‘Киелі рухпен өмір сүресің’ бе?
“Киелі Рухпен өмір сүріңдер, сонда ескі күнәкар болмыстарыңның қалауы іске аспайды” (ҒАЛАТТЫҚТАРҒА 5:16).
1. Киелі рухқа қарсы күнә жасадым деген мазасыз ойдан қалай арылуға болады?
ЕХОБАНЫҢ киелі рухына қарсы күнә жасадым деген мазасыз ойдан қалай арылуға болады? Бұл үшін елші Пауылдың: “Киелі Рухпен өмір сүріңдер, сонда ескі күнәкар болмыстарыңның қалауы іске аспайды”,— деген сөздеріне сай әрекет етуіміз керек (Ғалаттықтарға 5:16). Құдай рухының басшылығымен жүретін болсақ, күнәкар құмарлықтарды жеңе аламыз (Римдіктерге 8:2—10).
2, 3. Киелі рухпен өмір сүргеніміз бізге қалай әсер етеді?
2 ‘Киелі Рухпен өмір сүрсек’, Құдайдың әрекет етуші күші оған мойынсұнуға талпындырады. Сондай-ақ қызметімізде, қауымда, үйде және кез келген жерде Құдайға ұнамды қасиеттерді танытатын боламыз. Сонымен қатар өмірлік серігімізбен, балаларымызбен, бауырластармен және басқалармен қарым-қатынасымызда киелі рухтың жемісін танытатынымызды көрсетеміз.
3 “Құдайдың көзқарасына сай рухпен өмір сүргеніміз” күнә жасамауға көмектеседі (Петірдің 1-хаты 4:1—5, 6 ЖД). Рухтың ықпал етуіне жол берсек, ешқашан кешірілмейтін күнә жасамаймыз. Киелі рухпен өмір сүргеніміз бізге тағы қалай әсер етеді?
Құдаймен және Мәсіхпен тығыз қарым-қатынасыңды сақта
4, 5. Киелі рухпен өмір сүргеніміз Исаға деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?
4 Киелі рухпен өмір сүргеніміздің арқасында Құдаймен және оның Ұлымен тығыз қарым-қатынасымызды сақтай аламыз. Қорынттағы мәсіхшілерге рухани дарындар жайлы жазып, Пауыл былай деген: “Сондықтан сендерге [бұрын жалған тәңірге табынушыларға] айтамын: — Құдай Рухына кенелген ешбір адам “Исаны қарғыс атсын” дей алмайды, әрі Киелі Рухтың жетелеуінсіз ешкім де “Иса — Жаратқан Ие” [“Иса — Ие”, ЖД] деп шын жүректен мойындай алмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 12:1—3). Адамды Исаға қарғыс айтуға итермелейтін кез келген рух Шайтан Ібілістен бастау алады. Алайда біз киелі рухпен жүретін мәсіхшілер болғандықтан, Ехобаның Исаны қайта тірілтіп, жаратылыс атаулыдан жоғары қойғанына сенімдіміз (Філіпіліктерге 2:5—11). Сондай-ақ Мәсіхтің төлем құрбандығына сенім білдіріп, оған Құдай тағайындаған Иеміз ретінде қараймыз.
5 Бірінші ғасырда өздерін мәсіхшіміз деп есептеген кейбіреулер Исаның адам тәнінде келгенін мойындамаған (Жоханның 2-хаты 7—11). Осындай жалған көзқарасты қабылдағандар Иса Мәсіх туралы шынайы ілімдерден бас тартты (Марқа 1:9—11; Жохан 1:1, 14). Киелі рухпен өмір сүргеніміз бізді осындай жолдан таюшылықтан сақтайды. Рухани сергек жүрсек қана Ехобаның рақымына ие болып, ‘шындық жолымен жүре’ аламыз (Жоханның 3-хаты 3, 4). Олай болса, көктегі Әкемізбен тығыз қарым-қатынасымызды сақтау үшін жолдан таюшылықтың кез келген түрінен аулақ болайық.
6. Құдайдың рухы оның жетекшілігімен өмір сүретіндердің бойында қандай қасиеттер дамытады?
