“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
1—7 қазан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 9, 10
“Иса қойларының қамын ойлайды”
(Жохан 10:1—3) Иса былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, кім қой қораға есіктен емес, басқа жерден кірсе, сол — ұры әрі тонаушы. 2 Ал кім есіктен кірсе, қойдың бағушысы — сол. 3 Қарауыл оған есік ашады, ал қойлар оның даусына құлақ салады. Бағушы өз қойларын атын атап шақырып, сыртқа шығарады.
(Жохан 10:11) Мен ізгі бағушымын. Ізгі бағушы қойлары үшін жанын қияды.
(Жохан 10:14, 15) Мен ізгі бағушымын. Әкем мені, мен Әкемді білетінімдей, 15 мен қойларымды, қойларым мені біледі. Мен қойларым үшін жанымды қиямын.
nwtsty мультимедиа
Қой қора
Қой қора қойларды ұрылар мен жыртқыш аңдардан қорғау үшін соғылатын. Түнде қойларына қауіп төнбеу үшін бағушылар отарды қораға кіргізіп қоятын. Ежелде қоралардың төбесі ашық, ал көлемі мен пішіні әртүрлі болған. Әдетте қоралар тастан тұрғызылатын және оның бір ғана есігі болатын (М4ж 32:16; С1ж 24:3; Сф 2:6). Жохан қораға “қарауыл” тұрған “есіктен” кіру жайлы айтқан (Жх 10:1, 3). Ежелде қандай да бір аймақтың жалпыға ортақ қорасы болатын. Ол жерге түнде бірнеше отарды кіргізуге болатын. Ал қарауыл түні бойы көз ілмей қойларды күзетіп отыратын. Таң ата ол бағушыларға есік ашып беретін. Әр бағушы қойларын дауыстап шақыратын. Ал қойлары өз бағушысының даусын танып, артынан еретін (Жх 10:3—5). Иса шәкірттерін қалай қамқорлайтынын көрсету үшін осы мысалды өмірден келтірді (Жх 10:7—15).
Мәсіхші отбасылары, рухани “ояу жүріңдер”!
5 Отағалары Исадан не нәрсеге үйрене алатынын қарастырайық. Бағушы мен қойлардың арасындағы қарым-қатынас, бейнелеп айтқанда, білім мен сенімге негізделген. Ол өзінің қойлары жайлы бәрін біледі және қойлары да оны жақсы біледі әрі сенім артады. Қойлар оның даусын таниды және мойынсұнады. Иса: “Мен қойларымды, қойларым мені біледі”,— деген (Жох. 10:14, 15). Ол қауымдағылар жайлы үстіртін ғана білмеген. Мұндағы “білу” деген грек сөзі “жеке білу, жақын тану” мағынасын білдіреді. Иә, Ізгі бағушы қойларының әрқайсысын жеке таниды. Ол қойларының жеке қажеттіліктерін, әлсіздіктері мен мықты жақтарын біледі. Бізге үлгі көрсетуші Исаның назарынан еш нәрсе тыс қалмайды. Ал қойлары Бағушысын жақсы біледі және оған толықтай сенім артады.
(Жохан 10:4, 5) Барлық қойын шығарған соң, олардың алдында жүріп отырады. Қойлары болса артынан ереді, өйткені оның даусын таниды. 5 Ал бөтен адамға ермей, одан қашады, себебі бөтендердің даусын танымайды”.
cf 124, 125-б., 17-абз.
“Оларға мысалсыз ештеңе де айтпады”
17 Джордж Смит есімді кісі “Қасиетті жердің тарихи географиясы” деген кітабында өзінің не байқағанын жазған. Ол былай дейді: “Кейде күндіз біз Яһудеядағы құдықтардың қасында демалатынбыз. Ол жерге үш-төрт бағушы өз отарларын алып келетін. Қойлардың бәрі араласып кеткенде, енді әркім өз отарын қалай бөліп алар екен деп ойладық. Қойлар су ішіп, ойнақтап болған соң, бағушылар бір-бірден аңғардың әр жағына шығып, өзіне тән ерекше дауыспен қойларын шақыра бастады. Сосын әрқайсысының қойлары өз бағушысының қасына барып, қандай тәртіппен келсе, дәл солай кете барды”. Иса айтқысы келген маңызды ойын жеткізу үшін бұдан артық мысал таппас еді: егер біз оның тәлімдерін көкейімізге түйіп алып, мойынсұнсақ, әрі Исаның жетегіне еріп жүрсек, біз оның “ізгі бағушы” ретіндегі қамқорлығын көреміз.
