“Киелі рухтың жемісі” Құдайды мадақтайды
“Мол жеміс берсеңдер... Әкем мадақталады” (ЖОХ. 15:8).
1, 2. а) Басқаларды қалай жігерлендіре аламыз? ә) Ехобаға деген қызметімізді жақсартуға не көмектеседі?
МЫНАДАЙ екі жағдайды көз алдымызға елестетейікші: мәсіхші әйел бір қыз бауырластың жанына бірдеңе батып жүргенін байқайды. Ол бауырласқа барып, қызметке шығуға келіседі. Уағыздан соң жас бауырлас өзін не мазалайтынымен бөліседі. Кейінірек сол күні ол толысқан бауырластың өзіне шын жүректен көңіл бөлгені үшін Ехобаға алғыс білдіреді, себебі дәл осыған мұқтаж еді. Екінші жағдайда бір ерлі-зайыпты жақында ғана қажеттілік бар жерде қызмет етіп қайтады. Бір бас қосуда олар қызметтегі оқиғаларын шабыттана айтып отырғанда, бір жас ер бауырлас әңгімелерін ұйып тыңдайды. Біраз жылдан соң, осы бауырлас қажеттілік бар жерге барғалы жатқанда, әлгі ерлі-зайыптыны және қызметін кеңейтуге талпындырған олардың әңгімесін еске түсіреді.
2 Сірә, осы екі жағдай сенің өміріңе немесе өзің оның өміріне кереметтей әсер еткен бауырласты есіңе түсірген шығар. Әрине, бір рет қана әңгімелесу адамның өмірін өзгерткен жағдайлар сирек шығар, дегенмен біз күн сайын өзгелерді жігерлендіріп, нығайта аламыз. Құдайға қызмет етуге қажет және бауырластарға қол ұшын беруге көмектесетін қабілеттеріміз бен қасиеттерімізді жақсартуды кім қаламас еді?! Бұл орайда біз көмексіз емеспіз. Өйткені Ехоба бізге керемет сый — киелі рухын береді (Лұқа 11:13). Киелі рух бізге әсер еткенде, бойымызда Құдайға деген қызметімізді барлық жағынан жақсартатын керемет қасиеттерді дамытады. Қандай ғажап сый десеңші! (Ғалаттықтарға 5:22, 23 оқы).
3. а) “Киелі рухтың жемісін” дамытқанымыз қалайша Құдайға мадақ әкеледі? ә) Қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Киелі рух бойымызда дамытатын қасиеттер сол рухтың Қайнар көзі Ехоба Құдайдың болмысына тән (Қол. 3:9, 10). Иса елшілеріне: “Мол жеміс берсеңдер, Әкем мадақталады”a,— дегенде, мәсіхшілердің Құдайға еліктеу керектігінің негізгі себебін көрсеткен (Жох. 15:8). “Киелі рухтың жемісін” дамытқанымыз қалай сөйлеп, қалай жүріп-тұрғанымыздан анық көрінеді. Ал бұл, өз кезегінде, Құдайға мадақ әкеледі (Мат. 5:16). Киелі рухтың жемісі мен осы дүниелік адамдарға тән қасиеттердің арасында қандай айырмашылық бар? Бойымызда киелі рух жемісін қалай дамыта аламыз? Неліктен бұл қиынға соғуы мүмкін? Бұл сұрақтарға киелі рух жемісінің сүйіспеншілік, қуаныш, татулық сияқты үш қырын қарастыру барысында жауап аламыз.
Мәсіхшілер сүйіспеншілігінің айырмашылығы
4. Иса ізбасарларына қандай сүйіспеншілік таныту керектігін айтқан?
4 Киелі рух дамытатын сүйіспеншіліктің осы дүниедегі сүйіспеншіліктен айтарлықтай айырмашылығы бар. Қай жағынан? Иса Таудағы уағызында бұл сүйіспеншіліктің жоғары принципке негізделгеніне баса назар аударған (Матай 5:43—48 оқы). Ол тіпті күнәкарлар да өздеріне жақсы қарайтындарға оң көзбен қарайтынын айтқан. Мұндай “сүйіспеншілік” танытатындарға жанқиярлық тән емес. Олар өзгелерге берсе, “маған да кейін қайтарады” деген оймен береді. Ал біз “көктегі Әкеміздің ұлдары болуды” қаласақ, оларға ұқсамауымыз керек. Басқалар бізге қалай қараса, оларға да солай қараудың орнына, Ехобаның көзқарасын ұстанайық. Алайда, Иса өсиет еткендей, жауларымызды жақсы көру мүмкін бе?
