“Құдайға жақындаңдар”
“Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды” (ЖАҚЫП 4:8).
1, 2. а) Адамдар көбінесе қалай ойлайды? ә) Жақып қандай өсиет берген және ол неге қажет болды?
“ҚҰДАЙ бізбен бірге”. Бұл сөздермен ұлттық белгілерді, тіпті әскери киімдерді де әшекейлейді. “Құдайға сенім артамыз” деп нақыштап жазылған жазулар қазіргі ақшалар мен тиындарда да көптеп кездеседі. Адамдар Құдаймен тығыз қарым-қатынастамыз деп ойлайды. Бұл — оларға тән қасиет. Алайда шынайы қарым-қатынас болу үшін, ол жөнінде ауызекі айтып, ұрандар жазу жеткіліксіз екенімен келісетін шығарсыз.
2 Киелі кітап Құдаймен қарым-қатынаста болу мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бірақ ол үшін күш салу қажет. Тіпті бірінші ғасырдағы кейбір майланған мәсіхшілер де Ехоба Құдаймен қарым-қатынастарын нығайтулары керек болған. Мәсіхші бақылаушы Жақып әлдекімге тәндік азғыруларға беріліп, рухани тазалығынан айырылып қалмау үшін ескерту жасауды жөн көрген. Оның берген өсиеттерінің ішінде мынандай ықпалы күшті сөздер бар: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:1—12). Жақып “жақындаңдар” дегенде нені айтқысы келді?
3, 4. а) Бірінші ғасырда Жақыптың хатын оқығандарға “Құдайға жақындаңдар” деген сөз не нәрсені естеріне салған болуы мүмкін? ә) Құдайға жақындауға жол ашық екендігіне біз неліктен сенімді болуымыз керек?
3 Жақып өзінің хатын жазғанда оқырмандарының көпшілігіне таныс сөздерді қолданды. Мұсаның заңында дін қызметкерлеріне халықтың игілігі үшін, Ехобаға қалай “жақындау” керек екені туралы нақты басшылық берілген болатын (Мысырдан шығу 19:22). Жақыптың хатын оқығандарға Ехобаға жақындау мүмкіндігі өздігінен болатын нәрсе деп қарамаулары керек екендігі ескерілген болатын. Бүкіл әлемде Ехобадан артық құрметке лайық ешкім жоқ.
4 Басқа жағынан алып қарағанда, бір Киелі кітапты зерттеуші ғалымның ескеруі бойынша, “[Жақып 4:8-дегі] бұл сөзден (Құдаймен қарым-қатынастың мүмкін екендігіне) толық сенімділік көрінеді”. Жақып Ехобаның кемелсіз адамдарды барлық уақытта сүйіспеншілікпен Өзіне жақындауға шақырып жатқандығын білген (2 Шежірелер 15:2). Исаның құрбандығы біздің Ехобаға әлдеқайда жақын болуымызға мүмкіндік берді (Ефестіктерге 3:11, 12). Бүгінгі күні миллиондаған адамдар үшін Құдайға жақындаудың жолы ашық! Біз мұндай керемет мүмкіндікті қалай пайдалана аламыз? Келіңдер, Ехоба Құдайға жақындаудың қысқаша үш жолын қарастырайық.
Құдайды ‘жақыннан тани бер’
5, 6. Құдайды “жақыннан тани беру” дегеннің нені білдіретінін жас Самуилдің мысалы қалай көрсетеді?
5 Жохан 17:3-ке [ЖД] сай Иса былай дейді: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тани беру”. Көптеген аудармаларда бұл тармақтың “Жаңа дүние аудармасынан” кішкене айырмашылығы бар. Ол аудармаларда жай ғана Құдайды “жақыннан тану” немесе “білу” деп аударылады. Бірақ ғалымдардың кейбірі Грек тіліндегі түпнұсқада бұл сөз бұдан да көп нәрсені білдіреді деп ескереді: бұл — кейбіреулерді өзгелермен өте жақын таныстыққа әкелетін, аяқталмайтын құбылыс.
6 Исаның күндерінде Құдайды жақыннан танып-білу деген жаңадан пайда болған түсінік емес еді. Мысалы, Еврей жазбаларынан Самуил бала кезінде ‘Ехобаны әлі білмейтін еді’ деп оқимыз (1 Патшалықтар 3:7, ЖД). Бұл Самуилдің Құдай туралы өте аз білетінін білдіреді ме? Жоқ. Ата-анасы мен дінбасылары оған көп нәрсені оқытқаны сөзсіз. Бірақ бір ғалымның айтуы бойынша, бұл тарауда қолданған ескі еврей сөзі “жақын, сырлас достыққа байланысты қолданылуы” мүмкін. Ол кезде Самуил, Ехобаны кейіннен оның өкілі ретінде қызмет еткен кезіндегідей жақын танымайтын еді. Бірақ Самуил өсе келе Ехобаға бар ықыласымен жақындауға тырыса отырып, онымен тығыз қарым-қатынастағы тұлға болып жетілді (1 Патшалықтар 3:19, 20).
