Ехобаның сөзі тірі.
Еремияның зары кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕРЕМИЯ пайғамбар 40 жыл бойы өзі жариялаған Құдай соты туралы хабарының орындалғандығының куәсі болды. Сүйікті қаласының жойылуын өз көзімен көргенде, ол қандай күйде болды екен? “Еремия отыра қалып жылап, Иерусалимді жоқтап зарлады”,— делінген грек Септуагинтасындағы Еремияның зары кітабының алғы сөзінде. Пайғамбар бұл кітапты б. з. б. 607 жылы жазған. Онда 18 ай бойы қоршауда болып, кейін өртелген Иерусалимнің көрінісін әлі де ұмытпаған ол өз мұңын әсерлі сөздермен жеткізген (Еремия 52:3—5, 12—14). Тарихта бұдан басқа ешбір қалаға бұндай сай сүйегіңді сырқырататын жоқтау айтылмаған.
Еремияның зары кітабы бес лирикалық жырдан тұрады. Алғашқы төртеуі — жоқтау, немесе зар, ал бесіншісі — өтініш, немесе дұға. Алғашқы төрт жыр акростих, яғни әрбір қатар еврей әліпбиінің 22 әрпінің реті бойынша басталады. Бесінші тарау 22 тармақтан тұрғанымен, әліпби бойынша орналаспаған (Еремияның зары 5:1).
“МЕНІҢ КӨЗ ЖАСЫМ ЖЫЛАЙ-ЖЫЛАЙ САРҚЫЛДЫ”
“Кезінде халқы сапырылысып жататын қала шошайып жалғыз қалыпты! Ол бүгін жесірден ешбір аумайды; халықтар арасында шоқтығы биігі саналатын, облыстарды билеген князь енді алым-салық төлеушіге айналыпты”. Еремия пайғамбардың Иерусалимді жоқтаған сөздері осылай басталады. Қаланың мұндай күйге ұшырауының себебін айтып, ол былай дейді: “Өзі жасаған қисапсыз заңсыздықтары үшін оған Жаратушы Ие қасірет жолдады” (Еремияның зары 1:1, 5).
Күйеуі мен балаларынан айырылған жесір ана ретінде бейнеленген Иерусалим: “Менің дертім секілді ауру бар ма екен?”— деп сұрайды. Ол жаулары туралы Құдайға былай деп дұға етеді: “Олардың барлық зұлымдықтары Сенің нұрың алдында әшкереленетін болсын; сөйтіп, менің барлық күнәларым үшін Сен маған не істесең, бұларға да соны жасайтын бол; өйткені, менің шеккен жапам тым ауыр, жүрегім де талмаурап әлсірей бастады” (Еремияның зары 1:12, 22).
Қатты қайғырған Еремия: “[Жаратушы Ие] Исраилдың бүкіл мүйізін сындырды, дұшпаннан Өз жанарын бұрып әкетті және төңірек біткенді жалмап тастайтын от жалыны секілді Жақып жерінде маздап жанды”,— дейді. Ол өзінің ауыр қайғысын былайша сипаттайды: “Менің көз жасым жылай-жылай сарқылды, іш-құрылысым астаң-кестең... менің бауырым езіліп [қан болып] жерге ағады”. Тіпті Иерусалимнің жанынан өтіп бара жатқандар таңғалып: “Сұлулықтың үлгісі, бүкіл жер бетінің қуанышы деп аталатын қала осы ма?”— дейді (Еремияның зары 2:3, 11, 15).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
1:15. Қалай Ехоба ‘бойжеткенді, Иуданың қызын шырын сығатын жердегідей аяғына таптады’? Бойжеткен ретінде бейнеленген қаланы жойғанда, бабылдықтардың көп қан төккені сонша — мұны астаудағы жүзімді сығумен салыстыруға болар еді. Ехоба бұл жайтты алдын ала айтқан және оның орындалуына жол берген, сондықтан ол қаланы ‘шырын сығатын жердегідей аяғына таптады’ деуге болады.
2:1. Қалайша “Исраилдың айбыны” “аспан төрінен жерге” лақтырылды? “Аспанның жерден қаншама жоғары болатынындай”, асқақ нәрсенің төмендетілуі кейде оның ‘аспан төрінен жерге’ лақтырылуымен бейнеленеді. “Исраилдың айбыны”, яғни оның Ехоба жар болған кезде ие болған даңқы мен қуаты, Иерусалим жойылып, Яһуда қаңырап қалғанда, жерге лақтырылды (Ишая 55:9).
2:16, 17, ЖД. Еврей әліпбиі бойынша 16-тармақ а’йн әрпімен, ал 17-тармақ пе әрпімен басталу керек емес пе? Киелі рухтың жетелеуінде болған жазушылар осындай мәнердегі жырларды жазғанда, негізінен, әріптердің әліпбидегі орын тәртібін сақтаған. Бірақ бұл үшін мәтіннің табиғилығын құрбан етпеген. Небары оңай есте сақталу үшін ғана қолданылған осы әдеби тәсілді ұстанудан гөрі мәтіннің мағынасына көбірек мән берілген. Еремияның зары кітабының 3-ші және 4-ші жырларында да осы екі әріптің реті дәл солай ауыстырылып қолданылған (Еремияның зары 3:46, 49; 4:16, 17).
