Жаратушыңды есіңнен шығарма!
«...ауыр күндер мен жылдар келмей тұрып, Жаратушыңды жас күніңде есіңнен шығарма» (ЕККЛЕСИАСТ 12:1).
1. Өз өмірін Құдайға арнаған жастар өздерінің жастық шағы мен күш-қуатын қалай пайдалануы керек?
ЕХОБА, қызметшілері оның еркін орындауы үшін оларға күш береді (Ишая 40:28—31). Ол күш бергенде адамның жасына қарамайды. Дегенмен өз өмірін Құдайға арнаған жастар үшін жастық шағы мен күш-қуатын ақылмен пайдаланғанның маңызы ерекше. Сол себепті де олар ерте заманда Исраилдің патшасы болған Сүлейменнің кеңестеріне үлкен ықылас қояды. Ол: «„Бұлардан маған еш рақат жоқ!“ деп налитын ауыр күндер мен жылдар келмей тұрып, Жаратушыңды жас күніңде есіңнен шығарма»,— деп шақырған еді (Екклесиаст 1:1; 12:1).
2. Құдайға шын берілген мәсіхшілердің балалары қандай іс-әрекет жасауы керек?
2 Жаратушыны жас күнінде ұмытпау жөніндегі Сүлейменнің шақыруы ең алдымен исраилдік бозбалалар мен қыз балаларға арналған болатын. Олар туылған кезінен бастап Ехобаның халқы болып есептелетін. Қазір өмір сүріп отырған Құдайға шын берілген мәсіхшілердің балалары жайында не айтуға болады? Әрине, олар Жаратушысын ұмытпауы керек. Осынысымен олар Құдайға құрмет көрсетеді, әрі бұл олардың өздеріне пайдалы (Ишая 48:17, 18).
Ертеден қалған тамаша үлгілер
3. Жүсіп, Самуил, Дәуіттер қандай үлгі көрсетті?
3 Киелі кітапта мысал ретінде жазылған жастардың өмірлерінен Жаратушымызды қалай есімізден шығармауға болатыны көрінеді. Жақыптың ұлы Жүсіп Жаратушысын бала күнінен есінде ұстаған. Потифардың әйелі бір төсекте болуды ұсынып, теріс қылыққа итермек болғанда, ол үзілді-кесілді бас тартып: «Мен қалайша осындай ауыр қылмыс жасап, Құдайға қарсы шығып, күнәлы болмақпын?» — деді (Жаратылыс 39:9). Леуі ұрпағынан шыққан Самуил Жаратушысын бала күнінде ғана емес, өмір бойы есінен шығармаған (1 Патшалық 1:22—28; 2:18; 3:1—5). Бетлехемдік бозбала Дәуіт те Жаратушысы жайында ойланатын болған. Філістірлік дәу Ғолиятқа қарсы шығып: «Сен маған қарсы семсер, найза, қалқаныңмен шықсаң, мен саған қарсы сен қорлаған Исраил әскерінің Құдайы Саваоф Тәңірдің есімімен шығып отырмын. Міне, бүгін Тәңір сені менің қолыма береді, мен сені өлтіріп, басыңды кесемін... Сонда осында жиналғандардың барлығы Тәңірдің семсер мен найза қолданбай-ақ құтқаратынын білетін болады, өйткені бұл — Тәңірдің соғысы, Ол сендерді біздің қолымызға береді»,— деген кезде, оның Құдайға деген сенімі айқын көрінді. Көп ұзамай Ғолият мерт болды да, філістірлер қаша жөнелді (1 Патшалық 17:45—51).
4. а) Сириялықтар тұтқынға алған исраилдік қыз бен өрімдей Жосия патшаның Ехобаны есінен шығармағаны неден көрінеді? ә) Жаратушысын есінде ұстағанын он екі жасар Иса қалай көрсетті?
