“Мен сендерге үлгі көрсеттім”
“Мәсіхтің жолына түскеннен бергі кездеріңді ескерсек, сендер тәлімгер болуларың керек еді” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 5:12, ЖД).
1. Неліктен Еврейлерге 5:12-гі сөздер мәсіхшілерді біршама қобалжытуы мүмкін?
ОСЫ мақала негізделген тармақтағы Құдайдың рухымен жазылған сөздерді оқығанда, бойыңды қандай сезім биледі? Сәл қобалжыдың ба? Егер қобалжысаң, онда жалғыз сен ғана емессің. Мәсіхтің ізбасарлары болғандықтан, бәріміз де оқытушы болуымыз керек екенін білеміз (Матай 28:19, 20). Қандай уақытта өмір сүріп жатқандығымызды ескере отырып, мүмкіндігінше сапалы тәлім берудің өте маңызды екендігін түсінеміз. Сондай-ақ біздің қалай оқытқанымыз тіпті білім алушының мәңгі өмірге ие болу-болмауына әсер етуі мүмкін! (1 Тімотеге 4:16). Сондықтан да мынадай орынды сұрақтар туындайды: мен талапқа сай келетін оқытушымын ба? Оқыту шеберлігімді қалайша жетілдіре аламын?
2, 3. а) Бір оқытушының түсіндіруінше, оқыту шеберлігі не нәрсеге негізделеді? ә) Қалай оқытуға қатысты Иса қандай үлгі қалдырды?
2 Мұндай қобалжулар біздің еңсемізді түсірмеуі керек. Егер оқыту шеберлігін тек дағды мен әдіс-тәсілдердің жиынтығы деп қарастырсақ, онда оны жетілдіру қиын, тіпті мүмкін еместей болып көрінуі мүмкін. Бірақ оқыту шеберлігі дағды мен әдіс-тәсілдерге емес, одан да маңызды нәрсеге байланысты. Бір тәжірибелі оқытушының бұл жөнінде не деп жазғанын байқашы: “Оқыта білу қандай да бір әдіс-тәсілдерді немесе оқу жоспарын қолдануға негізделмеген... Оқытуда ең бастысы — сүйіспеншілік”. Әрине, бұл жерде автор осы дүниелік оқыту жөнінде ой толғап отыр. Әйтсе де, біздің мәсіхшілер ретінде оқыту ісімізге қатысты оның айтқандары әлдеқайда орынды. Неге?
3 Өзгелерді оқытуда бізге үлгі болатын Иса Мәсіхтің өзі ғана. Ол өзінің ізбасарларына: “Мен сендерге үлгі көрсеттім”,— деген болатын (Жохан 13:16). Бұл жерде әңгіме кішіпейілділіктің үлгісі жөнінде болып отырғанымен, біз Исаның жер бетінде жүргенде негізгі ісін қалай атқарғандығына, яғни Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздай отырып, адамдарды қалай оқытқанына еліктеуіміз керек (Лұқа 4:43). Егер сенен Иса қызметінде қандай қасиетті айқын танытқан деп сұраса, бәлкім, “сүйіспеншілікті” деп жауап берерсің (Қолостықтарға 1:15; 1 Жохан 4:8). Бірінші кезекте Иса көктегі Әкесін, Ехобаны, сүйген (Жохан 14:31). Алайда ұстаз ретінде Иса сүйіспеншіліктің тағы екі қырын танытқан. Ол өзі үйреткен Құдайдың бүкіл шындығын, сондай-ақ тәлім берген адамдарын жақсы көрген. Оның бізге қалдырған үлгісінің осы екі қырына ерекше назар аударып көрейік.
Құдайдың шындықтарына деген ертеден келе жатқан сүйіспеншілік
4. Иса Ехобаның ілімдеріне деген сүйіспеншілігін қалай дамытқан?
