Ехобаның бақытты қызметшілері
“Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты” (МАТАЙ 5:3, ЖД)
1. Нағыз бақыт деген не және оны қандай жағдайда сезінеміз?
ЕХОБАНЫҢ халқы бақытты әрі мұнысын аса жоғары бағалайды. Забур жыршысы Дәуіт: “Кімнің Құдайы Тәңір болса, сол халық бақытты!” — деп жар салған (Забур 143:15). Бақыт — адамның толық қанағаттанушылығы, зор қуаныш, шаттық. Жан дүниемізге терең бойлайтын нағыз бақыт — Ехобаның бізге батасын беріп жатқанын түсінгенімізден келеді (Нақыл сөздер 10:22). Мұндай бақытты көктегі Әкемізбен тығыз қарым-қатынаста болып, әрі оның еркін орындағанда сезінеміз (Забур 111:1; 118:1, 2). Иса бақытты болудың тоғыз себебін келтірген. Соларды осы және келесі мақалада қарастыра отырып, егер ‘бақытты Құдайға’ адал қызмет етер болсақ, қаншалықты бақытты бола алатынымызды түсінеміз (1 Тімотеге 1:11, ЖД).
Рухани мұқтаждықтарымызды мойындау
2. Иса бақыт туралы қашан айтты және оның алғы сөздері қандай еді?
2 Б. з. 31 жылы Иса тарих бойындағы ең әйгілі уағызын айтты. Ол Таудағы уағыз деп аталады, себебі Иса оны Ғалилея теңізінің үстінен көтеріліп тұрған тау етегінде отырып айтқан. Матай жазған Ізгі хабарда былай делінген: “Жиналған халықты көргенде Иса тауға көтеріліп, бір жерге жайғасып отырды. Сол кезде шәкірттері қасына келді. Иса оларға былай деп тәлім берді: — Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты, өйткені аспан патшалығы солардікі” (Матай 5:1, 2, 3, ЖД). Сөзбе-сөз аударғанда, Исаның алғы сөздері былай оқылады: “Рухы кедейлер бақытты” немесе “Рухқа жарлылар бақытты” (“Патшалықтың жолма-жол аудармасы”; “Жаңа дүние аудармасының” сілтемесін қараңдар). Басқа бір аудармада былай делінген: “Рухани кедейлігін мойындағандар бақытты” (Today’s English Version).
3. Кішіпейіл рух біздің бақытты болуымызға қалай ықпал етеді?
3 Таудың етегінде отырып айтқан уағызында Иса өзінің рухани мұқтаждығын мойындайтын адамның әлдеқайда бақытты болатынына назар аударды. Кішіпейіл мәсіхшілер өздерінің күнәкар күйлерін толық мойындап, Ехобадан Мәсіхтің төлем құрбандығын негіз ете отырып, жалынып кешірім сұрайды (1 Жохан 1:9). Осылай олар жан тыныштығын сезініп, нағыз бақытқа бөленеді. “Әділетсіз істері кешірілген, барлық күнәларынан ақталған әркім қандай бақытты!” (Забур 31:1; 118:165).
4. а) Өзіміздің де, өзгелердің де рухани мұқтаждықтарын мойындайтынымызды қалайша көрсетеміз? ә) Қалай бақытымыз бұрынғыдан да арта түседі?
