Бақылаушылар мен қызмет көмекшілері теократиялық жолмен тағайындалады
“Енді өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар!” (ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ 20:28).
1, 2. Ишая 60:22-дегі пайғамбарлық қалай орындалуда?
ОСЫДАН көп уақыт бұрын Ехоба заманның ақырында таңғаларлық бір нәрсенің болатынын алдын ала айтқан болатын. Ол Ишая пайғамбар арқылы былай деді: “Азғантай мыңдағанға, ал ең әлсіз — күшті халыққа айналады. Мен, Тәңірмін, бұның өз уақытында жүзеге асуын тездетемін” (Ишая 60:22).
2 Бүгінде осы пайғамбарлық орындалып жатыр деуге бола ма? Әрине, болады! 1870 жылдары Аллегейниде (АҚШ, Пенсильвания штаты) Ехобаның халқының бір қауымы құралған болатын. Осы азғантай топтан дүние жүзі бойынша ондаған мың қауымдар құралып, рухани өркендеуде. Миллиондаған Патшалықты жариялаушылар, яғни күшті халық, жер бетіндегі 235 елдегі тоқсан бір мыңнан астам қауымдарға барып жүр. “Ауыр азап” әбден таяп қалған уақытта Ехобаның өзіне шынайы бас иетіндерді тездетіп жинап жатқандығында күмән жоқ (сілтемесін қараңдар: Матай 24:21; Аян 7:9—14).
3. Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атына шомылдыру рәсімінен өту нені білдіреді?
3 Өздерін Ехобаға арнағаннан кейін осы миллиондаған адамдар, Исаның берген нұсқауына сәйкес, Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атына шомылдыру рәсімінен өткен (Матай 28:19). ‘Әкенің... атына’ шомылдыру рәсімінен өту — өзін Ехобаға арнаған адамның Оны Көктегі Әке және Өмір беруші ретінде мойындап, оның үстемдігіне мойынсұнатындығының белгісі. ‘Ұлдың... атына’ шомылдыру рәсімінен өту арқылы олар Иса Мәсіхті Құтқарушы, Қожа және Патша ретінде қабылдағандарын көрсетеді. Сондай-ақ олар Құдайдың киелі рухының, немесе әрекет етуші күшінің, өздерінің өмірлерінде белгілі орын алатынын мойындайды. Сондықтан олар ‘киелі рухтың атына’ шомылдыру рәсімінен өтеді деуге болады.
4. Адам мәсіхші қызметші ретінде қалай тағайындалады?
4 Шомылдыру рәсімінен өткенде жаңа шәкірттер Ехоба Құдайдың қызметшісі болып тағайындалады. Оларды тағайындайтын кім? Негізінде 2 Қорынттықтарға 3:5-те (ЖД) жазылған сөздер соларға қатысты айтылған, онда былай делінген: “Біздің [қызметші болуға] жарамдылығымыз өзімізден емес, Құдайдан”. Ехоба Құдайдың өзі тағайындағаннан артық бақыт бар ма?! Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де, олар Құдайдың басшылығын мойындап, Құдай Сөзіне сәйкес өмір сүре беретін болса, “ізгі хабарды” таратушылар ретінде рухани өсе беретін болады (Матай 24:14; Елшілердің істері 9:31).
Демократиялық емес, теократиялық жолмен тағайындалу
5. Мәсіхші бақылаушылар мен қызмет көмекшілері демократиялық түрде сайлана ма? Түсіндіріп беріңдерші.
5 Қаулап өсіп жатқан Құдайдың белсенді қызметшілерінің рухани қажеттіліктерінің қамын жеу үшін бақылау жұмысын дұрыс жүргізе алатын жарамды бақылаушылар және оларға тәжірибелі көмек көрсете алатын қызмет көмекшілері керек (Філіпіліктерге 1:1). Осындай рухани толысқан ер кісілер қалай тағайындалады? Олардың тағайындалуы христиан әлеміндегідей емес. Мысалы, мәсіхші бақылаушылар көбірек дауыс жинау арқылы демократиялық түрде сайланбайды. Керісінше, олар теократиялық түрде тағайындалады. Бұл нені білдіреді?
6. а) Нағыз теократия деген не? ә) Неге бақылаушылар мен қызмет көмекшілері теократиялық жолмен тағайындалады деуге болады?