4 Оқыту сапасын көбінесе оқытушының өз пәніне деген көзқарасынан анықтауға болады. Тіпті оның өз пәніне сәл селқос қарағанының өзі білініп, оқушыларына әсер етеді. Ал Иса болса, өзі үйреткен Ехоба мен оның Патшалығы жөніндегі құнды шындыққа ешқашан немқұрайды қарамаған. Керісінше, ол үйретіп жатқан ілімдерін өте жақсы көрген. Бұл сүйіспеншілікті Иса өзі үйреніп жатқанда дамытқан болатын. Жер бетіне келгенге дейінгі миллиондаған жылдар бойы Құдайдың тұңғыш ұлы бар ықыласымен, ынта-жігерімен тәлім алған болатын. Ишая 50:4, 5-те осыған қатысты мынадай сөздер жазылған: “Маған Жаратушы Тәңір Иенің Өзі тәлім беріп, қажығандарды жігерлендіру үшін не айту керегін аузыма салып отыр. Күн сайын ертеңгісін Ол мені оятып, айтқандарына шәкірттей құлақ салғызады. Жаратушы Тәңір Ие құлағымды ашқанда мен қасарысып, кері бұрылған жоқпын”.
5, 6. а) Шомылдыру рәсімінен өткен кезде, Иса нені бастан кешті және бұл оның өміріне қалай әсер етті? ә) Иса мен Шайтанның Құдай Сөзін қолданғандарынан қандай айырмашылықты көреміз?
5 Иса балалық шағынан Құдайдың даналығын жақсы көрген (Лұқа 2:52). Кейін, шомылдыру рәсімінен өткен кезде, ол ешқандай адам баласы кешпеген күйді кешті. ‘Көк ашылды’,— деп жазылған Лұқа 3:21-де. Осы кезде Исаның есіне жерге келгенге дейінгі көктегі өмірі түседі. Бұдан кейін Иса айдалада қырық күн ораза тұтады. Иса көкте өмір сүрген кезінде, Ехобаның берген “тәлімдерінің” үстінен ой жүгіртуден қанағаттанған болар. Алайда көп кешікпей, Құдайдың бүкіл шындығына деген оның сүйіспеншілігі сыналуы керек еді.
6 Иса қатты шаршап, ашыққан кезде, Шайтан оны азғыруға кіріседі. Құдайдың бұл екі ұлының арасында қандай үлкен айырмашылық бар десеңші! Екеуі де Еврей Жазбаларынан үзінді келтіргенімен, танытқан рухтары екі түрлі еді. Шайтан арам пиғылын жүзеге асыру үшін Құдай Сөзін жөн-жосықсыз қолданып, оны бұрмалады. Шын мәнісінде, бұл бүлікшінің бойында Құдайдың шындығына деген жек көрініштен басқа ешқандай да сезім болмаған. Ал Исаға келсек, оның Шайтанға қайтарған жауаптарында Жазба орындарын қалай қолданғанынан, Құдайдың сөзіне деген терең сүйіспеншілігі және оны құрметтейтіндігі бірден көрінеді. Иса Құдайдың рухымен жазылған бұл сөздердің жазылуынан әлдеқайда бұрын өмір сүрсе де, оған айрықша құрметпен қараған. Себебі бұл сөздер — көктегі Әкесінің өте құнды шындықтары ғой! Иса Шайтанға Ехобаның бұл сөздері тағамнан да артық екенін айтқан (Матай 4:1—11). Иә, Иса Ехоба үйреткен шындықтың бәрін де жақсы көрген. Алайда ұстаз ретінде Иса осы сүйіспеншілігін қалайша көрсетті?
Өзі үйреткен Құдайдың бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігі
7. Неліктен Иса өз ілімдерін ойлап таппады?
7 Исаның өзі үйреткен Құдайдың бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігі айқын көрініп тұратын. Жалпы алғанда, ол өз ойынан оп-оңай ілімдер шығара алар еді. Себебі Иса жан-жақты мол білімнің қайнар көзі мен асқан даналыққа ие болатын (Қолостықтарға 2:3). Әйтсе де, ол тыңдаушыларына үйретіп жатқан ілімдерінің барлығы да өзінікі емес, Әкесінікі екендігін қайта-қайта ескертіп отырды (Жохан 7:16; 8:28; 12:49; 14:10). Әкесінің бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігінің күшті болғаны сонша, оларды өз ойларымен ауыстыру Исаның ойына тіпті кіріп-шықпаған.
