Өнегелілік тазалықты сақтауға болады
“Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз” (1 ЖОХАН 5:3).
1. Бүгінгі күні адамдардың іс-әрекеттерінен қандай айқын қарама-қайшылықты көруге болады?
КӨП УАҚЫТ бұрын Малахия пайғамбар Құдайдың қызметшілерінің іс-әрекеті Құдайға қызмет етпейтіндердің іс-әрекетінен қатты ерекшеленетін уақыт келетінін Құдайдың рухының жетелеуімен алдын ала айтқан болатын. Ол былай деп жазды: “Сонда әділ адам мен құдайсыздың, Құдайға қызмет ететін адам мен Оған қызмет етпейтін адамның айырмашылығын қайтадан көресіңдер” (Малахия 3:18). Осы пайғамбарлық бүгінгі күні орындалып жатыр. Өнегелілік тазалықты сақтау талабы да жататын Құдайдың өсиеттерін ұстану — дана да дұрыс жол. Бірақ бұл барлық уақытта бірдей оңайға соқпайды. Құтқарылу үшін мәсіхшілер бар күштерін салуы керек деп Иса бекерге айтқан жоқ (Лұқа 13:23, 24).
2. Сырттан болатын қандай әсерлер кейбіреулердің өнегелілік тазалықты сақтауларын қиындатады?
2 Өнегелілік тазалықты сақтау неліктен қиын? Қиын болуының бір себебі — сырттан болатын әсерлер. Көңіл көтеру саласы заңсыз жыныстық қатынасты еліктіріп әкететін, рахатқа бөлейтін және есейгендікті білдіретін нәрсе ретінде суреттейді де, оның шын мәніндегі зиянды зардаптарын ескермейді (Ефестіктерге 4:17—19). Көбінесе некеде тұрмаған адамдардың арасындағы жыныстық қатынас көрсетіледі. Фильмдер мен телешоуларда жиі бір-біріне жауапкершілік жүктейтін міндеттері жоқ, кездейсоқ кездескен адамдардың арасындағы жыныстық қатынастарды көрсетеді. Бір-біріне деген ыстық сезім, өзара құрмет деген нәрселер әдетте болмайды. Көп адамдар мұндай нәрсені бала күнінен көріп өседі. Сондай-ақ, бүгінгі өнегелілік босаңсыған заманның ағымына түсуге айналадағы адамдар қатты қысым көрсетеді және оған көнбегендерді кейде келемеждейді, тіпті балағаттайды (1 Петір 4:4).
3. Осы дүниедегі көптеген адамдардың өнегесіздікке салынуының кейбір себептері қандай?
3 Өнегелілік тазалықты сақтауға өзіміздің болмысымыз да кедергі жасайды. Құдай адамзатты жыныстық қатынасқа деген құштарлықпен жаратқан және бұл құштарлық өте күшті болуы мүмкін. Құштарлығымыз көбінесе біздің не туралы ойлайтынымызға байланысты туады, ал өнегесіздік болса Ехобаның ойына қайшы ойлармен байланысты (Жақып 1:14, 15). Мысалы, “Британияның медициналық журналында” жарияланған жақында жүргізілген сұрауға сәйкес, жыныстық қатынасқа бірінші рет түскендердің көбісі қызық көргендіктен түскен. Өзгелері құрбыларының көпшілігі жыныстық қатынаста болып жүр деп ойлап, өздері де бетін ашқылары келген. Үшінші біреулері өздерінің сезімдерінің жетегінде кеткенін немесе “сол сәтте аздап қызу болғандарын” айтты. Егер Құдайға жаққымыз келсе, біз басқаша ойлауымыз керек. Өнегелілік тазалықты сақтауымызға қандай ой қалпы көмектеседі?
Берік сенімділік қажет
4. Өнегелілік тазалықты сақтау үшін не істеуіміз керек?
4 Өнегелілік тазалығымызды сақтау үшін мұндай өмір жолының күш салуға тұрарлық екенін түсінуіміз керек. Бұл елші Пауылдың Римдегі мәсіхшілерге жазған сөздеріне сай келеді. Ол: “Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар”,— деген еді (Римдіктерге 12:2). Өнегелілік тазалықты сақтау күш салуға тұрарлық екенін түсіну тек өнегесіздікті Құдай Сөзінің айыптайтынын білу ғана емес. Оған өнегесіздіктің неліктен айыпталатынын және одан аулақ болғанның қандай пайдасы барлығын білу де жатады. Өнегесіздіктің айыпталу себептерінің кейбіреулері өткен мақалада талқыланған болатын.
