Ехобаға жақындауға көмектесудеміз
«Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара аламайды» (ЖОХАН 14:6).
1. Қайта тірілген Иса шәкірттеріне қандай тапсырма берді және Ехоба Куәгерлері бұл тапсырманы орындауда қандай жетістіктерге жетті?
ИСА МӘСІХ өзінің ізбасарларына «барлық ұлттың арасынан шәкірт дайындап, оларды Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өткізуді» тапсырды (Матай 28:19, ЖД). Соңғы он жылдың ішінде Ехоба Куәгерлері үш миллионнан астам адамның Құдайға бет бұруына көмектесті. Уақыт өте келе өздерін Құдайға арнағанын және оның еркін орындауды қалайтындықтарын көрсеткісі келетіндерді Куәгерлер шомылдыру рәсімінен өткізді. Осы адамдардың Құдайға жақындауына көмектескенімізге біз қандай қуаныштымыз десеңші! (Жақып 4:8).
2. Көбісі шомылдыру рәсімінен өтіп жатқанымен, қандай жағдай болуда?
2 Кейбір елдерде көптеген жаңа шәкірттер шомылдыру рәсімінен өтуде, бірақ шомылдырылғандардың саны Патшалықты жариялаушылардың өсім санына сәйкес келмейді. Әрине, жыл сайын адамдардың бір пайызға жуығы өлетіндігін де ұмытпаған жөн. Бірақ сонымен қатар соңғы бірнеше жылдың ішінде әртүрлі себептермен ақиқат жолынан тайып кеткендердің саны да көбейіп кетті. Бұның себебі неде? Осы мақала мен келесі мақалада адамдардың Ехобаға қандай себеппен жақындайтындығы және не себепті кейбіреулердің жолдан тайып кететіндігі талқыланады.
Біздің уағыз айтқандағы мақсатымыз
3. а) Исаның шәкірттеріне тапсырылған қандай іс Аян 14:16-дағы періштенің ісіне сәйкес келеді? ә) Қандай тәсілді қолдана отырып адамдардың Патшалық туралы хабарға ынтасын оятуға болады, алайда қандай қатер бар?
3 Исаның шәкірттеріне «осы заманның ақыры» келгенде «Патшалық туралы Ізгі хабар» жайлы «білімді» тарату тапсырылған (Даниел 12:4; Матай 24:14). Олардың атқаратын ісі «жер бетіндегі... әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялаушы» періштенің ісіне сәйкес (Аян 14:6). Әркім өз шаруасымен әлек болып жатқан мына өмірде, адамдардың Құдай Патшалығына деген ынтасын оятып, Ехобаға жақындатудың ең жақсы тәсілдерінің бірі — жер бетінде жұмақ орнайтыны туралы және сол жұмақта мәңгі өмір сүруге болатын үміт бар екендігі туралы хабарды оларға айту. Бұл үміт адамға жағымды, әрі аса тартымды. Бірақ, Құдай халқының арасында Жұмаққа жету үшін ғана жүргендер, өмірге алып баратын тар жолда берік тұрған жоқ (Матай 7:13, 14).
4. Иса мен аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан періштенің сөздеріне сәйкес, біздің уағыз айтқандағы мақсатымыз не?
4 Иса былай деген: «Мәңгілік өмір бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Иса Мәсіхті тану» (Жохан 17:3). Аспанның қақ ортасында ұшып бара жатқан періште «Мәңгі ізгі хабарды» жариялап былай деуде: «Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды. Көк пен жерді, теңіз бен су көздерін жаратқан Құдайға бас ұрып тағзым етіңдер» (Аян 14:7). Демек, біздің ізгі хабарды жариялаудағы басты мақсатымыз — адамдардың Иса Мәсіх арқылы Ехобаға жақындауына көмектесу.
Ехобаның ісіндегі біздің рөліміз
5. Біз өзіміздің емес, Ехобаның ісін атқарып жүргенімізді Пауыл мен Исаның сөздері қалай көрсетеді?