8. Қызметінің басында-ақ Иса Құдайдың Сөзіне жүгінетіндігін қалай көрсетті?
8 Иса қызметінің басында-ақ қалай әрекет етудің үлгісін көрсеткен болатын. Құдайдың халқына алғаш рет өзінің уәде етілген Мәсіх екендігін қалай жариялағанына назар аударайықшы. Ол жай халықтың алдына шығып, өзін Мәсіхпін деп жариялап, содан соң айтқандарын дәлелдеу үшін ғажайып кереметтер жасады ма? Жоқ. Ол Құдайға сенушілер Жазбаларды оқитын мәжілісханаға барған. Ол жерде Иса Ишая 61:1, 2-ні дауыстап оқып, бұл пайғамбарлық сөздердің өзіне қатысты екендігін түсіндірген (Лұқа 4:16—22). Исаның жасаған көптеген кереметтері Құдайдың оны қолдағандығының қосымша дәлелі болып табылды. Дегенмен, Иса оқыту ісінде барлық уақытта Құдайдың Сөзіне жүгінген.
9. Парызшылдармен әңгімесінде Иса Құдайдың Сөзіне деген айнымас сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
9 Діни жауларының қарсылықтарына кезіккенде, Иса жеңетінін білсе де, олармен айтысып жатпады. Оның орнына, олардың айтқандарын Құдай Сөзінің көмегімен жоққа шығарып отырды. Мысалы, парызшылдардың Исаның ізбасарларын діни демалыс күніне қатысты заңды бұзғаны үшін кінәлағанын есімізге түсірейікші. Егіндіктің арасымен өтіп бара жатып, олар біраз масақ үзіп алып жейді. Парызшылдардың таққан айыбына Иса: “Дәуіт пайғамбар мен оның қасындағылар ашыққан кезде не істегенін оқымап па едіңдер?”— деп жауап қатады (Матай 12:1—5). Өздерін әділеттіміз деп есептейтін олар 1 Патшалық 21:1—6 дейінгі тармақтарда жазылғанды оқыған болса керек. Олай болса, олар бұл үзіндідегі маңызды сабақты көре алмаған. Ал Иса Құдайдың Сөзіндегі бұл үзіндіні жай ғана оқып қоймай, үстінен ой жүгіртіп, оның мәнісін ұққан. Ол Ехобаның осы үзінді арқылы үйреткен принциптерін жақсы көрген. Осы Жазба орнын, сондай-ақ Мұсаның заңындағы мысалды қолданып, Иса Заңға тән дұрыс көзқарасты көрсеткен. Сол сияқты Құдайдың Сөзіне деген айнымас сүйіспеншілігі Исаны діни басшылардың бұл сөздерді бұрмалауына немесе адам ойынан шыққан дәстүрлерге араластыруына жол бермеуге талпындырған.
10. Өзінің сапалы тәлім беретініне қатысты пайғамбарлықтарды Иса қалай орындады?
10 Үйреткен шындығына деген сүйіспеншілігі Исаға адамдарды үйретуде жалығатындай етіп немесе бір сыдырғы атап өте салуына жол бермеді. Киелі кітаптағы пайғамбарлықтар Мәсіхтің “сүйкімді сөздердің иесі” екендігін, оның аузынан “берекелі сөздер” төгілетіндігін айтады (Забур 44:3; Жаратылыс 49:21). Иса өзі сүйетін Құдайдың бүкіл шындығын өзгелерге қызықты етіп айтып, “ұнамды сөздерді” қолдана отырып, шындықтың көркемділігін көрсете білуімен осы пайғамбарлық сөздерді жүзеге асырды (Лұқа 4:22). Оның бар ықыласымен айтып жатқандығы жүзінен байқалып, көздерінен үйретіп жатқан ілімдеріне деген терең қызығушылығы көрініп тұрғандығына күмән жоқ. Адамдардың мұны қалайша сүйсініп тыңдағандарын көз алдымызға елестету қиын емес. Иса алған білімімізді өзгелермен қалай бөлісудің қандай керемет үлгісін қалдырды!
