Сүйіспеншілікпен нығайған батылдық
“Құдай бізге қорқыныштың рухын берген жоқ, қайта қуат пен сүйіспеншіліктің және саналылық рухын берді” (ТІМОТЕГЕ 2-хат 1:7, Тт).
1, 2. а) Сүйіспеншілік адамды неге талпындыра алады? ә) Неге Исаның танытқан батылдығы ерекше еді?
ЖУЫРДА үйленген жас жұбайлар Австралияның шығысындағы бір қалаға жақын теңіз жағалауында аквалангпен су астында жүзіп жүрген болатын. Олар су бетіне жақын қалғанда, әйелге ұмтылған алып ақ акуланы байқайды. Сол сәтте жолдасы ерлік жасап, әйелін итеріп жіберіп, өзі акуланың аузына түсіп қалады. “Ол өмірін мен үшін құрбан етті”,— дейді әйелі күйеуінің жерлеу рәсімінде.
2 Иә, сүйіспеншілік адамды керемет батылдық танытуға талпындыра алады. Иса Мәсіхтің өзі де: “Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі”,— деген болатын (Жохан 15:13). Осы сөздерді айтқаннан кейін бір тәулікке жетпей Иса өз өмірін бір адам үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін қиды (Матай 20:28). Оның үстіне, Иса өмірін табан астынан ерлік танытып қиған жоқ. Ол өзінің келеке-мазақ болатынын, қорлық көретінін, әділетсіз сотталып, азап бағанасында өлетінін алдын ала білген. Иса тіпті шәкірттерін осыған дайындаған болатын: “Енді Иерусалимге өрлеп бара жатырмыз. Сол жерде көктен келген Билеушіні басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдеріне сатып кетеді. Олар Оны өлімге кесіп, Құдайға мойынсұнбайтын басқа ұлт адамдарына ұстап береді. Солар Оны мазақ етіп, бетіне түкіріп, қамшымен сабайды, ақырында өлтіреді” (Марқа 10:33, 34).
3. Исаға ерекше батылдық танытуға не көмектесті?
3 Исаға ерекше батылдық танытуға не көмектесті? Мұнда сенім мен Құдай алдындағы қорқыныштың рөлі зор (Еврейлерге 5:7; 12:2). Алайда, ең маңыздысы, Исаның батылдығы Құдайға және маңайындағыларға деген сүйіспеншілігінен туындады (Жоханның 1-хаты 3:16). Сенім және Құдай алдындағы қорқынышпен қатар осындай сүйіспеншілікті дамытатын болсақ, біз де Мәсіхтің батылдығындай батылдық таныта аламыз (Ефестіктерге 5:2). Мұндай сүйіспеншілікті қалай дамытуымызға болады? Алдымен, оның Бастауын білуіміз керек.
“Сүйіспеншілік Құдайдан”
4. Неге Ехобаны сүйіспеншіліктің Бастауы деп айтуға болады?
4 Ехоба — сүйіспеншіліктің бейнесі әрі Бастауы. Елші Жохан: “Сүйікті бауырластарым, бір-бірімізді сүйейік! Себебі сүйіспеншілік Құдайдан; сүйетін адам — Құдайдың баласы, ол Құдайды біледі. Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік”,— деп жазды (Жоханның 1-хаты 4:7, 8). Сондықтан Құдайға тән сүйіспеншілікті адам тура білім алу және шын жүректен сол білімге сай әрекет ету арқылы Құдайға жақындаса ғана дамыта алады (Філіпіліктерге 1:9; Жақып 4:8; Жоханның 1-хаты 5:3).
5, 6. Ертедегі мәсіхшілерге Мәсіхке тән сүйіспеншілікті дамытуларына не көмектесті?
5 Иса он бір елшісімен бірге айтқан соңғы дұғасында Құдайды білу мен сүйіспеншіліктің арта түсуінің арасындағы байланысты көрсетіп: “Маған деген сүйіспеншілігің солардың ішінде де болсын және Өзім де олардың өмірлерінен орын алайын деп оларға Сенің есіміңді білдірдім және білдіре беремін де”,— деді (Жохан 17:26, сілтемені қараңдар). Иса шәкірттеріне Әкесі екеуінің арасындағы сүйіспеншілікті дамытуға көмектесті. Ол үшін Құдайдың есімінің артында тұрған Оның керемет қасиеттерін сөзімен де, ісімен де көрсетті. Сондықтан да ол: “Кім Мені көрсе, соның Әкені де көргені”,— дей алды (Жохан 14:9, 10; 17:8).