7, 8. а) Неліктен біз Киелі кітаптың терең ілімдерін зерттеуден қорықпауымыз керек? ә) Құдай Сөзінің қандай терең ілімдерін зерттегеніміз пайдалы болар еді?
7 Ехобамен тығыз қарым-қатынас дамыту үшін жақын танысып жатырсың ба? Бұл үшін Құдайдың беріп отырған рухани ас-суына “құштар” болу керек (1 Петір 2:2). Негізгі ілімдермен қанағаттанып қойма. Киелі кітаптың терең ілімдерін одан әрі қарай да зерттеуге тырыс (Еврейлерге 5:12—14). Мүмкін мұндай терең ілімді зерттеу қиын болып көрінетін шығар? Егер солай болса, Ехобаның “Ұлы Тәлімгер” екенін ұмытпа (Ишая 30:20, ЖД). Ол кемелсіздігімізді ескере отырып, шындықтың терең мағыналы нәрін бізге қалай жеткізуді біледі. Берген тәліміне түсінуге тырысқаныңды көріп, батасын төгеді (Забур 24:4).
8 Неге “Құдайдың терең ой-мақсаттары” жайлы білімімізді тексеріп көрмеске? (1 Қорынттықтарға 2:10). Бұл — діндарлар мен дінбасылары дауласатын құрғақ тақырып емес. Бұл — біздің сүюші Әкеміздің ой-сезіміне терең үңілуге ықпал ететін көкейкесті әрі пайдалы зерттеу. Мысалы, Ехоба өзінің халқына батасын беріп, өзінің мақсатын орындаған: азаттық төлемі, “құпия даналық” және сол сияқты әр түрлі өсиеттер мен басқа да көптеген тақырыптарды жеке зерттеуіңнің арқасында жаның рақатқа батып, көптеген пайдаға кенелесің (1 Қорынттықтарға 2:7).
9, 10. а) Өр көкіректіктің қандай қаупі бар және одан аулақ жүруге не нәрсе көмектеседі? ә) Құдай туралы білім алуға байланысты неліктен кішіпейіл болуға күш салуымыз керек?
9 Рухани шындықпен терең таныса отырып, білімділіктен пайда болатын өр көкіректіктен сақ бол (1 Қорынттықтарға 8:1, ЖД). Өр көкіректік — адамдарды Құдайдан алыстататындығымен қауіпті (Нақыл сөздер 16:5; Жақып 4:6). Ешбір адам білімдімін деп көкірегін қаға алмайтынын есімізден шығармауымыз керек. Мысал ретінде жақында ғылыми жаңалыққа жасалған шолу кітабының алғы сөзіне көңіл аударайықшы: “Қаншалықты көп білген сайын, соншалықты аз білетіндігімізді түсінеміз... Қазіргі білетініміздің бәрі — біздің алдағы уақытта білуіміз керек нәрселердің қасында түкке тұрғысыз”. Мұндай кішіпейілділік жағымды. Егер білімнің ең зорын — Ехоба туралы білімді — алатын болсақ, онда кішіпейілділік көрсетуге бұдан да көбірек себептер табуға болады. Неліктен?
10 Киелі кітапта Ехоба туралы не айтылатынына көңіл аударайықшы. “Сенің ойларың неткен терең еді!” (Забур 91:6). “Оның ақылы өлшеусіз” (Забур 146:5). ‘Оның данышпандығы шексіз зор!’ (Ишая 40:28). “О, неткен бай Құдайдың даналығы, Неткен терең Оның білік-парасаты!” (Римдіктерге 11:33). Иә, Ехоба жайлы біз ешқашан бәрін толық біле алмаймыз (Екклесиаст 3:11). Ол бізді көптеген тамаша нәрселерге үйретті, бірақ біздің алдымызда ұшы-қиыры жоқ, таусылмайтын білім бұлағы тұр. Бұндай болашақ бізді қызықтырып, кішіпейіл болуға ынталандырмай ма? Сондықтан алған білімімізді әрқашан Ехобаға жақындау үшін және жақындарымыздың да солай істеулеріне жәрдем беруге қолданып, ешқашан өзгелердің үстінен қарамайық (Матай 23:12; Лұқа 9:48).