2:17. Ехобаның Иерусалимге қатысты “айтқандары” не? Бұл Леуіліктер 26:17-ге нұсқап тұрған болу керек. Онда былай делінген: “Өз жүзімді сендерге аударамын, сонда өз жауларың алдында тізе бүгесіңдер, сөйтіп, дұшпандарың сендерге биліктерін жүргізетін болады, арттарыңнан ешкім қумаса да қаша жөнелесіңдер”.
Біз үшін сабақ:
1:1—9. Иерусалим түнімен зарлап жылап, көз жасы екі бетінен сорғалап ағады. Қақпалары бос қалып, діни қызметкерлері ауыр күрсінеді. Бойжеткендері қайғырып, өзінің де жүрегі қарс айырылады. Неліктен? Өйткені Иерусалим аса ауыр күнәға батты. Оның етегіне арамдық жабысқан. Олай болса, күнәнің түбі — қуаныш емес, көз-жас, күрсініс пен қайғы-қасірет.
1:18. Күнәкарларды жазалағанда, Ехоба әрдайым дұрыс әрі әділ әрекет етеді.
2:20. Исраилдіктерге Ехобаның үніне құлақ аспаса, қарғысқа ұшырайтыны, соның ішінде ‘өз ұлдары мен өз қыздарын азық ететін’ күйге жететіні, ескертілген болатын (Заңды қайталау 28:15, 45, 53). Құдайға мойынсұнбау қандай ақымақтық!
‘МЕНІҢ КҮРСІНГЕН ҮНІМНЕН ҚҰЛАҒЫҢДЫ ЖАППА’
Еремияның зары кітабының 3-тарауында Исраил халқы ‘адам’ ретінде сипатталады. Ол бақытсыздыққа ұшырағанына қарамастан былай деп жырлайды: “Өзіне сенім артатындарға; Оны іздейтіндердің жан-дүниелеріне Жаратушы Ие аса мейірімді”. Шынайы Құдайға дұға етіп, ол: “Сен менің даусымды естідің; менің күрсінген үнімнен... Өз құлағыңды жаппа”,— деп өтінеді. Ол Ехобадан жауларының өзін қорлаған сөздеріне назар аударуын сұрап: “Жаратушы Ие, солардың өз қолдарымен жасаған істеріне орай солардың жазасын тартқыз”,— дейді (Еремияның зары 3:1, 25, 56, 64).
Еремия Иерусалимнің 18 ай қоршауда болғаннан кейінгі жан шошырлық күйін айтып, былай зарлайды: “Менің халқымның қыздарын опасыздықтарына орай жазалау Содомды күнәсі үшін күйретуден де асып түсті: ол көзді ашып-жұмғанша жермен-жексен болады, және де оған адам қолы тимейді”. Сосын, ол сөзін былай деп жалғайды: “Аштан бұратылып өлгеннен семсерден қаза тапқандар бақыттырақ, өйткені бұл ашыққандар даладағы жемістің жетіспеуінен діңкелеп қатып семеді” (Еремияның зары 4:6, 9).
Бесінші жырда бейне бір Иерусалим тұрғындары сөйлеп тұрғандай. Олар: “Жаратушы Ие, бізге не болғанын есіңе түсір; біздің масқара кейпімізге көзіңді сал да көріп ал”,— дейді. Басына түскен қасіретті айтып шыққан соң, олар: “Сен, Жаратушы Ие мәңгілік жасайсың; Сенің тағың руыңнан, руыңа беріледі. Жаратушы Ие бізді Өзіңе табындыр, сөйтіп, біз бетімізді бұрамыз; біздің күндерімізді бұрынғыдай қайтадан орнат”,— деп өтінеді (Еремияның зары 5:1, 19, 21).
Киелі кітапқа негізделген сұрақтардың жауаптары:
3:16. “Таспен менің тістерімді сындырды” деген сөздер неге нұсқайды? Бір анықтамалықта былай делінген: “Яһудилер тұтқынға әкетіліп бара жатқан жолда нандарын шұңқыр қазып, жерге пісіруге мәжбүр болған. Сондықтан олардың нандарына құм қиыршықтары араласып кететін”. Мұндай нанды жеген адамның тісіне зақым келуі мүмкін еді.
4:3, 10. Неге Еремия ‘өз халқының қыздарын’ ‘шөл даладағы түйеқұстарға’ теңеген? Әйүп 39:16-да түйеқұстың ‘балаларына өзгенікіндей, қатал’ қарайтыны айтылған. Мысалы, балапан басқан соң, мекиен түйеқұс басқа мекиендермен бірге кетіп қалады да, жас балапандарды ата түйеқұс қамқорлыққа алады. Ал егер оларға қандай да бір қауіп төнсе ше? Онда анасы да, әкесі де балапандарын тастап, ұяларынан қаша жөнеледі. Бабылдықтар қаланы қоршауға алған кезде, Иерусалимде аштықтың күшейе түскені сонша — әдетте бойына жанашырлық тән аналар шөл даладағы түйеқұстар сияқты өз құрсағынан шыққан балаларын аямады. Бұл ‘құбыжықтың [“шиебөрінің”, ЖД]’ аналық қамқорлығына мүлдем қарама-қайшы болған.
