Ізгі хабарды бар ынталарыңмен жариялаңдар
“Рухтарың жалындай берсін! Ехобаға құл сияқты қызмет етіңдер!” (РИМДІКТЕРГЕ 12:11, ЖД).
1, 2. Ізгі хабарды уағыздауға қатысты біз қандай көзқарасты жоғалтпауға тырысуымыз керек?
ЖАС жігіт жаңадан жұмысқа орналасқанда көңілі толқып, қобалжиды. Бірінші рет жұмысқа шыққан күні ол тағатсыздана бастығының нұсқау бергенін күтеді. Ол алғашқы тапсырмасын күтеді, әрі оған шындап көңіл қояды. Өзіне тапсырылған жұмысты ол барынша жақсы орындауға бел буады.
2 Біз, мәсіхшілер, қандай да бір жағынан, жаңадан жұмысқа тұрған адамдарға ұқсаймыз. Біз мәңгі өмір сүруге үміттенеміз, сондықтан Ехобаға қызмет етуді енді ғана бастадық деуге болады. Әрине, Жаратушымыз біз үшін мәңгілік бойы орындайтын көптеген тапсырмалар дайындауда. Алайда бізге берілген ең алғашқы тапсырма — Патшалық туралы ізгі хабарды жариялау (1 Салониқалықтарға 2:4). Құдайдың осы тапсырмасына сендер қандай көзқарастасыңдар? Жоғарыда айтылған жас жігіт іспетті, біз бұл іске жан сала кірісіп, жігермен, қуанышпен, бір сөзбен айтқанда — бар ынтамызбен орындауымыз керек!
3. Ізгі хабарды уағыздаушы ретінде жетістікке жету үшін не істеу керек?
3 Бәлкім, әрқашан осындай дұрыс көзқараста болу оңайға түспейтін болар. Қызметімізді есептемегенде, біздің физикалық және эмоционалдық күш салуымызды талап ететін басқа да міндеттеріміз аз емес қой. Бірақ көп жағдайларда біз осындай міндеттерімізді де орындай аламыз, қызметке де жеткілікті уақыт бөле аламыз. Сөйтсе де бұл біз үшін үнемі күш салуды білдіреді (Марқа 8:34). Иса атап өткендей, өмірлерінде жетістікке жетуі үшін, мәсіхшілер бар ынтасымен күш салады (Лұқа 13:24).
4. Күнделікті тұрмыс қамын ойлап уайымдау біздің рухани нәрселерге деген көзқарасымызға қалай әсер етеді?
4 Кейде осындай күйбелеңі көп кездерде шаршап-шалдығамыз, әлсірейміз. ‘Тұрмыстың уайымы’ біздің теократиялық істерге деген ынтамыз бен ризашылығымызды бәсеңсітіп тастайды (Лұқа 21:34, 35; Марқа 4:18, 19). Кемелсіздігіміздің кесірінен ‘алғашқы сүйіспеншілігімізді’ жоғалтып алуымыз да мүмкін (Аян 2:1—4). Ехобаға деген қызметіміздің қандай да бір бөліктері бір сарынды болып кетуі мүмкін. Атқарып жүрген қызметімізге деген ынтамызды сақтап қалуға Киелі кітап қалай көмектеседі?
Жүрегімізде “жанып жатқан от” сияқты
5, 6. Уағыз айту мүмкіндігіне деген Пауылдың көзқарасы қандай болған?
5 Ехобаның бізге табыс еткен қызметі, кәдімгі нәрсе ретінде қабылдайтындай емес, тым қымбат. Елші Пауыл ізгі хабарды уағыздау мүмкіндігін жоғары бағалап, өзін осы тапсырманы орындауға лайықсыз сезінген. Ол былай деген: “Адамдарының [қасиеттілерінің] ең лайықсызы болсам да, Тәңірдің рақымымен Мәсіхтің шексіз зор рухани байлығы туралы басқа халықтарға уағыздау үлесіме тиді: әлемді Жаратқан Құдайдың әуел бастан Өзінде құпия сақтап келген жоспарының шындыққа қалай айналғанын жұртқа ашып беру менің міндетім болды” (Ефестіктерге 3:8, 9).
