“Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар!”
“Шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алуларың үшін Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталыңдар!” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:11).
1, 2. Өз сөздеріңмен мәсіхшілерге қажетті рухани қару-жарақты суреттеп беріңдер.
РИМ бірінші ғасырда құдіретінің ең шарықтау шегіне жеткен еді. Қуатты легиондарының арқасында Рим сол кездегі белгілі әлемнің көбісін билеп отырған. Бір тарихшы бұл әскерді “тарихта болған ең сәтті әскери ұйым” деп суреттеген. Римнің кәсіби әскері әбден машықтанған және қатаң тәртіпке бағынатын сарбаздардан құралған, алайда олардың әскер ретінде жеткен табыстары, сонымен қатар қару-жарақтарына да байланысты болған. Елші Пауыл Рим әскерінің қару-жарағын мысалға келтіре отырып, мәсіхшілердің Ібіліске төтеп бере алулары үшін қажетті рухани қару-жарақты суреттеген.
2 Бұл рухани қару-жарақ Ефестіктерге 6:14—17-де суреттелген. Пауыл: “Шындықпен “белді бекем буып”, әділдікті сауыт қылып киіп”, табанды тұрыңдар! “Аяқкиімдеріңді де киіп”, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болыңдар! Бұларға қоса сенімдеріңді “қалқан қылыңдар”, онымен шайтанның барлық “отты жебелерін” өшіріп тастай аласыңдар; құтқарылғандықтарыңды “дулыға етіп киіп”, қорғаныңдар; Құдай сөзін “рухани семсер қылып ұстаңдар!” — деп жазған. Адами тұрғыдан қарағанда Пауыл суреттеген Рим әскерінің қару-жарағы оны айтарлықтай қорғаған. Бұған қоса, жауымен бетпе-бет кездескенде, оның жұмсайтын басты қаруы семсері болған.
3. Неге Исаның басшылығына бағынып, оның үлгісіне еліктеуіміз керек?
3 Рим әскерінің жеңісі қару-жарақтары мен жаттығуларынан басқа олардың басшыларына бағынғандарына да байланысты болған. Сол сияқты мәсіхшілер Киелі кітапта ‘халықтардың билеушісі’ ретінде суреттелген Иса Мәсіхке бағынулары керек (Ишая 55:4). Сонымен қатар ол — “қауымның Басы” (Ефестіктерге 5:23). Иса бізге рухани соғысты жүргізудің жолын үйретеді және оның кемелді үлгісіне қарай отырып, рухани қару-жарақты дұрыс асынуды үйренеміз (1 Петір 2:21). Мәсіх танытқан қасиеттер мен рухани қару-жарағымыздың арасында ұқсастықтар көп болғандықтан, Жазбаларда бізге Мәсіхтің ой-ниетімен қарулануға кеңес беріледі (1 Петір 4:1, ЖД). Рухани қару-жарағымыздың әрқайсысын жеке алып қарастыратындықтан, оның маңыздылығы мен пайдасын көру үшін Исаның мысалына назар аударатын боламыз.
Қорғаныш беретін белбеу, сауыт және аяқкиім
4. Сарбаз үшін белбеу қандай рөл атқарған және бұл нені бейнелейді?
4 Шындықпен белді бекем буу. Киелі кітап жазылған уақытта сарбаздар жалпақтығы 5-тен 15 сантиметрге дейін жететін қайыс белбеу тағынатын. Сарбаздың белбеуі оның белін қорғаған, әрі семсерін іліп қоюға ыңғайлы болған. Сарбаз белбеуін тағынып жатса, бұл оның шайқасқа дайындалып жатқанын білдірген. Пауыл сарбаздың белбеуін мысалға келтіріп, Жазбадағы шындықтың өмірімізге қаншалықты әсер ету керек екенін түсіндіреді. Шындыққа сәйкес өмір сүріп, оны кез келген жағдайда қорғай алу үшін, бейнелеп айтқанда, шындықпен белімізді бекем бууымыз керек (Забур 42:3; 1 Петір 3:15). Осындай мақсатпен Киелі кітапты бар зейінімізбен зерттеп, ой жүгіртуіміз керек. Иса Құдайдың заңын ‘жүрегінде’ сақтаған (Забур 39:9). Сондықтан қарсыластарының сұрақтарына жауап бергенде, Жазба орындарын жатқа айтып бере алатын болған (Матай 19:3—6; 22:23—32).
