“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
3—9 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 1, 2
“Иса алғашқы кереметін жасады”
(Жохан 2:1—3) Екі күннен кейін Ғалилеядағы Қанада үйлену тойы болды, Исаның анасы сол жерде еді. 2 Иса мен оның шәкірттері де тойға шақырылды. 3 Шарап таусылғанда, анасы Исаға: “Олардың шарабы жоқ”,— деді.
Мәсіх — Құдайдың құдіреті
Ғалилеядағы Қана қаласында өткен үйлену тойында Иса алғаш рет керемет жасады. Тойға күтілгеннен көп адам келсе керек. Әйтсе де себебі қандай болмасын — шарап таусылып қалады. Қонақтардың арасында Исаның анасы Мәриям да болды. Оның жылдар бойы ұлына қатысты пайғамбарлықтар жайлы ойланып жүргенінде дау жоқ. Өйткені ол өз ұлының “Құдай Тағаланың Ұлы” деп аталатынын білген ғой (Лұқа 1:30—32; 2:52). Мәриям оның кереметтер жасай алатынына сенімді болды ма? Кесіп айту қиын. Бірақ Мәриям мен Исаның жас жұбайларға жаны ашып, оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырғысы келмегені анық. Иса той иесінің қонақжай болуы керек екенін түсінген. Сондықтан 380 литр суды тамаша шарапқа айналдырды (Жохан 2:3, 6—11 оқы). Иса осы кереметті жасауға міндетті ме еді? Жоқ. Ол адамдардың қамын ойлағандықтан әрі өзінің жомарт Әкесіне еліктегендіктен солай істеді.
(Жохан 2:4—11) Бірақ Иса: “Бұның екеумізге қандай қатысы бар? Менің уақытым әлі келген жоқ”,— деп жауап қатты. 5 Сонда анасы қызмет көрсетіп жүргендерге: “Ол не айтса, соны істеңдер”,— деді. 6 Сол жерде яһудилердің тазару ережелеріне сай, алты тас құмыра бар еді, оның әрқайсысына шамамен 44-тен 66 литрге дейін су сыятын. 7 Иса қызмет көрсетушілерге: “Құмыраларды суға толтырыңдар”,— деді. Олар құмыраларды ернеулете толтырды. 8 Сосын ол: “Аздап алып, асабаға апарыңдар”,— деді. Қызметшілер солай етті. 9 Асаба шарапқа айналған суды татып көрді. Бірақ оның қайдан екенін білген жоқ, мұны суды шөміштеп алған қызметшілер ғана білетін. Асаба күйеужігітті шақырып алып, 10 былай деді: “Жұрт алдымен жақсы шарабын, ал қонақтар қызып алғанда, нашарлауын береді. Сен болсаң жақсысын осы уақытқа дейін сақтап қойыпсың”. 11 Осылай Иса Ғалилеядағы Қанада алғашқы кереметін жасап, өзінің құдіретін көрсетті. Ал шәкірттері оған сенді.
Алғашқы кереметін жасады
Бұл — Иса жасаған алғашқы керемет. Шәкірттері кереметті көргенде, Исаға деген сенімдері нығая түсті. Тойдан кейін Иса анасымен және бауырларымен Ғалилея теңізінің солтүстік-батыс жағалауындағы Қапарнаум қаласына жол тартты.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 1:1) Әуел баста Сөз болған, Сөз Құдаймен бірге болған, Сөз Құдайға ұқсас болған.
bh 202-б., 2-абз.—203-б., 1-абз.
Әке, Ұл және Киелі рух жайындағы шындық
Жохан 1:1-де: “Әуел баста Сөз болатын, Сөз Құдайда болатын, Сөз Құдай еді”,— делінген (“Жаңа өмір” баспасы). Кейінірек дәл осы тарауда елші Жохан “Сөздің” Иса екенін анық көрсетті (Жохан 1:14). Алайда “Сөз” Құдай деп аталғандықтан, кейбіреулер Ұл мен Әке бір Құдайды құрайды деген тұжырым жасайды.
