65-тарау
Исаның жасырын түрде Иерусалимге аттануы
КҮЗ. Б. з. 32 жылы. Шыбық күрке мейрамының қарсаңы. Иса б. з. 31 жылғы яһудилер өлтірмекші болған кездегі Құтқарылу мейрамынан кейін көбінше Ғалилеяда қызмет еткен болатын. Содан бері Иса Иерусалимге тек яһудилердің жыл сайын өтетін үш мейрамына ғана барған болса керек.
Енді інілері Исаға: “Яһудеяға бар”,— деп итермелеуде. Иерусалим — Яһудеяның ең басты қаласы әрі бүкіл елдің діни орталығы. Исаның інілерінің пікірінше, “халықтың көзіне түскісі келген кісі істерін жасырмайды”.
Жақып, Шимон, Жүсіп, Яһудалар өздерінің үлкен ағалары Исаның шын мәнінде Мәсіх екеніне сенбегенімен, оның мейрамға барып, өзінің керемет жасайтын күшін жиналғандардың бәріне көрсеткенін қалайды. Алайда Иса бұның қауіпті екенін түсінеді. “Осы күнәкар дүние сендерді жек көре алмайды,— деді Ол.— Ал ол Мені жек көреді, себебі Мен оның істерінің жаман екенін әшкерелеп жүрмін”. Сосын інілеріне: “Мейрамға бара беріңдер! Мен қазір бұл мейрамға бармаймын”,— деді.
Шыбық күрке мейрамы — жеті күндік мейрам. Ал сегізінші күні соңғы салтанатты рәсімдер өтеді. Егіншілік жылының аяғын білдіретін бұл мейрам — ерекше қуанып, ризашылық білдіретін уақыт. Інілері бір топ адаммен кеткеннен кейін, араға бірнеше күн салып, Иса мен оның шәкірттері мейрамға қатысу үшін жұрттың көзіне түспей жолға шықты. Көпшілік адамдар Иерусалимге қарай Иорданның бойындағы жолмен кетсе, Иса Самария арқылы өтетін жолға түсті.
Иса мен оның жанындағыларға Самарияның бір ауылына тоқтау керек болғандықтан, қажет нәрселерді дайындау үшін ол алдымен хабаршылар жіберді. Алайда Исаның Иерусалимге бет алғанын білгенде, самариялықтар оны қабылдаудан бас тартты. Ашу кернеген Жақып пен Жохан: “Мырза, мақұл көрсеңіз, (Ілияс пайғамбар істегендей) көктен от түсіп, оларды жойсын деп бұйырайық”,— деді. Бірақ Иса оларға бұлай істеуге тыйым салды да, олар басқа ауылға жүріп кетті.
Жолда келе жатқанда, бір дін мұғалімі Исаға: “Ұстаз, қайда барсаңыз да, мен Сізге еремін”,— деді.
“Түлкінің іні бар, құстың ұясы бар,— деп жауап берді Иса,— ал көктен келген билеушінің бас тірейтін тұрағы да жоқ”. Бұл сөздер арқылы Иса дін мұғаліміне, егер ізбасар болса, оның әр түрлі қиындықтарға кезігетіндігін айтып тұр. Бірақ мұндайға баратындай, дін мұғалімі тым өр көкірек болса керек.
Тағы басқа бір кісіге Иса былай деді:
— Маған шәкірт болып ер!
— Мырза, алдымен үйге барып, әкем қайтыс болғанша қасында болып, сүйегін жерлеп келейін. Рұқсат етіңізші”,— деді ол.
— Өлгендерін жерлеуді өлілерге қалдыр,— деді Иса,— ал сен ел аралап, Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды жарияла!
Әкесінің қайтыс болғанына дейін уақыт сұрағанына қарағанда, бұл адамның Құдай Патшалығын өмірінде бірінші орынға қоюға дайын емес екендігі көрінеді.
Шәкірттерімен бірге Иерусалимге қарай кетіп бара жатқанда, тағы бір адам Исаға былай деді: “Мырза, мен Сізге еремін. Бірақ алдымен қайтып барып, үй-ішіммен қоштасып келуге рұқсат етіңізші”.
Сонда Иса: “Артына қарай берген соқашыдай жалтақ адам Құдай Патшалығы үшін тиімсіз”,— деп жауап берді. Исаға шәкірт болғысы келген адам бар назарын Патшалықтың ісіне аудару керек. Егінші алдына қарамайтын болса, оның атызы қисық болады. Сол сияқты осы өткінші дүниеге жалтақтаған адамның мәңгілік өмірге апаратын жолдан оп-оңай тайып кетуі мүмкін. Жохан 7:2—10; Лұқа 9:51—62; Матай 8:19—22.
▪ Исаның інілерінің есімдері кім және олар ағалары туралы қандай ойда?
▪ Неліктен самариялықтар Исаға соншама дөрекілік көрсетті және Жақып пен Жоханның не істегілері келді?
▪ Иерусалимге бара жатқан жолда жолшыбай кездестірген үш адаммен Иса не жөнінде сөйлесті және қызмет еткенде жанқиярлықтың қажет екендігін ол қалай ерекше атап көрсетті?