6 Пауыл жолдан тайып, жалған тәңірлерге табынуды және жік салуды, яғни сектаға бөлінуді, жеңіл жүріс пен азғындық сияқты ‘күнәкар болмыстан туындайтын қылықтардың’ қатарына жатқызған. Сосын, ол былай деген: “Иса Мәсіхтікі болғандар... өздерінің ескі күнәкар болмыстарынан да, соның құмарлықтары мен тілектерінен де үзілді-кесілді бас тартты. Біз Киелі Рухтың арқасында жаңа өмірге ие болғандай, Оның жетекшілігімен өмір сүре берейік” (Ғалаттықтарға 5:19—21, 24, 25). Құдайдың әрекет етуші күші оның жетекшілігімен өмір сүретіндердің бойында қандай қасиеттер дамытады? “Киелі Рух өмірлеріңде жетілдіретін игілікті “жеміс” мынадай: сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық [“асқан шыдамдылық”, ЖД], қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік [“ізгілік, сенім”, ЖД], ілтипаттылық, ұстамдылық”,— деп жазды Пауыл (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Қазір киелі рух жемісіне жататын осы қасиеттерді қарастырайық.
“Бір-бірімізді сүюіміз керек”
7. Сүйіспеншілік деген не және оның кейбір қырлары қандай?
7 Киелі рух жемісінің бір бөлігі — сүйіспеншілік. Ол — басқалардың қамын риясыз ойлап, оларға бауыр басудан туындайтын күшті сезім. Құдай — сүйіспеншіліктің нақ бейнесі, сондықтан Киелі кітапта: “Құдай — сүйіспеншілік”,— делінген. Құдай мен оның Ұлының адамзатқа деген зор сүйіспеншілігі Иса Мәсіхтің төлем құрбандығынан көрінеді (Жоханның 1-хаты 4:8; Жохан 3:16; 15:13; Римдіктерге 5:8). Исаның ізбасарлары ретінде бізді бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізден біледі (Жохан 13:34, 35). Киелі кітапта бізге ‘бір-бірімізді сүю’ өсиет етілген (Жоханның 1-хаты 3:23). Ал Пауыл сүйіспеншіліктің шыдамды да мейірімді екенін айтқан. Ол қызғанбайды, мақтанбайды, жүгенсіз, өзімшіл не ашушаң емес, ол кек те сақтамайды. Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамайды, ақиқатқа қуанады. Сондай-ақ ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. Оның үстіне, сүйіспеншілік ешқашан сарқылмайды (Қорынттықтарға 1-хат 13:4—8).
8. Неге бауырластарымызға сүйіспеншілік танытуымыз керек?
8 Киелі рухтың бойымызда сүйіспеншілік дамытуына жол берсек, оны Құдаймен және маңайымыздағы адамдармен қарым-қатынасымызда танытатын боламыз (Матай 22:37—39). Елші Жохан былай деген: “Бауырласын сүймейтін адам өлі болып қала береді. Бауырласын жек көрген әркім — кісі өлтіруші! Ал мынаны білесіңдер: кісі өлтірушінің мәңгілік өмірі жоқ” (Жоханның 1-хаты 3:14, 15). Ежелгі Исраилде кісі өлтіруші өлтірген адамды жек көрмеген жағдайда ғана бас сауғалайтын қаланың бірін паналай алатын (Заңды қайталау 19:4, 11—13). Киелі рухтың басшылығына мойынсұнсақ, Құдайға, бауырластарымызға және басқа адамдарға сүйіспеншілік көрсететін боламыз.
Жаратқан Ие алдындағы қуаныш — ‘біз үшін демеу’
9, 10. Қуаныш деген не және қуанышты болуға қандай себептер бар?
9 Қуаныш дегеніміз — адамның өзін өте бақытты сезінуі. Ехоба — “бақытты Құдай” (Тімотеге 1-хат 1:11, ЖД; Забур 103:31). Оның Ұлы Әкесінің еркін орындаудан қуаныш табады (Нақыл сөздер 8:31; Еврейлерге 10:7—9). ‘Жаратқан Ие алдындағы қуаныш — біз үшін қуат беретін демеу’ (Нехемия 8:10).
