“Жаратушы Иенің жолы түзу”
“Жаратушы Иенің жолы түзу, әділ жандар сонымен жүреді” (ОШИЯ 14:10, “Таурат. Қазақ және ағылшын тілдерінде”).
1, 2. Ехоба исраилдіктерге басында қандай жолға салды, бірақ кейін олар қандай болып кетті?
МҰСА пайғамбардың күндерінде Ехоба исраилдіктерді түзу, әділ жолға салған еді. Бірақ б. з. б. VIII ғасырдың басына таман олардың мүшкіл күйге жеткені соншалық, Құдай оларды жасаған өте ауыр заңсыздықтары үшін айыпты деп санады. Бұл Ошия кітабының 10—14 дейінгі тарауларынан анық көрінеді.
2 Исраил екі жүзді болып кетті. Он рулы патшалықтың халқы ‘арсыздықты өңдеп-баптап’, ‘заңсыздықты орды’ (Ошия 10:1, 13). “Жас кезінде Исраилді жақсы көрдім, сөйтіп, өз ұлымды Мысырдан шақырып алдым”,— деді Ехоба (Ошия 11:1). Мысырдың құлдығынан босатқан Құдайдың жақсылығына исраилдіктер өтірікпен, алдаумен қайтарды (Ошия 11:12). Сондықтан Ехоба оларға мынадай кеңес берді: “Сен Құдайыңа қайта бет бұр; мейірімділік пен әділдікті сақта” (Ошия 12:6).
3. Самариямен не болу керек еді, бірақ исраилдіктер қалай Құдайдың рақымын көре алар еді?
3 Бүлікші Самария мен оның патшасын жан түршігерлік күйреу күтіп тұрған еді (Ошия 13:11; 14:1). Бірақ Ошия кітабының соңғы тарауы: “Исраил, Тәңір Иеңе [“Ехобаға”, ЖД] бет бұр”,— деп жалынып өтінген сөздермен басталады. Егер исраилдіктер күнәларына өкініш білдіріп, кешірім іздесе, Құдай оларға рақым етер еді. Әрине, бұл үшін олар ‘Жаратушы Иенің жолдары тура’ екенін мойындап, онымен жүрулері керек (Ошия 14:2—7, 10, “Таурат”).
4. Ошияның пайғамбарлығындағы қандай ойларды қарастырамыз?
4 Ошия пайғамбарлығының осы бөлігінде Құдаймен жүруімізге көмектесетін көптеген принциптер бар. Біз келесі ойларды қарастырамыз: 1) Ехоба екі жүзді болмай, шын көңілден ғибадат етуді талап етеді; 2) Құдай өз халқына айнымас сүйіспеншілігін көрсетеді; 3) Барлық уақытта Ехобаға үміт артуымыз керек; 4) Ехобаның жолдары әрқашан түзу; 5) күнәкарлар Ехобаға қайта бет бұра алады.
Ехоба екі жүзді болмай, шын көңілден ғибадат етуді талап етеді
5. Ехоба бізден қалай қызмет етеді деп күтеді?
5 Ехоба қасиетті қызметімізді екі жүзді болмай және оны ештеңемен арамдамай атқарады деп күтеді. Алайда Исраил жаман жеміс беріп жатқан “сабақтап кеткен [“жабайы”, ЖД] жүзім бұтасы” сияқты болып кетті. Исраил тұрғындары жалған ғибадатта қолданылатын “құрбандық үстелдерін көбейтті”. Бұл жолдан тайғандар тіпті пұттарды, таза емес ғибадатқа арналған бағаналар болса керек, орнатқан еді. Ехоба осы құрбандық үстелдері мен пұттардың бәрін жоймақшы (Ошия 10:1, 2).
6. Құдаймен бірге жүру үшін, неден аулақ болуымыз керек?
6 Ехобаның қызметшілерінің арасында екіжүзділікке ешқандай орын жоқ. Бірақ исраилдіктерге не болды? Олардың жүректері ‘екіге бөлініп’, екі жүзді болып кетті! Бір кездері олар өздерін Ехобаға бағыштап, келісімге тұрған болса да, Құдай алдында екіжүзділігі үшін айыпты болды. Бұдан қандай сабақ алуымызға болады? Ехобаға өзімізді бағыштаған болсақ, екі жүзді болуымызға болмайды! Нақыл сөздер 3:32-де былай деп ескертеді: “Азғын [“арамза”, ЖД] жанды Жаратқан Ие жек көреді, Әділ жанға өз еркін ашып білдіреді”. Құдаймен бірге жүру үшін “пәк жүрек, таза ар-ұждан мен шынайы сенімнен бастау алатын сүйіспеншілік” көрсетуге тиіспіз (Тімотеге 1-хат 1:5).