4 Рухани мұқтаждықтарымызды мойындағанымыз Киелі кітапты күнделікті оқуға, “адал да ақылды құлдың” ‘уақтылы беріп’ отырған рухани ас-суынан тойынып ішіп-жеуге, мәсіхшілердің кездесулеріне үнемі барып тұруға талпындырады (Матай 24:45, ЖД; Забур 1:1, 2; 118:111; Еврейлерге 10:25). Маңайымыздағыларға деген сүйіспеншілік өзгелердің де рухани қажеттіліктері жөнінде ойландырып, Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздау мен тәлім беру ісінде құлшыныс танытуға жігерлендіреді (Марқа 13:10; Римдіктерге 1:14—16). Киелі кітап шындықтарын өзгелермен бөліскеніміз бізді бақытты етеді (Елшілердің істері 20:20, 35). Ал Патшалық туралы керемет үмітіміз бен оның әкелетін баталары туралы ой жүгіртсек, бақытымыз бұрынғыдан да арта түседі. Майланған мәсіхшілердің ‘кішкентай қорасы’ үшін бұл үміт көктегі өлмес өмірге ие болуды, сондай-ақ Мәсіхпен бірге билік ететіндерін білдіреді (Лұқа 12:32, сілтемені қараңдар; 1 Қорынттықтарға 15:50, 54). Ал ‘басқа қойлардың’ үміті — сол Патшалық басқаратын жұмақ орнаған жерде мәңгі өмір сүру (Жохан 10:16; Забур 36:11; Матай 25:34, 46).
Қайғырғандар бақытты
5. а) “Қайғырғандар бақытты” деген нені білдіреді? ә) Қайғырған жандар қалай жұбаныш алады?
5 Исаның бақытқа қатысты айтқан келесі сөздерінде қайшылық бар сияқты көрінеді. Ол: “Күнәларына өкініп қайғырғандар бақытты: Құдай оларды жұбататын болады!” — деді (Матай 5:4). Қалайша адам қайғырып тұрып, бақытты бола алады? Исаның сөздерінің мағынасын түсіну үшін оның қандай қайғы туралы айтып тұрғанын ескеруіміз керек. Шәкірт Жақып күнәкар күйіміз қайғыруымызға себеп болу керектігін түсіндіреді. Ол: “Күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Екі ойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар! Өкініп, зар еңіреп жылаңдар, күлкілерің қайғыға, қуаныштарың қасіретке айналсын! Жаратқан Иенің алдында бой ұсыныңдар, сонда Ол сендерді жоғарылатпақ”,— деп жазды (Жақып 4:8—10). Өздерінің күнәкарлығына шынымен қайғыратындар Мәсіхтің төлем құрбандығына сеніп және Ехобаның еркін орындау арқылы өздерінің шын жүректен өкінетіндерін көрсетер болса, күнәлары кешірілуі мүмкін екенін білгеннен жұбаныш алады (Жохан 3:16; 2 Қорынттықтарға 7:9, 10). Олар осылайша Ехобамен құнды қарым-қатынаста бола алады, әрі оған қызмет ете отырып және мадақтай отырып мәңгі өмір сүру үмітіне ие болады. Ал бұл оларды нағыз бақытқа кенелтеді (Римдіктерге 4:7, 8).
6. Не үшін кейбіреулер қайғырады және олар қалай жұбаныш алады?
6 Исаның сөздері жер бетінде кең етек жайған жан түршігерлік жағдайлардың салдарынан қайғырып жүргендерді де қамтиды. Ол Ишая 61:1, 2-тармақтағы: ‘Маған Жаратушы Тәңір Ие Өзінің Рухын қондырды. Мені жарлыларға ізгі хабар жеткізіп, жаралы жүректерді жұбатып орнықтыруға тағайындап, қайғырып жүргендердің бәрін жұбатуға да жіберді’,— деген пайғамбарлық сөздерді өзіне қатысты қолданды. Бұл тапсырма сондай-ақ жер бетіндегі майланған мәсіхшілерге де қатысты. Мұны олар өз серіктестерінің, “басқа қойлардың”, көмегімен атқаруда. Олардың бәрі де бейнелеп айтқанда ‘оның [христиан әлемін сипаттайтын жолдан тайған Иерусалимнің] қақ ортасында болып жатқан барлық сорақылықтарға жаны күйзеліп, қасірет шеккендердің маңдайына белгі қою’ ісіне атсалысуда (Езекиел 9:4). Осындай қасірет шеккендер ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабардан’ жұбаныш алады (Матай 24:14). Олар жақында Шайтанның зұлым дүниесі Ехобаның әділ жаңа дүниесімен алмасатынын білгенде, бақытқа кенеледі.
