Шынайы кішіпейілділік дамытыңдар
“Кішіпейіл адамдарды сен құтқарасың” (ПАТШАЛЫҚТАР 2-ЖАЗБА 22:28, ЖД).
1, 2. Осы дүниедегі билеушілердің көпшілігінде қандай ортақ нәрсе болған?
МЫСЫР пирамидалары бұрын сол елде кімдер билік еткеніне куәлік етеді. Тарихта аты қалған тағы басқа да адамдар — Ассур патшасы Сеннахирим, Грекия патшасы Ескендір Зұлқарнайын және Рим қолбасшысы Юлий Цезарь. Осы билеушілердің бәріне ортақ бір нәрсе болған: олардың ешқайсысы да кішіпейіл адам ретінде танылмаған (Матай 20:25, 26).
2 Жоғарыда аталған билеушілердің кез келген біреуінің өз қол астындағы жұбанышқа мұқтаж мүсәпір адамдарды іздеп, патшалығын аралайтын әдеті болғанын елестете аласыңдар ма? Әрине, жоқ! Олардың жаны күйзелген қала тұрғындарының рухтарын көтеру үшін қарапайым ғана үйлеріне барғанын да елестете алмаймыз. Мүсәпір адамдарға деген олардың көзқарасы Әлемнің Ең жоғарғы Билеушісі Ехоба Құдайдың көзқарасынан мүлдем басқа!
Кішіпейілділіктің ең зор үлгісі
3. Ең жоғарғы билеуші өзінің қол астындағы азаматтарына не істейді?
3 Ехоба адам ақылы жетпес шексіз ұлы әрі биік. Дегенмен де “өзіне жүрегі толық берілгендерді қолдау үшін Тәңірдің көзі бүкіл жер жүзін шолып отырады” (Шежірелер 2-жазба 16:9). Әр түрлі сынақтардың кесірінен рухтары күйреген қызметшілерін көргенде, Ехоба не істейді? Оларды киелі рухы арқылы ‘қайтадан рухтандырып, жаралы жүрегін сауықтыру’ үшін, былайша айтқанда, ‘қастарында болады’ (Ишая 57:15). Осылайша еңсесі көтерілген қызметшілері оған қайтадан қуанышпен қызмет ете алатындай болады. Бұл Құдайдың тарапынан көрсетілген неткен зор кішіпейілділік!
4, 5. а) Забур жыршысы Құдайдың қалай билік ететіні жайлы не ойлаған? ә) Құдай ‘әлсізге’ көмектесу үшін “еңкейеді” деген нені білдіреді?
4 Әлемде күнәкар пенделерге көмектесу үшін Әлемнің Әміршісі сияқты ешкім де өзін кішірейткен емес. Сондықтан да забур жыршысы: “Тәңір барлық халықтардан жоғары; оның даңқы аспан үстінде. Тәңір Құдайымыз сияқты жоғарыда өмір сүретін кім бар? Көк пен жерді көріп тұру үшін, ол еңкейеді; әлсізді топырақтан тұрғызады, жарлыны күлден көтереді”,— деп жаза алды (Забур 112:4—7).
5 Ехоба таза әрі киелі, демек, онда “тәкаппарлық” атымен жоқ (Марқа 7:22, 23). ‘Еңкею’ деп аударылған еврей сөзі адамның әлеуметтік жағдайы немесе дәрежесі өзінен төмен адамның деңгейіне дейін төмендеуін білдіруі мүмкін. Осылайша кейбір Киелі кітаптарда Забур 112:6-дағы сөз Құдай өзін кішірейтетініне нұсқайды. Бұл кемелсіз қызметшілерінің мұқтаждықтарына сүйіспеншілікпен назар аударатын кішіпейіл Құдайымызды қалай орынды бейнелейді десеңші! (Патшалықтар 2-жазба 22:36)
Неге Иса кішіпейіл болған?
6. Ехобаның кішіпейілділігін көрсеткен ең ұлы ісі қандай болған?
