Соңғы күндері мәсіхші ретіндегі бейтараптықты сақтаймыз
“Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (ЖОХАН 17:16).
1, 2. Иса ізбасарларының осы дүниемен қарым-қатынасы туралы не деді және оның сөздеріне сәйкес қандай сұрақтар туындайды?
КЕМЕЛДІ адами өмірінің соңғы түнінде, Иса шәкірттерінің арасында отырып, оларға естірте ұзақ дұға айтады. Осы дұғасында ол барлық шынайы мәсіхшілердің өміріне қатысы бар нәрсені айтады. Өз ізбасарларын ойға тұтып, Иса былай дейді: “Бұларға Сенің хабарыңды білдірдім. Күнәкар дүние оларды жек көріп келеді, себебі Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да сондай емес. Сенен оларды осы дүниеден әкет деп емес, шайтаннан қорғай гөр деп сұрап тұрмын. Менің осы дүниелік еместігім сияқты, бұлар да осы күнәкар дүниенің адамдары емес” (Жохан 17:14—16).
2 Иса ізбасарларының осы дүниелік емес екендігін екі қайтара айтады. Оның үстіне, олардың осы дүниеден бөлінуі қарсылыққа әкеп соғатын еді: осы дүние оларды жек көрер еді. Алайда бұл мәсіхшілердің рухын сөндірмеуі керек: Ехоба оларды қорғайды (Нақыл сөздер 18:10; Матай 24:9, 13). Исаның айтқандары бізде мынадай сұрақтар тудыруы мүмкін: неліктен шынайы мәсіхшілер осы дүниелік емес? Осы дүниелік болмау деген нені білдіреді? Егер осы дүние мәсіхшілерді жек көретін болса, мәсіхшілер оларға қалай қараулары керек? Атап айтқанда, осы дүниенің үкіметтеріне қалай қараулары керек? Бізге қатысты болғандықтан, бұл сұрақтардың Киелі кітаптан жауабын білу өте маңызды.
“Біз Құдайданбыз”
3. а) Бізді осы дүниеден бөлетін не? ә) ‘Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отырғанына’ не куәлік етеді?
3 Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болуымыз — осы дүниелік еместігіміздің бір себебі. Елші Жохан: “Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз”,— деп жазған болатын (1 Жохан 5:19). Осы дүние расында да Жоханның айтқанындай. Болып жатқан соғыстар, қылмыс, қатыгездік, қанаушылық, арамдық пен азғындық осы дүниеге Құдай емес, Шайтанның ықпал етіп отырғанына куәлік етеді (Жохан 12:31; 2 Қорынттықтарға 4:4; Ефестіктерге 6:12). Ехоба Куәгері болған адам бұл зұлым істерге қатыспайды немесе оларды қолдамайды: бұл оның осы дүниелік еместігін білдіреді (Римдіктерге 12:2; 13:12—14; 1 Қорынттықтарға 6:9—11; 1 Жохан 3:10—12).
4. Ехобаның меншігі екендігімізді қалай көрсетеміз?
4 Жохан мәсіхшілердің, керісінше, ‘Құдайдан’ екендігін айтқан. Ехобаға өзін бағыштағандар оның меншігі болып табылады. Елші Пауыл былай деген: “Өмір сүрсек те, өлсек те, Иеміздің меншігіміз” (Римдіктерге 14:8; Забур 115:6). Ехобаның меншігі болғандықтан, тек өзіне берілгендік танытамыз (Мысырдан шығу 20:4—6). Олай болса, шынайы мәсіхші өз өмірін осы дүниенің қандай да бір істеріне бағыштамайды. Ол мемлекеттік рәміздерді құрметтегенімен, оларға жүрегінде болсын, іс жүзінде болсын табынбайды. Спорт жұлдыздарына немесе қазіргі заманғы қандай да бір мүсіндерге де бас имейді. Өзгелердің әрекет ету құқықтарын сыйлай отырып, шынайы мәсіхші тек Жаратушыға ғибадат етеді (Матай 4:10; Аян 19:10). Бұл да оны осы дүниеден бөледі.
“Менің Патшалығым бұл дүниелік емес”
5, 6. Құдай Патшалығына мойынсұну осы дүниеден қалай бөледі?
