Ехоба бізден не күтеді?
“Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті сүю және Құдайдың алдында кішіпейілділікпен [“қарапайымдылықпен”, ЖД] жүру” (МИХА 6:8).
1, 2. Не нәрсе Ехобаның қызметшілерінің ұнжырғасын түсіруі мүмкін, бірақ оларға не көмектесу керек?
ЖЕТПІС бестер шамасындағы Вера деген адал мәсіхшінің денсаулығы нашар. “Кейде,— дейді ол,— терезеден бауырластарымның үйме-үй уағыздап жүргенін көремін. Сондай кездерде көзіме жас келеді, өйткені мен солармен бірге болғым келеді, бірақ науқасымның кесірінен Ехобаға деген қызметім шектеулі”.
2 Сенің де осындай нәрсені сезінген кезің болған ба? Әрине, Ехобаны сүйетіндердің бәрі оның есімімен жүріп, талаптарына сай болғысы келеді. Ал денсаулығымыз нашарлап не жасымыз ұлғайған болса, немесе отбасында жауапкершіліктеріміз болса ше? Бұл қандайда бір дәрежеде ұнжырғамызды түсіруі мүмкін, өйткені мұндай жайттар Құдайға деген қызметімізді өзіміз қалағандай атқаруға кедергі болады. Осындай күйді бастан кешіп жүрсек, Миха 6, 7-тарауларын қарастырғанымыз зор жігер берсе керек. Осы тараулардан Ехобаның талаптарының қисынды әрі орындау қиын еместігі көрінеді.
Құдайдың өз халқына қалай қарайтындығы
3. Ехоба бүлікші исраилдіктерге қалай қараған?
3 Алдымен Миха кітабының 6:3—5 тармақтарынан Ехобаның өз халқына қалай қарағанын көрелік. Миханың заманында исраилдіктердің Ехобаға қарсы бүлік шығарғанын еске алайықшы. Соған қарамастан, Ехоба жанашырлықпен: “Уа, халқым!” — деген. Ол: (ЖД) “Уа, халқым, естеріңе алыңдаршы”,— деп өтінген. Ехоба зекіп, кінәламай, қайта, “Мен не істеп қойдым?” деген сұрақпен олардың жүректеріне жол тапқысы келген. Тіпті халқын ‘жауап беруге’ шақырған.
4. Құдайдың жанашырлық танытудағы үлгісі бізге қалай әсер ету керек?
4 Құдай бізге керемет үлгі берген! Ол тіпті Миханың заманындағы бүлікші Исраил мен Яһуданы “халқым” деп атап, оларға өтіне сөйлеген. Олай болса, әрине бір сенімдегі бауырластарымызға біз де жанашыр да мейірімді болуымыз керек. Рас, кейбіреулерді жақын тарту оңайға соқпайды, ал әлдебіреу рухани әлсіз. Сөйтсе де Ехобаны сүйетін болса, біз оларға көмектесуіміз әрі жанашырлық танытуымыз керек.
5. Миха 6:6, 7-тармақтарының негізгі ойы қандай?
5 Енді Миха 6:6, 7-тармақтарын қарастырайық. Миха бірқатар сұрақтар қояды: “Тәңірдің алдына немен келіп, көктегі Құдайға немен бас исем екен? Оның алдына түгел өртелетін құрбандықтар, бір жасар өгіздер алып келсем бе екен? Бірақ Тәңірге мыңдаған қошқарлармен немесе дариядай аққан зәйтүн майымен ұнауға бола ма? Өз қылмысым үшін Оған тұңғышымды, жанымның күнәсі үшін іштен шыққан жемісімді берем бе?” Жоқ, Ехобаға ‘мыңдаған қошқарлармен немесе дариядай аққан зәйтүн майымен ұнамды’ бола алмайсың. Десе де оған ұнамды болуға болады. Қалай?
Әділ әрекет етуге тиіспіз
6. Миха 6:8-де Құдайдың қандай үш талабы жөнінде жазылған?
6 Миха 6:8-тармағынан Ехобаның бізден не күтетінін білуге болады. Миха: “Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті жақсы көру және Құдайдың алдында кішіпейілділікпен [“қарапайымдылықпен”, ЖД] жүру”,— дейді. Осы үш талап — сезімімізге, ой-қалпымыз бен іс-әрекетімізге қатысты. Жүрегіміз осы қасиеттерді танытуға талпынып, оны қалай жүзеге асыруға болатынының үстінен ой жүгіртіп, сосын соған сай әрекет етуге тиіспіз. Аталмыш үш талапты жеке-жеке қарастырып көрейік.
