2-Тарау
Құдай туралы білім беретін кітап
1, 2. Неге біз Жаратушының басшылығына мұқтажбыз?
СҮЮШІ Жаратушымыздың адамзат үшін нұсқаулар мен басшылық беретін кітаппен қамтамасыз еткені ақылға қонымды. Адамзаттың басшылыққа мұқтаж болып отырғанымен сен келіспейсің бе?
2 Бұдан 2500 жылдан астам уақыт бұрын бір тарихшы әрі пайғамбар: “Өзінің қадамына бағыт беру жүрушінің билігінде емес”,— деп жазған (Еремия 10:23). Бүгінде бұл сөздердің ақиқаттығы бұрын-соңды болмағандай әбден айқын болды. Осылайша тарихшы Уильям Х. Макнил: “Біздің планетамыздағы адамзат тарихы — қоғамдық тәртіп құрылысының бітпейтін дағдарысы мен күйреу тізбегі”,— деп ескереді.
3, 4. а) Киелі кітапты зерттеуге қандай көзқарас керек? ә) Киелі кітаппен танысуды неден бастаймыз?
3 Киелі кітап бізге керекті дана басшылық береді. Рас, алғашқыда көп адамға оның түбіне жету мүмкін еместей болып көрінеді. Бұл — үлкен кітап, оның кейбір бөліктерін түсіну оңай емес. Егер саған мұраны қалай алуға болатындығын түсіндіретін заң құжатын тапсырса, оны зер салып оқып шығуға уақыт таппас па едің? Егер саған бұл құжаттардың кейбір бөліктерін түсіну қиынға соқса, мүмкін, осындай істерден хабары бар адамнан көмек сұрарсың. Неге Киелі кітапқа қатысты да дәл осылай әрекет етпеске? (Елшілердің істері 17:11). Себебі әңгіме кәдімгі мұрадан әлдеқайда маңызды нәрсе жөнінде болып отыр. Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Құдай туралы білім мәңгілік өмірге алып барады.
4 Онда Құдай туралы білім беретін кітаппен жақынырақ танысайық. Алдымен, Киелі кітапқа қысқаша шолу жасаймыз. Сосын көптеген білімдар адамдардың неге Киелі кітапты Құдай рухының жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі деп есептейтіндігін талқылаймыз.
КИЕЛІ КІТАПТЫҢ МАЗМҰНЫ
5. а) Еврей жазбаларында қандай мәліметтер бар? ә) Грек жазбаларында қандай мәліметтер бар?
5 Киелі кітаптың әдетте Көне өсиет және Жаңа өсиет деп аталатын екі бөлігі 66 кітаптан тұрады. Киелі кітаптың 39 кітабы еврей тілінде, ал 27-сі грек тілінде жазылған. Жаратылыстан Малахиға дейінгі кітаптардан тұратын Еврей жазбалары жаратылыстың басталуы мен одан кейінгі адамзаттың 3500 жылғы тарихын қамтиды. Киелі кітаптың бұл бөлігімен таныса отырып, исраилдіктердің ұлт ретінде пайда болған б. з. б. XVI ғасырынан бастап б. з. б. V ғасырына дейін Құдайдың олармен қандай қарым-қатынаста болғаны туралы білемізa. Матай жазған ізгі хабардан басталып Аян кітабымен аяқталатын Грек жазбалары б. з. І ғасырындағы Иса Мәсіх пен оның шәкірттерінің тәлімдері мен қызметіне көңіл аударады.
6. Неліктен Киелі кітапты толығымен зерттеуіміз керек?
6 Кейбіреулер “Көне өсиет” еврейлер үшін, ал “Жаңа өсиет” мәсіхшілер үшін деп есептейді. Бірақ Тімотеге 2-хат 3:16-ға сәйкес “Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді”. Сондықтан Киелі кітапты толығымен зерттеуімізге барлық негіз бар. Шын мәнінде, Киелі кітаптың екі бөлігі жалпы бір тақырыпты үйлесімді дамыта отырып, бірін-бірі толықтырады.
7. Киелі кітаптың негізгі тақырыбы қандай?