5. Өзімізді қудалағандарға қалай сүйіспеншілік таныта аламыз?
5 Киелі кітаптағы бір мысалды көрейік. Філіпіде уағыздап жүргенде, Пауыл мен Сыйлас тұтқынға алынып, қатты дүре соғылып, түрменің ең түпкі бөлмесіне тасталады да, аяқтарына бұғау салынады. Сол жерде екеуі түрме бастығынан да қорлық көрген болар. Алайда жер сілкінісі болып аяқ астынан босаған кездерінде, олар “әлгі түрме бастығынан өш алатын болдық” деп қуанды ма? Жоқ. Қайта, шын көңілден оның қамын ойлағандары, яғни жанқияр сүйіспеншіліктері, оған тез көмектесуге талпындырды: екеуі әлгі түрме бастығы мен үй ішіндегілерінің Құдай жолына түсуіне жол ашты (Ел. іс. 16:19—34). Бүгінде көптеген бауырластар да оларға еліктеп, “өздерін қудалағандарға жақсылық тілейді” (Рим. 12:14).
6. Бауырластарға жанқияр сүйіспеншілікті қалай таныта аламыз? (21-беттегі қоршауды қараңдар.)
6 Ал бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз бұдан да асып түседі. “Біз бауырластарымыз үшін жанымызды қиюға міндеттіміз” (Жоханның 1-хаты 3:16—18 оқы). Алайда сүйіспеншілігімізді көбінесе кішігірім мәселелерде танытуға тура келеді. Мысалы, бір бауырласты сөзімізбен не ісімізбен ренжітіп қойсақ, оған өзіміз барып татуласуымызбен сүйіспеншілік көрсете аламыз (Мат. 5:23, 24). Ал бізді біреу ренжітсе ше? Оны кешіруге дайынбыз ба, әлде реніш сақтауға бейімбіз бе? (Заб. 85:5). Киелі рух дамытатын зор сүйіспеншілік бізге басқалардың қателіктерін “Ехобаның өзімізді кеңпейілмен кешіргеніндей” кешіруге көмектеседі (Қол. 3:13, 14; Пет. 1-х. 4:8).
7, 8. а) Құдайға деген сүйіспеншілік адамдарға деген сүйіспеншілігімізге қалай әсер етеді? ә) Құдайға деген сүйіспеншілігімізді қалай арттыра аламыз? (Мысалмен түсіндіріңдер.)
7 Бауырластарға деген жанқияр сүйіспеншілікті дамыту үшін не істеуге болады? Бұл үшін Құдайға деген сүйіспеншілігімізді арттыру қажет (Ефес. 5:1, 2; Жох. 1-х. 4:9—11, 20, 21). Киелі кітап оқып, ой жүгіртіп, дұға етіп Ехобаға уақыт арнағанымыз бізге дем беріп, көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Алайда Ехобаға жақындау үшін уақыт таба білуіміз керек.
8 Мысалы, Құдай Сөзін оқып, ой жүгіртуге және Ехобаға дұға етуге күніне белгілі бір уақытта тек бір сағат бөле аласың делік. Ехобаға арнайтын осы жеке уақытыңды ештеңе ұрлап алмас үшін алдыңа жан салмас па едің?! Шын мәнінде, Құдайға дұға етуімізге ешкім тосқауыл бола алмайды, сондай-ақ көпшілігіміз Киелі кітапты қалаған кезімізде оқи аламыз. Әйтсе де Құдайға арнайтын жеке уақытымызды еш бітпейтін күйбің тірлік алып қоймас үшін шара қолдануымыз керек. Ехобаға жақындау үшін күн сайын уақыт табуға тырысасың ба?