5. Жазбалардағы кеңестердің азғырулар мен сынақтарға кезіккенде қалай көмектесетінін түсіндіріп беріңдер.
5 Киелі кітаптың шындығының өзімізге басшылық болуына жол берер болсақ, ол бізді бұрыс пікірлерден қорғап, дана шешім қабылдауға қабілетті етеді. Азғыруға немесе сынаққа кезіккенде, Киелі кітаптың басшылығы дұрыс нәрсені істеуге деген шешімімізді нығайтады. Бұл ‘Ұлы Ұстазымыз’ Ехобаны көріп және оның артымыздан: “Міне жол, сонымен жүріңдер”,— деген сөздерін естіп тұрғанмен бірдей (Ишая 30:20, ЖД; 21).
6. Неге бейнелі жүрегімізді қорғауымыз керек және қалай оны әділдік жақсы қорғай алады?
6 Әділдік сауыты. Сарбаздың сауыты оның денесінің маңызды мүшесін, жүрегін, қорғаған. Бейнелі жүрегімізді, ішкі дүниемізді, әсіресе қорғауымыз керек, себебі ол жамандыққа бейім (Жаратылыс 8:21). Сондықтан Ехобаның әділ нормалары туралы біліп, оларды жақсы көруіміз керек (Забур 118:97, 105). Әділдікке деген сүйіспеншілігіміз Ехобаның ап-анық басшылығына немқұрайды қарайтын немесе оның маңызын кетіретін дүниенің ой-қалпын қабылдамауға талпындырады. Оның үстіне, жақсылықты жақсы көріп, жамандықты жек көрсек, өмірімізге зиян келтіретін жолдан аулақ боламыз (Забур 118:99—101; Амос 5:15). Бұл жағынан Иса жақсы үлгі қалдырған. Жазбаларда ол жайлы: “Әділетсіздікті жек көріп, сүйесің Сен әділдік”,— деп жазылған (Еврейлерге 1:9)a.
7. Неге Рим әскерінің аяқкиімі жақсы болу керек болған және бұл нені бейнелейді?
7 Аяқкиімді киіп, татуласу туралы ізгі хабарды тарату. Рим әскерінің аяқкиімі мықты болу керек болған, себебі жорыққа аттанғанда, олар жиі 27 келіге жуық қару-жарақ асынып алып, күніне 30 шақырым жол жүріп отыратын. Тыңдағысы келген әрбір адамға Патшалық туралы хабарды уағыздауға деген дайындығымызды суреттеу үшін Пауыл орынды түрде аяқкиімді мысалға келтірген. Уағыздауға дайындық пен ықылас білдіргеніміз өте маңызды, себебі олай етпесек, адамдар Ехобаны қалай біледі? (Римдіктерге 10:13—15).
8. Исаға ізгі хабарды уағыздаушы ретінде қалай еліктей аламыз?
8 Исаның өміріндегі ең маңызды іс не болған? Римдік әмірші Понти Пилатқа ол: “Шындықты ашық жариялау үшін осы дүниеге келдім”,— деген. Иса тыңдауға ықылас білдірген адамға уағыздаудың мүмкіндігін жібермеген және қызметін жақсы көргені соншалық, оны тәндік қажеттіліктерінен де жоғары қойған (Жохан 4:5—34; 18:37). Иса сияқты біздің де ізгі хабарды жариялайтын ыстық ықыласымыз болса, оны басқаларға айтатын көптеген қолайлы жағдайлар табатын боламыз. Оның үстіне, қызметке толығымен атсалысқанымыз рухани күшті болып қалуымызға көмектеседі (Елшілердің істері 18:5).
Қалқан, дулыға және семсер
9. Үлкен қалқан Рим сарбазын қалай қорғаған?
