Киелі кітапты оқыған пайдалы, әрі жақсы сезімге бөлейді
“Сен оны... күні-түні оқуың керек” (ЕШУА НАБЫН 1:8, ЖД).
1. Жалпы оқудан және әсіресе Киелі кітапты оқудан қандай пайда көруге болады?
ПАЙДАЛЫ мәліметті оқыған жақсы. Француз ағартушы-пәлсапашысы, әлеуметтанушы Монтескье (Шарль Луи де Секонда) былай деп жазды: “Оқу, мен үшін, өмірдегі шаршататын құбылыстарға қарсы күрескенімде қолданатын ең мықты амалым. Бір сағат оқығаннан соң мазамды алған жайдың басылмай қалғаны болған емес”. Бұл сөздерді Киелі кітапты оқуға байланысты да қолдануға болатыны сөзсіз. Забур жыршысы Құдайдың рухының жетелеуімен былай деп жырлады: “Тәңірдің Заңы кемелді, жаныңа күш береді; Тәңірдің аяндары тура, ақылсыздарды парасатты етеді. Тәңірдің бұйрықтары әділ, жүректі қуантады; Тәңірдің өсиеті жарық, көзіңді ашады” (Забур 18:8, 9).
2. Ехоба ғасырлар бойы Киелі кітапты неліктен сақтап келді және өз халқынан ол не күтеді?
2 Авторы ретінде Ехоба Құдай Киелі кітапты діни және діни емес жауларының қатты қарсылық көрсеткеніне қарамастан ғасырлар бойы сақтап келді. “Барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын” қалағандықтан, ол өзінің Сөзін бүкіл адамзаттың оқи алуы үшін қам жасаған (1 Тімотеге 2:4). Есеп бойынша, жер тұрғындарының шамамен 80 пайызымен 100 тілдің көмегімен тілдесуге болады. Киелі кітап толығымен 370 тілге аударылған, сонымен қатар оның бөліктерін 1 860 тілдер мен диалектілерде оқуға болады. Ехоба өзінің Сөзін өз халқының оқығанын қалайды. Өзінің Сөзіне көңіл қоятын қызметшілеріне — иә, оны күнделікті оқитындарға — ол батасын береді (Забур 1:1, 2).
Бақылаушылар Киелі кітапты оқуы керек
3, 4. Ехоба Исраилдің патшаларынан нені талап етті және бұл талап бүгінгі күнгі қарияларға да қатысты деуге қандай себептер бар?
3 Исраил халқының адамдардан сайланған патшасы болатын уақыт туралы алдын ала айта келе, Ехоба былай деді: “Бірақ ол таққа отырған соң, діни қызметкерлер — леуілердің қолындағы кітаптан өзіне арнап Таурат заңының көшірмесін жасап алуы керек. Ол оның қолында болсын және оны, Тәңір Құдайынан қорқуға үйреніп, осы заңның әрбір сөзі мен қаулыларын орындауға әрекет жасау үшін, бауырларынан өзін жоғары санамас үшін және заңнан оңға да, солға да ауытқымас үшін күнделікті оқып жүрсін” (Заңды қайталау 17:18—20).
4 Ехобаның Исраилдің болашақ патшаларының бәрінің Өзінің заңы жазылған кітапты күнделікті оқуын талап етуінің себептеріне көңіл бұрыңдаршы: 1) “Тәңір Құдайынан қорқуға үйреніп, осы заңның әрбір сөзі мен қаулыларын орындауға әрекет жасау үшін”; 2) бауырларынан өзін жоғары санамас үшін”; 3) “заңнан оңға да, солға да ауытқымас үшін”. Бүгінгі күні мәсіхші қариялар Ехобадан қорқып, оның заңдарын орындап, өзін бауырларынан жоғары санаудан сақ болып және Ехобаның өсиеттерін тыңдамаудан аулақ болулары керек емес пе? Иә, бақылаушылар үшін Киелі кітапты күнделікті оқудың маңыздылығы Исраилдің патшаларына қарағанда кем емес екені анық.
5. Жақында Басқарушы кеңес филиалдардағы комитет мүшелеріне Киелі кітапты оқуға байланысты не жазды және неге мәсіхші қариялардың бәрінің де осы кеңесті қабылдағандары жақсы болар еді?
