84-тарау
Шәкірт болудың жауапкершілігі
ИСА көпшілікке танымал парызшылдың, сірә, жоғарғы кеңестің мүшесі болса керек, үйінен шығып, Иерусалимге қарай сапарын жалғастырды. Оның соңынан қара құрым халық ерді. Сондағы олардың ниеті не? Шын мәнінде Исаның ізбасары болу дегеніміз нені білдіреді?
Жолшыбай Иса соңынан еріп келе жатқандарға бұрылып: “Кім Маған келіп, Мені әке-шешесі, әйелі мен балалары, аға-інісі мен апа-қарындастарынан, әрі өз өмірінен артық көрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды”,— деді. Бұл сөздер оларды таңғалдырса керек.
Исаның бұл айтқандары нені білдіреді? Бұл сөздер шәкірттері өз туысқандарын тура мағынасында жек көру керек екендігін білдірмейді. Мұндағы жек көру дегеніміз олар өз туысқандарын Исаға қарағанда азырақ жақсы көру керектігін көрсетеді. Исаның арғы атасы Жақып туралы да ол Лияны “жек көріп”, Рахиланы жақсы көрді делінген. Бұл Жақыптың Лияны сіңлісі Рахиладан азырақ жақсы көретіндігін білдіретін еді.
Шәкірттері ‘өз өмірін’ де жек көру керек деген Исаның сөздеріне көңіл қойшы. Бұл сөздер де шынайы шәкірттің Исаны өз өмірінен де артық жақсы көруі керектігін көрсетеді. Осылайша өзінің шәкірті болудың үлкен жауапкершілік екендігіне Иса ерекше көңіл қойды. Мұндай қадамды жан-жақты әрі мұқият ойланып жасау қажет.
Исаның шәкірті болу деген көптеген қиыншылықтар мен қудалауларға төзе білуді білдіреді. Мұны мынадан көруге болады: “Кім айқышын [“азап шегу бағанасын”, ЖД] арқалаған кісідей өз мүддесінен бас тартып, тіпті азапты өлімге дайын болып, Менің соңымнан еріп жүрмесе, сол Менің шәкіртім бола алмайды”. Осылайша, шынайы шәкірт Иса көтерген қорлықты көтеруге дайын болу керек. Сондай-ақ егер қажет болса, тіпті Исаның жақын арада Құдайдың жауларының қолынан өлетіндігі сияқты, ол да өлімнен қашпау керек.
Сондықтан да Исаның соңынан ергісі келгендер оның шәкірті болудың не екендігін жақсылап ойланулары қажет. Мұны Иса көрнекі мысалдың көмегімен көрсетті.— Сендердің біреуің бір мұнара салғысы келеді дейік,— деді ол.— Сонда ол құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін білу үшін отыра қалып, алдымен кететін шығынды есептеп алады. Олай етпесе, іргетасын қалағаннан кейін бастаған істі аяқтай алмас еді. Мұны көргендердің бәрі: “Мынаның құрылысты бастағанымен аяқтауына шамасы жетпеді!” — деп мазақтар еді.
Осылайша, Иса өзінің соңынан еріп, шәкірті болғысы келгендердің соған байланысты талаптардың бәрін орындауға шамалары келетіндігіне толық сенімді болулары керектігін көрсетті. Сонда бұл мұнара салғысы келген адамның құрылысты аяқтауға қаражатының жетер-жетпесін есептеп алғанына ұқсайды. Осыдан кейін Иса тағы бір көрнекі мысал айтып берді:
“Немесе бір патша басқа бір патшамен соғысатын болса, келе жатқан қарсыласының жиырма мың әскеріне өзінің он мыңымен төтеп бере ала ма, жоқ па — алдымен отыра қалып, соны ақылға салмас па еді? Шамасы келмейтін болса, ана патша әлі алыста келе жатқан кезде оған елшілерін жіберіп, бітім шартын сұрар еді”.
Иса осы көрнекі мысалдардың негізгі ойын былайша тұжырымдап көрсетті: “Сол сияқты, сендердің ешқайсың да бар нәрсеңнен бас тартпай Менің шәкіртім бола алмайсыңдар”. Осыған Исаның соңынан ерген, сондай-ақ ол туралы шындықты білгендердің бәрі де дайын болулары керек. Егер олар Исаның шәкірттері болғылары келсе, онда өздерінде бар нәрсесін — барлық мүлкін, тіпті өз өмірін де — құрбан етуге даяр болулары керек. Сен осылай етуге дайынсың ба?
“Тұз пайдалы”,— деп жалғастырды Иса. Ол Таудағы уағызында шәкірттеріне “жер бетінде тұз сияқтысыңдар” деген болатын. Себебі тұздың бұзылатын нәрсені сақтау қабілеті бар екендігі сияқты, шәкірттерінің де адамдарды бұзылудан сақтайтын әсері бар. “Ал егер тұз өз күшінен айырылған болса, онысын қалай қалпына келтіруге болады? Тіпті жер өңдеуге немесе қиға қосуға жарамсыз болып шыққандықтан, оны лақтырып тастайды. Құлағы барлар тыңдап алсын!” — деді Иса әңгімесінің соңында.
Осылайша, Иса тіпті біраз уақыттан бері шәкірт болып еріп жүргендердің де бұл шешімдерінен таймау керектігін көрсетті. Әйтпесе олар пайдасыз: осы дүниедегілерге күлкі, ал Құдайдың алдында жарамсыз, тіпті масқара болып қалуы мүмкін. Күшінен айырылған, ештеңеге жарамсыз тұз сияқты, олар да лақтырылады, немесе жойылады. Лұқа 14:25—35; Жаратылыс 29:30—33; Матай 5:13.
▪ Туысқандарын және өзін өзі “жек көру” деген нені білдіреді?
▪ Иса қандай екі көрнекі мысал келтірді және олар нені білдіреді?
▪ Исаның тұз туралы айтқан сөздерінің негізгі ойы қандай?