7 Мүмкін, сен діни қызмет атқарылатын орындарға барып, онда Киелі кітаптың кейбір жерлерін жұрт алдында оқығанын тыңдаған боларсың, немесе оның кейбір бөліктерін өзің де оқыған шығарсың. Жаратылыстың басталуынан бастап Аянға дейін Киелі кітап баяндамаларын бір тақырып байланыстырып отырғанын сен білуші ме едің? Иә, бүкіл Киелі кітап бойынша бір тақырып дамиды. Қандай? Құдайдың Патшалық арқылы адамзатқа билік етуге құқы бар екендігін растауы және оның сүйіспеншілікке толы ниетін жүзеге асыруы. Кейінірек Құдайдың бұл ниетін қалай орындайтынын көреміз.
8. Киелі кітапта Құдайдың өзіндік қасиеті туралы не айтылады?
8 Киелі кітапта Құдайдың ниеті туралы айтылып қана қоймай, оның өзіндік қасиеті жөнінде де баяндалады. Мысалы, біз Киелі кітаптан Құдайдың сезімі бар екендігін әрі ол үшін біздің қандай шешім қабылдайтынымыздың маңызды екенін білеміз (Забур 77:40, 41; Нақыл сөздер 27:11; Езекиел 33:11). Забур 102:8—14 дейінгі тармақтарда былай делінген: “Жаратқан Ие — мейірімді де рақымды, Асқан шыдамды әрі қайырымды”. Ол бізге түсінушілікпен көңіл бөледі, біздің “топырақтан” жаратылып, өлгенде қайтып топырыққа айналатынымыз оның есінде (Жаратылыс 2:7; 3:19). Ол қандай тамаша қасиеттер танытады десеңші! Сен осындай Құдайға бас июді қаламас па едің?
9. Киелі кітап Құдайдың нормалары жөнінде қалайша айқын түсінік береді және оларды білгеніміздің бізге қандай пайдасы бар?
9 Киелі кітап бізге Құдайдың нормалары туралы айқын түсінік береді. Кейде бұл нормалар заң түрінде берілген. Бірақ көп жағдайларда олар көрнекті үлгілерден айқындалатын принциптермен көрсетілген. Құдай біздің игілігіміз үшін көне Исраил тарихындағы кейбір оқиғалардың жазылып қалуына қам жасаған. Бұл оқиғалар адамдар Құдайдың ниетіне сай әрекет еткенде не болғаны және тәуелсіз өз еріктерімен жүргенде не болғаны жөнінде еш қоспасыз әңгімелейді (Патшалықтар 3-жазба 5:4; 11:4—6; Шежірелер 2-жазба 15:8—15). Осындай тарихи оқиғаларды оқу ешкімді немқұрайды қалдыруы мүмкін емес. Егер біз осы оқиғаларды көз алдымызға елестетіп көрсек, онда өзімізді сол адамдардың орнына қоя аламыз. Осылайша біз жағымды үлгілерден сабақ алып, кейбіреулер түсіп қалған қақпандардан аулақ жүретін боламыз. Алайда бізге бір маңызды сұраққа жауап беру қажет: Киелі кітапта жазылғандарды Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына сенуге қандай негіз бар?
КИЕЛІ КІТАПҚА СЕНУГЕ БОЛА МА?
10. а) Неліктен кейбіреулер Киелі кітап ескірген деп ойлайды? ә) Тімотеге 2-хат 3:16 ,17-де Киелі кітап туралы не айтылады?
10 Көптеген кітаптарда берілетін кеңестер бірер жылдардан кейін-ақ ескіретінін байқаған боларсың? Ал Киелі кітап жөнінде не айтуға болады? Бұл — өте көне кітап. Оның соңғы сөздері жазылып біткеннен бері, 2000 жылға жуық уақыт өтті. Сол себептен кейбіреулер Киелі кітапты біздің уақытымызда қолдануға жарамсыз деп ойлайды. Бірақ егер Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылған болса, көне болғанына қарамастан оның кеңестері бұрынғысынша уақытына сай болу керек. Сондай-ақ әлі күнге дейін “тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді” болу керек, сонда “Құдайдың адамы барша игі іске дайындалып, толықтай даяр болмақ” (Тімотеге 2-хат 3:16, 17).
11—13. Неліктен Киелі кітапты біздің күндерімізге де пайдалы деп айтуға болады?