Момындар бақытты
7. “Момындар” деген сөз нені білдірмейді?
7 Иса Таудағы уағызын мынадай сөздермен жалғастырды: “Кіші пейілділер [“момындар”, ЖД] бақытты: Олар жерді иемденетін болады!” (Матай 5:5). Момындықты кейде мінездің әлсіздігі деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес. “Момындық” деп аударылатын сөздің мағынасын түсіндіре отырып, Киелі кітапты зерттеуші бір ғалым былай деп жазды: “[Момын] адамның бойындағы ең басты ерекшелік — оның өте ұстамды болуы. Момындық — жігерсіздік, сезімге берілгіштік не орынсыз селқос қалу емес. Ол — тізгінделіп отыратын күш”. Иса өзі туралы: “Жуас [“момын”, ЖД], кіші пейілмін шын жүректен”,— деген (Матай 11:29). Десе де, әділ принциптерді қорғағанда ол батыл болған (Матай 21:12, 13; 23:13—33).
8. Момындық немен тығыз байланысты және өзгелермен қарым-қатынасымызда неге бұл қасиет қажет?
8 Осылайша, момындық ұстамдылықпен тығыз байланысты. Расында да, елші Пауыл киелі рухтың игілікті жемісі жайлы сипаттағанда, “момындық” пен ‘ұстамдылықты’ қатар қойған (Ғалаттықтарға 5:22, 23, ЖД). Момындықты киелі рухтың көмегімен дамыту керек. Бұл — басқалармен және қауымдағылармен тату болуға ықпал ететін мәсіхшіге тән қасиет. Пауыл: “Ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты [“момын”, ЖД], сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленің дер! Өзара төзімді... кешірімді болыңдар”,— деп жазды (Қолостықтарға 3:12, 13).
9. а) Неге момындық адамдармен қарым-қатынасымызда ғана танылмайды? ә) Момындар қалай ‘жерді иемденеді’?
9 Алайда момындық тек адамдармен қарым-қатынасымызда ғана танылмайды. Ехобаның билігіне дайындықпен мойынсұну арқылы да момын екенімізді көрсетеміз. Бұған қатысты керемет үлгіні Иса Мәсіх қалдырған. Ол жерде болғанында момындық танытып, Әкесінің еркіне толық мойынсұнған (Жохан 5:19, 30). Жердің Билеушісі болып тағайындалғандықтан, оны ешкім де Исадай иелік етпейді (Забур 2:6—8; Даниял 7:13, 14). Ол бұл мұраны ‘жер бетіне билік жүргізу’ үшін “адамзат арасынан” таңдалған 144 000 ‘еншілесімен’ бөліседі (Римдіктерге 8:17, сілтемені қараңдар; Аян 5:9, 10; 14:1, 3, 4; Даниял 7:27). Мәсіх және онымен бірге билік етушілер Забурдегі: “Ал момындар жерді мұра етіп, бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады”,— деген пайғамбарлықтың керемет түрде орындалуын көретін миллиондаған қой тәріздес ерлер мен әйелдерге басшылық ететін болады (Забур 36:11; Матай 25:33, 34, 46).
Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты
10. “Әділдікті аңсап зарыққандар” қалай ‘қанағат таба’ алады?
10 Исаның Ғалилеядағы тау етегінде бақытты болудың себебі туралы айтқан келесі сөздері мынадай еді: “Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты: Олар қанағат табатын болады!” (Матай 5:6). Мәсіхшілер үшін әділдік нормаларын орнататын Ехоба. Сондықтан әділдікті аңсап зарыққандар, шын мәнісінде, Құдайдың басшылығын аңсап зарығады. Мұндай жандар өздерінің күнәлары мен кемелсіздіктерін терең түсінеді және Құдайға ұнамды болуды қатты аңсайды. Егер өкініш білдіріп, Мәсіхтің төлем құрбандығының негізінде кешірім сұрар болса, Құдайдың алдында әділ болып санала алатындарын Құдай Сөзінен білгенде олар өздерін қаншалықты бақытты сезінеді десеңші! (Елшілердің істері 2:38; 10:43; 13:38, 39; Римдіктерге 5:19).