6 Былайша айтқанда, нағыз теократия дегеніміз — Құдайдың басшылығы. Куәгерлер Ехобаның басшылығына өз еріктерімен мойынсұнады және оның еркін бір-бірімен қызметтесе отырып орындайды (Забур 142:10; Матай 6:9, 10). Мәсіхші бақылаушылар, немесе қариялар, сондай-ақ қызмет көмекшілері теократиялық түрде тағайындалады, өйткені жауапкершілік жүктелетін бұл бауырластардың белгілі бір қызметтерге ұсынылуы мен тағайындалуы Киелі жазбалардағы Құдайдың талаптарына сай жүзеге асады. “Бәрінен жоғары тұрған” Ехобаның өзінің көзге көрінетін ұйымының әрекетіне бағыт беруіне қақысы бар екендігі сөзсіз (1 Шежіре 29:11; Забур 96:9).
7. Ехоба Куәгерлерінің басқару тәртібі қандай?
7 Ехоба Куәгерлерінің христиан әлемінің діни топтарының көпшілігінен айырмашылығы — олар діни басшылықтың қандай болуы керек екендігін өздері шешпейді. Бұл адал мәсіхшілер Ехобаның орнатқан тәртібіне сәйкес әрекет етуге тырысады. Олардың бақылаушылары иерархия орнаған конгрегационалистік, пресвитериан және осы сияқты тағы басқа шіркеулердегідей тағайындалмайды. Ехобаның қызметшілері, тағайындаудың теократиялық жолмен атқарылуына осы дүниелік адамдардың кедергі жасауына жол бермейді. Олар бірінші ғасырдағы елшілердің ұстанған көзқарасын берік ұстанады: “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек” (Елшілердің істері 5:29). Осылайша, Куәгерлер барлық нәрседе Құдайға мойынсұнады (Еврейлерге 12:9; Жақып 4:7). Теократиялық тәртіпті ұстанар болсақ, біз Құдайдың көз алдында ұнамды боламыз.
8. Демократиялық және теократиялық әдістердің айырмашылығы неде?
8 Ұлы Теократ Ехобаның қызметшілері ретінде біз демократиялық және теократиялық әдістердің арасында айырмашылықтар бар екенін есте ұстауымыз керек. Демократиялық әдіс қандай да бір орынға ұсынылатындардың өкілеттігінің тең болғанын талап етеді. Сондай-ақ ұсынылған адамдар жиі сайлау науқанының алдында үгіт жүргізеді де, ең көп дауыс жинаған адам сол орынға ие болады. Теократиялық жолмен тағайындалуда мұндай әдістер қолданылмайды. Теократиялық жолмен тағайындауды адамдар не заңды органдар жүзеге асырмайды. Пауыл ғалаттықтарға: “Мені елшілікке тағайындаған — адам баласы емес, Иса Мәсіх және Оны өлімнен қайта тірілтіп алған Құдай Әкеміз”,— деген кезде өзін ‘басқа халықтарға елші’ етіп тағайындаған Иса мен Ехоба екендігіне нұсқаған болса керек (Римдіктерге 11:13; Ғалаттықтарға 1:1).
Киелі рухтың тағайындауы
9. Елшілердің істері 20:28-де мәсіхші бақылаушылардың тағайындалуы жөнінде не делінген?
9 Пауыл Ефесте тұратын бақылаушыларға Құдай оларды киелі рухы арқылы тағайындағанын естеріне салған болатын. Ол былай деді: “Өздеріңе де, Киелі Рух бақыла деп берген барлық қауымға да қараңдар! Шопан қойын қалай бақса, сендер де [Құдай Өз Ұлының қанымен меншігіне алған қауымына бақташы болып жүргейсіңдер!]” (Елшілердің істері 20:28, сілтемені қара). Бұл мәсіхші бақылаушылар Құдайдың “отарының” қамын ойлағанда әрі қарай да киелі рухтың басшылығына мойынсұна берулері керек болатын. Қауым жиналысындағы жауапты қызметке тағайындалғандар Құдайдың талаптарына сай келуден қалса, ондайлар киелі рухтың арқасында уақыт өте келе міндетінен босатылатын.
10. Неге теократиялық жолмен тағайындауда киелі рух маңызды рөл атқарады деуге болады?