(Жохан 10:16) Менің бұл қорадағыдан басқа да қойларым бар. Соларды да алып келуім керек, олар менің даусыма құлақ салады. Сонда бәрі бір бағушысы бар бір отар болады.
nwtsty Жх 10:16-ның зерттеу мәліметі
алып келуім: немесе “жетелеуім”. “Аго” деген грек етістігі мәнмәтінге қарай “алып келу” не “жетелеу” дегенді білдіреді. Шамамен б. з. 200 жылғы бір грек қолжазбасында осыған ұқсас грекше сөз (“синаго”) қолданылған, ол жиі “жинау” деп аударылады. Ізгі бағушы Иса қорадағы қойлары (Лқ 12:32-де бұлар “кішкене отар” деп аталған) мен басқа да қойларын жинайды, жетелейді, қорғайды және ас-суын береді. Олар бір бағушысы бар бір отар болады. Осы теңеу Исаның ізбасарларының арасында бірлік болатынын көрсетеді.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 9:38) ол: “Ием, сенемін”,— деп, оған тағзым етті.
nwtsty Жх 9:38-дің зерттеу мәліметі
оған тағзым етті: немесе “жерге дейін иілді; оның аяғына жығылды; құрмет көрсетті”. Осы жердегі “проскинео” деген грек сөзі құдайға не тәңірге табынуға қатысты қолданылғанда “ғибадат ету” деп аударылады (Мт 4:10; Лқ 4:8). Бірақ осы жағдайда зағип болып туылған кісі көзі ашылған кезде Исаны Құдайдың өкілі екенін мойындап, оған тағзым еткен. Ол Исаға Құдай не тәңір деп емес, уәде етілген “Адам Ұлы”, Құдай билік берген Мәсіх деп қараған (Жх 9:35). Еврей жазбаларында адамдардың пайғамбарларға, патшаларға не басқа да Құдай өкілдеріне жерге дейін иіліп тағзым еткені айтылып кеткен. Әлгі кісі де Исаға осы секілді тағзым еткен болса керек (С1ж 25:23, 24; С2ж 14:4—7; П1ж 1:16; П2ж 4:36, 37). Көп жағдайда адамдар Исаның Құдай ықыласына ие екенін көргендеріне ризашылықтарын білдіру үшін оған тағзым еткен.
(Жохан 10:22) Осы кезде Иерусалимде Бағыштау мейрамы өтіп жатқан еді. Бұл қыс мезгілі болатын.
nwtsty Жх 10:22-нің зерттеу мәліметі
Бағыштау мейрамы: Бұл мейрамның еврейше аты — “Ханукка”. Мағынасы: “салтанатты түрде ашу; бағыштау”. Ол кислев айының 25-інен бастап сегіз күн бойы, желтоқсан айының соңына таман өткізілетін (Ә15 қосымшасын қараңыз). Бұл б. з. б. 165 жылы Иерусалимдегі ғибадатхананың қайта бағышталғанын еске түсіретін мейрам болған. IV Антиох Эпифан деген Сирия патшасы яһудилердің Құдайы Ехобаны жек көретінін көрсетіп, оның ғибадатханасын арамдаған. Ол түгелдей өртелетін құрбандық ұсынылатын үлкен құрбандық ошағының үстіне басқа құрбандық орнын тұрғызған. Б. з. б. 168 жылы 25 кислев күні Антиох Ехобаның ғибадатханасын барынша арамдау үшін құрбандық орнына шошқаны шалып, оның етінің сорпасын бүкіл ғибадатханаға бүркіп шыққан. Ол ғибадатхананың қақпаларын өртеп, діни қызметкерлердің бөлмелерін қиратып, алтын үстелді, алтын шамдалды, нан тартуы қойылатын үстелді алып кеткен. Кейін ол Ехобаның ғибадатханасын Олимптің жалған тәңірі Зевске бағыштаған. Екі жылдан соң Яһуда Маккавей деген кісі қала мен ондағы ғибадатхананы жаулап, олардан қайтарып алады. Ғибадатхана тазартылып, б. з. б. 165 жылы 25 кислев күні, яғни Антиох Зевске әлгі жеркенішті құрбандығын шалғаннан дәл үш жыл өткен соң, қайта бағышталды. Содан Ехобаға түгелдей өртелетін құрбандықтар