Ехоба — асқан шыдамды Құдай
“Жаратқан Ие! Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, сүйіспеншілігі берік” (МЫСЫРДАН ШЫҒУ 34:6).
1, 2. а) Ежелгі уақытта Ехобаның асқан шыдамдылығының пайдасын кімдер көрді? ә) “Асқан шыдамдылық” дегеніміз не?
НҰХ пайғамбардың замандастары, Мұсамен бірге шөл даланы кезген исраилдіктер, Иса жерде өмір сүрген кездегі яһудилер — бұлардың барлығы әр түрлі жағдайларда өмір сүрген. Әйтсе де олардың барлығы да Ехобаның керемет бір қасиетінің — асқан шыдамдылығының — игілігін көрген еді. Кейбіреулері соның арқасында өлімнен аман қалған болатын. Сол сияқты, Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында біздің де өміріміз сақталуы мүмкін.
2 Асқан шыдамдылық деген не? Қай уақытта және не себепті Ехоба асқан шыдамдылық танытады? Асқан шыдамдылық дегеніміз қиянат шегіп, жәбір көрсе де, соның әсерінен бұзылған қарым-қатынастың қайта қалпына келетініне деген үмітін үзбей, шыдамдылықпен төзуді білдіреді. Демек осы қасиетті танытқан адамның белгілі бір мақсаты болады. Ол бірінші кезекте реніштің тууына себепкер болған адамның жағдайын ойлайды. Дегенмен асқан шыдамды болу деген зұлымдыққа жол беру дегенді білдірмейді. Көздеген мақсатына жеткенде немесе қалыптасқан жағдайға төзгеннен ештеңе шықпайтын жағдайда, асқан шыдамдылық шегіне жетеді.
3. Ехоба қандай мақсатпен асқан шыдамдылық танытуда және ол қашан шегіне жетеді?
3 Адамдар да шыдамды бола алады, дегенмен де асқан шыдамдылықтың ең жоғарғы үлгісін Ехоба көрсетіп отыр. Күнәнің салдарынан Ехоба мен адами жаратылыстарының қарым-қатынасы бұзылғалы бері Жаратушымыз шыдамдылық танытып келеді, тіпті күнәларына шын жүректен өкінетін адамдардың Өзімен қарым-қатынасын жақсартуы үшін шара да қолданды (2 Петір 3:9; 1 Жохан 4:10). Алайда асқан шыдамдылық танытудағы мақсаты орындалған уақытта, Құдай қиқар күнәкарларға қарсы әрекет етіп, осы зұлым дүниені жояды (2 Петір 3:7).
Құдайдың асқан шыдамдылығы оның негізгі қасиеттерімен үйлеседі
4. а) Еврей Жазбаларында асқан шыдамдылық деген ұғым қалай берілген? (Сілтемені де қараңдар.) ә) Нағұм пайғамбар Ехобаны қалай суреттейді және бұдан Ехобаның асқан шыдамдылығы туралы не біле аламыз?
4 Еврей Жазбаларында асқан шыдамдылық деген ұғым сөзбе-сөз “ұзын танау” дегенді білдіретін екі көне еврей сөздерімен берілген, ал Жаңа Дүние аудармасында “ашулануға баяу” деп аударылғанa. Нағұм пайғамбар Құдайдың асқан шыдамдылығы туралы былай деген: “Тәңір асқан шыдамды, әрі құдіретті күштің иесі және жазасыз қалдырмайды” (Нағұм 1:3, СА). Демек, Ехобаның асқан шыдамдылығы әлсіздіктің белгісі емес, әрі оның шегі бар. Құдіретті Құдай ашулануға баяу әрі “құдіретті күштің иесі” болса, онда Құдайдың асқан шыдамдылығы — белгілі бір мақсатпен ұстамдылық танытуының нәтижесі. Жазаға тартуға билігі бола тұра, Ол асығыстық жасамастан, күнәкарлардың өзгеруіне мүмкіндік береді (Езекиел 18:31, 32). Демек, Ехоба асқан шыдамдылық танытуы арқылы сүйіспеншілігін паш етеді және Ол билігін даналықпен қолданады.