Киелі кітаптың осы бөлігінің о баста грек тілінде жазылғанын ұмытпалық. Кейінірек ол түрлі тілдерге аударылған. Бірақ “Сөз Құдай еді” деген тіркесті аудармашылардың бәрі қолданбаған. Не себепті? Көне грек тілін білген олар аталмыш тіркес басқаша аударылуы керек деген шешімге келген. Сонда қалай аударылу керек? Келесі мысалдарға көңіл аударып көрейік: “Сөз құдай болған” (The New Testament in an Improved Version). “Сөз Құдаймен бірге болған әрі [олардың] болмыстары бірдей болған” (The Translator”s New Testament). Осы аудармаларға сай, Сөз — Құдайдың өзі емес. Сөз Ехобаның жаратылыстарының арасында жоғары дәрежеге ие, сондықтан ол “құдай” деп аталады. Мұндағы “құдай” деген сөз “зор күш иесі” дегенді білдіреді.
ҚОСЫМША МӘЛІМЕТТЕРДІ ҚАРАСТЫР
Адамдардың бәрі көне грек тілін біле бермейді. Олай болса, елші Жоханның сөздерінің астарында не жатқанын қалай білуге болады? Мынадай мысалды қарастырып көрейік: мұғалім оқушыларға бір тақырыпты түсіндіріп береді. Бірақ оның айтқандарын оқушылардың әрқайсысы өзінше түсініп алады. Олардың мұндай жағдайда не істеулеріне болар еді? Дау жоқ, мұғалімнен көбірек мәлімет сұрап, оны қарастырғандары тақырыпты жақсырақ түсінулеріне көмектесер еді. Сол сияқты Жохан жазған ізгі хабардан Иса жайлы көбірек мәлімет алсаң, Жохан 1:1-дегі сөздерді түсінесің. Қосымша мәліметтерді қарастырғаның дұрыс қорытынды жасауыңа көмектеседі.
Мысалы, аталмыш Ізгі хабардың 1-ші тарауының 18-ші тармағына көңіл бөлші: “Құдайды ешкім ешқашан көрген емес”. Бірақ адамдар Исаны, яғни Ұлды, көрген, сондықтан Жохан былай деген: “Сөз адам болып, арамызда өмір сүрді. Біз оның салтанатын, жалғыз ұлдың әкесінен алған салтанатын, көрдік” (Жохан 1:14). Осы сөздерді ескерсек, Ұл мен Құдіреті шексіз Құдайдың бір тұлға болуы мүмкін бе? Сондай-ақ Жоханның айтуынша, Сөз “Құдайда болған”, немесе Құдаймен бірге болған. Бірақ қалайша әлдебіреу өзге тұлғамен бірге бола тұра, сол тұлғаның өзі бола алады? Оның үстіне, Жохан 17:3-те жазылғандай, Иса өзі мен көктегі Әкесінің арасында айырмашылық бар екенін анық көрсеткен. Ол Әкесін “жалғыз шынайы Құдай” деп атаған. Ізгі хабарының соңына таман Жохан мынадай қорытынды жасаған: “Ал бұлар Исаның Мәсіх, Құдайдың Ұлы, екеніне сенулерің үшін жазылды” (Жохан 20:31). Байқасаң, Иса мұнда Құдай емес, Құдай Ұлы деп аталған. Жоханның Ізгі хабарындағы осы қосымша мәліметтен Жохан 1:1-ді қалай түсінуіміз керек екені көрінеді. Иса, яғни Сөз, жоғары дәрежеге ие деген мағынада “құдай”, бірақ оның дәрежесі Құдіреті шексіз Құдайдікімен тең емес.
(Жохан 1:29) Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп былай деді: “Қараңдар, мынау — дүниені күнәдан арылтатын Құдайдың Тоқтысы!