қайтадан күнделікті ұсынылатын болды. Ехоба Яһуда Маккавейге жеңіс сыйлап, ғибадатхананы қайта қалпына келтіруге басшылық еткені жайлы Жазбалардың еш жерінде айтылмаған. Алайда Ехоба Персия патшасы Кир іспетті өзге ұлт адамдарын да шынайы ғибадатқа қатысты ниетін жүзеге асыру үшін қолданған (Иш 45:1). Сондықтан Ехоба ниетін орындау үшін, өзіне бағышталған халықтың ішінен шыққан Яһуда Маккавейді қолданған болуы мүмкін деп тұжырымдау қисынды. Жазбалардан білетініміздей, Мәсіхке, оның қызметіне және құрбандығына қатысты пайғамбарлықтар жүзеге асу үшін ғибадатхана әлі де бар болып, ондағы қызметтер атқарыла беру керек еді. Оның үстіне, Мәсіх келіп, адамзат үшін одан да ұлы құрбандық ұсынатын уақыт келгенге дейін леуіліктер әлі де құрбандық шала беру керек болған (Дн 9:27; Жх 2:17; Ев 9:11—14). Мәсіхтің ізбасарларына Бағыштау мейрамын тойлаңдар деп тапсырылмаған (Қл 2:16, 17). Десе де Исаның немесе шәкірттердің осы мейрамды тойлауды айыптағаны еш жерде жазылмаған.
8—14 қазан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 11, 12
“Исаның жанашырлығына еліктейік”
(Жохан 11:23—26) Иса оған: “Бауырың қайта тіріледі”,— деді. 24 Марта: “Оның ақырғы күні болатын қайта тірілу кезінде тірілетінін білемін”,— деді. 25 Ал Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін. Маған сенген адам өлсе де, қайта өмір сүреді. 26 Ал тірі жүрген әрі маған сенетін адам ешқашан өлмейді. Бұған сенесің бе?”— дегенде,
nwtsty Жх 11:24, 25-тің зерттеу мәліметтері
тірілетінін білемін: Марта Иса болашақта, ақырғы күні болатын қайта тірілу жайлы айтып тұр деп ойлап қалды (Жх 6:39). Оның бұл ілімге деген сенімі қайран қалдырады. Сол кездегі саддукейлер деп аталатын кейбір дінбасылар Жазбаларда қайта тірілуге қатысты анық айтылса да, бұл ілімді жоққа шығаратын (Дн 12:13; Мр 12:18). Ал парызшылдар болса жан өлмейді деп сенетін. Алайда Марта Иса үйреткен қайта тірілу үміті жайлы және оның тіпті өлгендерді қайта тірілткені жайлы білді. Бірақ Елазардан айырмашылығы, олардың өлгеніне бірнеше күн болмаған еді.
Қайта тірілу және өмір — менмін: Исаның өліп, қайта тірілуі марқұмдардың қайта тірілуіне жол ашты. Иса тірілген соң, Ехоба оған өлгендерді тірілтумен қатар, мәңгілік өмір сыйлауға да құдірет берді (Жх 5:26). Аян 1:18-де Иса өзін “тірімін” және “менде өлім мен көрдің кілттері бар” деген. Сондықтан тірілердің де, өлгендердің де болашағы Исаға байланысты. Ол қабірдегілерге өмір сыйлап, кейбіреулерді көкте өзімен бірге билік етуге тірілтетінін, ал өзгелерді өзінің көктегі үкіметінің қол астындағы жаңа жерге тірілтетінін уәде етті (Жх 5:28, 29; Пт2х 3:13).
(Жохан 11:33—35) Мәриям мен оған ерген яһудилердің жылап жатқанын көргенде, Иса іштей күңіреніп, толқып кетті де: 34 “Оны қайда қойдыңдар?”— деп сұрады. Олар: “Ием, жүріңіз, өзіңіз көріңіз”,— деді. 35 Иса көзіне жас алды.
nwtsty Жх 11:33—35 тармақтардың зерттеу мәліметтері
жылап жатқанын: “Жылау” деп аударылған грек сөзі жиі дауыстап жылауды білдіреді. Иса Иерусалимнің қирайтыны жайлы айтып жылаған кезде де түпнұсқада дәл осындай етістік қолданылған (Лқ 19:41).
