Бізді сүйіспеншілік біріктіреді. Жыл сайынғы кездесу
ЕКІ МЫҢ ТОҒЫЗЫНШЫ жылдың 3 қазанында Джерси қаласындағы (Нью-Джерси штаты, АҚШ) Ехоба куәгерлерінің Конгресс сарайының іші қуанышқа толды. Бұл күні Пенсильваниядағы Күзет Мұнарасы, Киелі кітап және Трактаттар Қоғамының жыл сайынғы кездесуі 125-ші рет өткізілген еді. Бұл кездесуге 5 000-нан астам адам келді. Ал бағдарламаны электроникалық құралдардың көмегімен Құрама Штаттардағы үш Бетел комплексіндегі және Канада Бетеліндегі мыңдаған бауырлас тыңдады. Жалпы алғанда, осы үш сағаттық бағдарламаны Құдайға деген сүйіспеншіліктері бастарын біріктіріп отырған 13 235 адам тыңдай алды.
Жиналыстың төрағасы Басқарушы кеңестің мүшесі Джеффри Джексон бауырлас болды. Бағдарламаның басында бетелдіктерден құрылған хор жаңа ән кітабындағы әндерді шырқады. Басқарушы кеңестің тағы бір мүшесі Дэйвид Сплэйн хордың жетекшісі болды әрі әндердің таза ғибадаттағы атқаратын маңызды рөлін қысқаша қарастырып өтті. Содан соң тыңдаушылар жаңа ән кітабынан үш әнді бірге айтуға шақырылды; бұл әндерді алдымен хор, сосын, хор мен тыңдаушылар бірігіп шырқады. Хор тек осы арнайы жиналыс үшін құрылды. Сондықтан қауым кездесулері мен конгрестерде бұлай етудің қажеті жоқ.
Филиалдардан келген жаңалықтар
Бес филиалдың комитет мүшелері аумақтарындағы қызмет барысы жайында есеп берді. Кеннет Литл жақын уақытта Құрама Штаттар мен Канадаға арналған журналдар Канада филиалында шығарылатынын айтып өтті. Бұл дегеніміз ондағы баспахананың өнімі он есеге артатынын білдіреді. Ол үшін жақында сатып алынған баспа машинасы тәулігіне 16 сағат жұмыс істейтін болады.
Рейнер Томпсон Доминика Республикасындағы Патшалық ісі жайында есеп берді, ал Альберт Оли Нигериядағы қызмет жайлы баяндады. Мозамбиктен келген Эмиль Критцингер бұл елде бауырластарымыз ондаған жылдар бойы қуғын-сүргін көргенін, ал 1992 жылы біздің ұйым ресми тіркеуден өткенін айтты. Осы үш елде жариялаушылар санында үлкен өсім болды. Ал Виф Мориц бауырлас Австралия филиалына қарайтын Шығыс Тиморда Патшалық ісі қалай өркендеп жатқанын айтып берді.
Басқарушы кеңестің комитеттері
1976 жылдан бастап Ехоба куәгерлерінің дүниежүзілік қауымына басшылық ететін Басқарушы кеңестің алты комитеті құрылды. Кейінірек комитет көмекшілері болып басқа қойларға жататын бауырластар тағайындала бастады. Қазір олардың саны 23-ке жетті. Жалпы алғанда, 341 жыл толық уақытты қызмет атқарған сол бауырластардан сұхбат алынды.
Бетелдегі қызметін 1943 жылы бастаған Дон Адамс бауырлас түсіндіргендей, Үйлестірушілер комитеті өзге бес комитеттің үйлестірушілерінен тұрады және осының арқасында бұл комитеттер бір-бірімен жақсы қызметтеседі. Үйлестірушілер комитеті төтенше жағдайға, табиғи апатқа, қуғын-сүргінге ұшыраған және істері сотта қарастырылып жатқан Ехоба куәгерлеріне көмек көрсету шараларымен айналысады.
