Пайғамбарлық кітап
Адамдарды болашақ қашан да қызықтырған. Олар әртүрлі жайттарға қатысты — ауа райынан бастап экономикалық көрсеткіштерге дейін — сенім артуға тұрарлық болжам естігісі келеді. Алайда айтылған болжамға сай әрекет еткен адамның жиі көңілі қалып жатады. Киелі кітапта көптеген болжамдар, не пайғамбарлықтар, бар. Оларға сенім артуға бола ма? Пайғамбарлықта айтылған оқиғалар алдын ала жазылған ба, жоқ әлде тарихта болып кеткен соң жазылған ба?
РИМНІҢ Катон (б.з.б. 234—149 ж.) есімді мемлекет қайраткері: “Бір сәуегей екінші бір сәуегейді көргенде, күлкісін қалайша тыйып тұра алатындығына таңданамын”,— деген екен1. Бүгінгі күнге дейін көп адам көріпкелдерге, жұлдызнамашылар мен сәуегейлерге күмәнмен қарайды. Олардың болжамдары көп жағдайда анық емес және оларды әрқалай түсіндіруге болады.
Ал Киелі кітап пайғамбарлықтары туралы не деуге болады? Олар күмән тудыра ма? Жоқ әлде оларға сенім артуға негіз бар ма?
Жай ғана деректерге негізделген болжам емес
Белгілі бір білімге ие адамдар қоғамда байқалған тенденциялардың негізінде болашақты дәл болжауға тырысуы мүмкін, бірақ олардың айтқандары әрқашан тура келе бермейді. Бір еңбекте былай айтылған: “Әрбір қоғам болуы әбден мүмкін бірқатар оқиғалармен ғана емес, болуы ықтимал сан алуан оқиғалармен де, сондай-ақ адамдар қалаған қарама-қайшылыққа толы оқиғалармен де бетпе-бет келеді” (“Future Shock”). Бұл кітапта әрі қарай былай делінеді: “Әлбетте, болашақты ешкім де дәл “біле” алмайды. Біз небары өз болжамдарымызды бір жүйеге келтіріп, оларды жетілдіріп, жорамалдарымыздың орындалу ықтималдығын анықтауға тырыса аламыз”2.
Алайда Киелі кітап жазушылары болашаққа қатысты жайттарды айтқанда, жай ғана олардың ‘орындалу ықтималдығын анықтап’ қойған жоқ. Олардың болжамдары әрқалай түсіндіруге болатындай көмескі де емес. Керісінше, олардың көптеген пайғамбарлықтары тасқа таңба басқандай анық та нақты болған. Олар көбінесе адамдар мүлдем күтпеген нәрселерді пайғамбарлық еткен. Мысал үшін, Киелі кітапта ежелгі Бабыл қаласы туралы алдын ала не айтылғанын қарастырып көрейік.
“Оларды сыпырып тастаймын”
Ежелгі Бабыл патшалықтардың “көркіне” айналған еді (Ишая 13:19). Ол стратегиялық тұрғыдан қолайлы жерде — Парсы шығанағынан Жерорта теңізіне дейінгі сауда жолында — құлаш жайып жатқан болатын. Құрлық пен теңіз арқылы сауда-саттық жасаған Шығыс пен Батыс елдері үшін бұл қала сауда базасына айналды.
Б.з.б. VII ғасырға таман Бабыл империясының астанасы болған бұл қала жау алмастай болып көрінетін. Қала арқылы Евфрат өзені өтетін. Оның суы кең әрі терең орларды толтыру үшін және каналдар жасау үшін қолданылатын. Оның үстіне, қаланы қорғаныс үшін орнатылған көптеген мұнаралары бар екі қабатты үлкен қабырғалар қорғап тұратын. Сондықтан қала тұрғындарының өздерін қауіпсіздікте сезінгені еш таңғалдырмайды.
Дегенмен б.з.б. VIII ғасырда Бабылдың даңқы әлі өрлемей тұрған кезде, Ишая пайғамбар оның ‘сыпырып тасталатынын’ пайғамбарлық етті (Ишая 13:19; 14:22, 23). Сондай-ақ ол Бабылдың қалай күйрейтінін дәл суреттеп берді. Басқыншылар ондағы өзен суларын — қорғаныс үшін қазылған ордағы суды — ‘кептіріп құрғатып’, қаланы қорғансыз етуі керек еді. Сонымен қатар Ишая жаулап алушының аты “Кир” болатынын және осы ұлы парсы патшасының алдында ‘есіктер ашылып, қала қақпалары жабылмайтынын’ айтып кетті (Ишая 44:27—45:2).
Бұл батыл айтылған пайғамбарлықтар еді. Бірақ олар орындалды ма? Мұны тарих көрсетеді.