Құдай өз халқына айнымас сүйіспеншілік көрсетеді
7, 8. а) Қандай жағдайда Құдайдың айнымас сүйіспеншілігін көре аламыз? ә) Егер ауыр күнә жасап қойған болсақ, не істеуіміз керек?
7 Ехобаға ғибадат еткенде екі жүзді болмай, әділ болсақ, оның сүйіспеншілікке толы мейірімділігін, немесе айнымас сүйіспеншілігін, көреміз. Қиқар исраилдіктерге былай делінген еді: “Өздеріңе әділдік тұқымын себіңдер, сонда сүйіспеншілікке толы мейірімділік орасыңдар. Қазір Ехобаны іздейтін уақыт келді, ол келіп, әділдікке үйретпейінше, өздеріңе тың жерді игеріңдер” (Ошия 10:12, ЖД).
8 Исраилдіктер күнәларына өкініп, Ехобаны іздегенде ғой! Сонда оларды қуанышпен ‘әділдікке үйретер’ еді. Егер ауыр күнә жасап қойсақ, Ехобаны іздейік, яғни одан кешірім сұрап дұға етіп және мәсіхші ақсақалдардың рухани көмегіне жүгінейік (Жақып 5:13—16). Сонымен қатар Құдайдың киелі рухынан басшылық іздейік, өйткені “өзінің ескі күнәкар болмысын қанағаттандырушы сол болмысқа тән өлімді орады. Ал Құдай Рухына қызмет етуші осы Рухқа тән мәңгілік өмірді орады” (Ғалаттықтарға 6:8). Егер ‘Құдай Рухына қызмет ететін’ болсақ, әрі қарай да Құдайдың айнымас сүйіспеншілігін көре беретін боламыз.
9, 10. Ошия 11:1—4 дейінгі тармақтардағы сөздер Исраилге қалай қолданылды?
9 Ехоба өз халқына үнемі сүйіспеншілікпен қарайтынына сенімді болуымызға болады. Бұл Ошия 11:1—4 дейінгі тармақтардан анық көрінеді. Біз былай деп оқимыз: “Жас кезінде Исраилді мен жақсы көрдім, сөйтіп, өз ұлымды Мысырдан шақырып алдым... Бағалдарға құрбандық әкеп, мүсіндерге хош иісті заттар түтетті. Ефремді [исраилдіктерді] аяқ басып жүруге өзім үйреттім, Өз қолыма алып, көтеріп жүрдім, олар болса өздерін Мен айықтырғанымды білген де жоқ. Мен оларды адамдарша, сүйіспеншілікпен байланысып [“сүйіспеншіліктің бауымен”, ЖД] ертіп жүрдім, олар үшін қамытын көтерген кісідей болып, аялы алақаныммен ауыздарына ас тосып тұрдым”.
10 Бұл жерде Исраил кішкентай баламен теңелген. Ехоба исраилдіктерді қолына алып, сүйіспеншілікпен оларға жүруді үйретті. Ол сондай-ақ “сүйіспеншіліктің бауымен” ‘ертіп жүрді’. (Мұндағы “бау” баланы жүруге үйреткенде қолданылатын аспа бауды білдіреді.) Қандай жан тебірентерлік көрініс! Өздеріңді бөбегіне тәй-тәй басуды үйретіп жатқан ата-ана ретінде елестетіп көріңдерші. Балаға қол созып, оны жетектейсіңдер. Ал ежелгі уақыттағыдай болса, бала құлап қалмау үшін, аспа баудың көмегімен жетектер едіңдер. Ехоба да бізді дәл осылай аялап, “сүйіспеншіліктің бауымен” ертіп жүруге қуанышты.
11. Қай мағынада Құдай ‘қамытты көтерген кісідей’ әрекет еткен?