9 Сенімнің үлкен қалқаны. “Сенімдеріңді “қалқан қылыңдар” деп аударылған сөз түпнұсқада дененің көп жерін жауып тұратын “сенімнің үлкен қалқаны” дегенді білдіреді. Мұндай қалқан Ефестіктерге 6:16-да айтылғандай ‘отты жебелерден’ қорғайтын. Киелі кітап жазылған уақытта сарбаздар жанармай құйылған кішкене темір түтікшесі бар іші қуыс қамыс жебелерді қолданған. Бір ғалым бұл жебелерді “ежелгі шайқастардағы ең қауіпті қару” деп сипаттаған. Мұндай оқтан қорғану үшін үлкен қалқаны болмаса, сарбаз ауыр жарақат алып, тіпті өліп кетуі де мүмкін еді.
10, 11. а) Шайтанның қандай ‘отты жебелері’ сенімімізді жоюы мүмкін? ә) Исаның үлгісі сынақ кезінде сенімнің болғаны қаншалықты маңызды екенін қалай көрсетеді?
10 Сенімімізді жою үшін Шайтан қандай ‘отты жебелер’ қолданады? Ол отбасында, жұмыста не мектепте қуғын-сүргін немесе қарсылық жасауды арандатуы мүмкін. Байлықты көбірек иемденуге ұмтылу және азғындық жасауға азғырылудың кесірінен де кейбір мәсіхшілер рухани құлаған. Өзімізді мұндай қауіп-қатерден сақтау үшін ‘ең бастысы сенімнің үлкен қалқанын алуымыз’ (ЖД) керек. Сенім Ехоба туралы білім алғаннан, оған жүйелі түрде дұға айтқаннан және өзімізді қалай қорғап, батасын беретінін байқай білуден пайда болады (Ешуа 23:14; Лұқа 17:5; Римдіктерге 10:17).
11 Иса жерде болғанда қиын кездерде мықты сенімнің қаншалықты маңызды екенін көрсеткен. Ол Әкесінің қабылдаған шешімдеріне толығымен сенім артқан және Құдайдың еркін орындаудан рақат алған (Матай 26:42, 53, 54; Жохан 6:38). Тіпті Гетсимани бағында қатты жан азабына түскенде де, Иса Әкесіне: “Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!” — деп айтқан (Матай 26:39). Ол адалдығын сақтап, Әкесінің жүрегін қуантудың қаншалықты маңызды екенін ешқашан ұмытпаған (Нақыл сөздер 27:11). Біз де Құдайға тап осылай сенім артатын болсақ, сынап-мінеу мен қарсылықтардың сенімімізді әлсіретуіне жол бермейміз. Керісінше, Құдайға арқа сүйесек, оған деген сүйіспеншілігімізді көрсетіп, өсиеттеріне бағынсақ, сеніміміз одан сайын нығая түседі (Забур 18:8—12; 1 Жохан 5:3). Ешқандай дүние-мүлік немесе уақытша ләззатқа бөлену Ехобаны сүйетіндерді күтіп тұрған баталармен тең келе алмайды (Нақыл сөздер 10:22).
12. Бейнелі дулыға денеміздің қандай маңызды мүшесін қорғайды және мұндай қорған неге маңызды?
12 Құтқарылу дулығасын кию. Дулыға сарбаздың басы мен миын, яғни ойлау жүйесін қорғаған. Киелі кітапта үмітіміз дулығаға теңеледі, себебі ол біздің ой-санамызды қорғайды (1 Салониқалықтарға 5:8). Ойымызды Құдай Сөзіндегі тура біліммен толтырғанымызбен, біз әлі де әлсіз, кемелсіз адамдармыз. Ойымыздың бұзылуы оп-оңай. Осы дүниелік мақсаттар көңілімізді ауытқытып, тіпті Құдай берген үмітті ысырып тастауы мүмкін (Римдіктерге 7:18; 12:2). Шайтан Исаны жолынан тайдыруға тырысып, оған “әлемнің барлық мемлекеттері мен олардың сән-салтанатын” ұсынған (Матай 4:8). Алайда Иса оның ұсынысынан бірден бас тартты, сондықтан Пауыл ол туралы: “Иса Өзін күтіп тұрған зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді. Бұдан кейін Ол Құдай тағының оң жағындағы орнына жайғасып отырды”,— деп жазды (Еврейлерге 12:2).
