Ехоба біздің “Құтқарушымыз”
“Жаратушы жар болсын және азаттыққа жеткізсін” (ЗАБ. 36:40).
1, 2. Ехоба туралы қандай негізгі шындық бізге нағыз жұбаныш пен күш береді?
КҮННІҢ көлеңкесі бір орында тұрмайды. Жер айналып тұратындықтан, көлеңке де үнемі жылжып, өзгеріп тұрады. Алайда Жер мен Күннің Жаратушысы еш өзгермейді (Малх. 3:6). Киелі кітапта: “Аспан денелерінің көлеңкелері қозғала бергенмен, Құдайда ешқандай тұрақсыздық жоқ”,— делінген (Жақ. 1:17). Ехоба туралы осы негізгі шындық, әсіресе ауыр сынақтар мен қиындықтарға кезіккенде, бізге нағыз жұбаныш пен күш береді. Неге бұлай дейміз?
2 Алдыңғы мақаладан Ехоба ертедегі қызметшілерінің Құтқарушысы болғанын білдік (Заб. 69:6). Ехоба өзгермейтіндіктен әрі сөзінде тұратындықтан, қазіргі уақыттағы қызметшілері оның өздеріне ‘жар болатынына және азаттыққа жеткізетініне’ сенім арта алады (Заб. 36:40). Ехоба қазіргі қызметшілерін қалай құтқаруда? Жеке адамға қатысты не деуге болады?
Қарсыластарынан азат етті
3. Неге қарсыластардың Құдай халқының уағыздау ісін тоқтата алмайтынына сенімді бола аламыз?
3 Шайтанның дүниесі Ехобаға ғана ғибадат етіп жүрген Куәгерлерге кедергі жасай алмайды. Киелі кітап бізге былай деп сенімділік береді: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады. Өзіңді айыптағандардың сөздерін әшкерелеп, жоққа шығарасың” (Ишая 54:17). Қарсыластар Құдай халқының уағыздау ісін тоқтатуға тырысқанымен, сәтсіздікке ұшырады. Мұның екі мысалын қарастырайық.
4, 5. 1918 жылы Ехобаның халқы қандай қарсылыққа кезікті және мұның нәтижесі қандай болды?
4 Уағыздау ісін тоқтатқысы келген дінбасылардың арандатуымен 1918 жылы Ехобаның халқы қатты қудалауға кезікті. 7 мамырда федералдық үкімет (АҚШ) сол кезде дүниежүзілік уағыздау ісіне басшылық жүргізіп жатқан Дж. Ф. Рутерфорд бауырласты және бас басқармадағы бірнеше бауырласты қамауға бұйрық берді. Екі айдан соң Рутерфорд бауырлас пен оның әріптестеріне жалған айып тағылып, ұзақ уақытқа бас бостандығынан айыруға үкім шығарылды. Сотты өз мүддесіне қолданған қарсыластар уағыздау ісін біржола тоқтата алды ма? Әрине, жоқ.
5 Ехобаның: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады”,— деген уәдесі есіңде болар. Үкім шығарылғаннан тоғыз ай өткен соң, 1919 жылы 26 наурызда жағдай күрт өзгерді. Рутерфорд бауырлас пен оның әріптестері кепілдікке босатылды да, келесі жылы, 5 мамырда, толығымен ақталды. Бостандыққа шыққан бауырластар Патшалық ісіне жұмыла кірісті. Мұның нәтижесі қандай болды? Бұрын-соңды болмаған зор өсімге қол жеткізілді. Бұл “Құтқарушымыз” Ехобаның арқасында жүзеге асты (Қор. 1-х. 3:7).
6, 7. а) Нацистік Германияда Ехоба куәгерлері қалай қудаланды және нәтижесі қандай болды? ә) Құдай халқының қазіргі заман тарихы нені дәлелдейді?
6 Келесі мысалды қарастырайық. 1934 жылы Гитлер Германиядағы Ехоба куәгерлерінің көзін құртуға ант берген болатын. Бұл бос сөз емес еді. Өйткені артынша бауырластар жаппай қамауға алына бастады. Мыңдаған Куәгер қуғындалып, жүздегені концлагерьлерде өлтірілді. Гитлер Куәгерлерді құртып жібере алды ма? Германияда ізгі хабарды уағыздау ісін тоқтатты ма? Жоқ. Қуғын-сүргін кезінде бауырластар уағыз ісін жасырын түрде атқарды. Нацистік режим құлап, азаттыққа ие болғаннан кейін де олар уағыздай берді. Бүгінде Германияда 165 000 аса Патшалықтың жариялаушысы бар. Құтқарушымыз өзінің: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады”,— деген уәдесінде тұратынын тағы да көрсетті.