11, 12. а) Майланған мәсіхшілер әділдікке қалай жетеді? ә) Майланғандардың әділдікті аңсаған серіктестері қалай қанағаттандырылады?
11 Иса мұндай адамдардың ‘қанағат табатындықтан’ бақытты бола алатынын айтқан. Мәсіхпен бірге көкте ‘билік құруға’ шақырылған майланған мәсіхшілер “өмір сүру үшін әділ” деп жарияланады (Римдіктерге 5:1, 9, 16, 17, 18, ЖД). Ехоба оларды рухани балалары етіп, Әкелері болады. Олар Мәсіхпен бірге еншілес болып, оның Патшалық үкіметінде билік етушілер мен діни қызметкерлер болады (Жохан 3:3; 1 Петір 2:9).
12 Әзірге майланғандардың серіктестері өмір сүру үшін әділ деп жарияланған жоқ. Әйтсе де, Мәсіхтің төгілген қанына деген сенімдері арқылы Ехоба оларды қандай да бір шамада әділ деп есептейді (Жақып 2:22—25; Аян 7:9, 10). Олар Ехобаның достары ретінде әділ болып саналады және “ауыр азап” кезінде құтқарылады (Аян 7:14, сілтемені қараңдар). Олардың әділдікті аңсауы ‘жаңа аспанның’ билігіндегі “әділдік орнаған” жаңа жердің бөлігі болғанда одан сайын қанағаттандырылады (2 Петір 3:13; Забур 36:29).
Мейірімділер бақытты
13, 14. Мейірімді екенімізді қалайша іс жүзінде көрсетуіміз керек және мұның өзімізге қандай пайдасы бар?
13 Таудағы уағызын жалғастырып Иса былай деді: “Мейірімділер бақытты: Құдайдың мейірімі соларға түседі!” (Матай 5:7). Заң тұрғысынан алғанда, мейірімділікті әдетте кешірімге — қылмыскерді заң бойынша қарастырылған жазадан босатуға не оның жазасын жеңілдетуге — қатысты қолданады. Алайда Киелі кітапта “мейірімділік” деп аударылатын сөздер көбінше жаны ашығандықтан не аяғаннан жәбір көргендерге көмектесуге дайын болуға нұсқайды. Осылайша, мейірімділер жанашыр екендерін іс жүзінде көрсетеді. Исаның астарлы әңгімесіндегі самариялық кісі мұқтаж адамға қайырымдылық, немесе мейірімділік, көрсетудің керемет үлгісі болып табылады (Лұқа 10:29—37).
14 Мейірімді болудан өзімізді бақытты сезінуіміз үшін мұқтаждарға қайырымды істер жасауымыз қажет (Ғалаттықтарға 6:10). Иса көрген адамдарына жанашырлық танытқан. Бірде ол “жиналған үлкен тобырды көріп, жаны ашыды. Себебі олар бағушысы жоқ қойлар сияқты еді. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді” (Марқа 6:34). Иса адамдардың бәрінен бұрын рухани көмекке мұқтаж екендіктерін түсінген. Біз де өзгелермен олардың аса мұқтаж болып отырған нәрсесі — ‘Патшалық туралы Ізгі хабарды’ бөлісу арқылы жанашырлық пен мейірімділік көрсете аламыз (Матай 24:14). Сонымен қатар егде жастағы бауырластарға, жетім-жесірлерге іс жүзінде көмектесіп, ‘жаны күйзелгендерді жұбата’ аламыз (1 Салониқалықтарға 5:14, ЖД; Нақыл сөздер 12:25; Жақып 1:27). Бұл бізді тек бақытты етіп қоймайды, Ехобаның мейірімін де түсіреді (Елшілердің істері 20:35; Жақып 2:13).
Жүректері пәк тазалар мен татуластырушылар
15. Қалай пәк жүректі әрі татуластырушы бола аламыз?