5 Мәсіхші қариялардың міндеті көп болғандықтан, Киелі кітапты күнделікті оқу оларға оңайға соқпайды. Мысалы, Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесінің мүшелері мен дүние жүзіндегі филиалдардағы комитет мүшелерінің бәрінің де атқаратын істері өте көп. Сөйтсе де, Басқарушы кеңестің барлық филиалдардың комитеттеріне жақында жолдаған хатында Киелі кітапты күнделікті оқудың және тыңғылықты зерттеу дағдыларының қажет екендігіне аса көңіл бөлінді. Осылай ету арқылы, делінген хатта, Ехобаға және шындыққа деген сүйіспеншілігіміз артады және бұл “сенімімізді, қуанышымызды және төзімділігімізді салтанатты соңына дейін сақтауымызға көмектеседі”. Ехоба Куәгерлерінің қауымдарындағы қариялардың барлығы да Киелі кітапты күнделікті оқулары қажет екенін түсінеді. Киелі кітапты күнделікті оқығандары оларға ‘ақылмен әрекет етуге’ көмектеседі (Ешуа Набын 1:7, 8). Әсіресе олар үшін Киелі кітапты оқыған “тәлім беру, әшкерелеу, түзету, әрі әділдікке тәрбиелеу үшін тиімді” (2 Тімотеге 3:16).
Жастарға да, қарттарға да қажет
6. Неліктен Ешуа исраилдіктер мен келімсектерді жинап, олардың алдында Ехобаның заңындағы сөздердің бәрін дауыстап оқыды?
6 Ежелгі уақыттарда Киелі жазбаларды әркімнің жеке өзі оқуына мүмкіндік болған жоқ, сондықтан Киелі кітапты көпшіліктің алдында оқитын. Ехобаның көмегімен Ай қаласын жаулап алған соң, Ешуа Исраил халқын Гевал және Гаризим тауларының етегіне жинады. Әрі қарай Киелі жазбаларда былай делінген: “Ешуа заңда жазылған барлық сөздерді, баталар мен қарғыстарды, заң кітабында жазылғанға сәйкес оқып шықты. Мұса Ешуаға өсиет еткендердің ішінен бүкіл Исраил қауымының, әйелдердің де, балалардың да, олардың арасындағы келімсектердің де алдында Ешуа оқымаған бірде-бір сөз қалмады” (Ешуа Набын 8:34, 35). Қандай іс-әрекеттің арқасында Ехобаның батасына ие болатындары, ал қандай іс-әрекетті Ехобаның жақтырмайтыны, былайша айтқанда, жастар мен қарттардың, исраилдіктер мен келімсектердің жүректері мен саналарында болуы керек еді. Киелі кітапты жүйелі түрде оқығанның осы салада бізге де көмектесетіні анық.
7, 8. а) Бүгінгі күні кімдер “келімсектерге” ұқсайды және олар неліктен Киелі кітапты күнделікті оқулары керек? ә) Ехобаның халқының арасындағы “балалардың” Исаға қалай еліктеуіне болады?
7 Бүгінгі күнгі миллиондаған Ехоба Куәгерлері рухани мағынада сол “келімсектерге” ұқсайды. Алдында олар осы дүниенің салтына сай өмір сүрген, бірақ олар өмірлерін жаңартты (Ефестіктерге 4:22—24; Қолостықтарға 3:7, 8). Олар әрқашан Ехобаның көзінде ненің жақсы, ненің жаман екенін естеріне түсіріп отырулары керек (Амос 5:14, 15). Киелі кітапты күнделікті оқығандары олардың осылай етулеріне көмектеседі (Еврейлерге 4:12; Жақып 1:25).
8 Ехоба Куәгерлерінің арасында Ехобаның нормаларына ата-аналары үйреткен, бірақ Ехобаның еркінің әділ екеніне өздерінің көздері жетуі керек “балалар” да бар (Римдіктерге 12:1, 2). Олар бұған көздерін қалай жеткізе алады? Исраилде діни қызметкерлер мен қарт кісілерге мынадай нұсқау берілген болатын: “Осы заңды бүкіл Исраилдің алдында бәріне естіртіп оқы. Халықты: еркектер мен әйелдерді, балаларды да, сырттан келгендерді де жина. Тыңдасын да үйренсін, Тәңірден қорқып, заңның барлық сөздерін орындауға тырыссын. Сонда олардың бұны білмейтін ұлдары естіп, иелік ету үшін Иорданнан өткелі тұрған жерде өмір сүрген күндеріңнің бәрінде Құдай Тәңіріңнен қорқуды үйренетін болады” (Заңды қайталау 31:11—13). Заңды ұстанып өмір кешкен Иса 12 жасында Әкесінің заңдарын түсінуге деген зор ықылас танытты (Лұқа 2:41—49). Кейінірек, мәжілісханада Киелі жазбалар оқылғанда тыңдау және оқуға қатысу, оның әдетіне айналды (Лұқа 4:16; Елшілердің істері 15:21). Бүгінгі күні де жастар, Иса көрсеткен үлгіге еліктеп, Киелі кітапты күнделікті өздері оқығандары және оны оқып, талқылайтын жиналыстарға жүйелі түрде қатысқандары абзал.