nwtsty Жх 1:29-дың зерттеу мәліметі
Құдайдың Тоқтысы: Иса шомылдыру рәсімінен өтіп, шөл далада сыналып келгеннен кейін, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия оны “Құдайдың Тоқтысы” деп атады. Бұл тіркес тек осы тармақта және Жохан 1:36-да ғана кездеседі (А7 қосымшасын қараңыз). Исаның тоқтыға теңелгені өте орынды. Киелі кітаптан білетініміздей, адамдар күнәсін мойындап, Құдайға жақындағысы келетінін көрсету үшін құрбандыққа қой шалатын болған. Бұл Исаның адамзат үшін өзінің кемелді адами өмірін құрбан ететінінің бейнесі болды. “Құдайдың Тоқтысы” деген тіркес Жазбалардағы бірнеше үзіндіні есімізге түсіреді. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақияның Еврей жазбаларын жақсы білгенін ескерсек, “Құдайдың Тоқтысы” деуімен ол келесі жайттардың біріне не бірнешеуіне меңзеген болуы мүмкін: Ысқақтың орнына құрбандыққа шалынған қошқарға (М1ж 22:13); құлдықта жүрген исраилдіктердің Мысырдан шығар алдында сойған Құтқарылу мейрамының тоқтысына (М2ж 12:1—13); я болмаса Иерусалимдегі құрбандық ошағында күн сайын ұсынылып отырған таңертеңгі және кешкі қошқарға (М2ж 29:38—42). Сондай-ақ Жақия Ишаяның пайғамбарлығын да ойда тұтса керек. Онда Ехоба “менің қызметшім” деп атаған кісінің “тоқты іспетті, сойылатын жерге апарылатыны” айтылған (Иш 52:13; 53:5, 7, 11). Елші Пауыл қорынттықтарға жазған бірінші хатында Исаны “Құтқарылу мейрамының тоқтысы” деп атаған (Қ1х 5:7). Ал елші Петір Мәсіхтің аса бағалы қанының “еш кемістігі жоқ әрі кіршіксіз тоқтының қаны іспетті” екенін айтқан (Пт1х 1:19). Бұған қоса, даңққа бөленген Иса Аян кітабында бейнелі түрде 25-тен астам рет “Тоқты” деп аталған (Аян 5:8; 6:1; 7:9; 12:11; 13:8; 14:1; 15:3; 17:14; 19:7; 21:9; 22:1).
10—16 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 3, 4
“Исаның самариялық әйелге уағыздауы”
(Жохан 4:6, 7) Сол жерде “Жақып құдығы” бар еді. Жолдан шаршаған Иса құдық басына отыра кетті. Бұл шамамен алтыншы сағат болатын. 7 Осы жерге самариялық бір әйел су алуға келді. Иса оған: “Маған ішетін су берші”,— деді.
nwtsty Жх 4:6-ның зерттеу мәліметі
шаршаған: Киелі кітаптың осы жерінде ғана Исаның “шаршағаны” айтылады. Бұл шамамен түскі сағат 12:00 болатын. Исаның сапары сол күні таңертең Яһудеяның Иордан аңғарынан басталғанға ұқсайды. Ал Самариядағы Сихар қаласына келу үшін оған 900 метрден асатын биіктікке өрлеп шығу керек болған (Жх 4:3—5; А7 қосымшасын қараңыз).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 3:29) Қалыңдығы бар кісі — күйеужігіт қой. Ал қасында тұрған досы оның даусын естіп, қатты қуанады. Менің де қуанышым қойныма сыймай тұр.
nwtsty Жх 3:29-дың зерттеу мәліметі
[күйеужігіттің] досы: Ежелде күйеужігіттің жақын жолдасы оның заңды өкілі болған, әрі той шараларын ұйымдастыруда негізгі рөл атқарған. Оның міндетіне қалыңдық пен күйеужігітті табыстыру да кірген. Той күні қонақтар күйеужігіттің не оның әкесінің үйінде жиналатын, ол жерде мерекелік дастарқан жайылатын. Той кезінде күйеужігіттің қалыңдығымен әңгімелесіп жатқандағы даусын естігенде, оның досы қуанатын. Өйткені сол кезде ол өзіне жүктелген міндетін ойдағыдай атқарғанын түсінген. Шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия өзін “[күйеужігіттің] досына” теңеген. Бұл жағдайда күйеужігіт Иса, ал шәкірттері топ ретінде оның бейнелі қалыңдығы болды. Мәсіхке жол дайындай жүріп, шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия “қалыңдықтың” алғашқы мүшелерін Иса Мәсіхпен таныстырды (Жх 1:29, 35; Қ2х 11:2; Еф 5:22—27; Аян 21:2, 9). Күйеужігіттің досы ретінде Жақия екі жақты табыстырғаннан кейін, өз міндетін аяқтады. Бұдан соң ол маңызды рөл атқармады. Сол себепті Жақия Исаға меңзеп: “Ол жоғарылай, ал мен төмендей беруім керек”,— деген (Жх 3:30).