10 Құдайдан келетін қуаныш тіпті қиындықтарға, қайғы-қасірет пен қудалауға кезіксек те, Құдайдың еркін орындаудан терең қанағат алуға көмектеседі. Ал ‘Құдай жайлы білім’ бізді қандай бақытқа бөлейді десеңші! (Нақыл сөздер 2:1—5) Тура білімнің және Исаның төлем құрбандығы мен Құдайға деген сеніміміздің арқасында Ехобамен қарым-қатынаста болғанымызға қуанышты бола аламыз (Жоханның 1-хаты 2:1, 2). Жалғыз шынайы дүниежүзілік бауырластықтың бөлігі болғанымыз да қуаныш әкеледі (Софония 3:9; Нағай 2:7). Сондай-ақ Патшалыққа деген үмітіміз бен ізгі хабарды жариялау мәртебесіне ие болғанымыз да қуанышқа бөлейді (Матай 6:9, 10; 24:14). Мәңгі өмірге деген үмітіміз жайлы да солай деуге болады (Жохан 17:3). Бізде осындай керемет үміт болғандықтан, ‘әрдайым қуанышты’ болуымыз керек (Салоникалықтарға 1-хат 5:16).
Тыныштық пен асқан шыдамдылық
11, 12. а) Тыныштық деген не? ә) Құдайдың беретін тыныштығы бізге қалай әсер етеді?
11 Киелі рух жемісінің тағы бір бөлігі — тыныштық. Ол — көңілдің жай тауып, алаңсыз болуы. Көктегі Әкеміз — ‘тыныштық пен татулықтың’ Құдайы. Киелі кітап бізді: “Жаратушы Өз халқына бейбітшілік сыйлайды”,— деп сендіреді (Забур 28:11; Қорынттықтарға 1-хат 14:33). Иса шәкірттеріне: “Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін”,— деген (Жохан 14:27). Шәкірттері мұның қандай пайдасын көрді?
12 Исаның берген тыныштығы олардың көңілдері мен ой-саналарын орнықтырып, қорқыныштан арылуға көмектесті. Олар әсіресе уәде етілген киелі рухқа кенелгенде жан-дүниелерінде тыныштық сезінді (Жохан 14:26). Киелі рухтың әсерінің арқасында дұғаларымызға жауап ретінде біз де ‘Құдайдың асқан тыныштығына’ кенелеміз, ал бұл жүрегіміз бен ой-санамызды орнықтырады (Філіпіліктерге 4:6, 7). Оның үстіне, Ехобаның рухы бауырластармен және өзгелермен араласқанда, сабырлы да тату болуға көмектеседі (Римдіктерге 12:18; Салониқалықтарға 1-хат 5:13).
13, 14. Асқан шыдамдылық деген не және неге оны танытқанымыз жөн?
13 Тыныштық асқан шыдамдылықпен байланысты. Асқан шыдамдылық әділетсіздікке кезіккенде не біреу ызаландырғанда, бәрі жақсарады деген үмітпен шыдамдылықпен төзуді білдіреді. Құдай асқан шыдамды (Римдіктерге 9:22—24). Иса да осы қасиетті танытқан. Ал бұның біз үшін қандай пайдасы бар екендігіне қатысты Пауыл былай деп жазған: “Иса Мәсіх алдымен мен арқылы Өзінің төзімділігін толығымен көрсету үшін маған қайырымдылық танытты. Сөйтіп мені болашақта Иса Мәсіхке сеніп, мәңгілік өмірге ие болатындардың бәріне үлгі етті” (Тімотеге 1-хат 1:16).
14 Асқан шыдамдылық басқалардың ойланбай айтқан сөздеріне не жағымсыз істеріне төзуге көмектеседі. Пауыл мәсіхшілерді: “Төзімділік танытыңдар!”— деп шақырған (Салониқалықтарға 1-хат 5:14). Бәріміз де кемелсіз болғандықтан жиі қателесеміз, сондықтан біреудің көңілін қалдырсақ, оның бізге асқан шыдамдылық танытқанын қалайтынымыз анық. Олай болса, ‘төзімділік танытып, қуанышқа кенелуге’ тырысайық (Қолостықтарға 1:9—12).
Қайырымдылық пен ізгілік
15. Қайырымдылықты қалай сипаттауға болады және оны танытқандардың мысалын келтіріңдер.
