Иса пайғамбар — мағыналы өмірдің кілті
ИСА пайғамбар қарапайым отбасында дүниеге келген. Есейгенінде ол дүние-мүлік жинап, бай болуды көздемеді. Тіпті “бас тірейтін тұрағы да” болмаған (Лұқа 9:57, 58). Бұған қоса, адамдар оны жек көріп қаралаған, ақырында ол жауларының қолынан өлген. Олай болса, Иса пайғамбардың өмірі шынымен мағыналы болған ба?
Сіз: “Мағыналы өмірді бұлай елестетпеген едім”,— деуіңіз мүмкін. Бірақ біз мұнымен шектелмей, Иса пайғамбардың өмірінің басқа да маңызды төрт қырын қарастырайық.
1. ИСА ПАЙҒАМБАР ӨМІРІНДЕ БІР МАҚСАТТЫ КӨЗДЕГЕН: ҚҰДАЙДЫҢ ЕРКІН ОРЫНДАУ.
“Менің тамағым — өзімді жібергеннің еркін орындау” (Жохан 4:34).
Иса сөзімен де, ісімен де көктегі Ехобаa Құдайдың еркін орындауға ұмтылған. Бұл іс оған зор қуаныш әкелген. Жоғарыдағы тармақта айтылғандай, ол Құдайдың еркін орындауды ас қабылдаумен теңеген. Сол сөздерді қандай жағдайда айтқанын қарастырайық.
Иса бұл сөздерді шамамен түс мезгілінде айтқан болатын (Жохан 4:6). Ол таң сәріден түске дейін ойлы-қырлы Самария жерімен жүргендіктен, қарны ашқаны айтпаса да түсінікті еді. Сондықтан шәкірттері одан: “Ұстаз, тамақ жеп алсаңшы”,— деп өтінеді (Жохан 4:31). Оның жоғарыда берген жауабы Құдайдың еркін орындау оған нәр беріп, қүш-қуат дарытқанын көрсетеді. Бұл өмірінің мәні бар адамның сөздері емес пе?!
2. ИСА ПАЙҒАМБАР ҚҰДАЙДЫ СҮЙГЕН.
“Дүние менің көктегі Әкемді сүйетінімді білсін” (Жохан 14:31 Кк).
Иса пайғамбар көкте өмір сүргенінде Құдаймен қарым-қатынасы тығыз болғаны сонша — олар бір-біріне әке мен баладай еді. Сондықтан ол жоғарыдағы сөздерді, яғни көктегі Әкесін сүйетінін айтқан. Мұндай сүйіспеншілігі Құдайды, яғни оның есімін, ниетін және қасиеттерін паш етуге талпындырды. Сөзімен, ісімен әрі жүріс-тұрысымен Иса пайғамбар көктегі Құдайдың қандай екенін айна қатесіз көрсетті. Сондықтан Киелі жазбалардан Иса пайғамбар жайлы оқығанда, көктегі Әкесінің, яғни Құдайдың болмысы қандай екенін біле аламыз. Сол себепті Філіп есімді шәкірті Иса пайғамбардан: “Әкені көрсетші”,— деп өтінгенде, оның: “Мені көрген адамның Әкені де көргені”,— деп жауап бергені таңғалдырмайды (Жохан 14:8, 9).
Иса пайғамбардың Құдайды қатты сүйгені сонша — оған өле-өлгенше мойынсұнған (Філіпіліктерге 2:7, 8; Жоханның 1-хаты 5:3). Құдайға деген мұндай зор сүйіспеншілігі оның өміріне мән-мағына берген.
3. ИСА ПАЙҒАМБАР АДАМДАРДЫ СҮЙГЕН.
“Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ” (Жохан 15:13).
Кемелсіз адамзаттың болашағы күңгірт болып көрінетіні рас. Өйткені күндердің күнінде адамдардың бәрі өмірден өтеді. Киелі кітапта бұл: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— деп түсіндірілген (Римдіктерге 5:12). Иә, біз өз күшімізбен күнәнің салдарынан, атап айтқанда өлімнен, қашып құтыла алмаймыз (Римдіктерге 6:23).
Бақытымызға орай, сүюші Құдайымыз Ехоба адамзатты мұндай мүшкіл күйден құтқарудың амалын жасап қойған. Ол кемелді әрі күнәсіз Иса пайғамбардың құрбан болуына жол берді. Осылайша ол қажетті төлем құнын беріп, адамзатты күнә мен өлімнің құрсауынан босатып алды. Көктегі Құдайды және адамзатты сүйгендіктен, Иса пайғамбар мұндай тапсырманы ынта-жігермен орындап, біздің игілігіміз үшін өз өмірін қиды (Римдіктерге 5:6—8). Мұндай риясыз сүйіспеншілігі оның өмірін мағыналы еткені даусызb.
4. ИСА ПАЙҒАМБАР ҚҰДАЙДЫҢ ОНЫ СҮЙЕТІНІН ӘРІ МАҚҰЛДАЙТЫНЫН БІЛГЕН.
“Міне, менің таңдап алған қызметшім! Мен оны жақсы көремін әрі оған жаным разы!” (Матай 12:18).
Бұл сөздерді Ехоба Құдай Иса пайғамбарға қатысты айтқан. Бірде Ехоба Құдай тіпті көктен дауыстап, оны жақсы көретінін әрі мақұлдайтынын ашық білдіреді. Сондықтан Иса пайғамбардың: “Әкем мені жақсы көреді”,— дегеніне таңғалмаса да болады (Жохан 10:17). Құдайдың оны сүйетінін әрі мақұлдайтынын білгені Иса пайғамбарға күш беріп, қарсылықтар мен тағылған сынға төтеп беруге көмектесті. Ол тіпті өліммен бетпе-бет келгенде де, байсалдылық танытып, сабырлылық сақтады (Жохан 10:18). Иә, Құдайдың сүйетінін әрі оған разы екендігін білгені Исаның өмірін мәнді де мағыналы еткені шүбәсіз.
Расында да, Иса пайғамбар мағыналы өмір кешкен. Біздің де өміріміз мағыналы болу үшін одан көп нәрсеге үйрене аламыз. Келесі мақалада Исаның өз ізбасарларына берген кеңестері қарастырылады. Бұл кеңестердің арқасында мәнді де мағыналы өмірге қол жеткізе аламыз.
a Ехоба — Киелі кітапта ашылған Құдайдың есімі.
b Иса пайғамбардың төлем құрбандығы жайлы көбірек мәлімет алу үшін Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 5-тарауын қараңыз.