5. Мәсіхшілердің өнегелілік тазалықты сақтауды қалауларының ең басты себебі не болуы керек?
5 Алайда, мәсіхшілер үшін жыныстық өнегесіздіктен аулақ болудың ең басты себебі Құдаймен қарым-қатынасқа байланысты. Біз Құдайдың біз үшін ненің жақсырақ екенін білетінін түсіндік. Оған деген сүйіспеншілігіміз жаман нәрсені жек көруімізге көмектеседі (Забур 96:10). Құдай берген “қай нәрсе де игі” (Жақып 1:17). Ол бізді сүйеді. Мойынсұнуымыз арқылы оны сүйетінімізді және оның біз үшін жасап жатқан нәрселерінің барлығын да бағалайтынымызды көрсетеміз (1 Жохан 5:3). Әділ бұйрықтарын бұзу арқылы Ехобаны ренжітіп жүрегін ауыртқымыз келмейді (Забур 77:41). Қасиетті де әділ мінажатына тіл тиюіне себеп болатындай әрекет еткіміз келмейді (Титке 2:5; 2 Петір 2:2). Өнегелілік тазалықты сақтау арқылы Ең Жоғары Құдайымызды қуантамыз (Нақыл сөздер 27:11).
6. Өзіміз ұстанатын өнегелілік нормаларын өзгелерге білдіргеніміздің қандай көмегі бар?
6 Өнегелілік тазалықты сақтауға бел буған соң, өзіміздің шешімімізді өзгелерге білдіргеніміз де біз үшін қорғаныш болады. Сенің Ехоба Құдайдың қызметшісі екеніңді және оның жоғары нормаларын сақтауға бел буғаныңды өзгелер білетін болсын. Әңгіме сенің өмірің, тәнің және сенің талғамың жайлы болып отыр. Олай етуіміз неліктен маңызды? Сенің көктегі Әкеңмен арадағы бағалы қарым-қатынасың осыған байланысты. Сондықтан өнегелілік тазалығыңды еш бұзғың келмейтінін оларға анық жеткіз. Құдайдың принциптерін ұстану арқылы оның есімін даңқтау — біз үшін мақтаныш (Забур 63:11). Ұстанып жүрген өнегелілік нормаларды өзгелермен талқылауға ешқашан да ұялма. Егер бұл жайында ашық айтатын болсаң, бұл сені нығайта түседі, қорғаныш болады және өзгелердің саған еліктеуіне себеп болады (1 Тімотеге 4:12).
7. Өнегелілік тазалықты сақтаймыз деген шешімімізді қалай берік ұстануымызға болады?
7 Жоғары өнегелілік норманы ұстануға бел буып, оны өзгелерге білдірген соң, өзіміздің шешімімізді берік ұстануға тырысуымыз керек. Ол үшін, достар таңдағанда абай болу керек. “Ақылдымен араласқан ақылды болады”,— дейді Киелі кітап. Өнегелілік құндылықтарды сен сияқты бағалайтындармен аралас; мұндай қарым-қатынас сені нығайта түседі. Осы тармақта және былай делінген: “Ал кім ақымақпен дос болса — азғындық жолға түседі” (Нақыл сөздер 13:20). Мүмкіндігінше, саған кері әсер етуі мүмкін адамдардан аулақ жүр (1 Қорынттықтарға 15:33).
8. а) Неліктен санамызды пайдалы нәрселермен толтыруымыз керек? ә) Не нәрседен аулақ болуымыз керек?
8 Сондай-ақ санамызды күллі шынайы да игі, әділ де таза, ұнамды да, тартымды, адамгершілікті де мақтаулы нәрселермен толтыруымыз керек (Філіпіліктерге 4:8). Не көретінімізді, оқитынымызды және қандай әуен тыңдайтынымызды таңдай білсек, біз осылай етеміз. Өнегесіздік туралы әдебиеттің бізге кері әсері болмайды деу өнегелі әдебиет бізге жақсы әсер етпейді дегенмен бірдей. Кемелсіз адамның өнегесіздікке оп-оңай салынып кетуі мүмкін екенін ұмытпа. Жыныстық қатынасқа деген құмарлықты оятатын кітап, журналдар, фильм және әуендердің әсерінен бұрыс нәрсені қалап, ол ақырында күнәға итермелеуі мүмкін. Өнегелілік тазалықты сақтау үшін санамызды Құдайдың даналығымен толтыруымыз керек (Жақып 3:17).
Өнегесіздікке бастайтын қадамдар
9—11. Сүлейменнің айтуынша жас жігітті өнегесіздікке қандай қадамдар алып барды?