15 Сөзіміз бен ісімізде достық пейіл таныта отырып, басқалардың қамын ойлаумен қайырымдылық көрсетеміз. Ехоба — қайырымды Құдай. Оның Ұлы да “қайырымды” (Римдіктерге 2:4; Қорынттықтарға 2-хат 10:1, ЖД). Құдай мен Мәсіхтің қызметшілерінен де қайырымдылық танытады деп күтіледі (Миха 6:8; Қолостықтарға 3:12). Тіпті Құдайға қызмет етпеген кейбір адамдар ‘әдеттен тыс адамгершілік танытқан’ болатын (Елшілердің істері 27:2, 3; 28:1, 2). Ендеше, ‘Киелі Рухпен өмір сүрсек’, біздің де қайырымдылық таныта алатынымыз шүбәсіз.
16. Қандай жағдайларда қайырымдылық танытуымыз керек?
16 Біреудің ойланбай істеген әрекетіне не ауыр сөзіне ашулануға негіз болса да, қайырымдылық танытуға болады. “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар”,— деп жазды Пауыл. “Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер! ...Бір-біріңе мейірімді де жан ашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!” (Ефестіктерге 4:26, 27, 32) Әсіресе сынаққа кезігіп жатқандарға қайырымдылық танытқанымыз маңызды. Бірақ мәсіхші ақсақал “нағыз игілік, әділдік, шындық” жолынан тайған адамның сезімін жараламайын деп, оған Жазбаларға негізделген кеңес беруден тартынса, мұнысы, әрине, қайырымдылыққа жатпас еді (Ефестіктерге 5:9).
17, 18. Ізгілік деген не және оны өмірімізде қалай таныта аламыз?
17 Ізгілік — өнегелілікке не жақсылыққа талпыну. Құдай толық мағынада ізгі (Забур 118:68; Зәкәрия 9:17). Исаның бойында да осы игі қасиет бар. Әйтсе де оны “Ізгі Ұстаз” деп атағанда, ол бұл лауазымнан бас тартқан (Марқа 10:17, 18). Себебі ол Құдай ғана ізгіліктің шыңы деп есептеген.
18 Күнәны мұра еткендіктен, бізге жақсылық істеу оңай бола бермейді (Римдіктерге 5:12). Алайда ізгілікке үйретуін сұрап, Құдайға дұға етсек, осы қасиетті таныта аламыз. Пауыл Римдегі мәсіхшілерге былай деді: ‘Бауырластар, сендердің ниеттеріңнің ізгілікті болып, өздеріңе керектілердің бәрін де білетіндеріңе кәміл сенемін’ (Римдіктерге 15:14). Мәсіхші бақылаушылар ‘ізгілік атаулыны сүюлері’ керек (Титке 1:7, 8). Құдай рухының басшылығына мойынсұнсақ, ізгілігімізбен танымал боламыз, ал Ехоба ‘істеген игілігімізді’ ұмытпайды (Нехемия 5:19).
‘Шынайы сенім’
19. Еврейлерге 11:1-ге сай, сенім дегеніміз не?
19 Сенім — киелі рух жемісінің өзге бір құрамдас бөлігі. Ол — “үміттенгеннің жүзеге асуы, әрі көзге көрінбейтін жайттарға дәлел келтіру” (Еврейлерге 11:1, сілтеме). Сеніміміз бар болса, Ехобаның уәделерінің бәрі міндетті түрде орындалатынына күмәнданбаймыз. Көзге көрінбейтін жайттардың дәлелі күшті болғаны сонша, сенімнің өзі сол дәлелмен пара-пар деуге болады. Мысалы, айналамыздағы жаратылыстар Жаратушының бар екеніне сендіреді. Киелі рухпен өмір сүрсек, осындай күшті сенімге ие боламыз.
20. ‘Тез шырмап алатын күнә’ деген не, одан және күнәкар болмыстың қылықтарынан қалай аулақ бола аламыз?
20 Ал сенімнің жоқтығы — ‘тез шырмап алатын күнә’ (Еврейлерге 12:1). Сенімімізге нұқсан келтіретін күнәкар болмыстың қылықтарынан, дүниеқұмарлық пен жалған ілімдерден аулақ болу үшін Құдай рухына жүгінуіміз керек (Қолостықтарға 2:8; Тімотеге 1-хат 6:9, 10; Тімотеге 2-хат 4:3—5). Бүгінде Құдай рухы Ехобаның қызметшілерінің бойында Киелі кітаптағы Құдайдың ежелгі куәгерлері мен басқалардікіндей сенім дамытуға талпындырады (Еврейлерге 11:2—40). Ал біздің ‘шынайы сеніміміз’, өз кезегінде, басқалардың сенімін нығайтуы мүмкін (Тімотеге 1-хат 1:5; Еврейлерге 13:7).