“Киелі рух сыйлаған қуаныш”
9. Киелі рухтың жемісіне кіретін қуанышқа не нәрсе тән?
9 Киелі рухтың жемісіне кіретін қуанышқа тұрақтылық тән. Ол қиындықтарға қарамастан, еш жоғалмайды. Қуаныш сұрапыл ортада да құлпырып тұра беретін төзімді өсімдікке ұқсайды. Дүниенің төрт бұрышында Құдайдың көп қызметшісі “көптеген қиындықтарға қарамастан, Құдай сөзін киелі рух сыйлаған қуанышпен қабылдаған” (Сал. 1-х. 1:6). Ал өзгелері небір азаптарға тап болуда. Бірақ Ехоба оларға “бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзсін” деп, киелі рухымен күш беруде (Қол. 1:11). Бұл қуаныштың көзі неде?
10. Қуанышымыздың көзі неде?
10 Шайтан дүниесінің “тұрақсыз байлығы” сияқты емес, Ехобадан алған рухани қазынамыздың құны ешқашан жоғалмайды (Тім. 1-х. 6:17; Мат. 6:19, 20). Ол бізге мәңгілік өмірге үміт беруімен қуаныш сыйлап отыр. Сондай-ақ дүниежүзілік мәсіхшілер бауырластығының мүшесі болғанымыз да бізді қуанышқа бөлейді. Ал Құдаймен қарым-қатынасымыз қуанышымыздың басты себебі болып табылады. Дәуіт қашқын сияқты өмір сүруге мәжбүр болса да, Ехобаны әнмен мадақтаған. Біз оның: “Өмірден де артық берік мейірімің, Аузым Өзіңді берік мадақтай берсін, Өмір бойы бір Сені мадақтаймын”,— деген сөздеріне қосыламыз (Заб. 62:4, 5). Басымызға қандай азап түссе де, қуанышымыз жоғалмай, кеудеміз Құдайға деген мадаққа толады.
11. Ехобаға қуанышпен қызмет ету неліктен маңызды?
11 Елші Пауыл мәсіхшілерді: “Әрдайым Иемізге қуаныңдар! Тағы да айтамын, қуаныңдар!”— деп шақырған (Філіп. 4:4). Неліктен мәсіхшілердің Ехобаға қуанышпен қызмет еткені маңызды? Себебі Шайтан Ехобаның бүкіләлемдік билігіне қатысты дау көтерген. Оның айтуынша, ешкім Құдайға өз ықтиярымен қызмет етпейді (Әйүп 1:9—11). Ехобаға еш қуанышсыз, тек борыш санағандықтан ғана қызмет етсек, әкелетін мадақтау құрбандығымыз бүтін болмас еді. Сондықтан забур жыршысының: “Иемізге қызмет етіңдер шаттанып, Келіңдер алдына қуана әндетіп”,— деген сөздеріне құлақ асуға тырысамыз (Заб. 99:2). Қуанышпен әрі даярлықпен атқарылған қызмет Құдайға мадақ әкеледі.
12, 13. Жағымсыз сезімдермен күресуге не көмектеседі?
12 Алайда тіпті Ехобаның адал қызметшілерінің де көңілі түсіп, оң көзқарас сақтаулары қиын болып жатады (Філіп. 2:25—30). Мұндай кездері бізге не көмектеседі? Ефестіктерге 5:18, 19-да былай делінген: “Киелі рухқа кенеле беріңдер. Бір-біріңе забур жырлары, мадақтау өлеңдері мен рухани әндер айтыңдар. Ехобаға арнап шын жүректен әуендетіп шырқаңдар”. Бұл кеңесті іс жүзінде қалай қолдана аламыз?
13 Бойымызды жағымсыз сезімдер билесе, Ехобаға жалбарынып, әрі жағымды нәрселердің үстінен ой жүгіртуге күш салсақ болады (Філіпіліктерге 4:6—9 оқы). Кейбіреулер Патшалық әндерін қойып, ыңылдап айтып жүруді ұйғарады. Бұл олардың рухын көтеріп, ойларын жақсы жаққа бұруға көмектеседі. Жиі көңілін түсіріп, жігерін жасытатын қиындыққа кезіккен бір бауырлас былай деп еске алады: “Мен ұдайы дұға етумен қоса, бірнеше Патшалық әндерін жаттап алдым. Ехобаны мадақтайтын осы әндерді дауыстап не іштей айтып жүргенде, жантыныштығын сезінетінмін. Оның үстіне, “Ехобаға жақында” кітабы дер кезінде жарық көрді. Мен оны ала салысымен, бір жылда екі рет оқып шықтым. Бұл маған қанат бітірді. Расында да, Ехоба талпынысыма батасын берді”.