5 Мәсіхшілерді осы дүниеден бөлетін тағы бір нәрсе — олар Иса Мәсіхтің ізбасарлары, сондай-ақ Құдай Патшалығының азаматтары. Понти Пилаттың алдында жауапқа тартылғанда, Иса былай деген болатын: “Менің Патшалығым бұл дүниелік емес. Егер ол бұл дүниелік болса, қызметкерлерім Мені яһуди басшыларының қолына түсірмес үшін күрескен болар еді. Бірақ Менің Патшалығым бұл дүниелік емес” (Жохан 18:36). Патшалықтың арқасында Ехобаның есімі қастерленіп, билігі ақталып, еркі көкте орындалғандай, жер бетінде де орындалады (Матай 6:9, 10). Иса жердегі бүкіл қызметінің барысында Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздаған, сондай-ақ ол ізбасарлары да бұл хабарды осы заманның соңы аяқталғанша жариялай беретіндігін айтқан (Матай 4:23; 24:14). 1914 жылы Аян 11:15-гі: “Әлемді басқару билігі Жаратқан Иеміздікі және Оның тағайындаған Патшасы Мәсіхтікі! Ол мәңгілік билік жүргізетін болады!” — деген пайғамбарлық сөздер орындалды. Өте жақында, бұл көктегі Патшалық бүкіл адамзат үстінен билік ететін жалғыз үкімет болады (Даниял 2:44). Осы дүниенің үкіметтері де Патшалықтың билігін мойындауларына мәжбүр болатын кез келеді (Забур 2:6—12).
6 Сонымен, бүгінде шынайы мәсіхшілер Құдай Патшалығының азаматтары бола отырып, Исаның “ең алдымен патшалықты және Оның әділдігін іздеуді жалғастыра беріңдер” деген кеңесіне құлақ асады (Матай 6:33). Бұл олар өздері өмір сүріп жатқан мемлекеттің мүдделерін тіпті қолдамайды дегенді білдірмейді, олар тек рухани мағынада осы дүниеден бөлек. Бірінші ғасырдағыдай, бүгінгі таңда да мәсіхшілердің ең басты тапсырмасы ‘Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік беру’ болып табылады (Елшілердің істері 28:23, ЖД). Құдайдың тапсырған бұл ісіне кедергі жасауға адамзат үкіметтерінің ешқайсысының да құқы жоқ.
7. Неліктен шынайы мәсіхшілер бейтараптықты сақтайды және мұны қалай көрсетеді?
7 Ехобаның меншігіндегі халық ретінде, сондай-ақ Исаның ізбасарлары әрі Құдай Патшалығының азаматтары ретінде, Ехоба Куәгерлері XX—XXI ғасырдағы азаматтық және мемлекетаралық қақтығыстарға қатысты бейтараптық сақтады және сақтап келеді. Олар бір жақты қолдап, әлдекіммен соғысу үшін қолдарына қару алмайды, сондай-ақ қандай да бір қозғалысты немесе идеяларды үгіттеуге қатыспайды. Жеңе алмастай көрінген қарсылықтарда таңғаларлық сенімдерін көрсетіп, олар 1934 жылы нацистік Германияның басшыларына айтылған сөздердегі принциптерді ұстанады: “Біз саясатқа араласпаймыз. Біз — Мәсіх Патша басқарып отырған Құдай Патшалығына толығымен адалмыз. Біз ешкімге де зұлымдық жасамаймыз. Біз ынтымақта өмір сүріп, мүмкіндігінше барлығына жақсылық жасағымыз келеді”.
Мәсіхтің өкілдері мен елшілері
8, 9. Қай мағынада Ехоба Куәгерлері өкілдер мен елшілер болып табылады және бұл осы дүниедегі адамдармен қарым-қатынастарына қалай әсер етеді?
8 Пауыл өзін және майланған бір сенімдегі өзге де мәсіхшілерді “Мәсіхтің өкілдеріміз” деп атап, “біз арқылы Тәңірдің Өзі адамдарға ескертеді”,— деген (2 Қорынттықтарға 5:20; Ефестіктерге 6:20). 1914 жылдан бастап киелі рухпен майланған мәсіхшілерді құқылы түрде Құдай Патшалығының өкілдері деп атауға болады, сондай-ақ олар осы Патшалықтың “ұлдары” болып табылады (Матай 13:38, ЖД; Філіпіліктерге 3:20; Аян 5:9, 10). Оның үстіне, Ехоба халықтардың ішінен ‘басқа қойлардың’ ‘өте үлкен тобырын’ алып шықты. Бұлар майланған ұлдардың өкілеттік істерінде қолдау көрсететін, жерде өмір сүруге деген үміті бар мәсіхшілер (Аян 7:9; Жохан 10:16). Бұл “басқа қойларды” Құдай Патшалығының “елшілері” деп атауға болады.
