Сен үшін өміріңдегі ең басты тұлға кім?
“Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың!” (АЯН 4:11).
1 Неге құтқарылу үшін Ехобаның есімін біліп қана қою жеткіліксіз?
ҚҰДАЙДЫҢ есімі Ехоба екенін алғаш рет естігенде, сен таң-тамаша болған шығарсың. Содан бері өзгелерді сүйіспеншілікке толы Құдайымыз Ехобамен таныстырып жүрген боларсың (Рим. 10:12, 13). Әрине, Ехобаның есімін білу маңызды, сөйтсе де оның есімін біліп қана қою жеткіліксіз. Аян 4:11-де: “Құдіретті Құдайымыз Ехоба, сен даңқ пен құрметке лайықсың! Өйткені бәрін жаратқан — өзіңсің, бәрі де сенің еркіңмен бар болды әрі жаратылды”,— делінген. Жаратушы болғандықтан оның барлық жаратылыстардан өзіне бағынуды талап етуге құқы бар. Иә, Ехоба — бүкіл әлемдегі ең басты Тұлға! Осыны ескерер болсақ, өзімізден: “Менің өмірімдегі ең басты тұлға кім?”— деп сұрағанымыз орынды. Бұл сұраққа қалай жауап беретінімізді әрқайсымыздың салмақтап-саралағанымыз аса маңызды!
Едем бағында көтерілген дау
2, 3. Шайтан Хауа ананы қалай алдады және мұның нәтижесі қандай болды?
2 Бұл сұрақтың қаншалықты маңызды екені Едем бағында болған оқиғадан анық көрінеді. Кейінірек Шайтан Ібіліс деген атпен танымал болған бүлікші періште сол жерде алғашқы әйел Хауа ананы өз қалауын Ехобаның белгілі бір ағаштың жемісін жемеуге қатысты берген бұйрығынан артық көруге азғырды (Жар. 2:17; Қор. 2-х. 11:3). Хауа ана бұған елігіп, Ехобаның бүкіләлемдік билігін құрметтемейтінін көрсетті. Ол Ехобаны өміріндегі ең басты Тұлға деп мойындамады. Бірақ Шайтан оны қалай алдады?
3 Шайтан онымен сөйлескенде, бірнеше зымиян тәсілді қолданды (Жаратылыс 3:1—5 оқы). Біріншіден, ол Ехобаның есімін қолданбай, жай ғана “Құдай” деген. Ал Жаратылыс кітабының жазушысы түпнұсқада осы тараудың алғашқы тармағында Құдай есімін қолданған. Екіншіден, Шайтан “бұйрық” деген сөзді қолданбай, Құдай “айтты ма?” дей салды (Жар. 2:16). Осылайша зымияндықпен Құдайдың бұйрығы онша маңызды емес дегенге сайды. Үшіншіден, ол Хауа анамен ғана сөйлесіп тұрғанымен, “сендер” деп көпше түрде сөйледі. Бұлай етуімен Хауа ананың өркөкіректігін оятуға тырысып, оны күйеуі екеуінің атынан сөйлей алатын маңызды адамдай сезіндіргісі келді. Мұның нәтижесі қандай болды? Ол, расында да, сондай ойға келсе керек. Бұл оның жыланға айтқан: “Жоқ, бізге бақтағы ағаштардың жемісін жеуге болады”,— деген сөздерінен көрінеді.
4. а) Шайтан Хауа ананың назарын не нәрсеге аударды? ә) Хауа ананың тыйым салынған ағаштың жемісін жегені нені көрсетті?
4 Сонымен қатар Шайтан шындықты бұрмалаған. Ол Адам ата мен Хауа анадан Құдай “бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеуді” талап етіп, әділетсіздік жасады дегенге меңзеді. Сосын, Хауа ананы өзі туралы ойлауға және “Құдай сияқты болса” өмірінің қалай жақсаруы мүмкін екеніне көңіл бөлуге талпындырды. Осылайша дегеніне жетіп, Хауа ананың назарын өзіне бәрін берген Құдаймен қарым-қатынасына емес, әлгі ағаш пен оның жемісіне аударды (Жаратылыс 3:6 оқы). Өкінішке орай, сол ағаштың жемісін жеуімен Хауа ана Ехобаның өз өміріңдегі ең басты Тұлға емес екенін көрсетті.