6 Қызметке деген көзқарасымыздың қандай болуы керек екендігіне қатысты Пауыл еліктеуге тұрарлық үлгі көрсеткен. Римдіктерге арнаған хатында ол: “Оны [“қуанышты хабарды”, ЖД] уағыздауға деген ықылас менде жетерлік”,— деп жазған. Ол ізгі хабарды уғыздауға еш ұялмаған (Римдіктерге 1:15, 16). Пауылдың көзқарасы дұрыс болған, әрі өзінің қызметін атқаруға деген зор ықыласы болған.
7. Пауыл Римдіктерге арналған хатында неден сақ болуға шақырған?
7 Бар ықыласпен қызмет ету керек екендігін түсінген Пауыл Римдегі мәсіхшілерді: “Жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін, Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін! [“Рухтарың жалындай берсін! Ехобаға құл сияқты қызмет етіңдер!”, ЖД]” — деп шақырған (Римдіктерге 12:11). “Бәсеңдеу” деп аударылған грек сөзі еріншектік, енжарлық деген мағынаны білдіреді. Қызметіміз бәсеңсіп қалмаған күннің өзінде де, бізің барлығымыз да рухани енжарлықтың қандай да болмасын алғашқы белгілерін байқауға, сосын соған сәйкес көзқарасымызды өзгертуге даяр болуымыз керек (Нақыл сөздер 22:3).
8. а) Еремияның жүрегінде “жалындаған от сияқты” болған не және неге олай болды? ә) Еремиямен болған жағдайдан не нәрсеге үйренуге болады?
8 Ұнжырғамыз түсіңкі кездерде бізге Құдайдың киелі рухы да көмектесе алады. Мысалы, бір күні Еремия пайғамбардың ұнжырғасы түсіп, бұдан былай пайғамбарлық етпеу жөнінде ойлайды. Ол тіпті Ехоба туралы былай дейді: “Мен Ол туралы ескертпеймін де, Оның атынан енді сөйлемеймін де”. Бұл Еремияның рухани қатты әлсіреп қалғанын білдірді ме? Жоқ. Шындығында, Еремияның рухани берік болғандығы, Ехобаға деген сүйіспеншілігі мен ақиқатқа деген ынтасы оның әрі қарай да пайғамбар ретінде қызмет ете беруіне күш берген. Ол былай деп түсіндірді: “Ол менің жүрегімде, сүйектерімнің ішінде, жалындап жатқан от сияқты болды, мен оны тежеймін деп шаршадым, тежей алмадым” (Еремия 20:9). Құдайдың қызметшілерінің ұнжырғасы түсетін кездер болып тұратындығы сөзсіз. Бірақ егер олар, Еремия сияқты, Құдайдың сөзін жүректерінде сақтайтын болса, көмек сұраған кездерінде Ехоба олардың көңіліндегі нәрсені біліп, киелі рух береді (Лұқа 11:9—13; Елшілердің істері 15:8).
‘Киелі рухтың іс-әрекетін тежемеңдер’
9. Не нәрсе киелі рухтың біздің игілігіміз үшін іс-әрекет етуіне тосқауыл болуы мүмкін?
9 Елші Пауыл салониқалықтарға: ‘Киелі рухтың іс-әрекетін тежемеңдер’,— деп ескерткен (1 Салониқалықтарға 5:19). Иә, Құдайдың принциптеріне қайшы келетін әрекеттер мен көзқарастар киелі рухтың біздің игілігіміз үшін әрекет етуіне тосқауыл болуы мүмкін (Ефестіктерге 4:30). Бүгінгі күні мәсіхшілерге ізгі хабарды жариялау жұмысы тапсырылған. Біз бұл тапсырманы ең ардақты тапсырма деп есептейміз. Құдайды білмейтін адамдар үшін уағыздау ісі жек көрінішті екендігі бізді таң қалдырмайды. Бірақ уағыздау жұмысына мәсіхші немкеттілік танытса, бұл әрекет етуге талпындыратын Құдайдың рухын ‘тежеуі’ мүмкін.