6 Құдайдың кішіпейілділігі мен сүйіспеншілігін көрсететін ең ұлы ісі — адамзатты құтқару үшін өзінің тұңғыш әрі сүйікті Ұлын жер бетінде туылып, ересек адам болып өсуге жібергені (Жохан 3:16). Иса бізге көктегі Әкесі туралы шындықты үйретті, кейін ‘адамзатты күнәсынан’ арылту үшін кемелді өмірін берді (Жохан 1:29; 18:37). Бойынан әкесінің қасиеттерін, соның ішінде Оның кішіпейілділігін, кемелді түрде көрсете отырып, Иса Құдайдың сұрағандарын орындауға дайын болды. Бұл бұрын-соңды Құдай жаратылыстарының ешбірі көрсетпеген кішіпейілділік пен сүйіспеншіліктің ең керемет үлгісі еді. Исаның кішіпейілділігін жұрттың бәрі бірдей дұрыс бағаламаған. Жаулары оған адамдардың ‘ең бір мүсәпірі’ деп қараған (Даниял 4:14, “Таурат. Қазақ және ағылшын тілінде”). Дегенмен де елші Пауыл бір сенімдегілерінің Исаның үлгісіне еліктеп, өзгелермен қарым-қатынасында кішіпейіл болулары керектігін түсінген (Қорынттықтарға 1-хат 11:1; Філіпіліктерге 2:3, 4). Пауыл Исаның керемет үлгісіне былай деп көңіл бұрған:
7, 8. а) Иса кішіпейіл болуды қалай үйренді? ә) Иса болашақ шәкірттерін неге шақырды?
7 “Иса Мәсіхтің мінез-құлқы сендердікі де болсын: Құдайлық болмысы бола тұра, ол онысына жармасқан жоқ, қайта, Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, адам секілді дүниеге келіп, кәдімгі адамға ұқсап көрінді. Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, өлімге, тіпті айқыштағы өлімге дейін бойсұнды” (Філіпіліктерге 2:5—8).
8 Бәлкім, кейбіреулер: “Иса кішіпейіл болуды қалай үйренді?”— деп сұрайтын шығар. Бұл — оның көктегі Әкесімен миллиардтаған жылдар бойы тығыз қарым-қатынаста болғанының арқасында көрген керемет жемісі. Сол кезде ол барлық нәрсені жаратуда Құдайдың “шебер көмекшісі” ретінде қызмет еткен (Нақыл сөздер 8:30, ЖД). Едемде шыққан бүліктен кейін, тұңғыш Ұлы Әкесінің күнәкар адамзатқа қалай кішіпейілділік танытқанын көре алды. Сондықтан да жерде болған кезінде Иса Әкесінің кішіпейілділігін көрсетті және былай деп шақырды: “Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, Жуас, кіші пейілмін шын жүректен, Тыныштық табады сонда жандарың” (Матай 11:29; Жохан 14:9).
9. а) Исаға балалардың қандай қасиеті тартымды болған? ә) Баланы мысал етіп, Иса қандай сабақ берді?
9 Иса шынайы кішіпейілділік танытқандықтан, кішкентай балалар оған жақындауға қорықпай, қайта, қасына барғылары келіп тұрған. Ал ол болса балаларды жақсы көріп, көңіл бөлген (Марқа 10:13—16). Исаға балалардың қандай қасиеті тартымды болған? Әрине, олардың бойында ересек шәкірттерінің кейбіреуі көрсете бермейтін жағымды қасиеттер болған. Балалардың үлкендерді жоғары тұтатыны бәріне аян. Мұны оларға көп сұрақтар қоятынынан көруге болады. Расында да, ересектерге қарағанда балалар әлдеқайда үйренгіш келіп, көкірек көтеруге бейім емес. Бірде Иса жас баланы ортаға тұрғызып қойып, ізбасарларына: “Теріс пікірлеріңнен қайтып, бала сияқты (кіші пейіл) болмасаңдар, Құдай Патшалығына еш кіре алмайсыңдар!”— дейді. Кейін былай деп жалғастырады: “Кім өзін осы сәби сияқты кіші тұтса, Құдай Патшалығында соның жолы үлкен” (Матай 18:3, 4). Иса мынадай ереже берді: “Өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады” (Лұқа 14:11; 18:14; Матай 23:12).
10. Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
10 Бұл шындықтан маңызды сұрақтар туындайды. Мәңгілік өмірге ие болуымыз қандай да бір шамада шынайы кішіпейілділікті дамытқанымызға байланысты. Бірақ неге кейде мәсіхшілерге кішіпейіл болу қиынға соғады? Неге бізге көкіректікке жол бермей, сынақтарды кішіпейілділікпен қабылдау қиын? Сонымен қатар шынайы кішіпейілділікті дамыта алуымызға не көмектеседі? (Жақып 4:6, 10)
Кішіпейіл болу неге қиын?