(Жохан 4:10) Сонда Иса: “Егер Құдайдың өзіңе беретін сыйын және “ішетін су берші” дегеннің кім екенін білсең, одан өзің сұрар едің, ал ол саған өмір суын берер еді”,— деп жауап берді.
nwtsty Жх 4:10-ның зерттеу мәліметі
өмір суын: Сөзбе-сөз “тірі суды”. Бұл жердегі грек тіркесі тікелей мағынадағы ағын суды, бұлақ суын немесе құдықтың тұщы суын білдіреді. Бұл су қоймасында тұрып қалған су емес. М3ж 14:5-тегі “ағын су” деп аударылған еврей тіркесі сөзбе-сөз “тірі су” дегенді білдіреді. Ерм 2:13 пен 17:13-те Ехоба “өмір суының көзі” және “өмір суының қайнар көзі” деп сипатталған, яғни ол — өмір беретін бейнелі судың қайнары. Самариялық әйелмен сөйлескенде, Иса астарлы мағынадағы “өмір суы” жайлы айтқан еді, бірақ әйел оны бастапқыда тікелей түсініп қалған көрінеді (Жх 4:11, 14).
17—23 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 5, 6
“Исаның соңынан дұрыс ниетпен еріңіз”
(Жохан 6:9—11) “Осында бір баланың бес арпа наны мен екі кішкене балығы бар. Бірақ бұл осыншама кісіге не болады?”— деді. 10 Ал Иса: “Адамдарды жерге жайғастырыңдар”,— деді. Жұрттың бәрі сол жердегі көк майсаға жайғасты, онда 5000-дай ер адам болды. 11 Иса нанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, жұртқа үлестірді. Сосын кішкене балықтармен де осылай етіп, оларға қалағандарынша берді.
nwtsty Жх 6:10-ның зерттеу мәліметі
онда 5000-дай ер адам болды: Матай кітабында ғана осы керемет жасалған жерде “әйелдер мен балалар” да болғаны жазылған (Мт 14:21). Осыған қарағанда, тамақтанған адамдардың жалпы саны 15 000-нан да көп болған болуы мүмкін.
(Жохан 6:14) Исаның жасаған кереметін көргенде, адамдар: “Бұл, шынымен де, дүниеге келуі керек пайғамбар”,— десті.
nwtsty Жх 6:14-тің зерттеу мәліметі
келуі керек пайғамбар: М5ж 18:15, 18-де Мұса іспетті пайғамбардың келетіні айтылып кеткен. Б. з. І ғасырында көп яһудилер сол пайғамбар Мәсіх болады деп күткен. Олардың Мәсіхтің келуін күтіп жүргені дүниеге келуі керек пайғамбар деген сөздерінен көрінеді. Бұл жайлы тек Жохан ғана жазған.
(Жохан 6:25—27) Исаны теңіздің арғы бетінен тапқанда, олар: “Ұстаз, бұл жерге қашан келдіңіз?”— деп сұрады. 26 Иса былай деді: “Сендерге нағыз шындықты айтамын, мені кереметтерді көргендіктен емес, нан жеп тойғандықтан ғана іздеп жүрсіңдер. 27 Бұзылатын тамақ үшін емес, мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ үшін еңбек етіңдер. Бұны сендерге Адам Ұлы береді, өйткені Құдай Әкенің өзі оны қолдайтынын көрсетіп, мөрін басқан”.
(Жохан 6:54) Кім менің тәнімді жеп, қанымды ішсе, мәңгілік өмірге ие болады. Мен оны ақырғы күні тірілтемін.
nwtsty Жх 6:27, 54-тің зерттеу мәліметтері
Бұзылатын тамақ.., мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ: Иса кейбір адамдардың оның өзімен және шәкірттерімен тек тәндік қажеттіліктерін ойлап араласып жүргенін білген. Адамдар әлсіреп, өліп қалмау үшін күн сайын тамақ жеп тұру керек. Ал Құдай Сөзіндегі “тамақтың” арқасында адамдар мәңгілік бойы өмір сүре алады. Иса жұртты “мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ” үшін еңбек етуге шақырған. Демек, олар рухани мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін күш салулары және білгендеріне сенулері керек еді (Мт 4:4; 5:3; Жх 6:28—39).