Әйүптің заманында көтерілген дау
5. Шайтан Әйүптің мінсіздігіне қатысты қалай дау көтерді және осы орайда Әйүпке қандай мүмкіндік берілді?
5 Ғасырлар өте адал кісі Әйүп үшін өз өміріндегі ең басты Тұлға кім екенін көрсетудің мүмкіндігі туды. Ехоба Шайтанға Әйүптің мінсіздігі туралы айтқанда, ол: “[Әйүп] тегіннен-тегін Құдайдан қорқатын ба еді?”— деп қарсылық білдірді (Әйүп 1:7—10). Шайтан Әйүптің Құдайға мойынсұнатынын жоққа шығарған жоқ, оның ниетіне қатысты дауласты. Оның сөздері Әйүп Ехобаға оны жақсы көргендіктен емес, қара басын ойлағандықтан қызмет етеді дегенге сайды. Бұл жаланың дұрыс-бұрыстығын тек Әйүп қана дәлелдей алар еді, әрі оған сондай мүмкіндік берілді де.
6, 7. Әйүпке қандай қиындықтарды бастан кешіруге тура келді және соның бәріне адалдығын сақтай отырып төзуімен ол нені көрсетті?
6 Ехоба Шайтанның Әйүпті үсті-үстіне қиындықтарға ұшыратуына жол берді (Әйүп 1:12—19). Басына түскен қиындықтарды Әйүп қалай қабылдады? Бұл жайында: “[Әйүп] күнә жасаған жоқ, сөйтіп Құдай туралы парықсыз ештеңе айтпады”,— делінген (Әйүп 1:22). Бірақ Шайтан дауласуын қоймай: “Адам теріге тері, ал өмірі үшін өзінде бардың бәрін береді”a,— деді (Әйүп 2:4). Шайтанның айтуынша, Әйүптің басына қайғы-қасірет түссе, ол Ехобаны өміріңдегі ең басты Тұлға деп есептеуден қалады.
7 Әйүп жеркенішті ауруға ұшырап, денесі жарадан қап-қара, ойық-ойық болып кетеді. Сосын, әйелі оған Құдайды қарғап өле салғаны артық екенін айтады. Бұдан кейін жұбатуға келген үш доссымағы бұрыс әрекеттер жасадың деп айыптайды (Әйүп 2:11—13; 8:2—6; 22:2, 3). Алайда осы қиындықтардың барлығына қарамастан, Әйүп мінсіздігінен таймады (Әйүп 2:9, 10 оқыb). Осының бәріне адалдығын сақтай отырып төзуімен ол Ехобаның өз өміріндегі ең басты Тұлға екенін көрсетті. Сондай-ақ кемелсіз адамның, толық дәрежеде болмаса да, Ібілістің жалған айыбын жоққа шығара алатынын паш етті (Нақыл сөздер 27:11 салыстыр).
Кемелді адам Исаның жауабы
8. а) Қалай Шайтан Исаны қара басының қамын ойлауға азғырды? ә) Иса не істеді?
8 Иса шомылдыру рәсімінен өткен соң, көп ұзамай Шайтан оны азғыруға тырысты. Оның мақсаты Исаны қара басын қамын ойлауға итермелеп, Ехобаны өміріндегі ең басты Тұлға ретінде санауды доғарту еді. Ібіліс оны үш рет сынады. Біріншіден, ол Исаны тасты нанға айналдыруға азғырып, оның тәндік мұқтаждығын пайдаланғысы келді (Мат. 4:2, 3). 40 күн бойы ораза тұтқан Иса әбден ашыққан еді. Сондықтан Ібіліс оны керемет жасайтын күшін теріс қолдануға итермеледі. Ал Иса не істеді? Ол Хауа ана сияқты әрекет еткен жоқ, қайта, назарын Ехобаның Сөзіне аударып, Шайтанның ұсынысынан бірден бас тартты (Матай 4:4 оқы).
