108-тарау
Исаны сөзден ұстай алмайды
ИСА әлі де ғибадатханада тәлім беруде. Ол жаңа ғана үш астарлы әңгіме айтып, өзінің діни қарсыластарының зұлым істерін әшкерелеген еді. Парызшылдар болса бұған ашуланып, Исаны заңға қайшы келетін сөз айтқызып, тұтқындау жолын іздестірді. Содан олар сөз байласып, қастандықпен Исаны сөзден ұстауға өздерінің шәкірттерін Иродтың сыбайластарымен бірге аттандырды.
Олар Исаға: “Ұстаз, Сіздің әділ екеніңізді білеміз. Жұртты шынымен Құдай жолына үйретіп, біреуге жағыну ниетінен аулақсыз, ешкімнің де бет-жүзіне қарамайсыз. Енді бізге айтыңызшы, қалай ойлайсыз, Рим патшасына алым-салық төлеуіміз дұрыс па, әлде бұрыс па?” — деді.
Олардың өтірік жағымпазданып айтқан сөзіне Иса алданбады. Иса олардың арам ойларын жақсы түсініп тұр: егер “дұрыс емес” десе, Римге қарсы көтеріліс ұйымдастырмақшы деп айып тақпақшы, ал егер ‘төлегеніміз дұрыс’ десе, римнің езгісінен шаршаған яһудилер оны жек көріп кететінін біледі. Сондықтан Иса былай деді:
— Екі жүзділер, Мені азғырып сынамақсыңдар, ә? Маған салыққа төлейтін бір күміс теңгені көрсетіңдерші!
Олар оған бір күміс теңге әкеліп берді. Сонда Иса:
— Мына сурет пен жазу кімдікі? — деп сұрады.
— Римдік патшанікі,— дегенде,
— Олай болса, патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беріңдер! — деді Иса.
Сұрақ қоюшыларды Исаның даналықпен берген жауабы таңғалдырды. Олар бұдан әрі Исаны мазаламай қайтып кетті.
Парызшылдардың Исаға айып тағатындай ештеңе таппағанын көріп, өлімнен қайта тірілуге сенбейтін саддукейлер оған мынандай сұрақ қойды: “Ұстаз, Мұса пайғамбар: — Баласы жоқ біреу өлсе, соңында қалған жесіріне ағасы не інісі үйленіп, марқұм бауыры үшін ұрпақ қалдырсын! — деп бұйырған. Арамызда жеті ағайынды жігіт бар еді. Солардың тұңғышы үйленіп, соңынан бала қалдырмай өліп кетті. Жесіріне екіншісі әмеңгер болып үйленді. Ал мұнымен де, үшіншісімен де, тіпті жетеуінің бәрімен де дәл осы сияқты болды. Ақыры бәрінің соңынан әйел де көз жұмды. Ендеше... қайта тірілгенде әйел осы жетеудің қайсысынікі болады? Ол солардың бәрінің де әйелі болған еді ғой!”
Иса былай деп жауап қайырды: — Киелі жазбаларды және Құдайдың құдіретін ұқпағандықтан жаңылып жүрсіңдер! Себебі өлімнен қайта тірілгеннен кейін адамдар әйел алмайды, күйеуге де шықпайды, әрі көктегі Құдайдың періштелері іспетті болады. Ал өлгендердің қайта тірілуі жайында Құдайдың: “Мен Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын” дегенін оқымап па едіңдер? Демек Ол өлгендердің емес, тірілердің Құдайы!
Мұны естіген халық Исаның жауабына тағы да таңғалды. Тіпті кейбір дін мұғалімдері де мұны мойындап: “Ұстаз, Сіз тауып айттыңыз!” — деді.
Саддукейлерді де сөйлетпей қойғанын көрген парызшылдар топталып Исаға жақындады. Олардың арасындағы бір Таурат заңын үйретуші ғұлама Исаны тағы да сынамақшы болып: “Ұстаз, Таураттағы ең ұлы өсиет қайсысы?” — деп сұрады.
Иса: “Құдай Иеңді шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!” Бұл — ең ұлы да басты өсиет. Ал екіншісі де сол сияқты маңызды: “Өзіңді қалай сүйсең, маңайыңдағы адамды да солай сүй!” Бүкіл Таурат заңы мен Пайғамбарлар жазбалары осы екі өсиетке негізделген,— деді.
Сонда дін мұғалімі Исаға: — Сіздікі дұрыс, Ұстаз! “Құдай жалғыз, Одан басқа құдай жоқ” деп шындығын айттыңыз. Оны шын жүректен, барлық ақыл-ойыңмен, бүкіл жан дүниесімен, бар күш-қуатпен сүю, әрі маңайындағы адамды өзіндей сүю Құдайға арналған құрбандықтар мен басқа да сый-тартулардың бәрінен де жоғары,— деді.
Оның парасатты жауабына Иса: “Құдай Патшалығынан алыста емес екенсің”,— деді.
Үш күн қатарынан — жексенбі, дүйсенбі және сейсенбіде — Иса ғибадатханада тәлім берді. Халық оны бар ынтасымен тыңдады, ал дінбасылары оны өлтірмекші, бірақ қазір олар мұны істей алмады. Матай 22:15—40; Марқа 12:13—34; Лұқа 20:20—40.
▪ Исаны сөзден ұстау үшін парызшылдар қандай қастандық ойлады және егер ол дұрыс немесе бұрыс деп жауап бергенде не болар еді?
▪ Иса сөзден ұстағысы келген саддукейлерді қалай сөйлетпей қойды?
▪ Парызшылдар Исаны тағы қалай сынамақшы болды және оның нәтижесі қандай болды?
▪ Иса қызметінің соңында Иерусалимдегі ғибадатханада неше күн тәлім берді және нәтижесі қандай болды?