10. а) Жақындарымыздың көзқарасы бізге қалай әсер етуі мүмкін? ә) 2 Қорынттықтарға 2:7-ден біздің қызметімізге деген қандай жоғары көзқарасты байқауға болады?
10 Біздің қауымымызға жатпайтын адамдар біздің қызметімізді тек әдебиеттер таратудан ғана тұрады деген ойда болуы ықтимал. Ал басқалары болса, біздің үйден-үйге жүруіміздің себебі — садақа жинауда деген жаңсақ пікір түзуі мүмкін. Егер осындай бұрыс ойлардың біздің көзқарасымызға әсер етуіне жол берер болсақ, қызметіміздің тиімділігі төмендеп кетуі мүмкін. Осындай көзқарастың әсеріне түсіп, жігерсізденгеннен гөрі, қызметімізге деген көзқарасымыз Ехоба мен Исанікіндей болғай. Пауылдың сөздерінен сондай жоғары көзқарасты байқауға болады: “Біз көптеген басқалар сияқты Құдайдың сөзін сатып бермейміз. Қайта, Мәсіхпен тығыз байланыста тұрып, Құдайдан жіберілгендер ретінде ізгі хабарды Оның алдында адалдықпен уағыздаймыз” (2 Қорынттықтарға 2:17).
11. Қуғындалып жатқан кездің өзінде алғашқы мәсіхшілердің бар ынталарымен қызмет етулеріне не көмектесті және олардың қалдырған үлгісі бізге қалай әсер етуі керек?
11 Исаның өлімінен кейін көп ұзамай оның Иерусалимдегі шәкірттері біраз уақыт қуғындалған болатын. Оларды қорқытқан; қоқан-лоқы салып, уағыздауды доғаруды талап еткен. Сөйтсе де Киелі кітапта олардың ‘бәрінің киелі рухқа кенеліп, Құдай сөзін батылдықпен уағыздағаны’ туралы әңгімеленеді (Елшілердің істері 4:17, 21, 31). Бірнеше жыл өткен соң Пауылдың Тімотеге айтқан сөздері мәсіхшілердің қандай дұрыс көзқарасты сақтаулары керек екендіктерін көрсетеді. Пауыл былай деп жазды: “Құдай бізге қорқыныш емес, күш, сүйіспеншілік және ұстамдылықты дарытатын Киелі Рухын сыйлады. Сондықтан да Иеміз Иса Мәсіхті ашық мойындаудан ешқашан тартынба, Иемізге бола түрмеде отырған мен үшін де ұялма; қайта, Құдай беретін рухани күш-қуатқа сүйеніп, Ізгі хабар үшін азаптарды бірге көр” (2 Тімотеге 1:7, 8).
Жақынымыздың алдында қандай парызымыз бар?
12. Ізгі хабарды уағыздағандағы біздің басты мақсатымыз не?
12 Қызметімізге деген көзқарасымыз дұрыс болуы үшін — ниетіміз дұрыс болуы керек. Не себепті біз уағыз айтып жүрміз? Мұның басты себебіне Забур жыршысының сөздері нұсқайды: “Қасиеттілерің Саған алғыс айтсын; Сенің патшалығыңның салтанатты даңқын уағыздасын, Сенің құдіретті күшіңді жарияласын, осылайша адам баласы Сенің құдіреттілігіңді және патшалығыңның салтанатты ұлылығын білсін!” (Забур 144:10—12). Иә, уағыз айтқандағы біздің басты мақсатымыз — жұрт алдында Ехобаны мадақтап, бүкіл адамзаттың алдында оның есімін дәріптеу. Тіпті егер бізді тыңдайтын адамдар аз болса да, құтқарылу туралы хабарды адал жариялап жүргендігіміздің өзі Ехобаның даңқын шығарады.
