Ехобаның есімін бірге дәріптейік
“Менімен бірге Жаратушының даңқын асырыңдар, Оның есімін көкке көтерелік” (ЗАБУР 33:4).
1. Жердегі қызметі кезінде Иса қандай керемет үлгі қалдырды?
ИСА мен елшілері б. з. 33 жылының 14 нисанында Иерусалимдегі бір үйдің жоғарғы бөлмесінде Ехобаны мадақтап бірге ән шырқады (Матай 26:30). Бұл оның елшілерімен бірге соңғы рет ән айтуы еді. Кездесуін осылай әнмен аяқтағаны орынды да еді. Жердегі қызметінің басынан аяғына дейін Иса Әкесін мадақтап, оның есімін білдіруге барынша күш салды (Матай 4:10; 6:9; 22:37, 38; Жохан 12:28; 17:26, сілтемені қараңдар). Мұнысымен ол, былайша айтқанда, забур жыршысының шын көңілден айтқан келесі шақыруын қайталады: “Менімен бірге Жаратушының даңқын асырыңдар, Оның есімін көкке көтерелік” (Забур 33:4). Біз үшін қандай керемет үлгі!
2, 3. а) 33-ші Забур жырының пайғамбарлық мәні бар екенін қайдан білеміз? ә) Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?
2 Исамен бірге ән шырқап болған соң, бірнеше сағаттан кейін елші Жохан мүлдем басқа оқиғаның куәсі болды: Иесі және екі қылмыскер өлімге кесіліп, азап шегу бағанасына шегеленді. Рим жасақшылары екі қылмыскер тезірек өлуі үшін олардың аяқтарын сындырды. Алайда Исаның аяғына тиіспеді. Себебі олар Исаның қасына келгенде, ол өліп қалған болатын. Жохан өзінің Ізгі хабарында осы оқиға арқылы 33-ші Забур жырының басқа бір бөлігі орындалғанын көрсетті. Онда: “Бірде-бір сүйегі сынбайды”,— делінген (Жохан 19:32—36; Забур 33:21).
3 33-ші Забур жырында мәсіхшілерді қызықтыратын басқа да көптеген жайттар бар. Сондықтан осы және келесі мақалада сол Забур жырын Дәуіт қандай жағдайларда жазғанын, сосын, оның жігерлендіретін мазмұнын қарастырамыз.
Дәуіттің Саулдан қашуы
4. а) Неге Дәуіт Исраилдің болашақ патшасы етіп майланды? ә) Неге Дәуіт Саулға қатты ұнайды?
4 Дәуіттің жас кезінде Исраилдің патшасы Саул болатын. Алайда ол Ехобаға мойынсұнбай кетіп, оның шапағатынан айырылып қалады. Сондықтан Самуил пайғамбар оған: “Жаратқан Ие де бүгін сенен патшалық билікті жұлып алып, замандастарыңның біреуіне берді! Ол кісі сенен жақсы”,— дейді (Патшалықтар 1-жазба 15:28). Кейінірек, Ехоба Самуилді Исраилдің келесі патшасы етіп Есейдің кіші ұлы Дәуітті майлауға жібереді. Ал Саул Құдайдың рухынан айырылып, көңілі аласұрып, қатты қиналады. Жақсы музыкант Дәуіт Гибеяға алынып, патшаға қызмет етеді. Оның ойнаған сазды әуені Саулдың көңілін жайландырады, сондықтан ол патшаға қатты ұнайды (Патшалықтар 1-жазба 16:11, 13, 21, 23).
5. Неге Саулдың Дәуітке деген көзқарасы өзгеріп кетеді және Дәуіт не істеуге мәжбүр болады?