7, 8. а) “Әділ әрекет ету” деген нені білдіреді? ә) Миханың заманында қандай әділетсіз әрекеттер кәдімгідей нәрсе болған?
7 “Әділ әрекет ету” дұрыс нәрсені істеуді білдіреді. Құдайдың әрекет ету жолы — әділеттіліктің үлгісі. Ал Миханың замандастары әділетсіз әрекет етті. Қандай жағдайларда? Миха 6:10-ды қарастырып көрейік. Осы тармақтың соңында сатушылардың ‘кішірейтілген өлшем’, яғни тиістісінен кіші өлшем, ал 11-тармақта “тура емес тастар” қолданатыны айтылған. 12-тармаққа сәйкес, олардың “тілдері алдамшы”. Сонымен Миханың заманындағы сауда-саттық әлемінде дұрыс емес өлшем, дұрыс емес таразы мен алдамшы сөз таңсық болмаған.
8 Әділетсіздік базармен ғана шектелмейтін. Ол сотта да кәдімгі нәрсе болған. Миха 7:3-тен ‘басшының сый талап етіп, соттың параға төрелік ететініні’ көрінеді. Соттарға жазықсыз адамдарға әділетсіз үкімдер шығару үшін пара беріледі. “Ақсүйектер”, немесе ықпалды адамдар, қылмысқа қатысады. Оған қоса, Миханың сөзіне сай, басшылар, соттар мен ақсүйектер зұлым істерін “бұрмалап” немесе “сыбайласып” (ЖД) істейді.
9. Зұлымдардың әділетсіз әрекеттері Яһуда мен Исраилге қалай әсер еткен?
9 Зұлым басшылардың әділетсіз істері бүкіл Яһуда мен Исраил патшалығына әсер етеді. Миха 7:5-те әділеттіліктің жоқтығы құрбы-құрдас, жора-жолдастар, тіпті ерлі-зайыптылар арасында сенімсіздіктің пайда болуына әкелгені ескерілген. 6-тармақта осының салдарынан әке мен бала, қыз бен ана сияқты ет жақын туыстар бір-бірін (ЖД) “жек көретіні” айтылған.
10. Бүгіндегі әділетсіздік жайлаған ортада мәсіхшілер өздерін қалай ұстайды?
10 Ал бүгін ше? Осындай жағдайды көріп жүрген жоқпыз ба? Кезіндегі Миха іспетті, біз де айналадан әділетсіздік пен сенімсіздіктің жайлағанын, ал қоғам мен отбасының құлдырап бара жатқанын көріп жүрміз. Сөйтсе де, біз, осы әділетсіз дүниеде өмір сүріп жатқан Құдайдың қызметшілері, осы дүниеге тән әділетсіздіктің мәсіхшілер қауымына еніп кетуіне жол бермейміз. Қайта, әділеттілік пен адалдық танытып, күнделікті өмірімізде соған сай әрекет етеміз. Иә, біз “барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз” (Еврейлерге 13:18). Әділ әрекет ету арқылы зор бата алып жүрміз, солай емес пе? Өйткені бізде нағыз сенімділік орнаған бауырластық бар ғой.
Қалай адамдар “Тәңірдің үнін” естиді?
11. Миха 7:12-тармағы қалай орындалуда?
11 Айнала әділетсіздікке толы болғанмен, Миха болашақта түрлі адамдардың әділдіктің орнағанына қуанатынын пайғамбарлық етеді. Ол “теңізден теңізге, таудан тауға дейін” адамдардың Ехобаға қызмет ету үшін жиналатынын алдын ала айтады (Миха 7:12). Бүгінгі таңда, осы пайғамбарлық түбегейлі орындалып жатқанда, Құдайдың алаламайтын әділдігінің пайдасын жеке бір ұлт қана емес, барлық ұлттардан шыққан адамдар көруде (Ишая 42:1). Бұл қалай жүзеге асып жатыр?
12. Бүгінде “Тәңірдің үні” қалай естілуде?