10 Неліктен киелі рухтың осындай маңызды рөл атқаратынына сенімді болуға болады? Ең алдымен, рухани басшылықты жүргізетіндерге қойылатын талаптар киелі рухтың жетелеуімен жазылған болатын. Өзінің Тімотеге және Титке жазған хаттарында Пауыл бақылаушылар мен қызмет көмекшілеріне қойылатын талаптар жөнінде жазған болатын. Жалпы алғанда ол он алты талапты атап өткен еді. Мысалы, бақылаушылар кінәратсыз таза, әйеліне адал, есті, байсалды, әдепті, қонақжай және қабілетті оқытушы, сондай-ақ үлгі етуге тұрарлық отағасы болулары керек. Олар арақ-шарап ішуде ұстамды болуға тиіс, сонымен қатар дүниеқоңыз, өзін-өзі ұстай алмайтын қызба болмауы керек. Қызмет көмекшісі болуға ынта білдіріп жүргендерге де осындай талаптар қойылатын (1 Тімотеге 3:1—10, 12, 13; Титке 1:5—9).
11. Қауымда жауапты қызмет атқаруға ынта білдіріп жүргендерге қойылатын талаптардың кейбіреулері қандай?
11 Осы қойылған талаптардан Ехобаға мінажат етуде басшылықты қолына алғандардың мәсіхшілер ретіндегі жүріс-тұрысы үлгі боларлықтай болуы керек екендігі көрінеді. Қауымдағы жауапты қызмет атқаруға ынта білдіріп жүрген бауырластардың киелі рухтың әрекетіне мойынсұнатындықтары байқалуы керек (2 Тімотеге 1:14). Құдайдың киелі рухының олардың бойында “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылықтан” тұратын игілікті “жемістердің” әрекет етуіне жол беріп отырғаны анық көрінуі керек (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Бойларында осындай игілікті “жемістердің” бар екені олардың бір сенімдегілермен, сондай-ақ өзге адамдармен қарым-қатынасынан көрінетін болады. Әрине, біреулерінде киелі рухтың жемісінің қандай да біреуі айқынырақ көрінетін болса, өзге біреуінде бақылаушыларға қойылған талаптардың басқа бірі анағұрлым жақсырақ көрінеді. Осыған қарамастан, бақылаушы немесе қызмет көмекшісі болғысы келетіндердің барлығы өздерінің күнделікті өмірінде Құдай Сөзіндегі талаптарды орындайтын рухани толысқан адам екендіктерін көрсетулері керек.
12. Кімдерді киелі рухпен тағайындалған деуге болады?
12 Пауыл өзгелерді өзіне еліктеуге шақырғанда қаймықпаған, себебі ол өзі Иса Мәсіхке еліктеген, ал Иса болса “біз Оның ізімен жүруіміз үшін үлгі қалдырды” (1 Петір 2:21; 1 Қорынттықтарға 11:1). Сондықтан бақылаушы немесе қызмет көмекшісі ретінде тағайындалған кезде Киелі жазбалардағы талаптарға сай келетін бауырластарды киелі рух тағайындады деуге болады.
13. Мәсіхшілерді қауымдағы жауапты қызметтерге ұсынатын бауырластарға киелі рух қалай көмектеседі?
13 Бақылаушы ретінде ұсынылғанда және тағайындалғанда киелі рухтың қалай әрекет ететінін көрсететін тағы бір фактор бар. Иса ‘көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын сыйлайтынын’ айтқан болатын (Лұқа 11:13). Сондықтан қауым жиналысының қариялары әлдекімді қауымдағы жауапты қызметке ұсынғанда, олар дұға етіп, Құдайдың киелі рухының басшылық етуін сұрайды. Олар өздерінің ұсыныстарын Құдай Сөзінде жазылған сөздерге негіздейді, сөйтіп киелі рух ұсынылған адамның Киелі кітаптағы талаптарға сай келетін-келмейтінін анықтауға мүмкіндік береді. Бауырластарды жауапты қызметке ұсынатындар адамның сырт келбеті, білім деңгейі немесе табиғи дарынының өздерінің шешімдеріне әсер етуіне жол бермеулері керек. Ең алдымен олар ол адамның қауымның кез келген мүшесі рухани нәрселер жөнінде кеңес алу үшін қаймықпай келе беретін рухани толысқан мәсіхші екеніне көңіл аударуға тиіс.
14. Елшілердің істері 6:1—3 тармақтардан біз не білдік?