менің тәнімді жеп, қанымды ішсе: Бұл тіркестің бейнелі мағынада айтылғаны, яғни Исаға сенім танытуды білдіргені мәнмәтіннен көрінеді (Жх 6:27, 54). Иса бұл сөздерді б. з. 32 жылы айтқандықтан, Иеміздің кешкі асына меңземегені анық. Ол бұл кешті бір жылдан кейін ғана енгізді. Бұл дәл “яһудилердің Құтқарылу мейрамының” алдында айтылған сөздер болатын (Жх 6:4). Демек, Исаны тыңдап отырған адамдар сол мейрамды және Мысырдан шыққан түні тоқтының қаны исраилдіктердің үй ішін аман сақтап қалғанын естеріне түсірсе керек (М2ж 12:24—27). Сол кездегі тоқтының қаны іспетті, Иса өз қанының өте маңызды рөл атқаратынына, яғни соның арқасында шәкірттеріне мәңгілік өмірге жол ашылатынына нұсқаған.
w05 1.9. 30, 31-б., 13, 14-абз.
Біз Құдайымыз Ехобаның есімімен жүреміз
Осыған қарамастан адамдар Исаны іздеп, Жохан айтқандай, “көлдің батыс бетінен” тауып алады. Неге Иса патша болудан бас тартса да, олар оны іздеді? Олардың көбісі пендешілік көзқараста екенін көрсетіп, Мұсаның күндерінде Ехобаның шөл далада исраилдіктерге тәндік ас-су бергеніне ерекше назар аударды. Осылай олар өздерін Исаның әрі қарай да ас-сумен қамтамасыз ете беруіне меңзеген болатын. Пиғылдарының дұрыс емес екенін түсінген Иса олардың ой-қалпын түзетуге көмектесетін рухани шындықтар жайлы үйрете бастады (Жохан 6:17, 24, 25, 30, 31, 35—40). Нәтижесінде біразы, әсіресе келесі көрнекі мысалды айтқан кезде, күңкілдеп, наразылық білдірді: “Сендерге өте маңызды шындықты айтамын: егер көктен келген Билеушінің тәнін “жеп”, қанын “ішпесеңдер”, сендерде шынайы өмір болмайды. Кімде-кім Менің тәнімді “жеп”, қанымды “ішсе”, ол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін” (Жохан 6:53, 54).
Исаның көрнекі мысалдары жиі адамдардың ішкі ниетін ашып, шын мәнінде Құдаймен бірге жүргілері келе ме, жоқ па, соны анықтауға көмектесетін. Бұл көрнекі мысалдың да мақсаты сондай еді. Бұл әңгіме адамдардың қатты наразылығын тудырды. Біз былай деп оқимыз: “Осыны естіген шәкірттерінің көбі: — Мынау жанға батар сөз екен, оны кім тыңдай алады?— деді”. Әрі қарай Иса өз сөздерін рухани мағынада ұғыну керектігін түсіндірді. Ол: “Шынайы өмір беруші — Киелі Рух, ал бұған тән еш жарамайды. Сендерге айтқан сөздерім арқылы рухани өмірге ие бола аласыңдар”,— деді. Алайда көбісі оны тыңдағысы келмеді. Әрі қарай былай деп оқимыз: “Сол күннен бастап, шәкірттерінің көбі Исадан бас тартып, бұдан былай Оған ермейтін болды” (Жохан 6:60, 63, 66).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 6:44) Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады. Ал мен оны ақырғы күні қайта тірілтемін.
