Қорынттықтарға 2-хат
9 Қасиеттілерге қызмет көрсету жөнінде сендерге жазудың қажеті де жоқ. 2 Өйткені бұған әрқашан даяр екендеріңді білемін және Ахаядағылар былтырдан бері көмекке әзір деп македондықтарға мақтанып та жүрмін. Осы құлшыныстарың олардың көбіне қозғау салды. 3 Мақтағанымыз бекер болмасын, қайта, өзім айтқандай, сендер шынымен даяр тұрсын деп, бауырластарды жіберіп отырмын. 4 Олай етпеген күнде македондықтар менімен бірге келсе, даяр емес екендеріңді көріп, сендерді айтпай-ақ қояйын, өздеріңе сенімді болған біздер ұятқа қалып жүрерміз. 5 Сондықтан да бауырластарды сендерге алдын ала баруға талпындырып, уәде еткен сыйларыңды жинап қойғандарын жөн көрдім. Осылайша тартуларың біз мәжбүрлегендіктен емес, өздерің жомарттықпен берген сый болады.
6 Бұл орайда айтарым — сараң сепкен аз, ал жомарт сепкен мол жинайды. 7 Әркім жүрек шешіміне қарай, еш қиналмай, зорлықсыз берсін, себебі Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді.
8 Оның үстіне, Құдай өздеріңе бар рақымын молынан жаудыра алады. Осылай қажеттінің бәрімен әрдайым қамтамасыз етіліп, әрқилы игі істерді жасауға керектің бәрі молынан болады. 9 (Киелі жазбада: “Ол жомарттықпен үлестірді, жарлыларға берді. Оның әділдігі мәңгілікке қалады”,— делінген. 10 Диқанға тұқымды, адамдарға жеуге нанды молынан беретін Құдай сендерге себетін тұқым береді, әрі оны ағыл-тегіл етіп сыйлайды, сондай-ақ әділдіктеріңнің өнімін молайта түседі.) 11 Барлық жағынан жомарт болуларың үшін, бәрін молынан алып жатырсыңдар. Біздің осы атқарып жатқан ісіміздің арқасында мұндай жомарттық адамдарды Құдайға ризашылық білдіруге талпындырады. 12 Өйткені осы атқарған қызметтерің қасиеттілердің қажеттілігін жақсылап қамтамасыз етіп қана қоймай, Құдайға алғыс айтушылардың көп болуына себепші болмақ. 13 Олар осы қызметтің жемісін көріп, өздерің жариялап жүрген Мәсіх туралы ізгі хабарға бағынатындарың үшін және өздерімен де, өзгелердің бәрімен де жомарттықпен бөлісіп жатқандарың үшін Құдайды дәріптеуде. 14 Құдай өздеріңе шексіз рақымын жаудырып жатқандықтан, олар өз сүйіспеншіліктерін білдіруде әрі сендер үшін жалбарынуда.
15 Теңдесі жоқ сыйы үшін Құдайға мың да бір алғыс!