Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол безіп кетеді
“Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді” (ЖАҚЫП 4:7).
1, 2. а) Ишаяның 14-тарауында Ібілістің қандай жаман қасиеті көрсетілген? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ІБІЛІС — менмендіктің нақ бейнесі. Мұны Құдай пайғамбары Ишая жазған сөздерден көруге болады. Бұл сөздерді Ехобаның халқы, Бабыл дүниежүзілік держава болғанға дейін жүз жылдан астам уақыт бұрын, сол “Бабыл патшасына” арнап айтқан: “Сен өз жүрегіңде былай дедің:— Аспанға көтеріліп, тағымды Құдай жұлдыздарынан [Дәуіттің әулетінен шыққан патшалардан] да жоғары қоям... Құдіреттінің өзі сияқты болам” (Ишая 14:3, 4, 12—15; Руларды санау 24:17). ‘Бабыл патшасының’ көкіректігі осы күнәкар дүниенің “тәңірі” Шайтанның көкіректігіне ұқсайды (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Бірақ Бабылдың патша әулетінің күні масқара болып біткені сияқты, менмен Шайтан да, ерте ме, кеш пе, құрымақ.
2 Алайда әзірге Шайтан тірі болғандықтан, бізді мынадай сұрақтар қызықтыратын шығар: Шайтаннан қорқу керек пе? Неге ол мәсіхшілерді қудалатады? Шайтан бізден амалын асырып кетпеу үшін не істей аламыз?
Шайтаннан қорқу керек пе?
3, 4. Неге майланған мәсіхшілер мен серіктері Шайтаннан қорықпайды?
3 Иса Мәсіхтің мына сөздері майланған мәсіхшілерді өте нығайтады: “Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлуге тура келсе де, Маған адал бол, сонда “мәңгілік өмір тәжін” сыйлаймын” (Аян 2:10). Майланғандар мен оның жерде өмір сүруге үміті бар серіктестері Ібілістен қорықпайды. Олар табиғатынан батыл болғандықтан емес, бойларында Құдайға деген қастерлі қорқыныш болғандықтан, сондай-ақ оның қанатының астынан пана тапқандықтан қорықпайды (Забур 18:10; 90:4).
4 Иса Мәсіхтің ертедегі батыл шәкірттері небір азап шеккендеріне қарамастан, өле-өлгенше Құдайға адал болып қалды. Алдын ала айтылған жолдан таюшылық басталғаннан кейін де, б. з. ІІІ ғасырындағы өзін мәсіхшілерміз деп атайтындар туралы теолог Киприан былай деді: “Қудалау кезінде көретін жәбірден де, жазадан да қорықпау керек. Өйткені Иеміздің бізді қорғайтын күші ібілістің шабуылынан әлдеқайда зор” (Treatise XI, On the Exhortation to Martyrdom, 10). Сөйткенмен де елші Пауыл Ібілістің адамды өлімге ұшырата алатынын көрсеткен. Бұдан қорқуымыз керек пе?
5. Еврейлерге 2:14, 15-тен не білеміз?
5 Пауыл Исаның ет пен сүйектен тұратын тәнді қабылдап, ‘осылайша Ол Өзінің құрбандық өлімі арқылы өлімнің әміршісін, яғни шайтанды, жеңіп шығып, өмір бойы өлімнен қорқып, шайтанның құлы болып жүрген адамдарды азат еткенін’ айтқан (Еврейлерге 2:14, 15). “Өлімнің әміршісі” ретінде Шайтан Исаны өлтіру үшін Яһуда Исқариоттың бойын билеп алды, кейін яһуди басшылары мен римдіктерді қолданды (Лұқа 22:3; Жохан 13:26, 27). Алайда Иса құрбандық өлімінің арқасында күнәкар адамзатты Шайтанның билігінен босатып, мәңгі өмір сүруге мүмкіндік беріп отыр (Жохан 3:16).
6, 7. Шайтанның өлімге қаншалықты билігі бар?
6 Ібілістің өлімге қаншалықты билігі бар? Шайтан о баста бүлік шығарған кезде-ақ, оның өтірігі мен айла-амалы адамзатты өлімге ұшыратты. Адам күнә жасап, күнә мен өлім бүкіл адамзатқа берілді (Римдіктерге 5:12). Сондай-ақ Шайтанның жердегі қызметшілері Исаның жағдайындағыдай Ехобаның кейбір қызметшілерін қудалап, кейде тіпті өлтірді де.