14 Бауырластарды қария және қызмет көмекшісі қызметіне аралаушы бақылаушылармен біріге отырып қариялар кеңесі ұсынады, ал тағайындалу бірінші ғасырда құрылған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады. Бірде, маңызы зор бір істі орындау үшін, рухани толысқан кісілерді табу керек болды. Сонда басқарушы кеңес мынадай нұсқау береді: “Бауырластар, жақсы аты шығып жүрген, Киелі Рух пен даналыққа бөленген жеті жігітті орталарыңнан таңдап алыңдар! Оларға осы міндетті жүктемекпіз” (Елшілердің істері 6:1—3). Ұсынысты осы оқиға болып жатқан жердегілер жасаған, ал Иерусалимдегі жауапты қызметтегі бауырластар оларды тағайындайтын болған. Бүгінгі күні де тағайындалу барысы осы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
15. Бауырластар жауапты қызметке тағайындалғанда Басқарушы кеңес бұл іске қалай қатысады?
15 Филиал Комитетінің мүшелерінің бәрін тікелей Ехоба Куәгерлерінің Басқарушы кеңесі тағайындайды. Осындай үлкен жауапкершілігі бар орынға кімді тағайындау керек екенін шешкенде, Басқарушы кеңес Исаның мына сөздерін естерінде ұстайды: ‘Кімге көп берілсе, одан көп талап етіледі, кімге көп сеніп тапсырылса, одан есеп те көбірек сұралады’ (Лұқа 12:48). Басқарушы кеңес тек Филиал Комитетінің мүшелерін ғана емес, Бетел қариялары мен аралаушы бақылаушыларды да тағайындайды. Алайда кейбір жағдайларда тағайындау жұмысын олар жауапты қызметтегі басқа бауырластарға тапсырады. Мұндай әрекет те Киелі кітапқа негізделген.
“Менің нұсқауыма сай, әрбір қаладағы қауымға қариялар тағайында”
16. Пауыл Титті не үшін Критте қалдырып кеткен еді және бұл бүгінгі күнгі теократиялық жолмен тағайындау жөнінде не нәрсені көрсетеді?
16 Пауыл өзінің қызметтес серігі Титке былай деп жазды: “Мен сені Критте қалдырған себебім — ондағы кемшіліктерді түзетіп, менің нұсқауыма сай, әрбір қаладағы қауымға қариялар тағайындасын деп едім” (Титке 1:5, ЖД). Осы сөздерден кейін Пауыл қауымдағы жауапты қызметтерге тағайындалатындардың бойынан Титтің қандай қасиеттерді іздеуі керек екенін тізіп жазды. Сондықтан бүгінгі күні Басқарушы кеңес филиалдарда жауапты қызмет атқаруға жарамды бауырластарды тағайындайды, ал олар, өз кезегінде, Басқарушы кеңестің атынан қариялар мен қызмет көмекшілерін тағайындайды. Бауырластар Киелі кітаптың нұсқауларына сәйкес тағайындалуы керек, сондықтан Басқарушы кеңес әрқашан өзінің өкілдерінің барлығы осы нұсқауларды анық түсінуі үшін және оларды ұстануы үшін қам жейді. Осылайша, дүние жүзіндегі Ехоба Куәгерлерінің қауымдарында қызмет етуге қойылған жарамды бауырластар Басқарушы кеңестің басшылығымен тағайындалады.
17. Бақылаушылар мен қызмет көмекшілерін тағайындауға қатысты жасалған ұсыныстармен филиалдағы бауырластар не істейді?
17 Бақылаушылар мен қызмет көмекшілерінің қызметін атқаруға ұсынылған бауырластар туралы мәлімет Күзет Мұнарасы Қоғамының филиалына жіберіледі, ал ондағы тәжірибелі бауырластар Құдайдың рухының басшылығына сүйене отырып, оларды тағайындайды. Филиалдағы бауырластар басқалардың күнәларына ортақтас болмас үшін, олардың үстеріне қол қоюда асығыстық жасамауы керек екендігін есте ұстап, өздеріне тапсырылған істің қаншалықты жауапты екендігін мойындайды.
18, 19. а) Кей жағдайларда бауырластардың тағайындалғандығы жөнінде қалай хабар беріледі? ә) Ұсыныс жасау мен тағайындау процесі қалай жүзеге асырылады?
18 Кейбір жағдайларда бауырластардың тағайындалғаны жөнінде заңды тұлғаның мөрі басылған хат арқылы хабар беріледі. Мұндай хатта бір ғана емес, қауымдағы бірнеше бауырластың тағайындалғаны жөнінде хабарлануы мүмкін.