Татулықтың көрінісі — бірлік
14. Киелі рух жемісіне кіретін татулықтың көңіл қоярлық көрінісі не?
14 Халықаралық конгрестерде түрлі ортадан шыққан бауырластар бір-бірімен араласып, шат-шадыман болып жатады. Бұл бүгінгі Құдай халқының арасындағы татулықтың көрінісі — дүниежүзілік бірлікті паш етеді. Бір-біріне жау саналатын адамдардың “киелі рух арқылы иемденген бірліктерін өзара тату болып, сақтап қалуға барынша ұмтылып” жатқандарын көргендер бұған жиі таңғалады (Ефес. 4:3). Осы бірлікке қол жеткізу үшін көп адамға қандай өзгеріс жасауға тура келгенін ескерсек, бұл бірлік, шынында да, таңғаларлық!
15, 16. а) Петір қандай ортадан шықты және бұл оған қалай кедергі болды? ә) Петірге көзқарасын өзгертуге Ехоба қалай көмектесті?
15 Әртүрлі ортадан шыққан адамдарды біріктіру оңай емес. Бұған қол жеткізуде қандай өзгеріс жасау керектігін түсіну үшін, І ғасырда өмір сүрген елші Петірдің мысалын қарастырайық. Оның сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына қалай қарағанын келесі сөздерінен байқаймыз: “Сіздер яһудидің басқа ұлт адамына жақындауына не араласуына заңымыз тыйым салатынын жақсы білесіздер. Алайда Құдай маған ешбір адамды арам не таза емес санамауым керектігін білдірді” (Ел. іс. 10:24—29; 11:1—3). Петір де сол кезде кең тараған көзқарасқа сай, Мұса заңы тек яһудилерді ғана сүюге үйретеді деп сенген болу керек. Сондықтан ол үшін басқа ұлт өкілдерін жек көріп, жау санау кәдімгі нәрсе болғанға ұқсайдыb.
16 Петір Корнелдің үйіне келгенде, өзін қалай ыңғайсыз сезінгенін елестетіп көрші. Кезінде басқа ұлт өкілдерін жақтырмаған Петір енді олармен “тату болып”, “өзара үйлесе бірігіп” кете алар ма екен? (Ефес. 4:3, 16). Осыдан бірнеше күн бұрын Құдайдың рухы оның көзін ашып, біртіндеп көзқарасын өзгертуіне және алалаушылықтан арылуына көмектесті. Ехоба адамдарды нәсіліне, ұлтына қарап бөлмейтінін оған аян беру арқылы анық көрсетті (Ел. іс. 10:10—15). Сондықтан Петір Корнелге былай дей алды: “Құдай ешкімді алаламайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Ел. іс. 10:34, 35). Петір өзгеріп, “бауырластардың бәрімен” нағыз бірлікте болды (Пет. 1-х. 2:17).
17. Құдай халқының арасындағы бірлік несімен керемет?
17 Петірдің мысалы бүгінде Құдай халқының арасында орын алып жатқан керемет өзгерісті бағалауға көмектеседі (Ишая 2:3, 4 оқы). “Әрбір ұлттан, рудан, халықтан, тілден шыққан” миллиондаған адам “Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне” сай болу үшін өздерінің ой қалпын өзгертуде (Аян 7:9; Рим. 12:2). Олардың көбісінің бойына кезінде Шайтан дүниесіне тән жеккөрушілік, өшпенділік пен алалаушылықтың уыты тараған болатын. Алайда Құдай Сөзін зерттеудің және киелі рухтың арқасында олар “тату болуға ықпал ететіннің бәріне ұмтылуды” үйренді (Рим. 14:19). Осының нәтижесінде ие болған бірліктері Құдайға мадақ әкелуде.