nwtsty Жх 6:44-тің зерттеу мәліметі
жақындатып тартса: “жақындатып тарту” деп аударылған грек етістігі балыққа толы ауды тартып шығаруға қатысты қолданылған (Жх 21:6, 11). Дегенмен бұл сөз Құдай адамдарды өзіне күштеп жақындатады дегенді білдірмейді. Исаның бұл сөздері Ерм 31:3-тегі сөздерді еске түсіреді. Ол жерде Ехоба ежелдегі өз халқына: “Айнымас сүйіспеншілігіммен сені өзіме жақындаттым”,— деген. (Септуагинтте гректің осы етістігі қолданылған.) Жх 12:32-ге сай, Иса да әртүрлі адамдарды өзіне жақындатып тартады. Жазбалардан білетініміздей, Ехоба адамзатқа ерік бостандығын берген. Оған қызмет ету-етпеуді әркім өзі таңдайды (М5ж 30:19, 20). Құдай шындыққа ыңғай танытқан адамдарды жақындатып тартады (Зб 11:5; Н.с 21:2; Е.і 13:48). Бұл үшін Ехоба Киелі кітаптағы хабары мен киелі рухын қолданады. Жх 6:45-те келтірілген Иш 54:13-тегі пайғамбарлық сөздер Әкенің жақындатып тартқан адамдарына қатысты қолданылады (Жх 6:65 салыстырыңыз).
(Жохан 6:64) Бірақ араларыңда сенбейтіндер де бар”,— деді. Өйткені Иса кімдердің сенбейтінін және кімнің өзіне опасыздық жасайтынын әуел бастан білетін.
nwtsty Жх 6:64-тің зерттеу мәліметтері
Иса... кімнің өзіне опасыздық жасайтынын... білетін: “Араларыңда сенбейтіндер де бар” деуімен Иса Яһуда Исқариот жайлы айтқан. Иса 12 елшісін таңдамас бұрын Әкесіне түні бойы дұға еткен болатын (Лқ 6:12—16). Демек, бастапқыда Яһуда Құдайға адал болған. Алайда Еврей жазбаларындағы пайғамбарлықтардан Иса өзімен жақын араласатын адамдардың бірі опасыздық жасайтынын білген (Зб 41:9; 109:8; Жх 13:18, 19). Яһуда жаман жаққа өзгере бастаған кезде, жүрек пен ойды оқи алатын Иса бұл өзгерісті байқап қойған (Мт 9:4). Исаның сенім артқан бір жолдасы сатқын болып шығатынын Құдай болашақты алдын ала білу қабілетін қолдану арқылы білген. Бірақ бұл “Яһуданың басқа амалы болмады, оның тағдыры шешіліп қойылған еді” дегенді білдірмейді. Бұндай пікір Құдайдың қасиеттері мен бұрында жасаған істерімен еш қиыспайды.
әуел бастан: Бұл тіркес Яһуданың туылған кезін немесе Иса түні бойы дұға еткеннен кейін оны елші ретінде таңдаған кезін білдірмейді (Лқ 6:12—16). Қайта, оның опасыздықпен әрекет ете бастаған кезін білдіреді. Сол кезде Иса мұны бірден білген (Жх 2:24, 25; Аян 1:1; 2:23; Жх 6:70; 13:11). Сондай-ақ бұл Яһуданың жүрек күйі аяқастынан өзгергендігін емес, оның алдын ала ойластырып, жоспарлап әрекет еткенін көрсетеді. Грек жазбаларында “әуел бастан” деген тіркестің мағынасы (грекше “архе”) мәнмәтінге қарай өзгеріп отырады. Мысалы, Пт2х 3:4-тегі “архе” сөзі “жаратылыс басталғалы бері” деп аударылған. Ал Е.і 11:15-те Петір “киелі рух о баста” өздеріне төгілгеніндей, басқа ұлт адамдарына да төгілгенін айтқан. Мұнда Петір “о баста” деп өзінің туылған кезіне не елші атанған кезіне нұсқамаған. Ол б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында киелі рухтың алғаш рет арнайы мақсатпен төгілген кезіне нұсқаған (Е.і 2:1—4). “Архе” сөзінің мағынасы мәнмәтінге қарай өзгеріп отыратынын келесі тармақтардан да көруге болады: Лқ 1:2; Жх 15:27; Ж1х 2:7.
24—30 қыркүйек
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ЖОХАН 7, 8
“Иса Әкесін мадақтаған”
(Жохан 7:15—18) Яһудилер таңғалып: “Арнайы діни тәлім алмаса да, ол Жазбаларды қалай жақсы біледі?”— десті. 16 Иса оларға былай деп жауап берді: “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі. 17 Оның еркін орындағысы келетін әркім осы ілім Құдайдан ба, әлде оны өз ойымнан айтып тұрмын ба, соны білетін болады. 18 Өз ойынан айтатын адам өзіне даңқ іздейді. Ал кім өзін жібергенді даңқтауды ойласа, оның шыншыл болғаны әрі онда еш әділетсіздік жоқ.
cf 100, 101-б., 5, 6-абз.
