Иса кішіпейілділіктің үлгісін көрсетті
“Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім” (ЖОХ. 13:15).
1, 2. Жердегі соңғы түні Иса шәкірттерін не нәрсеге үйретті?
ЖЕРДЕГІ өмірінің соңғы түні Иса шәкірттерімен бірге Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесіне жиналды. Кешкі ас кезінде Иса орнынан тұрды да, жамылғысын шешіп, беліне сүлгі байлап алды. Сосын шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, сүлгімен құрғатып сүрте бастады. Мұны істеп болған соң жамылғысын қайта киді. Неге Иса бұлай етті? (Жох. 13:3—5).
2 Ол мұны былай деп түсіндірді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме?.. Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек” (Жох. 13:12—15). Исаның іс-жүзінде кішіпейілділік танытқаны шәкірттеріне қатты әсер етіп, алдағы уақытта кішіпейіл болуға талпындырды.
3. а) Иса екі жағдайда кішіпейілділіктің маңыздылығына қалай назар аударды? ә) Бұл мақалада не талқыланатын болады?
3 Кішіпейіл болудың маңыздылығын Иса шәкірттерінің аяқтарын жуғанда ғана көрсетпеген. Бұдан ертерек ізбасарлары бақталастық рух танытқанда, Иса бір кішкентай баланы қасына тұрғызып: “Кімде-кім менің атымнан осы кішкентай баланы қабылдаса, мені де қабылдағаны, ал мені қабылдаса, мені жібергенді де қабылдағаны. Өйткені араларыңда кім өзін кіші тұтса, сол — ұлыларың”,— деген (Лұқа 9:46—48). Парызшылдардың атаққұмар болғандарын білген Иса былай деді: “Өзін жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады” (Лұқа 14:11). Иә, Иса ізбасарларының кішіпейіл болғанын, яғни менмен әрі өркөкірек болмағанын және өздері туралы жоғары ойламағанын қалады. Исаға еліктеу үшін оның қалай кішіпейілділік танытқанын мұқият қарастырайық. Сондай-ақ біз бұл қасиетті танытудың тек өзіміз үшін ғана емес, басқаларға да қандай пайдасы бар екенін көреміз.
“МЕН КЕРІ БҰРЫЛҒАН ЖОҚПЫН”
4. Құдайдың жалғыз Ұлы жерге келмес бұрын қалай кішіпейілділік танытты?
4 Құдайдың жалғыз Ұлы жерге келмес бұрын да кішіпейілділік танытқан. Иса көктегі Әкесімен сансыз көп жыл бірге болған. Ишая кітабында Ұлы мен Әкесінің жақын қарым-қатынасы туралы былай делінген: “Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады. Жаратушы Тәңір Ие құлағымды ашқанда мен қасарысып, кері бұрылған жоқпын” (Ишая 50:4, 5). Құдайдың Ұлы кішіпейілділік танытып, Ехобаның тәліміне мұқият ден қойған. Ол шынайы Құдайдан үйренуге дайын әрі ынтық болған. Иса Ехобаның күнәкар адамзатқа мейірім көрсеткенінен оның кішіпейілділігін қаншалықты анық көре алды десеңші!
5. Бас періште Микайл Шайтанмен айтысқанда қалай кішіпейілділік танытты?
5 Көктегі рухани жаратылыстардың барлығы бірдей Исанікіндей мінез-құлық танытпады. Шайтан Ібіліске айналған періште Ехобадан үйренудің орнына, менмендік пен өркөкіректік сияқты кішіпейілділікке кереғар қасиеттерге бой алдырып, Ехобаға қарсы шықты. Ал Иса болса өзінің көктегі дәрежесіне наразылық білдірмеді, билігін де бұрыс пайдаланған жоқ. Бас періште Микайл ретінде Иса “Ібіліспен келіспей, Мұсаның мәйіті жайлы айтысқанда”, билігі жүрмейтін нәрселерге қол сұқпады (Яһд. 9). Оның орнына Құдай Ұлы кішіпейілділік танытты. Ол Ең жоғарғы Төреші Ехобаның кез келген мәселені өз уақытында әрі өзі дұрыс деп тапқан жолмен шешетініне риза болды (Яһуда 9 оқы).