11. Кішіпейіл болу үшін күрес жүргізетініміз неге таңғалдырмайды?
11 Егер кішіпейіл болу үшін күресіп жүрген болсаң, жалғыз емессің. 1920 жылы осы журналда кішіпейілділіктің маңыздылығы жайлы Киелі кітаптың кеңесі талқыланған болатын. Онда: “Иеміздің кішіпейілділікке қандай зор баға бергені барлық шынайы шәкірттерді осы қасиетті күнделікті дамытуға талпындыру керек”,— делінген. Кейін былай деп ашық мойындаған сөздер жазылған: “Жазбаларда осындай кеңестер көп болғанымен, адамның кемелсіз болғаны сонша, Иеміздің халқына қосылып, оның жолымен жүруді шешкен адамдар басқа қасиеттерге қарағанда, кішіпейілділікті дамытуда көбірек қиналып, көбірек күресетін тәрізді”. Бұл сөздер мәсіхшілерге кішіпейіл болу үшін неге күресу керек екендігінің бір себебін көрсетеді: біздің күнәкар болмысымыз орынсыз атақ-даңқты көксейді. Өйткені біз күнәкар адам жұбының, яғни өз қара бастарының қалауына төтеп бере алмаған Адам мен Хауаның, ұрпақтарымыз (Римдіктерге 5:12).
12, 13. а) Мәсіхшілердің кішіпейіл болуына осы дүние қалай кедергі жасайды? ә) Кішіпейілділікті дамытуда күресімізді кім қиындата түседі?
12 Кішіпейілділік танытудың қиынға соғуының тағы бір себебі — біз адамды өзгеден асып түсуге талпындыратын дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Бұл дүниенің кең тараған мақсаттарының бірі — “күнәкар адамның құмарлықтары” мен ‘көзінің қомағайлығын’ қанағаттандыруға ұмтылу және “мал мүлікке мастану [“мақтану”, ЖД]” (Жоханның 1-хаты 2:16). Ал Исаның шәкірттері бұл дүниенің осындай құмарлықтарына берілмей, көздерін қарапайым сақтап, назарларын Құдайдың еркін орындауға тігулері керек (Матай 6:22—24, 31—33; Жоханның 1-хаты 2:17).
13 Кішіпейілділікті дамыту мен оны танытудың қиынға соғуының үшінші бір себебі — тәкаппарлыққа бастау берген Шайтан Ібіліс осы дүниені билеп отыр (Қорынттықтарға 2-хат 4:4; Тімотеге 1-хат 3:6). Шайтан адамдарды өзінің жаман қасиеттерін танытуға итермелейді. Мысалы, ол “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын” Исаның өзіне ғибадат етуіне алмастырмақшы болды. Үнемі кішіпейіл болған Иса Ібілістің ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартты (Матай 4:8, 10). Сол сияқты Шайтан мәсіхшілерді де өздеріне атақ-даңқ іздеуге азғырады. Бірақ кішіпейіл мәсіхшілер Исаның үлгісіне еліктеуге тырысып, даңқ пен мадақты Құдайға арнайды (Марқа 10:17, 18).
Шынайы кішіпейілдікті дамыту мен оны таныту
14. “Орынсыз”, яки жасанды, кішіпейілділік деген не?
14 Қолостықтарға жазған хатында елші Пауыл адамдарға әсер қалдыру ниетімен сырт көзге көрсететін кішіпейілділіктен аулақ болуды ескерткен. Мұны Пауыл “орынсыз”, яки жасанды, кішіпейілділік деп сипаттаған. Жай сырт көзге ғана кішіпейілдік танытатын адамдар рухани адамдар емес. Қайта, олар шын мәнінде ‘кеуде көтерген’ жандар екенін, өздері де аңдамай, білдіріп қояды (Қолостықтарға 2:18, 23). Иса осындай жасанды кішіпейілділіктің мысалдарына баса көңіл аударған. Ол парызшылдарды жұрт көзіне түсу ниетімен дұға еткені үшін және тұнжырап, мұңайған түрлерімен ораза ұстағандары үшін айыптаған. Ал біздің жеке дұғаларымыз Құдайдың көз алдында құнды болу үшін оларды кішіпейілділікпен айтуымыз керек (Матай 6:5, 6, 16).