Ехобаға сүйіспеншілігіңді көрсет
11, 12. а) Ехоба жөнінде алған біліміміз бізге қалай әсер ету керек? ә) Құдайға деген шынайы сүйіспеншілікті қалай анықтауға болады?
11 Елші Пауыл білімді сүйіспеншілікпен кездейсоқ байланыстырған жоқ. Ол: “Мен Оған сиынып, сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін”,— деп жазды (Філіпіліктерге 1:9). Сондықтан Ехоба мен оның ниеттері туралы білген әрбір бағалы шындығымыз біздің өр көкірек болуымызға себеп емес, керісінше көктегі Әкемізге деген сүйіспеншілігімізді арттыруға көмектеседі.
12 Құдайды сүйеміз дейтіндердің көпшілігінде шын мәнінде сүйіспеншілік жоқ. Мүмкін олар өздерінің шын сезімін айтып тұрған шығар. Егер бұндай сезім тура біліммен сай келетін болса, жақсы, тіпті мақтауға тұрарлық. Бірақ құр сезім адамдардың Құдайды шындап сүйетіндігін білдірмейді. Неліктен? Мұндай сүйіспеншілікті Құдай Сөзінде қалай анықтайтынын қарастырайықшы: “Ал өсиеттерін орындағанымыз — Құдайды сүйгеніміз” (1 Жохан 5:3). Құдайға деген сүйіспеншілігінің шынайы екендігі мойынсұнғыш екенін білдіретін іс-әрекеттерінен көрінеді.
13. Құдайдан қорқатындығымыз Оған деген сүйіспеншілігімізді іс жүзінде көрсетуге қалай көмектеседі?
13 Ехобаға мойынсұнуымызға орынды қорқыныш жәрдем береді. Бұл — оның шексіз қасиеттілігін, ұлылығын, құдіретін, әділеттілігін, даналығын және сүйіспеншілігін білген сайын, Ехобаны терең қастерлеуден туындайтын қорқыныш. Бұндай қорқынышсыз оған жақындау мүмкін емес. Забур 24:14-те [ЖД] жазылған жырға көңіл бөлейікші: “Ехобамен жақын қарым-қатынасқа одан қорқатындар ие болады”. Сондықтан біздің бойымызда: — көктегі сүйікті Әкеміздің ойынан шықпай қалам ба? — деген пайдалы қорқыныш болса, біз оған жақындай аламыз. Құдайдан қорқатындығымыз Нақыл сөздер 3:6-дағы (ЖД) дана өсиетке құлақ асуымызға көмектеседі: “Барлық жолдарыңда Оны ескеріп жүр, сонда Ол жолыңа бағыт береді”. Бұл нені білдіреді?
14, 15. а) Күнделікті өмірде қандай шешімдер қабылдауымызға тура келеді? ә) Біздің қабылдаған шешімдерімізден Құдайдан қорқатындығымыз қалай көрінеді?
14 Күн сайын біздің маңызды сұрақтармен қатар, онша маңызды емес сұрақтарды да шешуімізге тура келеді. Мысалы, сен жұмыстағылармен, сыныптастарыңмен, көршілеріңмен не жөнінде сөйлесесің? (Лұқа 6:45). Өзіңе тапсырылған жұмысты бар зейініңді салып істейсің бе, әлде одан ертерек құтылуға асығасың ба? (Қолостықтарға 3:23). Ехобаға сүйіспеншілігін көрсетпейтіндермен немесе көрсетпейді деуге болатындармен жақынсың ба, әлде рухы күшті адамдармен қарым-қатынасыңды нығайтасың ба? (Нақыл сөздер 13:20). Патшалықтың ісіне кішкене де болса, өз тарапыңнан қандай да бір жәрдем бере аласың ба? (Матай 6:33). Егер сен күнделікті шешім қабылдағанда, жоғарыда көрсетілгендер сияқты Киелі кітаптың принциптерін басшылыққа алатын болсаң, онда шынында да Ехобаны “барлық жолдарыңда” есіңе алып отыратыныңды көрсетесің.