күңіреніп, толқып кетті: Түпнұсқада осы екі сөздің тіркесіп келгені Исаның сол кезде өте күшті сезімдерді кешкенін білдіреді. “Күңіренді” деп аударылған “эмбримаомаи” деген грек етістігі іштегі терең сезімді білдірсе, бұл мәнмәтінде Исаның сезімі күшті болғаны сонша, оны іште ұстай алмай дауыстап күңіренгенін көрсетеді. “Толқып кетті” деп аударылған грек сөзі (“тарассо”) сөзбе-сөз “аласұрды” дегенді білдіреді. Бір зерттеушінің айтуынша, бұл сөз осы мәнмәтінде “адамның іштей алай-дүлей болуын, жан азабына түсіп, қасірет шегуін” білдіреді. Жх 13:21-де Яһуданың өзіне опасыздық жасайтынын айтқан кездегі Исаның сезімін сипаттау үшін де дәл осы етістік қолданылған (Жх 11:35-тің зерттеу мәліметін қараңыз).
іштей: сөзбе-сөз “рухында”. Осы жерде гректің “пнеума” деген сөзі адамның бейнелі жүрегінен шығатын, оның сөзі мен әрекетіне ықпал ететін қозғаушы күшті білдірсе керек. (Түсіндірмедегі “Рух” сөзін қараңыз.)
көзіне жас алды: “Дакрио” деген грек етістігі “көз жасы” деп аударылатын гректің зат есімінен шыққан. Бұл сөз келесідей тармақтарда қолданылған: Лқ 7:38; Е.і 20:19, 31; Ев 5:7; Аян 7:17; 21:4. Бұл тіркес дауыстап жылауға емес, төгілген көз жасына көбірек назар аударса керек. Грек жазбаларында бұл етістік осы жерде ғана қолданылған. Бұл Жх 11:33-те (зерттеу мәліметін қараңыз) Мәриям мен яһудилердің жылағанын сипаттау үшін қолданылған етістіктен өзгеше. Иса Елазарды тірілтетінін білді, бірақ сүйікті достарының қайғыдан жүректері қарс айырылғанын көргенде, бұл оның жанына қатты батты. Ол достарын қатты жақсы көріп, жаны ашығандықтан, көз жасын жасырмады. Бұл оқиғадан біз Исаның жақынын жоғалтқандарға жаны ашып, олардың қайғысына ортақ болатынын көреміз.
(Жохан 11:43, 44) Осылай деген соң, қатты дауыстап: “Елазар, шық!”— деді. 44 Сол кезде аяқ-қолы кебінге оралған, ал бет-аузы орамалмен байланған марқұм қабірден шықты! Иса қасындағыларға: “Кебінін шешіңдер, жүре берсін!”— деп тапсырды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 11:49) Араларындағы біреуі, сол жылы бас діни қызметкер болған Қаяпа, мынаны айтты: “Сендер түк білмейсіңдер ме?
nwtsty Жх 11:49-дың зерттеу мәліметі
бас діни қызметкер: Исраил тәуелсіз халық болған кезде, бас діни қызметкер міндетін өмір бойы атқаратын (М4ж 35:25). Алайда Исраил римдіктердің қол астында болған кезде, бас діни қызметкерлерді тағайындау не орнынан алып тастау Рим үкіметі тағайындаған билеушілердің құзырында болған. (Түсіндірмедегі “Бас діни қызметкер” сөзін қараңыз.) Римдіктер тағайындаған Қаяпа билік иелерімен жақсы қарым-қатынас сақтай алған. Ол қызметін өзіне дейінгі бас діни қызметкерлерден ұзағырақ атқарды. Ол шамамен б. з. 18 жылы тағайындалып, шамамен б. з. 36 жылына дейін бас діни қызметкер болды. Жохан Қаяпаны сол жылы (яғни б. з. 33 жылы) бас діни қызметкер болған деуімен Иса өлімге кесілген елеулі жылда Қаяпа бас діни қызметкер болып тұрғанын айтса керек. (Ә12 қосымшасынан Қаяпаның үйі қай жерде орналасқан болуы мүмкін екенін қараңыз.)
(Жохан 12:42) Сөйтсе де тіпті көптеген басшылар да Исаға сенді, бірақ парызшылдар мәжілісханадан шығарып жібермесін деп, оны ашық мойындамады.
nwtsty Жх 12:42-нің зерттеу мәліметтері
басшылар: Түпнұсқадағы грек сөзі яһудилердің жоғарғы соты болған Жоғарғы кеңестің мүшелерін білдірсе керек. Бұл сөз Жх 3:1-де сол соттың мүшесі болған Нікөдемге қатысты қолданылған.