11. Неліктен Иса өзінің оқыту қабілетіне мақтанбады?
11 Иса Құдайдың бар шындығын керемет білетіндігіне, асқан шешен болғандығына мақтанды ма? Мұндай сезім жиі кемелсіз оқытушылардың бойында кездеседі. Алайда Исаның даналығынан Құдайға ұнамды қорқыныштың көрініп тұрғанын естен шығармайық. Мұндай даналық менмендікке жол бермейді, өйткені “кішіпейілділерде даналық бар” (Нақыл сөздер 11:2). Әйтсе де, Исаның өр көкіректік пен менмендікке жол бермеуіне бұл ғана себеп болған жоқ.
Иса өзі тәлім берген адамдарын жақсы көрген
12. Иса өзінің шәкірттерінің қорыққанын қаламайтынын қалай көрсетті?
12 Исаның қалай тәлім бергенінен, адамдарға деген терең сүйіспеншілігі анық көрініп тұрған. Тәкаппар адамдардан ерекшелігі Иса ұстаз ретінде ешкімді де қорқытқан емес (Екклесиаст 8:9). Исаның бір кереметін көргенде, Петір қатты таңғалып, оның аяғына жығыла кетеді. Алайда Иса ізбасарларының үрейленгендерін қалаған жоқ. Ол Петірге жай ғана: “Қорықпа!” — деп, оның қызықты да қуанышты шәкірттер дайындау ісіне қатысатындығын айтқан болатын (Лұқа 5:8—10). Иса шәкірттерінің бойында қозғаушы күштің Құдай туралы бүкіл шындыққа деген қорқыныштың емес, сүйіспеншілік болғанын қалады.
13, 14. Иса адамдарға қалайша жанашырлық танытты?
13 Исаның тәлім берген адамдарына деген сүйіспеншілігі оларға деген жанашырлығынан да көрінеді. “Жиналған халық тобырын көргенде оларға Исаның жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара болатын” (Матай 9:36). Аянышты күйлеріне жаны ашыған Иса оларға көмектескісі келді.
14 Исаның жанашырлығын көрсететін тағы бір оқиға: Қан кетіп ауырған бір әйел қалың топтың арасынан өтіп, Исаның киімінің етегіне қолын тигізгенде, керемет түрде сауығып кетеді. Иса өзінен күш кеткенін сезеді, бірақ кімнің айыққанын байқамай қалады. Әйтсе де ол сол әйелді таппақшы болады. Не үшін? Онсыз да қорқып тұрған бұл әйелді Мұсаның заңын немесе дін мұғалімдері мен парызшылдардың орнатқан ережелерін бұзғаны үшін ұрысуға емес. Оның орнына, Иса оған: “Замандас, сенімің арқылы құтқарылдың. Аман-есен қайта бер, қинаған дертіңнен айықтың!” — деді (Марқа 5:25—34). Осы сөздердегі жанашырлықты байқашы. Иса жай ғана: “Айықтың”,— деп қоя салған жоқ, ол: “Қинаған дертіңнен айықтың”,— деді. Марқа бұл жерде тура мағынада “дүрелеу” дегенді білдіретін сөзді қолданады. Бұл адамды азаптаған кезде жиі қолданылатын дүрелеуді көрсетеді. Осылайша, Иса бұл аурудың әйелдің тәніне, жан-дүниесіне қалай бататындығын түсінетіндігін көрсетеді. Оның әйелге қатты жаны ашыды.