‘Шайқассыз алынды’
Ишая өз пайғамбарлығын жазғаннан кейін екі ғасыр өткен соң, б.з.б. 539 жылдың 5 қазанында ұлы Кир бастаған Медо-Парсы әскері түн жамыла Бабыл қаласының маңына келіп қоныс тепті. Бірақ бабылдықтар өздеріне тым сенімді болды. Грек тарихшысы Геродоттың (б.з.б. V ғасыр) айтуынша, оларда біраз жылға жетерлік азық-түлік болды3. Сондай-ақ Бабылды Евфрат өзені мен бекем қабырғалар қорғап тұрды. Сөйтсе де, Набонидтің жылнамасында айтылғандай, сол түні-ақ “Кирдің әскері Бабылды шайқассыз алды”4. Бұл қалай мүмкін болды?
Геродоттың түсіндіруі бойынша, бабылдықтар сол түні “той тойлап, би билеп, көңіл көтеріп жатқан болатын”5. Сол аралықта Кир Евфраттың суын басқа арнаға бұрып жібереді. Өзеннің суы тартылған соң, қарулы әскер белден ғана келетін судың бойымен жүреді. Олар биік қабырғаларды жағалай өтіп, Геродот айтқандай, “өзен жаққа қарай ашылып тұрған қақпа” арқылы кіреді6. Сол түні Бабылдың қақпасы қапыда ашық қалған болатын (Даниял 5:1—4; Еремия 50:24; 51:31, 32 салыстырыңыз). Ксенофонт (шам. б.з.б. 431—352 жылдар) және басқа да тарихшылар, сондай-ақ археологтар тапқан сына тақтайшалар Кирдің Бабылды күтпеген жерден жаулап алғанын растайды7.
Осылайша Ишаяның Бабылға қатысты айтқан пайғамбарлығы орындалды. Бұл, бәлкім, пайғамбарлық емес шығар? Бұл алдын ала айтылмаған, тек болып кеткеннен кейін ғана жазылған оқиға болуы мүмкін бе? Киелі кітаптағы басқа пайғамбарлықтарға қатысты да осындай сұрақтар туындайды.
Алаяқтардың айласы емес пе екен?
Ишая пайғамбар немесе Киелі кітаптағы өзге пайғамбарлар болып кеткен оқиғаны қайта көшіріп жазып, оған пайғамбарлық реңк берген болса, олар нағыз алаяқ болар еді. Бірақ оларға алдап не керек? Шынайы пайғамбарлар өздерінің пара алмайтынын ашық айтқан (Патшалықтар 1-жазба 12:3; Даниял 5:17). Біз Киелі кітап жазушыларының (олардың көпшілігі пайғамбар болған) тіпті өздерінің де үлкен қателіктері туралы ашық жазған сенімді адамдар екендігінің дәлелдерін қарастырған болатынбыз. Осындай адамдар тарихты асқан шеберлікпен пайғамбарлық ретінде жазып, айласын асырды дегенге сену қиын.
Ескере кететін тағы бір жайт бар. Көптеген пайғамбарлықтарда пайғамбардың өз халқын, сондай-ақ дін қызметкерлері мен билік иелерін әшкерелеген пәрменді сөздер жазылған. Мысалы, Ишая өз заманындағы исраилдіктерді — басшыларды да, халықты да — азғындыққа салынып кеткендері үшін айыптаған (Ишая 1:2—10). Басқа пайғамбарлар дін қызметкерлерінің күнәсін батыл әшкерелеген (Софония 3:4; Малахи 2:1—9). Пайғамбарларға өткір сөздермен өз халқына қарсы “пайғамбарлық” айту не үшін қажет болғаны және дін қызметкерлерінің бұған неге қолдау көрсеткені түсініксіз болар еді.
Оның үстіне, пайғамбарлар алаяқ болған болса, халықты қалайша алдап соқпақ еді? Исраилде сауатты болуға айрықша мән берілетін. Балаларды жас күнінен оқу-жазуға үйрететін (Заңды қайталау 6:6—9). Барлығы да Киелі жазбаларды жеке “оқуға” шақырылатын (Забур 1:2 ЖД). Киелі жазбалар әр сенбі сайын мәжілісханаларда жұрт алдында оқылатын (Елшілердің істері 15:21). Бүкіл халықтың сауатты болғанын әрі Жазбаларды жақсы білгенін ескерсек, қалайша олар өздерін алдауға жол берер еді?
Ишаяның Бабылдың күйреуі туралы пайғамбарлығында тағы да бір жайт сөз етілген. Бұл жайт оқиға орын алған соң жазылуы мүмкін емес еді.
