Некеңді сақтап қалу үшін барыңды сал
“Ал некеде тұрғандарға мен, тіпті мен емес Иеміз, нұсқау береді” (ҚОР. 1-Х. 7:10).
ТҮСІНДІРІП БЕРЕ АЛАСЫҢ БА?
Құдай ер мен әйелді қай мағынада “қосады”?
Некеде қиыншылықтары бар мәсіхшілерге ақсақалдар қалай көмектесе алады?
Біз некеге қалай қарауымыз керек?
1. Мәсіхшілер неке одағына қалай қарауы тиіс және неге?
МӘСІХШІЛЕР үйленгенде, Құдайға ант береді. Бұл оларға үлкен жауапкершілік жүктейді (Екк. 5:4—6). Неке құрған ер мен әйелді “Құдай қосқан” деуге болады, өйткені бұл құрылымға бастау берген — Ехоба Құдай (Мар. 10:9). Кейде мемлекеттің және Киелі кітаптың некеге қатысты заңдары бірдей болмауы мүмкін, десе де Ехобаның қызметшілері некелеріне оның көзімен қарағандары жөн. Некелескен кезде оның қызметшілері болмаған болса да, олар Құдайдың көзінде біртұтас.
2. Бұл мақалада қандай сұрақтар қарастырылады?
2 Сәтті неке құрған адамдар зор бақытқа кенеледі. Ал егер некеде бақытсыз болсақ ше? Ондай кезде не істей аламыз? Мұндай некені нығайтуға бола ма? Некесінің шырқы бұзылған мәсіхші көмекті қайдан таба алады?
НЕКЕ САҒАН ҚУАНЫШ ӘКЕЛЕ МЕ, ӘЛДЕ КҮЙІНІШ ПЕ?
3, 4. Өмірлік жолдас таңдағанда дана шешім қабылдамаудың салдары қандай болады?
3 Мәсіхшілердің некесі сәтті болса, бұл оларға қуаныш, ал Ехобаға даңқ алып келеді. Ал некесі сәтсіз болып шықса, бұл кем дегенде адамның жанын жаралайды. Үйленуді ойлап жүрген мәсіхші Құдайдың басшылығын ұстанатын болса, некесіне жақсы бастама бере алады. Алайда болашақ жарын даналықпен таңдамаса, артынан опық жеп, күйінуі мүмкін. Мысалы, кейбір жастар некелік өмір жүктейтін жауапкершіліктерге дайын болмай жатып кездесе бастайды. Тағы біреулер Интернет арқылы танысып, асығыс отау құрғандықтан некелері бақытсыз болып жатады. Басқалары кездесіп жүргенде, ауыр күнә жасап қойып, бір-бірінің алдында қадірін кетіреді. Бұл олардың некелеріне кері әсер етпей қоймайды.
4 Мәсіхшілердің кейбірі “Иеміздің ізбасары” емес адаммен неке құрғандықтан көп зардап шегуде (Қор. 1-х. 7:39). Егер сенің де жағдайың осындай болса, Құдайдан кешірім мен көмек сұрап жалбарын. Ехоба адамды өткен қателіктерінің салдарынан құтқармаса да, шын өкінгендерге қиыншылықтармен күресуге көмектеседі (Заб. 129:1—4). Құдайға ұнамды әрекет ету үшін барыңды сал, сонда “Жаратқан Иеге деген қуанышың саған күш-қуат береді” (Нех. 8:10).
ШАҢЫРАҒЫҢ ШАЙҚАЛҒАЛЫ ТҰРСА
5. Некеде бақытсыз болып жүргендер қандай ойдан қашық болулары қажет?
5 Некеде бақытсыз болып жүргендер: “Некем сақтап қалуға тұра ма, өзі? Басқа біреуге үйленгенімде, бақыттырақ болар ма едім”,— деп ойлауы мүмкін. Жолдасын тастап кеткісі келетін олар былай деп армандайтын шығар: “Шіркін, қайтадан басым бос болса ғой! Ажырасып кетсем қайтеді? Жазбаларда айтылған себеппен ажырасуға негізім болмаса да, бөлек тұрып, адам сияқты өмір сүрмеймін бе?” Осы сияқты арман-қиялға берілудің орнына, мәсіхші Құдайдың басшылығына жүгіне отырып, некесін сақтап қалу үшін қолынан келгеннің бәрін істеу керек.
6. Исаның Матай 19:9-дағы сөздері нені білдіреді?