5 Елші Пауыл майланған бауырластарына арналған хатында «татуластыру қызметі» туралы және Құдай адамдарды Иса Мәсіхтің құрбандығы арқылы Өзімен татуластыратынын айтқан. Пауыл «біз арқылы Тәңірдің Өзі ескертеді» әрі «біз Мәсіхтің атынан: „Құдаймен татуласыңдар!“ — деп өтінеміз» деген. Қандай жанға жұбаныш беретін сөздер десеңші! Біз, «Мәсіхтің» майланған «өкіліміз» бе, жоқ әлде жер бетінде өмір сүруге үміті бар өкіліміз бе, бұл жұмыс біздің емес Ехобаның жұмысы екенін ешқашан ұмытпағанымыз абзал (2 Қорынттықтарға 5:18—20). Шын мәнінде Мәсіхке келген адамдарды оған жақындатып тартатын да, тәлім беретін де — Құдай. Иса былай деген: «Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адамдар Маған келе алады; ал Мен оларды ақырғы күні қайта тірілтіп аламын. Пайғамбарлар жазбаларында «Құдай олардың бәрін үйретеді» делінген. «Әкемді тыңдап, Одан тәлім алған әркім Маған келеді» (Жохан 6:44, 45).
6. Қалай Ехоба алдын ала халықтарды тітірентуде және сол мезгілде, кімдер оның мінажат ететін «үйінен» пана тауып, өздерін қауіпсіздікте сезінуде?
6 Осы соңғы дәуірде қалайша Ехоба адамдарды өзіне тартып, олардың «сенуіне жол ашуда»? (Елшілердің істері 14:27; 2 Тімотеге 3:1). Осы мақсатты жүзеге асыру үшін, Ол, құтқарылу туралы және осы зұлым дүниенің сотталатыны туралы хабарды жариялап жүрген өзінің Куәгерлерін қолданады (Ишая 43:12; 61:1, 2). Дүние жүзі бойынша жарияланып жатқан бұл хабар жақында жойқын соттың үкімінің орындаларын алдын ала мәлім етіп, барлық халықтарды дүр сілкіндіруде. Ал осы кезде, Құдайдың алдында «қалаулы» болғандар бұл дүниеден бөлініп шығып, Құдайға шынайы мінажат ететін «үйден» пана тауып жатыр. Осылайша Ехоба Нағай арқылы жаздырған пайғамбарлық сөздерін орындауда: «Барлық халықтарды тітірентемін, сонда барлық халықтардың Қалаулысы [барлық халықтардан қалаулылар, ЖД] келеді, сөйтіп осы үйді даңққа толтырамын, дейді Тәңір Саваоф» (Нағай 2:6, 7; Аян 7:9,15).
7. Ехоба адамдардың жүрегін қалай жібітуде және олардың Ехоба мен оның Ұлына жақындауының себебі неде?
7 Куәгерлерінің «айтқан сөзіне құлақ түріп, қабылдауы» үшін, Ехоба — Құдайды қастерлейтін адамдардың, яғни «барлық халықтардың қалаулыларының» жүрегін жібітуде (Нағай 2:7; Елшілердің істері 16:14). Бірінші ғасырдағыдай, шын жүректен көмек сұраған шынайы адамдарға Куәгерлерін жіберу үшін Ехоба кейде періштелерін қолданады (Елшілердің істері 8:26—31). Өзінің жалғыз Ұлы, Иса Мәсіх арқылы Құдайдың істеген әрекетін білгенде, Ехобаның сүйіспеншілігі адамдарды өзіне жақындатып тартады (1 Жохан 4:9, 10). Иә, Құдайдың «шарапаты» немесе «мәңгілік сүйіспеншілігі» адамдардың Ехобаға және оның Ұлына жақындауына себеп болуда (Еремия 31:3).
Ехоба кімді өзіне жақындауға ынталандырады?
8. Ехоба қандай адамдарды өзіне жақындауға ынталандырады?
8 Құдайды іздегендерді Ехоба өзіне және өзінің Ұлына жақындауға ынталандырады (Елшілердің істері 17:27). Бұл — христиан әлемінде, одан қала берсе бүкіл дүние жүзінде «болып жатқан сорақылықтарға жаны күйзеліп, қасірет шегіп» жүрген адамдар (Езекиел 9:4). Олар өздерінің «рухани мұқтаждықтарын мойындайды» (Матай 5:3, ЖД). Расында да бұл адамдар жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүретін, «жер бетінің» «момындары» (Софония 2:3).