“Деп жазылған ғой”
Иса өзінің айтқан хабары кімдікі екенін жұрттың білгенін қалады. “Ілімім — менікі емес, мені жібергендікі”,— деді ол (Жохан 7:16). Басқа бір жолы: “Ештеңені өздігімнен істемей, қайта, Әкем не үйретсе, соны айтатынымды білесіңдер”,— деген (Жохан 8:28). Тағы бірде: “Сендерге өз ойымды айтып жүрген жоқпын. Менімен бірліктегі Әкем өз істерін мен арқылы атқаруда”,— деген (Жохан 14:10). Иса осындай сөздерінің растығын дәлелдеу үшін, Жазбалардан қайта-қайта үзінділер келтіріп отырған.
Киелі кітаптағы Исаның сөздерін жақсырақ зерттей келе, мына бір жайтты байқаймыз: ол Еврей жазбаларындағы кітаптардың жартысынан көбінен тікелей үзінділер келтірген немесе соларға жанамалап сілтеген. Бастапқыда бұл жайт аса таңғалдыра қоймас. Бәлкім, сіз: “Неге Иса үш жарым жыл бойы көпшілікке уағыздап, тәлім бергенде, Еврей жазбаларының барлық кітабынан үзінді келтірмеген?”— деп таңырқайтын шығарсыз. Шындығына келгенде, ол солай еткен болуы да мүмкін. Мынаны ұмытпайық: Исаның айтқан сөздері мен істеген істерінің бір бөлігі ғана жазылып қалдырылған (Жохан 21:25). Егер Исаның Киелі кітапқа енген сөздерін дауыстап оқысаңыз, оған небәрі бірнеше сағат кетеді. Бірақ, енді ойланып көріңізші, сол бірнеше сағатта Құдай және оның Патшалығы жайлы адамдармен сөйлесе отырып, Еврей жазбаларындағы кітаптардың жартысынан көбіне жүгіну оңай ма? Бұған қоса, көп жағдайда Исаның қолында шиыршықтар болмағанын да айта кеткен жөн. Әйгілі Таудағы уағызында ол Еврей жазбаларына көп рет жүгінген және оның бәрін жатқа айтқан!
(Жохан 7:28, 29) Ғибадатханада тәлім беріп жатқанда, Иса дауыстап былай деді: “Сендер менің кім екенімді де, қайдан екенімді де білесіңдер. Мен өз бетіммен келген жоқпын. Мені жіберген шынымен бар, бірақ сендер оны білмейсіңдер. 29 Ал мен оны білемін, өйткені соның атынан келдім, мені жіберген — сол”.
(Жохан 8:29) Мені жіберген өзіммен бірге. Ол мені жалғыз қалдырған жоқ, өйткені мен әрқашан оған ұнайтынды істеймін.
Осы дүниенің емес, Құдайдан келген рухты қабылда
Ехобаға толығымен мойынсұн. Иса әрқашан Әкесіне ұнайтынды істеген. Бірақ бір жағдайда ол Әкесі қалағаннан өзгеше әрекет еткісі келген. Соған қарамай бәрін Әкесінің қолына сеніп тапсырып: “Менің емес, сенің еркің болсын”,— деген (Лұқа 22:42). Өзіңнен: “Құдайға мойынсұну оңай болмаған жағдайда да, мен солай етем бе?”— деп сұрап көрші. Құдайға мойынсұнудың өмірлік маңызы бар. Біз оған толықтай мойынсұнуға міндеттіміз, себебі ол Жаратушы, Өмір беруші әрі Қамқоршымыз (Зәб. 95:6, 7). Мойынсұнушылықты ештеңемен алмастыра алмайсың. Сондай-ақ онсыз Құдайдың ықыласына ие болу мүмкін емес.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Жохан 7:8—10) Сендер мейрамға бара беріңдер. Мен әзірше бармаймын, өйткені уақытым әлі келген жоқ”. 9 Осыны айтып, Иса Ғалилеяда қалып қойды. 10 Інілері мейрамға кеткен соң, Иса да жұрт көзінен тасаланып жолға шықты.
w07 1.2. 6-б., 4-абз.