5. Ехобаның асқан шыдамдылығы оның әділдігімен қалай үйлесімді?
5 Сондай-ақ Ехобаның асқан шыдамдылығы оның әділдігімен де үйлесімді. Ол Мұсаға өзін ‘рақымды да қайырымды... қаһарлануға асықпайтын’ Құдай ретінде таныстырды (Мысырдан шығу 34:6). Көп жылдар өткен соң Мұса Ехобаны мадақтап, былай деп жырлаған болатын: “Оның жолдарының бәрі әділ; Құдай адал және Оның өтірігі жоқ; Ол әділ әрі шыншыл” (Заңды қайталау 32:4, СА). Иә, Ехобаның қайырымдылығы, асқан шыдамдылығы және әділдігі бір-бірімен үйлесімді.
Топан судың алдындағы Ехобаның асқан шыдамдылығы
6. Ехоба Адам мен Хауаның ұрпақтарына байланысты өзінің асқан шыдамды екенін керемет түрде қалай дәлелдеді?
6 Адам мен Хауаның Едем бағында шығарған бүлігі Жаратушылары Ехобамен бағалы қарым-қатынастарын біржола үзді (Жаратылыс 3:8—13, 23, 24). Бұның зардабын ұрпақтары да шегіп, олар күнә мен кемелсіздікті және өлімді мұра етті (Римдіктерге 5:17—19). Алғашқы жұптың біле тұра күнә жасағанына қарамастан, Ехоба олардың ұрпақ қалдыруларына мүмкіндік берді. Кейінірек Ехоба Адам мен Хауаның ұрпақтарының Өзімен татуласуы үшін сүйіспеншілігін паш ететін шара қолданды (Жохан 3:16, 36). Елші Пауыл мұны былай түсіндірді: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті. Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді. Енді біз Мәсіхтің қаны төгіліп құрбан болғандығы арқылы ақталған соң, Оның арқасында Құдайдың қаһарынан мәңгілік құтқарылатынымыз да сөзсіз! Себебі бұрын біз Тәңірге әлі де қас болған кезде Оның рухани Ұлының өлімі арқылы Құдаймен татулассақ, енді татуласқандар ретінде Мәсіхтің өмірі арқылы толықтай құтқарылатынымыз сөзсіз!” (Римдіктерге 5:8—10).
7. Топан судың алдында Ехоба қалай асқан шыдамдылық танытты және Оның топан судың алдында өмір сүрген ұрпақты жою туралы шешімі неліктен әділ болды?
7 Ехоба асқан шыдамдылығын Нұхтың күндерінде паш етті. Топан судан жүз жылдан аса уақыт бұрын “дүниенің әбден бұзылғанына Тәңір көзін жеткізді, себебі жер бетіндегі барлық адамдар азғындық өмір кешті” (Жаратылыс 6:12). Сөйтсе де, Ехоба шектеулі уақыт аралығында адамзатқа байланысты асқан шыдамдылық танытты. Ол былай деді: “Бұдан былай Менің Рухым адам үшін арпалысқа түспейді, себебі адам әбден бүлінген. Сондықтан ол жүз жиырма жылдан артық өмір сүрмесін” (Жаратылыс 6:3). Осы 120 жыл бойы адал Нұхтың отау тігіп, балалы болуға және — Құдай бұйырған кезде — кеме салып, замандастарына топан су қаптайтынын ескертуге мүмкіндігі болды. Елші Петір былай деп жазды: “Нұх пайғамбар кемесін жасап жатқан кезде, Құдай теріс жолдан қайтуларын сабырлықпен [асқан шыдамдылықпен мағыналас қасиет] күткен еді. Бірақ олар Тәңірге мойынсұнған жоқ. Тек азғана — сегіз-ақ кісі кемеге кіріп, топан судан құтқарылды” (1 Петір 3:20). Иә, шынында да Нұхтың отбасынан басқа ешкім оның не уағыздап жүргенін “ұқпады” (Матай 24:38, 39). Сонда да Нұхқа кеме салуды, сондай-ақ, мүмкін, бірнеше онжылдықтар бойы “әділдікті уағыздаушы” ретінде қызмет етуді бұйырғанда, Ехоба Нұхтың замандастарына өздерінің бұрыс істері үшін өкініп, әділдік жолына түсулеріне жеткілікті мүмкіндік берді (2 Петір 2:5; Еврейлерге 11:7). Сол себепті Ехобаның сол зұлым ұрпақты жою туралы қабылдаған шешімі әділ болды.