4 Тұтқынға алынған кішкентай исраилдік қыз да Жаратушысын есінен шығарған жоқ. Сирия әскерінің қолбасшысы болған Нағыман әйеліне айтылған осы қыздың тамаша уағызының арқасында Құдайдың пайғамбарына барды. Сөйтіп ол алапес ауруынан айығып, Ехобаға мінажат ететін болды (4 Патшалық 5:1—19). Өрімдей Жосия патша шынайы мінажат үшін батылдықпен күресті (4 Патшалық 22:1—23:25). Дегенмен балғын жаста Жаратушыны естен шығармаудың ең жақсы үлгісін назареттік Иса көрсеткен болатын. Ол он екі жасқа толғанда не болғанына көңіл аударшы. Оны ата-анасы Иерусалимде өтетін Құтқарылу мейрамына ертіп барады. Үйге қайтып бара жатқан кезде Исаның жоқ екенін байқап, олар қайта оралады. Үш күннен соң Исаны ғибадатханада ұстаздармен рухани сауалдарды талқылап отырған жерінен табады. Әбден зәре-құты қашқан анасының сұрағына ол былай деп жауап береді: «Сіздер Мені неге іздедіңіздер? Мен Әкемнің ісімен шұғылдануға [«үйінде болуға», ЖД] тиістімін, әлде мұны білмейсіздер ме?» (Лұқа 2:49). Әкесінің үйінде, яғни ғибадатханада, алған рухани жағынан маңызы зор бұл білімдер Исаға пайдасын тигізді. Ал қазіргі кезде Жаратушымыз жайында тура білім алуға болатын жер — Патшалық сарайы.
Ехобаны бүгін есіңнен шығарма!
5. Сүлейменнің Екклесиаст 12:1-де жазған сөздерін өз сөздеріңмен қалай айтып берген болар едіңдер?
5 Өзінің Ехобамен қарым-қатынасын бағалайтын адам Оған қызмет етуді мүмкіндігінше ертерек бастап, қалған өмірінің бәрін соған арнағысы келеді. Алайда Жаратушысын есінде сақтамағандықтан жастық шағын бостан-босқа өткізген адамды болашақта не күтіп тұр? Екклесиасттың Құдай рухының жетелеуімен айтқан сөздеріне көңіл аударшы: «Бұдан маған еш рақат жоқ!» — деп налитын ауыр күндер мен жылдар келмей тұрып, Жаратушыңды жас күніңде есіңнен шығарма» (Екклесиаст 12:1).
6. Қарт Шимон мен Аннаның Жаратушыны естерінен шығармағаны неден көрінеді?
6 Кәріліктің «ауыр күндері» кімге ұнасын? Дегенмен Жаратушысын естерінен шығармай жүрген қарттар қуанышқа бөленуде. Мысалы, қарт Шимон, ғибадатханада, жаңа туылған нәресте — Исаны қолына алып, асқан қуанышпен: «Ей, Жаратқан Ием. Енді мендей пендеңді Өзің айтқандай, жақсылықпен о дүниеге аттандырасың. Күллі ұлттар үшін жіберген Құтқарушыңды — Өзіңе бағынбаған ұлттардың көзін ашатын, Халқың Исраилдің абыройын көтеретін Нұрыңды өз көзіммен көрдім ғой»,— деген болатын (Лұқа 2:25—32). Сексен төрт жастағы Анна да Жаратушысын есінен шығармаған еді. Ол күні-түні ғибадатханадан шықпайтын. Нәресте Исаны ғибадатханаға әкелгенін көрген ол, «...сол сәтте-ақ келіп, Жаратқан Иеге мақтау айтты да, Иерусалимде құтқарылуды күткендердің бәріне осы Нәресте туралы сөз айтты» (Лұқа 2:36—38).
7. Ехобаға кәрілік жеңгенге дейін қызмет еткендер қандай жағдайда?