13. Үмітіміздің ақталатынына деген сенімімізді қалай сақтай аламыз?
13 Иса сияқты Құдайға сенім артып үйрену өзінен-өзі келетін нәрсе емес. Бар ойымызды алдағы үмітке жұмылдырудың орнына осы дүниенің қиялы мен мақсатына берілетін болсақ, Құдайдың уәдесіне деген сеніміміз әлсірейді. Уақыт өте келе үмітіміз мүлдем сөніп қалуы мүмкін. Ал Құдайдың уәделері жайлы үнемі ой жүгіртетін болсақ, керемет үмітіміздің барына әрдайым қуанамыз (Римдіктерге 12:12).
14, 15. а) Біздің бейнелі семсеріміз не және оны қалай қолдануға болады? ә) Рухани семсердің азғыруға қарсы тұруымызға қалай көмектесетінін мысалмен көрсетіп беріңдер.
14 Рухани семсер. Киелі кітапта жазылған Құдай сөзі, немесе хабары, жалған ілімдердің тас-талқанын шығарып, ақ жүректі адамдарға рухани бостандық сыйлайтын өткір, екі жүзді семсерге ұқсайды (Жохан 8:32; Еврейлерге 4:12). Сонымен қатар бұл рухани семсермен азғырулардан және сенімімізді жойғысы келетін жолдан таюшылардың шабуылдарынан қорғана аламыз (2 Қорынттықтарға 10:4, 5). ‘Киелі жазбалардың бәрі Құдай Рухының жетелеуімен жазылып, барша игі іске дайындалып, толықтай даяр’ ететініне қалайша риза болмасқа! (2 Тімотеге 3:16, 17).
15 Шөл далада Шайтанның сынағына түскенде, Иса жалған дәлелдер мен зымиян азғыруларға қарсы тұру үшін рухани семсерді тиімді пайдаланған. Шайтанның әрбір азғыруына ол: “Деп жазылған ғой” — деп жауап беріп отырды (Матай 4:1—11). Испанияда тұратын Давид есімді бір Ехоба Куәгері де азғыруға төтеп беруге Жазбалардың көмектесетініне көзі жетті. Он тоғыз жасында өзімен бірге тазалау жұмыстарын жүргізетін компанияда істейтін тартымды келген жас қыз оған “бірге көңіл көтеруді” ұсынады. Давид оның ұсынысына көнбестен, бұл жағдай тағы қайталанбас үшін бастығынан өзін басқа жерге ауыстыруын өтінеді. “Мен Жүсіптің үлгісін есіме түсірдім,— дейді Давид.— Ол азғындықтан бас тартып, қауіпті жерден бірден қаша жөнелді. Мен де солай істедім” (Жаратылыс 39:10—12).
16. Неге ‘Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйрету’ үшін жаттығуымыз керек екенін түсіндіріп беріңдер.
16 Иса сонымен қатар рухани семсерді Шайтанның билігінен басқаларды босату үшін пайдаланған. “Ілімім Менікі емес,— деген Иса,— Мені Жібергендікі” (Жохан 7:16). Исаның тәлім беру шеберлігіне еліктеу үшін жаттығуымыз керек. Рим сарбаздары туралы яһуди тарихшысы Иосиф Флавий былай деген: “Әрбір сарбаз күн сайын жан аямастан тура соғыста жүргендей жаттығады, сол себептен де соғыста олар оп-оңай жеңіске жетеді”. Рухани шайқасымызда Киелі кітапты қолдануымыз керек. Оның үстіне, ‘кінәратсыз жұмысшы — Құдайдың шынайы сөзін дұрыс үйретуші ретінде Оған ұнамды болуға жан сала ұмтылуға’ тиіспіз (2 Тімотеге 2:15). Қызығушы адамдардың шын жүректен қойған сұрақтарына Жазбаларды қолдана отырып жауап бергенде, өзіміз бөленетін терең қанағат сезімін айтсаңдаршы!