13. Бізді адамдармен құтқарылу туралы хабармен бөлісуге ынталандыратын не?
13 Сонымен қатар, адамдарға деген сүйіспеншілігіміз бен олардың қанын мойнымызға жүктемеуге деген ынтамыз бізді уағыз айтуға талпындырады (Езекиел 33:8; Марқа 6:34). Пауылдың: “Гректер мен басқа ұлттарға да, білімділер мен білімсіздерге де Ізгі хабарды жариялау — менің парызым”,— деген сөздері осыған қатысты айтылған болатын (Римдіктерге 1:14). ‘Барлық адамдардың құтқарылуы’ Құдайдың еркі болғандықтан, Пауыл осы адамдардың бәріне ізгі хабарды уағыздауға өзін міндетті есептеген (1 Тімотеге 2:4). Бүгінгі күні бізде де жақындарымызға деген тап сондай сүйіспеншілік бар және оларға қатысты біз де өзімізді міндетті сезінеміз. Құдай адамзатты сүйгендіктен күнәкарлар үшін жанын пида етуге өзінің Ұлын жерге жіберді (Жохан 3:16). Мұнысымен ол үлкен құрбандыққа барды. Исаның құрбандығына негізделген құтқарылу туралы ізгі хабарды жақындарымызға айту үшін уақытымыз бен күшімізді жұмсаған кезде, біз Ехобаның сүйіспеншілігіне еліктейміз.
14. Құрамына мәсіхшілердің қауымы кірмейтін дүниені Киелі кітап қалай суреттейді?
14 Ехоба Куәгерлері өздерінің жақындарын мәсіхшілер қауымының болашақ мүшелері ретінде қарастырады. Әрине біз батылдықпен уағыздауымыз керек, бірақ біздің батылдығымыз өзгелерге өшпенділік танытуды білдірмеуі керек. Иә, Киелі кітапта жалпы дүние жөнінде әңгіме қозғалғанда пәрменді тіркестер қолданылады. Пауыл ‘дүниенің даналығы’ және ‘дүниелік құмарлықтар’ жөнінде айтқанда “дүние” сөзін жағымсыз мағынада қолданған (1 Қорынттықтарға 3:19; Титке 2:12). Сонымен қатар Пауыл Ефестегі мәсіхшілерге ‘дүниенің дәстүріне сай өмір сүрген’ кездерінде олардың ‘рухани өлі’ болғандарын естеріне салған (Ефестіктерге 2:1—3). Осылар және осыларға ұқсас басқа да сөздер елші Жоханның: “Біз Құдайданбыз, бірақ бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр, бұны білеміз”,— деген сөздеріне сәйкес келеді (1 Жохан 5:19).
15. Мәсіхшілер қауымына жатпайтын адамдарға қатысты біз қалай әрекет етеміз және неге?
15 Алайда мұндай тіркестің жеке адамдарға емес, жалпы Құдайды білмейтін дүниеге қатысты екендігін ұмытпаған жөн. Мәсіхшілер әлдекімнің ізгі хабарға қандай лебіз танытатынын алдын ала болжаудан аулақ. Олардың әлдекімді “серкелердің” қатарына қосуына ешбір негізі жоқ. Иса Мәсіх “қойларды” “серкелерден” айыруға келген кезде істің нәтижесі қандай боларын біз шешпейміз (Матай 25:31—46). Төрелік ету бізге емес, Исаға тапсырылған. Оның үстіне, бұрын әдептіліктен ада болған кейбір адамдардың Киелі кітаптағы хабарды қабылдап, өзгеріп, мәсіхшілерге тән жоғары құлықты өмір кеше бастағанын тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан, біз құлықсыз адамдармен ара-қатынаста болуға талпынбағанымызбен, егер ыңғайы келсе, бар ынтамызбен олармен Патшалық туралы үмітпен бөлісеміз. Киелі жазбаларда Құдайға сенбесе де ‘мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқан’ адамдар жөнінде әңгімеленген. Ақыр аяғында олар мәсіхшілердің қатарына қосылған (Елшілердің істері 13:48, ЖД). Адамға ізгі хабарды айтпайынша, бәлкім тіпті бірнеше рет айту керек болар, біз оның мәңгі өмірге ыңғай танытады ма, жоқ па біле алмаймыз. Осыны есімізде ұстай отырып, құтқарылу жөніндегі хабарды әлі қабыл алмаған адамдардың кейбіреуінің ізгі хабарды қабылдап қалатынына үміт артып, біз оларға “ілтипаттылық” пен “ізеттілік” танытамыз (2 Тімотеге 2:25; 1 Петір 3:15).
