‘Бақыттың жақсы хабарын алып келу’
‘Ізгі хабар жеткізушінің таудан өтіп келгені қандай тамаша! Ол... бақыттың жақсы хабарын алып келеді’ (ИШАЯ 52:7).
1, 2. а) Күнде қандай жан түршігерлік нәрселер болып жатады? ә) Көп адамдарға үнемі жаман хабар естігендері қалай әсер етеді?
БҮГІНДЕ адамдар өздерін жаман хабарлардан құлақтары тұнғандай сезінеді. Олар радионы қосқанда, жер бетіне етек жайып жатқан қауіп-қатерлі аурулар туралы үрейлі хабарларды естиді. Ал теледидарды қосса, көмек сұрап зар илеген аш-жалаңаш балалардың көз алдыңнан кетпейтін бейнесін көреді. Газетті қолға алса, ғимараттарды қиратып, қыруар жазықсыз адамдарды мерт қылып жатқан жарылыстар туралы оқиды.
2 Иә, жан түршігерлік нәрселер күнде болып жатады. Бұл дүниенің сахналық көрінісінің жаман жаққа өзгеріп жатқаны анық (Қорынттықтарға 1-хат 7:31, ЖД). Батыс Еуропалық бір журналда айтылғандай, кейде бүкіл дүние “жойылып кетуге шақ қалып тұрғандай” көрінеді. Жапа шегіп жатқандардың күннен-күнге көбейіп жатқаны еш таңғалдырмайды! Құрама Штаттарындағы теледидар жаңалықтары туралы жүргізілген сауалнамада келтірілген бір кісінің сөзіне миллиондаған адам қосылатыны шүбәсіз. Ол: “Жаңалықтарды көріп болған соң, мен қатты жан күйзелісіне түсем. Кілең жаман хабар. Еңсеңді түсіріп жібереді”,— деген болатын.
Әрбір адам есту керек хабар
3. а) Киелі кітапта қандай ізгі хабар айтылған? ә) Неге Патшалық туралы ізгі хабарды бағалайсың?
3 Осындай қайғы-мұңға толы дүниеде жақсы хабар естуге бола ма? Әрине! Киелі кітапта ізгі хабар бар екенін білу жұбаныш береді. Бұл — Құдай Патшалығының ауруды, аштықты, соғыс пен басқа да жанға бататын нәрселердің бәрін жоятыны туралы хабар (Забур 45:10; 71:12). Бұл әрбір адам есту керек хабар емес пе? Ехоба Куәгерлері осылай есептейді. Сол себепті біз барлық жерде Патшалық туралы ізгі хабарды барлық ұлттармен бөлісу үшін тынымсыз еңбектенетінімізбен танымалмыз (Матай 24:14).
4. Осы және келесі мақалада қызметіміздің қай қырларын қарастырамыз?
4 Осы ізгі хабарды — тіпті тыңдауға онша ықылас білдіре бермейтін аймақтарда — қалай әрі қарай да қуанышпен, сондай-ақ онымен бөлісудің маңызды екенін сезініп уағыздай беруге болады? (Лұқа 8:15). Бұған уағыздау ісінің маңызды үш қырын қысқаша қарастырғанымыз сөзсіз көмектеседі. Біз 1) ниетімізді, яғни не үшін уағыздайтынымызды; 2) хабарымызды, яғни нені уағыздайтынымызды және 3) тәсілімізді, яғни қалай уағыздайтынымызды тексеріп көрсек болады. Үнемі ниетімізді таза, хабарымызды түсінікті және тәсілдерімізді тиімді ете отырып, көптеген адамдарға ең жақсы хабарды — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды — естуге мүмкіндік беремізa.
Не үшін ізгі хабармен бөлісеміз?
5. а) Уағыздауға бізді бірінші кезекте не талпындырады? ә) Неліктен уағыздауға қатысты Киелі кітаптың өсиетіне құлақ асуымызбен Құдайға деген сүйіспеншілігімізді білдіреміз деуге болады?