15 Қандай да бір шешім қабылдаған кезде, Ехоба менен нені күтеді деген ойларды басшылыққа алуымыз керек. Қандай жүріс-тұрыс оны көбірек қуантады? (Нақыл сөздер 27:11). Бұндай қорқыныш — Ехобаға деген сүйіспеншілікті көрсетудің керемет жолы. Құдайдан қорқатындығымыз бізді тағы рухани, өнегелілік және тәндік тазалықты сақтауға талпындырады. Есімізге түсірейікші, Жақып мәсіхшілерді “Құдайға жақындаңдар” деп шақырған тармақта, ол: “Күнәкарлар, қолдарыңды жамандық атаулыдан жуып тазартыңдар! Екі ойлы табансыздар, жүректеріңді орнықтырыңдар!”,— деп те айтқан (Жақып 4:8).
16. Ехобаға қандай да бір нәрсені сыйлауымызбен, не нәрсеге ешқашан қол жеткізе алмаймыз, бірақ сол арқылы нені білдіреміз?
16 Ехобаға сүйіспеншілік таныту зұлымдық жасамаудан әлдеқайда көп нәрсені білдіретіні сөзсіз. Сүйіспеншілік бізді жақсылық жасауға талпындырады. Мысалы, біз Ехобаның шексіз жомарттығына қалай қараймыз? Жақып былай деп жазған: “Көктегі Әкеміз берген қай нәрсе де игі. Нұр шашқан аспан денелерін жаратқан Ол бізге Өзінің мүлтіксіз жарылқауын жаудырады” (Жақып 1:17). Ехобаға қандай да бір сый сыйлап, біз оны байыта алмаймыз. Онсыз да дүниедегінің барлығы Ехобанікі (Забур 49:12). Оған өзіміздің уақытымыз бен күшімізді жұмсай отырып, біз оның қандай да бір өзі істей алмайтын мұқтаждығын қамтамасыз ете алмаймыз. Тіпті, егер, біз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздаудан бас тартсақ та, ол бұйрық беріп тастарды сөйлетер еді. Онда неліктен Ехобаға өзіміздің мүлкімізді, уақытымызды және күшімізді беруіміз керек? Ең алдымен осылай ете отырып, оны шын жүректен, бүкіл жан дүниемізбен, барлық ақыл-ойымызбен, бар күш-қуатымызбен сүйетіндігімізді білдіреміз (Марқа 12:29, 30).
17. Бізді Ехобамен қуана бөлісуге не нәрсе ынталандырады?
17 Ехобаға қандай да бір нәрсені бергенде, қуанышпен беруіміз керек, өйткені “Құдай қуанышпен бергенді ұнатады” (2 Қорынттықтарға 9:7). Біздің қуанышты беруші болуымызға Заңды қайталау 16:17-дегі принцип жәрдем береді: “Құдайың саған берген батасына лайық әркім өз қолындағы сыйын алып келсін”. Ехобаның бізге істеп жатқан жомарттығының үстінен ой жүгірте отырып, оған сыйды қуана беруіміз керек екенін сезінеміз. Сүйікті баласының кішкентай сыйлығы ата-анасын қуантатындай, бұл да оның жүрегін қуантады. Осылай көрсетілген сүйіспеншілік біздің Ехобаға жақындауымызға көмектеседі.
Дұға арқылы тығыз қарым-қатынас орнатуға тырыс
18. Дұғамызды жақсарту неліктен ойлануға тұрарлық іс?
18 Жеке дұға етуге бөлген уақытымыз көктегі Әкемізбен ішкі сырымызды ашып сөйлесуіміздің бағалы мүмкіндігі болып табылады (Філіпіліктерге 4:6). Құдайға жақындау үшін дұға өте маңызды болғандықтан, кішкене кідіріп, айтып жүрген дұғамыздың қандай екеніне ой жүгірткеніміз орынды. Олардың әдемі айтылғаны немесе келісті болғаны міндетті түрде емес, бірақ олар шын көңілмен айтылған, жүректен шыққан дұға болу керек. Дұғамыздың сапасын қалай жақсартуымызға болады?
19, 20. Неліктен дұға етер алдында ойланғанымыз пайдалы және қандай сұрақтардың үстінен ой жүгірткеніміз дұрыс?