6. Мәсіх ретінде жерде қызмет етуге қатысты тапсырманы қабылдағанда, Иса қалайша кішіпейілділік танытты?
6 Иса көкте болғанда, Мәсіх ретінде жерге келгенде бастан кешіретін пайғамбарлықтарды білгені сөзсіз. Ендеше ол өзін жағымсыз оқиғалар күтіп тұрғанын алдын ала білген болса керек. Десе де Иса жерге келіп, уәде етілген Мәсіх ретінде өлуге келісті. Неліктен? Құдайдың жалғыз Ұлының кішіпейілділігіне назар аударып, Пауыл былай деді: “Ол Құдайдың кейпіне ие бола тұра, оның дәрежесіне жармасуды, яғни онымен тең болуды ойлаған жоқ. Қайта, барлығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, адам болып келді” (Філіп. 2:6, 7).
АДАМ РЕТІНДЕ “ӨЗІН ТӨМЕН ТҰТТЫ”
7, 8. Бала кезінде және жердегі қызметі барысында Иса кішіпейілділігін қалайша көрсеткен?
7 “Ал [Иса] адам болып өмір сүргенде”,— деді Пауыл,— “өзін төмен тұтып, өле-өлгенше, тіпті азап бағанасында өлгенше, мойынсұнғыш болды” (Філіп. 2:8). Ол бала кезінен бастап бізге кішіпейілділіктің үлгісін көрсетті. Ата-анасы Жүсіп пен Мәриям кемелсіз болса да, Иса кішіпейілділікпен оларға “мойынсұнып жүрді” (Лұқа 2:51). Бұл жастарымызға керемет үлгі емес пе?! Ата-аналарына қуанышпен мойынсұнатын болса, Құдай оларға батасын береді.
8 Есейгенде де Иса өзінің емес, Ехобаның еркін басты орынға қою арқылы кішіпейілділік танытты (Жох. 4:34). Қызметі барысында ол Құдайдың есімін қолданды әрі ақжүрек адамдарға Ехобаның болмысы мен оның адамзатқа қатысты еркі туралы тура білім алуға көмектесті. Оның үстіне, Иса үйреткен тәлімдеріне сай өмір сүрді. Мысалы, үлгілі дұғада ол бірінші кезекте: “Көктегі Әкеміз, сенің есімің киелі тұтылсын!”— деген болатын (Мат. 6:9). Осылайша Иса ізбасарларына Ехобаның есімінің қастерленуі өмірлерінде ең басты орында тұруы керектігін үйретті. Ол өзі де осылай еткен. Жердегі қызметінің соңына таман Иса Ехобаға айтқан дұғасында: “Мен оларға [елшілерге] есіміңді аштым және аша беремін”,— дей алған (Жох. 17:26). Бұған қоса, ол жердегі қызметі барысында атқарған істерін Ехобаның күшімен істегенін білдіріп отырған (Жох. 5:19).
9. Мәсіхке қатысты Зәкәрия қандай пайғамбарлық айтты және Иса мұны қалай орындады?
9 Мәсіхке қатысты Зәкәрия былай деп пайғамбарлық еткен: “Уа, Сион халқы, қатты қуан! Уа, Иерусалим халқы, шаттана ән шырқа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол — әділ Құтқарушы, кішіпейілділікпен есекке мініп алып, тайқардың, бір жас есектің, үстінде отыр” (Зәк. 9:9). Бұл пайғамбарлық б. з. 33 жылы Құтқарылу мейрамында Иса Иерусалимге кіргенде орындалды. Халық жолға жамылғылары мен ағаш бұтақтарын төсей бастады. Сол кезде бүкіл қала толқып кетті. Алайда жұрт оны Патша деп жариялағанда да Иса кішіпейіл болды (Мат. 21:4—11).