Ден Молчан дүниежүзіндегі 19 851 бетелдіктің рухани және тәндік қамын ойлайтын Кадрлар жөніндегі комитеттің қызметі жайлы баяндады. Дейвид Синклер Баспа комитетінің филиалдарға қажетті құрал-жабдықтардың сатып алынуын қалай қадағалайтынын түсіндіріп берді. Содан соң Бетелде қызмет еткеніне 60 жылдай болған Роберт Уоллен Қызмет комитеті Құдай халқының қауымдағы және танаптағы қызметіне қалай басшылық ететіні жайлы айтты. Уильям Маленфант Білім беру комитетіндегі бауырластардың конгресс бағдарламаларын дайындаудағы ауыр еңбектерін айтып берді. Ал соңында Джон Уисчук Жазушылар комитетінің басылымдарымыздың мұқият дайындалуын қадағалайтыны жайлы баяндама айттыa.
2010 жылғы мәтін сүйіспеншілік танытуға шақырады
Келесі үш баяндаманы Басқарушы кеңестің мүшелері айтты. Геррит Лёш баяндамасын “Өзгелер сені жақсы көргенін қалайсың ба?” деген сұрақпен бастады. Оның айтуынша, сүйіспеншілікті сезіну адам баласының басты қажеттілігі әрі оны сезінгенде бәріміз де гүл-гүл жайнап кетеміз. Біз сүйіспеншіліктің арқасында пайда болдық, өйткені Ехобаны бізді жаратуға талпындырған оның риясыз сүйіспеншілігі болатын. Біз де Ехобаны сүйгендіктен уағыздау мен тәлім беру ісіне атсалысамыз.
Принципке негізделген сүйіспеншілікті ‘маңайымыздағыларға’ ғана емес, жауларымызға да танытуымыз қажет (Мат. 5:43—45). Баяндамашы Исаның адамзат үшін азап шеккеніне назар аударды: оған дүре соқты, келеке-мазақ етті, бетіне түкірді және найзамен түйреді. Осыған қарамастан ол өзін бөренеге шегелеген сарбаздар үшін Құдайға сиынды. Бұл жайт Исаға деген сүйіспеншілігімізді жалындата түспей ме?! Лёш бауырлас 2010 жылдық мәтінді жария етті: “Сүйіспеншілік бәріне де шыдайды. Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” (Қорынттықтарға 1-хат 13:7, 8). Иә, бізді жай мәңгі өмір емес, сүйіспеншілік жайлаған жердегі мәңгі өмір күтіп тұр.
“Жанармайың” таусылып қалған жоқ па?
Сэмюэл Херд баяндамасын көрнекі мысалмен бастады. Досың 50 шақырым қашықтықта жатқан жерге көлігімен барып қайтуға шақырды делік. Көлік қозғала бере, сен жанармайдың таусыла бастағанын байқап, бұны досыңа ескертесің. Ал ол саған бакта әлі төрт литрдей жанармайдың бар екенін айтып, уайымдамауға шақырады. Алайда көп ұзамай машинаның жанармайы таусылады. Жанармайдың таусыла бастағанын біле тұра жолға шығу ақылға жата ма? Алдымен жанармай құйып алу жөн болмай ма? Сол сияқты, Ехоба туралы білімімізді әрдайым толықтырып отыруымыз қаншалықты маңызды десеңші!
Мұның төрт жолы бар. Біріншісі, Киелі кітапты күнделікті әрі мұқият оқу. Екіншісі, отбасылық ғибадатты тиімді түрде өткізу. Біз азғана рухани жанармайды қанағат тұтып жүре береміз бе, әлде апта сайын “жанармайды” толтырып тұрамыз ба? Үшіншісі, қауым кездесулеріне қатысу. Төртіншісі, тыныш жерде Ехобаның жолдары туралы мұқият ой жүгірту. Забур 142:5-те былай делінген: “Ежелгі кереметтеріңнің барлығын Еске алып, ойланып-толғанамын, Қолыңның істерін ақылға саламын”.
Әділдер күн сәулесіндей жарқырайтын болады
Соңғы баяндамада Джон Барр Исаның бидай мен бидайық туралы астарлы әңгімесін түсіндірді (Мат. 13:24—30, 38, 43). Онда “Құдай Патшалығының адамдары” жиналатын, ал бидайық отқа тасталатын ‘орақ кезі’ туралы айтылған.