“Ешқашан да оған адам қоныстанбайды”
Күйреген соң Бабылмен не болмақ еді? Ишая алдын ала былай деді: “Ешқашан да оған адам қоныстанбайды және де әулеттің әулетінде де онда тұрғындар болмайды; Арабтықтар өз шатырларын тікпейді, әрі бақташылар да ол жерде өз табындарымен бірге демалмайтын болады” (Ишая 13:20). Бәлкім, осындай ыңғайлы жерде орналасқан қаланың мәңгілікке қаңырап бос қалатыны жайлы пайғамбарлық қызық көрінген шығар. Ишая бұл сөздерді Бабылдың күйрегенін көргеннен кейін жазуы мүмкін бе еді?
Кир Бабылды жаулап алған соң, ол тұрғындары аз болғанмен, ғасырлар бойы елді мекен болып қала берді. Өлі теңізден табылған шиыршықтар арасында б.з.б. II ғасырмен белгіленген Ишая кітабының толық көшірмесі болғанын еске алайықшы. Сол шиыршық көшірілген жылдары парфяндықтар Бабылға үстемдік еткен болатын. Б.з. І ғасырында яһудилердің біразы Бабылда тұрған және Киелі кітап жазушысы Петір сонда барып қайтқан (Петірдің 1-хаты 5:13). Ол уақытта Өлі теңізден табылған Ишая кітабының жазылып біткеніне екі ғасырға жуық уақыт өткен еді. Осылайша б.з. І ғасырында, Ишая кітабының жазылып біткеніне қаншама уақыт өтсе деa, Бабыл әлі елсіз жерге айналмаған еді.
Алдын ала айтылғандай-ақ, Бабыл ақыр аяғында тастардың үйіндісіне айналды (Еремия 51:37). Еврей тілінің маманы Иеронимнің (б.з. IV ғасыры) айтуынша, ол өмір сүрген заманда Бабыл олжасын тіміскілеген “небір аңдардың” ордасына айналған болатын9. Бабыл бүгінгі күнге дейін қаңырап бос жатыр.
Ишая Бабылдың қаңырап бос қалғанын көрген жоқ. Бірақ қазіргі Ирактағы Бағдат қаласының оңтүстігінен 80 шақырымдай қашықтықта жатқан бір кездері құдіретті қала болған Бабылдың үйіндісі Ишаяның “ешқашан да оған адам қоныстанбайды” деген сөздерінің орындалғанына үнсіз куәлік етеді. Әрине, туристерді қызықтыру үшін қаланы қайта тұрғызуға болар еді, бірақ Бабылдың ‘балалары мен немерелері’ оған енді қайтып қоныстанбайды (Ишая 13:20; 14:22, 23).
Олай болса, Ишаяның пайғамбарлығы болашақтағы кез келген оқиғаға сәйкес келетіндей көмескі емес еді. Ол болып кеткен тарихи оқиғаны пайғамбарлық ретінде жазбаған да. Өзіңіз ойлап қараңызшы, кітапты жазған алаяқ өзі еш әсер ете алмайтын оқиға жайлы, яғни құдіретті Бабылдың ешқашан қоныстандырылмайтыны жайлы, “пайғамбарлық” етіп, басын қатерге тігіп қайтпек?
Бабылдың күйреуі туралы пайғамбарлық — Киелі кітаптағы көп мысалдың бірі ғанаb. Көп адам Киелі кітап пайғамбарлықтарының орындалуын көріп, олардың адамнан жоғары тұрған құдірет иесінен шыққанын аңғарады. Бұл пайғамбарлық кітаптың, тым болмағанда, зерттеп көруге тұрарлық кітап екендігімен келісетін шығарсыз. Мына нәрсе анық болып отыр: бүгінгі күнгі сәуегейлердің көмескі немесе елді дүрліктіретін болжамдары мен Киелі кітаптың анық, дәйекті әрі дәл пайғамбарлықтарының арасындағы айырмашылық жер мен көктей.
[Сілтемелер]
a Еврей жазбаларының, соның ішінде Ишая кітабының, б.з. І ғасырынан ұзақ уақыт бұрын жазылып біткенін дәлелдейтін сенімді айғақтар бар. Тарихшы Иосиф Флавий (б.з. І ғ.) Еврей жазбаларының өз заманынан әлдеқайда бұрын канондық кітаптар санатына кіргенін айтып кеткен8. Оның үстіне, грек Септуагинтасы — Еврей жазбаларының грек тіліндегі аудармасы — б.з.б. III ғасырда басталып, б.з.б. II ғасырда аяқталған болатын.
b Киелі кітаптағы басқа пайғамбарлықтар мен олардың орындалуын дәлелдейтін тарихи айғақтар туралы мәліметті Күзет мұнарасы қоғамы басып шығарған “Киелі кітап Құдайдың сөзі ме, әлде адамның сөзі ме?” (ор.) кітабының 117—133 беттерінен қарауыңызға болады.
[28-беттегі сөздер]
Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтар шындық па, жоқ әлде жақсылап ойластырылған қулық па?
[29-беттегі сурет]
Ежелгі Бабылдың үйіндісі