7 Ехоба куәгерлерінің қазіргі заман тарихы Құдай өз халқының топ ретінде жойылып кетуіне жол бермейтінін дәлелдейді (Заб. 116:15 ЖД). Алайда жеке басымызға қатысты не айтуға болады? Ехоба әрқайсымызды қалай қорғайды?
Құдай өмірімізді қорғап қала ма?
8, 9. а) Неге Құдай әр қызметшісінің өмірін қауіп төнген сайын қорғап отырмайды деуге болады? ә) Біз нені мойындауымыз керек?
8 Құдай әр қызметшісінің өмірін қауіп төнген сайын қорғап отыруды уәде етпегенін білеміз. Біз Набуходоносордың алтын мүсініне табынбаған үш адал еврей жігіттің танытқан көзқарасын ұстанамыз. Құдайды қастерлеген олар Ехобаның керемет жасап өмірлерін міндетті түрде сақтап қалады деп күткен жоқ (Даниял 3:17, 18 оқыa). Алайда Ехоба оларды лаулап тұрған оттан аман алып қалды (Дан. 3:21—27). Сөйтсе де Киелі кітап заманында керемет түрде құтқарылу әдеттегі нәрсе болмаған. Ехобаның көптеген адал қызметшісі жауларының қолынан қаза болған (Евр. 11:35—37).
9 Қазіргі кез жайлы не деуге болады? Ехоба “Құтқарушы” болғандықтан, қауіпті жағдайға кезіккен қызметшісін құтқара алады. Алайда біз Ехоба қандай да бір жағдайға араласты не араласпады деп нақты айта аламыз ба? Жоқ. Дегенмен қауіп-қатерден аман қалған адам Ехоба араша түсті деп ойлауы мүмкін. Оның пікірін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Сөйткенмен біз көп адал мәсіхшінің қуғын-сүргіннен, мысалы нацистердің қолынан, өліп кеткендерін мойындауымыз керек. Басқалары болса, бақытсыздықтың кесірінен өмірден айырылды (Екк. 9:11). Сонда Ехоба мезгілсіз өлген адал қызметшілерін құтқара алмағаны ма? Жоқ, олай емес.
10, 11. Неліктен адам баласы өлімнің алдында дәрменсіз және Ехоба не істей алады?
10 Келесі жайтқа көңіл бөлші: Адам баласы өлімнің алдында дәрменсіз, себебі ешкім ‘өзінің жанын көрден [шеолдан]’, яғни адамзаттың жалпы моласынан, ‘құтқара’ алмайды (Заб. 88:49). Ал Ехоба жайлы не деуге болады? Нацистердің қудалауынан аман қалған бір бауырластың жақындары концлагерьде қайтыс болғанда, шешесі оны жұбату үшін былай деген екен: “Егер өлім адамдарды құрсауында мәңгілік ұстаса, ол Құдайдан құдіретті болар еді ғой?” Әрине, өлім өмірдің қайнар көзі — құдіреті күшті Құдаймен күш сынаса алмайды (Заб. 35:10). Шеол не гадестегілердің барлығы Ехобаның жадында әрі ол олардың әрқайсысын құтқарады (Лұқа 20:37, 38; Аян 20:11—14).
11 Ал қазір Ехоба адал қызметшілерінің күнделікті өміріне тікелей араласады. Оның біз үшін қандай үш жолмен “Құтқарушы” болатынын қарастырайық.
Рухани қорғаныш береді
12, 13. Неге рухани қорғаныш бәрінен де маңызды және Ехоба оны қалай беруде?
12 Ехоба бізді рухани жағынан қорғайды, ал бұл бәрінен де маңызды. Шынайы мәсіхшілер ретінде біз қазіргі ‘өмірімізден де артық’ нәрсенің бар екенін білеміз. Бұл — біздің ‘Ехобамен тығыз қарым қатынасымыз’ (Заб. 25:14 ЖД; 63:3 ЖД). Онсыз қазіргі өміріміздің мәні де болмайды, болашақта өмір сүру үмітінен де айырыламыз.