5:7. Ехоба адамдарды ата-бабаларының заңсыздықтары үшін жауапқа тарта ма? Жоқ. Ехоба адамдарды ата-бабаларының күнәлары үшін тікелей жазаға тартпайды. Киелі кітапта: “Әрқайсымыз Құдай алдында өз іс-әрекетіміз үшін есеп береміз”,— делінген (Римдіктерге 14:12). Алайда олардың күнәларының зардабын кейінгі ұрпақтары да көруі мүмкін. Мысалы, ежелгі Исраилдің жалған тәңірлерге табынып кеткендігінің кесірінен тіпті кейінірек өмір сүрген адал исраилдіктерге әділ жолмен жүру қиын болған (Мысырдан шығу 20:5).
Біз үшін сабақ:
3:8, 43, 44. Иерусалим апатқа ұшыраған кезде Ехоба қала тұрғындарының көмек сұраған зарына құлақ аспай қойды. Неге? Себебі халық оған мойынсұнбады және күнәларына еш өкінбеді. Ехоба дұғаларымызды тыңдасын десек, оған мойынсұнуымыз керек (Нақыл сөздер 28:9).
3:21—26, 28, 29, ЖД; 30—33. Қатты қиындықтарға қалай төзе аламыз? Бұған қатысты Еремиядан үлгі алуымызға болады. Біз Ехобаның аса мейірімді және рақымы мол Құдай екенін ұмытпауымыз керек. Сондай-ақ тірі жүргеніміздің өзі үмітімізді үзбеуге себеп болу керек екенін және Ехобаның құтқарылуын төзімділікпен әрі үндемей, немесе еш күңкілдемей, күтуіміз керектігін естен ұстауымыз керек. Сонымен қатар ‘аузымызды топыраққа қоюымыз’, басқаша айтқанда, Құдай сынақтарға келелі себептермен жол беріп отырғанын түсіне отырып, оларға кішіпейілдікпен мойынсұнуымыз керек.
3:27, ЖД. Жастық шақта сеніміміз сыналатын сынақтарға әртүрлі қиындықтар мен өзгелердің келеке-мазағы жатуы мүмкін. Бірақ та “адамның жас кезінде ауыртпалық көргені игі”. Неге? Өйткені жас кезінде ауыртпалықтарды көтере білуді үйренгені адамды алдағы өмірінде кездесетін қиындықтарға төзе білуге дайындайды.
3:39—42. Күнәларымыздың азабын тартқанда ‘қиналғанымыз’, немесе “күңкілдегеніміз” (ЖД), даналыққа жатпайды. Сондықтан күнәларымыздың салдарын орып жатқанда күңкілдеместен, “Өз жолымызды сынап көрелік те зерттейік және Жаратушы Иеге жалбарынайық”. Күнәларымызға өкініп, жолымызды түзеткеніміз абзал.
Ехобаға сенімді бол
Еремияның зары кітабынан бабылдықтар қаланы өртеп, ел қаңырап бос қалғаннан кейін, Ехобаның Иерусалим мен Яһуда еліне қалай қарағаны көрінеді. Осы кітаптағы күнәні мойындауға қатысты айтылған сөздерден мына жайт анық көрінеді: Ехоба халықтың апатқа ұшырауына өз күнәсі себеп болды деп есептеген. Онда сондай-ақ адамдардың Ехобаға үміттенетінін және дұрыс жолға түсуді қалайтындарын көрсететін өлең жолдары да бар. Еремияның күніндегі адамдардың басым көпшілігінде мұндай ықылас болмағанымен, ондағы сөздер Еремия мен күнәсына өкінген тамтықтың ой қалпын көрсетеді.
Еремияның зары кітабында жазылған Иерусалимдегі жағдайға Ехобаның қалай баға бергенінен екі нәрсеге үйренеміз. Біріншісі, Иерусалимнің жойылуы мен Яһуданың қаңырап бос қалуы Ехобаға мойынсұнуымыз керектігін көрсетеді және Құдайдың еркіне немқұрайды қарамау керектігін ескертеді (Қорынттықтарға 1-хат 10:11). Екіншісі, Еремиядан үлгі аламыз (Римдіктерге 15:4). Көңіліне мұң ұялаған пайғамбар тіпті ешбір үміт жоқ болып көрінген жағдайда да құтқарылуды Ехобадан күткен. Ендеше, Ехобаға және оның Сөзіне толық арқа сүйеп, сенімді болғанымыз қаншалықты маңызды десеңші!
[9-беттегі сурет]
Еремия пайғамбар өзі айтқан үкімнің орындалғанын көрді
[10-беттегі сурет]
Осы кореялық Куәгерлердің мәсіхшілер бейтараптығын сақтауға қатысты сенімі сыналды