7 Құдайға кәрілік жеңгенге дейін қызмет еткен бүгінгі Ехоба Куәгерлері қарт адамдарға тән ауру мен дәрменсіздіктен қиналуы мүмкін. Дегенмен олар қандай бақытты және олардың адал қызметі біз үшін қандай қымбат! Ехобаның жерге ешкім жеңе алмайтын күш жібергенін және Иса Мәсіхті аспанда құдіретті Патша етіп тағайындағанын білетін олар, «Тәңірдің алдында қуанышқа» бөленуде (Нехемия 8:10). Қазір жастар үшін де, кәрілер үшін де «Бозбалалар мен қыз балалар, қарттар мен балалар Тәңірдің есімін мадақтасын, себебі Оның бір өзінің ғана есімі дәріптеулі, Оның даңқы жер мен көкте» деген сөздерді орындайтын уақыт (Забур 148:12, 13).
8, 9. а) «Ауыр күндердің» кімдер үшін еш рақаты жоқ және не себепті? ә) Екклесиаст 12:2-ні қалай түсіндірген болар едіңдер?
8 Жаратушысы жайында ойланбайтын әрі оның тамаша ниеттерін білмейтіндер үшін, кәріліктің «ауыр күндерінен» еш рақат жоқ немесе оған шыдау тіпті қиын. Кәріліктің ауыртпалықтарына, сондай-ақ шайтан жерге қуылғалы бері адамзат бас көтере алмай жатқан қайғы-қасіретке қарсы тұратындай олар рухани нәрселерді түсінбейді (Аян 12:7—12). Екклесиасттың бізді «күн мен жарық, ай мен жұлдыздар қара көлеңкеленіп, жауыннан соң қара бұлт қайта қаптамай тұрғанда» Жаратушымызды есімізде сақтауға шақырып отырған себебі, міне, осы (Екклесиаст 12:2). Бұл сөздерді қалай түсінуге болады?
9 Жастық шақты Сүлеймен палестинаның жазына, яғни күннің, айдың және жұлдыздардың жарығы бұлтсыз, ашық аспаннан түсетін кезеңге теңеп отыр. Бұл кезде айналадағының бәрі керемет болып көрінеді. Ал қартайған кезде, адамның күні суық, жауын-шашынды қыс мерзімі секілді, яғни жағымсыз жағдайлар нөсер сияқты құяды да тұрады (Аюп 14:1). Жаратушысын біле тұра өмірінің жаз айларын оған қызмет етуге арнамаған адам қалай өкінеді десеңші! Қартайған кезде, немесе өмірдің қысқы мерзімі келгенде, бәрі қара көлеңкеге айналады. Бұл әсіресе жас күнінде не болса соған ұмтылған әрі бос әурешілікпен айналысамын деп Ехобаға қызмет етуге болатын мүмкіндіктен айырылып қалғандар үшін ауыр. Сонда да болса, жасымызға қарамай, Мұса пайғамбардың адал серігі Халев сияқты, «Тәңірдің айтқандарын мүлтіксіз орындағаймыз» (Ешуа Набын 14:6—9).
Кәріліктің жемісі
10. а) «Үйдің сақшылары» деп нені айтып отыр? ә) «Қара күштің иелері» деп отырғаны не нәрсе?
10 Сүлеймен әрі қарай «сол күні» болатын қиыншылықтарды былай суреттеп отыр: «Үйдің сақшылары дірілдеп, қара күштің иелері бүгілген кезде; диірмен тартып отырғандар жұмысын тоқтатады, өйткені олар азайып қалған; терезеден қарағандар түнереді» (Екклесиаст 12:3). «Үй» деп отырғаны — адамның денесі (Матай 12:43—45; 2 Қорынттықтарға 5:1—8). «Үйдің сақшылары» дегені — денені қорғап, қажеттіліктерін қанағаттандырып отыратын қолдар. Дәрменсіздік, күйгелектік, одан қалса сал ауруының кесірінен қартайған адамның қолы көбінесе дірілдейді. «Қара күштің иелері» деп отырғаны — аяқтар. Мұндай кезде аяқ мықты бағана сияқты емес; әл-дәрмені кетіп, бүгіліп, одан қалса сүйретіліп, әрең жүреді. Дегенмен қауым кездесулерінде қарт бауырластарымызды көргенде біздің бойымызды қуаныш билемейді ме?