9 Көбінесе, өнегесіздікке жетелейтін қадамдарды анық көрсетуге болады. Әр қадам сайын артқа қайта оралу қиындай түседі. Бұның Нақыл сөздер 7:6—23 тармақтарда қалай суреттелгеніне көңіл аударшы. Сүлеймен “жүрегін жоғалтқан”, немесе адал ниетін жоғалтқан, жас жігітті бақылайды. Жас жігіт “оның [жезөкшенің] бұрышына жақын көшенің бойымен, оның үйіне қарай келе жатты, ол кеш түсіп ымырт жабылған... кез еді”. Бұл оның бірінші қателігі болатын. Ымырт жабылған уақытта “жүрегі” оны қандай да болсын басқа көшеге емес, әдетте жезөкшені кездестіруге болатын көшеге алып жүрді.
10 Әрі қарай мынаны оқимыз: “Қараңдар! Оның алдында жезөкшеше киінген зұлым жүректі әйел тұр”. Міне, ол әйелді көрді! Оның кері бұрылып үйіне кетіп қалуына болар еді, бірақ енді бұл, әсіресе ол жігітке өнегелілік тұрақтылық жетіспейтін болғандықтан, алғашқыға қарағанда қиындау. Жезөкше әйел оны бас салып сүйе бастады. Оның аймалауына қарсыласпаған жігіт қазір оның азғырған сөздерін тыңдап тұр. Ол: “Менде бүгін татулық құрбандығы. Бүгін мен уәдемді атқардым”,— дейді. Татулық құрбандығына ет, ұн, май және шарап жататын (Леуі 19:5, 6; 22:21; Санақ 15:8—10). Сол себепті бұл сөздерді айтуымен ол, рухани күйін жоғалтпағанын және сонымен қатар үйінде ішіп-жейтін дәмді нәрселердің көп екенін білдіргісі келген болуы мүмкін. “Кел”,— деп өтінді ол жігіттен,— “таңға дейін махаббаттың құмарынан шығайық; бір-бірімізді аймалап, ләззат алайық”.
11 Істің немен аяқталатынын түсіну қиын емес. “Майда сөздерімен оны азғырды”. Ол “сойылуға келе жатқан бұқа сияқты” және “тұзаққа түсуге асыққан құс сияқты” оның үйіне келе жатыр. Сүлеймен: “Оның [тұзақтың] өзінің өліміне қойылғанын білмейді”,— деген ой салатын сөздермен аяқтайды. Оның өмірі тұзаққа түсті, өйткені “азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек” (Еврейлерге 13:4). Ерлер мен әйелдер үшін қандай керемет сабақ десеңші! Біз Құдайдың айыптауына алып баратын жолға қарай тіпті алғашқы қадам жасаудан да сақ болуымыз керек.
12. а) “Жүрегін жоғалтқан” деген сөз тіркесі нені білдіреді? ә) Өнегелілік тұрақтылықты қалай дамыта аламыз?
12 Жоғарыда айтылған жас жігіттің ‘жүрегін жоғалтқанына’ көңіл бөліңдерші. Бұл сөз тіркесі оның ойлары, ниеті, жүрек қалауы, сезімдері мен өмірдегі мақсаттары Құдайдың еркіне сай болмағанын көрсетеді. Өнегелілік нормаларын ұстана алмағаны оны қайғылы жағдайға ұшыратты. Қиын-қыстау “соңғы дәуірде” өнегелілік нормаларын ұстану үшін күш салу қажет (2 Тімотеге 3:1). Бірақ Құдай бізге көмек ұсынып отыр. Ол тура жолмен жүруге күш беретін және мақсаттары біздікіндей өзге де адамдармен қарым-қатынаста болуымызға мүмкіндік беретін мәсіхшілер қауымының жиналыстары өтуін қарастырды (Еврейлерге 10:24, 25). Қауымдарда бақташы іспетті біздерге қамқорлық жасайтын және әділдік жолына үйрететін қариялар бар (Ефестіктерге 4:11, 12). Бізде қадамымызға бағыт беретін Құдай Сөзі — Киелі кітап бар (2 Тімотеге 3:16). Сондай-ақ, барлық уақытта Құдайдың киелі рухының көмегін өтініп, дұға етуге мүмкіндігіміз бар (Матай 26:41).
Дәуіттің күнәларынан сабақ алу
13, 14. Дәуіт патшаның ауыр күнә жасауына не себеп болды?