6 Егер мәсіхші ажырасатын болса, қайта неке құруға Жазбаларға сай ерікті болуы не болмауы мүмкін. Иса былай деген: “Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, басқаға үйленсе, неке адалдығын бұзады” (Мат. 19:9). Мұнда “азғындық” деп неке адалдығын бұзу мен жыныстық құлықсыздыққа жататын басқа да ауыр күнәлар туралы айтылған. Егер мәсіхші Жазбаларға негізделмеген себеппен ажырасуды ойлай бастаса, ол Құдайға дұға етіп, көмек пен басшылық сұрағаны жөн.
7. Мәсіхшілердің некелері ойран болып жатса, адамдар не деуі мүмкін?
7 Мәсіхшінің шаңырағы шайқалса, бұл оның Құдаймен қарым-қатынасының әлсіз екенін көрсетеді. Елші Пауыл: “Егер адам өз отбасына басшылық етуді білмесе, қалайша Құдай қауымын қамқорлай алады?”— деген сұрақты көтерген болатын (Тім. 1-х. 3:5). Ал өздерін Құдайдың қызметшілеріміз дейтін ер мен әйелдің некесі ойран болып жатса, жұрт “олардың айтқанын істе де, істегенін істеме” деуі мүмкін (Рим. 2:21—24).
8. Мәсіхші ерлі-зайыптылар бөлек тұруды не ажырасуды шешсе, бұл ненің белгісі?
8 Шомылдыру рәсімінен өткен мәсіхшілер Жазбаларға негізделмеген себеппен ажырасуды я бөлек тұруды шешсе, бұл олардың Ехобамен қарым-қатынасы берік емес екенін көрсетеді. Екеуінің біреуі не тіпті екеуі де Киелі кітап принциптерін қолданбай жүрген болса керек. Егер екеуі де “шын жүректен Жаратқан Иеге” сенім артатын болса, некелерін сақтап қалуы әбден мүмкін (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқы).
9. Некеде шыдамдылық танытқандарының арқасында кейбір мәсіхшілер қандай батаға кенелген?
9 Алғашында ойран болуға шақ қалған некелер артынша сәтті болып жатады. Некедегі қиыншылықтары көп болғанына қарамастан, ажырасуға асықпаған мәсіхшілер көп батаға кенелуде. Күйеуі сенуші болмаса, үй ішінде қандай жағдай орын алуы мүмкін екенін көрейік. Елші Петір былай деп жазды: “Әйелдер, күйеулеріңе бағыныңдар. Осылайша Құдай сөзіне мойынсұнбайтын күйеулерің осы сөз арқылы емес, жүріс-тұрыстарың арқылы оған мойынсұнатын болсын. Олар таза жүріс-тұрыстарыңды әрі өздерін барынша құрметтейтіндеріңді көргенде, осылай болмақ” (Пет. 1-х. 3:1, 2). Иә, жұбайының үлгілі жүріс-тұрысын көрген сенуші емес адам шындыққа келуі мүмкін. Некелерін сақтап, жұбайымен бірге қалған мәсіхшілер Құдайды ұлықтайды әрі бүкіл отбасы — күйеуі, әйелі және балалары — батаға кенеледі.
10, 11. Некеде қандай қиыншылықтар болуы мүмкін және мәсіхшілер не нәрсеге сенімді бола алады?
10 Көптеген мәсіхшілер Ехобаға ұнамды болу үшін шомылдыру рәсімінен өткен бауырласпен неке құрады. Алайда кейде өмірде күтпеген жағдайлар болып жатады. Мәселен, күйеудің не әйелдің қиын эмоциялық проблемалары пайда болуы мүмкін. Я болмаса неке құрған соң көп ұзамай бірінің қызметтегі белсенділігі бәсеңдеп, не тіптен уағыздауды доғаруы мүмкін. Сәулеa есімді құлшынысты жариялаушы әрі қамқор ананың жағдайында осылай болған. Шомылдыру рәсімінен өткен жолдасы Киелі кітапқа қайшы келетін нәрселерді істеп жүргеніне өкінбегендіктен, қауымнан шығарылады. Ал Сәуле мұның дәрменсіз куәсі ғана болды. Осындай жағдайға душар болып, некелерінен күдер үзуге шақ қалған мәсіхшілерге не істеу керек?