Исраил халқына байланысты Ехоба көрсеткен асқан шыдамдылықтың үлгісі
8. Исраил халқына қатысты Ехоба қалай асқан шыдамдылық танытты?
8 Ехоба Исраил халқына 120 жылдан әлдеқайда көп уақыт асқан шыдамдылық танытты. Құдайдың таңдап алған халқы ретіндегі бір мың бес жүз жыл бойғы тарихының басым көп бөлігінде, исраилдіктер Ехобаны асқан шыдамдылығының шегіне дейін сынап келді. Мысырдан керемет түрде азат етілгеннен кейін бірнеше апта өтісімен-ақ исраилдіктер пұтқа табынып, Құтқарушыларын құрметтемейтіндерін көрсетті (Мысырдан шығу 32:4; Забур 105:21). Кейін онжылдықтар бойы исраилдіктер Ехобаның шөл далада ғажайып түрде берген тағамын жақтырмады, Мұса мен Һаронға наразылық білдірді, Ехобаға қарсы сөйледі және тіпті құдайсыз халықтармен бірге Бағалға табынып, азғындыққа салынды (Руларды санау 11:4—6; 14:2—4; 21:5; 25:1—3; 1 Қорынттықтарға 10:6—11). Ехобаның өзінің халқын жойып жібергені де әділ болар еді, алайда Ол асқан шыдамдылық танытты (Руларды санау 14:11—21).
9. Билер мен монархиялық басшылық кезінде Ехоба өзін қалай асқан шыдамды Құдай ретінде танытты?
9 Билердің кезінде де исраилдіктер қайта-қайта жалған құдайға табынушылыққа салынып кетіп отырды. Бұндай кездерде Ехоба оларды жауларынан қорғамайтын. Алайда олар істеріне өкініп, көмек сұрап жалбарынған кезде, Ехоба асқан шыдамдылық танытып, оларды құтқару үшін билер тағайындайтын (Билер 2:17, 18). Ұзақ уақытқа созылған монархиялық басшылық кезіндегі патшалардың азғанасы ғана Ехобаға шын берілгендік танытты. Тіпті сол адал патшалардың кезінде де халық жиі шынайы ғибадатқа жалған тәңірге табынудың элементтерін араластырып жіберетін. Адал емес екендіктерін ескерту үшін Ехоба пайғамбарларын жіберген кезде, исраилдіктер, әдетте, олардан гөрі жолдан тайған діни қызметкерлер мен жалған пайғамбарларды тыңдайтын (Еремия 5:31; 25:4—7). Исраилдіктер Ехобаның жіберген пайғамбарларын қудалаған, тіпті кейбіреулерін өлтірген де (2 Шежірелер 24:20, 21; Елшілердің істері 7:51, 52). Сонда да болса, Ехобаның асқан шыдамдылығы шегіне жетпеді (2 Шежірелер 36:15).
Ехобаның асқан шыдамдылығы шегіне жеткен жоқ
10. Ехобаның асқан шыдамдылығы қашан шегіне жетті?