9 Өкіл мен оның қарамағындағылар өздері жіберілген елдің істеріне араласпайды. Сол сияқты, мәсіхшілер осы дүниедегі халықтардың саяси істеріне қатысты бейтараптықты сақтайды. Олар ұлттық, нәсілдік, әлеуметтік немесе экономикалық мақсаттарды көздеген топтардың ешқайсысының жағына шықпайды (Елшілердің істері 10:34, 35). Керісінше, олар ‘барлық адамдарға жақсылық істейді’ (Ғалаттықтарға 6:10). Ехоба Куәгерлері бейтараптықты ұстанатындықтан, ешкім де оларды қандай да бір нәсілдік, ұлттық немесе тайпалық қақтығыстарда қарсы жақтың мүддесін қолдайды деп, ізгі хабарға мін таға алмайды.
Сүйіспеншіліктерінен біледі
10. Мәсіхші үшін сүйіспеншілік қаншалықты маңызды?
10 Мәсіхшілердің бейтараптықты сақтауының тағы бір себебі — бір сенімдегілермен қарым-қатынасы. Иса өзінің ізбасарларына: “Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады”,— деген еді (Жохан 13:35). Бауырластарына деген сүйіспеншілік — мәсіхшілерді ерекшелендіретін ең басты белгі (1 Жохан 3:14). Мәсіхшінің Ехоба мен Исаға деген сүйіспеншілігі бауырластарына деген сүйіспеншілігімен тығыз байланысты, сондықтан да ол бір сенімдегілермен өте тығыз қарым-қатынаста болады. Мәсіхші тек өзінің қауымындағы бауырластарды ғана жақсы көріп қоймайды. Оның сүйіспеншілігі ‘дүниенің төрт бұрышындағы құрбы қауымдастарды’ қамтиды (1 Петір 5:9).
11. Ехоба Куәгерлерінің арасындағы сүйіспеншілік олардың іс-әрекеттеріне қалай әсер етеді?
11 Бүгінде Ехоба Куәгерлері бауырластарына деген сүйіспеншілікті Ишая 2:4-гі сөздерді орындау арқылы көрсетуде: “Енді олар... соқаға қылышын айналдырады, ораққа найзасын. Халықтар енді қайтып ешқашан да бір-біріне қарсы қару көтермейді, олар соғысуды тіптен үйренбейді”. Ехобадан тәлім алған шынайы мәсіхшілер өзара және Құдаймен татулықта болады (Ишая 54:13). Олар Құдайды және бауырластарын жақсы көретіндіктен, өзге елдердегі бауырластарға қарсы — жалпы қай адамға болмасын — қолға қару алуды ақылға қонымсыз деп есептейді. Олардың арасындағы ынтымақ пен татулық — ғибадат етулерінің ең негізгі бөлігі, сондай-ақ оларда Құдайдың киелі рухы бар екендігінің даусыз дәлелі (Забур 132:1; Миха 2:12; Матай 22:37—39; Қолостықтарға 3:14). Олар “татулықты іздеп, оның соңына түседі”, себебі ‘Құдайдың назары әділдерде’ екенін біледі (Забур 34:14, 15).
Мәсіхшілер осы дүниедегілерге қалай қарайды?
12. Ехоба Куәгерлері Ехобаның осы дүниеге деген қандай көзқарасын танытуға тырысады және мұны қалай істейді?
12 Ехоба осы дүниеге жалпылай үкімін шығарғанымен, ол әрбір адамды әлі жеке соттаған жоқ. Уақыты келгенде, ол мұны Иса арқылы істейді (Забур 66:3, 4; Матай 25:31—46; 2 Петір 3:10). Осы аралықта ол адамзатқа орасан зор сүйіспеншілігін көрсетуде. Ол әрбір адамның мәңгілік өмір сүруге мүмкіндіктері болу үшін, тіпті жалғыз ұлын құрбандыққа да берді (Жохан 3:16). Біздер мәсіхші ретінде Құдайдың сүйіспеншілігіне еліктеп, өзгелерге оның құтқару үшін жасаған шаралары жөнінде айтамыз. Бізді жиі кездестіретін адамдардың дөрекілігі мен тыңдағысы келмегендіктері тоқтата алмайды.
13. Осы дүниенің басшыларына қалай қарауымыз керек?