11 Бәлкім, сенде: “Қайткенде де некемді сақтап қалуға тырыса беруім керек пе?”— деген сұрақ туындайтын шығар. Бұл мәселеге қатысты шешімді сен үшін ешкім қабылдамайды әрі қабылдамауы тиіс. Алайда қыл үстінде тұрған некеден күдер үзбеуге мәсіхшілерде себеп жоқ емес. Жұбайын тастап кетуге ар-ұждандары жібермейтіндіктен, некедегі қиындықтарға төтеп беретін мәсіхшілер Құдайға ұнайды (Петірдің 1-хаты 2:19, 20 оқы). Ехоба Сөзі мен рухы арқылы берекесі кеткен некені сақтап қалуға барынша тырысатын қызметшілеріне көмектеседі.
ОЛАР САҒАН АҚЫЛ ҚОСУҒА ДАЙЫН
12. Өздерінен көмек іздеп барғанымызға ақсақалдар қалай қарайды?
12 Егер некеде қиыншылықтарың болса, тәжірибесі мол ақсақалдардан көмек іздеуден ұялма. Қауымның бағушылары саған Киелі кітаптан Құдайдың ақыл-кеңесін беруге қуанышты болады (Ел. іс. 20:28; Жақ. 5:14, 15). Ағымнан жарылып, кеңес сұрасам, ақсақалдардың алдында өзімнің және жарымның қадірін кетіремін деп ойлама. Қайта, олар Құдайға ұнамды болуға тырысып жатқаныңды көріп, сені одан сайын сыйлай түседі.
13. Қорынттықтарға 1-хат 7:10—16 тармақтарда қандай кеңес жазылған?
13 Жұбайы бір сенімде емес мәсіхшілер көмек сұрағанда, ақсақалдар Пауылдың мына бір кеңесін қолдана алады: “Ал некеде тұрғандарға мен, тіпті мен емес Иеміз, нұсқау береді: әйел күйеуінен кетпеу керек. Егер кететін болса, салтбасты болып қалсын немесе өз күйеуіне қайта қосылсын. Күйеу де әйелінен кетпеу керек... Әйел, сен қайдан білесің, бәлкім, күйеуіңді құтқарып қаларсың? Ал сен, күйеу, қайдан білесің, бәлкім, әйеліңді құтқарып қаларсың?” (Қор. 1-х. 7:10—16). Иә, сенбейтін жұбайының шындыққа бет бұрғаны мәсіхші үшін неткен бата болар еді!
14, 15. Мәсіхші жұбайынан бөлек кетуді қай кезде шешуі мүмкін және неліктен ол өз ниетін шыншылдықпен әрі дұға ете отырып тексеру керек?
14 Мәсіхші әйел қандай жағдайда күйеуінен кетуді шешуі мүмкін? Кейбір әйелдердің мұндай шешім қабылдауына күйеуінің отбасын асыраудан бас тартуы себеп болған. Тағы біреулері күйеуі ұрып-соғып, денсаулығына қауіп төндіргендіктен немесе Құдайға қызмет етуге еш мүмкіндік бермегендіктен осылай еткен.
15 Жұбайынан бөлек кете ме, жоқ па — әркім өзі шешеді. Алайда мәсіхші мұндай шешім қабылдамас бұрын, өз ниетін шыншылдықпен әрі дұға ете отырып тексергені жөн. Мәселен, оның Құдайға қызмет етуіне кедергі болып тұрған тек сенбейтін жары ма? Әлде өзінің де Киелі кітап зерттеуге, кездесулерге баруға және қызметке шығуға селқос қарағаны ма?
16. Не себепті мәсіхшілер ажырасуға қатысты асығыс шешім қабылдамау керек?
16 Құдаймен қарым-қатынасымызды және оның неке сыйын бағалайтындықтан, біз ажырасуға қатысты асығыс шешім қабылдамаймыз. Ехобаның қызметшілері ретінде біз оның есімінің қастерленгенін қалаймыз. Сондықтан біз ешқашан да өзге адаммен бас қосу ниетімен жұбайымызды тастап кетуді ойламаймыз (Ерм. 17:9; Малх. 2:13—16).
17. Қандай жағдайда Құдай үйленген мәсіхшілерді татулыққа шақырады деп айта аламыз?
17 Сенбейтін жұбайы бар мәсіхші некелік одағы берік болу үшін бар күшін салуы қажет. Алайда мәсіхші қанша тырысқанымен, жұбайы бірге тұрудан бас тартса, мәсіхші өзін кінәлі сезінбеу керек. Пауыл былай деген: “Сенуші емес жұбайы кетемін деп шешсе, кете берсін. Мұндай жағдайда бауырлас жұбайының алдындағы міндетінен босатылады. Құдай сендерді татулыққа шақырды” (Қор. 1-х. 7:15)b.