15. а) Кішіпейіл болып қала беру үшін не істеуімізге болады? ә) Кішіпейілділіктің кейбір керемет үлгілері қандай?
15 Мәсіхшілерге кішіпейіл болып қала беруге Ехоба Құдай мен Иса Мәсіх көрсеткен кішіпейілділіктің үлгісін назарларынан тыс қалдырмағандары көмектеседі. Бұл үшін Киелі кітап пен оны зерттеуге арналған “адал да ақылды құлдың” беріп отырған құралдарын күнделікті оқып, зерттеу керек (Матай 24:45, ЖД). Бұл мәсіхші бақылаушыларға ‘бауырларынан өздерін жоғары санамауы үшін’ өте маңызды (Заңды қайталау 17:19, 20; Петірдің 1-хаты 5:1—3). Кішіпейіл көзқарастары үшін батаға ие болғандардың — мысалы, Руттың, Ханнаның, Елізабет пен басқа да көп адамдардың — үлгілеріне ой жіберіп көріңдер (Рут 1:16, 17; Патшалықтар 1-жазба 1:11, 20; Лұқа 1:41—43). Сонымен қатар Ехобаға қызмет етуде үнемі кішіпейіл болып қалған Дәуіт, Жосия, шомылдырушы Жақия мен елші Пауыл сияқты әйгілі адамдардың да керемет үлгілері жайлы ойланыңдар (Шежірелер 2-жазба 34:1, 2, 19, 26—28; Забур 130:1; Жохан 1:26, 27; 3:26—30; Елшілердің істері 21:20—26; Қорынттықтарға 1-хат 15:9). Ал қазір мәсіхшілер қауымынан көруге болатын кішіпейілділіктің үлгілері жайлы не деуге болады? Осындай үлгілердің үстінен ой жүгірткендері шынайы мәсіхшілерге бір-бірімен ‘арақатынастарында әрдайым кіші пейілділік танытуға’ көмектеседі (Петірдің 1-хаты 5:5).
16. Мәсіхшілердің қызметі кішіпейіл болуымызға қалай көмектеседі?
16 Мәсіхшілер қызметіне үнемі қатысқанымыз да кішіпейіл болуымызға көмектеседі. Кішіпейіл ой-қалпы үйме-үй жүргенде не басқа да жерлерден кездестірген адамдармен сөйлескенде, нәтижелі болуымызға көмектеседі. Бұл әсіресе үй иелері алғашқыда Патшалық туралы хабарға селқостық танытып, яки дөрекі жауап қатқанда көрінеді. Біздің сенімдерімізге қатысты әдетте көп сұрақтар қойылады, сондықтан да кішіпейілділік мәсіхшіге сұрақтарға үнемі “ілтипат, құрмет танытып” жауап беруге көмектеседі (Петірдің 1-хаты 3:15). Ехобаның кішіпейіл қызметшілері жаңа аймақтарға көшіп барып, мәдениеті, тұрмыс деңгейі әр түрлі адамдарға көмектесуде. Олар ізгі хабар айтып жүрген адамдарына көбірек пайдасын тигізгісі келіп, қиын тілді меңгеруде кішіпейілділік танытып жүрген болуы мүмкін. Бұлары, шынында да, мақтауға тұрарлық! (Матай 28:19, 20)
17. Мәсіхшілердің қандай жауапкершіліктері кішіпейілділікті талап етеді?
17 Кішіпейілділіктің арқасында көбісі өзгелердің мүддесін өзінікінен жоғары қоя отырып, мәсіхшілік міндеттерін атқаруда. Мысалы, мәсіхші әкеге балаларымен тиімді етіп Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуге және оған дайындалуға өз істерінен уақыт бөлу үшін кішіпейілділік қажет. Кішіпейілділік сондай-ақ балаларға кемелсіз ата-анасын құрметтеуге және оларға мойынсұнуға көмектеседі (Ефестіктерге 6:1—4). Күйеулері Ехобаға сенбейтін әйелдер ‘игілікті мінез-құлықтарымен’ оларды шындыққа әкелуге тырысқанда, кішіпейіл болуды қажет ететін жайттарға жиі кезігеді (Петірдің 1-хаты 3:1, 2). Ауру әрі жасы келіп қалған ата-анамызға қамқорлық жасағанда да, кішіпейілділік пен жанқиярлық сүйіспеншіліктің пайдасы зор (Тімотеге 1-хат 5:4).