11 Исраилмен қарым-қатынасында Ехоба ‘олар үшін қамытын көтерген кісідей болып, аялы алақанымен ауыздарына ас тосып тұрды’. Ехоба малы азық жегенде ыңғайлы болу үшін қамытын көтеретін не артқа итеретін кісідей әрекет еткен. Исраилдіктер Ехобаға мойынсұну қамытын сындырып тастайтын болса, онда жауларының қатыгез қамытына түсіп қалатын (Заңды қайталау 28:45, 48; Еремия 28:14). Ешқашан да қас жауымыз Шайтанның ықпалына түсіп қалмайық, сонда оның қатыгез қамытынан азап шекпейміз. Одан да сүйіспеншілікке толы Құдайымызбен бірге әрі қарай да адал жүре берейік.
Барлық уақытта Ехобаға үміт арт
12. Ошия 12:6-ға сәйкес, әрі қарай да Құдаймен бірге жүру үшін не қажет?
12 Құдаймен бірге жүре беру үшін, оған барлық уақытта үміт артуымыз керек. Исраилдіктерге: “Сен Құдайыңа қайта бет бұр; мейірімділік [“сүйіспеншілікке толы мейірімділік”, ЖД] пен әділдікті сақта және барлық уақытта Құдайға үміт арт”,— делінген болатын (Ошия 12:6). Исраилдіктер күнәларына өкініп, Құдайға бет бұрғысы келетінін сүйіспеншілікке толы мейірімділік көрсетулерімен, әділ әрекет етіп, сондай-ақ ‘Құдайға үміт артуларымен’ дәлелдей алар еді. Құдаймен бірге қанша жыл жүргенімізге қарамастан, біз де сүйіспеншілікке толы мейірімділік көрсетіп, әділ әрекет етіп және барлық уақытта Құдайға үміт арта беруіміз керек (Забур 26:14).
13, 14. Пауылдың Ошия 13:14-ті келтіргені Ехобаға үміт артуымызға қандай себеп бар екенін көрсетеді?
13 Исраилдіктерге айтылған Ошияның пайғамбарлығы Құдайға үміт артуымызға берік негіз бар екенін көрсетеді. “Оларды тозақтың [евр. шеолдың] билігінен құн төлеп құтқарам,— дейді Ехоба.— “Оларды өлімнен құтқарып қалам. Өлім, қайда сенің жеңісің? Өлім, қайда сенің улы тісің?” (Ошия 13:14) Ехобаның ол кезде исраилдіктерді өлімнен құтқарып қалу ойында жоқ еді, бірақ түбінде ол өлім атаулыны мәңгілікке жойып, оның жеңісін жоққа шығарады.
14 Майланған мәсіхшілерге жазған хатында елші Пауыл Ошияның пайғамбарлығын келтірген: “Бұл жүзеге асып, құритын нәрселер мәңгілік нәрселермен алмасқан шақта Киелі жазбалардағы осы уәделер орындалады: “Өлім жеңіліп, жоқ болды”. Өлім, қайда сенің жеңісің? Өлім, қайда сенің улы тісің”? Ал өлім тудыратын “улы тіс” — күнә, ал күнә өз күшін заңнан алады. Бізге Иеміз Иса Мәсіх арқылы жеңісті сыйлайтын Құдайға мәңгі шүкірлік етілсін!” (Қорынттықтарға 1-хат 15:54—57) Ехоба Исаны өлімнен тірілтті, ал бұл Құдайдың жадындағы адамдардың қайта тірілетініне кепілдік пен жұбаныш береді (Жохан 5:28, 29). Бұл — Құдайға үміт артуға қандай зор себеп десеңші! Бірақ Құдаймен бірге жүруге талпындыратын қайта тірілуге деген үмітпен қатар тағы бір келелі себеп бар.
Ехобаның жолдары әрқашан түзу
15, 16. Самария туралы қандай пайғамбарлық айтылды және ол қалай орындалды?
15 ‘Құдайдың жолдары түзу’ екеніне сенімді болғанымыз Құдаймен бірге жүре беруге көмектеседі. Самария тұрғындары Құдайдың түзу, әділ жолдарымен жүрмеді. Түбінде олар күнәлары және Ехобаға сенбегендері үшін жазасын тарту керек еді. Былай деп алдын ала айтылған болатын: “Самария қаңырап бос қалады, өйткені ол өз Құдайына қарсы шықты; олар қылыштың жүзінен өлім құшады; нәрестелері шабылып, жүкті әйелдері жарылып тасталады” (Ошия 14:1). Тарихи деректер Самарияны жаулап алған ассириялықтардың қолынан мұндай айуандық келгендігін растап отыр.