18, 19. а) Құдай халқының татулығы мен бірлігіне әрқайсысымыз қалай үлес қоса аламыз? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Құдай халқының арасындағы татулық пен бірлікке әрқайсысымыз қалай үлес қоса аламыз? Көптеген қауымдарда басқа елден көшіп келген бауырластар бар. Кейбіреулерінің өз дәстүрі болар немесе біздің тілімізде жақсы сөйлей алмайтын шығар. Сондайлармен жақынырақ танысуға күш саламыз ба? Құдай Сөзі бізді осылай етуге шақырады. Пауыл яһудилер мен басқа ұлт өкілдерінен тұрған Римдегі қауымға жазған хатында былай деген: “Құдай мадақталу үшін, Мәсіх бізді қалай қабылдаған болса, сендер де бір-біріңді солай қабылдаңдар” (Рим. 15:7). Қауымыңда жақсырақ танысқың келетін бауырлас бар ма?
19 Киелі рух бізге әсер ету үшін тағы не істей аламыз? Бұл сұрақтың жауабы келесі мақалада, киелі рух жемісінің қалған қырларын қарастыру барысында талқыланады.
[Сілтемелер]
a Иса айтқан жеміске “киелі рухтың жемісі” және Патшалық туралы уағыздау арқылы “Құдайға ұсынатын мадақтау құрбандығы” жатады (Евр. 13:15).
b Леуіліктер 19:18-де былай делінген: “Өз халқыңның ұлдарына кектенбе және өшікпе, оның орнына жақыныңды өзіңді өзің қастерлегендей сүйе біл”. Яһуди дінбасылары “халқыңның ұлдары” және “жақының” деген сөздер тек яһудилерге нұсқайды деп есептеген. Мұса заңы исраилдіктерден басқа ұлттармен араласпауды талап еткен. Бірақ І ғасырдағы дінбасылар ұстанған көзқарасты, яғни басқа ұлтқа жаудай қарап, адамдарын жек көруді құптамаған.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Қалай бауырластарға жанқияр сүйіспеншілік таныта аламыз?
• Құдайға қуанышпен қызмет ету неліктен маңызды?
• Құдай халқының татулығы мен бірлігіне қалай үлес қоса аламыз?
[21-беттегі қоршау]
“Бұлар шынайы мәсіхшілер екен!”
Нацистік режим кезіндегі Ехоба куәгерлері жайлы жазылған бір еңбекте тұтқындағы еврей жігітінің сөздері келтіріледі. Ол Куәгерлермен Нойенгаммедегі концлагерьде алғаш рет кездескені туралы былай дейді:
“Біз, еврейлер, Дахау концлагерінен келгенде, басқа еврейлер өздерінде барларын бізбен бөліспеу үшін тыға бастады... [Лагерьге] дейін бәріміз бір-бірімізге сеп болып едік. Ал енді, өмір мен өлімнің арасында, әркім басқаларды ұмытып, ең алдымен өз басын аман сақтауды ойлады. Алайда Киелі кітап зерттеушілері бұлай етпеді. Олар су құбырларын жөндеп, өте ауыр еңбек етті. Қатты суық кезде күн ұзаққа мұздай суда тұрып жұмыс істеді. Бұған қалай төзгендерін ешкім білмейді. Олар өздеріне күш берген Ехоба деп айтады. Біз сияқты бұлар да қатты ашығып, нанға зар еді. Алайда олар басқаша әрекет етті: өздерінде бар нанның барлығын жинап, жартысын Дахаудан келген бір сенімдегі адамдарына берді. Сондай-ақ оларды құшақ жая қарсы алды. Олар тамақтанудан алдын дұға етіп алды, сосын барлығы жегендерін қанағат етіп, қуанды. Сөйтіп, енді аш емес екендерін айтты. Мен оларға қарап: “Бұлар шынайы мәсіхшілер екен!”— деп ойладым” (“Between Resistance and Martyrdom—Jehovah’s Witnesses in the Third Reich”).
[19-беттегі суреттер]
Ехобаға жақындау үшін күн сайын уақыт табасың ба?