5 Қызметіміздің бірінші қырын, яғни ниетімізді, қарастырайық. Ізгі хабарды біз не үшін уағыздаймыз? Исанікі сияқты себеппен уағыздаймыз. Ол: ‘Әкемді сүйем’,— деген (Жохан 14:31; Забур 39:9). Бірінші кезекте бізді Құдайға деген сүйіспеншілік талпындырады (Матай 22:37, 38). Киелі кітап Құдайға деген сүйіспеншілік пен қызметтің өзара байланысын былай көрсетеді: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз” (Жоханның 1-хаты 5:3; Жохан 14:21). Құдайдың өсиеттеріне ‘барып, шәкірттер етіңдер’ деген өсиет те жата ма? (Матай 28:19). Иә, жатады. Бұл сөздерді Иса айтқанымен, олар, негізінен, Ехобаның сөздері. Неге? Иса: ‘Еш нәрсені өз еркіммен істемей, тек Әкем қалай үйретсе, солай сөйлеймін’,— деп түсіндірген (Жохан 8:28; Матай 17:5). Олай болса, уағыздау туралы өсиетті орындай отырып, Ехобаға өзін сүйетінімізді көрсетеміз.
6. Қалайша Құдайға деген сүйіспеншілік бізді уағыздауға талпындырады?
6 Сонымен қатар Құдайға деген сүйіспеншіліктің уағыздауға талпындыруының себебі — біз Шайтанның Ехобаға жапқан жаласын жоққа шығарғымыз келеді (Қорынттықтарға 2-хат 4:4). Шайтан Құдайдың билігінің әділдігіне күмән келтірген болатын (Жаратылыс 3:1—5). Ехоба Куәгерлері ретінде біз Шайтанның өтірігін әшкерелеуге және адамзат алдында Құдай есімін ақтауға атсалысуды қатты қалаймыз (Ишая 43:10—12). Оның үстіне, Ехобаның қасиеттері мен жолдарын білдік, сондықтан да қызметке қатысамыз. Біз өзімізді оған жақын сезінеміз және өз Құдайымыз туралы басқаларға айтуға деген зор ықыласымыз бар. Шынында да, Ехобаның ізгілігі мен әділ жолдары бізді қуанышқа бөлейтіні сонша — ол туралы айтпай тұра алмаймыз (Забур 144:7—12). Жүрегіміз бізді оны әрі қарай да мадақтауға және тыңдайтындарға ‘ұлы істері’ жайлы айтуға талпындырады (Петірдің 1-хаты 2:9; Ишая 43:21).
7. Құдайға деген сүйіспеншілікпен қатар, уағыздау ісіне қатысуымызға тағы қандай маңызды себеп бар?
7 Қызметке қатысуды жалғастырудың тағы бір себебі бар: біз жаман хабарлардан құлақтары тұнғандарды және түрлі себептермен қасірет шегіп жүргендерді шын жүректен жұбатқымыз келеді. Осылай Исаға барынша еліктеуге тырысамыз. Мысалы, Марқа жазған Ізгі хабардың 6-тарауын қарап көрейікші.
8. Марқаның 6-тарауындағы оқиғадан Исаның адамдарға деген сезімі жайлы не білуге болады?
8 Елшілер топ болып уағыздап келгеннен кейін, жасаған істері мен берген тәлімдері туралы Исаға айтып береді. Иса елшілерінің шаршағанын байқайды, сөйтіп, оларға өзімен бірге барып ‘біраз тынығып демалуды’ айтады. Олар қайыққа мініп, тыныш жерге жүзіп кетеді. Ал адамдар болса соңдарынан ілеседі де, жағалаудың бойымен жүгіре отырып, оларды қуып жетеді. Иса сол кезде не істеді? Ол “үлкен тобырды көріп, жаны ашыды. Себебі олар бағушысы жоқ қойлар сияқты еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді” (Марқа 6:31—34). Жанашырлық Исаны шаршағанына қарамастан, ізгі хабармен әрі қарай бөлісуге талпындырды. Исаның бұл адамдарды қатты аяғаны анық.
9. Марқаның 6-тарауында жазылған оқиғадан уағызға дұрыс ниетпен қатысуға қатысты не нәрсеге үйренеміз?