13 Ал осы дүниенің басшыларына деген көзқарасымыз қандай болу керек? Бұл сұраққа Пауыл былайша жауап берді: “Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға бағыныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан; қазіргі билікті де Құдай орнатқан [“қазіргі биліктердің Құдай белгілеген орны бар”, ЖД]” (Римдіктерге 13:1, 2). Адамдар ‘белгіленген орындарында’ (бір-бірімен салыстырғанда жоғары немесе төмен, ал Ехобаның дәрежесінен барлық уақытта төмен) отыр, өйткені бұған Құдіретті Құдай жол берді. Мәсіхші осы дүниелік үкіметке бағынады, әйтпесе ол Құдайды тыңдамаған болар еді. Алайда Құдайдың талаптары мен адамзат үкіметтерінің талап етіп жатқандары бір-біріне қайшы келсе ше?
Құдайдың және патшаның заңы
14, 15. а) Даниял мойынсұнуға байланысты қақтығыстан қалайша құтылып кете алды? ә) Қақтығыстан қашып құтылуға болмайтын жағдайға тап болғанда, үш еврей қандай көзқарасты ұстанды?
14 Даниял мен үш жолдасы адамзат үкіметі мен Құдайдың билігіне қалай дұрыс мойынсұнудың керемет үлгісін қалдырды. Бұл төрт жас еврей Бабылға құлдыққа түскенде, сол елдің заңына бағынды, сондай-ақ оларды көп кешікпей арнайы тәлім беру үшін таңдап алды. Бұл тәлімнің Ехобаның Заңына қайшы келуі мүмкін тұстарын байқаған Даниял өздерін бақылаушы уәзірмен сөйлеседі. Осының нәтижесінде, олардың ар-ұждандарын ескеретін өзгеріс жасалды (Даниял 1:8—17). Ехоба Куәгерлері де мүмкіндігінше проблема тудырмау үшін, үкімет өкілдеріне өздерінің көзқарастарын байыппен айтып түсіндіріп, Даниялдың үлгісіне еліктейді.
15 Алайда кейінірек мойынсұнушылыққа қатысты қақтығыстан қашып құтылуға болмайтын жағдай туады. Бабыл патшасы Деир алаңында мүсін тұрғызып, жоғарғы шенеуніктерге, соның ішінде “облыс басшыларына”, оның салтанатты түрде ашылу рәсіміне жиналуды бұйырды. Бұл уақытта Даниялдың үш жолдасына Бабыл облыстарының істері тапсырылған болатын, сондықтан да бұйрықтың оларға да қатысы бар еді. Салтанат кезінде жиналғандар мүсінге иіліп тағзым етулері керек болды. Алайда еврейлер бұл Құдайдың заңына қайшы келетінін білетін (Заңды қайталау 5:8—10). Сондықтан да жұрттың бәрі иіліп тағзым еткенде, олар бас имеді. Патшаның бұйрығына мойынсұнбау арқылы олар бастарын сұмдық өлімге тіккен еді, онда да болса кереметтің арқасында ғана тірі қалды. Алайда олар Ехобаның бұйрығын бұзғаннан гөрі, бастарын өлімге тіккенді артық көрді (Даниял 2:49—3:29).
16, 17. Уағыздау ісіне тыйым салғанын елшілер қалай қабылдады және неліктен олай етті?
16 Бірінші ғасырда Иса Мәсіхтің елшілерін Иерусалимдегі яһуди басшыларының алдына алып келіп, Исаның атынан уағыздауға тыйым салған болатын. Олар қалай әрекет етті? Иса оларға барлық халықтан, соның ішінде Яһудеяда да, шәкірттер дайындауды бұйырған. Ол сондай-ақ Иерусалимде және дүние жүзінде олардың өзінің куәгерлері болатынын айтқан (Матай 28:19, 20; Елшілердің істері 1:8). Елшілер Исаның бұйырғандары Ехобаның еркі екенін білген (Жохан 5:30; 8:28). Сол себепті де олар: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” — деді (Елшілердің істері 4:19, 20; 5:29).
17 Елшілер бүлікші болған жоқ (Нақыл сөздер 24:21). Бірақ адамзат үкіметтері Құдайдың еркін орындауға тыйым салғанда, олар тек қана ‘адамдардан гөрі Құдайды тыңдау керектігін’ айтып қарсылық білдірді. Иса біздің ‘Патшаға тиістісін патшаға, ал Құдайға тиістісін Құдайға беруіміз’ керектігін айтқан (Марқа 12:17). Егер адамдарды тыңдап, Құдайдың өсиеттерін бұзсақ, онда Құдайға тиістіні адамдарға берген боламыз. Бұлай етудің орнына біз патшаға тиістісін өзіне береміз де, ал жоғарғы билікті Ехобаның билігі деп есептейміз. Ол — Әлемнің Әміршісі, Жаратушы, биліктің Қайнар көзі (Аян 4:11).