7 Әйтсе де Шайтан қалаған адамын өлтіре алады деп ойламауымыз керек. Құдай өзінің меншігі болып табылатындарды қорғайды және Шайтанға шынайы қызметшілерінің барлығын жер бетінен жойып жіберуіне ешқашан жол бермейді (Римдіктерге 14:8). Рас, Ехоба барлық қызметшілерінің қудалануына, тіпті Шайтанның шабуылынан кейбіріміздің өмірімізден айырылуымызға жол береді. Алайда Жазбаларда Құдайдың ‘естелік кітабында’ жазылғандар қайта тіріледі деген керемет үміт бар, ал Ібіліс қайта тірілуге ешқандай да кедергі бола алмайды (Малахи 3:16; Жохан 5:28, 29; Елшілердің істері 24:15).
Неге Шайтан бізді қудалайды?
8. Ібіліс Құдайдың қызметшілерін неге қудалайды?
8 Ехобаға адал қызмет етіп жүргеніміз Шайтанның бізді қудалауының басты себебі болып отыр. Оның мақсаты — сенімімізге қайшы әрекет жасату. Біз Ехобамен керемет қарым-қатынастамыз, Шайтан соны бұзғысы келеді. Бұған таңғалмауымыз керек. Өйткені Едем бағында Ехоба бейнелі ‘әйелі’ мен ‘жылан’, сондай-ақ олардың ‘ұрпақтары’ өзара өштесетінін алдын ала айтқан (Жаратылыс 3:14, 15). Жазбалар Ібілісті “ежелден бері келе жатқан абжылан” деп атайды, әрі оның уақыты аз қалғанын және қатты ашулы екенін айтады (Аян 12:9, 12). Екі ‘ұрпақ’ әлі де өштесіп жатқандықтан, Ехобаға адал қызмет етіп жүргендер қудаланамыз деп күтуіне болады (Тімотеге 2-хат 3:12). Шайтанның осылай қудалауының шын себебін түсінесіңдер ме?
9, 10. Ібіліс қандай дау көтерді және оның адамдарға қандай қатысы бар?
9 Ібіліс бүкіләлемдік билікке қатысты дау көтерді. Сонымен қатар адамдардың Жаратушысының алдында мінсіз болатындарына күмән келтіріп, қосымша дау көтерді. Шайтан адал болған Әйүпті қудалады. Не мақсатпен? Оны Ехобаның алдындағы мінсіздігінен тайдыру үшін. Сол үшін Шайтан Әйүптің әйелі мен “жұбатушысымақ” үш досын да қолданды. Әйүп кітабынан көрінетіндей, Шайтан Құдайға егер адамдарды сынауына жол берсе, бірде-бір жан оған адал болып қалмайды деді. Бірақ Әйүп мінсіздігін сақтап, Шайтанның өтірікші екенін дәлелдеді (Әйүп 1:8-2:9; 16:2; 27:5; 31:6). Бүгін де Ібіліс Ехоба Куәгерлерін мінсіздіктерінен тайдыруға және өзі көтерген даудың рас екенін дәлелдеуге тырысып қудалайды.
10 Ібілістің не үшін қудалайтынын білгеніміз, шын мәнінде, батыл да берік болуымызға көмектеседі (Заңды қайталау 31:6). Біздің Құдайымыз — Әлемнің Әміршісі, әрі ол мінсіздігімізді сақтауға көмектеседі. Олай болса, мінсіздігімізді сақтай отырып, әрдайым Оның жүрегін қуантайық, сонда оның өзін қорлаушы Шайтан Ібіліске жауап беруіне мүмкіндігі болады (Нақыл сөздер 27:11).
Зұлымнан бізді құтқара гөр
11. Матай 6:13-те Иса не жайлы дұға етуге шақырды?
11 Мінсіздікті сақтау оңай емес. Ол үшін шын жүректен дұға ету керек. Бұл жерде әсіресе үлгілі дұғадағы сөздердің көмегі зор. Иса: “Азғырылуымызға жол бермей, жамандықтан бізді сақтай гөр [“зұлымнан бізді құтқара гөр”, ЖД]”,— деген болатын (Матай 6:13). Ехоба азғырылуға беріліп қалмауды өтінген мұндай дұғамызға жауап береді. Өйткені Жазбалар: “Құдай Өзінің уәдесіне берік: Ол төзімдеріңнен артық сыналуларыңа жол бермейді. Еліктірілген кездеріңде соған шыдауға күш-қуат беріп, құтылып шығудың лайықты жолымен қамтамасыз етеді”,— деп сендіреді (Қорынттықтарға 1-хат 10:13).
12. Неге “зұлымнан бізді құтқара гөр” деп дұға ету керек?