6 Мәсіхке тән сүйіспеншілікті Құдайдың киелі рухы жетілдіреді (Ғалаттықтарға 5:22). Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында ертедегі мәсіхшілерге киелі рух қонғанда, олар Исаның үйреткендерін естеріне түсіріп қана қойған жоқ, Жазбалардың да мәнін толығырақ ұға алды. Бұндай терең түсінік олардың Құдайға деген сүйіспеншіліктерін арттыра түскені анық (Жохан 14:26; 15:26). Мұның нәтижесі қандай болды? Тіпті өмірлеріне қауіп төнсе де, олар ізгі хабарды батылдықпен әрі құлшыныспен жариялады (Елшілердің істері 5:28, 29).
Іс жүзіндегі батылдық пен сүйіспеншілік
7. Пауыл мен Барнаба миссионерлік сапарларында қандай жайтты бастан кешті?
7 Елші Пауыл: “Құдай бізге қорқыныштың рухын берген жоқ, қайта қуат пен сүйіспеншіліктің және саналылық рухын берді”,— деп жазды (Тімотеге 2-хат 1:7, Тт). Пауыл бұны өз тәжірибесінен айтып тұр еді. Барнаба екеуінің миссионерлік сапарында қандай жайтты бастан өткізгендерін көрейік. Олар бірнеше қалада, соның ішінде Антақияда, Қония мен Лүстрада, уағыздады. Осы қалаларда кейбіреулер сенушілер қатарына қосылып жатса, өзгелері қатты қарсылық көрсетті (Елшілердің істері 13:2, 14, 45, 50; 14:1, 5). Лүстрада ашуланған тобыр тіпті оны өлімші етіп таспен ұрып тастайды! “Бірақ қасына сенушілер жиналғанда, Пауыл орнынан тұрып, қалаға қайтты. Келесі күні ол Барнабамен бірге Дербеге жүріп кетті” (Елшілердің істері 14:6, 19, 20).
8. Пауыл мен Барнабаның танытқан батылдықтары адамдарға деген терең сүйіспеншіліктерін қалай көрсетті?
8 Пауылдың өміріне жасалған осы қастандықтан ол сескеніп, ал Барнаба жасып қалды ма? Жоқ, қайта, керісінше болды: Дербеде ‘көптеген адамдарды Мәсіх жолына түсіргеннен’ соң, бұл екеуі ‘Лүстраға, Қонияға және Антақияға қайтады’. Неліктен? Мәсіх жолына жаңадан түскендердің сенімдерін нығайту үшін. “Болашақтағы Құдай Патшалығының заманына жеткенше әлі талай азап шегеміз”,— деді Пауыл мен Барнаба. Олардың батылдығы Мәсіхтің ‘қойларына’ деген сүйіспеншіліктен туындағаны анық (Елшілердің істері 14:21—23; Жохан 21:15—17). Буындары қатпаған әрбір қауымға ақсақалдарды тағайындаған соң, бұл екі бауырлас дұға етіп, “қауымдарды өздері сенген Иеміздің қамқорлығына тапсырды”.
9. Ефестегі ақсақалдарға Пауылдың өздеріне деген сүйіспеншілігі қалай әсер етті?
9 Пауыл қамқор да батыл адам болғандықтан, ертедегі мәсіхшілердің көбісі оны қатты жақсы көрді. Пауылдың үш жыл болған, әрі көп қарсылық көрген Ефес қаласындағы ақсақалдармен болған кездесуінде не болғанын есіңе түсірші (Елшілердің істері 20:17—31). Құдайдың өздеріне сеніп тапсырған отарына қамқор болуға шақырғаннан кейін, Пауыл бәрімен бірге тізе бүгіп, дұға етті. Сонан соң “бәрі жылап, оны құшақтап сүйді. Оларға айрықша ауыр тигені оның “мені енді көрмейсіңдер” дегені болды”. Бұл бауырластар Пауылды қаншалықты сүйген десеңші! Расында да, қоштасатын сәт келгенде, Пауыл мен қасындағылар жергілікті ақсақалдардың құшағынан өздерін ‘айыруға’ мәжбүр болды. Өйткені олар оны жібергілері келмеген еді (Елшілердің істері 20:36—21:1).