9. Адамның мәңгі өмірге деген «бейімділігін» Ехоба қалай көре алады, және бұндай адамдарды өзіне жақындату үшін қалай ынталандырады?
9 Ехоба адамның жүрегіндегіні оқи алады. Дәуіт патша өзінің ұлы Сүлейменге былай деген болатын: «Тәңір әрбір адамның жүрегін де, ой желісін де біледі. Егер Оны іздесең, табасың» (1 Шежіре 28:9). Адамзаттың күнәсі кешіріліп, әділ жаңа дүниеде мәңгі өмір сүруі үшін, Құдайдың алдын ала ойластырып қойған шарасы бар. Бұны кімнің қалай қабыл алатынын Ехоба адамның жүрегі мен рухына, яғни іштей неге бейім екендігіне қарап көре алады (2 Петір 3:13). Ехобаның Куәгерлері Құдай Сөзін уағыздап, өзгелерді оның ақ жолымен жүруге үйретуде. Осылайша Ехоба өзінің Сөзі арқылы «мәңгі өмірге бейімділерді» өзіне және өзінің Ұлына жақындауға ынталандырады да, оларда сенім пайда бола бастайды (Елшілердің істері 13:48, ЖД).
10. Неге Ехоба өзіне және өзінің Ұлына жақындату үшін, кімді ынталандырып, кімді ынталандырмауды алдын ала белгілеп қоймайды деуге болады?
10 Ехоба өзіне жақындату үшін кімді ынталандырып, ал кімді ынталандырмауды алдын ала белгілеп қоя ма? Жоқ, алдын ала белгілеп қоймайды! Құдайға жақындау да, жақындамау да адамның өз қалауына байланысты болады. Құдай адамдардың ерік бостандығын сыйлайды. Осыдан үш мың жыл бұрын Мұса: «Міне, бүгін мен саған өмір мен жақсылық, өлім мен жамандық ұсындым... Куә ретінде бүгін сендердің алдарыңа көк пен жерді шақырдым: Мен саған өмір мен өлім, бата мен қарғыс ұсындым. Өмірді таңда, өзің де, ұрпағың да өмір сүрсін, Тәңірді, өзіңнің Құдайыңды сүйіп, Оның даусына құлақ асып, Оған жабыссын; өйткені... сенің өмірің де, өміріңнің ұзақтығы да осыған байланысты»,— дегенде Ехоба исраилдіктерге таңдау жасауға қандай мүмкіндік берген болса, бүгінгі күні де жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдарға сондай мүмкіндік беріп отыр (Заңды қайталау 30:15—20).
11. Исраилдіктер өмірді қалай таңдаулары керек еді?
11 Мынаған көңіл аударшы, исраилдіктер Тәңірдің сөздеріне құлақ асып, онымен айырылмастай жақын болуы арқылы Ехобаға сүйіспеншілік танытып, өмірді таңдаулары керек еді. Бұл сөздер айтылған уақытта, исраил халқы «уәде етілген» жерге әлі кірмеген болатын. Олар Иордан өзенінен өтіп, Қанахан жеріне кіру үшін, Моаб аңғарында күш-жігер жинап жатқан еді. Өздері табалдырығынан аттағалы тұрған «шұрайлы, кең-байтақ, сүт пен бал ағып жатқан ел» олардың көкейіндегі арман болатын. Бірақ бұл арманның жүзеге асуы олардың Ехобаны сүйетіндігіне, оның сөздеріне құлақ асатындығына және онымен айырылмастай жақын болуларына байланысты болды (Мысырдан көшу 3:8). «Егер бүгін саған өсиет етіп, Ехобаны, өзіңнің Құдайыңды сүй, оның жолдарымен жүріп, оның парыздарын және талаптары мен заңдарын орында деген Ехобаның, сенің Құдайыңның өсиетіне құлақ асар болсаң: онда аман болып, өсіп өнесің, және сенің Құдайың Ехоба өзің иемденуге бара жатқан жерде саған батасын береді»,— деуімен, Мұса бұны анық көрсетті (Заңды қайталау 30:16, ЖД).
12. Уағыз айту мен өзгелерді ақиқат жолына үйретуде исраилдіктердің үлгісі бізге қандай сабақ болады?