11 Киелі кітапты жақсырақ білген кезіңде, оның принциптерін жазылып жатқан уақыттағыдай, бүгінгі күні де қолдануға болатынын көресің. Мысалы, Киелі кітап адам болмысы туралы айтқанда, ол кез келген ұрпаққа тән ерекшеліктерді шебер сипаттайды. Бұл Матай жазған ізгі хабардың 5-тен бастап 7-ге дейінгі тарауларында жазылған Исаның Таудағы уағызынан жақсы көрінеді. Бұл уағыз Үндістанның көсемі Мохандас К. Гандиға қатты әсер еткені соншалық, ол жоғары қызметтегі Британ төресінің атына: “Егер сіздің еліңіз бен біздің ел Мәсіхтің таудағы уағызының іліміне негізделе отырып келіссе, онда тек біздің елдердің ғана емес, дүние жүзінің күрделі мәселелерін шешкен болар едік”,— деп сөз жолдаған.
12 Исаның ілімдері адамдарға әсер беретіні таңғаларлық емес! Ол Таудағы уағызында бізге шын бақытқа жол көрсетті. Иса дау-жанжалды қалай шешуді үйретті. Қалай дұға айтуды түсіндірді. Материалдық мұқтаждықтарға қалай парасаттылықпен қарауды атап өтті және адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы “алтын ереже” берді. Бұдан да басқа Иса бұл уағызында жалған нанымдарды қалай айырып тануды және қауіпсіз болашақта өмір сүру үшін не істеу керек екендігін түсіндірді.
13 Киелі кітаптың Таудағы уағызынан және оның басқа да беттерінен өміріміз жақсылыққа бет алу үшін не нәрсеге асық, ал неден қашық болуымыз керек екендігі айқын көрінеді. Оның кеңестерінің тиімділігі соншалық, бір оқытушы былай деп ниетін білдірді: “Мен орта мектепте кеңес беруші болып істеп және бакалавр мен магистр дәрежесінің иесі болып, сонымен қатар психиатрия мен психология жөнінде көптеген кітаптар оқығаныммен, Киелі кітап некені қалай сәтті ету керек, жасөспірімдер арасындағы қылмыспен қалай күресу керек, достарды қалай тауып және достықты қалай сақтау жөнінде айтқанда, оның кеңестері менің колледжде оқып, зерттегенімнен әлдеқайда артық екендігін байқадым”. Киелі кітап — тек қана қолдануға жарамды және заманға лайық қана болып қоймай, толық сенім артуға тұратын кітап.
ТУРА ЖӘНЕ СЕНІМ АРТУҒА ТҰРАРЛЫҚ
14. Киелі кітаптың ғылыми тұрғыдан тура екендігі неден көрінеді?
14 Киелі кітап ғылыми еңбек болмағанымен, ғылыми тұрғыдан тура. Мысалы, адамдардың көпшілігі Жер жазық деп сенген уақытта, Ишая пайғамбар “жер шары” деген болатын (“хуг” деген еврей сөзі мұнда “шеңбер” деген мағына береді) (Ишая 40:22). Жердің шар тәріздес екенін көпшілік Ишаядан кейін бірнеше мың жылдан соң ғана мойындады. Бұдан басқа, 3000 жылдан аса уақыт бұрын Әйүп кітабының 26:7-де Құдай: “жерді ештеңесіз іліп қойған”,— деп жазылған болатын. Бір Киелі кітап зерттеушісі былай дейді: “Жердің көзге көрінетін тірегі жоқ екендігі туралы астрономдар ашқан ақиқатты Әйүп қайдан білген, бұл сұраққа жауап беру Киелі жазбалардың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанын мойындамайтын адамдарға оңай соқпайды”.
15. Киелі кітаптың баяндау мәнері бұл кітапқа деген сенімімізді қалай күшейтеді?
15 Киелі кітаптың баяндау мәнері біздің бұл көне кітапқа деген сенімімізді күшейте түседі. Киелі кітапта баяндалған оқиғалардың аңыздардан айырмашылығы олар нақты адамдармен және даталармен байланысқан (Патшалықтар 3-жазба 14:25; Ишая 36:1; Лұқа 3:1, 2). Сондай-ақ ертедегі тарихшылар өздерінің басқарушыларының жеңілгендері мен қателіктерін жасырып қалатын болса, Киелі кітап жазушылары әңгіме олардың өздерінің ауыр күнәлары жайында болып тұрса да, әрдайым ашық әрі адал болған (Руларды санау 20:7—13; Патшалықтар 2-жазба 12:7—14; 24:10).
