Екінші тарау
Ехобаны жалғыз шынайы Құдай ретінде дәріптеңдер
1. Жалғыз шынайы Құдай кім?
АДАМДАР көптеген ‘құдайларға’ табынғанымен, Киелі кітап біздің ‘бір ғана Құдай Әкені танитындығымызды’ айтады (1 Қорынттықтарға 8:5, 6). Осы “жалғыз Құдай” — Ехоба, барлығын Жаратушы (Заңды қайталау 6:4; Аян 4:11). Иса өзінің Әкесі жайлы ‘өз Құдайым, сендердің де Құдайларың’ деген болатын (Жохан 20:17). Оның бұл сөздері ілгеріде Мұсаның айтқан: “Тек Ехоба — шын Құдай; Одан өзгесі жоқ”,— деген сөздеріне сәйкес келеді. (Заңды қайталау 4:35, ЖД). Адамдар құдай сияқты табынып жатқан ешкім де, бас ұрып құлшылық етіп жатқан мүсіндерінің ешқайсысы да Ехобаға тең келмейді, сондай-ақ, Ол — жауы Шайтан Ібілістен, яғни “осы күнәкар дүниенің “тәңірінен”, әлдеқайда жоғары (2 Қорынттықтарға 4:3, 4). Адамдар кімге, не нәрсеге табынса да, Иса айтқандай, Ехоба ғана — ‘жалғыз шынайы Құдай’ (Жохан 17:3).
2. Құдай туралы алған біліміміз өмірімізге қалай әсер ету керек?
2 Жүректері ризашылыққа толы адамдар Құдайдың тартымды қасиеттері, сондай-ақ оның адамзатқа істегендері және болашақта істейтіндері жөнінде оқып білгенде, оған жақындауға ұмтылады. Олардың Құдайға деген сүйіспеншіліктері артады, сонымен бірге оны дәріптеуге деген ықыластары да арта түседі. Құдайды қалай дәріптеуге болады? Мұның бір жолы — өзгелерге ол туралы айту. Римдіктерге 10:10-да: “Аузымен мойындауы арқылы құтқарылады”,— делінген. Ехобаны дәріптеудің өзге жолы — сөзімізбен де, ісімізбен де оған еліктеу. Ефестіктерге 5:1-де: “Сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар”,— делінген. Мұны жақсырақ істеу үшін, біз алдымен Құдаймен жақын танысуымыз керек.
3. Ехобаның ең негізгі төрт қасиеті қандай?
3 Киелі кітапта Ехобаның ғажайып қасиеттері жөнінде өте көп айтылған. Олардың ішіндегі ең негізгі төрт қасиеті: даналық, әділдік, күш және сүйіспеншілік. “Ол — асқан даналықтың... иесі” (Әйүп 12:13). “Оның жолдарының бәрі әділетті” (Заңды қайталау 32:4, ЖД). “Құдіреті сонша зор” (Ишая 40:26). “Құдай — сүйіспеншілік” (1 Жохан 4:8). Алайда осы төртеуінің ішіндегі ең көрнектісі әрі Құдайды жақсы сипаттайтыны қайсысы?
“Құдай — сүйіспеншілік”
4. Құдайдың бүкіл әлемді және барлық тіршілікті жаратуына қай қасиеті түрткі болған?
4 Ехобаның бүкіл әлемді, сонымен қатар саналы жаратылыстарды, яғни рухани тұлғалар мен адамдарды, жаратуына не түрткі болды деп ойлайсың? Даналығы ма, әлде күші ме? Жоқ, Құдай бұл екеуін де қолданғанымен, бұлар қозғаушы күш болған жоқ. Мүмкін әділдігі шығар? Жоқ, себебі Құдай өзгелермен өмірді бөлісуге міндетті емес еді. Өмірдің қызығын көру үшін, саналы жаратылыстарды жаратуға Құдайға түрткі болған — оның орасан зор сүйіспеншілігі. Өзіне мойынсұнатын адамдардың Жұмақта мәңгі өмір сүрсін деген ниетіне түрткі болған да дәл осы сүйіспеншілігі болатын (Жаратылыс 1:28; 2:15). Сүйіспеншілігінің арқасында Құдай адамзатты Адам атаның күнәсінің салдарынан құтқарудың қамын жасап отыр.
5. Киелі кітапқа сәйкес, Ехоба қандай қасиеттің бейнесі болып табылады және неліктен?