13 Бақытымызға орай, Ехоба өзімен тығыз қарым-қатынас сақтау үшін бізге қажетті көмек беруде. Ол бізге өзінің Сөзі, киелі рухы және дүниежүзілік қауымы арқылы көмектесуде. Олардың толық игілігін қалай көреміз? Киелі кітапты жүйелі түрде әрі тыңғылықты зерттеу арқылы сеніміміз бен үмітімізді нығайтамыз (Рим. 15:4). Киелі рухын сұрап шын жүректен дұға ету арқылы азғыруларға төтеп беруге қажетті күш аламыз (Лұқа 11:13). Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер арқылы, қауым кездесулері мен конгрестерде құл табы беріп отырған басшылықты ұстанып, уақтылы рухани ас-суды қабылдаймыз (Мат. 24:45). Осы шаралардың барлығы бізді рухани жағынан қорғайды және Құдайға жақындауға көмектеседі (Жақ. 4:8).
14. Рухани қорғаныштың маңыздылығын көрсететін мысал айтып беріңдер.
14 Рухани қорғаныштың маңыздылығын көру үшін, алдыңғы мақалада айтылған ата-ананың мысалын еске түсірейікші. Қызы Терезаның жоғалғанына бірнеше күн болғанда, олар қайғылы хабар алады: оны өлтіріп кеткен екенb. Әкесі былай деп еске алды: “Мен Ехобаға қызымды сақтай гөр деп дұға етіп едім. Оның өлі денесі табылғанда, шынын айтсам, неге дұғам жауапсыз қалды деген сұрақ мазалады. Әрине, Ехоба әрбір қызметшісін құтқару үшін бүгінгі күні керемет жасамайтынын білемін. Түсінік сұрап дұға ете бердім. Ехобаның өз халқына рухани қорғаныш беретінін, яғни өзімен қарым-қатынасты сақтау үшін қажеттінің бәрін беретінін, білуден жұбаныш алдым. Бұл — ең маңызды қорғаныш, өйткені ол мәңгі болашағымызға әсер етеді. Ехоба Терезаға осындай қорғаныш берді, себебі ол соңғы демі біткенше адал қызмет еткен еді. Оның болашақтағы өмірі Құдайдың қолында екенін білгенім жан дүниемде тыныштық орнатты”.
Ауырған кезде қолдайды
15. Қатты ауырғанда Ехоба бізге қалай көмектеседі?
15 Ехоба “ауру төсегіне таңылған” Дәуітті қолдағандай, бізді де қолдай алады (Заб. 40:4). Бүгінде ол керемет түрде сауықтырмаса да, бізге көмек береді. Қалай? Мысалы, оның Сөзінде жазылған принциптер бізге емделуге және басқа сұрақтарға қатысты дана шешім қабылдауға көмектеседі (Нақ. с. 2:6). “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналындағы ауруымызға қатысты мақалалардан пайдалы мәлімет пен кеңестер таба аламыз. Сондай-ақ Ехоба өзінің рухы арқылы бізге ‘шексіз зор құдірет’ беріп, қиыншылығымызбен күресуге және кез келген жағдайда мінсіздік сақтауға көмектеседі (Қор. 2-х. 4:7). Осылардың арқасында ауруға тым көп көңіл бөліп, рухани бағыттан ауытқудан аулақ боламыз.
16. Бір ер бауырлас ауруымен қалай күресті?
16 Енді алдыңғы мақалада айтылған жас бауырластың жағдайын қарастырайық. 1998 жылы дәрігерлер оған уақыт өте адамды мүлдем сал ететін амиотрофикалық склерозға шалдыққанын айтадыc. Ол сырқатымен қалай күресті? “Бұл аурудан тек өлім ғана құтқаратынын түсінгенімде, жан азабына түсіп, қатты қайғырдым,— деді ол.— Ешқашан мұндай күй кешпеген едім. Сонда Ехобаға дұға етіп, үш нәрсе сұрадым: жан тыныштығын, шыдамдылық пен төзімділікті. Оның дұғама жауап бергенін сездім. Жан дүниемде тыныштық орнап, жаңа дүниеде қайтадан жүретінімді, тамақтың дәмін сезіп, отбасыммен әңгімелесетінімді ойлаудан жұбаныш алатын болдым. Шыдамдылық аурудың салдарынан туындаған қиыншылықтарға мойымауға көмектесуде. Ал төзімділіктің арқасында адалдық пен рухани тепе-теңдік сақтаудамын. Дәуіт айтқан сөздердің растығына көзім жетті, себебі Ехоба ‘ауру төсегіне таңылған’ мені қолдап келеді” (Ишая 35:5, 6).