12 Иса үлгілі дұғада азғырылу жайлы айтқаннан кейін: “Зұлымнан бізді құтқара гөр”,— деп орынды айтқан. Бұл тармақ кейбір Киелі кітап аудармаларында, қазақ тіліндегі сияқты, “жамандықтан бізді сақтай гөр” (Contemporary English Version), яки “зұлымдықтан құтқара гөр” (King James Version; Revised Standard Version) деп аударылған. Негізінен, “сақтай гөр”, “құтқара гөр” деген тіркестер бір нәрседен емес, біреуден құтқаруды не сақтауды өтінгенде қолданылады. Ал Матай жазған Ізгі хабарда әзәзіл Шайтан “азғырушы” деп аталған (Матай 4:3, 11). Сондықтан ‘зұлымнан’, яғни Шайтан Ібілістен, құтқара гөр деп дұға еткеніміз маңызды. Ол қулығын асырып, бізді Құдайға қарсы күнә жасатуға тырысады (Салониқалықтарға 1-хат 3:5). “Зұлымнан бізді құтқара гөр” деп өтінгенде, Шайтан бізден ‘амалын асырып кетпеу’ үшін, көктегі Әкемізден басшылық беруін және көмектесуін сұраймыз.
Шайтан амалын асырып кетпесін
13, 14. Қорынттықтардың азғындық жасаған адаммен қарым-қатынастары жағдайға қарай неге өзгеру керек еді?
13 Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерді кешірімшіл болуға шақырғанда, былай деп жазды: “Сендер кешірген адамды мен де кешіремін. Ал менің кешіргенім — егерде оның бір айыбын кешіруім қажет болса — оны сендердің игіліктеріңді көздеп, Мәсіхтің алдында кешіргенім. Шайтан бізден амалын асырмау үшін осылай істедім, оның зымиян ниетін жақсы білеміз” (Қорынттықтарға 2-хат 2:10, 11). Ібіліс әр қилы жолмен ‘бізден амалын асырып’ кете алады. Алайда Пауыл бұл сөздерді не үшін айтты?
14 Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге азғындық жасаған адамды қауымнан шығармай жүре бергендері үшін сөгіс берген. Бұған Шайтан қуанған болса керек, өйткені олар араларында ‘тіпті басқа ұлт адамдары жасамайтын азғындықтың’ болуына көз жұмған, міне, сол үшін сөгіс алған еді. Ақырында, әлгі заңсыздық жасаушы қауымнан шығарылады (Қорынттықтарға 1-хат 5:1—5, 11—13). Ол кейінірек күнәсіне өкінеді. Егер қорынттықтар оны кешірмей, қайта қабыл алудан бас тартса, Шайтан басқа жағынан олардан амалын асырып кетер еді. Қалайша? Олар Шайтан сияқты тым қатал және мейірімсіз әрекет еткен болар еді. Ал егер күнәсына өкінген адам ‘шексіз қайғыға батып’, Құдайға қызмет етуін біржолата доғарса, бұған мейірімді Құдай Ехобаның алдында әсіресе ақсақалдар қандай да бір шамада жауапты болар еді (Қорынттықтарға 2-хат 2:7; Жақып 2:13; 3:1). Әрине, шынайы мәсіхшілердің ешқайсысы да Шайтанға ұқсап қатыгез, дөрекі, мейірімсіз болғысы келмейді.
Құдай берген рухани қару-жарақтың көмегімен қорғану
15. Біз қандай соғыс жүргізудеміз және жеңісіміз неге байланысты?
15 Егер Шайтаннан сақтанғымыз келсе, зұлым рухани күштерге қарсы рухани соғыс жүргізуіміз керек. Бұл жерде жеңіп шығу-шықпауымыз ‘Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталғанымызға’ байланысты (Ефестіктерге 6:11—18). Бұл қару-жараққа ‘әділдікті сауыт қылып кию’ де жатады (Ефестіктерге 6:14). Ежелгі Исраил патшасы Саул Құдайға мойынсұнбай, киелі рухтан айырылып қалды (Патшалықтар 1-жазба 15:22, 23). Егер әділ істер істейтін, сондай-ақ рухани қару-жарақпен толық жабдықталатын болсақ, оның рухы бізбен болады және Шайтан мен оның зұлым періштелеріне, жын-перілерге, қарсы тұруға қажет қорғанышқа ие боламыз (Нақыл сөздер 18:10).
16. Зұлым рухани күштерден қалай үнемі қорғана аламыз?
16 Зұлым рухани күштерден үнемі қорғану үшін, бізге басқа нәрселермен қатар, “адал да ақылды құлдың” беріп отырған әдебиеттерін тиімді қолдана отырып, Құдай Сөзін әрдайым оқып, зерттеу қажет (Лұқа 12:42, ЖД). Осылайша ой-санамызды, Пауылдың кеңесіне сай, пайдалы рухани нәрселермен толтырамыз. Ол былай деген: “Бауырластарым, күллі шынайы да игі, әділ де таза, ұнамды да тартымды, адамгершілікті де мақтаулыны естеріңде ұстаңдар!” (Філіпіліктерге 4:8)
17. Ізгі хабарды жақсылап жариялауымызға не көмектеседі?