Барр бауырлас бұл орақ кезі мәңгі бақи жалғаспайтынын айтып, Матай 24:34-ті келтірді. Онда “осы ұрпақ өлмей тұрып-ақ, мұның бәрі іске асады” делінген. Сосын, ол келесі түсіндірмені екі қайтара оқыды: “Исаның “осы ұрпақ” туралы айтқанын қалай түсінуіміз керек? Ол 1914 жылы белгінің көріне бастағанының куәсі болған майланғандардың өмірі мен ауыр азаптың басталғанын көретін майланғандардың өмірі ұштасатынын айтқысы келсе керек”. Біз “осы ұрпақтың” қанша өмір сүретінін тура білмегенімізбен, оған өмірі ұштасатын осы екі топ жататынын білеміз. Майланғандар әртүрлі жаста болғанымен, екі топтың адамдары да соңғы күндердің қандай да бір бөлігінде өмір сүреді. 1914 жылы белгіні көре білген майланғандардың замандастары болып табылатын майланғандар ауыр азап басталғанша бізбен бірге болатынын білгеніміз қаншалықты жұбаныш береді десеңші!
“Құдай Патшалығының адамдары” көкке баратын кездерін асыға күтуде, алайда бәріміз де адалдық сақтап, ақырына дейін күн сәулесіндей жарқырауымыз қажет. “Бидай” жиналып жатқан уақытта өмір сүру біз үшін қандай мәртебе десеңші!
Бағдарламаның соңында ән айтылды да, Басқарушы кеңестің мүшесі Теодор Ярач соңғы дұғаны айтты. Жыл сайынғы кездесу тыңдаушылардың бәрін бір сергітіп тастады.
[Сілтеме]
a Басқарушы кеңестің алты комитетінің қызметі туралы мәліметті “Күзет мұнарасынан” қарауға болады (2008 жыл, 15 мамыр, 29-бет).
[5-беттегі қоршау]
АҚСАҚАЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕКТЕП
Жыл сайынғы кездесуде Басқарушы кеңестің мүшесі Энтони Моррис қауым ақсақалдарына арналған жаңа мектеп басталатынын хабарлады. Бұл мектеп Құрама Штаттарда 2008 жылы, Паттерсондағы (Нью-Йорк) білім беру орталығында құрылды. Жақында мектептің 72-сыныбы аяқталды. Жалпы алғанда, бұл мектепте 6 720 ақсақал білім алып шықты. Алайда Құрама Штаттардың өзінде 86 000 ақсақал бар. Сондықтан Басқарушы кеңес бұл мектептің 2009 жылдың 7 желтоқсанынан бастап Бруклинде де (Нью-Йорк) өтуін мақұлдады.
Екі айдың ішінде Паттерсонда төрт аралаушы бақылаушы тәлім беруді үйренеді. Сосын, олар Бруклинде тәлім береді және тағы төрт бауырласты дайындайды. Соңғы төртеуі Бруклинде ақсақалдарға білім беруді жалғастыра береді, ал алғашқы төртеуі Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайларында сабақ жүргізетін болады. Тәлім беретін бауырластардың саны 12-ге жеткенде, Құрама Штаттарда апта сайын ағылшын тілінде алты мектеп жүргізіліп тұрады. Содан соң төрт бауырлас испан тілінде сөйлейтін ақсақалдарға тәлім беруді үйренеді. Бұл мектеп Патшалық қызмет мектебін алмастырмайды; оның мақсаты ақсақалдарға алға басуға көмектесу. Дүниежүзіндегі филиалдар бұл мектепті 2011 қызмет жылынан бастап Конгресс сарайлары мен Патшалық сарайларында өткізілуіне шара қолданады.
[4-беттегі суреттер]
Жыл сайынғы кездесу “Ехобаға ән шырқайық” деп аталатын жаңа ән кітабынан алынған әндерді шырқаумен басталды