мәжілісханадан шығарып: немесе “аластатып; мәжілісханадан қуып”. “Апосинагогос” деген гректің осы сөзі тек Жх 9:22; 12:42; 16:2-де ғана қолданылған. Мәжілісханадан шығарылған адамға жұрт қоғамнан шеттетілген адамдай қарап, оны жақтырмай, маңына жоламайтын. Осылайша яһуди қоғамынан шеттетілген адамның отбасы қаржылай қатты қиналатын болған. Мәжілісханалар негізінен тәлім алатын жер болғанмен, ол жерде жергілікті сот істері де өткізіліп тұратын. Бұл соттың айыпталғандарды дүре соқтыруға, қоғамнан аластатуға қатысты үкім шығаруға билігі болған (Мт 10:17).
15—21 қазан
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 13, 14
“Мен... үлгі көрсеттім”
(Жохан 13:5) Сосын шылапшынға су құйып, шәкірттерінің аяқтарын жуып, беліне байлаған сүлгімен сүрте бастады.
nwtsty Жх 13:5-тің зерттеу мәліметі
шәкірттерінің аяқтарын жуып: Ежелде Исраилде адамдар аяқтарына көбінесе сандал киіп жүретін. Сандал деп аяқ пен тобыққа байлайтын баулары бар ұлтанды яки табанды айтатын. Мұндай аяқкиіммен шаң және лай жолдармен жүргенде, аяқ тез кірленетін. Сондықтан адамдар үйге кіргенде, аяқкиімдерін шешетін. Ал үй иесі қонақжайлылық танытып, қонағының аяғын жуудың қамын жасайтын. Адамдардың осылай еткені Киелі кітапта көп рет айтылған (М1ж 18:4, 5; 24:32; С1ж 25:41; Лқ 7:37, 38, 44). Шәкірттерінің аяқтарын жуған кезде, Иса осы дәстүр арқылы оларға кішіпейілділікті және бір-біріне қызмет етуді үйреткен.
(Жохан 13:12—14) Олардың аяқтарын жуып болған соң, Иса жамылғысын киіп, қайтадан дастарқан басына жантайды да, былай деді: “Сендерге не істегенімді түсінесіңдер ме? 13 Мені “Ұстаз”, “Ием” дейсіңдер. Бұларың дұрыс, өйткені мен солмын. 14 Егер Иелерің әрі Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңнің аяқтарыңды жууларың керек.
nwtsty Жх 13:12—14 тармақтардың зерттеу мәліметі
керек: немесе “міндеттісіңдер”. Осындағы грек етістігі көбіне қаржы мәселесінде қолданылатын. Негізгі мағынасы: “біреуге қарыздар болу; біреуге берешегі бар болу” (Мт 18:28, 30, 34; Лқ 16:5, 7). Осы және өзге де мәнмәтінде бұл етістік кеңірек мағынада қолданылып, бір нәрсені істеуге міндетті я борышты болуды білдіреді (Ж1х 3:16; 4:11; Ж3х 8).
(Жохан 13:15) Мен не істесем, сендер де солай істесін деп, үлгі көрсеттім.
w99 1.3. 31-б., 1-абз.
Ең ұлы адамның көрсеткен кішіпейілділігі
Иса шәкірттерінің аяқтарын жуу арқылы кішіпейілділіктің керемет үлгісін көрсетті. Мәсіхшілер ешқашан өздерін басқалардан артық санап, “өзгелер маған қызмет етсін” деп ойламауы керек. Құрметті әрі беделді дәрежені де көксемеулері қажет. Керісінше, олар “өзіне қызмет еткізуге емес, өзі қызмет етіп, көптеген адамдар үшін жанын төлем ретінде беруге келген” Исаны үлгі тұту қажет (Матай 20:28). Исаның ізбасарлары бір-бірі үшін ең төмен жұмысты да істеуге дайын болулары керек.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 14:6) Иса оған: “Жол, шындық және өмір — менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге келе алмайды.