5 Сонымен, сүйіспеншілік — Құдайдың ең көрнекті қасиеті. Сүйіспеншілік — Құдайдың болмысы немесе табиғаты. Оның даналығы, әділдігі, күші қаншалықты маңызды болғанымен, Киелі кітапта бұлардың ешқайсысы Ехобаның болмысы делінбеген. Жазбалар Құдайдың өзі сүйіспеншілік дейді. Иә, Ехоба — сүйіспеншіліктің бейнесі. Бұл сүйіспеншілік сезімге емес, принципке негізделген. Құдайдың сүйіспеншілігі ақиқат пен әділдіктің принциптерін басшылыққа алады. Сондай-ақ бұл сүйіспеншіліктің ең жоғарғы түрі және оның ең ғажайып үлгісі Ехоба ғана болып табылады. Бұл риясыз сүйіспеншілік және барлық уақытта іс жүзінде көрінеді.
6. Құдай бізден әлдеқайда жоғары болса да, оған еліктеуімізге не көмектеседі?
6 Сүйіспеншілік — Құдайға еліктеуге мүмкіндік беретін керемет қасиет. Бірақ қателесуге бейім, кемелсіз адамдар болғандықтан, Құдайға еліктеу қолымыздан келмейді деп ойлауымыз мүмкін. Алайда бұл жерде де Ехобаның сүйіспеншілігінің тағы бір қырын көруге болады: ол біздің мүмкіндіктеріміз шектеулі екендігін түсінеді және бізден кемелділікті талап етпейді. Иә, Құдай біздің кемелділіктен әлдеқайда алыста екендігімізді біледі (Забур 50:7). Міне, сол себептен де Забур 129:3, 4-те былай делінген: “Тәңірім, егер сен заңсыздықтарды байқайтын болсаң,— Тәңірім! кім төзе алсын? Бірақ Сен кешірімшілсің”. Иә, Ехоба — “Рақымды да қайырымды Құдай! Қаһарлануға асықпайды, сүйіспеншілігі берік” (Мысырдан шығу 34:6). “О, Ехоба, сен ізгісің әрі кешіруге дайынсың” (Забур 86:5, ЖД). Қандай жұбанышты сөздер! Осындай керемет Құдайға қызмет етіп, оның сүйіспеншілікке және мейірімділікке толы қамқорлығын сезіну қандай бақыт!
7. Ехобаның сүйіспеншілігі жаратылыстарынан қалай көрінеді?
7 Ехобаның сүйіспеншілігін оның жаратылыстарынан да көруге болады. Өмірдің рақатын көру үшін, Ехобаның берген барлық жаратқандарына қарашы: заңғар таулар, ормандар, көлдер, мұхиттар... Бұған қоса ол жай жеп қана қоймай, жегенде аузыңды үйіріп әкететіндей дәмді әр түрлі тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Ехоба сондай-ақ көптеген әдемі хош иісті гүлдер мен адам қызығарлық жануарларды жаратты. Бұған міндетті болмаса да, Ол барлығын да адам баласы өмірде қуанышқа бөленетіндей етіп жасады. Зұлым дүниеде өмір сүріп жатқандықтан, сондай-ақ кемелсіз болғандықтан, Ехобаның жаратқандарының рақатын толығымен көре алмайтынымыз рас (Римдіктерге 8:22). Ехобаның жұмақта біз үшін не істейтінін көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! Забур жыршысы Құдай туралы: “Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырасың”,— деп сеніммен айтқан (Забур 145:16).
8. Ехобаның бізге деген сүйіспеншілігінің ең керемет үлгісі қандай?
8 Ехобаның адамзатқа деген сүйіспеншілігінің ең керемет үлгісі қандай? Мұны Киелі кітап былай түсіндіреді: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей [“жойылмай”, ЖД], мәңгілік өмірге ие болады” (Жохан 3:16). Ехоба адамдар жақсы болғандықтан осылай етті ме? Римдіктерге 5:8 бұған былай деп жауап береді: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті. Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді”. Иә, Құдай бізді күнә мен өлімнен құтқарсын және азаттық төлемін өтеу үшін өмірін берсін деп өзінің кемелді Ұлын жерге жіберді (Матай 20:28). Осының арқасында Құдайды сүйетіндер үшін мәңгілік өмірге жол ашылды. Бақытымызға орай, Құдайдың еркін орындағысы келгендердің барлығы оның осы сүйіспеншілігінің игілігін көреді. Бұл жөнінде Киелі кітапта былай делінген: ‘Құдай адамның бет-жүзіне қарамайды... Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды’ (Елшілердің істері 10:34, 35).
9. Ехобаның Ұлын құрбан еткендігі бізге қалай әсер ету керек?
