміз. Бұл тек Ехобаның арқасында ғана жүзеге асады (Қорынттықтарға 1-хат 4:7). Осыны түсінсек, біз кішіпейіл боламыз, сондай-ақ онымен қарым-қатынасымызды нығайтамыз (Петірдің 1-хаты 5:5, 6). Иә, дұға еткенде табанды болуға бізде барлық негіз бар. Шын жүректен айтқан дұғаларымыз, сондай-ақ сүюші көктегі Әкемізге қалай жақындауға болатынын білгеніміз бізді шынайы бақытты етеді.
ЕХОБАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС БІР ЖАҚТЫ ЕМЕС
18. Құдайды қалай тыңдай аламыз?
18 Егер Құдайдың дұғаларымызға құлақ салғанын қаласақ, біз оның айтқандарын тыңдауға тиіспіз (Зәкәрия 7:13). Ол енді адамдармен рух жетелеген пайғамбарлар арқылы сөйлеспейді, әрине, бұл үшін ол спиритизмді де қолданбайды (Заңды қайталау 18:10—12). Сөйтсе де, оның Сөзі Киелі кітапты зерттеу арқылы Құдайды тыңдай аламыз (Римдіктерге 15:4; Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Тәнімізге пайдалы асқа тәбетімізді дамыту қажет болғанындай, бізге “Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштарлық дамыту керек. Киелі кітапты күнделікті оқуыңмен рухани тағамға тәбетіңді дамыт (Петірдің 1-хаты 2:2, 3; Елшілердің істері 17:11).
19. Неге Киелі кітаптан оқығандарымыздың үстінен ой жүгірткен пайдалы?
19 Киелі кітаптан оқыған нәрселеріңнің үстінен ой жүгірт (Забур 1:1—3; 76:12, 13). Оқығаныңның мағынасын түсінуге тырыс. Бұл — тамақты сіңірумен тең. Сен рухани асты, яғни оқығаныңды бұрын білген нәрселеріңмен байланыстыра отырып қорытуыңа болады. Білген нәрсеңді өміріңде қалай қолдануыңа болатындығын немесе Ехобаның қасиеттері мен оның іс-әрекеттері жөнінде онда не айтылатындығы туралы ой жүгірт. Осылайша жеке зерттеу арқылы Ехоба беріп отырған рухани тағамды сіңіре аласың. Бұл сені Құдайға жақындатады, әрі күнделікті кездесетін қиыншылықтардың шешімін табуға көмектеседі.
20. Мәсіхшілердің қауым кездесулеріне қатысу Құдайға жақындауымызға қалай көмектеседі?
20 Сол сияқты Құдай Заңын бүкіл халық алдында оқу үшін жиналғанда, оны зер салып тыңдаған исраилдіктер іспетті мәсіхшілердің қауым кездесулерінде Құдай Сөзі талқыланып жатқанда, зер салып тыңдауыңмен де Құдайға жақындай аласың. Сол кездегі тәлімгерлер Заңдағы оқылған нәрселерді халық ұғынып, әрі өмірлерінде қолдана алулары үшін оны түсіндіріп отырған. Мұндай түсіндірмелер үлкен қуаныш әкеліп отырған (Нехемия 8:8, 12). Ендеше, Ехоба Куәгерлерінің қауым кездесулеріне үнемі қатысуға тырыс (Еврейлерге 10:24, 25). Бұл Құдай туралы білімге ие болуыңа, сондай-ақ оларды өміріңде қолдануыңа көмектеседі. Ал ол саған бақыт әкеледі. Дүниежүзілік мәсіхшілер бауырластығы Ехобамен жақын қарым-қатынаста қалуыңа көмектеседі. Сондай-ақ ендігі тараудан көретініміздей, Құдай халқының арасынан сенімді пана таба аласың.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Неге саған Ехобаға жақындау керек?
Құдайға жақындау үшін не қажет?
Сен не туралы дұға ете аласың?
Неге дұға еткенде табанды болу керек?
Ехобаны бүгінгі күні қалай тыңдауға болады?
[Бүкіл бетке орналасқан 157-беттегі сурет]