11. Бейнелеп айтқанда, «диірмен тартып отырғандардың жұмысы тоқтаған», «терезеден қарағандар» деп нелерді айтуға болады?
11 «Диірмен тартып отырғандар жұмысын тоқтатады, өйткені олар азайып қалған». Бұл нені білдіреді? Бұл — шірігендіктен не түсіп қалғандықтан ауыздағы тістің азайғандығы; адам кейде тіпті қызыл иек болып қалады. Қатты тағамды шайнау «жұмысы» қиындап, тіпті шайнау мүмкін болмай қалады. «Терезеден қарағандар» — көздер, сондай-ақ жалпы көру қабілеті — «түнереді», тіпті көрмей қалмаса.
12. а) «Көшеге шығатын есік жабылады» деген нені білдіреді? ә) Патшалық жайында уағыз айтып жүрген қарт бауырластарымыз туралы не ойлайсыңдар?
12 Екклесиаст әрі қарай: «Көшеге шығатын есік жабылады; еркек тастың [«диірменнің», ЖД] үні өшеді, әтештің шақырғанынан оянады және қыздардың әуені өшеді [«әуенінің дыбысы бәсеңдейді», ЖД]»,— деп жалғастырып отыр (Екклесиаст 12:4). Құдайға қызмет етпей жүрген қарттардың ауыздарының «есігі» — ерні — «үйде», немесе денесінде, не болып жатқанын айтып жеткізу үшін оңайлықпен ашылмайды не тіпті ашылмайды. Ешқандай ой-пікір «көшеге», яғни қоғам өміріне, шықпайды. Ал бар ынтасымен қызмет етіп жүрген Патшалықты жариялаушы қарт бауырластарымыз жайында не айтуға болады? (Аюп 41:6). Мүмкін олар үйден-үйге жүріп уағыз айтқанда жай жүретін болар, оларға сөйлеу де оңай емес шығар, дегенмен олардың Ехобаны мадақтап жүргеніне дау жоқ! (Забур 112:1).
13. Қарттардың басқа да қиыншылықтарын Екклесиаст қалай суреттеп отыр, ал, бірақ, қарт мәсіхшілер жайында не айтуға болады?
13 Еркек тастың [«диірменнің», ЖД] үні өшеді, яғни адам тамақты қызыл иегімен шайнайтын болады. Ұйқысы болса сергек. Тіпті құстардың сайраған даусының өзі қарт адамның мазасын алады. Қарт адамның ән салуы да сирейді, нақышына келтіріп ән айту деген қалған. «Қыздардың әуені өшеді [«әуенінің дыбысы бәсеңдейді», ЖД]», яғни әуен болар-болмас қана естіледі. Орындалып жатқан әуен мен өлеңді олар нашар естиді. Дегенмен егде жастағы майланған бауырластарымыз бен олардың серіктері Құдайды мадақтау үшін мәсіхшілердің кездесулерінде айтылып жатқан өлеңдерге қосылуда. Ал олардың кейбіреулерінің жасы болса біразға барып қалған. Олардың бізбен бірге қауым кездесулерінде Ехобаны мадақтағаны бізді қандай қуантады десеңші! (Забур 149:1).
14. Қарттар неден қорқады?