19 Дұға етер алдында ойланған дұрыс. Егер біз алдын ала ойланатын болсақ, онда біздің дұғамыз нақты әрі мағыналы болып, ойымызға бірден түсетін таныс сөздерді қайталамаймыз (Нақыл сөздер 15:28, 29). Мүмкін Исаның үлгі үшін айтқан дұғасында қозғалған тақырыптардың үстінен ой жүгіртіп, сонан соң олардың біздің жағдайымызбен қандай байланысы бар екендігін қарастырғанымыз пайдалы болар (Матай 6:9—13). Біз өзімізден: “Ехобаның еркінің жерде орындалуына қандай үлес қоса аламын?” — деп сұрасақ болады. Алдымен Ехобаға мүмкіндігінше көп пайдамыздың тигенін қалайтынымызды айтып, сонан соң оның берген кез келген тапсырмасын орындауымызға жәрдем беруін сұрағанымыз дұрыс болмас па еді? Материалдық мұқтаждықтарымыз ауыртпалық түсіріп жүр ме? Қандай күнәміздің кешірілуіне мұқтажбыз және өз кезегінде кімді шын жүректен кешіруіміз керек? Қандай нәрселер бізді еліктіріп жүр және олардан қорғау үшін Ехобаның жәрдемі қаншалықты қажет екенін түсінеміз бе?
20 Бұдан басқа өзімізге таныс, Ехобаның жәрдеміне көбірек мұқтаж адамдар жөнінде ойлайықшы (2 Қорынттықтарға 1:11). Бірақ ризашылық білдіруді ұмытпауымыз керек. Егер аз ғана кідіріп, ойлансақ, күн сайын жомарттықпен жасап жатқан Ехобаның көптеген жақсылықтарын байқайтынымыз сөзсіз (Заңды қайталау 8:10; Лұқа 10:21). Бұл біздің өмірде әлдеқайда қуанышты әрі риза болуымызға да көмектеседі.
21. Ехобаға дұға еткен кезімізде, Киелі кітаптағы қандай мысалдар көмектеседі?
21 Зерттеудің арқасында да дұғамызды жақсарта аламыз. Құдай Сөзінде адал ерлер мен әйелдердің үлгі боларлық дұғалары жазылған. Егер біздің алдымызда қобалжитындай үлкен қиыншылықтар тұрса, тіпті өзіміздің немесе бізге қымбат адамдардың өміріне қауіп төнетін болса, онда Жақыптың кекшіл ағасы Ысқақпен кездесер алдында айтқан дұғасын оқығанымыз дұрыс (Жаратылыс 32:9—12). Немесе миллионға жуық эфиопиялықтардың әскері Құдай халқына қауіп төндірген кезде, Аса патшаның айтқан дұғасын мұқият қарастыруға болады (2 Шежірелер 14:11, 12). Егер бізді Ехобаның жақсы атына кір келтіретін нәрселер мазалайтын болса, онда Кармил тауында Бағалға табынушылардың алдында айтқан Ілияс пен Иерусалимнің халі аянышты болып тұрған кезде айтқан Нехемия пайғамбарлардың дұғаларын оқып шығуымызға болады (3 Патшалықтар 18:36, 37; Нехемия 1:4—11). Бұндай дұғаларды оқып, олардың үстінен ой жүгірте отырып, бізді күйзелтіп, жанымызды мазалайтын нәрселер жөнінде Ехобаға қалай айтуға болатынын түсініп, сенімімізді нығайтуымызға болады.
22. 2003 жылғы жылдық мәтін қандай және жыл бойы өзімізден нені ауық-ауық сұрағанымыз жөн болады?
22 Иә, біз үшін Жақыптың “Құдайға жақындаңдар” деген өсиетін орындаудан асқан құрмет те, мақсат та жоқ (Жақып 4:8). Құдай туралы білімімізді тереңдете отырып, оған деген өзіміздің сүйіспеншілігімізді көбірек көрсетуге тырысып, онымен дұға арқылы тығыз қарым-қатынасымызды дамыта отырып, оған жақындайық. 2003 жыл бойы, Жақып 4:8-дегі жылдық мәтінді ескере отырып, Ехобаға шын мәнінде жақындаудамыз ба, соны бақылап отырайық. Ал жылдық мәтіннің екінші жартысы жөнінде не айтуға болады? Қай мағынада Ехоба “сендерге жақындайды” және одан қандай баталарды күтуімізге болады? Бұл жөнінде келесі мақалада айтылады.
Естеріңде ме?
• Ехобаға жақындау мүмкіндігіне неліктен атүсті қарамауымыз керек?
• Ехоба туралы білім алуыңа байланысты қандай мақсат қоюыңа болады?
• Ехобаны шын сүйетіндігімізді қалай көрсете аламыз?
• Ехобаға дұға арқылы бұдан да көбірек жақындай түсуімізге не көмектеседі?
[12-беттегі сөздер]
2003 жылғы жылдық мәтін: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды” (Жақып 4:8).
[9-беттегі сурет]
Самуил өсе келе Ехобаны жақын білген
[12-беттегі сурет]
Кармил тауындағы Ілиястың айтқан дұғасы — біз үшін жақсы үлгі