9. Неге Шайтан Исаға ғибадатхананы қоршап тұрған дуалдан секіруді ұсынды?
9 Екіншіден, Шайтан Исаны намысқойлыққа салынуға азғырды: ол Исаға “ғибадатхананы қоршап тұрған дуалдан” секіруді ұсынды (Мат. 4:5, 6). Шайтан нені көздеді? Оның айтуынша, секіргенде оған еш зақым келмесе, бұл оның “Құдай ұлы” екенінің дәлелі болмақ. Ібілістің көздегені Исаның есіл-дертін өз басының абыройын ойлауға аудару болғаны анық. Ал бұл үшін ол Исаның тіпті сақыналық көрініс іспетті әрекет жасағанын қалады. Намысқойлыққа салынғанда, адамның өркөкіректігі оянып, өзгелердің алдында абыройын сақтап қалу үшін, қауіпке қарамастан, ұсынысты қабыл алуы мүмкін екенін Шайтан білген. Ол Жазбаны бұрыс қолданды, ал Иса Ехобаның Сөзін жете түсінетінін көрсетті (Матай 4:7 оқы). Иса Шайтанның ұсынысынан бас тартуымен өміріндегі ең басты Тұлға Ехоба екенін тағы да дәлелдеді.
10. Ібіліс әлемнің бүкіл патшалықтарын ұсынғанда, Иса неге бас тартты?
10 Шайтан Исаны үшінші рет азғырғанда, оны еліктіру үшін барын салды: ол әлемнің бүкіл патшалықтарын ұсынды (Мат. 4:8, 9). Иса бұдан ойланбастан бас тартты. Ол бұл ұсынысты қабылдау Ехобаның бүкіләлемдік билігін — оның Ең жоғарғы билеуші болуға деген құқын — мойындамаумен барабар екенін түсінген (Матай 4:10 оқы). Шайтанға жауап бергенде, Иса үш жағдайда да Құдайдың есімі қолданылған жазба орындарын келтірді.
11. Жердегі өмірінің соңы таяғанда, Иса қандай маңызды шешім қабылдау керек болды және оның қабылдаған шешімінен біз не нәрсеге үйренеміз?
11 Жердегі өмірінің соңы таяғанда, Исаға өте маңызды шешім қабылдау керек болды. Бүкіл қызметінің барысында ол өз өмірін құрбандық ретінде беруге дайын екенін көрсеткен (Мат. 20:17—19, 28; Лұқа 12:50; Жох. 16:28). Алайда ол өзіне жалған айып тағылып, яһудилердің сотына тапсырылатынын және Құдайды қорлаушы ретінде өлімге кесілетінін де білген. Осындай өліммен өлетіні оның жанына әсіресе қатты батты. Ол: “О, Әкем, мүмкін болса, осы тостағанды менен әкете көр”,— деп дұға етті. Алайда артынша: “Бірақ менің емес, сенің қалауың болсын”,— деп қосты (Мат. 26:39). Иә, Исаның өле-өлгенше адалдығын сақтағаны оның өмірінде ең басты Тұлғаның кім болғанында еш күмән қалдырмады!
Біздің жауабымыз
12. Хауа ана, Әйүп және Мәсіхпен болған жағдайлардан қандай сабақ алдық?
12 Жоғарыда қарастырылған оқиғалардан қандай сабақ аламыз? Хауа анамен болған оқиғадан қара басының қамын ойлайтын не өзін маңызды санайтын адам үшін Ехоба өміріндегі ең басты Тұлға болмайтыны көрінеді. Әйүптің мінсіздігін сақтағанынан қиындықтарға ұшыраған кемелсіз адамның өзі, басына түскен бақытсыздықтың себебін толық түсінбесе де, Ехобаны өмірінде басты орынға қоя алатынын білдік (Жақ. 5:11). Ал Исаның үлгісінен келеке-мазаққа ұшырауға және өз абыройымызды тым көп ойламауға дайын болуды үйренеміз (Евр. 12:2). Бірақ осы білгендерімізді қалай қолдануға болады?