9 Бұл оқиғадан қандай сабақ аламыз? Мәсіхші ретінде ізгі хабарды уағыздау мен шәкірттер дайындауға міндетті екенімізді білеміз. Ізгі хабарды жариялауға жауапты екенімізді түсінеміз, өйткені Құдай “барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды” (Тімотеге 1-хат 2:4). Алайда қызметімізді борышымызды сезінгендіктен ғана емес, жанымыз ашығандықтан да атқарамыз. Егер адамдарға Иса сияқты жанымыз қатты ашыса, жүрегіміз олармен ізгі хабарды бөлісе беру үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге талпындырады (Матай 22:39). Осындай керемет ниеттеріміз болса, ізгі хабарды тоқтамастан уағыздауға талпынамыз.
Біздің хабарымыз — Патшалық туралы ізгі хабар
10, 11. а) Ишая уағыздайтын хабарымызды қалай суреттеген? ә) Иса “бақыттың жақсы хабарын” қалай алып келді және Құдайдың бүгінгі қызметшілері оның үлгісіне қалай еліктеуде?
10 Ал қызметіміздің екінші қыры, яғни хабарымыз, туралы не деуге болады? Біз нені уағыздаймыз? Ишая пайғамбар жариялайтын хабарымызды керемет суреттеген: “Ізгі хабар жеткізушінің таудан өтіп келгені қандай тамаша! Ол татулықты жариялап, бақыттың жақсы хабарын алып келіп, құтқарылуды паш етеді. Сионға: — Құдайың патшалық құрып жатыр!— деп мәлімдейді” (Ишая 52:7).
11 “Құдайың патшалық құрып жатыр” деген негізгі сөйлемше жариялауымыз керек хабарды, дәлірек айтқанда, Патшалық туралы ізгі хабарды, есімізге салады (Марқа 13:10). Сондай-ақ бұл тармақ хабарымыздың жағымды екенін көрсететінін байқашы. Ишая ‘құтқарылу’, “ізгі хабар”, ‘татулық’, ‘бақыттың жақсы хабары’ деген сөздерді қолданған. Ишаядан кейін бірнеше ғасырдан соң, б. з. I ғасырында Иса Мәсіх осы пайғамбарлықты керемет түрде орындады. Ол бақыттың жақсы хабары — Құдай Патшалығының келе жатқаны — туралы құлшыныспен жариялаудың жақсы үлгісін көрсетті (Лұқа 4:43). Қазіргі уақытта, әсіресе 1919 жылдан бері, Ехоба Куәгерлері Құдайдың орнаған Патшалығы мен оның әкелетін баталары туралы құлшына жариялауларымен Исаның үлгісіне еліктеуде.
12. Патшалық туралы ізгі хабар оны қабыл алғандарға қалай әсер етуде?
12 Патшалық туралы ізгі хабар қабыл алғандарға қалай әсер етуде? Бүгінде ізгі хабар Исаның күніндегідей үміт пен жұбаныш сыйлауда (Римдіктерге 12:12; 15:4). Ол жүрегі ашық жандарға үміт беруде, өйткені олар алда жақсы уақыт болатынына сенуге келелі себептер бар екенін біледі (Матай 6:9, 10; Петірдің 2-хаты 3:13). Ал бұл үміт Құдайдан қорқатын адамдарға дұрыс көзқарас сақтауға көп көмектеседі. Забур жыршысы олардың ‘тіпті жаман хабардан да қорықпайтынын’ айтады (Забур 111:1, 7).
‘Жаралы жүректерді жұбатып орнықтыратын’ хабар
13. Ишая пайғамбар ізгі хабарды қабылдағандарға оның сол заматта-ақ әкелетін баталарын қалай сипаттайды?
13 Бұған қоса, уағыздайтын ізгі хабарымыз құлақ асатындарға сол заматта-ақ жұбаныш пен баталар әкеледі. Қалайша? Сол баталардың кейбіреуін Ишая пайғамбар алдын ала айтқан болатын: “Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға ізгі хабар жеткізіп, жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындап, сондай-ақ тұтқындарға босатылып, бұғаудағыларға азат болатындарын жар салуға жіберді. Мені Құдай Иеміз Өзінің кешірім беретін мейірімділік жылын әрі жауларынан кек алатын кезін жариялауға жұмсап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді” (Ишая 61:1, 2; Лұқа 4:16—21).
14. а) “Жаралы жүректерді жұбатып орнықтыру” деген Патшалық хабарының қандай екенін көрсетеді? ә) Ехобаның жаралы жүректерге деген қамқорлығына қалай еліктейміз?