nwtsty Жх 14:6-ның зерттеу мәліметі
Жол, шындық және өмір — менмін: Иса — жол, себебі тек сол арқылы біз Құдайға дұға етіп жақындай аламыз. Сондай-ақ ол арқылы адамдар Құдаймен татуласа алады (Жх 16:23; Рм 5:8). Иса — шындық, себебі ол шындықты айтқан және шындыққа сай өмір сүрген. Сондай-ақ оның өмірінде орындалған көптеген пайғамбарлықтар оның Құдай ниетінің жүзеге асуында негізгі рөл атқаратынын көрсетеді (Жх 1:14; Аян 19:10). Бұл пайғамбарлықтар “ол арқылы “иә” болды [яки орындалды]” (Қ2х 1:20). Иса — өмір, себебі оның төлем құрбандығы арқылы адамзат “шынайы өмірге”, яғни “мәңгілік өмірге” қол жеткізе алады (Т1х 6:12, 19; Еф 1:7; Ж1х 1:7). Сондай-ақ Иса болашақта қайта тіріліп, жұмақта мәңгі өмір сүре алатын миллиондаған адам үшін де “өмір” болады (Жх 5:28, 29).
(Жохан 14:12) Сендерге нағыз шындықты айтамын, маған сенген адам мен жасаған істерді де жасайды, тіпті одан да зор істер жасайды, өйткені мен Әкеме бара жатырмын.
nwtsty Жх 14:12-нің зерттеу мәліметі
одан да зор істер: Иса шәкірттерінің өзі жасаған кереметтерден де зор керемет жасайтынын айтпаған. Ол бұл сөздерімен шәкірттерінің уағыздау мен тәлім беру ісі өзінікінен зор болатынын кішіпейілділікпен мойындаған. Олар Исаға қарағанда көбірек жерлерді аралап, көбірек адамдарға барып, ұзағырақ уақыт уағыздамақ еді. Демек, Иса өзі бастаған істі ізбасарларының жалғастыратынына сенімді болған.
22—28 ҚАЗАН
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 15—17
“Осы дүниелік емессіңдер”
(Жохан 15:19) Егер осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, қайта, мен сендерді осы дүниеден таңдап алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді.
nwtsty Жх 15:19-дың зерттеу мәліметі
осы дүниелік: Мұндағы “дүние” деп аударылған гректің “космос” сөзі Құдайдың қызметшілерінен бөлек адамдарды, құдайсыз, әділетсіз адамзат қоғамын білдіреді. Ізгі хабарды жазушылардың ішінде Жохан ғана Исаның шәкірттеріне осы дүниелік емессіңдер (яғни осы дүниенің бөлігі емессіңдер) деп айтқанын жазған. Иса өзінің адал елшілерімен айтқан соңғы дұғасында осы сөздерді тағы екі рет айтқан (Жх 17:14, 16).
(Жохан 15:21) Олар осының бәрін сендерге менің атыма бола істейді, себебі мені жібергенді білмейді.
nwtsty Жх 15:21-дің зерттеу мәліметі
менің атыма бола: Киелі кітаптағы “ат” не “есім” деген сөз кейде сол есіммен аталған тұлғаның өзін, оның абырой-беделін, оның жалпы кім екенін білдіреді (Мт 6:9). Исаның аты болса Әкесінің оған берген билігі мен дәрежесін де білдіреді (Мт 28:18; Фп 2:9, 10; Ев 1:3, 4). Иса адамдардың шәкірттеріне неге қарсы шығатынын түсіндіріп: “Себебі мені жібергенді білмейді”,— деді. Егер олар Құдайды білсе, Исаның атының астарында не жатқанын түсініп, мойындар еді (Е.і 4:12). Исаның аты оның Құдай тағайындаған Билеуші, патшалардың Патшасы екенін және өмірге ие болу үшін бүкіл адамзат оған бас иіп, бағынуы керектігін білдіреді (Жх 17:3; Аян 19:11—16; Зб 2:7—12 салыстырыңыз).
(Жохан 16:33) Бұларды мен арқылы араларыңда тыныштық болсын деп айттым. Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”
it-1 516-б.