Әрдайым дұға етіңдер
17, 18. а) Шайтанға қарсы тұруға дұға қалай көмектеседі? ә) Дұғаның маңыздылығын көрсететін мысал келтіріңдер.
17 Рухани қару-жарақтың бәрін қарастырып болған соң, Пауыл тағы бір маңызды кеңес берді. Шайтанға қарсы тұру үшін мәсіхшілер ‘Құдайға сиынып, барлық өтініштерін айтулары’ керек. Қаншалықты жиі айтулары керек? Пауыл “Киелі Рух арқылы әрдайым” дұға ету керектігін жазған (Ефестіктерге 6:18). Азғыруларға, сынақтарға кезігіп немесе ұнжырғамыз түсетін болса, дұғадан көп күш ала аламыз (Матай 26:41). Иса “Өлімнен құтқаруға кұдіреті жететін Әкесіне қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынды және Оған мойынсұнып, ұнамды болғандықтан тілегеніне ие болды” (Еврейлерге 5:7).
18 Созылмалы ауруға ұшыраған күйеуіне он бес жылдан аса уақыттан бері қарап отырған Милагрос былай дейді: “Ұнжырғам түскен сәттерде Ехобаға дұға айтамын. Ешкім маған ол сияқты көмектесе алмайды. Рас, күшім таусылып, бұдан әрі шыдай алмастай сезінген кездерім де болады. Бірақ Ехобаға дұға айтқан соң, үнемі бойымда қайтадан күш пайда болып, рухымның көтеріліп қалғанын сеземін”.
19, 20. Шайтанмен жүргізіп жатқан күресімізде жеңіп шығу үшін бізге не қажет?
19 Ібіліс уақытының аз қалғанын біледі және бізді жеңу үшін бар күшін салуда (Аян 12:12, 17). Біз осы қуатты жауымызға қарсыласып, ‘сенімнің ізгілікті мүддесі үшін жан сала күресуіміз’ керек (1 Тімотеге 6:12). Бұл үшін бізге адам күшінен асқан зор құдірет қажет (2 Қорынттықтарға 4:7). Сонымен қатар Құдайдың киелі рухының көмегі қажет, сондықтан оны сұрап дұға еткеніміз дұрыс. Иса: “Өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” — деген (Лұқа 11:13).
20 Ехоба беріп жатқан қару-жарақты тұтас киіп, асынғанымыздың маңызды екені анық. Бұл рухани қару-жарақты асынуымыз үшін сенім және әділдік сияқты Құдайға ұнамды қасиеттерді дамытуымыз керек. Сонымен қатар шындықты белімізге оранып алғандай жақсы көруіміз, кез келген мүмкіндікті пайдаланып ізгі хабарды таратуымыз және болашаққа деген үмітті ойымызда мықтап ұстауымыз керек. Рухани семсерді шебер қолданып үйренуіміз қажет. Құдай берген қару-жарақпен түгел жабдықтала отырып, зұлым рухтармен жүргізіп жатқан күресімізде жеңіп шыға аламыз және Ехобаның киелі есімін даңқтаймыз (Римдіктерге 8:37—39).
[Сілтеме]
a Ишаяның пайғамбарлығында Ехобаның өзі “әділдікті сауыттай” кигені суреттеледі. Сондықтан ол қауымдағы бақылаушылардың да шыншылдықпен басқарып, әділ әрекет етуін талап етеді (Ишая 59:14, 15, 17).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Рухани қару-жарақпен жабдықталудың керемет үлгісін кім көрсеткен және неге оның үлгісін мұқият қарастыруымыз керек?
• Қалай ой-санамыз бен бейнелі жүрегімізді сақтай аламыз?
• Қалай рухани семсерді шебер қолдануды үйрене аламыз?
• Неге әрдайым дұға етуіміз керек?
[15-беттегі суреттер]
Киелі кітапты бар зейінімізбен зерттегеніміз ізгі хабарды әр мүмкіндікті пайдаланып айтуға талпындырады
[16-беттегі суреттер]
Берік үмітіміз сынақтарға қарсы тұруымызға көмектеседі
[17-беттегі суреттер]
Уағыздау қызметінде ‘рухани семсерді’ қолданасың ба?