14 Сол пайғамбарлыққа сәйкес, Иса ізгі хабарды таратуымен ‘жаралы жүректерді жұбатып орнықтырады’. Ишая бұл жерде әсерлі де көркем сөздерді қолданған. Бір Киелі кітап сөздігіне сәйкес, “жұбатып орнықтыру” деп аударылған еврейдің “таңып байлау” деген сөзі “жиі дәкемен таңуды және зақымданған жерге дәрі жағып, емдеуді білдіреді”. Қамқоршы мейірбике ауырғанын басу үшін зақым келген жерге дәке таңады немесе компресс жасайды. Дәл осылай, Патшалық туралы хабарды уағыздағанда, қамқоршы жариялаушылар сол хабарға құлақ асқан, қандай да бір себептермен қайғырып жүрген адамдардың бәріне қолдау көрсетеді. Олар зәру болғандарға көмек беру арқылы Ехобаның қамқорлығына еліктейді (Езекиел 34:15, 16). Забур жыршысы Құдай туралы былай дейді: “Ол жүрегі жаралыларды сауықтырады және олардың қайғысын емдейді” (Забур 146:3).
Патшалық туралы хабар қалай әсер етеді?
15, 16. Өмірден алынған қандай мысалдар Патшалық туралы хабардың зәру болғандарға дем беріп, нығайтатынын көрсетеді?
15 Өмірден алынған көптеген мысалдар Патшалық туралы хабар жаралы жүректерді шынымен демеп, нығайтқанын көрсетеді. Мысалы, Оңтүстік Америкадағы өмірден қатты түңілген Ореана есімді егде әйелді алайық. Бір Ехоба Куәгері оған келіп, Киелі кітап пен “Менің Киелі кітап әңгімелері жазылған кітабым”b басылымын оқып бере бастайды. Алғашқыда жаны күйзелген әйел оны төсегінде, жұмулы көздерімен, ара-арасында ауыр күрсініп қойып тыңдайды. Көп ұзамай ол төсегінде отырып тыңдауға әрекет жасайды. Біраз уақыт өткеннен кейін Киелі кітап үйретушісін қонақ бөлмеде орындықта отырып күтетін болады. Кейін ол Патшалық Сарайындағы мәсіхшілер кездесулеріне қатыса бастайды. Сол кездесулерінен қатты жігер алған ол үйінің жанынан өтіп бара жатқандарға Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді ұсына бастайды. Сөйтіп, Ореана 93 жасында шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба Куәгері болады. Патшалық туралы хабар оның өмір сүруге деген құштарлығын қайта оятты (Нақыл сөздер 15:30; 16:24).
16 Патшалық туралы хабар тіпті өмірін ауру жалмағалы тұрғанын білетіндерге де зор дем береді. Батыс Еуропадағы Марияның мысалын көрейік. Ол айықпас дерттен қасірет шегіп, бар үмітін жоғалтқан болатын. Ехоба Куәгерлерімен байланысқан кезінде жаны қатты күйзеліп жүрген еді. Бірақ Құдайдың ниеттері туралы білгенде, өмірі қайтадан мағынаға ие болды. Ол шомылдыру рәсімінен өтіп, уағыздау ісіне өте белсенді қатысатын болды. Өмірінің соңғы екі жылында жанарында үміт пен қуаныш оты жанып тұрды. Мария қайта тірілуге деген берік үмітпен көз жұмды (Римдіктерге 8:38, 39).
17. а) Патшалық туралы хабар оны қабыл алғандардың өміріне қалай әсер етуде? ә) Ехоба ‘құлағандардың бәрін тұрғызып’ жатқанын өз өміріңде қалай байқадың?