12 Мұның жауабын Миханың бұның алдында айтқан сөздерінен табуға болады. Миха 6:9-да: “Тәңірдің үні қаланы шақыруда, даналық Сенің есіміңді қастерлейді”,— делінген. Қалай бүкіл ұлттардан шыққан адамдар ‘Тәңірдің үнін’ естуде және әділ әрекет ету керектігімізбен мұның қандай байланысы бар? Бүгінде әрине адамдар Құдайдың даусын тура мағынада естімейді. Бірақ біздің дүниежүзілік уағыздау ісіміздің арқасында Ехобаның даусын барлық ұлттар мен әлеуметтік топтардың мүшелері естуде. Соның нәтижесінде оған құлақ асқандар Құдайды зор құрмет тұтып, оның ‘есімін қастерлейді’. Патшалықты құлшыныспен жариялаушылар ретінде қызмет ету әділеттілік пен сүйіспеншілік танытудың белгісі екенінде сөз жоқ. Ешкімді алаламастан әрбір адамға Құдайдың есімін ашу арқылы біз ‘әділ әрекет етеміз’.
Мейірімділікті сүюге тиіспіз
13. Сүйіспеншілікке толы мейірімділік пен сүйіспеншіліктің арасында қандай айырмашылық бар?
13 Енді Миха 6:8-дегі екінші талапты қарастырайық. Ехоба бізден ‘мейірімділікті сүйеді’ деп күтеді. “Мейірімділік” деп аударылған көне еврей сөзі “рақым”, “сүйіспеншілікке толы мейірімділік” не “айнымас сүйіспеншілік” деп те беріледі. Сүйіспеншілікке толы мейірімділік — белсенді түрде өзгенің қамын ойлап, жаны ашып, өзгелерді ойлап, уайымдау. Сүйіспеншілікке толы мейірімділік пен сүйіспеншіліктің арасында айырмашылық бар. Қандай? Сүйіспеншілік деген жалпы түсінік: Оны затқа немесе дерексіз түсініктерге қатысты да танытуға болады. Мысалы, Киелі кітапта “шарап пен майды сүйетін” және ‘осы күнәкар дүниені сүйетін’ адамдар жөнінде айтылған (Нақыл сөздер 21:17; 1 Жохан 2:15). Ал сүйіспеншілікке толы мейірімділік адамға, әсіресе Құдайдың қызметшілеріне қатысты ғана қолданылады. Сондықтан Миха 7:20-да Ыбырайымға, яғни Құдайға қызмет еткен адамға, сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытылғаны жөнінде айтылған.
14, 15. Сүйіспеншілікке толы мейірімділік қалай көрсетілуде және бұл қандай мысалдан көрінеді?
14 Миха 7:18-тармағына (ЖД) сай, пайғамбар Құдайдың ‘сүйіспеншілікке толы мейірімділіктен рақат алатынын’ айтқан. Миха 6:8-де сүйіспеншілікке толы мейірімділікті танытып қана қоймай, осы қасиетті сүюге тиіс екендігіміз айтылған. Осы тармақтардан не нәрсеге үйренеміз? Біз сүйіспеншілікке толы мейірімділікті ықыласпен, бар ынтамызбен танытамыз, өйткені солай етуді қалаймыз. Ехоба іспетті біз де көмекке мұқтаждарға сүйіспеншілікке толы мейірімділік танытудан рақат аламыз.
15 Бүгіндегі Құдай халқы сүйіспеншілікке толы мейірімділігімен ерекшеленеді. Бір ғана мысалды қарастырайық. 2001 жылдың маусымында тропикалық дауылдың салдарынан Техас штатын сел басып, Ехоба Куәгерлерінің жүздеген үйлерін қоса алғанда, мыңдаған үйлер зақымдалды. Бақытсыздыққа ұшыраған мәсіхші бауырластарына көмектесу үшін 10 000-ға жуық Куәгер еш ақысыз уақыттары мен күштерін бар ықыластарымен жұмсады. Сегіз Патшалық Сарайы мен бауырластарының 700-ден аса үйін қалпына келтіру үшін ерікті жұмысшылар жарты жылдан астам уақыт бойы күні-түні, демалыс күндері де талмастан еңбектенді. Ал мұндай көмек көрсете алмайтындар азық-түлік, керек-жарақтар мен ақша садақа етті. Неге сол мыңдаған Куәгерлер бауырластарына қол ұшын берді? Өйткені олар ‘мейірімділікті сүйеді’. Дүние жүзіндегі бауырластарымыздың осылай әрекет етіп жүргені неткен ғанибет! Иә, “мейірімділікті сүю” талабы — ауыртпалық емес, қайта, зор қуаныш!
Құдайдың алдында қарапайымдылықпен жүру
16. Құдайдың алдында қарапайымдылықпен жүрудің маңыздылығы қандай мысалдан жақсы көрінеді?