ПАЙҒАМБАРЛЫҚ КІТАП
16. Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанының анағұрлым сенімді дәлелі не?
16 Орындалған пайғамбарлықтар Киелі кітаптың Құдай рухының жетелеуімен жазылғанына еш күмән қалдырмайды. Киелі кітапта егжей-тегжейіне дейін орындалған көптеген пайғамбарлықтар жазылған. Мұның жай ғана адамдардың ісі болуы мүмкін еместігі анық. Осы пайғамбарлықтардың барлығының артында не тұр? Киелі кітапта ‘пайғамбарлық сөздер ешқашан адам баласының қалауымен пайда болған емес, қайта, Құдайға бағышталған қасиетті адамдарға Оның хабарларын айтуға Құдайдың Киелі Рухы қозғау салып отырған’ немесе Құдайдың әрекет етуші күшімен айтылған делінеді (Петірдің 2-хаты 1:21). Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.
17. Бабылдың күйреуі алдын ала қандай пайғамбарлықтарда айтылды және бұл қалай орындалды?
17 Бабылдың күйреуі. Ишая мен Еремия Бабылдың Мидия-Парсы мемлекетінің қолынан күйрейтінін алдын ала айтқан. Ишаяның бұл оқиғалар жайындағы пайғамбарлығы Бабылдың жаулап алынуынан шамамен 200 жыл бұрын жазылғаны ескерерлік! Евфрат өзенінің жасанды арнаға бұрылып жіберілуі (Ишая 44:27; Еремия 50:38); Бабылдың өзенге шығатын қақпасының елеусіз ашық қалуы (Ишая 45:1); сонымен қатар Кир атты басқарушының қаланы сәтті жаулап алуы сияқты пайғамбарлықтардың орындалғанын тарихи деректер дәлелдеді (Ишая 44:28).
18. “Грекия патшалығының” шарықтауы мен күйреуі туралы пайғамбарлық қалай орындалды?
18 “Грекия патшасының” шарықтауы мен күйреуі. Даниял аянда қошқарды жеңіп, оның екі мүйізін сындырған текені көрді. Сонан соң текенің үлкен мүйізі сынып, оның орнына төрт мүйіз пайда болады (Даниял 8:1—8). Бұл Даниялға былай түсіндірілді: “Сен көрген екі мүйізді қошқар — Мидия және Парсы патшалары. Ал сабалақ теке — Грекия патшасы, оның екі көзінің ортасындағы үлкен мүйіз — оның бірінші патшасы; ол сынды да, оның орнына басқа төрт мүйіз шықты; бұл төрт патшалық осы елден шығады, бірақ оның күшімен емес” (Даниял 8:20—22). Осы пайғамбарлыққа сәйкес, екі жүз жыл шамасындағы уақыттан соң “Грекия патшасы” Ескендір Зұлһарнайын “қос мүйізді” Мидия-Парсы ірі мемлекетін жаулап алды. Ескендір б. з. б. 323 жылы қаза болды да, оның билігін төрт қолбасшысы бөліп алды. Бірақ осы жаңадан пайда болған патшалықтардың біреуі де Ескендірдің ірі мемлекетінің қуаттылығына тең келе алмады.
19. Иса Мәсіхке қатысты қандай пайғамбарлықтар орындалды?
19 Иса Мәсіхтің өмірі. Еврей жазбаларында Иса туылғанда, қызмет еткен уақытында, өлгенде және қайта тірілген кезінде орындалған көптеген пайғамбарлықтар бар. Мысалы, 700 жылдан астам уақыт бұрын Миха Мәсіхтің Бетлехемде туылатынын алдын ала айтқан (Миха 5:2; Лұқа 2:4—7). Миханың замандасы Ишая Мәсіхті ұрып-соғып, бетіне түкіретінін алдын ала айтты (Ишая 50:6; Матай 26:67). 500 жыл бұрын Мәсіхті 30 мысқал күміске сататынын Зәкәрия күні бұрын айтты (Зәкәрия 11:12; Матай 26:15). Иса Мәсіхтің өліміне байланысты оқиғаларды Дәуіт мың жылдан аса бұрын айтып кеткен (Забур 21:8, 9, 19; Матай 27:35, 39—43). Сонымен қатар шамамен бес ғасыр бұрын Даниял өзінің пайғамбарлығында Мәсіхтің пайда болатын уақытын, оның қызметінің ұзақтығын, сондай-ақ оның өлетін мезгілін хабарлады (Даниял 9:24—27). Бұл — Иса Мәсіхке қатысты орындалған пайғамбарлықтардың тек кейбіреулері ғана. Кейінірек саған Иса туралы бұдан да көбірек білу аса қызықты болады.