14 Әсіресе Жаратушысына немқұрайды қарап жүрген қарттар қандай аянышты халде! Екклесиаст былай дейді: «Биіктен қорқады, көшеге шығу үрей тудырады; бадам ағашы шешек атады, көк шегіртке ауырлайды және кеуел жемісін шашады, өйткені адам өзінің мәңгі үйіне кетіп барады, жоқтау айтушы әйелдер де оны қоршауға дайын» (Екклесиаст 12:5). Қарттардың көпшілігін баспалдақтың жоғарғы жағында тұрғанда құлап кетемін бе деген үрей билейді. Тіпті бір биік нәрсеге қарағанда басы айналатын сәттер де болып тұрады. Құжынаған адамға толы көшеге шығу керек болған кезде, жарақат алып қаламын ба, әлде біреу тонап кетеді ме деп қарттардың зәресі қалмай қорқады.
15. «Бадам ағашы шешек атады» және «көк шегіртке ауырлайды» дегенді қалай түсінуге болады?
15 Қартайған кезде «бадам ағашы шешек атады». Бұл, адамның шашына ақ кіріп, сосын бірте-бірте шаштың аппақ қар сияқты ағаратынын білдірсе керек. Бадамның ақ гүлдері секілденіп, ағарған шаштар «түсіп қалады». Жүріс «ауырлайды», екі бүктеліп, екі қол салбырап қалады, ал қолдарын жанына қойса, шынтақтары көтеріліп, көз алдыңа көк шегірткені елестетеді. Суреттеліп отырған нәрсеге біз қандай да бір жағынан ұқсасақ та, айналадағыларға өзіміздің жылдам да күш-жігерге бай шегірткелердің қатарынан екенімізді көрсеткейміз! («Күзет мұнарасының» 1998 жылғы 1 мамырдағы санын қараңдар, 8—13 беттер, ор.).
16. а) «Кеуелдің жеміс шашқаны» ненің белгісі? ә) Адамның «мәңгі үйі» деп отырғаны не нәрсе және өлетін уақыттың жақын екені неден көрінеді?
16 Қартайған адамның тамаққа деген тәбеті жас күніндегідей болмайды; оны тіпті кеуел сияқты тәтті тағам да қызықтырмайды. Кеуелдер ерте заманнан бері адамның тәбетін ашу үшін қолданылып келеді. «Кеуел жемісін шашады» дегені — қарт адамның тәбеті қашқан кезде кеуелдің де әсері болмай қалатынын білдірсе керек. Бұл — адам өзінің «мәңгі үйі» — молаға жақындап қалды деген сөз. Егер осыған дейін адам Жаратушысын есінде сақтамай әділетсіз істермен айналысқан болса, қайта тірілту кезінде ондай адамды Құдай есіне алмайды. Сол себепті мола ондай адамның мәңгі үйі болып қалмақ. Өлетін уақыттың жақындап қалғаны қартайған адамның «есігінен», немесе аузынан, шыққан қайғыға толы күрсінулері мен аянышты ыңқылынан көрінеді.
17. «Күміс арқанша үзіледі» деген нені білдіреді және «алтын тостаған» нені білдіруі мүмкін?
17 Біз, «күміс арқанша үзіліп, алтын таңғыш жыртылмай [«алтын тостаған сынбай», ЖД], бұлақтың басындағы құмыра сынып, құдықтан су тартатын доңғалақ қирап қалмай тұрған кезде» Жаратушымызды есімізде сақтауға шақырылып отырмыз (Екклесиаст 12:6). «Күміс арқанша» деп отырғаны адамның жұлыны болса керек. Жүйке импульстарын миға жеткізіп отыратын осы ғажап өткізгіш қатты зақымданатын болса, адам өлімнен қашып құтыла алмайды. «Алтын тостаған» — адамның тостағанға ұқсайтын бас сүйегінің ішіне орналасқан әрі онымен жұлын байланысып жатқан миды білдірсе керек. Құндылығы жағынан алтынға теңеліп отырған ми істен шығатын болса, адам өліп қалады.
18. «Бұлақтың басындағы құмыра» деп отырғаны не және ол сынған кезде не болады?