16 Миха 6:8-дегі (ЖД) үшінші талап — “Құдайдың алдында қарапайымдылықпен жүру”. Бұл мүмкіншіліктеріміздің шегі мен Құдайға тәуелділігімізді мойындауды білдіреді. Келесі мысалды қолдана отырып қарастырып көрейік: Кішкентай қыз дауыл кезінде әкесінің қолынан қысып ұстап келеді. Ол өзінің күшінің көп емес екенін біледі, бірақ әкесіне толық сенімді. Біз де өз мүмкіншіліктеріміздің шегін біліп, көктегі Әкемізге сенімді болуымыз керек. Мұндай сенімділікті қалай сақтауға болады? Бұлай етудің бір жолы — Ехобамен тығыз қарым-қатынас сақтаудың неге даналыққа жататын есте ұстау. Миха есімізге мұның үш себебін салады: Ехоба азат етеді, басшылық береді және қорғайды.
17. Қалай Ехоба ертеде өзінің халқын азат еткен, басшылық берген және қорғаған?
17 Миха 6:4, 5-тармақтарына сәйкес, Құдай: ‘Мен сені Мысыр жерінен алып шықтым’,— дейді. Иә, Ехоба Исраил халқының Азат етушісі болған. Әрі қарай Ехоба былай дейді: “Алдыңа Мұса, Һарон мен Мәриямды жібердім”. Мұса мен Һарон арқылы Ехоба халқына басшылық еткен, ал Мәриям Исраил әйелдерін жеңіс биін билеуге бастаған (Мысырдан шығу 7:1, 2; 15:1, 19—21; Заңды қайталау 34:10). Ехоба қызметшілері арқылы басшылық беріп отырған. 5-тармақта ол исраилдіктердің есіне Балақ пен Балағамнан қорғағанын және жиһан кезіп жүрген сапарларының соңғы белесінде Моабтағы Қараған аңғарынан Уәде етілген жердегі Ғылғалға дейін желеп-жебеп жүргенін естеріне салады.
18. Құдай бүгінде қалай азат етеді, басшылық береді және қорғайды?
18 Қазір Ехоба бізді, өзімен жүргендерді, Шайтанның дүниесінен азат етеді, өзінің Сөзі мен ұйымы арқылы басшылық береді және қарсыластар шабуыл жасағанда, топ ретінде бізді қорғайды. Сондықтан Құдайымызбен бірге сапарымыздың соңғы белесінен өтіп, ертедегі Уәде етілген жерден анағұрлым жақсырақ нәрсеге, яғни Құдайдың әділетті жаңа дүниесіне, барар жолда көктегі Әкеміздің қолынан қысып ұстап жүруге барлық негіз бар.
19. Қарапайымдылықтың біздің шама-шарқымызбен қандай байланысы бар?
19 Құдаймен бірге қарапайымдылықпен жүргеніміз өз жағдайымызға байыппен қарауға көмектеседі. Өйткені қарапайымдылық өз шама-шарқыңды дұрыс бағалауды білдіреді. Жастың ұлғаюы немесе денсаулықтың нашарлауы Ехобаға деген қызметімізді қандай да бір шамада шектейтін болар. Бірақ ұнжырғамыз түсудің орнына, Құдайдың ықыласымыз бен құрбандықтарымызды ‘қолдағы жоғымызға емес, барымызға қарай ризашылықпен қабылдайтынын’ есте ұстағанымыз дұрыс (2 Қорынттықтарға 8:12). Расында да Ехоба бізден шын көңілден, жағдайымызға қарай барымызды салып қызмет етеді деп күтеді (Қолостықтарға 3:23). Бар ықыласымызбен әрі құлшына қызмет етіп, қолымыздан келгеннің бәрін істер болсақ, Құдай көл-көсір етіп батасын төгеді (Нақыл сөздер 10:22).
Шыдамдылықпен күту баталарға жеткізеді
20. Нені түсінгеніміз Миха сияқты Ехобаны күтуге көмектесу керек?
20 Ехобадан алып жатқан баталарымыз Миханың рухына еліктеуге талпындырады. Ол: “Құтқарушы Құдайымды күтетін боламын”,— деген (Миха 7:7, ЖД). Осы сөздердің Құдаймен бірге қарапайымдылықпен жүруімізбен қандай байланысы бар? Ехобаны күткеніміз, немесе шыдамдылық танытқанымыз, Оның күнінің әлі келмегенін ойлап, қамықпауға көмектеседі (Нақыл сөздер 13:12). Бәріміз де осы зұлым заманның ақырын зарыға күтудеміз. Алайда апта сайын мыңдаған адамдар енді ғана Құдаймен жүруді бастап жатыр ғой. Бұл — біз үшін Ехобаны күтудің келелі себебі. Осыған орай бұрыннан бері шындық жолымен келе жатқан бір Куәгер былай деді: “Уағыздау қызметінде өткізген 55 жыл уақытқа үңілер болсам, Ехобаны күткенде еш нәрсе жоғалтпағаныма сенімдімін. Керісінше, өзімді қаншама қайғы-қасіреттен аман сақтадым”. Сен де осындай сезімде болғансың ба?