20. Киелі кітапта жазылған пайғамбарлықтардың дәл орындалғаны қандай сенімділік беру керек?
20 Киелі кітаптағы пайғамбарлықтардың көбісі орындалып қойған. Дегенмен сен мұның маған қандай қатысы бар деп сұрарсың. Егер біреу саған көп жылдар бойы шындықты айтып келсе, кенет жайдан-жай сен оның сөздеріне күмәндана бастар ма едің? Әлбетте, жоқ! Құдай Киелі кітап арқылы шындықты айтады. Бұл оның жерді жұмаққа айналдыру ниеті сияқты уәделеріне сеніміңді нығайту керек емес пе? Бізде де ‘жалған сөйлемейтін Құдай’ деп жазған бірінші ғасырда өмір сүрген Исаның шәкірттерінің бірі Пауылдікіндей сенім болуы мүмкін екендігі шүбәсіз (Титке 1:2). Оның үстіне, Киелі кітапты оқып және оның кеңестерін өмірімізде қолдана отырып, біз адам өз күшімен жете алмайтын даналыққа ие бола аламыз, өйткені Киелі кітап — Құдай туралы білім беретін кітап, ал ол мәңгілік өмірге алып барады.
ҚҰДАЙ ТУРАЛЫ БІЛІМГЕ “ҚҰШТАР БОЛЫҢДАР”
21. Егер Киелі кітаптан білгендеріңді алғашында орындау мүмкін еместей боп көрінсе, не істеу керек?
21 Сондай-ақ Киелі кітапты зерттей келе оның кейбір сұрақтарға байланысты көзқарасы бұрынғы үйренгендеріңнен өзгеше екендігін білесің. Жаныңа жақын болып қалған кейбір діни әдет-ғұрыптар Құдайға жағымсыз болып шығуы да мүмкін. Сен Құдайдың жақсылық пен жамандық туралы нормалары бүгінгі күнгі жүгенсіздікке толы дүниенің көпшілік мақұлдаған нормаларынан жоғары екендігін көресің. Алғашқыда олар тым жоғары болып көрінуі мүмкін. Бірақ қорытынды жасауға асықпа! Құдай туралы білім алу үшін Жазбаларды мұқият зертте. Киелі кітап кеңестері бойынша жүр және егер қажет болса, өзіңнің ой-қалпың мен істеріңе өзгерістер енгізуге дайын бол.
22. Неге Киелі кітапты зерттеуге шешім қабылдадың және мұны басқаларға қалай түсіндіресің?
22 Достарың мен туыстарың жақсы ниетпен сенің Киелі кітапты зерттеуге кедергі жасаулары мүмкін, бірақ Иса былай деген: “Мені адамдар алдында мойындаған әркімді Мен де көктегі Әкемнің алдында мойындаймын. Бірақ Менен жұрт алдында танған әркімнен Мен де көктегі Әкемнің алдында танбақпын” (Матай 10:32, 33). Кейбіреулер сені сектаға қосылып кетеді, немесе фанатик болып кетеді деп қорқулары мүмкін. Ал, шындығында, сен жай ғана Құдай туралы білім алуға ұмтылып, ақиқатты білгің келіп отыр (Тімотеге 1-хат 2:3, 4). Басқаларға мұны түсіндіру үшін дауласпа, өз білгендерің жайлы әңгімелеп жатқанда, кішіпейіл болуға тырыс (Філіпіліктерге 4:5). Есіңде болсын: көпшілігі шындыққа “сөздеріңмен емес”, Киелі кітапқа негізделген білім өмірлеріңе жақсы әсер еткенін көрген кезде келеді (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).
23. Неге Киелі кітапты зерттеуге шешім қабылдадың және мұны басқаларға қалай түсіндіресің?