16. “Тәлім беру шеберлігін” дамыту керектігінің себептерінің бірі қандай?
16 Егер тәлім беруде шеберлігімізді арттыра түсер болсақ, біздің ізгі хабарды уағыздауға деген ынтамыз да арта түседі. Мысалы, адам спорт ойындарының қандай да бір түрін ойнай алмайтын болса, бұл ойын оған қызық емес болып көрінеді. Ал ойнай алатын адамдарға бұл ойын қызықты. Мәсіхшілерде де тап солай: қызметте “тәлім беру шеберлігін” дамыта түскен сайын, олардың қуаныштары да арта түседі (2 Тімотеге 4:2, ЖД; Титке 1:9). Пауыл Тімотеге мынадай кеңес берген: “Сен кінәратсыз жұмысшы, Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтыл” (2 Тімотеге 2:15). Тәлім беру шеберлігін қалай дамытуға болады?
17. Киелі кітаптағы білімге қалай “құштар” болуға болады және мұндай білім қызметімізде бізге қалай көмектесе алады?
17 Мысалы, тура білім алуды тереңдете түсуге болады. Елші Петір бізді мынаған шақырады: “Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің “таза сүтіне” құштар болыңдар” (1 Петір 2:2). Сүтке ынтығу сау нәрестенің болмысына тән нәрсе. Алайда мәсіхшіге Киелі кітаптағы білімге “құштар” болуды үйрену керек болуы мүмкін. Мұны Киелі кітапты бар ынта-жігермен зерттеп, әрі оны үнемі оқуға дағдылану арқылы жүзеге асыруға болады (Нақыл сөздер 2:1—6). Құдай Сөзінен шеберлікпен тәлім беру үшін күш салу керек, әрі өзімізді тәртіпке сала білуіміз керек, сонда мұндай еңбегіміз өз жемісін береді. Құдай Сөзін зерттеуден алған қуанышымыз көкірегімізде Құдайдың рухының жалындауына, сондай-ақ өзіміз білген нәрселермен өзгелермен де бөлісуге талпындырады.
18. Мәсіхшілердің кездесулері біздің ақиқатты дұрыс уағыздауға қажетті дайындық алуымызға қалай көмектеседі?
18 Құдай Сөзін шебер қолдана алу үшін, мәсіхшілердің қауым кездесулерінің де маңызы аса зор. Баяндама айтылып жатқанда, сондай-ақ Киелі кітапты басқаша жолдармен талқылағанда оқылып жатқан Жазба орындарын өзіміздің Киелі кітабымыздан тауып, ашып оқып отырғанымыз жақсы. Бағдарламаның бөлімдеріне, оның ішіне біздің уағыздау қызметімізге қатысты бөлімдері де кіреді, бар көңілімізбен зер салу ақылдылыққа жатады. Көрсетулердің маңыздылығын да жете бағалай білгеніміз дұрыс. Оларды жете бағаламайтындығымызды көңіліміздің басқа жаққа ауып кетуінен байқауға болады. Мұндай жағдайда да бізге өзімізді қатаң тәртіпке үйрету және мұқият ықылас қойып тыңдау қажет (1 Тімотеге 4:16). Мәсіхшілердің қауым кездесулері біздің сенімімізді нығайтады; Құдай Сөзіне деген құштарлық дамытуға, сондай-ақ бар ынтамызбен ізгі хабарды жариялауға дайындалуға көмектеседі.