21, 22. Миха 7:14-тегі пайғамбарлық бүгінде қалай орындалуда?
21 Ехобамен жүргеніміз — сөзсіз бізге пайдалы. Миха 7:14-тен оқитынымыздай, Миха Құдай халқын қойшының қасында өздерін қауіпсіз сезінетін қойларға теңейді. Қазіргі, осы пайғамбарлық көлемді түрде орындалып жатқан уақытта, рухани Исраилдің тамтығы да, “басқа қойлар” да арқа сүйейтін Бақташылары Ехобамен бірге өздерін қауіпсіздікте сезінуде. Олар “Кармилдің арасындағы орманда оңаша” өмір кешеді, яғни барған сайын алаңдатушылыққа толы әрі қауіпті болып бара жатқан осы өмірден рухани бөлініп өмір сүреді (Жохан 10:16; Заңды қайталау 33:28; Еремия 49:31; Ғалаттықтарға 6:16).
22 Құдай халқы өркендеуде, бұл да Миха 7:14-те алдын ала айтылған. Құдайдың қойлары, немесе халқы, туралы Миха: ‘Олар Башан мен Ғалақадта жайыла берсін’,— деген. Башан мен Ғалақадтың майсалы жайлауында жайылып жүрген қойлар іспетті бүгінде Құдай халқы рухани өркендеуде. Бұл да Құдаймен қарапайымдылықпен жүретіндерге беріліп жатқан баталардың бірі (Руларды санау 32:1; Заңды қайталау 32:14).
23. Миха 7:18, 19-тармақтарынан қандай сабақ аламыз?
23 Миха 7:18, 19-тармақтарында пайғамбар Ехобаның өкінгендерді кешіргісі келетініне ерекше көңіл бөледі. 18-тармақта Ехобаның ‘заңсыздықты кешіретіні’ мен ‘күнәларды мойынға артпайтыны’ айтылған. Ал 19-тармаққа сәйкес, ол ‘күнәларымыздың бәрін теңіз тұңғиығына лақтырады’. Бұдан біз қандай сабақ аламыз? Осыған орай өзімізге Ехобаға еліктеп жүрген-жүрмегенімізге қатысты сұрақ қоюымызға болады. Өзгелер бізді өкпелетіп қойса, кешіреміз бе? Олар өкініп, жағдайды қалыпқа келтіргісі келсе, әрине біз Ехобаға еліктеп, толығымен әрі мәңгіге кешіруге даяр болуымыз керек.
24. Миханың пайғамбарлығынан қандай пайда алдыңдар?
24 Миханың пайғамбарлығын талқылаудың қандай пайдасын көрдік? Ол біздің есімізге өзіне жақындайтындарға Ехобаның берік үміт беретінін салды (Миха 2:1—13). Ол шынайы ғибадатты қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін істеуге талпындырды, ал соның арқасында біз мәңгі-бақи Ехобаның есімімен жүре аламыз (Миха 4:1—4). Жағдайымыздың қандай екеніне қарамастан, Ехобаның талаптарына сай келе алатынымызға деген сенімділігімізді күшейтті. Иә, Миханың пайғамбарлығы Ехобаның есімімен жүру үшін бізді қатты нығайтады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Миха 6:8-ге сай Ехоба бізден не талап етеді?
• “Әділ әрекет ету” үшін не қажет?
• ‘Мейірімділікті сүйетінімізді’ қалай көрсетуге болды?
• ‘Құдайдың алдында қарапайымдылықпен жүруге’ не кіреді?
[17-беттегі сурет]
Қоғамның барлық мүшелеріне куәлік беру арқылы әділетті әрекет ет
[17-беттегі суреттер]
Мұқтаждарға қол ұшын беру арқылы мейірімділікті сүйетініңді көрсет
[17-беттегі сурет]
Қарапайымдылықпен өз мүмкіншіліктеріңнің шегін біліп, қолдан келгеннің бәрін істе
[19-беттегі суреттер]
Зұлымдықтың кеңінен етек алғанына қарамастан, Миха Ехобаның талаптарына сай өмір сүрген. Сен де солай ете аласың