17 Ехоба бізге ‘аяқкиімдерімізді киіп, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болуға’ көмектеседі (Ефестіктерге 6:15). Мәсіхшілер кездесулеріне әрдайым қатысқанымыз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялауға көмектеседі. Адамдарға Құдайдың шындығын білуге және рухани бостандыққа ие болуға көмектесу қандай зор қуаныш! (Жохан 8:32) ‘Құдай сөзін “рухани семсер қылып ұстанғанымыз’ жалған ілімдерден қорғануда және ‘жау бекіністерін талқандауда’ өте-мөте қажет (Ефестіктерге 6:17; Қорынттықтарға 2-хат 10:4, 5). Құдай Сөзі Киелі кітапты шебер қолдана білгеніміз басқаларға шындықты үйретуге көмектеседі, сондай-ақ бізді Шайтанның қулық-сұмдығына алданып қалудан сақтайды.
18. “Шайтанның қастық іс-әрекетіне” қалай тойтарыс бере аламыз?
18 Пауыл рухани қару-жарақ туралы қарастырғанда, сөзін былай бастаған: “Иемізбен тығыз байланыста жүріп, Оның құдіретінен қуат алып, нығая беріңдер! Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар!” (Ефестіктерге 6:10, 11) ‘Тойтарыс беру’ деп аударылған грек сөзі ұрыста кері шегінбейтін жауынгерге қатысты қолданылуы мүмкін. Шайтан бірлігімізді бұзу, ілімдерімізді бұрмалау не Құдай алдындағы мінсіздігімізден айыру үшін небір құралдарды қолданғанымен, біз рухани соғыста еш берілмей күресе береміз. Шайтанның шабуылдары осы уақытқа дейін нәтижелі болмаған, ешқашан болмайды да!a
Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол безіп кетеді
19. Ібіліске әрі қарай да қарсы тұрудың бір жолы қандай?
19 Шайтан мен оның қол астындағы зұлым рухани күштерге қарсы соғысымызда жеңіске жете аламыз. Шайтаннан қорқуға еш негіз жоқ, өйткені шәкірт Жохан: “Құдайға мойынсұныңдар! Шайтанға қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден безіп кетеді”,— деп жазған (Жақып 4:7). Шайтан мен жын-перілерге әрі қарай да қарсы тұрудың бір жолы — оккультизм не сиқыршылықпен, сондай-ақ олармен айналысатын адамдармен ешбір байланыста болмау. Жазбалар Ехобаның қызметшілері жұлдызнамадан, жору мен бал ашудан, спиритизмнен аулақ болуға тиіс екенін анық айтады. Егер рухани істерде белсенді болсақ және сеніміміз мықты болса, онда әлдекім бізді дуалап тастайды деп қорқудың қажеті жоқ (Руларды санау 23:23; Заңды қайталау 18:10—12; Ишая 47:12—15; Елшілердің істері 19:18—20).
20. Шайтанға тағы қалай қарсы тұра аламыз?
20 Шайтанға Киелі кітап нормалары мен шындықты берік ұстануымызбен, сондай-ақ тойтарыс беруімізбен қарсы тұрамыз. Осы дүние Шайтанмен ымыралас, өйткені ол оның тәңірі (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Сондықтан осы дүниенің өр көкіректік, өзімшілдік, азғындық, зорлық-зомбылық пен дүниеқорлық сияқты жаман нәрселерінен бас тартамыз. Айдалада сыналған кезінде Иса Шайтанның шабуылына Жазбаларды қолдана отырып тойтарыс бергенде, оның безіп кеткенін білеміз (Матай 4:4, 7, 10, 11). Сол сияқты егер Ехобаға толығымен мойынсұнып, сондай-ақ дұға ете жүріп арқа сүйейтін болсақ, Шайтан жеңіліп, ‘бізден безіп кетеді’ (Ефестіктерге 6:18). Ехоба Құдай мен оның сүйікті Ұлы қолдап тұрғанда, ешкім де, тіпті Шайтан да, бізге оңалмастай залал келтіре алмайды (Забур 90:9—11).
[Сілтеме]
a Құдай берген “рухани қару-жарақ” туралы қосымша мәліметті 2004 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 қазандағы санынан (13—18 беттер) табуға болады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Шайтан Ібілістен қорқу керек пе?
• Неге Шайтан мәсіхшілерді қудалайды?
• Неге “зұлымнан құтқара гөр” деп дұға етеміз?
• Рухани соғысымызда қалай жеңіске жете аламыз?
[13-беттегі сурет]
Шайтан Құдайдың жадындағылардың қайта тірілуіне кедергі жасай алмайды