23 Киелі кітап бізді: “Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштар болыңдар”,— деп шақырады (Петірдің 1-хаты 2:2). Нәрестенің өмірі ана сүтімен байланысты, ол оған жетпейінше тынышталмайды. Сол іспетті біздің өміріміз Құдай беретін білімге байланысты. Құдай Сөзіне ‘құштар бол’ және оны зерттеуді жалғастыр. Киелі кітапты күнделікті оқуды алдыңа мақсат етіп қой (Забур 1:1—3). Құдайдың заңдары жөнінде Забур 18:12-де: “Бәрін ұстанғанда зор сый тосады”,— деп айтылғандай, бұның мол пайдасын көресің.
[Сілтемелер]
a “Б. з. б.” деген қысқартпа “біздің заманымыздан бұрынғы” мезгілді білдіреді. “Б. з.” деген қысқартпа “біздің заманымыздағы” мезгілді білдіреді.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Қай жағынан Киелі кітап ешбір кітаппен салыстырғысыз?
Неге Киелі кітап сенім артуға тұрарлық?
Киелі кітап Құдай рухының жетелеуімен жазылған Құдай Сөзі екендігіне сені қандай айғақтар сендіреді?
[14-беттегі қоршау]
КИЕЛІ КІТАПТЫ ҚОЛДАНУ ТӘСІЛІ
Киелі кітапты қолдануды үйрену онша қиын емес. Бұл үшін Киелі кітаптың мазмұнын пайдаланып, ондағы кітаптардың реті мен орналасуын есте сақтап қалуға тырыс.
Қолдануға ыңғайлы болу үшін Киелі кітаптың кітапшалары тараулар мен тармақтарға бөлінген. Тарауға бөлуді ХІІІ ғасырда енгізген және XVI ғасырда бір француз баспашысы Грек жазбаларын тармақтарға бөлген, біздің күндерімізге ол сол күйінде жеткен. Тараулар мен тармақтарға бөлінген толық Киелі кітап тұңғыш рет 1553 жылы француз тілінде басылып шығарылған.
Осы кітапта Жазба орындары келтірілген кезде, бірінші сан — тарауды, ал екіншісі тармақты көрсетеді. Мысалы, “Нақыл сөздер 2:5” деген Нақыл сөздер кітабындағы 2-тарауды, 5-тармақты білдіреді. Егер сен берілген Жазба орындарын ашып отыратын болсаң, көп ұзамай-ақ Киелі кітаптың қажет жерін табу оңай екенін байқайсың.
Киелі кітапты қолданудың ең жақсы әдісі — оны күнделікті оқу. Алғашқыда бұл саған қиын болып көрінер. Бірақ көлеміне қарай күнделікті үш не бес тараудан оқитын болсаң, бір жылдың ішінде Киелі кітапты толық оқып шығасың. Неге мұны бүгіннен бастамасқа?
[19-беттегі қоршау]
КИЕЛІ КІТАП — БІРЕГЕЙ КІТАП
• Киелі кітап “Құдай Рухының жетелеуімен” жазылған (Тімотеге 2-хат 3:16). Оны адамдар жазғанымен, олардың ой-саналарына Құдай бағыт беріп отырған. Сондықтан Киелі кітап, шынында да, “Құдай сөзі” болып табылады (Салониқалықтарға 1-хат 2:13).
• Киелі кітапты әр алуан тектен шыққан 40-қа жуық ер адам 16 ғасыр бойы жазса да, ол басынан аяғына дейін өзара үйлесімді.
• Ол кез келген басқа кітаптарға қарағанда көптеген қарсылықтарға төзген. Орта ғасырларда адамдарды Киелі жазбалары бар болғаны үшін ғана отқа өртеген.
• Киелі кітап дүние жүзі бойынша ең кең тараған кітаптар тізімінде бірінші тұр. Ол толығымен немесе кейбір бөліктері 2000-нан аса тілдерге аударылған. Киелі кітаптың миллиардтаған данасы басылып шыққан және жер бетінде ол кездеспейтін жер өте аз.
• Киелі кітаптың ең көне бөлігі б. з. б. XVI ғасырда жазылған. Көптеген жылдар өткен соң ғана индуизмнің киелі жазбасы “Ригведа” (шамамен б. з. б. 1300 жылы), будда қағидасының жинағы “Үш кәрзеңке” (б. з. б. V ғасырда), исламның киелі жазбасы Құран (б. з. VII ғасырында) және синтоизмнің киелі жазбасы “Нихонги” (б. з. 720 жылы) жарық көрді.
[Бүкіл бетке орналасқан 20-беттегі сурет]