Батылдық
Мәсіхшілерге Ехоба Құдайды жек көретін әлемнің көзқарасы мен істерінен өздерін таза сақтау үшін және осы дүниенің оларды жек көретініне қарамастан Ехобаға адал болып қалу үшін батылдық қажет. Иса Мәсіх ізбасарларына: “Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”— деген (Жх 16:33). Құдай Ұлы ешқашан да осы дүниенің ықпалына берілмеген. Оның еш нәрсесіне еліктемей, осы дүниені жеңіп шыққан. Исаның жеңімпаз әрі ақырына дейін мінсіз болып тамаша үлгі көрсеткені бізге батылдық береді. Осы батылдықтың арқасында біз де Иса сияқты осы дүниеден бойымызды аулақ ұстаймыз, әрі бізді арамдауына жол бермейміз (Жх 17:16).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 17:21—23) барлығы бірлікте болсын. Әке, сенің менімен, менің сенімен бірлікте болғанымдай, бұлар да бізбен бірлікте болсын. Осылай осы дүние мені өзің жібергеніңе сенсін. 22 Біз сияқты бірлікте болсын деп, мен оларды өзің мені бөлеген даңққа бөледім. 23 Мен олармен, ал сен менімен бірліктесің. Осылайша мені өзің жібергеніңді және мені қалай сүйсең, оларды да солай сүйетініңді осы дүние білу үшін, олар толықтай бірлікте болсын.
nwtsty Жх 17:21—23 тармақтардың зерттеу мәліметтері
бірлікте: Иса Әкесі екеуінің “бірлікте” екеніндей, яғни тығыз қызметтес әрі ойларының бір екеніндей, шынайы ізбасарларының да “бірлікте” болғанын, яғни бір мақсатты көздеп, бірлесе қызметтескенін сұрап дұға еткен (Жх 17:22; 10:30; 17:11). Қ1х 3:6—9 тармақтарда Пауыл мәсіхшілер бір-бірімен және Құдаймен қызметтескенде араларында осындай бірлік болатынын айтқан.
толықтай бірлікте: Осы тармақта Иса бірлік сақтау мен Әкеміздің сүйіспеншілігіне бөленудің байланысты екенін көрсетті. Бұл Қл 3:14-тегі: “Сүйіспеншілік... толықтай біріктіреді”,— деген сөздермен үйлеседі. Бірақ бұл біздің барлық жағынан бірдей екенімізді білдірмейді. Біздің болмысымыз, қабілеттеріміз, әдеттеріміз бен ар-ұжданымыз әртүрлі. Толықтай бірлікте болу дегеніміз Исаның ізбасарларын әрекеттері, сенімдері мен тәлімдері біріктіретінін білдіреді (Рм 15:5, 6; Қ1х 1:10; Еф 4:3; Фп 1:27).
(Жохан 17:24) Әке, маған берген адамдарың мен болатын жерде болып, маған берген ұлылығыңды көрсе екен деймін. Өйткені сен мені дүниенің негізі қаланбай тұрып сүйдің.
nwtsty Жх 17:24-тің зерттеу мәліметі
дүниенің негізі қаланбай: “Негізін қалау” деп аударылған грек сөзі Ев 11:11-де “құрсақ көтеру” деп аударылып, “ұрпақ әкелу” деген сөздермен тіркесіп келген. “Дүниенің негізін қалау” деген тіркес болса Адам мен Хауаның балалары туылған кезге нұсқаса керек. Иса “дүниенің негізінің қалануын” Әбілмен байланыстырған. Әбіл күнәсінің құны өтелетіндердің және “дүниенің негізі қаланғаннан бері есімдері өмір шиыршығына жазылғандардың” алғашқысы болса керек (Лқ 11:50, 51; Аян 17:8). Сондай-ақ Исаның Әкесіне дұғада айтқан осы сөздері Адам мен Хауа дүниеге ұрпақ әкелмей тұрып ұзақ уақыт бұрын Құдай жалғыз Ұлын сүйгенін көрсетеді.
29 қазан—4 қараша
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 18, 19
“Иса шындық туралы куәлік етті”
(Жохан 18:37) Сонда Пилат: “Сонымен, патшасың ғой?”— деді. Исаның жауабы мынау болды: “Патша екенімді өзіңіз айтып тұрсыз. Мен шындық туралы куәлік ету үшін туылдым, сол үшін осы дүниеге келдім. Шындықты жақтайтын әркім менің даусыма құлақ салады”.
nwtsty Жх 18:37-нің зерттеу мәліметтері
куәлік ету: Мәсіхшілердің грек жазбаларында “куәлік ету” (“мартирео”), “куәлік” (“мартириа”), “куәгер” (“мартис”) деп аударылған грек сөздерінің мағынасы кең. Негізінен бұл сөздер адамның өз көргендеріне не білгендеріне сүйеніп қандай да бір дерек жайлы куәлік етуін білдіргенімен, “мәлімдеу; растау; жақтап сөйлеу” деген мағыналарды да қамтуы мүмкін. Иса өзі нық сенген шындықтар жайлы куәлік етіп, жариялап қана қойған жоқ. Ол Әкесінің пайғамбарлық сөздері мен уәделерінің шындығын растайтындай өмір кешті (Қ2х 1:20). Патшалық пен оның Билеушісі Мәсіхке қатысты Құдайдың ниеті егжей-тегжейіне дейін пайғамбарлық етілген болатын. Иса туралы пайғамбарлықтар, оның ішінде Заң келісіміндегі “көлеңкелер” де, оның бүкіл жердегі өмірі мен соңындағы құрбандық өлімі кезінде түгел орындалды (Қл 2:16, 17; Ев 10:1). Демек, ол сөзімен де, ісімен де “шындық туралы куәлік етті”.