10. Бүгінгі таңдағы Ехоба Куәгерлері батылдықпен қалай бір-біріне деген сүйіспеншіліктерін көрсетіп отыр?
10 Бүгінде мәсіхшілер аралаушы бақылаушыларды, қауым ақсақалдары мен басқа да көптеген бауырластарды Ехобаның қойлары үшін көрсетіп жатқан батылдығы үшін қатты жақсы көреді. Мысалы, азамат соғысы жүріп жатқан немесе уағыздау ісіне тыйым салынған елдерде аралаушы бақылаушылар мен олардың әйелдері қауымдарға бару үшін бостандықтары мен өмірлерін қауіпке тігуде. Сол сияқты көптеген Куәгерлер бауырластарын сатпағандары немесе рухани ас-суды қайдан алып жатқанын айтпағандары үшін қастасқан билеушілер мен олардың жақтастарының қолынан жапа шеккен. Мыңдаған Куәгер болса уағыздауды доғармағандары немесе мәсіхшілер кездесулеріне баруды тоқтатпағандары үшін қудаланып, азапталып, тіпті өлтірілді (Елшілердің істері 5:28, 29; Еврейлерге 10:24, 25). Біз де осындай батыл бауырластардың сенімі мен сүйіспеншілігіне еліктелік! (Салониқалықтарға 1-хат 1:6)
Сүйіспеншіліктеріңді суытып алмаңдар
11. Шайтан Құдайдың қызметшілеріне қарсы қандай жолдармен рухани соғысуда, ал бұл олардың тарапынан нені талап етеді?
11 Шайтан жер бетіне қуылғанда, қаһарын Ехобаның қызметшілеріне төгуді көздеді. Өйткені олар ‘Құдайдың өсиетін орындап және Иса туралы куәлік етіп жүр” (Аян 12:9, 17, ЖД). Шайтанның қолданатын әдістерінің бірі — қудалау. Алайда оның бұл әдісі жиі кері нәтиже беріп жатады: қудалау Құдай халқының өзара сүйіспеншілігін одан бетер нығайтып, бір-біріне жақындата түседі және көбісін әлдеқайда зор құлшыныс танытуға талпындырады. Шайтанның тағы бір әдісі — адамның күнәға бейімділігін пайдалану. Бұл қулық-сұмдыққа қарсы тұру үшін батылдықтың өзге бір түрін таныту керек болады. Өйткені бұл күрес — ішкі күрес, яғни ‘құрық бойламас қулыққа толы’ жүрегіміздегі күнәкар құмарлықтарға қарсы күрес (Еремия 17:9; Жақып 1:14, 15).
12. Шайтан Құдайға деген сүйіспеншілігімізді суыту үшін ‘осы дүниелік рухты’ қалай қолданады?
12 Шайтанның қару-жарақтарының ішіндегі тағы бір күшті қаруы — Құдайдың киелі рухына тікелей қарсы шығатын ‘осы дүниелік рух’, яғни осы дүниеде басым болып отырған бейімділік немесе ниет (Қорынттықтарға 1-хат 2:12). Осы дүниенің рухы ‘көздің қомағайлығы’ болып табылатын ашкөздік пен дүниеқорлыққа итермелейді (Жоханның 1-хаты 2:16; Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Ақша мен дүние-мүлікте тұрған жаман ештеңе жоқ болғанымен, оларға деген сүйіспеншілік Құдайға деген сүйіспеншілігімізден артық болып кетсе, онда Шайтанның жеңіп шыққаны. Осы дүниелік рухтың күші, немесе ‘билігі’ — күнәкар тәнді қолдануында, айла-амалында, тынымсыздығы мен ауадай кең жайылуында. Осы дүниелік рухтың жүрегіңді бүлдіруіне жол берме! (Ефестіктерге 2:2, 3; Нақыл сөздер 4:23)
13. Дұрыс нәрсені істеуге қажетті батылдығымыз қалай сыналуы мүмкін?