16 Самария он рулы Исраил патшалығының астанасы болған. Бірақ бұл тармақта Самария деп сол патшалықтың бүкіл аумағы айтылып отырған болуы мүмкін (Патшалықтар 3-жазба 21:1). Ассирия патшасы Салманасар V б. з. б. 742 жылы Самария қаласын қоршауға алған еді. Б. з. б. 740 жылы қала құлатылғанда, ондағы беделді тұлғалардың көбісі Месопотамия мен Мидияға жер аударылды. Самарияны кім жаулап алғаны — Салманасар V па, жоқ әлде оның орнына келген Саргон II ме — белгісіз болып отыр (Патшалықтар 4-жазба 17:1—6, 22, 23; 18:9—12). Сөйткенмен де Саргонның қолжазбаларында Евфраттың жоғарғы жағы мен Мидияға 27 290 исраилдік жер аударылғаны айтылады.
17. Құдайдың нормаларын менсінбей кетпей, қайта, не істеуіміз керек?
17 Самария тұрғындары Ехобаны тыңдамағандарының, сондай-ақ оның түзу жолдарымен жүрмегендерінің ауыр зардабын тартты. Құдайға бағышталған мәсіхшілер ретінде егер Құдайдың әділ нормаларын менсінбей, қайта-қайта күнә жасай берсек, біз де мұның қайғылы салдарын көреміз. Сондықтан ешқашан да мұндай зұлым жолға түсіп кетпейік! Қайта, елші Петірдің мына кеңесіне сай әрекет етейік: “Егер қайсыбіреулерің азап шексеңдер, бұл, әрине, кісі өлтіріп, ұрлық не өзге қылмыс жасаудың немесе басқаның шаруасына қол сұғудың зардабы болмауға тиіс! Ал мәсіхші болғандарың үшін жәбірленсеңдер, одан ұялмаңдар, керісінше, Мәсіхтің атынан соған төзіп, Құдайды мадақтаңдар” (Петірдің 1-хаты 4:15, 16).
18. Қалай ‘Құдайды мадақтай’ аламыз?
18 Егер өз бетімізбен кетпей, Құдайдың түзу жолдарымен жүретін болсақ, ‘Құдайды мадақтаймыз’. Қабыл кісі өлтірген болатын, себебі ол өз бетінше жүрді және Ехобаның “күнә сені иемденуге құштар” деген ескертуіне құлақ аспады (Жаратылыс 4:1—8). Балағам Моаб патшасынан сый алғанымен, бәрібір Исраилді қарғай алмады (Руларды санау 24:10). Құдай леуілік Қорах пен өзгелерді Мұса мен Һаронның билігіне қарсы шыққаны үшін өлтірді (Руларды санау 16:1—3, 31—33). Біз, әрине, “Қабыл таңдаған жолмен” жүруді, “Балағам іспетті алатын сыйына қызығып, алдамшылыққа берілуді” және “Қорах сияқты қиқарлықпен” құрып кетуді қаламаймыз (Яһуда 11). Ал күнә жасап қойған жағдайда, Ошияның пайғамбарлығынан жұбаныш табамыз.
Күнәкарлар Ехобаға қайта бет бұра алады
19, 20. Исраилдіктер қандай құрбандықтар әкеле алар еді?
19 Тіпті ауыр күнә жасап сүрінгендердің өзі Құдайға қайта бет бұра алады. Ошия 14:2, 3-те мынадай өтініш сөздер бар: “Исраил, Тәңір Иеңе [“Ехобаға”, ЖД] қайта бет бұр, өйткені өз заңсыздықтарыңнан сүрініп жығылдың. Тілек білдіретін сөздеріңді алып, Құдайға қайта бет бұрыңдар; Оған былай деңдер: “Заңсыздық атаулыны аластатып, игілік үшін қабыл ала гөр, ал біз ауыз құрбандығын әкелеміз”.
20 Күнәсына өкінген исраилдіктер Құдайға ‘ауыз құрбандығын’ әкеле алар еді. Бұл шын жүректен мадақтау құрбандығы болатын. Пауыл мәсіхшілерді ‘Құдайды үнемі мадақтап сый-тарту ұсынып, Оның “Жаратқан Ие” деген атағын ауызбен де мойындап, дәріптеуге’ шақырғанда, осы пайғамбарлыққа сілтеген болатын. Бүгінде Құдаймен бірге жүру әрі осындай құрбандықтар ұсыну біз үшін қандай зор мәртебе!