5 Уақыт өте келе, Ехобаның Дәуітке жар болғаны айқын көрінеді. Мысалы, ол Дәуітке філістірлік алып Ғолиятты жеңуге көмектескен және шайқастағы ерліктері үшін Исраил елінде мәртебелі етіп, оны қолдаған. Алайда Дәуіттің Ехобаның батасына ие болып жатқанына Саулдың іші күйіп, Дәуітті барған сайын жек көре түседі. Бірде Дәуіт күй тартып беріп отырғанда, патша оған сүңгісін лақтырады. Осындай жағдай екі рет қайталанады. Бірақ Дәуіт екі жолы да жалтарып үлгереді. Саул үшінші рет өлтірмекші болғанда, Исраилдің болашақ патшасы жанын сақтау үшін қашу керектігін түсінеді. Сөйтіп, Саул қолға түсіріп, өлтірмекші болған әрекетін доғармаған соң, Дәуіт Исраил елінен тыс жерден пана іздеуді шешеді (Патшалықтар 1-жазба 18:11; 19:9, 10).
6. Неліктен Саул Ноб тұрғындарын өлтіруді бұйырды?
6 Исраил шекарасына бара жатып, Дәуіт Ехобаның киелі шатыры орналасқан Ноб қаласына тоқтайды. Дәуіт өзіне де, жанындағы жігіттеріне де жүрек жалғайтын бірдеңе іздеген болу керек. Саул бас діни қызметкердің оларға тамақ және Дәуіт өлтірген Ғолияттың семсерін бергенін біліп қояды. Қатты ашуға мінген ол қаланың барлық тұрғындарын, оның ішінде 85 діни қызметкерді, өлтіреді (Патшалықтар 1-жазба 21:1, 2; 22:12, 13, 18, 19; Матай 12:3, 4).
Тағы бір рет өлімнен қашу
7. Неге Ғат қаласы Дәуіт үшін жасырынатын орын емес еді?
7 Дәуіт Нобтан Філістір елінің батысындағы 40 шақырымдай жерде орналасқан Ғолияттың туған қаласы Ғатқа қашып, Анхұс патшаға барады. Дәуіт өзін Саул бұл жерден іздей қоймайды деп ойласа керек. Алайда көп ұзамай Ғат патшасының уәзірлері Дәуітті танып қояды. Дәуіт бұл жөнінде естіп қалып, ‘Анхұс патша не істер екен деп қатты қорқады’ (Патшалықтар 1-жазба 21:10—12).
8. а) 55-ші Забур жыры Дәуіттің Ғатта басынан кешкен оқиғасы жайлы не айтады? ә) Қалай Дәуіт әзер дегенде тағы бір өлімнен қалады?
8 Сосын, філістірлер Дәуітті ұстап алады. Дәуіт Ехобаға: “Менің көз жастарымды Өзіңнің ыдысыңа құй”,— деп шын жүректен жалбарынған Забур жырын осы кезде шығарған болса керек (Забур 55:9 және кіріспесі). Осылайша ол Ехоба қайғысын ұмытпайтынына, қайта, сүйіспеншілікпен қамын жасап, қорғайтынына деген сенімділігін білдірген. Сондай-ақ Дәуіт філістір патшасының қолынан құтылудың жолын ойлап тауып, есуас болғансып әрекет етеді. Мұны көрген Анхұс патша уәзірлеріне “есі ауысқан” адамды әкелгені үшін ұрсып тастайды. Ехоба Дәуіттің әрекетіне батасын бергені анық. Ол қаладан қуылып, осылайша әзер дегенде тағы бір өлімнен қалады (Патшалықтар 1-жазба 21:13—15).
9, 10. Дәуіттің 33-ші Забур жырын жазуына не себеп болды және осы жырды жазғанда ол тағы кімдерді ойда тұтқан болса керек?
9 Дәуіттің қасындағы жігіттер онымен бірге Ғатқа барды ма, жоқ әлде жақын жердегі Исраил ауылдарында күтіп қалды ма — бұл жайында Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Қалай болған күнде де, Дәуіт олармен қайта табысып, өзін Ехобаның тағы да қалай құтқарғанын айтып бергенде, бірге қуанған болу керек. Кіріспе сөзінен көрінетіндей, 33-ші Забур жырының жазылуына сол оқиға себеп болған. Оның алғашқы жеті тармағында Дәуіт Ехобаны өзін құтқарғаны үшін мадақтайды және қасындағы жігіттерді де өзіне қосылып оны Ұлы Құтқарушы ретінде дәріптеуге шақырады (Забур 33:4, 5, 8).