13 Осы дүниенің зұлым рухына қарсы тұру мен одан бас тарту үшін дұрыс нәрсені істеуге батылдық керек. Мысалы, әдепсіз бейнелерді көрсетіп жатқан кинотеатрдан шығып кету үшін немесе компьютер не теледидарды өшіру үшін батылдық қажет. Құрбы-құрдастардың қысымына қарсы тұру және жаман ортамен байланысты үзу үшін де батылдық керек. Сонымен қатар сыныптастардың, қызметтестердің, көрші-қолаң не туған-туысқандардың тарапынан келеке-мазаққа ұшырағанда, Құдайдың заңдары мен принциптерін берік ұстану да батылдықты талап етеді (Қорынттықтарға 1-хат 15:33; Жоханның 1-хаты 5:19).
14. Егер осы дүниенің рухын жұқтырып алған болсақ, не істеуіміз керек?
14 Олай болса, Құдайға және бауырластарымызға деген сүйіспеншілігімізді нығайтқанымыз қаншалықты маңызды десеңші! Осы дүниенің рухы қандай да бір жағынан әсер етіп жатпағанын көру үшін мақсаттарыңды және өмір салтыңды тексеріп тұр. Егер әсер етіп жатса, тіпті шамалы болса да, Ехобаға оны түп-тамырын құртып, қайта жолатпау үшін батылдық беруін сұрап дұға ет. Ехоба мұндай шын жүректен айтылған өтініштерге бейжай қарамайды (Забур 50:19). Оның үстіне, Құдайдың рухы осы дүниенің рухынан әлдеқайда күшті (Жоханның 1-хаты 4:4).
Жеке бастың сынақтарына батылдықпен төтеп беру
15, 16. Мәсіхке тән сүйіспеншілік жеке бастың сынақтарына төтеп беруімізге қалай көмектеседі? Мысал келтіріңдер.
15 Ехобаның қызметшілеріне кемелсіздік пен кәріліктің салдарымен, яғни ауру, дәрменсіздік, жан күйзелісі мен басқа да көптеген қиындықтармен күресуге тура келеді (Римдіктерге 8:22). Мәсіхке тән сүйіспеншілік осындай сынақтарға төтеп беруге көмектеседі. Замбияда мәсіхшілер отбасында өскен Наманголаның мысалын қарастырайық. Ол екі жасында мүгедек болып қалады. “Менің сырт көрінісім адамдарды шошытады деп ойлап, қатты қысылатынмын,— дейді ол.— Алайда рухани бауырластарым бұған басқаша қарауға көмектесті. Нәтижесінде осы сезімімді жеңіп, уақыт өте келе, шомылдыру рәсімінен өттім”.
16 Наманголаның мүгедектерге арналған арбасы болғанымен, оған көбінесе құмды көшеде еңбектеп жүруге тура келеді. Соған қарамастан ол жылына, кем дегенде, екі рет қосалқы ізашар болып қызмет етеді. Бірде Намангола бір әйелге уағыздағанда, ол жылап жібереді. Неге? Өйткені оған бауырластың сенімі мен батылдығы қатты әсер еткен еді. Наманголамен бірге Киелі кітапты зерттейтін бес адам шомылдыру рәсімінен өтті, ал біреуі ақсақал болып қызмет етуде. Бұл — Наманголаның Ехобаның мол батасын көріп жатқандығының дәлелі. “Аяқтарым жиі сыздап ауырғанда, жанымды қоярға жер таппаймын,— дейді ол,— бірақ бұның маған тосқауыл болуына жол бермеймін”. Бұл бауырлас — тәндері әлсіз болса да, Құдайға және маңайындағыларға деген сүйіспеншіліктерінің арқасында рухтары мықты дүние жүзіндегі көп Куәгердің бірі ғана. Осындай жандар Ехобаның ‘қалаулылары’ екендігі сөзсіз (Нағай 2:7, ЖД)
17, 18. Көп бауырласқа ауруға және басқа да сынақтарға төтеп беруге не көмектеседі? Жергілікті жердегі кейбір мысалдарды айтып беріңдер.