15, 16. Исаның қызметіндегі қандай оқиғалар оның адамдардың бойынан жақсы қасиеттерін көре білгендігін көрсетеді?
15 Адамдардың жақсы жақтарын көре білуімен де Иса сүйіспеншілік танытты. Иса кейіннен елшісі болған Натанайылды кездестіргенде не болғанын қарастырайықшы. “Иса өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көргенде: — Мынау — қулық-сұмдығы жоқ, нағыз исраилдік,— деді”. Иса керемет түрде оның жүрегін көріп, ол жөнінде көп нәрсе біледі. Әрине, Натанайыл кемелділіктен алыста еді. Біз сияқты оның бойында да өз кемшіліктері болған. Оның үстіне, Иса туралы естігенде, ол бірден: “Сол Назареттен не жақсылық шығар дейсің?” — деп жауап қатады (Жохан 1:45—51). Алайда Натанайыл туралы айтуға болатындардың ішінен Иса оның жақсы жағына — адалдығына — көңіл аударды.
16 Сол сияқты, бір жүзбасы — өзі римдік әрі ұлты басқа адам болса керек — Исаға келіп, қызметшісін сауықтыруын өтінгенде, Иса оның да күнәсіз емес екендігін білетін. Сол кездері бұл мыңбасы өз өмірінде көптеген қатыгез істер жасап, көп қан төккен болуы мүмкін, оның үстіне, ол жалған тәңірлерге табынатын. Ал Иса болса, оның жақсы жағына — таңғалдырарлық сеніміне көңіл аударды (Матай 8:5—13). Кейінірек жанындағы азап бағанасына керілген қарақшымен сөйлескенде, Иса оның бұрынғы жасаған қылмыстарын бетіне салық етіп жатпай, қайта, болашаққа үміттендіріп, жігерлендіреді (Лұқа 23:43, ЖД). Сынап-мінеп, тек теріс жақтарына назар аудару адамның еңсесін түсіріп жіберетінін Иса білген. Исаның өзгелердің тек жақсы жақтарына назар аударуға тырысуы, олардың жақсара түсулеріне түрткі болғандығында күмән жоқ.
Адамдарға қызмет етуге даяр болу
17, 18. Жерге келуге келіскендігімен, Иса өзгелерге қызмет етуге даяр екендігін қалай көрсетті?
17 Исаның тәлім берген адамдарына деген сүйіспеншілігінің тағы бір сенімді дәлелі — оларға қызмет етуге даяр болуы. Адам ретінде жерге келгенге дейін де Иса адамдарды жақсы көрген (Нақыл сөздер 8:30, 31). Ехобаның “Сөзі”, немесе өкілі, ретінде олармен қарым-қатынасында үлкен қуанышқа бөленген (Жохан 1:1). Әйтсе де, өзінің көктегі жоғарғы орнынан ‘өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдауының’ тағы бір себебі — адамдарға тәлімді тікелей өзі бергісі келгендігі еді (Філіпіліктерге 2:7; 2 Қорынттықтарға 8:9). Жерде болған кезінде, Иса біреулер өзіне қызмет етеді деп күткен жоқ. Қайта, ол: “Құдай тағайындаған Билеуші бола тұра Өзіме қызмет еткізуге емес, Өзім қызмет етіп, көптеген адамдардың азаттық төлемін өтеу үшін жанымды қиюға осы дүниеге келдім”,— деген болатын (Матай 20:28). Иса толығымен осы сөздерге сәйкес өмір сүрді.
18 Ол даярлықпен уақыты мен күшін жұмсай отырып, өзінің тәлім берген адамдарына кішіпейілділікпен қызмет етті. Уәде етілген жерді о шетінен бұ шетіне дейін аралап, Иса мейлінше көп адамға уағыздау үшін жүздеген шақырым жерлерді жүріп өтті. Өр көкірек парызшылдар мен дін мұғалімдерінен ерекшелігі: ол кішіпейіл және адамдарға жақын болатын. Әр түрлі адамдар — жоғарғы шенді адамдар, жасақшылар, заң мұғалімдері, әйелдер, балалар, кедейлер, аурулар мен тіпті өздерін қоғамнан шеттетіп тастағандар да — оның қасына қорықпастан, қуана-қуана келетін. Иса кемелді болғанымен, адам еді. Оның да қарны ашып, шаршаған. Бірақ ол қанша қатты шаршап немесе дем алғысы келіп, яки дұға етуге оңаша жерге барса да, өзгелердің қажеттіліктерін өзінікінен жоғары қойған (Марқа 1:35—39).