Берік тұрмыз
18, 19. Көптеген бауырластарымыз қандай үлгі тұтарлық көзқарасты ұстанды және біз оларға қалай еліктей аламыз?
18 Қазіргі кезде үкіметтердің көпшілігі Ехоба Куәгерлерінің бейтарап көзқарасын мойындайды, сол үшін ризамыз. Әйтсе де, кейбір елдерде Куәгерлер қатаң қарсылықтарға кезіккен және кезігуде. XX ғасыр бойы кейбір ер бауырластарымыз бен әйел бауырластарымыз ерлікпен рухани мағынада ‘жан сала күресті’, сондай-ақ бұл әлі күнге дейін жалғасуда (1 Тімотеге 6:12).
19 Солар сияқты берік тұруымызға не көмектеседі? Біріншіден, қарсылықтар болатынын есімізде ұстаймыз. Оларға кезіккенде, таңғалып, төбемізден жай түскендей болмауы керек. Пауыл Тімотеге былай деп ескерткен: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады” (2 Тімотеге 3:12; 1 Петір 4:12). Шайтан билеп тұрған дүниеде бұдан басқа не күтуге болады? (Аян 12:17). Егер адалдығымызды сақтар болсақ, ‘таңғалып, налып... жамандайтын’ адамдар барлық уақытта табылады (1 Петір 4:4).
20. Қандай сенімімізді нығайтатын шындықтар есімізге салынуда?
20 Екіншіден, Ехоба мен оның періштелері бізді қолдайтынына сенімдіміз. Елішә айтқандай, “олардың жанындағылардан гөрі, біздің жанымыздағылар көп” (4 Патшалықтар 6:16; Забур 33:8). Ехоба өзінің қандай да бір мақсаты үшін қуғындалуға уақытша жол беруі ғажап емес. Қалай болған күнде де, ол төтеп беруімізге қажетті күш береді (Ишая 41:9, 10). Кейбіреулер өмірлерінен айырылды, бірақ бұл біздің рухымызды түсірмейді. Иса былай деген: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта [“геенада”, ЖД] құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!” (Матай 10:16—23, 28). Бұл зұлым заманда біз тек ‘жат жерлік адамдармыз’. Әзірге осы жерде өмір сүргендіктен, Құдайдың жаңа дүниесіндегі мәңгілік өмірді, яғни ‘шынайы өмірді берік ұстануға’ талпынамыз (1 Петір 2:11; 1 Тімотеге 6:19). Құдайға адал болып қалар болсақ, бұл сыйды бізден ешкім де тартып ала алмайды.
21. Нені есімізде үнемі ұстауымыз керек?
21 Сондықтан Ехоба Құдаймен құнды қарым-қатынасымызды барлық уақытта есте ұстайық. Мәсіхтің ізбасарлары, сондай-ақ Патшалықтың азаматтары болу мүмкіндігін барлық уақытта жоғары бағалауымыз керектігін ұмытпайық. Бауырластарымызды жан-тәнімізбен сүйіп, олардың бізге көрсеткен сүйіспеншілігіне барлық уақытта шаттаналық. Ең бастысы, Забур жыршысының: “Тәңірге үмітіңді арт, батыл бол; жүрегің бекем болсын, Тәңірге үмітіңді арт” деген сөздеріне ден қоялық! (Забур 26:14; Ишая 54:17). Сонда бізге дейінгі сансыз көп мәсіхшілер сияқты үмітімізге нық сеніп, берік тұра аламыз. Сонда ғана адалдықпен мәсіхші ретіндегі бейтараптықты сақтап, осы дүниеден бөлек бола аламыз.
Түсіндіре аласыңдар ма?
• Ехобамен қарым-қатынасымыз осы дүниеден қалай бөледі?
• Құдай Патшалығының азаматтары ретінде осы дүниеге қатысты бейтараптықты қалай сақтаймыз?
• Қай жағынан бауырластарымызға деген сүйіспеншілігіміз бейтараптықты сақтап, осы дүниелік болмауға талпындырады?
[25-беттегі сурет]
Құдай Патшалығына мойынсұнғанымыз осы дүниемен қарым-қатынасымызға қалай әсер етуі керек?
[26-беттегі сурет]
Хуту мен тутси бірге тату-тәтті жұмыс істеуде
[27-беттегі сурет]
Еврей мен араб — мәсіхші бауырластар
[27-беттегі сурет]
Сербтік, босниялық және хорваттық мәсіхшілерге бірге болу үлкен қуаныш
[28-беттегі сурет]
Басшылар Құдай заңын бұзуды бұйырғанда, қалай әрекет етеміз?