17 Созылмалы ауру да еңсені түсіріп, тіпті жанға батуы мүмкін. Бір қауым ақсақалы: “Мен баратын кітап зерттеу тобында бір әйел бауырлас диабет әрі бүйрегі ауырады, өзге біреуі қатерлі ісікпен, екеуі артриттің ауыр түрімен, ал тағы біреуі жегі және фибромиалгиямен ауырады. Кейде олардың көңілі қамығады. Алайда олар қатты ауырып не ауруханаға жатып қалса ғана кездесулерге келмей қалады. Бәрі де үнемі қызметке атсалысып тұрады. Олар менің есіме: “Өзім күшсіз болғанымда Ол арқылы күштімін”,— деп айтқан Пауылды салады. Олардың сүйіспеншілігі мен батылдықтарына сүйсінем. Бәлкім, жағдайлары оларға өмірде не нәрсе маңызды екенін айқын түсінуге көмектесетін шығар”,— деді (Қорынттықтарға 2-хат 12:10).
18 Дәрменсіздік, ауру не басқа да қиындықтармен күресіп жүрген болсаң, ұнжырғаң түсіп, соның құрбаны болып кетпеу үшін ‘үздіксіз Құдайға сиын’ (Салониқалықтарға 1-хат 5:14, 17). Бәлкім, көңілің біресе жадырап, біресе тұнжырап жүретін шығар, бірақ бар назарыңды жағымды, рухани нәрселерге, әсіресе Патшалықтың беретін құнды үмітіне, аудар. “Менің емім — қызмет”,— деген болатын бір әйел бауырлас. Адамдарға ізгі хабарды айту оған дұрыс көзқарас сақтауға көмектеседі.
Сүйіспеншілік күнә жасағандарды Ехобаға қайтарады
19, 20. а) Күнә жасап қойғандар Ехобаға қайта бет бұру үшін батылдықты қайдан алуларына болады? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
19 Рухани әлсіреп немесе күнә жасап қойған көп адамдарға Ехобаға қайта бет бұру оңайға соқпайды. Бірақ адам шын жүректен өкініп, Құдайға деген сүйіспеншілігін қайта оятатын болса, бұлай етуге батылдық пайда болады. Құрама Штаттарда тұратын Марионыa алайық. Ол мәсіхшілер қауымын тастап, маскүнемдік пен нашақорлыққа салынып, содан 20 жылдан соң түрмеге түседі. “Мен болашағым жайлы қатты ойланып, Киелі кітапты қайтадан оқи бастадым”,— дейді Марио. “Уақыт өте, Ехобаның қасиеттерін, әсіресе өзім жиі сұрап дұға еткен рақымын, бағалай бастадым. Кейін түрмеден шығып, бұрынғы араласқан адамдарды тастап, қауым кездесулеріне бардым, сөйтіп, қайтадан қауымға қосылдым. Тәніме еккен нәрсемді орып жатырмын, бірақ қазір керемет үмітім бар. Ехобаның жанашырлығы мен кешірімшілдігіне деген алғысымды айтып жеткізе алар емеспін”,— дейді ол (Забур 102:9—13; 129:3, 4; Ғалаттықтарға 6:7, 8).
20 Әрине, Марионың басындағыдай жағдайға тап болғандар Ехобаға қайта бет бұру үшін көп күш салулары керек. Алайда олардың Киелі кітапты зерттеудің, дұға мен ой жүгіртудің арқасында қайта жанған сүйіспеншіліктері қажетті батылдық және шешімдерінде берік тұру үшін жігер береді. Мариоға Патшалықтың беретін үміті де күш берді. Шынында да, сүйіспеншілік, сенім және Құдай алдындағы қорқынышпен бірге үміттің де өмірімізде пайдасы зор. Келесі мақалада осы асыл рухани сый жайында толығырақ қарастырамыз.
[Сілтеме]
a Есімі өзгертілген.
Жауап бере аласыңдар ма?
• Сүйіспеншілік Исаға асқан батылдық танытуға қалай көмектесті?
• Бауырластарға деген сүйіспеншіліктері Пауыл мен Барнабаға қалай ерекше батылдық берді?
• Шайтан мәсіхшілердің сүйіспеншілігін құрту үшін нені қолданады?
• Құдайға деген сүйіспеншілігіміз қандай сынақтарға төтеп беруге батылдық береді?
[25-беттегі сурет]
Пауылдың адамдарға деген сүйіспеншілігі табанды болуына батылдық берді