9 Ехоба Ұлын біз үшін құрбандыққа беру арқылы мәңгілік өмірге жол ашты. Ал бұл біздің өмірімізге қалай әсер ету керек? Бұл біздің шынайы Құдайға, Ехобаға, деген сүйіспеншілігімізді арттыру керек. Сонымен қатар Ехобаның өкілі Исаны тыңдауға деген ықыласымыз болу керек. ‘Мәсіхтің бәрі үшін өлгендігінің мақсаты — жаңа өмірге ие болғандардың енді тек өздері үшін емес, қайта, Оған бағышталып өмір сүруі! Ол солардың игілігіне бола өлді’ (2 Қорынттықтарға 5:15). Исаның ізімен жүру қандай қуаныш! Өйткені ол Ехобаның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын керемет түрде көрсеткен. Мұны Исаның кішіпейіл адамдарға айтқан сөздерінен көруге болады: “Қиналып қатты шаршап-шалдыққандар, еңселерін тым ауыр жүк басқандар, Менің қасыма келіңдер, барлығың, жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін! Бірге жүріп, үйреніңдер Өзімнен, жуас, кіші пейілмін шын жүректен, тыныштық табады сонда жандарың. Себебі ыңғайлы — билігім Менің, әрі жеңіл — жүктейтін міндеттерім” (Матай 11:28—30).
Өзгелерге сүйіспеншілік көрсету
10. Мәсіхші бауырластарымызды сүйетіндігімізді қалай көрсетуімізге болады?
10 Ехоба мен Иса бізді қалай сүйсе, мәсіхші бауырластарымызды солай сүйетіндігімізді қалай көрсетуге болады? Мұндай сүйіспеншілікті көрсетудің көптеген жолдары бар: “Сүйіспеншілік шыдамды да мейірімді, ол еш қызғанбайды, мақтанбайды, паңданбайды. Сүйіспеншілік не жүгенсіз, не өзімшіл, не ашушаң емес, ол кек те сақтамайды. Сүйіспеншілік әділетсіздікті құптамай, ақиқатқа қуанады. Ол әрдайым қорған болып, ұдайы сенеді, үмітін еш үзбей, бәріне де шыдайды. Сүйіспеншілік ешқашан да сарқылмайды” (1 Қорынттықтарға 13:4—8; 1 Жохан 3:14—18; 4:7—12).
11. Сүйіспеншілікті тағы кімдерге көрсетуіміз керек және оны қалай істей аламыз?
11 Сүйіспеншілікті тағы кімдерге және қалай көрсетуіміз керек? Иса былай деген: “Күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіп, Құдай Әкенің, рухани Ұлының және Киелі Рухының атымен шомылдыру рәсімінен өткізіңдер, әрі сендерге өсиет еткендерімнің бәрін де ұстануға үйретіңдер!” (Матай 28:19, 20). Бұл жақындап келе жатқан Құдайдың жаңа дүниесінде жер жүзі жұмаққа айналатыны туралы ізгі хабарды әлі рухани бауырлас болмағандарға айту керек дегенді білдіреді. Тек рухани бауырластарымызды жақсы көрумен шектелмеуіміз керектігін Иса анық айтқан болатын: “Ал егер өздеріңді жақсы көретіндерді ғана жақсы көрсеңдер, онда сендерге қандай сый берілмек? Тіпті күнәкар салықшылар да солай етпей ме? Сондай-ақ өз бауырластарыңмен ғана жарқын жүзбен амандассаңдар, онда басқаларға қарағанда қандай ерекше іс істейсіңдер? Тіпті Құдайға мойынсұнбайтындар да солай етпей ме?” (Матай 5:46, 47; 24:14; Ғалаттықтарға 6:10).
“Ехобаның есімімен жүреміз”
12. Неліктен Ехоба деген есім тек Құдайға ғана лайық?
12 Шынайы Құдайдың Ехоба деген ерекше есімін білмей, сондай-ақ уағыздағанда, тәлім бергенде оны қолданбай, Құдайды дәріптеу мүмкін емес. Осындай шын жүректен шыққан ықылас Забур жыршысында да болған. Ол былай деп шырқаған: “Ехоба есімді жалғыз Сенің бүкіл жер бетіндегілердің барлығынан да Ең Жоғарғы екеніңді білсін” (Забур 83:18, ЖД). Ехобаның есімі “Ол болдырады” дегенді білдіреді. Ехоба — ұлы ниеттердің Құдайы. Ол өзінің ойлаған нәрселерін барлық уақытта жүзеге асырады. Адамдардың өз ойларын әрдайым ойдағыдай жүзеге асыруы екіталай болғандықтан, бұл есім тек шынайы Құдайға ғана лайық (Жақып 4:13, 14). “Аузымнан шыққан сөзім... көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”,— деп тек Ехоба ғана айта алады (Ишая 55:11). Көптеген адамдар өздерінің Киелі кітаптарынан Құдайдың есімін көргенде және оның мағынасын білгенде, таңданып әрі қуанады (Мысырдан шығу 6:3, ЖД). Алайда олар бұл білімнің пайдасын “Ехобаның есімімен мәңгі жүретін болса” ғана көреді (Миха 4:5, ЖД).