10 Дегенмен Ехобаның асқан шыдамдылығының шегі бар екенін тарих көрсетіп отыр. Б. з. б. 740 жылы Ехоба ассириялықтардың Исраилдің он рулы патшалығын күйретуіне және оның тұрғындарын тұтқынға алып кетуіне жол берді (4 Патшалықтар 17:5, 6). Ал келесі ғасырдың соңында Ехоба бабылдықтардың екі рулы Яһуда патшалығын жаулап алып, Иерусалимді ғибадатханасымен бірге күйретуіне жол берді (2 Шежірелер 36:16—19).
11. Өзінің үкімін орындаған кезде де Ехоба қалай асқан шыдамдылық танытты?
11 Алайда Исраил мен Яһудаға шығарған үкімін іске асырған кезінде де, Ехоба асқан шыдамдылық танытуды ұмытқан жоқ. Еремия пайғамбар арқылы Ехоба алдын ала өзінің таңдап алған халқының қайта оралатынын айтты. Ол былай деді: “Бабылда болғандарыңа жетпіс жыл толғанда Мен келемін де, сендер туралы айтқан ізгі сөзімді орындап, сендерді осы жерге қайта алып келемін. Сонда Мен сендерге табыламын... сөйтіп тұтқыннан азат етіп, сендерді барлық халықтардан және сендерді қуып жіберген барлық жерлерден жинап аламын” (Еремия 29:10, 14, СА).
12. Мәсіхтің келуін ескерер болсақ, неге яһудилердің тамтығының қайта оралуы Құдайдың еркіне сай болды деуге болады?
12 Тұтқынға алынған яһудалықтардан қалған тамтық расында да Яһудаға қайта оралып, Иерусалимдегі қалпына келтірілген ғибадатханада қайтадан Ехобаға ғибадат ете бастады. Ехобаның еркіне сай, бұл қайта оралған тамтық көңіл сергітетін әрі әлемді гүлдендіретін “Тәңірден келген шық сияқты” болуы керек еді. Сондай-ақ бұл тамтық “ормандағы аңдардың арасындағы арыстандай” болуы керек еді (Миха 5:7, 8). Соңғы сөздер Маккавейлердің уақытында орындалған болуы мүмкін, өйткені сол кезде Маккавейлердің отбасының басшылығымен яһудилер Уәде етілген жерден жауларын қуып шығып, арамдатылған ғибадатхананы қайта тазартқан болатын. Осылайша, Исраил елі мен ғибадатхана аман қалды да, өзге бір шын берілген тамтықтың, Мәсіх ретінде жерге келген Құдайдың Ұлын қарсы алуға мүмкіндіктері болды (Даниял 9:25; Лұқа 1:13—17, 67—79; 3:15, 21, 22).
13. Тіпті өзінің Ұлын өлтіргеннен кейін де, Ехоба яһудилерге байланысты қалай асқан шыдамдылық танытты?
13 Тіпті яһудилер өзінің Ұлын өлтіргеннен кейін де, Ехоба әлі де үш жарым жылдан аса уақыт бойы оларға байланысты асқан шыдамдылық танытып, олардың ғана Ыбырайымның рухани ұрпағының бөлігі болуларына мүмкіндік берді (Даниял 9:27)b. Б. з. 36 жылына дейін және одан кейін де яһудилердің кейбіреулері осы мүмкіндікті пайдаланды, сөйтіп кейінірек Пауыл жазғандай ‘рақым етіп таңдап алған шағын топ’ пайда болды (Римдіктерге 11:5).
14. а) Б. з. 36 жылы кімдер Ыбырайымның рухани ұрпағының бөлігі болу құрметіне ие болды? ә) Ехобаның рухани Исраилдің мүшелерін таңдау жолына Пауыл ризашылығын қалай білдірді?