Киелі кітапты оқу бірінші кезекте тұруы керек
9. а) Оқитын нәрсемізді таңдай білгеніміз неліктен маңызды? ә) Осы журналдың алғашқы редакторы Киелі кітапты зерттеуге арналған басылымдар жайында не айтты?
9 Дана патша Сүлеймен былай деп жазды: “Сақ болғайсың: көп кітап құрастыра берсең соңы болмайды, ал көп оқыған тәніңді қажытады” (Екклесиаст 12:12). Бұған, бүгін басылып шығып жатқан көптеген кітаптарды оқыған тәніңді қажытып қана қоймай, турасын айтқанда, санаға да өте қауіпті екенін қосуға болады. Сондықтан таңдай білген маңызды. Киелі кітапты зерттеуге арналған басылымдармен бірге Киелі кітаптың өзін де оқуымыз қажет. Осы журналдың алғашқы редакторы оқырмандарына: “Негізгі оқулығымыз Киелі кітап екенін және Құдайдың біз арқылы беріп отырған көмегі Киелі кітапты түсінуге көмекші бола алатынын, бірақ Киелі кітаптың өзінің орнын баспайтынын ешқашан ұмытпаңдар”,— деп жазған едіa. Сондықтан, Киелі кітапқа негізделген басылымдарға көңіл қоюмен қатар, Киелі кітаптың өзін де оқуымыз қажет.
10. “Адал және ақылды қызметші” Киелі кітапты оқудың маңыздылығына қалай көңіл бөлуде?
10 Осы қажеттілікті сезінген “адал және ақылды қызметші” Киелі кітапты оқуды көптеген жылдар бойы барлық қауымдарда өтетін Теократиялық қызмет мектебінің бағдарламасына енгізіп келеді (Матай 24:45). Қазіргі Киелі кітапты оқуға арналған бағдарлама бойынша Киелі кітапты жеті жылға жуық уақытта түгел оқып шығуға болады. Бұл бағдарлама барлығы үшін, әсіресе Киелі кітапты бұрын-соңды толық оқымаған жаңадан оқып жүрген адамдар үшін пайдалы. Миссионерлерге арналған Күзет Мұнарасының Ғалаха Киелі кітап мектебі мен Қызметті жетілдіру мектебінде оқығандардан, сондай-ақ Бетел отбасының жаңа мүшелерінен бір жылда Киелі кітапты түгел оқып шығу талап етіледі. Киелі кітапты оқудың қандай да болсын кестесін — жеке не отбасымен бірге — күнделікті ұстанып отыру үшін жоспар жасағанда Киелі кітапты оқуды бірінші орынға қой.
Киелі кітапты оқуға қаншалықты көңіл бөлесің?
11. Қалай және неліктен Ехобаның Сөзімен күнделікті қоректенуіміз керек?
11 Киелі кітапты оқу кестесін ұстануға байланысты қиыншылық болса, өзімізден: “Менің өзге әдебиеттерді оқу және теледидар көру әдеттерім Ехобаның Сөзін оқуыма қалай әсер етуде?” — деп сұрағанымыз абзал. Мұсаның: “Адам тек нанмен ғана емес, Құдайдың аузынан шыққан әр сөзімен өмір сүреді“,— деп айтқанын және Исаның осы сөздерді қайталағанын ұмытпаңдар (Матай 4:4; Заңды қайталау 8:3). Тәндік денемізге күш-қуат беруі үшін бізге күнделікті нан немесе басқа да тағамдармен тамақтанудың қажет екендігі сияқты, рухани күйімізді күту үшін күнделікті Ехобаның ойларын бойымызға сіңіруіміз керек. Біз Құдайдың ойларымен күнделікті Киелі жазбаларды оқу арқылы азықтана аламыз.