ЕХОБАҒА ҮМІТ АРТ
18. Некемізді сақтап қала алмасақ та, біздің күш салғанымыз қандай оң нәтиже беруі мүмкін?
18 Некемізде қандай да бір қиындықтар болып жатса, біз Ехобадан батылдық сұрап, әрдайым оған үміт артуымыз керек (Забур 26:14 оқы). Жоғарыда айтылған Сәуленің оқиғасына оралайық. Ол некесін сақтап қалуға қанша жыл тырысқанмен, аяғында күйеуі екеуі ажырасып кетті. Ол осы алтын уақытын желге ұшырдым деп ойлады ма? “Әлбетте, жоқ!— дейді ол. — Осыншама күш салғаным өзгелерге жақсы куәлік болды. Менің ар-ұжданым таза. Ал ең бастысы, сол жылдар менің қызыма шындықта нық тұруға көмектесті. Ол Ехобаның құлшынысты да адал қызметшісі болып өсті”.
19. Некені сақтауға барымызды салсақ, нәтижесі қандай болуы мүмкін?
19 Мерилин есімді әйел бауырлас Ехобаға сенім артып, некесін сақтап қалуға аянбай күш салғанына қуанады. Ол былай деп есіне алады: “Жолдасым мені қаржылай қамтамасыз етпегендіктен әрі рухани күйіме нұқсан келтіргендіктен, мен одан бөлек кетуді ойлап жүрдім. Бұрын ол қауымда ақсақал болып қызмет ететін. Алайда бизнеске басымен кеткен соң ол кездесулерге баруды қойды. Біз тіпті отырып әңгімелеспейтін болдық. Бірде қаламызда лаңкестік әрекет жасалғанда, қорқып қалғаным сонша — мен өзгелерден оқшауланатын болдым. Алайда уақыт өте келе күйеуім екеуміздің арамыздағы қиындықтарға менің де кінәм бар екенін түсіндім. Екеуміз қайтадан сөйлесе бастадық, отбасылық ғибадатымызды қайта қалпына келтірдік және қауымға жүйелі түрде баратын болдық. Ақсақалдар бізге үлкен көмек көрсетіп, мейірімділіктерін аямады. Көп ұзамай некеміз қайта жаңғырды. Біраз уақыттан кейін күйеуім қайтадан қауымда міндеттер атқара бастады. Басымнан өткен жағдай маған ауыр тиді, алайда оның арты қуанышқа ұласты”.
20, 21. Біз не істеуге бел бууымыз керек?
20 Салтбасты не үйленген болайық, бәріміз де батыл әрекет етіп Ехобаға үміт артайық. Егер некеде қиыншылықтар көріп жүрсек, “енді екеу емес, біртұтас” екенімізді есте ұстай отырып, қиыншылықтарды шешуге бар күшімізді салайық (Мат. 19:6). Есімізде болғай, егер қиыншылықтарға қарамастан, сенуші емес жұбайымыздан ажырамасақ, оның Ехобаның қызметшісі болғанын көріп, қуанышқа кенелуіміз әбден мүмкін.
21 Жағдайымыз қандай болмасын, іс-әрекеттеріміз қауымнан тыс адамдар үшін жақсы куәлік болуына қам жасайық. Егер некемізге қауіп төніп тұрса, ынты-шынтымызбен дұға етейік, ниетімізді шыншылдықпен тексерейік, Жазбаларды мұқият зерттейік және ақсақалдардың рухани көмегіне жүгінейік. Ал ең бастысы, не істесек те Ехобаға даңқ әкелуді ойлап, керемет неке сыйын бағалайтынымызды көрсетейік.
[Сілтемелер]
a Есімдер өзгертілген.
b “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” кітабының 219—221 беттерін, сондай-ақ “Күзет мұнарасының” (ор.) 1989 жылдың 1 қарашасындағы санының 18, 19-беттерін қара.
[10-беттегі сөздер]
Некедегі қиыншылықтарға қарамастан ажырасуға асықпайтын мәсіхшілер көп батаға кенелуде
[12-беттегі сөздер]
Ехобадан батылдық сұрап, әрдайым оған үміт арт
[9-беттегі сурет]
Ехоба берекесі кеткен некені сақтап қалуға тырысатын қызметшілерін жарылқайды
[11-беттегі сурет]
Жұбаныш пен рухани көмекті мәсіхшілер қауымынан табуға болады