14 Б. з. 36 жылы алғаш рет яһуди немесе яһуди дініне кірген адамдардан өзге адамдар Ыбырайымның рухани ұрпағының бөлігі болу құрметіне ие болды. Осы мүмкіндікті пайдаланғысы келген әркім де Ехобаның рақымына ие болып, асқан шыдамдылығының пайдасын көрді (Ғалаттықтарға 3:26—29; Ефестіктерге 2:4—7). Ехобаның мейірімділікпен асқан шыдамдылық танытып, соның арқасында рухани Исраилдің толық мүшелерін жинауына себеп болған даналығы мен мақсатын мойындап, ол үшін терең ризашылық білдірген Пауыл былай деді: “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын Оның ешкім зерттеп бітпес!” (Римдіктерге 11:25, 26, 33; Ғалаттықтарға 6:15, 16).
Өзінің есімі үшін асқан шыдамдылық таныту
15. Құдайдың асқан шыдамдылық танытуының басты себебі неде және қандай мәселенің шешілуі үшін уақыт керек еді?
15 Ехобаның асқан шыдамдылық танытуының себебі неде? Ең басты себебі: өзінің киелі есімін дәріптеп, билігін ақтау (1 Патшалықтар 12:20—22). Өзінің билігін қалай атқаратыны жөніндегі Шайтан көтерген даулы мәселені бүкіл жаратылыстарының алдында түпкілікті шешу үшін уақыт керек еді (Әйүп 1:9—11; 42:2, 5, 6). Сол себепті Мысыр жерінде халқына қысым көрсетіліп жатқан уақытта Ехоба перғауынға былай деді: “Саған күшімді көрсетіп, Менің атым бүкіл жер бетінде танылуы үшін сені сақтап қалдым” (Мысырдан шығу 9:16).
16. а) Асқан шыдамдылығының арқасында Ехоба қалай Өзінің атымен аталатын халық дайындай алды? ә) Қалай Ехобаның есімі киелі тұтылып, билігі ақталатын болады?
16 Киелі есімінің дәріптелуіне байланысты Құдайдың асқан шыдамдылығының атқаратын рөлін түсіндірген кезде елші Пауыл Ехобаның перғауынға айтқан сөздерін келтірген болатын. Сонан соң Пауыл былай деп жазды: “Ал мынаған не дейсіңдер: Құдай біреулеріне күнәлары үшін қаһарын төгіп, құдіретін көрсетпек болды. Бұлар құртылуға лайықты болса да, солардың жаман іс-әрекеттеріне үлкен сабырлылықпен [“асқан шыдамдылықпен”, ЖД] шыдап келген еді. Ал басқалары арқылы Құдай Өзінің шексіз ұлылығын көрсетпек болып, оларға рақымын төкті; бұларды Ол көктегі салтанатты ұлылықты иемденуге алдын ала дайындаған еді. Осы үшін Құдай яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да бізді шақырды. Бұл туралы Ол Ошия пайғамбар арқылы былай деген: “Өз халқым еместі енді халқым деймін” (Римдіктерге 9:17, 22—25). Асқан шыдамдылық танытуының арқасында, Ехобаның халықтардың арасынан “Өзінің атымен аталған халқын” таңдап алуға мүмкіндігі болды (Елшілердің істері 15:14). Басшылары Иса Мәсіхке бағынатын бұл “қасиеттілер” Өзінің ұлы есімінің киелі тұтылуы үшін және өзінің билігін ақтау үшін Ехоба қолданатын Патшалықтың мұрагерлері (Даниял 2:44; 7:13, 14, 27, ЖД; Аян 4:9—11; 5:9, 10).
Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында құтқарылу мүмкін болады
17, 18. а) Қалайша біз асқан шыдамдылық танытып отырғаны үшін байқамай Ехобаға кінә тағуымыз мүмкін? ә) Киелі кітап Ехобаның асқан шыдамдылығын қалай қарастыруға шақырады?