Ілтипаттылық пен ұстамдылық
21, 22. Ілтипаттылық, немесе момындық, қалай сипатталады және біз оны неге танытуымыз қажет?
21 Ілтипаттылық, немесе момындық — мінезіміз бен іс-әрекетімізде жұмсақтық таныту. Момындық — Құдайға тән қасиеттердің бірі. Мұны момын адам болған Исадан білеміз: ол Ехобаның қасиеттерін кемелді түрде көрсеткен (Матай 11:28—30; Жохан 1:18; 5:19). Ал Құдайдың қызметшілері ретінде бізден не талап етіледі?
22 Мәсіхшілер болғандықтан, ‘жұрттың бәріне бірдей ілтипаттылық танытуға тиіспіз’ (Титке 3:2). Біз қызметімізде момындық танытамыз. Жауапкершілігі бар бауырластарға қателік жасаған мәсіхшіні “ілтипаттылық танытып” түзету өсиет етіледі (Ғалаттықтарға 6:1). Бәріміз де “кішіпейіл, ілтипатты” бола отырып, мәсіхшілер арасында бірлік пен тыныштықтың болуына ықпал ете аламыз (Ефестіктерге 4:1—3). Әрдайым киелі рухпен өмір сүрсек және ұстамды болсақ, момындық таныта аламыз.
23, 24. Ұстамдылық деген не және оның бізге қандай пайдасы бар?
23 Ұстамдылық ойымызды, сөзіміз бен іс-әрекетімізді қадағалап отыруға көмектеседі. Ехоба Иерусалимді ойран еткен бабылдықтарға қатысты өзін ‘сабырлықпен ұстады’ (Ишая 42:14). Оның Ұлы азап шеккен кезінде ұстамды болуымен бізге “үлгі қалдырды”. Ал елші Петір мәсіхшілерге ‘ұстамдылыққа кенелуге’ кеңес берген (Петірдің 1-хаты 2:21—23; Петірдің 2-хаты 1:5—8).
24 Мәсіхші ақсақалдардан ұстамды болады деп күтіледі (Титке 1:7, 8). Киелі рухтың басшылығымен жүретіндердің барлығы да осы қасиетті танытып, азғындық, әдепсіз сөйлеу не Ехобаның ықыласынан айыратын басқа да нәрселерден аулақ бола алады. Құдай рухының бойымызда ұстамдылық дамытуына жол берсек, бұны басқалар Құдайға ұнамды жүріс-тұрысымыз бен сөзімізден байқайтын болады.
Киелі рухпен өмір сүре берейік
25, 26. Киелі рухпен өмір сүргеніміз өзгелермен қарым-қатынасымызға және болашағымызға қалай әсер етеді?
25 Киелі рухпен өмір сүретін болсақ, Патшалықты құлшына жариялайтын боламыз (Елшілердің істері 18:24—26). Сондай-ақ өзгелер, әсіресе Құдайға шын берілген адамдар, бізбен араласудан қуаныш алады. Киелі рухтың басшылығымен жүрсек, бауырластарымызды рухани жігерлендіре аламыз (Філіпіліктерге 2:1—4). Мәсіхшілердің барлығы да осыны қалайды емес пе?!
26 Шайтан билеп отырған осы дүниеде киелі рухпен өмір сүру оңай емес (Жоханның 1-хаты 5:19). Дегенмен де бүгінде миллиондаған адам осылай етуде. Ехобаға шын жүректен сенім артсақ, қазірдің өзінде бақытты өмір кешеміз, сондай-ақ киелі рухын сүйіспеншілікпен беретін Құдайдың әділ жолдарымен мәңгі бақи жүре аламыз (Забур 127:1; Нақыл сөздер 3:5, 6).
Қалай жауап берер едіңдер?
• ‘Киелі рухпен өмір сүргеніміз’ Құдаймен және оның Ұлымен қарым-қатынасымызға қалай әсер етеді?
• Киелі рух жемісі қандай қасиеттерден тұрады?
• Құдай рухының жемісін қалай таныта аламыз?
• Киелі рухпен өмір сүргеніміз қазіргі өміріміз бен болашағымызға қалай әсер етеді?
[12-беттегі сурет]
Қайырымдылықты игі сөзіңмен және ісіңмен көрсет