10. Иса өле-өлгенше мойынсұнуға дайын болуымен нені дәлелдеді?
10 Иса Мәсіхтің жерде танытқан кішіпейілділігі мен мойынсұнғыштығы әсіресе азап бағанасында шегеленіп өлтірілгенде анық көрінді. Осылайша ол тіпті ауыр сынақ кезінде адамдар Ехобаға адал болып қала алатынын дәлелдеді. Сондай-ақ Иса адамдар Ехобаға тек қара бастары үшін қызмет етеді деген Шайтанның жаласын жоққа шығарды (Әйүп 1:9—11; 2:4). Мінсіздік сақтауымен Иса Ехобаның бүкіләлемдік билігінің әділ әрі заңды екенін паш етті. Ехоба кішіпейіл Ұлының мызғымас адалдығын көріп, шат-шадыман болғаны шүбәсіз (Нақыл сөздер 27:11 оқы).
11. Иса Мәсіхтің төлем құрбандығы сенім танытатын адамдар үшін қандай мүмкіндік берді?
11 Иса азап бағанасында өліп, адамзат үшін өмірін төлем ретінде берді (Мат. 20:28). Осылайша ол Құдайдың әділдікке қатысты талабын орындап, күнәкар адамдарға мәңгі өмір сүру үмітін сыйлады. Елші Пауыл: “Бір әділ істің арқасында барлық адамдар өмір сүру үшін әділ деп жарияланады”,— деген (Рим. 5:18). Иә, Исаның өлімі майланған мәсіхшілерге көкте өлместікке ие болуға, ал “басқа қойларға” жерде мәңгі өмір сүруге жол ашты (Жох. 10:16; Рим. 8:16, 17).
“ЖҮРЕГІМ КІШІПЕЙІЛ”
12. Кемелсіз адамдармен қарым-қатынасында Иса қалайша жұмсақтық пен кішіпейілділік танытты?
12 Иса “бейнет шеккендер мен еңселерін ауыр жүк басқандарды” өзіне келуге шақырған. Ол оларға былай деді: “Мойынтұрығымды алып, менен үйреніңдер, өйткені мен жұмсақ әрі кішіпейілмін [жүрегім кішіпейіл]. Сонда жандарың сергиді” (Мат. 11:28, 29 сілт.). Кішіпейілділігі мен жұмсақтығы оны кемелсіз адамдарға мейірімді болуға және оларды алаламауға талпындырған. Ол шәкірттеріне орындауға шамалары жетпейтін талаптар қоймаған. Иса оларды мақтап, жігерлендіріп отырған. Оның қасында шәкірттері өздерін дәрменсіз немесе түкке тұрғысыз сезінбеген. Иса оларға үстемдік етпеген не тым қатал болмаған. Қайта, ол ізбасарлары келіп, өзінен үйренсе, жандары сергитінін айтқан. Себебі оның мойынтұрығы ыңғайлы, жүгі жеңіл болған. Ерлер мен әйелдер де, жасы мен жасамысы да оның жанында өздерін еркін сезінген (Мат. 11:30).
13. Иса халі мүшкіл адамдарға қалай жанашырлық танытқан?
13 Исраилдің қарапайым халқының мүшкіл халін көрген Иса оларға жанашырлық танытып, мұқтаждықтарына сүйіспеншілікпен ден қойған. Мысалы, бірде ол Иерихонның қасында екі зағип қайыршыны кездестірді. Біреуінің есімі Бартімей болатын. Олар Исадан көмек сұрап айқайлай бастады, сонда жұрт оларға үндемеуді бұйырды. Осындай жағдайда әлгі екі адам елеусіз қалып кетуі мүмкін еді. Алайда ол екі зағипты шақырып алды да, оларға жаны ашып, көздерін ашты. Кішіпейілділік және күнәкар пенделерге мейірімділік танытуы арқылы Иса Әкесі Ехобаға еліктеді (Мат. 20:29—34; Мар. 10:46—52).