18 «Бұлақтың басындағы құмыра» дегені — адамның денесінде айналып жүрген қанды қабылдап, айдап отыратын жүрек. Адам өлген кезде, организмге қажетті азық пен қуат жеткізіп отыратын қанды жүрек қабылдап, жинай да алмайды, сондай-ақ айдай да алмайды, яғни жүрек бұлақтың басындағы сынған құмыра сияқты болып қалады. «Құдықтан су тартатын доңғалақ қирап қалғандықтан» айналмай қалады да, өмірлік маңызы зор қан айналымы тоқтайды. Осылайша, Ехоба Сүлейменге адамда қан айналым жүйесінің бар екенін XVII ғасырда Уильям Гарвей көрсеткенге дейін ашқан болатын.
19. Адам өлген кезде Екклесиаст 12:7-дегі сөздер қалай орындалады?
19 Сосын Екклесиаст былай деп қосты: «Содан кейін топырақ қайта жерге, ал Құдай берген рух қайтадан Өзіне оралады» (Екклесиаст 12:7). «Құдықтан су тартатын доңғалақ қираған» кезде адамның топырақтан жасалған денесі қайтадан топыраққа айналады (Жаратылыс 2:7; 3:19). Рух немесе Құдай берген өмірлік күш қайта оралып барып Жаратушымыздың өзінде қалатын болғандықтан, жан өледі (Езекиел 18:4, 20; Жақып 2:26).
Есінен шығармағандарды қандай болашақ күтіп тұр?
20. Забур 89:12-ге сәйкес, Мұса дұға еткен кезде Құдайдан не сұрады?
20 Жаратушымызды есімізден шығармағанның маңызы зор екенін Сүлеймен тайға таңба басқандай көрсетті. Рас, Ехобаны есінен шығармай, шын көңілімен оның еркін орындап жүргендерді тек қана қысқа, күйбеңге толы өмір күтіп тұрған жоқ. Олар, жас болса да, кәрі болса да, «жүрегімізге даналық ұялата алуымыз үшін, күндерімізді санай білуге үйретші» деген Мұса сияқты ойлайды. Ехобаның кіші пейіл пайғамбары өзінің және бүкіл Исраил халқының «күндерді» ақылмен, Құдайға ұнамды етіп пайдалануды үйренгенін барынша қалаған болатын (Забур 89:10, 12).
21. «Күндерімізді» Ехобаның есімін мадақтау үшін санағымыз келетін болса біз не істеуіміз керек?
21 Әсіресе мәсіхші жастардың Жаратушыны ұмытпау керектігі жайлы Екклесиасттың кеңесін орындағанының маңызы зор. Оларға Құдайға арналған қасиетті қызметке атсалысуға болатын керемет мүмкіншілік берілген ғой! Дегенмен біз, жасымыздың қаншада екеніне қарамай, осы «заманның ақырында» «күндерімізді» санауды үйренетін болсақ, болашақта күндерімізді мәңгі-бақи санайтын мүмкіндігіміз бар (Даниел 12:4; Жохан 17:3). Әрине, ол үшін Жаратушымызды есімізден шығармауымыз керек екендігінде сөз жоқ. Сонымен қатар біз Құдай алдындағы борышымызды түгел өтеуіміз керек.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Жастардың Жаратушысын естерінен шығармауға шақырылу себебі неде?
• Киелі кітапта Жаратушысын есінен шығармаған кімдердің үлгілері бар?
• Сүлейменнің суреттеуі бойынша кәріліктің жемісі қандай?
• Ехобаны есінен шығармағандарды қандай болашақ күтіп тұр?
[10-беттегі суреттер]
Дәуіт, исраилдік кішкентай қыз, Анна, Шимон Ехобаны естерінен шығармаған.
[12-беттегі суреттер]
Егде тартқан Ехоба Куәгерлері Жаратушымызға қуана-қуана қызмет етіп жүр.