13, 14. Шайтан азғырғандағы Исаның әрекеті Хауа ананыкінен қалай ерекшеленді және біз Исаға қалай еліктей аламыз? (18-беттегі суретке назар аударыңдар.)
13 Азғырулардың Ехобаны ұмыттырып жіберуіне ешқашан жол берме. Хауа ана ә дегеннен бар назарын еліктірген нәрсеге аударған. Ол “жемістің жеуге жақсы әрі көз тартарлық әдемі екенін және өзін қызықтырып тұрғанын көрді” (Жар. 3:6). Ал Исаның Шайтан үш рет азғырғанда, қалай әрекет еткені бұдан қатты ерекшеленді! Ол әр жағдайда азғырудың астарында не жатқанын және әрекетінің нәтижесі қандай болатынын ескерген. Иса Құдай Сөзіне жүгінген және Ехобаның есімін қолданған.
14 Ехобаның ықыласынан айыратын нәрселерді істеуге азғырылғанда, біздің назарымыз неге ауады? Азғырылған нәрсемізге қаншалықты көп назар аударсақ, бұрыс қылық жасауға деген ықыласымыз соншалықты қатты болады (Жақ. 1:14, 15). Сондықтан қаншалықты ауыр, тіпті денеміздің бір мүшесін шауып тастағандай ауыр болуы мүмкін екеніне қарамастан, бұрыс қалаулардың түбіне бірден балта шабуымыз керек (Мат. 5:29, 30). Иса сияқты, біз де әрекетіміздің нәтижесін, яғни оның Ехобамен қарым-қатынасымызға қалай әсер ететінін, ескеруіміз керек. Сондай-ақ оның Сөзінде айтылғандарды еске түсіргеніміз дұрыс. Осылай етер болсақ қана, өміріміздегі ең басты Тұлға Ехоба екенін көрсетеміз.
15—17. а) Салымыздың суға кетуіне қандай себептер болуы мүмкін? ә) Бақытсыздыққа ұшырағанда, төтеп беруге не көмектеседі?
15 Басыңа түскен қиындықтар үшін Ехобаға ешқашан ренжіме (Нақ. с. 19:3). Зұлым дүниенің соңы жақындаған сайын Ехобаның қызметшілері кезігіп жатқан қиындықтар мен бақытсыздықтар көбейе түсуде. Бүгінде біз Ехоба өз қызметшілерін керемет жасап қорғайды деп күтпейміз. Мұны білсек те, жақындарымыздан айырылғанда не басқа да бақытсыздыққа ұшырағанда, Әйүп сияқты, біздің де салымыз суға кететін шығар.
16 Әйүп қандай да бір жайттарға Ехобаның неге жол беріп отырғанын түсінбеген, кейде біз де кейбір жайттардың неге орын алып жатқанын түсінбеуіміз мүмкін. Бәлкім, біз адал бауырластарымыздың Гаитиде болғандай жерсілкінісінің не басқа да табиғи апаттың кезінде қаза болғанын естіген шығармыз. Я болмаса мінсіздігін сақтап жүрген бауырластың жауыздықтың құрбаны немесе қандай да бір апаттан қайтыс болғанын білетін болармыз. Яки тіпті өзіміз де бәлеге ұшырап не әділетсіздікке кезігуіміз мүмкін. Мұндайда жүрегіміз қанжылап: “Ехоба неге? Неге мен? Мен не жаздым?”— дейтін шығармыз (Абб. 1:2, 3). Осындай шақтарда бізге не көмектеседі?
17 Мұндай кездерде Ехобаның ықыласынан айырылғандықтан басымызға бақытсыздық түсіп жатыр деген ойдан аулақ болуымыз керек. Иса өзінің тұсында болған екі қайғылы оқиға жөнінде айтқанда, осыған көңіл аударған (Лұқа 13:1—5 оқы). Көп жағдайда адам “уақыт пен жағдай орайлас келгендіктен” бақытсыздыққа ұшырайды (Екк. 9:11). Бірақ қандай себеппен қиындыққа ұшырамайық, бар назарымызды “жұбаныш атаулының қайнар көзі” — Құдайға аударсақ, бәріне де төтеп бере аламыз. Ол бізге адалдықпен төзуге қажетті күш береді (Қор. 2-х. 1:3—6).