21, 22. Күнәсына өкінген исраилдіктер қай жағынан қалпына келеді?
21 Мойынсұнбаушылық жолын тастап, Құдайға кері оралғандар ‘ауыз құрбандықтарын’ ұсынды. Осының арқасында, Ехоба уәде еткендей, Исраилдің рухани күйі қайта қалпына келді. Ошия 14:5—8 дейінгі тармақтарда былай делінген: “Олардың жолдан шығып кетуін емдеймін, оларға мейірімім түсіп, жақсы көретін болам, өйткені Менің қаһарым олардан қайтты. Мен Исраил үшін таңғы шық болам; ол лала гүліндей жайнап, Ливан сияқты тамырын терең жаяды. Бұтақтары жайылып, зәйтүн ағашындай әдемі болады және жұпар иісі Ливандікі сияқты аңқиды. Оның көлеңкесінде отырғандар қайтып оралады, нанға молынан кенеліп, жүзім сабағы сияқты гүлденеді, Ливан шарабындай керемет болады”.
22 Күнәсына өкінген исраилдіктер рухани сауығып, қайтадан Ехобаның сүйіспеншілігіне кенелмек. Ехоба шық сияқты олардың жандарын рақатқа бөлеп, мол батасын төгетін болады. Рухани күйі қалпына келген халық “зәйтүн ағашындай әдемі болады”, сондай-ақ Құдайдың жолдарымен жүреді. Ехоба Құдаймен бірге жүруге бел буып отырғандықтан, бізден не талап етіледі?
Ехобаның түзу жолдарымен жүруді тоқтатпа
23, 24. Ошия кітабы қандай жігерлендірерліктей пайғамбарлықпен аяқталады және оның бізге қандай қатысы бар?
23 Егер Құдаймен әрі қарай да жүргіміз келсе, ‘көктен келген даналыққа’ ие болып және әрдайым оның түзу жолдарына сай әрекет етуіміз керек (Жақып 3:17, 18). Ошия пайғамбарлығының соңғы тармағынан былай деп оқимыз: “Осыны ұғатын дана бар ма? Осының мәнісіне жететін ақылгөй бар ма? Өйткені Жаратушы Иенің жолы түзу, әділ жандар сонымен жүреді, қиянатшылдар сонда сүрінеді” (Ошия 14:10, “Таурат. Қазақ және ағылшын тілдерінде”).
24 Осы дүниенің даналығы мен нормаларын басшылыққа алғанша, Құдайдың түзу, әділ жолдарынан таймауға бел буайық (Заңды қайталау 32:4). Ошия Құдайдың түзу жолдарымен 59 жыл не одан да көп жыл жүрген. Ол даналар мен ақылдылар түсінетінін біліп, Құдайдың сөзін адалдықпен жариялаған. Мұның бізге қандай қатысы бар? Ехоба куәлік етуімізге жол беріп тұрғанда, оның сүйіспеншілікке толы мейірімділігін даналықпен қабылдайтындарды іздеуді тоқтатпаймыз. “Адал да ақылды құл” табымен иық тіресе қызметтесе отырып, осылай етуге қуанышты емеспіз бе?! (Матай 24:45—47, ЖД)
25. Ошияның пайғамбарлығын қарастырғанымыз не істеуге көмектесу керек?
25 Ошияның пайғамбарлығын қарастырғанымыз жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруге үміттене отырып, әрі қарай да Құдаймен бірге жүруімізге көмектесу керек (Петірдің 2-хаты 3:13; Яһуда 20, 21). Қандай ғажап үміт! Егер сөзімізбен де, ісімізбен де, Ехобаның жолдары түзу екенін дәлелдейтін болсақ, бұл үмітіміз ақталады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Егер Ехобаға таза ғибадат етсек, ол бізге қалай қарайды?
• Неге барлық уақытта Ехобаға үміт артуымыз керек?
• Ехобаның жолдары түзу екеніне неліктен сенімдісіңдер?
• Қалай әрі қарай да Ехобаның түзу жолдарымен жүре аламыз?
[19-беттегі сурет]
Ошия пайғамбарлығы Ехобаның қайта тірілу туралы уәдесіне үміттенуге берік негіз береді
[20-беттегі сурет]
Мәсіхші ақсақалдардың рухани көмегін қабыл ал
[21-беттегі суреттер]
Мәңгі өмір сүруге үміттене отырып, Құдаймен бірге жүруді тоқтатпаңдар