шындық: Иса бұл жерде жалпы мағынадағы шындық жайлы емес, Құдайдың ниетіне қатысты шындықты айтқан. Құдайдың ниетіндегі басты нәрсе — “Дәуіттің әулетінен шыққан” Исаның Бас діни қызметкер әрі Құдай Патшалығының Билеушісі болуы (Мт 1:1). Иса адамдардың арасына келіп, жер бетінде өмір сүріп, жерде қызмет етуінің басты мақсаты Құдай Патшалығы жайлы шындықты жариялау екенін айтқан. Кезінде Дәуіт туылған Яһудеядағы Бетлехем қаласында Иса туылмай тұрып және туылған кезде періштелер осы хабарды жария еткен (Лқ 1:32, 33; 2:10—14).
(Жохан 18:38а) Пилат: “Шындық деген не?”— деді.
nwtsty Жх 18:38а-ның зерттеу мәліметі
Шындық деген не?: Пилат бұл жерде Иса қазір ғана айтқан “шындық” жайлы емес, жалпы мағынадағы шындық жайлы сұрағанға ұқсайды (Жх 18:37). Бұл сұрақ Пилатты шынымен қызықтырған болса, Иса оған жауап берер еді. Бірақ бұл Пилаттың күдіктене, сыни көзқараспен қойған риторикалық сұрағы болған көрінеді. Ол, былайша айтқанда: “Шындық дейсің бе? Не ол? Шындық деген жоқ!”— деген. Пилат тіпті Исаның жауабын күтпей, сыртта тұрған яһудилерге шығып кеткен.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 19:30) Иса қышқыл шарапты татып көрген соң: “Түгел орындалды!”— деді де, басын иіп, соңғы демін шығарды.
nwtsty Жх 19:30-дың зерттеу мәліметі
соңғы демін шығарды: немесе “өлді; демі тоқтады”. Гректің “пнеума” сөзін бұл жерде “дем” немесе “өмір күші” деп түсінуге болады. Осы оқиға жазылған басқа үзінділерде, Мр 15:37 мен Лқ 23:46-да, қолданылған гректің “экпнео” (сөзбе-сөз “дем шығару”) етістігі де осы ойды растайды (екі тармақта да бұл сөз “соңғы демін шығарды” деп аударылған). Кейбіреулер “шығарды” деп аударылған грек сөзі, барлығы “түгел орындалғандықтан”, Иса өмір үшін күресуді өз еркімен доғарғанын білдіреді деп пайымдайды. Қалай болған күнде де, ол өз еркімен “жанын өлімге қиды” (Иш 53:12; Жх 10:11).
(Жохан 19:31) Даярлық күні болғандықтан азап бағанасына ілінгендердің денесі Демалыс күні (ал бұл ұлы Демалыс күні болатын) бағанада қалмас үшін, яһудилер Пилаттан олардың аяқтарын сындырып, денелерін алдырып тастауды өтінді.
nwtsty Жх 19:31-дің зерттеу мәліметі
бұл ұлы Демалыс күні болатын: Құтқарылу мейрамынан кейінгі 15 нисан күні, аптаның қай күніне түссе де, демалыс күні болып есептелетін (М3ж 23:5—7). Егер аталмыш Демалыс күні әдеттегі Демалыс күнімен (яһудилерде жетінші күн жұма күні күн батқан соң басталып, сенбі күні күн батқанша созылатын) қатар келсе, бұл “ұлы” Демалыс күні болатын. Иса өлген жұма күнінен кейінгі демалыс күні осындай күн болған. Б. з. 31—33 жылдар аралығында 14 нисан күні тек б. з. 33 жылы ғана жұма күніне түсті. Сондықтан осы айғақ Исаның б. з. 33 жылы 14 нисанда қайтыс болғанына қосымша дәлел болып табылады.