17 Адамдар ең алғаш күнәға батып, бақытсыздыққа ұшырағаннан бері Ехоба өзін асқан шыдамды Құдай ретінде танытып келеді. Топан суға дейін Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында Нұхтың замандастарын ескертуге және құтқарылу үшін кеме салуға жеткілікті уақыт болды. Алайда Ехобаның асқан шыдамдылығы шегіне жетті де, жер бетін топан су қаптады. Сол сияқты бүгін де Ехоба теңдесіз асқан шыдамдылық танытуда және бұл кейбіреулер күткен мерзімнен әлдеқайда ұзаққа созылуда. Әйтсе де бұл салымызды суға кетіруге себеп емес. Бұлай еткеніміз Құдайға асқан шыдамдылық танытып отырғаны үшін кінә таққанмен тең болар еді. Пауыл былай деп сұраған еді: “Сен Құдайдың мейірім көрсетіп, өзіңді теріс жолдан қайтарғысы келетінін ұқпай, Оның асқан мейірімділігін, сабырлылығын және шыдамдылығын [“асқан шыдамдылығын”, ЖД] менсінбейсің бе?” (Римдіктерге 2:4).
18 Құдайдың ықыласына ие болып, құтқарыла алуымыз үшін, Оның қанша уақыт асқан шыдамдылық танытуы керек екенін ешқайсымыз да толық білмейміз. Пауыл, “құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар; Құдайды терең қастерлеп, Оған ұнамайтын атаулыдан қатты жиіркеніңдер!” деп кеңес береді (Філіпіліктерге 2:12). Елші Петір бауырластарына былай деп жазған еді: “Кейбіреулер “Ол кешігіп, келмей қалды” деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!” (2 Петір 3:9).
19. Біз қандай жағдайда Ехобаның асқан шыдамдылығының игілігін көре аламыз?
19 Ендеше Ехобаның қашан және қалай әрекет ететініне байланысты шыдамсыздық танытпалық. Оның орнына Петірдің келесі кеңесіне құлақ асайық. Ол былай деген болатын: “Иеміздің адамдарды құтқарғысы келгендіктен төзімділік танытып отырғанын дұрыс ұғыналық”. Кімді құтқарғысы келеді екен? Бізді және “Құдайдың Патшалығы туралы Ізгі хабарды” әлі де еститін басқа көптеген адамдарды (2 Петір 3:15; Матай 24:14). Бұл Ехобаның кеңпейілмен асқан шыдамдылық танытып отырғанын бағалауға және өзгелермен қарым-қатынасымызда асқан шыдамдылық танытуға талпындырады.
[Сілтемелер]
a Еврей тілінде “мұрын” немесе “танау” (аф) мағынасындағы сөз көбінесе ашуды бейнелеу үшін қолданылатын метафора. Өйткені ашулы адамның танауы делдиіп, демі қатты шығады.
b Бұл пайғамбарлықты жақсырақ түсіну үшін Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Даниялдың пайғамбарлығына көңіл қойыңдар!” кітабының 190—194 беттерін қараңдар (ор.).
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Киелі кітапта “асқан шыдамдылық” сөз тіркесі қандай мағынада қолданылған?
• Ехоба топан судың алдында, Бабыл тұтқындығынан кейін және б.з. бірінші ғасырында қалай асқан шыдамдылық танытты?
• Қандай маңызды себептермен Ехоба асқан шыдамдылық танытады?
• Ехобаның асқан шыдамдылығына біз қалай қарауымыз керек?
[9-беттегі сурет]
Топан судың алдында Ехобаның асқан шыдамдылығының арқасында адамдардың күнәларына өкінулері үшін жеткілікті мүмкіндіктері болды
[10-беттегі сурет]
Бабыл күйрегеннен кейін яһудилер Ехобаның асқан шыдамдылығының игілігін көрді
[11-беттегі сурет]
Бірінші ғасырда яһудилер де, яһуди емес адамдар да Ехобаның асқан шыдамдылығының игілігін көрді
[12-беттегі суреттер]
Бүгінде мәсіхшілер Ехобаның асқан шыдамдылығының игілігін көруде