10 Дәуіт пен жігіттері бас сауғалап Ғаттың шығысында 15 шақырымдай жерде орналасқан Исраилдің таулы өңіріндегі Адоллам үңгіріне тығылды. Осы жерде оларға Саул патша билеп отырған кездегі жағдайға көңілі толмаған исраилдіктер келіп қосыла бастайды (Патшалықтар 1-жазба 22:1, 2). Забур 33:9—23 дейінгі тармақтардағы сөздерді айтқанда, Дәуіт осындай жандарды ойда тұтқан болса керек. Осы тармақтардағы ескертулердің біз үшін де маңызы зор, әрі осы әдемі жырды егжей-тегжейлі қарастырғанымыздың пайдалы болары сөзсіз.
Сенің де басты қалауың Дәуіттікі сияқты ма?
11, 12. Ехобаны әрдайым мадақтауға бізде қандай себептер бар?
11 “Қашан болмасын Жаратушы Иені дәріптеймін; менің аузымнан үнемі Оны мақтаған сөз шығатын болады” (Забур 33:2). Қашқын болып жүргендіктен Дәуіттің күн көріс жайлы уайымы көп болған болу керек. Бірақ оның сөздерінен көрініп тұрғандай, осындай уайым-қайғы Ехобаны мадақтауға деген шешімін әлсіретпеген. Қиындықтарға кезіккенде, бұл біздер үшін қандай керемет үлгі десеңші! Мейлі, мектепте, жұмыста, бауырластармен бірге не қызметте болсақ та, басты қалауымыз Ехобаны мадақтау болу керек. Өзің ойлап көрші, бұлай етуге бізде сансыз көп себеп бар емес пе?! Мысалы, Ехобаның керемет жаратылыстарында біз біліп, қызықтай алатын нәрселердің санында шек жоқ. Ал оның жердегі ұйымының неге қол жеткізіп отырғаны жайлы ойлап көрші! Бүгінде кемелді адам жоқ, сөйтсе де Ехоба адал адамдарды кереметтей қолданып отыр. Олай болса, Құдайдың істерін осы дүние пір тұтып отырған адамдардың істерімен қалай салыстырмақпыз!? Сен Дәуіттің келесі сөздерімен келісетін шығарсың: “Құдайлардың арасында Сен сияқтысы жоқ, Жаратушы, және Сенің істеріңе тең келетіндері жоқ”! (Забур 85:8)
12 Дәуіт іспетті біздің де бойымызда Ехобаны теңдесі жоқ істері үшін әрдайым мадақтауға деген талпыныс бар. Оның үстіне, көңіліміз қатты толқуда, өйткені біз Құдай Патшалығы Дәуіттің мәңгілік мұрагері Иса Мәсіхтің қолында екенін білеміз (Аян 11:15). Ал бұл — осы зұлым дүниенің соңы жақын деген сөз. Алты миллиардтан астам адамның мәңгілік болашағы қыл үстінде тұр. Бүгінде адамдарға Құдай Патшалығы мен оның жақында адамзат үшін не істейтіні туралы айтуға және оларға бізбен бірге Ехобаны мадақтауға көмектесуге бұрын-соңды болмағандай қажеттілік бар. Олай болса, өмірімізде бірінші тұратын нәрсе — адамдарды, әлі де кеш болмай тұрғанда, әрбір мүмкіндікті пайдаланып, осы ізгі хабарды қабылдауға шақыру болу керек (Матай 24:14).
13. а) Дәуіт кім үшін мақтанған және бұл қандай адамдарға әсер етті? ә) Бүгінде момын адамдардың мәсіхшілер қауымына келуіне не әсер етуде?