Біз Ехобаның көмегіне арқа сүйей аламыз
19. Неге біз уағызға үзбей қатысуымыз керек?
19 ‘Рухтары жалындап’, бар көңілімен ізгі хабарды уағыздауға даяр тұрған мәсіхшілер қызметке үздіксіз қатысуға тырысады (Ефестіктерге 5:15, 16). Рас, әркімнің жағдайы әр түрлі, сондықтан адамдардың өмірін сақтайтын іске қатысу үшін барлығы бірдей мөлшерде уақыт бөле алмайды (Ғалаттықтарға 6:4, 5). Сөйткенмен де, уағыздауға жұмсаған уақытымыздың жалпы мөлшері емес, өзімізде бар үмітпен басқалармен қаншалықты жиі бөлісетіндігіміз маңыздырақ (2 Тімотеге 4:1, 2). Біз қаншалықты көп уағыздасақ, уағыздау ісінің маңызды екендігін соншалықты бағалай білетін боламыз (Римдіктерге 10:14, 15). Болашаққа деген үміті жоқ, әрі қайғыланып, қасірет шегіп жүрген ақ ниетті адамдарды жиі кездестіре бергендіктен, біз анағұрлым жанашыр әрі адамшыл боламыз (Езекиел 9:4; Римдіктерге 8:22).
20, 21. а) Бізді әлі қандай жұмыс күтіп тұр? ә) Ехоба біздің зор ынтамызды қалай қолдауда?
20 Ехоба бізге ізгі хабарды сеніп тапсырған. Бұл оның бізге, яғни өзінің ‘еңбектестеріне’, берген алғашқы тапсырмасы (1 Қорынттықтарға 3:6—9). Құдайдың тапсырған осы міндетін біз жан сала атқарғымыз келеді және біз қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тырысудамыз (Марқа 12:30; Римдіктерге 12:1). Дүниеде ақиқатқа сусап жүрген оң ниетті адамдар әлі де болса аз емес. Істейтін жұмыс көп, бірақ қызметімізді тиянақты орындау барысында біз Ехобаның көмегіне арқа сүйей аламыз (2 Тімотеге 4:5, ЖД).
21 Ехоба бізге өзінің рухын беріп, сондай-ақ өзінің Сөзі — “рухани семсермен” қамтамасыз етіп отыр. Құдайдың көмегінің арқасында біз ‘ізгі хабардың құпиясын қаймықпай жариялай’ аламыз (Ефестіктерге 6:17—20). Елші Пауылдың Салониқадағы мәсіхшілерге арнап жазған: “Сендерге Ізгі хабарды сөзбен ғана емес, құдіретпен, Киелі Рухпен және зор сеніммен де жеткіздік”,— деген сөздерін бізге де қатысты айтуға болатындай болғаймыз! (1 Салониқалықтарға 1:5). Иә, ізгі хабарды бар ынтамызбен жариялай берейік!
Қысқаша қайталау
• Күнделікті күйбең тірлік бар ынтамызбен қызмет етуімізге қалай әсер етеді?
• Ізгі хабарды жариялауға деген ықыласымыз қай мағынада жүрегімізде “жанып тұрған от” сияқты болуы керек?
• Біз қызметке қатысты қандай бұрыс көзқарастан аулақ болуымыз керек?
• Сенімімізді бөліспейтіндерге деген біздің көзқарасымыз қандай болуы керек?
• Бар ынтамызбен уағыздай беруіміз үшін Ехоба бізге қалай көмектесуде?
[21-беттегі суреттер]
Мәсіхшілер бар ынтасымен қызмет еткен Еремия мен Пауылға еліктейді.
[23-беттегі суреттер]
Құдайды және жақындарымызды жақсы көргендіктен, біз бар ынтамызбен қызмет етеміз.