12, 13. а) Елші Петір Құдайдың Сөзіне құштар болуымыз керек екенін қалай суреттейді? ә) Пауылдың сүтпен келтірген мысалының Петірдікінен өзгешелігі қандай?
12 Егер Киелі кітапты “адамның емес, Құдайдың хабары ретінде — шындығында бұл солай!” — бағалайтын болсақ, анасының сүтіне шөліркеген нәресте сияқты, оған құштар боламыз (1 Салониқалықтарға 2:13). Мұндай салыстыруды елші Петір жасаған болатын: “Жаңа туған сәбидің сүтке шөліркегеніндей, әрдайым Құдай сөзінің ‘таза сүтіне’ құштар болыңдар. Содан нәр алғанда рухани өсіп, өлімнен құтқарыла аласыңдар. Өйткені сендер Тәңірдің мейірімді екенін білдіңдер” (1 Петір 2:2, 3). Егер “Тәңірдің мейірімді екенін” өз өмірімізде сезінетін болсақ, Киелі кітапты оқуға деген құштарлығымыз арта түседі.
13 Бұл жерде Петірдің сүтпен салыстыруды Пауылдан өзгеше қолданғанына көңіл аударған жөн. Жаңа туылған нәрестеге тек сүттің өзі жеткілікті. Петірдің суреттемесі Құдай Сөзінде ‘рухани өсіп, өлімнен құтқарылуымыз’ үшін керек нәрсенің барлығы бар екенін көрсетеді. Ал Пауыл болса сүтті қолданған мысалында өздерін рухани жетілгендердің қатарына қосатын кейбіреулердің жеткіліксіз рухани тамақтанып жүргендіктерін айтқан. Еврейден шыққан мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл: “Уақытқа қарайтын болсақ, сендердің тәлім берулерің керек еді; ал сендерді Құдай сөзінің алғашқы бастамаларына қайта үйрету керек, сондай-ақ сендерге, қатты тағам емес, сүт қажет. Сүтпен қоректенетін әркім шындық сөзін жақсы білмейді, өйткені ол — нәресте. Ал, қатты тағам болса, сезімі жақсы мен жаманды айыруға машықталған, рухани жетілгендерге арналған”,— деген еді (Еврейлерге 5:12—14). Киелі кітапты мұқият оқығанымыз ақыл-ойымыздың дамуына және рухани тағамға деген тәбетіміздің ашылуына көмектеседі.
Киелі кітапты оқу тәсілі
14, 15. а) Киелі кітаптың Авторы бізге қандай артықшылық беріп отыр? ә) Құдайдың даналығынан қалай пайда көре аламыз? (Мысал келтір).
14 Ең пайдалысы, Киелі кітапты оқуды бірден бастамай, алдымен дұға айтқан. Дұға айту мүмкіндігі — үлкен артықшылық. Мұны мазмұнын түсіну қиын кітапты оқыр алдында, оны түсіну үшін авторын көмекке шақырғанмен салыстыруға болады. Ол бізге қандай көмек болған болар еді десеңші! Киелі кітаптың Авторы Ехоба бізге сондай көмек ұсынып отыр. Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңестің мүшесі бауырластарға: “Егер, кімде-кімге даналық жетіспей жатса, сұрағандардың бәріне жомарттықпен және кінәламай беретін Құдайдан сұрасын, сонда оған даналық беріледі. Бірақ еш күмәнсыз сеніммен сұрасын”,— деп жазған еді (Жақып 1:5, 6). Бүгінгі күнгі Басқарушы кеңес үнемі бізге Киелі кітапты дұға ете отырып оқуға кеңес беруде.
15 Даналық дегеніміз — білімді іс жүзінде қолдана білу. Сондықтан Киелі кітабыңды ашар алдында Ехобаның өміріңде қолдануың қажет ойларды түсіне білуіңе көмектесуін сұра. Жаңа түсінген ойларыңды бұрынғы білетіндеріңмен байланыстыр. Оларды осыған дейін ұғынған “дұрыс ілімнің үлгісімен” ұштастыр (2 Тімотеге 1:13). Бұрынғы уақыттағы Ехобаның қызметшілерінің өмірлеріндегі оқиғалардың үстінен ой жүгіртіп, осындай жағдайларда мен не істеген болар едім деп өзіңнен сұра (Жаратылыс 39:7—9; Даниел 3:3—6, 16—18; Елшілердің істері 4:18—20).