13. Ехобаның есімін білу және оның есімімен жүру деген нені білдіреді?
13 Құдайдың есіміне қатысты Забур 9:11-де былай делінген: “Есіміңді білетіндер Өзіңе арқа сүйейтін болады”. Бұл жай ғана Құдайдың есімі Ехоба екенін білсек болды дегенді білдірмейді. Өйткені есімін білу бірден сенім артуды білдірмейді. Құдайдың есімін білу Оның қандай Құдай екендігін нақты түсінуді, әрі оның билігін құрметтеуді, сондай-ақ тілін алып, барлық жағдайда оған сенім артуды білдіреді (Нақыл сөздер 3:5, 6). Сонымен қатар Құдайдың есімімен жүру деген оған өзімізді бағыштап, сондай-ақ ғибадат етушілердің бірі болып, оның еркіне сай өмір сүруді білдіреді (Лұқа 10:27). Сен туралы не деуге болады?
14. Құдайға мәңгі қызмет етуіміз үшін борышымызды сезінуден басқа тағы не қажет?
14 Ехобаға мәңгі қызмет ету үшін тек борышты сезіну жеткіліксіз. Ехобаға көп жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Тімотеге елші Пауыл: “Құдайға ұнамды жүруге [“шын берілгендікті көздеп”, ЖД] жаттыға бер”,— деген болатын (1 Тімотеге 4:7). Шын берілгендік әлдекімге деген ризашылыққа толы жүректе пайда болады. Олай болса, “Құдайға шын берілгендік” деген Ехобаны терең әрі айрықша құрметтеуді білдіреді. Бұл Ехобаны және оның жолдарын шексіз құрметтеудің арқасында оған қатты бауыр басқандығымыздан көрінеді. Шын берілгендіктің арқасында бізде Ехобаның есімін барлық адамдар құрметтесе екен деген ықылас туады. Егер жалғыз шынайы Құдайдың, Ехобаның, есімімен жүргіміз келсе, оған шын берілгендігімізді арттыра түсуіміз керек (Забур 36:4; 2 Петір 3:11).
15. Қалай Ехобаның тек өзіне ғана берілгендік таныта аламыз?
15 Ехоба қызметімізді қабыл алу үшін, тек соған ғана ғибадат етуіміз керек, өйткені ол ‘Өзінен басқа тәңірлердің болуына төзбейді’ (Мысырдан шығу 20:5). Құдай мен Шайтанның қол астындағы осы дүниенің екеуін бірдей жақсы көру мүмкін емес (Жақып 4:4; 1 Жохан 2:15—17). Ехоба әрбіріміздің қандай болуға тырысып жатқандығымызды жақсы біледі (Еремия 17:10). Егер біз шын жүректен әділдікті жақсы көрсек, Ехоба мұнымызды көріп, күнделікті кезігіп отырған сынақтарға төтеп беруімізге көмектеседі. Ол бізді өзінің құдіретті киелі рухы арқылы қолдайды, соның арқасында осы дүниеде кеңінен тараған зұлымдықты жеңе аламыз (2 Қорынттықтарға 4:7). Құдай сондай-ақ жер бетіндегі жұмақ орнаған мәңгі өмірге деген үмітімізді сақтап әрі күшейтуімізге көмектеседі. Қандай керемет болашақ! Осы үшін біз шын Құдай Ехобаға терең ризашылық білдіруіміз керек әрі шын жүректен қызмет етуіміз қажет.
16. Миллиондаған адамдар сияқты қандай үнге құлақ асуың керек?
16 Жер шарындағы миллиондаған адамдар Забур жыршысының: “Менімен бірге Жаратқан Иені [“Ехобаны”, ЖД] дәріптеңдер, Оның есімін бірге мадақтайық”,— деген шақыруын қуанышпен қабыл алған (Забур 33:4). Осы үнге құлақ асушылардың саны күннен-күнге артып келе жатыр. Ехоба сенің де осылардың арасында болғаныңды қалайды.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Ехоба қандай тұлға? Ехобаның қасиеттерін жақсы түсінгеніміздің қандай пайдасы бар?
• Өзгелердің Құдай туралы ақиқатты білулеріне қалай көмектесе аламыз?
• Ехобаның есімін білу және оның есімімен жүру деген нені білдіреді?
[14-беттегі сурет]
Ехоба сүйіспеншілікке толы болғандықтан, ‘алақанын ашып, бар тіршілік иесін қалағанынша тойдырады’