19. Иса шәкірттеріне кішіпейіл, шыдамды және қайырымды болудың қандай үлгісін көрсетті?
19 Иса шәкірттеріне де солай қызмет етуге даяр болған. Мұны оларды мейірімділікпен, шыдамдылықпен үйретуі арқылы істеген. Егер олар қандай да бір тәлімді түсінбесе, оның еңсесі түсіп, я болмаса ашуланып, оларға ұрысқан жоқ. Олардың түсінуіне көмектесу үшін, жаңа бір тәсілдерді ойлап тауып отырған. Мысалы, шәкірттері араларындағы қайсысының жолы үлкен деп талай рет дауласқан болатын. Иса болса, қайта-қайта, тіпті өлер алдындағы түнге дейін, өзгелермен қарым-қатынас жасағанда кішіпейілділік таныту керектігін үйрету үшін әр түрлі жаңа тәсілдер тауып отырды. Кішіпейілділікке немесе басқа да сұрақтарға қатысты Исаның: “Мен сендерге үлгі көрсеттім”,— деп айтуы өте орынды (Жохан 13:5—16; Матай 20:25; Марқа 9:34—37).
20. Қандай оқыту әдісі Исаны парызшылдардан ерекшелендірді және неліктен бұл әдіс тиімді болды?
20 Назар аударшы: Иса жай ғана айтып қоймай, “үлгі көрсетті”. Яғни үлгі көрсету арқылы үйреткен болатын. Ол паңдана сөйлеп, шәкірттеріне бұйырған істерін орындауға өзін тым жоғары санамаған. Ал парызшылдар осылай ететін. Иса олар туралы: “Айтқандарын олардың өздері іс жүзінде орындамайды”,— деген болатын (Матай 23:3). Ілімдерінің нені білдіретіндігін Иса кішіпейілділікпен оларды өмірінде қолдана отырып, іс жүзінде көрсетті. Сондықтан да, ол ізбасарларын байлыққа ұмтылмай, қарапайым өмір кешуге шақырғанда, бұның нені білдіретіндігі оларға түсінікті еді. Олар Исаның: “Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар, ал көктен келген Билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”,— деген сөздерінің растығына көздерін жеткізді (Матай 8:20). Иса шәкірттеріне кішіпейілділікпен үлгі көрсете отырып қызмет етті.
21. Келесі мақалада не талқыланады?
21 Исаның адамзат тарихында ең ұлы Ұстаз болғандығында күмән жоқ! Оның өзі үйреткен ілімдеріне деген және тәлім берген адамдарына деген сүйіспеншілігі оны көрген, әрі ол туралы естіген ақ жүректі адамдардың барлығына да айқын еді. Бұл бүгінгі күні арамыздағы оның көрсеткен үлгісін зерттеп жатқандарға да айқын. Алайда Исаның көрсеткен керемет үлгісіне қалай еліктей аламыз? Келесі мақалада осы сұрақ талқыланады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Оқыту шеберлігі не нәрсеге негізделген және оны кімнің үлгісінен көруге болады?
• Иса өзі үйреткен Құдайдың бүкіл шындығына деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
• Иса өзі тәлім берген адамдарына деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
• Исаның тәлім берген адамдарына кішіпейілділікпен қызмет етуге даяр болғандығын қандай мысалдардан көруге болады?
[8-беттегі сурет]
Иса Құдайдың Сөзіндегі принциптерді жақсы көретіндігін қалай көрсетті?