13 Өкінішке орай, тіпті Құдайдың таңдаулы қызметшілері де жыныстық өнегесіздікке ұрынған. Ондай кісілердің бірі бірнеше онжылдықтар бойы Құдайға адал қызмет істеген Дәуіт патша болған. Оның Құдайды қатты сүйгеніне күмән жоқ. Бірақ ол бір жолы күнәға бастайтын жолға түсті. Сүлеймен суреттеген жас жігіт сияқты, Дәуіт те күнәға жетелеген, соңынан күнәсын ауырлата түскен қадамдар жасады.
14 Ол кезде Дәуіт орта жасқа келіп қалған еді, мүмкін елуден енді асқан болса керек. Сарайының төбесінен ол шомылып жатқан сұлу Барсабияны көреді. Дәуіт ол туралы сұрастырып, кім екенін біліп алады. Ол оның күйеуі Ұрияның аммондықтардың қаласы Раббаны қоршауға алғандардың арасында екенін білді. Дәуіт оны өзінің сарайына алдырып, төсекте бірге болды. Кейінірек жағдай қиындай түсті, өйткені ол әйел Дәуіттен жүкті болып қалған еді. Түнді әйелімен бірге өткізеді деп үміттенген Дәуіт Ұрияны соғыстан шақыртып алады. Осылайша, Барсабияның баласының әкесі Ұрия болып шыға келер еді. Бірақ Ұрия үйіне бармады. Қайткен күнде де күнәсын жасыруға тырысқан Дәуіт, әскер басына Ұрияны жаулары өлтіретіндей жерге қоюды бұйырып хат жазып, Ұрияның өзінен беріп жібереді. Осылайша, Ұрия қайтыс болды да, екіқабат екенін елдер білмей тұрып Дәуіт оның жесіріне үйленіп алды (2 Патшалық 11:1—27).
15. а) Дәуіттің күнәсы қалай ашылды? ә) Натан шеберлікпен күнәсын бетіне басқанда, Дәуіт оны қалай қабылдады?
15 Өзінің күнәсын жасырғысы келген Дәуіттің жоспары іске асқандай көрінді. Бірнеше ай өтті. Барсабия ұл тапты. Егер Забурдың 31-жырында Дәуіт осы жайды жазған болса, оны ар-ұжданы қинағаны анық (Забур 31:3—5). Бірақ ол күнәсын Құдайдан жасырып қала алмады. Киелі кітапта: “Жаратқан Иенің көз алдында Дәуіттің істеген бұл қылығы сұмдық болды”,— делінген (2 Патшалық 11:27). Ехоба Натан пайғамбарды жіберді де, ол Дәуіттің қылығын шеберлікпен бетіне басты. Дәуіт бірден өкініш білдіріп, кешірім өтініп Ехобаға дұға етті. Шын жүректен өкінгенінің арқасында ол Құдаймен татуласты (2 Патшалық 12:1—13). Дәуіт күнәсын бетіне басқанға ренжіген жоқ. Оның көзқарасы Забур 140:5-те суреттелген: “Әділ адам жазаласын мені: бұл — мейірімділік; мені әшкерелесін: бұл — менің басыма залалы жоқ жақсы май”.
16. Сүлеймен күнәға байланысты қандай ескерту мен кеңес берді?
16 Дәуіт пен Барсабияның екінші ұлы Сүлеймен әкесінің өміріндегі осы бір қайғылы жағдай туралы ойланған болса керек. Кейінірек ол былай деп жазды: “Өзінің қылмыстарын жасырған адам табысқа жетпейді, ал кім мойындап, қайта істемейтін болса, ол кешіріледі” (Нақыл сөздер 28:13). Егер ауыр күнә жасап қойған болсақ, ескерту және кеңес болып табылатын Құдайдың рухының жетелеуімен жазылған осы өсиеттерді орындауымыз керек. Біз Ехобаға өкінгенімізді көрсетуіміз керек және көмек сұрап қауым қарияларына баруымыз керек. Олардың маңызды міндеттерінің бірі күнә жасап қойғандардың түзелуіне көмектесу болып табылады (Жақып 5:14, 15).
Күнәның зардабын бастан кешу
17. Ехоба күнәны кешіргенімен не нәрседен қорғап қалмайды?
17 Ехоба Дәуітті кешірді. Кешіруіне не себеп болды екен? Өйткені Дәуіт әділ, өзгелерге мейірімді болған және ол шын жүректен өкінді. Сөйткенмен де Дәуіт жаман қылығының зардабын бастан кешті (2 Патшалық 12:9—14). Бүгін де солай. Ехоба күнәсына өкінген адамдарды жазаламағанымен, оларды жаман қылықтарының зардабынан қорғамайды (Ғалаттықтарға 6:7). Жыныстық өнегесіздіктің салдары ажырасу, өз қалауынсыз жүкті болып қалу, жыныстық қатынас арқылы берілетін ауру және өзгелердің сенімі мен құрметін жоғалту болуы мүмкін.