12 Осы соңғы күндері өзгелерге уағыз айтып, оларды ақиқат жолына үйреткенде бұл бізге сабақ болатын нәрсе емес пе? Біз жер бетінде Жұмақ орнайтын уақыттың жақындап келе жатқанын жадымызда ұстаймыз, әрі өзгелерге айтамыз. Бірақ, егер біз қандайда бір пайда көруді көздеп қызмет етер болсақ, уәде етілген жұмақты өзіміз де көрмейміз, дайындаған оқушыларымыз да көрмейді. Өзіміз де, біз ақиқат жолына үйретіп жүрген адамдар да исраилдіктер сияқты Ехобаны сүйіп, оның сөздеріне құлақ асып, онымен айырылмастай жақындасуы керек. Егер біз қызмет атқарып жүрген уақытта осыны есте ұстар болсақ, адамдардың Құдайға жақындауына көмектесетін оның нағыз еңбектесі боламыз.
Құдаймен бірге еңбектеспіз
13, 14. а) 1 Қорынттықтарға 3:5—9-ға сәйкес қалай біз Құдаймен еңбектес боламыз? ә) Әрбір өсім үшін кім даңқталуға лайық және неге?
13 Пауыл Құдаймен бірге еңбектес болуды жер өңдеумен салыстырған. Ол былай деп жазды: «Аполлос негізінде кім? Пауыл да кім? Екеуіміз не бары сендерді сенім жолына түсірген Құдайдың қызметшілеріміз, әрқайсымыздың Иеміз белгілеген міндетіміз бар: мен жүректеріңе сенімнің „тұқымын ектім“, ал Аполлос көбірек тәлім беріп „суарды“. Бірақ оны өсірген біз емес, Құдай. Егуші мен суарушы екеуіміздің мақсатымыз бірдей, әрқайсымыз да еткен еңбегімізге қарай Тәңірден лайықты сыйымызды алмақпыз. Сөйтіп біз Құдаймен бірге еңбектеспіз, ал сендер Құдайдың „егістігісіңдер“» (1 Қорынттықтарға 3:5—9).
14 Құдайдың еңбектесі ретінде, адамдардың жүрегіне «Патшалық туралы айтылған Сөзді» бар күшімізді салып егуіміз керек, ал бұдан кейін, пайда болған әрбір ықыласты суаруымыз керек. Бұндай ықыласты біз жақсылап дайындалып қайта бару арқылы және Киелі кітапты оқып білуді бастау арқылы суара аламыз. Егер жер, яки жүрек жақсы болса, Ехоба өзіне тиесілі жұмысты істейді, яғни Киелі кітаптағы ақиқаттың тұқымын өндіреді, сосын бұл тұқымнан жемісті өсімдік өсіп шығады (Матай 13:19, 23). Ол адамның өзіне және Ұлына жақындауына көмектеседі. Демек, сайып келгенде Патшалықты жариялаушылардың рухани өсуі адамдардың жүрегінде ақиқаттың тұқымын өсіретін, әрі оларды өзіне және өзінің Ұлына жақындауға ынталандыратын Ехобаның еңбегінің арқасында болып отыр.
Ешқашан құламайтын құрылыс
15. Өзгелердің сенімін күшейтуге біздің қалай көмектесе алатындығымызды көрсету үшін, Пауыл қандай мысал келтірді?
15 Ақиқатқа бет бұрған адамдардың санының өсіп жатқанына қуана отырып, олардың Ехобаға деген сүйіспеншілігінің нығаюын, Оның сөзіне құлақ асуын және оған жақындай түсуін, біз шын жүректен қалаймыз. Әлдекімнің сүйіспеншілігі салқындап, ақиқат жолынан тайып кеткенін көргенде уайымдаймыз. Бұндай жағдайдың алдын алуға біз өз үлесімізді қоса аламыз ба? Пауыл тағы да бір мысал келтіре отырып, өзгелердің сенімін күшейтуге біздің қалай көмектесе алатындығымызды көрсетті. Ол былай деп жазды: «Құдай өз қауымының бірден-бір „негізі“ ретінде Иса Мәсіхті белгілеп қойған болатын, сондықтан ешқандай басқа негізді салуға болмайды. [Әлдекім осы негізге алтыннан, күмістен, асыл тастардан немесе ағаштан, шөптен, сабаннан соғатын болар. Әр құрылысшының істеген жұмысының сапасы аян болады; өйткені уақыты мен күні жеткенде бәрі анықталады. Сол күні әркімнің еңбегі отпен сыналып, шынайы сапасы белгілі болады, СА]» (1 Қорынттықтарға 3:11—13).