Неге шыншыл болу керек?
Осы орайда Иса қандай үлгі көрсетті? Бірде Исаға сенбейтін бірнеше адам оған: “Яһудеяға бар”,— деп кеңес береді. Сонда Исаның жауабы қандай болды? “Сендер [Иерусалимдегі] мейрамға бара беріңдер. Мен әзірше бармаймын, өйткені уақытым әлі келген жоқ”,— деді ол. Бірақ содан көп ұзамай, ол Иерусалимдегі сол мейрамға барды. Ендеше, неге ол бұлай жауап берді? Өйткені Исаның қайда барып, қайда қоятынын білуге олардың құқығы жоқ еді. Өзіне және шәкірттеріне зиян келтіріп жүрмес үшін, оларға толық жауап берген жоқ. Иса өтірік айтпаған, өйткені елші Петір Мәсіх жайлы: “Ол ешбір күнә жасаған емес, аузынан жалған сөз де шыққан емес”,— деп жазған (Жохан 7:1—13; Петірдің 1-хаты 2:22).
(Жохан 8:12) Бұдан соң Иса халыққа тағы былай деді: “Мен осы дүние үшін жарықпын. Маған ерген адам ешқашан түнекте жүрмейді, қайта, өмір беретін жарыққа ие болады”.
Мәсіхте тығулы жатқан қазынаны іздеңдер
12“Мен дүние үшін Нұрмын” (Жохан 8:12; 9:5 оқы). Иса жерде адам болып туылудан ұзақ уақыт бұрын Ишая пайғамбар былай деген: “Ғұмыр кешкен бұл халық қараңғыда енді бір ғаламат Нұрды көреді, түнек басқан елде тұратындарға таңның шапағы сәулесін төгеді!” (Ишая 9:2). Елші Матайдың түсіндіруінше, бұл пайғамбарлық Иса: “Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!”— деп уағыздау ісін бастағанда орындалды (Мат. 4:16, 17). Исаның қызметінің арқасында халық рухани жарықты көрді және жалған діни ілімдердің құлдығынан босады. Иса: “Өзіме сенген әркім қара түнекте қалмасын деп, дүниеге келген “Құдайдың Нұрымын”,— деген (Жох. 1:3—5; 12:46).
nwtsty Жх 8:12-нің зерттеу мәліметі
осы дүние үшін жарықпын: Исаның өзіне қатысты қолданған бұл метафорасын естіп, тыңдаушылар ғибадатханадағы әйелдерге арналған аулада тұратын үлкен төрт шамдалды еске түсірсе керек. Бұл шамдалдар Күркелер мейрамы кезінде жағылатын (Жх 7:2; Ә11 қосымшасын қараңыз). Олар өте үлкен аумақты жарқыратып жіберетін. Бұған қоса, “осы дүниенің жарығы” деген тіркес Ишаяның пайғамбарлығындағы сөздермен үйлеседі. Ишая “қою қараңғылық басқан жерде тұратындардың” “ғаламат нұрды көретіні” жайлы және Ехобаның “қызметшісі” “ұлттарға нұр” болатыны жайлы жазып кеткен (Иш 9:1, 2; 42:1, 6; 49:6). Иса Таудағы уағызында да осы метафораны қолданып, шәкірттеріне: “Сендер дүниенің жарығысыңдар”,— деген (Мт 5:14). “Осы дүниенің жарығы” деген тіркес Ишаяның “ұлттарға нұр” болатын Мәсіх жайлы сөздерімен жақсы байланысады (бұл жердегі “дүние” деп аударылған гректің “космос” сөзі бүкіл адамзат қоғамын білдіреді). Ал Е.і 13:46, 47-ге сай, Пауыл мен Барнаба Ишая 49:6-дағы пайғамбарлық сөздер Мәсіхтің барлық ізбасарларына берілген бұйрық екенін, яғни олардың ұлттарға нұр болып қызмет ете беру керек екенін көрсетті. Исаның да, шәкірттерінің де қызметінің арқасында адамдар рухани жарыққа шығып, жалған діннің құрсауынан босамақ еді.