18. а) Пауыл Қорынттағы қауымға жыныстық қатынасқа байланысты жаман қылық істеген адамға не істеу керек деп айтты? ә) Ехоба күнәкарларға қалай сүйіспеншілік пен мейірім танытады?
18 Егер ауыр күнә жасаған болсақ, жасаған күнәмыздың салдарынан азап шеккенде, ұнжырғамыз түсіп, жеңіл сары уайымға салынуымыз мүмкін. Бірақ, еш нәрсе де шын жүректен өкініп, Ехобамен қайта татуласуымызға кедергі болмауы керек. Бірінші ғасырда Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге туысымен азғындыққа барып жүрген адамды қауымнан шығарып жіберіңдер деп жазды (1 Қорынттықтарға 5:1, 13). Ол адам істеген ісіне шын жүректен өкінген соң Пауыл қауымға: “Оны кешіріп, жігерлендіргендерің дұрыс болар... оған сүйіспеншіліктеріңді көрсетіңдер”,— деп кеңес берді (2 Қорынттықтарға 2:5—8). Құдайдың рухының жетелеуімен берілген бұл кеңестен біз күнәсы үшін өкінгендерге деген Ехобаның сүйіспеншілігі мен мейірімін көреміз. Күнәкар өкініш білдіргенде көктегі періштелер қуанады (Лұқа 15:10).
19. Теріс қылығымыз үшін жөнімен қайғырғанымыз қай жағынан пайдалы?
19 Теріс қылығымыз үшін қайғырсақ та, өкінгеніміз ‘сақтанып, теріс жолға [қайтадан] бұрылмауымызға’ көмектеседі (Аюп 36:21). Күнәның ащы зардабы бізді қателікті қайталаудан сақтауы керек. Сондай-ақ Дәуіт күнәлы ісінің салдарынан болған қайғылы жағдайын өзгелерге сабақ ретінде қолданды. Ол былай деген еді: “Әділетсіздерге жолыңды нұсқайын, күнәкарлар Саған бұрмақ беттерін” (Забур 50:15).
Ехобаға қызмет ету бақытқа бөлейді
20. Құдайдың әділ талаптарын орындағанның қандай пайдасы бар?
20 Иса: “Құдай сөзін естіп, оны орындаушылар... бақытты”,— деп айтқан болатын (Лұқа 11:28). Құдайдың әділ талаптарын орындау қазір бақытты етеді және шексіз болашақта да бақытқа бөлейді. Егер осы уақытқа дейін өнегелілік тазалығымызды сақтап келген болсақ, Ехобаның бізге көмек ретінде қолданып отырған шараларының бәрін пайдаланып, әрі қарай да сақтайық. Ал егер өнегесіздік қылық істеп қойған болсақ, Ехобаның шын жүректен өкінгендерді кешіруге дайын екендігін білгендіктен жұбаныш тауып, күнәны қайталамауға бел буайық (Ишая 55:7).
21. Петірдің қандай ескертулеріне құлақ асқанымыз өнегелілік тазалықты сақтауымызға көмектеседі?
21 Жақында бұл әділетсіз дүние өзінің өнегесіз көзқарастарымен және істерімен бірге жойылады. Біз болсақ өнегелілік тазалығымызды сақтағанымыздың пайдасын қазір және мәңгі көреміз. Елші Петір былай деп жазып қалдырған: “Сонымен, қымбатты бауырластар, бұларды күтіп жүргендіктен, Оның [Құдайдың] сендерді мүлтіксіз пәк таза, тыныштықпен өмір сүрді деп табуы үшін осыған жан сала ұмтылыңдар!.. Бұны алдын ала біліп, сақ болыңдар: ұяты жоқ, тура жолдан адасқан адамдарға ілесіп, берік негіздеріңнен айырылып қалып жүрмеңдер!” (2 Петір 3:14 [ЖД], 17).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Өнегелілік тазалықты сақтау неліктен қиын болуы мүмкін?
• Жоғары өнегелілік нормаларын сақтаймыз деген шешімімізде тұруға көмектесетін кейбір жолдар қандай?
• Сүлеймен әңгіме еткен жас жігіттің күнәсынан қандай сабақ ала аламыз?
• Өкінуге байланысты Дәуіттің үлгісінен не нәрсеге үйренуімізге болады?
[25-беттегі сурет]
Өзгелерге өнегелілікке байланысты көзқарасымызды білдіргеніміз қорғаныш болады
[28-29-беттердегі суреттер]
Шын жүректен өкінгені үшін Ехоба Дәуітті кешірді