18, 19. Исаның келеке-мазаққа төзуіне не көмектесті және бізге не көмектеседі?
18 Өркөкіректеніп не келеке-мазаққа ұшыраудан қорқып, назарыңның басты нәрседен тайып кетуіне ешқашан жол берме. Иса кішіпейіл болғандықтан “барлығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдаған” (Філіп. 2:5—8). Ол Ехобаға арқа сүйегендіктен көптеген келеке-мазаққа төзе алды (Пет. 1-х. 2:23, 24). Осылай етуімен Ехобаның еркін орындауды бірінші орынға қойған, ал Ехоба оның дәрежесін бұрынғыдан да жоғарылатты (Філіп. 2:9). Иса шәкірттеріне өзі іспетті әрекет етуге кеңес берген (Мат. 23:11, 12; Лұқа 9:26).
19 Кейде ұстанатын сенімімізге бола біреулер бізді кемсітуі мүмкін. Бірақ бізде елші Пауылдікіндей сенімділік болу керек. Ол: “Сол себептен де азап шегудемін, бірақ бұған ұялмаймын. Өйткені кімге сенгенімді білемін және ол өзіне сеніп тапсырғандарымды сот күніне дейін аман сақтай алатынына кәміл сенімдімін”,— деген (Тім. 2-х. 1:12).
20. Қазіргі дүниеде өзімшілдік рухы жайлағанына қарамастан, сен не істеуге бел будың?
20 Киелі кітапта біздің заманымызда “адамдардың тек қара басын ойлайтыны” алдын ала айтылған (Тім. 2-х. 3:2). Олай болса, айналамыздағы адамдардың тек өзін ғана ойлайтынына таңғалмасақ та болады. Біз ешқашан ондай болмайық! Қайта, азғыруларға кезіксек те, бақытсыздыққа не келеке-мазаққа ұшырасақ та, әрқайсысымыз үшін өміріміздегі ең басты Тұлға Ехоба болып қала бергей!
[Сілтемелер]
a Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, “теріге тері” деген тіркес қара басын ойлаған Әйүп өз терісінен, яки өмірінен, арылудан гөрі малы мен бала-шағасының терісінен, яки өмірінен, арылғанын артық көрген дегенді білдіреді. Ал өзге бір ғалымдардың айтуынша, бұл тіркес адам өз өмірін сақтау үшін терісінен тері сылып беруге дайын дегенді білдіреді. Мысалы, бастан құлақ садақа дегендей, адам терісін сақтап қалу үшін терісінен тері сылып беруге дайын. Бұл идиоманың мағынасы қандай болмасын, оның түпкі мәні Әйүп жанын сақтап қалу үшін өзінде бардың бәрін беруден тайынбайды дегенге нұсқайтыны анық.
b Әйүп 2:9, 10: “Сонда оған әйелі айтты: сен әлі де өзіңнің бұзылмағандығыңнан таймай тұрмысың! Құдайды ғайбатта да өлсейші. Бірақ ол оған [былай] деді: сен ессіз [әйелдердің] біріндей сөйлеп тұрсың: біз шынымен Құдайдан ізгілікті қабыл етеміз де, жамандықты қабылдамаймыз ба? Мұның бәрінде де Иов аузымен күнәға батқан жоқ”.
Келесі жайттардан:
• Шайтанның Хауа ананы қалай сынағанынан,
• басына түскен бақытсыздыққа Әйүптің қалай қарағанынан,
• Иса үшін ненің маңызды болғанынан не білеміз?
[17-беттегі сурет]
Хауа ананың назары Ехобамен қарым-қатынасында болмады
[18-беттегі сурет]
Иса Шайтанның азғыруларына берілмей, бар назарын Ехобаның еркін орындауға аударған
[20-беттегі суреттер]
Гаитиде болған жерсілкінісінен кейін шатырдан-шатырға уағыздау
Бақытсыздыққа ұшырағанда, бар назарымызды “жұбаныш атаулының қайнар көзі” — Құдайға аударамыз