19 Теократиялық түрде тағайындайтын — Ехоба, ал оны жүзеге асыратын — Оның Ұлы Иса Мәсіх және Құдайдың жер бетіндегі көзге көрінетін байланыс арнасы, яғни “адал және саналы қызметші” мен оның Басқарушы кеңесі (Матай 24:45—47). Ұсыныс жасау мен тағайындау толығымен киелі рухтың басшылығымен жүзеге асырылады. Бұлай болуының себебі — Құдай Сөзіндегі талаптар киелі рухтың жетелеуімен жазылған, ал жауапты қызметке тағайындалатындар сол киелі рухтың игілікті “жемісін” танытады. Сондықтан тағайындалу киелі рухтың арқасында жүзеге асты деп қарастырылуы керек. Бірінші ғасырда бақылаушылар мен қызмет көмекшілері теократиялық жолмен тағайындалатын, бүгінгі күні де тап солай.
Ехобаның басшылығына ризамыз
20. Неге біз Забур 132:1-де жазылған Дәуіттің сезіміне ортақтаспыз?
20 Бүгінде, ұйымымыз рухани өркендеп өрге басқан және уағыздау ісі кеңінен етек алған уақытта, бақылаушылар мен қызмет көмекшілерін ең алдымен Ехобаның өзі тағайындайтынына біз дән ризамыз. Киелі кітап арқылы орнатылған осы тәртіп Құдайдың әділдікке қатысты жоғары талаптарын Ехоба Куәгерлері ретінде әрқашан қажетті деңгейде сақтауымызға көмектеседі. Оның үстіне, сол бауырластарымыздың мәсіхшілерге тән рухы мен жанкештілікпен атқарып жүрген қызметі Ехобаның қызметшілерінің арасында тыныштық пен ауызбірліктің болуына ықпал етеді. Забур жыршысы Дәуіттің: “Бауырлардың ынтымақта тұрғандары қандай тамаша жарасымды”,— деген сөздерін қайталағымыз келіп кетеді емес пе?! (Забур 132:1).
21. Ишая 60:17-дегі сөздер бүгінде қалай орындалып жатыр?
21 Біз Ехобаның өзінің Сөзі мен киелі рухы арқылы басшылық етіп отырғанына ризамыз. Ишая 60:17-де жазылған сөздердің расында да терең мағынасы бар: “Саған қола орнына алтынды, темір орнына күмісті, ағаш орнына қоланы, тас орнына темірді иелікке беремін. Сенің басқарушың етіп бейбітшілікті және бақылаушыларың етіп шындықты тағайындаймын”. Ехоба Куәгерлерінің арасында теократиялық тәртіп бірте-бірте кеңінен өріс ала бастады, осының арқасында Құдайдың жер бетіндегі ұйымына жоғарыда айтылған баталар төгілуде.
22. Біз не үшін ризашылық білдіреміз және біз не нәрсеге белімізді бекем бууымыз керек?
22 Теократиялық тәртіпті біз қатты бағалаймыз. Сондай-ақ теократиялық жолмен тағайындалған бақылаушылар мен қызмет көмекшілерінің ауыр, сөйтсе де қанағат сезіміне бөлейтін еңбегін де қатты бағалаймыз. Бізді рухани өркендетіп, батасын көл-көсір етіп төгіп отырған сүйіспеншілікке толы көктегі Әкемізді біз шын жүректен дәріптейміз (Нақыл сөздер 10:22). Ехобаның ұйымымен қатарласа жүруге белімізді бекем буалық! Ал ең бастысы — әрі қарай да Ехобаға ынтымақтаса қызмет етіп, оны мақтап-мадақтап, ұлы да қасиетті есімін дәріптей берелік!
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге бақылаушылар мен қызмет көмекшілері демократиялық емес, теократиялық жолмен тағайындалады деуге болады?
• Жауапты қызметке мәсіхшілер қалай киелі рухпен тағайындалады?
• Бақылаушылар мен қызмет көмекшілерінің тағайындалуына Басқарушы кеңестің қандай қатысы бар?
• Неліктен біз теократиялық тағайындаулар үшін Ехобаға ризашылығымызды білдіруіміз керек?
[10-беттегі суреттер]
Қариялар мен қызмет көмекшілері теократиялық жолмен тағайындалады