17 Мұндай оқиғалар Киелі кітаптағы шындықты аңсағандардың өміріне Патшалық хабары қалай әсер ете алатынын көрсетеді. Жақын адамының өліміне қайғырып жүргендер қайта тірілу үміті жайлы білгенде, қайтадан күш-жігерге ие болады (Салониқалықтарға 1-хат 4:13). Жоқшылықта өмір сүріп, отбасын зорға асырап жүргендер Ехобаға адал болса, оның ешқашан тастамайтынын білгенде, өз қадірлерін қайта сезініп, батылдыққа ие болуда (Забур 36:28). Ехобаның көмегімен жан күйзелісінен көңілі жабыққандардың көбісі онымен күресуге қажет күшті біртіндеп дамытуда, ал кей жағдайларда тіпті ауруды жеңе алуда (Забур 39:2, 3). Шындығында, тап қазір Ехоба өз Сөзіндегі күші арқылы ‘құлағандардың бәрін тұрғызуда’ (Забур 144:14). Патшалық туралы ізгі хабардың аумағымыздағы және қауымдағы жаралы жүректерді қалай жұбатып жатқанын көргенде, бұл бізде бүгіндегі ең жақсы хабар бар екенін қайта-қайта есімізге салады (Забур 50:19).
“Құдайдан жалбарынып сұрайтыным”
18. Яһудилердің ізгі хабардан бас тартқандары Пауылға қалай әсер етті және неліктен?
18 Айтатын хабарымыз ең жақсы хабар болса да, көпшілігі одан бас тартады. Бұл бізге қалай әсер етуі мүмкін? Елші Пауылдың жағдайындағыдай. Ол көбінесе яһудилерге уағыздаған болатын, бірақ олардың басым көпшілігі құтқарылу жайлы хабарды тыңдамады. Олардың бас тартқаны Пауылға қатты әсер етті. Ол: “Қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды”,— деп мойындаған (Римдіктерге 9:2). Уағыздаған яһудилерге Пауылдың жаны ашыған, сондай-ақ ізгі хабардан бас тартқандарына қайғырған.
19. а) Неліктен кейде ұнжырғамыз түсіп кететіні түсінікті жайт? ә) Пауылға әрі қарай уағыздай беруге не көмектесті?
19 Біз де ізгі хабарды жанымыз ашығандықтан уағыздаймыз. Сондықтан көп адамдар Патшалық туралы хабардан бас тартқанда, ұнжырғамыз түсетіні түсінікті жайт. Бұл уағыздап жатқан адамдарымыздың рухани игілігін шын жүректен ойлайтынымызды көрсетеді. Алайда елші Пауылдың үлгісін естен шығармауымыз керек. Оның әрі қарай да уағыздай беруіне не көмектесті? Яһудилердің ізгі хабарды тыңдаудан бас тартқаны қасірет шектіріп, жүрегін сыздатса да, Пауыл яһудилердің бәрінен бірдей үмітін үзген жоқ-тын. Ол әлі де болса Мәсіхті қабылдайтындар болар деп үміттенді. Сондықтан әрбір жеке яһудиге қалай қарайтынын Пауыл былай жазды: “Жүрегімнің тілегі және Құдайдан жалбарынып сұрайтыным — исраилдіктердің құтқарылуы” (Римдіктерге 10:1).
20, 21. а) Қалай қызметімізде Пауылға еліктей аламыз? ә) Келесі мақалада қызметіміздің қай қыры қарастырылады?
20 Пауыл көңіл бұрып отырған екі нәрсеге назар аударшы. Кейбір адамдардың құтқарылуы жүрегінің тілегі болған және осыны Құдайдан жалынып сұраған. Бүгінде біз Пауылдың үлгісіне еліктейміз. Ізгі хабарға әлі де ыңғай танытуы мүмкін адамдарды табуға деген шынайы ықыласымызды жоғалтпаймыз. Құтқарып қалатын өмір жолына түсулеріне көмектесе алуымыз үшін оларды табуды Ехобадан сұрауды доғармаймыз (Нақыл сөздер 11:30; Езекиел 33:11; Жохан 6:44).
21 Алайда мүмкіндігінше көп адамға Патшалық туралы хабарды жеткізу үшін не үшін және нені уағыздайтынымызға ғана емес, қалай уағыздайтынымызға да назар аударуымыз керек. Бұл келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтемелер]
a Бұл мақалада екі қырын, ал келесі мақалада үшіншісін қарастырамыз.
b Ехоба Куәгерлері басып шығарған.
Не білдіңдер?
• Қандай себептермен қызметке қатысамыз?
• Уағыздайтын басты хабарымыз қандай?
• Патшалық туралы хабарды қабыл алғандар қандай баталар көруде?
• Қызметімізді жалғастыра беруге не көмектеседі?
[24-беттегі суреттер]
Патшалық туралы хабар жаралы жүректерге күш-жігер береді