16. Киелі кітап оқуды әлдеқайда пайдалы әрі нәтижелі ету үшін қандай тиімді кеңестер беріледі?
16 Алдын ала жоспарланған беттерді тек оқып қана қоя салма. Уақытыңды бөліп, оқыған нәрселеріңнің үстінен ой жүгірт. Қандай да бір ойлар қызықтырған кезде, Киелі кітабыңда сілтемелер болса, соларды қарастыр. Сонда да анық түсінбеген болсаң, кейінірек тағы іздестіру үшін белгілеп қой. Оқып отырған кезде арнайы есіңде сақтағың келген тармақтарды белгілеп қой немесе жазып ал. Сондай-ақ, тармақтың тұсындағы бос жерге сол тармаққа байланысты ойлар мен параллель Жазба орындарын жазып қоюларыңа да болады. Уағыздау және тәлім беру жұмысыңда бірде керек болып қалар деген тармақтардың негізгі сөзіне көңіл бөліп, осы сөзді Киелі кітаптың соңындағы индекстен қарастырыңдарb.
Киелі кітапты оқуға құштар болыңдар
17. Неліктен Киелі кітапты оқу бізге ұнамды іс болуы керек?
17 Забур жыршысы “Тәңірдің заңына қуанатын, сол туралы күні-түні ойлайтын” бақытты адам жайында айтқан (Забур 1:2). Киелі кітапты күнделікті оқу біз үшін ауыртпалық болмауы керек, керісінше, ұнамды іс болуы керек. Оны ұнамды етудің бір жолы — әрқашан да білген нәрселеріміздің бағалы екенін түсіну. Дана патша Сүлеймен былай деп жазды: “Даналық іздеп тапқан адам бақытты... Оның жолдары — ұнамды да, қадамдары — бейбіт. Оған ие болғандар үшін ол — өмір ағашы және оны сақтап қалғандар бақытты!” (Нақыл сөздер 3:13, 17, 18). Даналыққа қол жеткізу үшін күш салуға тұрарлық екені анық, өйткені оның жолдары жағымды, бейбіт және қуанышқа бөлейді, ал ең ақыр аяғында өмір береді.
18. Киелі кітапты оқумен қатар тағы не қажет және келесі мақалада не нәрсені талқылаймыз?
18 Иә, Киелі кітапты оқыған пайдалы әрі ұнамды іс. Бірақ бұл жеткілікті ме? Христиан әлемінің шіркеулерінің мүшелері Киелі кітапты ғасырлар бойы оқып келеді, бірақ “олар әрдайым тәлім алуға ұмтылғанмен, ешқашан шындықты білуге қол жеткізбейді” (2 Тімотеге 3:7). Киелі кітапты оқығаннан нәтиже шығуы үшін, алған білімімізді өз өмірімізде және уағыз айту мен шәкірттер дайындау ісімізде қалай қолдануымызға болатынын ойлауымыз керек (Матай 24:14; 28:19, 20). Ол күш салуды және зерттеудің жақсы тәсілін таңдауды талап етеді. Келесі мақаладан көретініміздей, зерттеу де, ұнамды әрі пайдалы бола алады.
[Сілтемелер]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығының жариялаушылары” кітабын қараңдар, 241-бет, ағ.
b 1995 жылдың 1 мамырындағы “Күзет мұнарасының” 16, 17-беттеріндегі “Киелі кітапты оқу тәсілін жақсарту үшін берілген кеңестерді” қараңдар, ор.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Исраилдің патшаларына берілген қандай кеңес бүгінгі күнгі бақылаушыларға қатысты және неліктен?
• Бүгінгі күнгі “келімсектер” мен “балалар” кімдер және олар неліктен Киелі кітапты күнделікті оқулары керек?
• Киелі кітапты күнделікті оқуымызға “адал және ақылды қызметшінің” қандай кеңестері көмектеседі?
• Киелі кітапты оқуды қалай пайдалы әрі ұнамды етуімізге болады?
[17-беттегі сурет]
Әсіресе қариялар Киелі кітапты күнделікті оқулары керек.
[18-беттегі сурет]
Иса мәжілісханадағы Киелі кітапты оқуға үнемі қатысатын.