13 “Менің жан-дүнием Жаратушыны ойлап қуанышқа кенеледі [“мақтанады”, ЖД]; оны момын мұндарлар естиді де шаттанады” (Забур 33:3). Дәуіт бұл жерде өз жетістіктері үшін мақтанып тұрған жоқ. Мысалы, ол Ғат патшасын қалай алдап кеткеніне мақтанбаған. Ол Ғатта өзін қорғаған Ехоба екенін және соның арқасында аман қалғанын түсінген (Нақыл сөздер 21:1). Демек, Дәуіт өзі үшін емес, Ехоба үшін мақтанған. Осының арқасында момын адамдар Ехобаға жақындады. Иса да Ехобаның есімін дәріптеген, ал бұл үйренуге дайын әрі кішіпейіл адамдарды Оған жақындатты. Бүгінде барлық халықтан шыққан кішіпейіл адамдар Иса Басы болып табылатын майланған мәсіхшілердің халықаралық қауымына келуде (Қолостықтарға 1:18). Осындай момын жандарға Құдайдың кішіпейіл қызметшілері дәріптеп жүрген Құдай есімін, сондай-ақ Оның киелі рухы түсінулеріне көмектесетін Киелі кітаптағы хабарды естігендері қатты әсер етеді (Жохан 6:44; Елшілердің істері 16:14).
Қауым кездесулері сенімімізді нығайтады
14. а) Дәуіт Ехобаны өзі ғана мадақтағанына қанағаттанды ма? ә) Иса қауым кездесулеріне қатысты қандай үлгі қалдырды?
14 “Менімен бірге Жаратушының даңқын асырыңдар, Оның есімін көкке көтерелік” (Забур 33:4). Дәуіт Ехобаны өзі ғана мадақтап қоюмен қанағаттанған жоқ. Ол шын көңілден серіктерін Құдайдың есімін өзімен бірге дәріптеуге шақырды. Тап солай Ұлы Дәуіт Иса Мәсіх те Ехобаны жұрт алдында — жергілікті мәжілісханада, Иерусалим ғибадатханасындағы мейрамдарда, сондай-ақ ізбасарларымен бірге — даңқтауға қуанышты болған (Лұқа 2:49; 4:16—19; 10:21; Жохан 18:20). Исаның үлгісіне еліктеп, бауырластармен бірге мүмкіндік туған жағдайдың бәрінде Ехобаны мадақтау, әсіресе мұны ‘Иеміздің қайтып келетін күні таяп қалғанда’ істеу, қандай зор мәртебе! (Еврейлерге 10:24, 25)
15. а) Дәуіттің басынан өткен оқиғасы жігіттеріне қалай әсер етті? ә) Қауым кездесулеріне келгеніміздің қандай пайдасы бар?
15 “Мен Жаратушыға жалбарындым, сонда Ол менің үнімді естіді де мені өз басыма төнген қауіп атаулының бәрінен құтқарды” (Забур 33:5). Дәуіт үшін Ехобаның көмектескенінің маңызы зор еді. Сондықтан әрі қарай ол: “Әлдебір қайыршы [“осы мүсәпір”, ЖД] жалынып еді, Жаратушы естіді де оны басына төнген барлық қасіреттерден құтқарды”,— деді (Забур 33:7). Бауырластармен араласқанда, Ехобаның бізге қиын жағдайларда қалай көмектескені жайлы жігерлендірерлік оқиғаларды айтып берудің көп мүмкіндігі болады. Бұл Дәуіттің айтқандары жігіттерінің сенімін нығайтқандай, бауырластарымыздың сенімін нығайтады. Дәуіттің жолдастары ‘[Ехобаға] көз салып, саналары оянды да [“жүздері бал-бұл жанды”, ЖД], ұялмайтын болды’ (Забур 33:6). Саул патшадан қашып жүрсе де, олар ұялмады. Олар Құдайдың Дәуітті қолдап жатқанына сенімді болды, сондықтан жүздері бал-бұл жанды. Сол сияқты жаңадан қызығушылық білдіргендер де, ұзақ уақыттан бері шынайы мәсіхшілер жолында жүргендер де Ехобадан қолдау іздейді. Оның көмегін өз өмірлерінде көргендіктен жүздері бал-бұл жанады. Ал бұдан олардың Құдайға адал болып қалуға бел буғандары байқалады.
Періштелердің көмегіне ризашылық білдіру
16. Бізді құтқару үшін Ехоба періштелерін қалай қолдануда?