15 Иса бақытты болудың алтыншы және жетінші себептері туралы келесі сөздерді айтты: “Жүректері пәк тазалар бақытты: олар Құдайды көретін болады! Татуластырушылар бақытты: олар Құдайдың рухани балалары деп аталмақ!” (Матай 5:8, 9). Пәк жүрек — тек құлықтылық жағынан емес, рухани жағынан да таза әрі Ехобаға шексіз берілген болады (Аян 2:23; Забур 85:11). Татуластырушылар мәсіхші бауырластарымен, сондай-ақ, қолдарынан келгенше, маңайындағыларымен тату болады (Римдіктерге 12:17—21). Олар ‘тыныштыққа ұмтылып, орната бермек татулық’ (1 Петір 3:11).
16, 17. а) Майланғандар неге “Құдайдың рухани балалары” деп аталады және олар қалай ‘Құдайды көреді’? ә) “Басқа қойлар” қалай ‘Құдайды көреді’? б) Қалай және қашан “басқа қойлар” толық мағынада “Құдайдың рухани балалары” болады?
16 Пәк жүректілерге, татуластырушыларға берілетін уәде — олар “Құдайдың рухани балалары деп аталады” және “Құдайды көретін болады”. Әлі жер бетінде болғандарында, рухтан туылған майланған мәсіхшілерді Ехоба “рухани балалары” етеді (Римдіктерге 8:14—17). Көкте Мәсіхпен бірге болу үшін қайта тірілгенде, олар Ехобаның алдында қызмет етіп, оны тура мағынада көреді (1 Жохан 3:1, 2; Аян 4:9—11).
17 Татуластырушы “басқа қойлар” ‘Мәңгілік Әкелері’ болып табылатын Ізгі Бағушы Иса Мәсіхтің басшылығымен Ехобаға қызмет етуде (Жохан 10:14, 16; Ишая 9:6). Мәсіхтің Мыңжылдық билігінің соңында болатын ақырғы сынақтан өткендер Ехобаның жердегі балалары болып және “Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді” (Римдіктерге 8:21; Аян 20:7, 9). Осыны күте отырып, олар Ехобаны Әкеміз дейді, өйткені оның Өмір беруші екенін мойындап, өмірлерін соған бағыштаған (Ишая 64:8). Ертедегі Әйүп пен Мұса сияқты, олар сенім көзімен ‘Құдайды көре’ алады (Әйүп 42:5; Еврейлерге 11:27). ‘Көкіректеріндегі’ көздерімен және Құдай жайлы тура білім алуымен олар Ехобаның кереметтей қасиеттерін байқап, түсінеді әрі еркін орындай отырып, оған еліктеуге тырысады (Ефестіктерге 1:18; Римдіктерге 1:19, 20; 3 Жохан 11).
18. Исаның бақыт жайлы айтқан жеті себебін ескерер болсақ, бүгінде кімдер нағыз бақытқа кенеледі?
18 Біз рухани мұқтаждықтарын мойындайтындардың, қайғырғандардың, момындар мен әділдікті аңсап зарыққандардың, мейірімділердің, жүректері пәк тазалар мен татуластырушылардың Ехобаға қызмет ете отырып, нағыз бақытқа кенелетінін көрдік. Алайда мұндайлар барлық уақытта қарсылықтарға, тіпті қудалауларға, кезігіп жатады. Бұл оларды бақытынан айыра ма? Келесі мақалада осы сұрақ қарастырылады.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар қай жағынан бақытты?
• Қалайша қайғырғандар жұбаныш алады?
• Момындықты қалай көрсетеміз?
• Не үшін мейірімді, пәк жүректі және татуластырушы болуымыз керек?
[23-беттегі сурет]
“Рухани мұқтаждықтарын мойындайтындар бақытты”
[23-беттегі суретер]
“Әділдікті аңсап зарыққандар бақытты”
[23-беттегі сурет]
“Мейірімділер бақытты”