16. а) Пауылдың келтірген мысалдарының мақсаты неде еді? ә) Қандай жағдайда біздің құрылысымыз нәтижесіз әрі отқа шыдамайтын болуы мүмкін?
16 Пауылдың егістік жөнінде келтірген мысалында, өсімнің болуы ұрықтың адал еңбекпен егілгеніне, үздіксіз суарылуына және Құдайдың батасына байланысты болатыны көрсетілген. Елшінің басқа бір мысалы, соққан құрылысы ақыр аяғында қандай күйде болатынына мәсіхшінің жауапты екендігін көрсетеді. Ол дұрыс негіздің үстіне сапалы заттардан соқты ма? Пауыл мынадай ескерту жасайды: «Әрқайсысы... қалай салу керек екенін байқауы керек» (1 Қорынттықтарға 3:10). Біз, адамға жұмақта мәңгі өмір сүруге болатынын айтып, ықыласын оятқан соң, ақиқат жолына үйрету барысында тек Киелі кітаптың негізгі ілімдеріне ғана көңіл аударып, ал сосын, мәңгілік өмірге ие болу үшін ол не істеу керек екенін ерекше атап өтіп қана қоямыз ба? Біздің ақиқат жолына үйретуіміз: «Егер сіз Жұмақта мәңгі өмір сүргіңіз келсе, Киелі кітапты зерттеп, қауым кездесулеріне барып, уағыздау қызметіне қатысуыңыз керек»,— дегенмен ғана шектеліп қалған жоқ па? Егер осылай етіп жүрген болсақ, онда біз адамның сенімін берік негіздің үстіне салмағанымыз. Біздің бұлай салған құрылысымыз отқа да, уақыт сынағына да шыдамайды. Адамдарды қайткен күнде де Ехобаға жақындату мақсатын көздеп, бірнеше жыл қызмет етсем Жұмақтағы мәңгі өмірге ие болам деген үмітті ғана көздеуге бейім етіп үйретер болсақ, бұл біздің «ағаш, шөп, сабан сияқты осал» заттардан салғанымызға тең.
Құдайға және Мәсіхке деген сүйіспеншікті дамыту
17, 18. а) Адамның сенімі берік болуы үшін не қажет? ә) Адамның өз жүрегінен Мәсіхке орын беруіне біз қалай көмектесе аламыз?
17 Сенім — Иса Мәсіх арқылы Ехоба Құдаймен жеке қарым қатынасқа негізделуі керек, сонда ғана ол берік болады. Адамдар кемелсіз болғандықтан, Құдаймен тек оның Ұлы арқылы ғана тату қарым-қатынаста бола алады (Римдіктерге 5:10). Исаның былай дегені есіңде ме: «Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды». Өзгелердің сенімін ояту үшін «Құдай өз қауымының бірден-бір «негізі» ретінде Иса Мәсіхті белгілеп қойған болатын, сондықтан ешқандай басқа негізді салуға болмайды». Бұны қалай түсінуге болады? (Жохан 14:6; 1 Қорынттықтарға 3:11).
18 Өзгелерді ақиқат жолына үйреткенде, Исаның: Құтқарушы, сенушілер қауымының Басы, сүйіспеншілікке толы Бас діни қызметкер екенін және билеуші Патша ретінде атқаратын рөлі туралы айтып, оған деген терең сүйіспеншілік пайда болатындай білім беретін болсақ, бұл — Мәсіхті негіз етіп салғанымызды білдіреді (Даниел 7:13, 14; Матай 20:28; Қолостықтарға 1:18—20; Еврейлерге 4:14—16). Ол үшін адамдарға, Исаны шын мәнінде тіршілік ететін тұлға ретінде қабылдап, өз жүректерінен оған орын беретіндей етіп білім беру керек. Біз олар үшін дұға еткенде, Пауылдың Ефестегі мәсіхшілер үшін дұға етіп жалбарынғанындай жалбарынғанымыз жөн. Ол былай деп жазды: «Әкенің алдында тіземді бүгемін... сендер негіз үстіне терең тамыр жайып, нығаю үшін, Мәсіх сүйіспеншілікпен жүректеріңе орнықсын... деп» (Ефестіктерге 3:14—17, ЖД).