16 “Жаратушының Періштесі Содан қорқатындарды құтқарады” (Забур 33:8). Дәуіт Ехоба өзін-ақ құтқарады деп есептемеді. Рас, ол Ехобаның майланғаны әрі Исраилдің болашақ патшасы еді. Бірақ Дәуіт Ехоба өз періштелерін адал қызметшілерінің бәрін — мейлі атақты не қарапайым болсын — құтқару үшін қолданатынын білген. Бүгінгі күні шынайы мәсіхшілер де Ехобаның өздерін қорғайтынын көріп жүр. Мысалы, нацистік Германия, Ангола, Малави, Мозамбик және басқа да елдерде билік басындағылар Ехоба Куәгерлерінің көзін құрту үшін шаралар жасағанымен, бұларынан түк шықпаған. Керісінше, ол елдерде Ехобаның халқы өркендей түсіп, Құдайдың есімін бірге дәріптеуде. Мұның себебі неде? Өйткені Ехоба өз халқын қорғап және басшылық беру үшін киелі періштелерін қолдануда (Еврейлерге 1:14).
17. Құдайдың періштелері бізге қандай жолдармен көмектеседі?
17 Бұған қоса, Ехобаның періштелері өзгелерді ‘сүріндіретін’ кез келген адамды Құдай халқының арасынан аластатудың ыңғайын келтіре алады (Матай 13:41, ЖД; 18:6, 10). Сонымен қатар періштелер Ехобаға қызмет етуімізге тосқауыл болуы мүмкін кедергілерді алып тастайды, мұны біз тіпті байқамауымыз мүмкін. Сондай-ақ олар Ехобамен қарым-қатынасымызға қауіп төндіретін нәрселерден қорғайды. Ең бастысы, олар уағыздау қауіпті жерлерде тұратындарды қоса алғанда, бүкіл адамзатқа ‘мәңгілік Ізгі хабарды’ жариялау ісімізге басшылық етеді (Аян 14:6). Періштелердің көмегі жайлы Ехоба Куәгерлері басып шығаратын Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерде жиі айтыладыa. Мұндай сансыз көп оқиғаларды кездейсоқтық деп айта алмайсың.
18. а) Періштелердің көмегін көру үшін не істеуіміз керек? ә) Келесі мақалада не қарастырылады?
18 Әрі қарай да періштелер бізге басшылық беріп, қорғай беруі үшін, қарсылықтарға кезіксек те, Ехобаның есімін дәріптеуді тоқтатпауымыз керек. Құдайдың періштесі тек “[Ехобадан] қорқатындарды қорғайтынын’ ұмытпа. Бұл нені білдіреді? Құдайдан қорқу деген не және мұны қалай үйренуге болады? Неге сүюші Құдай өзінен қорыққанымызды қалайды? Бұл сұрақтар келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтеме]
a Келесі басылымдарды қараңдар: “Ехоба Куәгерлері — Құдай Патшалығын жариялаушылар” (550-бет, ор.); “Ехоба Куәгерлерінің жылнамасы” (2005 жыл, 53-бет, ор.), “Күзет мұнарасы”: 1 наурыз, 2000 жыл (5, 6-бет., ор), 1 қаңтар, 1991 жыл (27-бет, ор.), 15 ақпан, 1991 жыл (26-бет, ор.).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Дәуіт жас кезінде қандай сынақтарға кезікті?
• Дәуіт сияқты біздің де басты қалауымыз не?
• Мәсіхшілер қауымына қалай қараймыз?
• Ехоба бізге көмектесу үшін періштелерін қалай қолданады?
[25-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қара)
Дәуіт қашқын болып жүрсе де, Ехобаның есімін дәріптеген
Рамақ
Ғат
Секеләг
Гибея
Иерусалим
Адоллам
Кеил
Хеброн
Зиф
Хорем
Мағон
Ноб
Бетлехем
Ен-Геди
Кармел
Тұз теңізі
[Түпдерек]
Map: Based on maps copyrighted by Pictorial Archive (Near Eastern History) Est. and Survey of Israel