“ӨЗІН ТӨМЕН ТҰТҚАН ӘРКІМ ЖОҒАРЫЛАТЫЛАДЫ”
14. Исаның кішіпейілділігі қандай игіліктер әкелді?
14 Иса Мәсіхтің танытқан кішіпейілділігі барлығына қуаныш пен зор игілік әкелген. Сүйікті Ұлы өзін кішіпейілділікпен Құдай еркін орындау үшін ұсынғанда, Ехоба қатты қуанды. Исаның жұмсақтығы мен кішіпейілділігі елшілері мен шәкірттерінің жандарын сергіткен. Оның үлгісі, тәлімдері және мақтау сөздері рухани алға басуларына қозғау салды. Қарапайым жұрт та Исаның кішіпейілділігінің игілігін көрді, өйткені ол оларға көмектескен, үйреткен әрі жігерлендірген. Ал болашақта құтқарылатын адамдар Исаның төлем құрбандығының пайдасын мәңгілік бойы көретін болады.
15. Исаның өзі кішіпейілділігінің қандай игілігін көрді?
15 Ал Иса кішіпейілділігінің игілігін көрді ме? Иә, өйткені ол шәкірттеріне: “Өзін төмен тұтқан әркім жоғарылатылады”,— деген (Мат. 23:12). Бұл сөздердің растығын ол өз өмірінде көрді. Пауыл былай деді: “Құдай [Исаны] одан да жоғарылатып, барлық есімнен жоғары есімді сыйлады. Исаның есімінің алдында көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрі тізе бүгу үшін және тіл атаулы Иса Мәсіхті Иеміз деп ашық мойындап, Құдай Әкені мадақтау үшін осылай болды”. Жерде өмір сүргенде кішіпейіл әрі адал болғаны үшін, Ехоба Құдай Исаны жер мен көктегі жаратылыстардың үстінен билік беріп жоғарылатты (Філіп. 2:9—11).
ИСА КІШІПЕЙІЛДІК ПЕН АҚИҚАТ ҮШІН АТТАНАДЫ
16. Құдай Ұлы әрі қарай да кішіпейіл болатынын қайдан білеміз?
16 Құдай Ұлы әрі қарай да кішіпейіл бола бермек. Көкте жоғары дәрежеге ие болған Иса жауларына қарсы қалай әрекет ететіні туралы забур жыршысы былай деді: “Осы салтанатыңмен жеңіске аттан Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін, Мықты оң қолың ғажап істер істесін” (Заб. 44:5). Армагеддон кезінде Иса ақиқат және әділдікпен қатар, кішіпейілділік үшін де аттанады. Ал Мыңжылдық билігінің соңында, яғни “күллі үкімет, барша билік пен күшті жоқ қылғанда” не болмақ? Ол кішіпейілділік таныта ма? Иә, өйткені ол “Патшалықты Құдай Әкесіне тапсырады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:24—28 оқы).
17, 18. а) Ехобаның қызметшілеріне Исаның кішіпейілділігіне еліктеу неліктен маңызды? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
17 Ал біз жайлы не деуге болады? Исадан үлгі алып, кішіпейілділік танытамыз ба? Патша Иса Мәсіх Армагеддонда сотты жүзеге асыру үшін келгенде, бізбен не болады? Кішіпейілділік пен әділдік үшін аттанатындықтан, Иса тек кішіпейіл де әділ адамдарды құтқарады. Демек, құтқарылу үшін кішіпейілділік дамытқанымыз өте маңызды. Оның үстіне, Исаның кішіпейілділігі өзіне де, өзгелерге де игілік әкелгеніндей, біздің де кішіпейілділігіміз көп пайда әкелмек.
18 Исаның кішіпейілділігіне еліктеуге бізге не көмектеседі? Кезігуіміз мүмкін кедергілерге қарамастан қалай біз кішіпейіл бола аламыз? Бұл сұрақтар келесі мақалада қарастырылады.