19. Киелі кітапты зерттеуге біз жәрдем беріп жүрген адамдардың жүрегінде Исаға деген сүйіспеншілік пайда болса, оның нәтижесі қандай болады және оларды неге үйретуіміз керек?
19 Егер біз осылай салатын болсақ, ақиқат жолына үйретіп жүрген адамдардың жүрегінде Мәсіхке деген сүйіспеншілік пайда болады. Ал Мәсіхке деген сүйіспеншілік пайда болса, әлбетте, олардың жүрегінде Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілік те пайда болады. Исаның сүйіспеншілігінен және сезімталдығы мен жанашырлығынан Ехобаның қасиеттері анық байқалады (Матай 11:28—30; Марқа 6:30—34; Жохан 15:13, 14; Қолостықтарға 1:15; Еврейлерге 1:3). Сондықтан адамдар Исамен танысып, оған сүйіспеншілік дамыта бастаған кезде, олар Ехобамен де танысып, оған да сүйіспеншілік дамыта бастайдыa (1 Жохан 4:14, 16, 19). Исаның адамзат үшін істеген игі істерінің қайнар көзі Ехоба екенін және «Құдай біздің құтқарушымыз» ретінде ризашылықты, мадақтау мен мінажатты қабыл алуға лайық екенін, Киелі кітапты зерттеуге біз жәрдем беріп жүрген адамдарға көрсетуіміз керек (Забур 67:19, 20 ЖД; Ишая 12:2—5; Жохан 3:16; 5:19).
20. а) Адамдардың Құдайға және оның Ұлына жақындауына біз қалай көмектесе аламыз? ә) Келесі мақалада не талқыланады?
20 Құдайдың еңбектесі ретінде, адамдардың жүректерінде сүйіспеншілік пен сенім дамытуына себепші болып, оларға Ехоба мен оның Ұлына жақындауға көмектесейік. Осылайша, олар Ехобаны шын мәнінде тіршілік ететін рухани тұлға ретінде танитын болады (Жохан 7:28). Мәсіх арқылы олар Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болып, оны сүйетін әрі оған бауыр басатын болады. Ехобаның ғажап уәделері уақыты келгенде орындалатынына сенім арта отырып, өздерін қандай да бір уақытпен шектемей, Ехобаға деген сүйіспеншілік оған қызмет етуге жігерлендіретін болады (Еремияның зары 3:24—26; Еврейлерге 11:6). Өзгелерге сенім, үміт пен сүйіспеншілік дамытуға көмектескенде өзіміз туралы да ұмытпағанымыз жөн. Сеніміміз сұрапыл дауылға шыдайтын мықты кеме сияқты болуы үшін, оны нығайта түсуіміз керек. Келесі мақалада осы мәселе талқыланады.
[Сілтеме]
a Исамен, ал ол арқылы оның Әкесі, Ехобамен танысуға Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған «Ең ұлы адам» кітабы үлкен көмек бола алады.
Қайталауға арналған сұрақтар
◻ Адамдардың Патшалық туралы хабарға деген ынтасын ояту үшін, біз қандай тәсілді жиі қолданамыз, бірақ қандай қатер бар?
◻ Өзіне және өзінің Ұлына жақындауға Ехоба қандай адамдарды ынталандырады?
◻ Исраилдіктердің Жерұйық жерге кіруі неге байланысты болған еді, ал біз үшін бұл қандай сабақ бола алады?
◻ Адамдардың Ехобаға және оның Ұлына жақындауына көмектесудегі біздің атқаратын рөліміз қандай?
[10-беттегі сурет]
Жұмақта мәңгі өмір сүру үмітімен біз өзге адамдармен бөлісеміз, бірақ басты мақсатымыз — олардың Ехобаға жақындауына көмектесу.
[13-беттегі сурет]
Тек дайындалатын болсақ қана, қайта оралып барғандағы кездесуіміз жемісті болады.