Ас-сумен қамтамасыз етеді
17. Ехоба қандай уәде берді және ол нені білдіреді?
17 Ехоба материалдық жағынан қамымызды ойлауға уәде берген (Матай 6:33, 34 және Еврейлерге 13:5, 6 оқы). Алайда бұл жұмыс істемей, аспанға қарап қол жайып отыруымыз керек деген сөз емес (Сал. 2-х. 3:10). Бұл уәде Құдай Патшалығын бірінші орынға қойып, еңбек етуге ынталы болсақ, Ехоба өмірімізге қажеттіні табуға көмектеседі дегенді білдіреді (Сал. 1-х. 4:11, 12; Тім. 1-х. 5:8). Ол біз күтпеген жолмен көмектесуі мүмкін. Мысалы, бауырластарымыз бізге қандай да бір жәрдем немесе жұмыс ұсынып қалуы ықтимал.
18. Құдай ас-сумен қамтамасыз ететінін көрсететін мысалды айтып беріңдер.
18 Алдыңғы мақалада айтылған жалғыз басты әйел бауырластың жағдайын еске түсірейікші. Ол кішкентай қызы екеуі басқа жерге қоныс аударғанда жұмыс таба алмай қиналады. Ол былай деп есіне алды: “Күн сайын таңертең уағызға шығып, ал түстен кейін жұмыс іздеумен болдым. Бір күні сүт алуға азық-түлік дүкеніне барған едім. Сатылып жатқан көкөністерге көзім түсті, бірақ алуға ақшам болмады. Сондағы көңілімнің түскені-ай. Сол күні үйге келсем, есік алдында қап-қап көкөніс жатыр екен. Бұл бір айға жететін азық еді. Сол сәтте Ехобаға алғысымды білдіріп, жылап жібердім”. Көп ұзамай бұл әйел мұндай көмек көрсеткен өз бақшасында көкөніс өсіретін бір бауырлас екенін біледі. Кейінірек, ол оған ризашылығын білдіріп: “Сол күні мен саған қатты риза болдым және сенің мейірімділігің арқылы Ехобаның көрсеткен сүйіспеншілігіне алғысымды білдірдім”,— деп жазды (Нақ. с. 19:17).
19. Ұлы апаттың қарсаңында Ехобаның қызметшілері не нәрсеге сенімді болу керек және қазір не нәрсеге бел буулары керек?
19 Ехобаның Киелі кітап заманында істеген істері оның бүгінгі күні де Көмекші бола алатынына сенімділік беретіні сөзсіз. Жақында, Шайтан дүниесінің басына түсетін ауыр азапта, біз Ехобаның көмегіне бұрын-соңды болмағандай мұқтаж боламыз. Сонда Ехобаның қызметшілері оған толық сенім арта алады. Құтқарылулары жақын екенін білгендіктен, олар бастарын көтеріп, қуанатын болады (Лұқа 21:28). Ал қазірше басымызға қандай қиындық түспесін, Құтқарушымыз Құдайымыздың ешқашан өзгермейтініне кәміл сене отырып, оған толық арқа сүйеуге белді бекем буалық.
[Сілтемелер]
a Даниял 3:17, 18: “Біздің құлшылық ететін Құдайымыздың пештегі оттан бізді сақтауға құдіреті жетеді, сенің қолыңнан да сақтап қала алады. Тіпті солай болмаған күнде де есіңде болсын, патша, біз сенің құдайларыңа сыйынбаймыз, сен орнатқан алтын тұлғаға да бас ұрмаймыз”.
b 2001 жылдың 22 шілдедегі “Ояныңдар!” (ор.) журналының 19—23 беттеріндегі “Жанға батқан бақытсыздық” деген мақаланы қараңдар.
c 2006 жылғы қаңтар айының “Ояныңдар!” журналының 25—29 беттеріндегі “Амиотрофиялық склерозбен күресте маған сенім күш беруде” мақаласын қараңдар.
Естеріңде ме?
• Мезгілсіз өліп кеткендерді Ехоба қалай құтқарады?
• Неліктен рухани қорғаныш ең маңыздысы болып табылады?
• Ехобаның бізді материалдық жағынан қолдау уәдесі нені білдіреді?
[8-беттегі сурет]
1918 жылы қамауға алынған Рутерфорд бауырлас пен оның серіктері кейінірек босатылды, сондай-ақ тағылған айып негізсіз деп табылды
[10-беттегі сурет]
Ехоба бізді ауырған кезімізде қолдай алады