Кішіпейілділік қиындықтарды шешуге көмектеседі
18. Кішіпейілділік қиындықтарды шешуге қалай көмектеседі?
18 Құдай қызметшілерінің бәрі де кемелсіз (Жақып 3:2). Кейде екі мәсіхшінің арасында келіспеушілік не түсінбеушілік болып қалуы мүмкін. Бірінің екіншісіне кінә тағуына келелі себебі болатын да шығар. Әдетте мұндай жағдайды мына кеңесті қолдана отырып шешуге болады: “Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [“Ехоба”, ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!” (Қолостықтарға 3:13) Әрине, бұл кеңесті қолдану оңай бола қоймайды, бірақ бұған кішіпейілділік көмектеседі.
19. Өзімізді ренжіткен адаммен сөйлескенде, нені есте ұстауымыз керек?
19 Кейде мәсіхші өзін ренжіткен жайттың ауыр болғаны сонша, оған көз жұма салу мүмкін емес деп ойлайтын шығар. Онда кішіпейілділік оған қайта татуласу мақсатымен өзін ренжітті-ау деген адамына баруға көмектеседі (Матай 18:15). Мәсіхшілердің арасындағы проблеманың ұзаққа созылып кетуінің бір себебі — олардың бірі не екеуі де өз қателіктерін мойындай қоймайтын тым көкірек болар. Я болмаса бірінші болып сөйлескен адам өзін әділсініп, оған кінә тағатын шығар. Алайда адамда шынайы кішіпейілділік болса, көптеген келіспеушілікті шешу әлдеқайда жеңіл болады.
20, 21. Кішіпейіл болу үшін көрсетілетін зор көмектің бірі қандай?
20 Кішіпейілділік дамытудағы басты қадам — Ехобадан көмек пен киелі рух сұрап дұға ету. Бірақ ‘Құдай... кіші пейілділерге рақымын [киелі рухымен қоса] шашатынын’ естен шығарма (Жақып 4:6). Егер бір бауырласпен араңда келіспеушілік болса, Ехобадан кішіпейілділікпен өз кінәңді, аз болсын, көп болсын, мойындауыңа көмектесуін сұрап дұға ет. Егер сенің жаның жараланған болса, бірақ ренжіткен адамың шын жүректен: “Мені кешірші”,— деп айтса, кішіпейілділікпен кешір. Егер бұлай ету қиын болса, кетпей тұрып алған көкіректіктен арылтуын сұрап, Ехобадан көмек ізде.
21 Кішіпейілділіктің көп пайдасы бар екенін түсінгеніміз бізді осы асыл қасиетті дамытуға және оны жоғалтып алмауға талпындыру керек. Бұған қатысты бізде Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің өте тамаша үлгісі бар! Құдайдың: “Тәңірді терең қастерлейтін кішіпейілдер Байлық, абырой, шын өмірге кенелер”,— деп сендірген сөздерін ешқашан ұмытпа (Нақыл сөздер 22:4).
Ой жүгіртуге арналған сұрақтар
• Кішіпейілділіктің ең жақсы үлгісін кім көрсетті?
• Неге кішіпейілділікті дамыту қиын?
• Кішіпейіл болуымызға не көмектеседі?
• Неге кішіпейіл болып қала беру аса маңызды?
[17-беттегі сурет]
Иса шынайы кішіпейілділік танытқан
[18-беттегі сурет]
Бұл дүние адамдарды бір-бірінен асып түсуге талпындырады
[Түпдерек]
WHO photo by L. Almasi/K. Hemzǒ
[19-беттегі сурет]
Кішіпейілділік қызметімізде кездестірген адамдармен сөйлесуге көмектеседі
[20-беттегі суреттер]
Егер кішіпейіл болсақ, келіспеушіліктерді сүйіспеншілікпен шеше аламыз.
[21-беттегі суреттер]
Мәсіхшілерге кішіпейілділік танытудың жолдары көп